Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет11/19
Дата25.02.2016
өлшемі1.8 Mb.
#19925
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19

1943 жылға келгенде Шың Шысай үкіметінің ел ішіндегі аңдуы барған сайын қатая түседі. Қысым күннен күнге күшейеді. Жұрт тыныш өмір кешіре алмай, алаңдаумен күн өткізеді. Әр кімнің өз үйі өзіне пана болмайтын, «ғазез басым қай шеріктің қанжығасында кетер екен?» - деп күмәнданатын қиын кездер туады. Халық жұртшылығы төзім-шыдамы әбден таусылып, шегіне жеткен кезде Оспанды іздеп табады. Сонын маңына топтасады. Сөйтіп, 1943 жылдың бас шенінде Шіңгіл, Көктоғай екі аудан халқы түгелдей атқа мініп, Оспанға қосылады.

1940-50 жылдар арасында, осы он жыл ішінде Шың Шысай және Гоминдаң үкіметінің Шынжаңдағы билеушілеріне әзірейіл болып тиген Оспан батыр туралы тарихтың өзі жеке кітап. Ол жөніндегі әңгімені біз Оспан батыр туралы жеке тарауда толығырақ айтамыз.

Ал, енді Қытайдағы жасап отырған қазақтардың осыдан кейінгі тағдыры қалай болды дегенге келсек, мұнын өзі аса күрделі әңгіме.

1944 жылы қазанда Шіңгіл ауданының Бұлғын өзені бойында «Уақыттық төңкерістік үкімет» құрылды. Оның бастығы Оспан Сіләмұлы болып сайланды. Партизандар бас отрядының қолбасшысы Дәлелхан Сүгірбайұлы болып тағайындалды. Басшылық алқасы 13 адамнан құрам тапты. Төңкерістік үкіметтің қарауында осы кезде 15 мыңнан аса үй, 10 мың адамдық қарулы қосын болды. Сәуір айында Көктоғай, Шіңгіл аудандары азат етілді, Гоминдаңның Шонжы арқылы Алтайға қатынайтын жолы кесіліп тасталды.

1944 жылдың дәл осы мезгілінде Іле аймағынын Нылқы ауданында да үкіметке қарсы көтеріліс болды. Мұның себебі де жоғарыдағы тектес Шың Шысай үкіметінің зорлық-зомбылығына шыдамаудан болды. Шың Шысай үкіметі Іле аймағындағы қазақтарға да тізесін қатты батырды. Елдің бетке ұстаған игі-жақсыларын түгел қамаққа алды. 1938 жылдан бастап жалған бет-пердесін жұлып тастап, өзінің фашистік бет-бейнесін біржолата әшкерелеп алған Шың Шысай үкіметі қазақ халқының алға бастар беделділерін, мансаптыларын, ашық ойлы оқығандарын топ-тобымен абақтыға жапты. Осы қатарда Іледен Тұрдақын Даутай, Мақсұт гуандайды қамаққа алды. Оның артынан Күнестен Жайырбек ақалақшыны, ақын Таңжарықты, Текестен Байбатшаны, Нылқы ауданынан Әуелхан гүң, Нұрсапа болыс, Қанатбек қатарлыларды тұтқынға алды. Әбілқайыр төре мен Оразхан ақалақшыны Құлжа бас сақшысына апарып қамады. Үш айдан соң Әбілқайырды мампаңдық мансабынан қалдырды. Осылармен бір қатарда Нылқы аудандық шикізат серіктігінің бастығы Патих Мүсілімовтың соңына бақылау қойды. Оған 250 қойға қиянат етті деген жала жауып, жергілікті шикізат серіктігінің бастығы міндетінен босатады да, ебін тауып қамаққа алмақ болады. Мұны алдын-ала сезген Патих 1942 жылы күзде Кеңес Одағының Іледегі консулы арқылы Кеңес Одағына өтіп кетеді.

Бұлардың сыртында 1942 жылға келгенде Шың Шысай Шынжаңның Кеңес Одағымен арадағы сауда қатынасын үзіп тастады. Сондықтан, мал шаруашылығы өнімдерін сатып алатын базар табылмай, малшылардың тұрмыстық бұйымдары күрт азайып кетті. Халықтың күн көруі қиындай түсті. Оның үстіне 1943 жылы наурызда Шың Шысай атты әскер қосындарын кеңейтіп құру үшін бүкіл Шынжаң халқына 10 мың бас ат тапсыруға бұйрық берді. Ат тапсыра алмайтындардын Шынжаң ақшасы есебінде 700 сом ақша тапсыруға міндетті екенін жариялады. Бұл сол кездегі базар бағасының бір есесінен жоғары еді. Сол себепті ақша тапсыруға халықтың шамасы келмеді. Қатты езгіге, ауыр алман-салыққа шыдамаған Нылқы халқы үкіметке қарсы көтеріліс жасаудың қамына кірісті.

1944 жылы тамызда Кеңес Одағынан жасырын өтіп келген Патих Акбармен бірлесіп, Нылқы ауданының Ластай тауында үкіметке қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырады. Ластай тауындағы Ақтасты бекініс етіп, жан-жақтылы дайындық жұмыстарына кіріседі.

Шың Шысай дәл осы кезде, яғни қыркүйектін 2 жұлдызында Шынжаңға жаңадан келген, Гоминдаң армиясының 7-дивизия командирінің орынбасары Ду Дыфуды шақырып алып, оған дереу Ілеге барып, ол жердегі әскерлер мен қауіпсіздікті қорғау бөлімдеріне біртұтас қолбасшылық етуге бұйырды. Ол кезде Іле өңірінде Гоминдаңның толық қаруланған 128-дивизиясының 383 полкі 3-батальоны, өлкеден толықтырылып жіберілген 1-батальон және қауіпсіздікті қорғау 4-полкі, сондай-ақ әрбір аудандарда оның бөлімшелері тұрушы еді. Қыркүйектің 3-ші жұлдызында Ду Дыфу Ілеге келіп, өз қол астындағы 7-дивизия 19-полкінің 1-батальонына Құлжа қаласын қорғауға бұйрык түсірді. Сөйтіп, Іле өңіріндегі Гоминдаң қосындарының саны 3 мың адамға жетті. Олар алдымен Нылқыға барып, ондағы көтерілісшілерді құртып жібермек болды. Бірақ Нылқыға жұмсалған 4-полк командирінің орынбасары Шы Хайсан 1-қыркүйекте Налқыға баратын сай аузында жасырынып жатқан партизандар жағынан быт-шыт етілді. Нылқы қалашығы жау қолынан азат болды.

Нылқы қаласы қолдан кеткеннен кейін Ду Дыфу қосындары барлық әскери күшін жөткеп келіп, Тете, Басілген, Мазар - осы үш жақтан қоршап келіп Нылқы қалашығына шабуыл жасайды. Көтерілісшілер бұған қарсы қарулы күштерін үшке бөліп қарсылык көрсетеді. Қайнам тобы Төтені, Юан тобы Мазарды тосады. Акбар он неше қаруы бар 32 адаммен Басілгеннен асқан жаудың 500 әскерінің алдын тосып соғысады. Кілең, Шонжы, Ақтүбек халқы да ұйымдасып, сойыл, шоқпармен қаруланған 500-дей адам Акбарға сәйкесіп, жау әскерін түгел күйретеді. Қазанның 31-і күні Басілген партизандары үзілді-кесілді жеңіске жетеді.

1944 жылы қарашаның 1 жұлдызында төтеден асқан бір полк үкімет әскері Қайнам тобын шегіндіріп, Нылқы қалашығын басып алады. Мазардан тосқан Юан тобы да шегінеді. Жау әскері Қарасуды өрлеп, Жалынқұл мәлісін де басып алады. Ластайдағы бас штабқа қауіп төнеді. Осындай қысылтаяң жағдайда Әкбар батыр Басілген асуына санаулы ғана күзетші қалдырып, Қайнам, Юан тобын қосып алып, біртұтас шеп құрып, Жалынқұлды басып жатқан жауға үш жақтан қоршап шабуыл жасайды. Жауды Жалынқұлдан қуып шығады. Қарашаның 3-і күні көтерілісшілер бас штабта жиналыс ашып, Кеңсай партизандарымен байланыс жасап, Құлжаға шабуыл жасауды бекітеді. Сонымен 3 мыңдай адам Құлжаға шабуыл жасайды. Қиян-кескі соғыс жүргізу және Құлжа халқының қосылуы арқасында Құлжадағы Гоминдаңның қолбасшылық бас штабы, сіріңке заводы, былғары заводы және банк қатарлы орындар жау қолынан босатылады.

Бұл жөнінде бір жазба материалда былай деп жазылады: «1944 жылы қарашаның 12-күні Гоминдаңнын Құлжадағы қолбасшылық штабы мен уәли мекемесін көтерілісшілер басып алып, дереу уақыттық «Шығыс Түркістан үкіметін» құрды. Іле-шала газетхана іске кірісті. «Азат Шығыс Түркістан» газеті шығарыла бастады»/9.

Бұл кезде мұндай қозғалыстар Шынжаңның басқа жерлерінде де көтеріле бастаған болатын. «1944 жылы мамыр айында Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласында Дубек Шалғынбайұлы, Балқаш Әлімғазыұлы қатарлы қазақ жас зиялылары Кеңес Одағынын Шәуешекте тұратын консулының көмегімеп қазақ жастарын негіз еткен күрескер топ құрып, Шың Шысайға, Гоминдаң кертартпа үстемдігіне қарсы әрекет жасады»/10.

1944 жылы маусым айына келгенде Шәуешек қаласынан ұйымдасқан күрескер зиялылар шекарадан өтіп, Кеңес Одағының Бақты қыстағына барып, шекара саудасын жасау деген атпен Кеңес Одағында Еміл штабын құрды. 15-маусым күні Еміл штабы Тарбағатай аймағындағы әйгілі қайраткерлерге және күрескерлер тобының басшыларына хат жазып, Тарбағатай халқын Гоминдаң үкіметінін үстемдігіне қарсы күреске аттануға үндеді.

Бұл күрескер ұйымдарының ұзақ уақыттық тарихы бар болатын. Ол ең алғаш 1930 жылдардын соңғы кезінде Дубек Шалғынбайұлының басшылығымен Үрімжіде құрылған. Сол кезде бұл ұйымға Жағда Баблықұлы, Ахметқали Бітімбайұлы қатарлылар қатынасқан болатын. Бірақ Шың Шысай үкіметінің қазақ зиялыларын қуғындап, қыр соңына түсіп, Дубек (Дубек оның қытайша аты. Шын аты Иүсіпбек болатын - Ж.С.) қатарлыларды тұтқынға алғаннан кейін бұл ұйымның жұмыстары уақытша тоқтап қалған еді. Шынжаңға У Жұңшын дейтін адам өлке бастығы болып келгеннен кейін түрмедегілерді босатқан кезде Дубектер де босанып еліне қайтты. Олар Шәуешекке келген соң 1942 жылы сол бұрынғы ұйымды қайта құрды. Ал, 1944 жылы келген Кеңес Одағының Шәуешектегі консулымен сөйлесіп, олардан көмек алуға келісті.

Сонымен, 1942 жылдан 1945 жылға дейінгі аралықта Тарбағатай аймағынан партизандар қосыны құрылып, үкіметке қарсы күреске аттана бастады. Дөрбілжінде мәмбет руынан Басбай қаржыландырған партизандар отряды, Шәуешекте дөртуыл руынан Түсіп бастаған партизандар қосыны құрылды. Мұндай партизан қосындары Тарбағатай аймағының басқа аудандарында да көтеріле бастады. Шағантоғай ауданындағы партизандарға Балқаш Әлімғазыұлы мен Жағда Бабалықұлы жауапты болды. Толы ауданындағы керей мен дөртуыл руларының партизандарына Қалдыбай Қанапияұлы мен Ахметқали Бітімбайұлы жауапты болды. Ал, Дубек Шалғынбайұлы Шәуешек қаласына жауапты етілді.

Міне, осылайша Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарынан көтерілген бұқаралық көтеріліс жедел өрлеуге өтті де Гоминдаң үкіметінің бұл өңірлердегі үстемдігін аударып тастады. 1944 жылы қарашаның 12-і күні «Құлжа азаттық ұйымы» Құлжа қаласында ұйғыр, қазақ, қырғыз клубында жиналыс ашып, «Шығыс Түркістан уақыттық үкіметінің» құрылғандығын жариялады. Мемлекет туы ортасына сары ай, жұлдыз орнатылған жасыл ту болады деп белгіленді. Әлихан төре, Әкімбек қожа, Абдыров Мақсұм, Рақымжан Сабырхажиев, Мұхаметжан Мақсұт, Әбдікерім Аббасов, Қаби Бернашов, Әнуар Мұсабаев, Павел Павлович Москалов, Әбілқайыр төре, Бук Амбал, Ғани Иолдаш, Салжанбай Бабажан, Әблемет Әли халпе, Петр Романович Александров, Қайнам қатарлы 16 адам сайланып, «уақыттық үкімет» ұйымдастырылды. Әлихан төре үкімет төрағалығына, Әкімбек қожа үкімет төрағасының орынбасарлығына, Абдыров Мақсұм үкіметтін бас хатшылығына сайланды. Уақыттық үкімет комитеттері сол күні N-1 қаулыны мақұлдады. Онда әр түрлі басқару органдары тағайындалды.

Сол жылы қарашаның 17-і күні уақыттық үкіметтің орган газеті «Азат Шығыс Түркістан газеті» мекемесі құрылды. Мекеме бастығы Қаби Бернашов болды. Газет сол күні Құлжа қаласында ұйғырша, қазақша, орысша, қытайша төрт тілде ресми басылып шықты.

Осыдан бастап Іле, Алтай, Тарбағатай өңірлеріндегі жалпы халық аттанысқа келіп, халықтық соғысты жоғары өрлеуге көтеріп жіберді. Іледегі Гоминдаң армиясының қолбасшылық штабы тек Құлжа аэдромында, Айранбақта және Гуюаң Мияу бұтханасына тығылып қалды.

Шынжаңның солтүстік шекарасындағы мұндай үлкен оқиға Чан Кайши үкіметін де алаңдатпай қойған жоқ. Гоминдаң үкіметінің президенті Чан Кайши сол күні дереу Шынжаң өлкесінің бастығы Жу Шаулияңға өз қолымен хат жазып, әскери істерді орналастыру жөнінде мынадай нұсқау берді: 1. Құлжа төңірегіндегі әскери күшті топтай отырып, белсене шабуыл жасап, Құлжаны және басқа жерлерді кешіктірмей қайтарып алу, өйтуге шама жетпесе, онда Құлжада тіркесудің ұзақ уақыттық жоспарын жасау, өзге бір мемлекет араласса оған алаңдамау. 2. Құлжаға жіберілген әскери бөлімдерден басқа әскери күштерді бұрынғы жоба бойынша орналастырып, Үрімжіден Үймінге дейінгі шығыс үлкен жолдың қорғанысын күшейту, оңтүстік Шынжаң мен солтүстік Шынжаңдағы маңызды жерлерді берік қорғап, «бандылық дерттің» басқа жерлерге таралуынан қатаң сақтану керек. 3. Ресеймен дипломатиялық істерді сол жердің өзінде істеу, егер жылт еткен үміт болатын болса, экономикалық істестік жағында мүмкіндігінше жол беру арқылы территория мен иелік құқықты қорғап қалу керек. 4. Шынжаңның жер-жерін барлық саяси және әскери тәсілдерді қолданып берік игеру керек. Үрімжінің маңындағы бекіністі, өте-мөте бұрынғы аэроплан жөндеу заводы мен аэродромды қорғау жұмысына тез кірісу керек»/11.

Чан Кайшидің осы бұйрығына сай Шынжаң армиясын басқарып тұрған мансапты Жу Шаулияң қауіпті жағдайдан құтылып, Үрімжіні қорғап қалу үшін Гоминдаңның жиырма тоғызыншы құрама әскери күшін батысқа көшіру жөнінде бұйрық берді. Бұл турасындағы нақтылы орналастыру мынада: «1. Жаңа екінші корпустың штабын Үрімжіден батыста Шихуға көшіру, 29-құраманың штабын Құмылдан батыста Үрімжіге көшіру, 42-корпустың штабын Жию Чуаннан батыста Құмылға көшіру. 2. У-Уийді қорғап тұрған уақыттық 56-дивизияның полкін Шынжаңға әкеліп, Үрімжіге көмекті күшейту»/12.

Чан Кайши үкіметі осылай жік-жапар болып, шығыстағы армияларын батысқа жылжытып жатқанда Шығыс Түркістан үкіметі де қарап жатқан жоқ. Іле, Тарбағатай, Алтай сынды үш аймақтың көптеген аудандарынан Гоминдаң әскерлерін қуып шығып, онда жаңа үкімет құра бастады. Сол жылы желтоқсанның 15 күні Дәлелхан Сүгірбайұлы Алтай партизандар отрядының мүшелері мен әр ұлт бұқарасы қатынасқан жиналыста Іле аймағындағы Гоминдаң кертартпашыларына қарсы күрестің толық жеңіске жеткендігін хабарлады. Шығыс Түркістан үкіметінің партизандары шығысқа, Үрімжіге қарай жалпы беттік шабуылға өте бастады.

Шығыс Түркістан республикасы уақыттық үкіметінің бұл кездегі жалпы жұмыстарына Кеңес Одағы көмектесті. «Қарашаның аяқ шенінде уақыттық үкіметтің ұсынысы бойынша Владимир Козлов бастаған және Владимир Стефанович бастаған Кеңес Одағының екі ақылшылар үйірмесі (шартты белгілері N-1 және N-2 үй) Құлжаға келді»/13.

Шығыс Түркістан үкіметінің дүниеге келуіне дүние жүзіндегі басқа мемлекеттер де көңіл бөліп, құлақ түре бастады. «1945 жылы қаңтардың 9-ы күні Американың Үрімжіде тұратын консулы Варрит У Жұңшинге амандаса барып, АҚШ-ның газет, журналдарында жариялап, бүкіл дүние жүзінің назарын аудару үшін «Құлжа оқиғасының» егжей-тегжейлі, жағдайын білуді үміт ететінін білдірді»/14.

«1945 жылы қаңтардың 1-і күні Шығыс Түркістан республикасының уақыттық үкіметі жоралар мәжілісін ашып, N-6 қарар қабылдап, әскери істер меңгермесін бекітті. Петр Романович Александровты меңгерме бастығы етіп тағайындады. Тұрақты армия құруды, әскери шен түзімін жолға қоюды ұйғарды. Әскери шен жай әскер, орта командир, аға командир, жоғары дәрежелі командир деп төрт дәрежеге бөлінді. Погон мен киім Кеңес Одағы армиясынікіне ұқсатылды. Погонды көк, қызыл, ақ түспен жиектеу арқылы атты, жаяу, зеңбірекші әскерлерді парықтайтын болды»/15.

Шығыс Түркістан республикасы уақыттық үкіметінің Кеңес Одағымен бұлайша астасуы Гоминдаң үкіметін онан ары сасқалақтатты. Президент Чан Кайши Шынжаңға қайта-қайта хат жазып, телефон соғып: «Шынжаңның қазіргі ауқымына қарағанда, Чиңхайдағы екі атты әскер дивизиясын Шынжаңға көшіру орынды», «Жыңның батысындағы әскери бөлімдері алдымен Жың, Шиху өңіріндегі қауіпсіз жерлерге шегіндіру, онан соң емін-еркін бекініс жасау ең орынды шара. Жұң Жыңнын (Чан Кайшидің енді бір аты - Ж.С.) алдын-ала белгіленген бағыты шынайы атқарылуы керек. Енді Шынжаңдағы маңызды орындарды мықтап қорғауды жоспарлап, оны алдағы күндерде қолдан кеткен жерлерді қайтарып алудың базасы ету керек. Барлық жерді қорғауға зорланғанмен бүкіл Шынжаң қолдан кетеді. Оның ақыры апат... Жыңның батысындағы әскери бөлімдерді қалайда тез арада шегіндіру қажет»/16 деген сияқты шұғыл нұсқаулар беріп отырды. Шынжаңнан айырылып қалу қаупі туғанын анық сезінді. Сол үшін қолынан келген барлық әдіс-амалды қолданудан тартынған жоқ. Тіпті Құлжа соғысында жеңіліске ұшыраған Ли Тиежүн, Ли Үйшияң, Шие Ийфыңдарды жазалау жөнінде өз қолымен бұйрық жариялап, «Міндетінен алынып, өз күнәларын қызмет көрсету арқылы жууға қалдырылсын» - деп жеделхат та жолдады.

Ал, Шығыс Түркістан республикасы үкіметі барған сайын күшейе берді. 1945 жылы сәуірдің 8-і күні Құлжада ұлттық армияның құрылу жиналысы ашылды. Әлихан төре бастаған үкімет басшылары мен он мыңдаған бұқара жиналысқа қатынасты. Әлихан төре әскери бөлімдерге ислам діні белгісіндегі ай, жұлдызды гербті, «Шығыс Түркістанның дербестігі жолында алға» деген ұран жазылған армия туын, құранның аяты жазылған ислам дінінің ақ туын берді.

Жағдайдың осылайша асқынып, үкімет жаққа тиімсіз бола беруі өлке бастығы У Жұңшынды да қатты састырды. Ол асып-сасып Чұңчиңге/17 барып, Чан Кайшиге кезігіп, Шынжаң ахуалын баяндап, өзінің орнына Шынжаңға Гоминдаң үкіметі әскери істер комитеті саяси бөлімінің бастығы Жан Жыжұңды жіберіп, Шынжаңның армия мен үкімет қызметін біртұтас басқармаса болмайтынын айтып, ұсыныс кіргізді. Бұл ұсынысты Чан Кайши да қабыл көрді. Сонымен, 1945 жылы қыркүйек айында генерал Жаң Жыжұң Үрімжіге жетіп келді. Бұл жөнінде ол өз естелігінде былай деп жазады: «Мен 1945 жылы қыркүйектің 13-і күні аэропланмен Чұңчиңнен Үрімжіге жетіп келдім. Сол күні Жу Шияулияң (Шынжаңдағы әскери мансапты - Ж.С.) маған төмендегі жағдайлардан баяндама жасады. 1. Іле армиясы Манас өзеніне жетіп келді. Үрімжіге әрең екі-ақ күндік жол қалды. Олардың қашан болмасын, Үрімжіге шабуыл жасау мүмкіндігі бар. 2. Қазір Үрімжіні қорғап тұрған әскери қосын әрең алты батальон (орталық әскери мектеп 9-бөлімшесінің бір батальон оқушылары да осының ішінде). Қазір бесінші атты корпус пен 46-дивизияның бір бөлім қосындары көмекке келе жатыр. Олар тез келді дегенде де сегіз-тоғыз күннен кейін әрең жетіп келе алады...» - деді/18 «Мен мұны естігеннен кейін ерекше дипломат Лию Зырұң мырза арқылы Кеңес Одағының Үрімжідегі бас консулы Иеусеевке өтініш етіп, онымен кездесуім керек болып отырғанын және оның ортаға шығып, жарастырып қоюға күш салуын үміт ететіндігімді білдірдім. Ол кезде мен бұл оқиғаны әскери күшпен шешемін деуден ешқандай нәтиже шықпайтынын, тек саяси жолмен ғана шешуге болатындығын, саяси жолмен шешу үшін ортада бір жарастырушы болуы керек екенін, ал ең жақсы жарастырушы Кеңес Одағы болатынын ойлап жеткен едім.

Қыркүйектің 14-ші жұлдызында мен Иеусеевпен кезігіп, онымен пікір алыстым. Ол менің пікірімді Москваға жеткізуге разылық білдірді. Және ең жақсысы бұл істі Кеңес үкіметінің алдына Қытай үкіметі қойған болса әрі оңай, әрі өнімді болатын еді, - деді. Мен бұл жөнінде Чан Кайшиге сол күні күнбе-күн жеделхат жолдадым. Сонымен бірге қыркүйектің 16-сы күні Чан Кайшиге баяндау үшін аэропланмен Чұңчиңге ұшып кеттім»/19.

Сөйтіп, міне, сол кездегі нақтылы ақиқат істерге көз салып көрсеңіздер, қазақ халқы 1940 жылдан бастап Шың Шысай үкіметімен табандай төрт жыл бойы соғыс жасайды. Қанды қырғын болады. Ел болып атқа мініп, ер азаматтарын құрбандыққа бере отырып, малын да, жанын да бостандық үшін күрестің жолына атайды. Шың Шысай үкіметінің мұздай құрсанған қарулы армиясынын тоз-топалаңын шығарып, оларды 1940 жылы күзде бір рет, 1941 жылы күзде екінші рет соғысты тоқтатып, бейбіт келісім жасайық деген шарт қоюға мәжбүрлейді. Шың Шысай үкіметінің айтқан сөзінде тұрмай, алдамшы саясат қолданғанына көзі жетіп, қайтадан қаһарына мінген халық үшінші рет онан да пәрменді, жойқын күшпен күреске аттанады. Алтайды тұтас шарпиды. Іле, Тарбағатай аймақтарын қамтиды. Сөйтіп, Шығыс Түркістан республикасы деген үкімет құрылады. Ол бүкіл Шынжаңға құлаш сермеп, өлке орталығы Үрімжіге қарап шеру тартады. Шынжаң үкіметінің ең жоғары әскери мансаптысы Жу Шияулиян өзі жоғарыда мойындағанындай Үрімжіге әрең екі-ақ күндік жол қалады. Ал, осы кезде басқа ешбір амалы қалмай, ажалдың қыл мойнына тақағанын сезген Чан Кайши үкіметі бұрын қанша өштесіп, екеуі екі үйекке жіктеліп, жауласып отырса да «қарғаның көзін қарға шұқымас» деген үмітпен өз жауы Кеңес үкіметінің алдына барып, одан көмек сұрайды. Жойқын күшпен, тентек тебінмен Үрімжіге таяп қалған Шығыс Түркістан қосындарына бөгеу, тоқтау салуды өтінеді. Сонан соң бұрын қанша жауласып, біреуі коммунизм, біреуі капитализм болып, отаса алмай келе жатса да дәл осы мәселе жөнінде Кеңес Одағы бірден Чан Кайшиді қолдап шыға келеді. Чан Кайши үкіметі өтініш білдіргеннен кейін бірнеше күн өтпей, Кеңес Одағының Қытайдағы бас елшісі Федоров Чан Кайши үкіметінің Сыртқы істер министрлігіне шындықты бұрмалап, ойдан құралған өтіріктер жасап шығып, қағаз жүзінде хабарлама тапсырады. Оның толық тексті мынадай: «Кеңес Одағының Құлжада тұратын консулының Кеңес Одағы үкіметіне жолдаған мәліметінде айтылуынша, мұсылмандардан бір қанша адам өздерін Шынжаң көтерілісінің өкіліміз деп біздің консулханамызға келіп, мәлімдеме жариялады. Олар Кеңес Одағының ортаға шығып, өздері мен Қытай жақтың арасында болған қақтығысты жарастырып қоюын үміт ететіндігін астыртын мәлімет етті. Сонымен бірге, көтерілісші бұқараның ежелден тартып, Қытайдан бөлініп кету ниеті болған емес. Олар мұсылмандар көпшілік болып отырған Шынжаңның бір қанша жерлерінде, мәселен, Іле, Тарбағатай, Алтай, Қашкар қатарлы райондарға автономия алуға қол жеткізуді ғана мақсат етеді, - деп түсіндірді. Осы өкілдер және де Шынжаң өлкелік үкіметінің өздеріне қарата жүргізген әр түрлі зұлымдықтары жөнінде шер төкті. Кеңес Одағы үкіметі өзінің ІПынжаңмен шекаралас райондарының тыныштығына және де тәртібіне мән бере отырып, егер Қытай үкіметі разылық білдірсе Шынжаңда туылған көтерілісті тоқтату, Қытай үкіметіне қолдан келген көмектерін аямау үшін өзінің Іледегі консулын тағайындамақшы»/20.

Кеңес Одағы үкіметінің осы хабарламасын оқығаннан кейін оның қаншалықты сайқал, қаншалықты қаскүнем екендігін дәлелдеп жатудың ешқандай қажеті қалмағанын міне, өздеріңіз де көріп отырсыздар. Енді төменде Кеңес Одағының осы сайқалдығына Чан Кайши үкіметінің қалай сәйкесе кеткендігіне бір назар аударып байқаңыздар. Кеңес Одағының жоғарыдағы хабарын тапсырып алғаннан кейін Гомиңдаң үкіметінін Сыртқы істер министрі президент Чан Кайшиден нұсқау алады да Кеңес үкіметіне былай деп жауап хат жазады. Жауап хаттың толық мәтіні төмендегідей:

«1. Шынжаңдағы мұсылмандар көтерілісі турасында Кеңес үкіметі көмек қолын ұсынуды қаласа үкіметіміз бұл үшін ерекше борыштарлық білдіреді.

2. Шекарадағы халыққа оң көзбен қарау турасында президент Чан Кайши әлдеқашан «Үкіметіміз Шынжаң халқына ерекше көңіл бөледі» - деп жариялаған болатын. Бұл жолы оқиға туылғаннан кейін үкіметіміз министр Жаң Жыжұңды осы реткі туылған оқиғаның нақтылы жағдайын тексеріп келу үшін Шынжаңға жіберді. Міне, бұл оларға оң көзбен қараудың белгісі.

Үкіметіміз осы оқиғаны тудырушылардың өз өкілдерін Үрімжіге жіберіп, министр Жаң Жыжұңға өз пікірлерін баяндауын, мәселені кеңеспен бір жайлы ету үшін жол табуларын ерекше үміт етеді. Үкіметіміз саясат бойынша, барлық Шынжаң халқына саяси, экономикалық жақта ішкі Қытайдағы халықтармен бірдей құқық береді.

Кеңес Одағының Іледегі консулы бізге көмектесуді қаласа, мәселені бейбіт жолмен шешудін әдіс-амалдарын талқылау үшін сіздердің, қарсы жақтың өкілдерінің Үрімжіге келіп, министр Жаң Жыжұңның құзырында болуды хабарлап қоюларыңызды және оларды таныстырып қоюларынызды үміт етеміз. Өкілдердің бас амандығына біз барлық күшімізбен кепілдік береміз»/21.

Міне, осылайша Чан Кайши үкіметінің толық құқықты өкілі Жаң Жыжұң бастаған бір топ, яғни, Лияң Хансау, Пың Жаушан, Чүй У, Жаң Жыңұй, Дың Вений, Лию Мыңшүн, Уаң Зыңшан қатарлылар 1945 жылы қазанның 10-шы жұлдызында аэропланға отырып, Чұңчиңнен Үрімжіге жетіп келді. Кеңес үкіметінің тапсыруымен ерте қамданған Шығыс Түркістанның өкілдері Үрімжіге олардан бұрын жетті. Бұл женінде Жаң Жыжұң былай деп жазады: «Іле жақтың өкілдері Рақымжан, Әбілқайыр төре, Ахметжан қатарлы үш адам болып, олар екі күн бұрын Үрімжіге келген екен. Олар келгенде кеудесіне «Шығыс Түркістан үкіметінің» белгілерін тағып алған болып, күтуші қызметкерлерге «Шығыс Түркістан үкіметінің өкілі» салауатымен Қытай үкіметі өкілдерімен кеңесуге келгендігін, уақыты жеткенде куәлік, құжаттарын шығарып көрсететіндіктерін, Қытай үкіметі өкілдерінің де куәліктерін көрсетуі шарт екенін айтқан.

Мен бұл жағдайды естігеннен кейін қазанның 1-жұлдызында Кеңес Одағының Үрімжідегі бас консулы Евсеевпен көздесуге ұсыныс еттім. Оған мыналарды айттым: Бас елші Федоровтың мемлекетімізге берген хабарламасында Шынжаңда көтеріліс қозғаған халықтың өкілдері Кеңес Одағының ортаға шығып, жарастырып қоюын өтініш етті. Сонымен бірге, Қытайдан бөлініп кету ниетінің жоқ екенін білдірді делінген. Үкіметіміздің Кеңес Одағына қайтарған жауабында да мәселені бейбіт жолмен шешудің әдіс-амалдарын кеңесу үшін көтеріліс жасаған жақтың Үрімжіге өкілдер жіберіп, өз пікірлерін баяндауына жол беріледі делінген. Сондықтан, мен тек орталық үкіметтің өкілі салауатыммен ғана көтеріліс жасаған топтың өкілдерін қабылдай аламын. Шығыс Түркістан үкіметінің өкілдері делінгендерді қабылдай алмаймын. Кеңес Одағы консулының Іле жаққа менің бұл пікірімді жеткізіп қоюын өтінемін, - дедім. Кеңес консулы алғашында ең жақсысы бірінші рет кездескенде олардың өзіне бетпе-бет айтсаңыз, - деді. Мен оған Кеңес үкіметі бұл жолғы оқиғаны бір жайлы етуде үкіметімізге көмектесуге даяр екенін айтқан болатын. Сіздің оларға сөйлесіп беруге міндетіңіз бар, - дедім. Сонымен консул Евсеев сөйлесіп беруге разылығын білдірді.

Іле жақтың өкілдері кеңес консулының келістіруінен кейін өздерінің бұрынғы позициясында онша қатты тұрып алмады. Сөйтіп, қазанның 17-і күні оларды қабылдадым»/22.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет