Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


Сілтемелер және ескертпелер



Pdf көрінісі
бет96/115
Дата29.04.2023
өлшемі2.48 Mb.
#473003
1   ...   92   93   94   95   96   97   98   99   ...   115
Ой өріс

Сілтемелер және ескертпелер: 
 
 
1. Аникин В.П. Русская народная сказка. М., 1977. С.48-55. 
2. Этиологиялық ертегілер ежелгі замандардағы мәдениет бөлімінде жазылған. 
3. Мифтік сипатын әлі күнге дейін сақтаған мұндай ертегілерді ғылымда «мифологический 
животной эпос» деп те атайды.


192 
ҚИЯЛ - ҒАЖАЙЫП ЕРТЕГІЛЕР 
 
 
Қиял-ғажайып ертегі – қазақ халық әдебиетіндегі ең көне жанрлардың 
бірі. Оның шығу мезгілі – алғашқы қауымдық қоғам дәуірі. Сондықтан 
ертегінің бұл түрінде адамзаттың ертедегі өмірінің көптеген белгілері 
сақталған. Мысалы, матриархат заманына тән аналық ру мен көптеген әдет-
ғұрыптардың көріністері (дуальдық ұйым, аналық мекен, аналық неке, 
кувада, авункулат, т.т.), ерте заманғы анимизм, тотемизм, магия сияқты діни 
нанымдар мен сенімдер. Бірақ көне дәуірдің бұл көріністерін кейінгі заманда 
халық тек қиял ғана деп түсінген. Сол себепті де ертекшілер әңгімесін «ерте 
уақытта болған» деп ескертеді. 
Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері жанрлық жағынан біркелкі емес, 
оның құрамында алғашқы қауымға тән қарапайым әңгімелер, батырлық 
ертегілер кездеседі, сондай-ақ тұрмыс-салтты авантюралық шығармалар да 
ұшырасады. Демек, ертегінің бұл түрі жанр жағынан синкретті. 
Айтылмыш жанрдың сюжетіне, поэтикасы мен құрылысына батырлық 
жыр үлкен ықпал еткен. Көптеген қиял-ғажайып ертегілерінің сюжеттік 
желісінде батырлық жырындағыдай тұрақты прологтар мен эпилогтар бар. 
Әдетте, сюжеттің прологында ертегі қаһармандарының кәрі ата-анасы мен 
оның тууы туралы баяндалады: қартайғанша перзент көрмей, қубас аталған 
кемпір мен шал Құдайдан бала сұрап, әулие-әнбиелердің басына түнеп, 
жалбарынады. Кемпір-шалдың тілегі қабыл болып, бір бала туады. Ол – 
ертегінің бас кейіпкері, батыр, ержүрек жауынгер. Ал, бас қаһарман туралы 
әңгіме біткен соң негізгі сюжетке жалғасатын эпилогта кейіпкер мен оның 
жанындағылардың әрі қарайғы тағдыры сөз етіледі. Эпилогтағы бас кейіпкер, 
көп жағдайда, негізгі сюжеттегі қаһарманның баласы немесе інісі болып 
келеді. Ол ендігі жерде ағасы, не әкесі бастап, үлгіре алмай кеткен істі 
тындыруға тиіс. 
Қазақ қиял-ғажайып ертегілерінің сюжеттік құрамы да әралуан. Атап 
айтсақ, онда барлық халықтың өзі шығарған халықаралық сюжеттер, бізге 
басқа халықтардан ауысқан және тек өзімізге тән сюжеттер бар. Бұл 
кездейсоқ емес. Қазақ халқы сахарада жеке, дара ғұмыр сүрген жоқ. Ол өмір 
бойы басқа халықтармен қоян-қолтық аралас, тығыз қарым-қатынаста болды. 
Ерте заманда туып, көне дәуірдің көріністерін сақтап келсе де, қиял-
ғажайып ертегілер халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті 
өмірін көрсетеді. Әрине, өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, 
сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда алып көрсетеді. Өмірдегі тартыстар, 
болмыс көріністері, адамдардың қарым-қатынасы – бәрі халықтың 
эстетикалық рухында түзіледі. 
Сөз болып отырған ертегілердің бас қаһарманы, эстетикалық мұраты – 
халық идеалы. Ертегі тек халық мұратын мадақтайды. Қазақ ертегілерінің бас 
қаһармандары – аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша және 
әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі халық арманынан әр 
кезде туған идеал кейіпкерлер, яғни идеал – тарихи құбылыс. Ертеде, ол 


193 
табиғаттың дүлей күштерімен алысып, күнделікті өмір үшін аң-
айуанаттармен күрескен кезде, халықтың арманы, идеалы – соларды жеңетін 
балуан, күшті батыр, мерген болды. Ертегіде ол – неше түрлі ғажайып 
тажалдармен соғысып, жеңіп шығатын аңшы-мерген. 
Кейінгі дәуірде, адамзат рулық қоғамға көшкенде халықтың идеалы өз 
руын бөтен елден, шапқыншы жаудан қорғайтын жауынгер батыр болды. Бұл 
бейне қазақ ертегілерінің біразында кездеседі. Рулық қоғам ыдырай 
бастағанда – идеал басқа. Енді ол – ыдырап бара жатқан қоғамның дәстүрін 
қолдаушы, ата жолын қуушы. Ол қазақ өміріндегі қара шаңырақтың иесі – 
кенже бала. Біздің көп ертегілерімізде бас кейіпкер осы кенже бала болып 
келеді. 
Қоғамда әлеуметтік теңсіздік шарықтау шегіне жеткен кезде ертегі 
идеал етіп, мадақтайтын бейне – әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі, 
жәбірленуші, жапа шегуші. Бұл кезде қиял-ғажайып ертегілер өмірге тікелей 
жақындап, толық бұқараланады, бұқара арманын дәріптеп, халық мұратын 
эстетикалық мұратқа айналдырады. 
Айтылмыш жанрдағы басты тақырып – сиқырлы заттардың көмегімен 
бас қаһарманның небір ғажайыптар мен қыруар қиындықтарды жеңіп
мұратына жетуі. Мұның үстіне үнемі әділеттік жеңіп, зұлымдық әшкереленіп 
отырады. Ертегілердің бұл түрінде дәстүрлі идеялардың жиынтығы оның 
композициясымен, сюжеттік желілерімен және қаһармандардың айқын 
анықталған идеясымен біте қайнасып кеткен. Бұл қатаң бірліктен сәл ауытқу 
қиял-ғажайып ертегісінің мүлдем бөтен түрін туғызады. Егер қаһарман 
барлық күшін сарқа пайдаланып, небір қиындықтарды жеңіп шықса, ол 
батыр атағына ие болады да, мұндай қаһарманы бар ертегі өзіндік 
ерекшелігімен дараланатын батырлық ертегілер деп аталады. Екінші 
жағынан, дәстүрлі композициядан ауытқу қиял-ғажайып ертегілеріне жақын 
әрі біршама бөтен идеялармен байланыстырылады. 
Қиял-ғажайып ертегілердің классикалық типі қаһарманды басқа дүниеге 
аттандыру, ғажайып құралдарды табу, қиын тапсырмаларды орындау, құда 
түсу, жауыз күштерден құтылу сияқты композициялық бөлшектерді 
қамтиды. Ол көбінесе қаһарманның үйленуімен және таққа отыруымен 
аяқталады. Ертегілердің классикалық түрі шығыс пен батыс халықтарына кең 
таралған. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері ерекше дара тұрған дүниелер 
емес, оның көптеген сюжеттері дүниежүзіне белгілі ертегілердің нұсқалары 
болып келеді [1]. 
Ертегі, әдетте қаһарманның үйден аттануымен басталады. Оның 
себептері де әртүрлі: бірде үйірімен жылқы ұрланып, ағайынды жігіттер 
ұрыны іздеп шығады («Сәрсенғали»), бірде мыстан кемпірдің алдын ала 
ескертуі бұзылып, әкесі оған ұлын жіберуге мәжбүр болады («Қаратай»), 
бірде қаһарманның шешесін Алып Қарақұс әкетіп, қаһарман оны іздеуге 
шығады («Қанбаба»). Басталудың мұндай типтері барынша көне болып 
келеді. Ғажайып образдар арқылы өрнектелген табиғаттың жауыз күштері 
мен адам арасындағы арасалмақтың бұзылуынан сюжет арқауы тарқатылып 
отырады. 


194 
Ежелгі рулық салттардың ыдырауына және отбасы ішіндегі 
алауыздықтың пайда болуына байланысты ертегіде де өзгеріс пайда бола 
бастайды. Айталық, полигамдық жағдайындағы күндестік өз көрінісін 
табады. «Алтын айдар» мен «Үш қыз» атты ертегілерде бәйбіше тоқалдан 
туған баланың орнына күшік салып қояды, хан тоқалды үйінен қуып 
жібереді. Ал «Байдың кенже ұлы мен пері» ертегісінде кіші ұлының берген 
кеңесіне шамданған әке оны үйінен қуып жібереді. Кейінірек қоғамдағы 
қайшылықтар күшейе түскен кезде ертегілерге әлеуметтік сарын ене 
бастайды. Сөйтіп, ертегіде кедей жігіттің әйелін ұнатқан хан оны өлтіру 
ниетімен әртүрлі қиын жұмыстарға жұмсайды («Барып кел де, алып кел», 
«Адам білмес тас»). 
Сонымен, қаһарман үй-ішімен қош айтысып, жолға шығады. Оның 
алдында неше түрлі сиқырлы заттарды немесе қалыңдығын табу мақсаты 
тұрады. Кейде оны сапар шегуге итермелейтін өзінің табиғи әуесқойлығы 
болады. Қолына темір таяқ ұстап, аяғына темір етік киіп, қаһарман беймәлім, 
жат сырлы дүниеге – алыс жолға сапар шегеді («Ер Төстік», «Қанбаба»). Жат 
сырлы дүние бірде жердің үстінде, бірде астында, бірде көкте болып шығады. 
Кейде ол адам басып өте алмайтын шөлді құм дала арқылы өтетін биік 
таулардың арғы жағында болады. Оған жету үшін дамылсыз қозғалып 
тұратын «жаны бар» алып таулардан, жанып тұрған теңізден немесе аспанды 
тіреп тұрған асқар таудан өту керек. Қазақ ертегілерінде жырақ жатқан 
тылсым дүние ашылып суреттелмейді, жалпылама аталады және ол кәдімгі 
қазақ жеріне ұқсас болып келеді. 
Ежелден дала перзенті – көшпелі қазақ халқының ертегілерінде шексіз 
дала мен биік таулардың кездесуі – таңданарлық құбылыс емес. Оның 
пейзажы, көбінесе, шетсіз-шексіз шөлге айналып отыратын дала мен көз 
ұшында көкжиекпен астасатын таулар болып келеді. Рас, кей-кейде 
шекаралық бір меже кездесіп қалып отырады. Мәселен, биік таудың басында 
жалғыз үй тұрады, оның ішінде жалмауыз кемпір отырады. Алайда, бұл 
арадағы жалмауыз кемпірдің сақшылық қызметі қосалқы рөл атқарады. Көп 
жағдайда қаһарман айдалада немесе дарияның жағасында өсіп тұрған жалғыз 
бәйтерекке тап болады. Ол ағаштың басындағы Алып Қарақұстың немесе 
Самұрықтың ұяда жатқан балапандарын айдаһардың аузынан құтқарады. Сол 
үшін қаһарманды Самұрық жат сырлы дүниеге жеткізіп салады («Адам 
білмес тас», «Сиқырлы құс», «Үш қыз» және т.б.). 
Қаһарманның Самұрық құстың көмегімен жеткен жері малға толы 
жайлау, көкорай шалғынды аңғар не үлкен қала болып келеді, кей-кейде 
сусыз шөл немесе адам аяғы баспаған құла дүз болуы да мүмкін. Бейтаныс 
қаланы ұзақ шарлап, ешбір адамды кездестіре алмаған қаһарман кенеттен бір 
балаға тап болады. Оған қарай асыға ұмтылып, тақап келгенде, бала 
шыңғырып жібереді де, құлап түседі. Сөйтсе, бұл қаланың тұрғындары – 
перілер екен («Онда бар да, мұнда алып кел»). 
Жат сырлы дүниеде қаһарман бұрынғы келбетін өзгертіп, адам 
танымастай қалыпқа келуі керек. Қаһарманды бұлайша бүркемелеу көптеген 
елдердің ертегілерінде кездеседі. Самұрық құс кейіпкерді жұтып алып, қайта 


195 
құсады да, оны танымайтын қылады («Қанбаба», «Адам білмес тас»). Бет 
перде жамылған қаһарман бірде қойылған сұрақтардың барлығына 
«білмеймін» деп жауап береді («Білмес»), бірде сүйкімсіз тазшаның кейпіне 
келеді («Әли мен Тәби»), бірде басына қойдың қарынын жамылып алады 
(«Ермек»), т.т. 
Қаһарманды жат сырлы дүниеде күтіп тұрған не? Ол – мұнда өзі күй 
шығаратын домбыра, адам білмес тас, қолма-қол тағам даярлайтын 
дастарқан, бүкіл дүниені көрсететін айна, ғажайып қазан сияқты сиқырлы 
заттар. Сондай-ақ ол мұнда су патшасының қызы мен көк Тәңірінің қызы 
Күнікей сияқты сұлуларға тап болады. Сиқырлы заттардың көмегі мен 
кеңесіне сүйенген қаһарман жат сырлы дүниеден іздегенін тауып, жер бетіне 
оралады. Қазақ ертегілерінің көпшілігінде қаһарман жерге қайту жолында 
зұлым күштердің кедергісіне ұшырамай, қайту сапары сәтті аяқталады. 
Алайда, зұлым күштер тап берген жағдайларда кейіпкер олардан қашып 
құтылуға мәжбүр болады: жалмауыз кемпірден қашқан қыз артына тарақ, 
ине, айна сияқты заттарды тастап отырады, ол заттар дереу орманға, тауға, 
көлге айналып кетеді; қаһарман кейде өзінің жауыз ұстазынан бірде түлкі, 
бірде үйрек, бірде балық болып, әртүрлі айла-әдістермен шебер жасырына 
қашып құтылады («Қыздар мен жалмауыз кемпір», «Тазша бала», 
«Оқымысты бала»). 
Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері қаһарман үйленіп, хан болуымен 
тынады. Бұрынғы қызғаншақ хан мен оның зұлым уәзірі, ханның айуандық 
әрекеттеріне көмектесуші арамза кемпір мен ағайынды сатқындардың 
барлығы не қатаң жазасын тартады, не кешірім алады. 
Қазақ ертегілерінің композициясы, жалпы алғанда, Батыс пен 
Шығыстың көптеген халықтарының ертегілеріне ұқсас боп келеді. Сонымен 
бірге ол өзіндік сипатқа да ие. Мысалы, кейбір ертегілер даладағы жұтты 
баяндаудан басталады. Жұттың салдарынан ел басқа жерге қоныс аударады. 
Ал, ертегі қаһарманы ержеткен соң сол елді іздеуге аттанады. Сөйтіп, жұт 
қаһармандардың тағдырын өзгертіп, ертегілік сюжеттің басталуына ұйтқы 
болады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   92   93   94   95   96   97   98   99   ...   115




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет