ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ
СИНЬЦЗЯН ҚАЗАҚТАРЫ
§1 Синьцзян қазақтарының тарихи жағдайы
Бүгінде Қытай елінде 1,5 миллион қазақ ұлтының өкілдері тұрады. Қазақстандағы қазақтар үшін олар шетелдегі қазақ диаспорасы болып есептеледі. Ал тарихи-жағырапиялық тұрғыдан оларды өздерінің байырғы ата қонысында жасаушы қазақ ұлтының қомақты бір бөлігі деп түсінген жөн. Бұл пікірмен кейінгі кездері Қытайдағы қазақ диаспорасын тереңірек зерттеп жүрген ғалымдар да келіседі. Мысалы: белгілі шығыстанушы К.Л.Сыроежкин өзінің Қытай қазақтары туралы зерттеу еңбегінде: «...Сөз тек мемлекеттік шекара арқылы бөлініп тұрған этникалық қауым (община) туралы болып отыр» [138, 104] – десе, шетелдердегі қазақтардың тарихи тағдыры туралы арнайы зерттеу еңбектің авторы Г.М.Меңдіқұлова Қытай қазақтарын «қазақ диаспорасы» емес, қазақ «ирреденті» (бөліндісі) деп есептейді [139, 7]. Өйткені, біріншіден, олар жасап жатқан өңір геотарихи тұрғыдан алғанда байырғы Қазақ даласының құрамдас бөлігі. Осы өңірде қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ұйтқы болған байырғы ғұн, үйсін, иузей (юэчжи), түрік, түркеш, қарлұқ, керей, найман тайпалары мен тайпа ұлыстары жасаған және өз кезінде олардың көшпелі жүйедегі қағандық билігі (мемлекеті) өмір сүрген. Екіншіден, қытай қазақтарының тілі, тұрмыс-салты, діни танымы, ұлттық өнері, ән-биі, фольклоры түгелдей Қазақстанда жасаушы қазақтармен бірдей. Үшіншіден, Қытай қазақтары негізінен Қытайдың Қазақстан және Моңғол Халық Республикасымен шекаралас Синьцзян ұйғыр автономиялы өлкесіне орналасқан.
Синьцзян Ұйғыр автономиялы районы (СҰАР) 1955 жылы 1 қазанда құрылған. Жер көлемі бүкіл Қытай жер көлемінің 1/6-ін құрайды. Ұйғырлар тұрғын халықтың 3/5 бөлігін иелейді (1977). Синьцзян (Xinjiang) атауы қытайша «жаңа жер», «жаңа өлке» дегенді меңзейді, сондай-ақ, ол 1884 жылы Цин империясы аталмыш өңірді өзінің бір өлкесі деп жариялағаннан бастап қолданыла бастады. Негізінде бұл өлке XIX ғасырдың орта кезінен бастап ғылыми әдебиеттерде “Шығыс Түркістан” деп атала бастаған еді. Бүгінде Қытай үкіметі бұл атауды мүлдем қолданбайды. Өйткені ол XIX ғасырдан бастап империялистердің пантүркстер мен панисламистердің Синьцзянді Қытайдан бөлшектеу мақсатында қолданылып келген деп есептейді. Сондықтан бұл еңбекте біз де бүгінгі ресми атауы бойынша “Синьцзян” деп алдық. Бірақ көзі қарақты оқырман үшін оның әуелгі аты “Шығыс Түркістан” екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.
Тұтас Қытаймен салыстырғанда Синьцзянның шекара бойындағы Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында қазақтардың орналасу тығыздығы ең жоғары. Бұдан сырт, Үрімшінің шығыс-батыс екі қанатындағы Тянь-Шань тауының теріскейінде де қазақтар көптеп қоныс тепкен. Жағырапиялық тұрғыдан тұтас Синьцзянды шығыстан батысқа қарап қақ бөліп жатқан Тянь-Шань тауын табиғи шекара еткен бұл даңғайыр дала Оңтүстік Синьцзянға қарағанда әлдеқайда көгалды, орман-тоғайлы, сулы, жайылымды болып келеді. Жылдық жауын шашын мөлшері де жоғары. Онда малшаруашылығы мен егіншаруашылығы қатар дамыған. Мұнай, көмір, түсті металл, орман байлығы бүкіл Қытайға әйгілі. Солтүстік Синьцзянның орта тұсы Жоңғар ойпаты (Zhun’ge-er fendi) деп аталады. Қазақтар ертеде оны Күбі құмы немесе Қазанқұм деп атайтын. Сол ойпаттың солтүстігін Алтай тауы, оңтүстігін Тянь-Шань тауы, шығысын Боғда, Баркөл таулары, батысын Тарбағатай, Майлы-Жәйір, Жоңғар Алатауы алып жатыр. Қазақтар XVIII-XI ғасырларда алдымен Шыңғысханның, онан соң ойрат моңғолдарының шапқыншылығына ұшырап батысқа қарап ығысқаннан кейін, 300 жыл бойында бұл мекенді қайтарып алу үшін жан аямай күресіп келді. Қазақ пен ойрат арасындағы сол қанкешу “Құба қалмақ заманы” деген атпен әйгілі. Арада неше ұрпақ өтті. XVIII ғасырдың орта шенінде қазақ ханы Абылай байырғы ата мекенді қайтарып алу үшін Цин патшалығымен дипломатиялық қатынас орнатуға ниет қылды. Нәтижесінде 1757 жылы Манчжу-Цин шерігі ойраттарды күйрете жеңіп, оларды Жоңғариядан (Солтүстік Синьцзяннан) біржолата аластады. Бұл кезде «қазақтар мен қырғыздардың Цин империясымен шекараласып жатқан ірі мемлекеті болды әрі олар Синьцзян мен Монғолиядағы руластарымен этникалық, саяси қарым-қатынасын үзебеген еді» [101, 188]. «Бірақ Қытайға қараған қазақтардың өздерінің ата мекендері Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарынан кең көсіле орын алулары оңайға түскен жоқ. Олар және де жер үшін қиян-кескі күресті бастан кешіп, өздерінің ежелгі қоныстары Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарына орын тебе бастады»[72, 298]. Өйткені Қытай қолы Жоңғарияны өз қарамағындағы өлкеге айналдыру үшін онда өз шекара қарауылдарын тұрғызып кетіп еді. Олардың жол тосып кедергілік жасауына қарамастан ең алғашқы қазақ рулары 1767 жылдан бастап үдіре көшті. Сол кезден бастап есептегенде Синьцзян қазақтарының қазіргі қоныстарына қайта ірге тепкеніне биыл (2007 ж.) 240 жыл толады. Бұл барыста Солтүстік Синьцзяндағы жер аттары түгелдей қазақша қалыптасты. Бұның ішінде Алтай, Боғда, Ертіс, Еміл, Сауыр, Ерен-Абыр, Манас тектес топонимдер сонау түркі дәуірінен бермен сақталып келе жатқан атаулар еді. Әрине, 300 жылдық жоңғар ойраттарының үстемділігі тұсында бұл өлкеде кейбір моңғолша топонимдер де қалыптасты. Олардың біразы күні бүгінге дейін қолданылып келеді.
Ресей империясының қазақ жеріне батыс және солтүстік бағыттан бірдей сұқтануының нәтижесінде, 1822 жылы 366 жыл өмір сүрген Қазақ хандығы жойылды. Ал шығыстағы Цин императорлығы болса бұған дейін Англия, Франция, Португалия секілді батыс елдерінің «Қытай қақпасын ашуына» байланысты теңіз жағалауындағы және ішкі провинцияларындағы көптеген жерлерінен айырылған-ды. Мұның есесін батыстан қамтып қалуды ойлаған Цин патшалығы жедел қимылдап, Ресей империясымен өздерінің батыс шекарасын «тексеріп айыруға» мүдделі болатын. Нәтижесінде қазақ халқының бірде-бір өкілі қатыстырылмаған жағдайда Қазақ даласы Ресей мен Қытай отаршылдарының сырттай талан-таражына түсті. 1864 жылы олар өз «шекараларын» Қазақ даласының шығыс бөлігінің үстінен бөліске салды. Бұл қазіргі Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің нақтылы шекара сызығының қалыптасуына негіз болды. «Ресей мен Қытай арасындағы солтүстік батыс шекараны өлшеп айыру тоқтамы» деп аталған бұл келісім-шарттан кейін бір-бірімен емін-еркін араласып тұрған қазақтар шекараның екі қанатында қалды.
XIX ғасырдың соңғы жарымында Ресей отаршылдары Ілені 10 жыл басып жатты (1871-1881). Цзо Цзунтан (Zuo Zongtang) басшылық еткен Қытай қолы Шығыс Түркістанның оңтүстік бөлігіндегі Жакупбек (Якупбек) билігін жойғаннан кейін, атап айтқанда, 1884 жылы Шығыс Түркістанды ресми түрде Қытайдың бір өлкесі ретінде құрып, оны әкімшілік жақтан қатаң басқаруға көшті.
Бүгінде Қытай қазақтарының басым бөлігі қоныстанып отырған Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Іле (Ilі), Алтай (A-le’tai), Тарбағатай (Ta-cheng) аймақтарының әкімшілік негізі сол кезден бастап қалыптаса бастады. Мұндай жағдайда Цин үкіметі қазақтар қоныстанған өңірлердің әлі де болса өз уысынан шығып кетуінен алаңдаумен болды. Бұл кезде Моңғолия да Цин (Man-Qing) императорлығының қол астында тұрған еді. Ендігі жерде Қытай үкіметі Синьцзяндағы қазақтар қоныстанған өңірлерді Моңғолиядағы санзан-дашын (Sanzan-da’shen — генерал-губернатор) арқылы орталыққа (Пекинге) тікелей қаратуды ойластырды. Сөйтіп Синьцзян өлке болып құрылысымен ең әуелі Алтай аймағы ерекше аймақ ретінде Пекинге тіке қарады. Тарбағатай мен Іле аймағы кейін уақытша орталық үкіметке қарады да, оны жергілікті әкімшілік орындары басқарды. Цин патшалығының Синьцзянды өзінің бір өлкесі етіп құруына байланысты, онда бірыңғай әкімшілік жүйе қалыптасты. Бірақ Қытай билеушілері қазақтар қоныстанған өңірде баяғыдай ру-тайпалық басқару жүйесін сақтап қалды. Мысалы, 1884 жылға дейін Алтай қазақтарын бір гун (gong-княз), төрт би билеп келген еді. Бұл «төрт би төре» деп аталды. 1884-1905 жылдарда Алтай Монғолия арқылы Цин ордасына тіке қарасты болып тұрған кезде осы аталған бес кісілік басқару жүйесі жеті адамдық басқаруға ауысты, яғни: бір гүң, екі анбы (уәзір), төрт үкірдай (би) елді бөліп биледі. 1905 жылдан бастап Алтай аймағында осы жеті адамның қол астындағы әр бір кіші руға бірден зәңгі белгіленді [111, 214].
Қытай қазақтары арасында қолданылған анбы (уәзір), үкірдай (би немесе 1000 түтінге таяу елді, немесе шағын руды басқарушы), тайжи (1000 түтіннен асқан елді басқарған ру басы), залың (ауыл басы), зәңгі (қыстақ басы), ақалақшы (үкірдай деңгейінде) тектес лауазым атаулары түгелдей манчжу тілінен енген сөздер. Бірақ бұл лауазымды билік көлемі әр жерде әр келкі болды. Сондықтан, олардың құзыретін, билік көлемін нақты айқындап беру қиындық тудырады.
Дегенмен, Іле, Тарбағатай аймақтарындағы қазақтардың билік жүйесі өз ішінен ұқсас болды. Мың үйге бірден үкірдей, әр жүз үйге бірден зәңгі, елу үйге елу басы, он үйге он басы белгіленді. Бірақ олардағы гүңның дәрежесі орталық үкіметке тікелей қарайтын Алтайдағы гүңның дәрежесіндей ықпалы болған жоқ.
Ол кезде Үрімжі жағын мекендеген қазақтардың басқару жүйесі Тарбағатайға, Құмыл жағын мекендеген қазақтардың басқару жүйесі Алтайға ұқсайтын еді. Ал олардағы үлкен мәнсап тәйжі деп аталды [111, 214].
1884 жылы Синьцзян Цин патшалығына бағынышты өлке болып құрылған кезде Солтүстік Синьцзянда жан саны ең көп ұлт қазақтар болған [112, 775]. Ол кезде Жоңғар хандығынан қалған ойраттардың саны тіптен аз болатын. Ян Цзинсиньнің (Yang Zengxin) көрсетуінше Цин хандығының соңғы кезінде (1907ж.) тек Алтай аймағында жасаушы қазақтардың санының өзі Синьцзяндағы моңғолдардың жалпы жан санының 10 есесіндей , яғни 50 мың түтін болған [113, ІІ т].
Сол кезде Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында және Тянь-Шань мен Жоңғар ойпатының шығыс бөлігіндегі Боғда (Bogeda), Баркөл (Bali-kun), Бәйтік-Қаптық (Beita-shan) тауларының өнбойында қазақтар жасайтын. Оларға аралас Іледе аздаған «тараншылар», сібелер, Тарбағатайда аздаған торғауыттар бар еді.
1864 жылы шекара келісімі болғаннан кейін де Ресей жағы Тарбағатай аймағының Барлық тауына (Ba’erluke-shan) дейінгі жерлерін онда жасаушы елмен (қазақтармен) қоса өз иелігіне алып келді. 1893 жылы Ресей мен Цин үкіметінің өкілдері Шәуешек (Ta-cheng) қаласында «Ресей, Қытай үкіметнің Барлық тауын Қытайға қайтарып беру жөніндегі хаттамаға» қол қойды. Осы және оған дейінгі келісімдерге сәйкес, Қытай жағы Барлық тауы мен Еміл (Ye-mili) өзенінің оңтүстігіндегі жерлерді басқаруына алды [112, 783]. Онда жасаушы қазақтар да бұрыннан қоныстанып келген жерлерімен қоса Қытай билігіне қарады.
Синьцзян өлке болып құрылған соң Цин билеушілерінің Қытайдағы қазақтарға қаратқан алым-салығы да еселеп артып отырды. Оған табиғат апаты қосылып, қолындағы малынан айырылып кедейленген шаруалар көшпелі аудандардан Тянь-Шань, Боғда тауларының теріскейіндегі егіншілік аудандарға жаппай көше бастады. Бұл жайында Цин патшалығының орда архивтерінде: «Гуансюй (Guangxu) жылнамасының 30 жылы (1904) Боғдадағы іс басқарушы уәзір Си Хэнның (Xi Heng) мәлімдеуінше, Алтай аймағы қаңырап иен қала бастаған, ондағы қазақтардың тең жарымы бөгде қоныстарға ауып кеткен» делінеді [114, Dezong-shi’lue]. Ол қоныс аударушылардың алды Ішкі Қытайдағы Ганьсу, Цинхай өлкелеріне, тіпті Тибетке (Xi’zang) дейін барған. Соған байланысты 1903 жылы Цин үкіметі қазақтардың Іле мен Тарбағатайдан көшіп кетуіне тиым салынсын деген жарлық шығарады [111, 217]. Бұның алдында 1880 жылы Қытай қол астындағы Алтай қазақтарының арасынан Жылқышы, Бардам бастаған мың отбасы Моңғолияның Қобда аймағына көшіп кеткен еді, ал 1903 жылға келгенде Бөке батыр бастаған 300 үй түп қотарыла Тибетке ауады, [96, 8] 1908 жылы Тибетте тұратын Циннің іс басқарушысы уәзірi «қазақтар Тибет шегіне келіп кірді» деп Гуан-сюй патшаға мәлімдейді [111, 217].
Алтай қазақтарының ауыр жағдайынан алаңдаған Цин ордасы 1904 жылы Алтай аймағын Пекин үкіметінің тікелей әкімшілік басқаруына алады [112, 795]. 1911 жылы Алтайға Пекиннен торғауыт моңғолы Палта Ван деген кісі келіп уәли (әкім) болады. Кейін ол Алтайды Моңғолия құрамындағы тәуелсіз аймаққа айналдыруды ойлайды. Дәл сол кезде Ресей кемелері Қара Ертісті өрлеп Буыршын өткеліне дейін барады, әрі Алтай аймағының орталығы Сарсүмбеде Ресей консулдығы құрылады [112, 796].
1881 жылы Цин ордасы Ілені орыстардан қайтарып алып Синьцзянда өлкелік әкімшілік жүйе құрған соң, бұрындары яғни 1762 жылы құрылған Іле генерал-губернаторы мекемесінің басқару көлемі бұрынғыдан әлдеқайда тарайып, ендегі жерде Іле мен Тарбағатайдың қорғанысын басқаратын әскери казармаға айналады. Дейтұрғанмен ол «1762 жылдан 1912 жылға дейін Ілені тұп-тура бір жарым ғасыр биледі. Бұл барыста Іледегі Күре қаласы (Huo-cheng) Синьцзяндағы тұңғыш маңызды қалашық ретінде бой көтерді, әрі бүкіл Синьцзянның әскери-әкімшілік орталығына айналды» [18, 36-37].
1912 жылы Пекиндегі Синхай төңкерісінің (Qinhai-geming) әсерімен Құлжада буржуазиялық-демократиялық төңкеріс болды. Нәтижесінде Іледегі көне үкімет аударылып, жаңа үкімет орнады. Іле-шала Іледегі жаңа үкімет пен Үрімжідегі көне үкімет арасында соғыс өрті тұтанды. Бұл кезде Пекинде Юань Шикай тағы да бұйрық беріп Ян Цзэнсинді Синьцзян өлкелік үкіметтің дудуы етіп тағайындады.
Юань Шикайды президент сайлау салтанатында Синьцзян қазақтарынан өкіл ретінде Алтайдан Закария-төре мен Баймолла Қарекеұлы барып қайтты. Олар Пекиндегі кездерінде президентке өздерінің мұң-мұқтажын айтты. Осыдан соң бұрын Алтайды билеген «іс басқарушы уәзір» делінетін лауазым «іс басқарушы чжангуань» деп өзгертілді де, Алтай аймағы Моңғолия арқылы Пекиндегі орталық үкіметке тікелей бағындырылды. Ал бұрынғы Іле генерал мекемесі «Іле қорғаныс мекемесіне» өзгертілді. Бұрынғы Тарбағатай аймағының фудутондық (дутонның орынбасары) лауазымы Тарбағатай Цаньцзанына өзгертілді. Сөйтіп, Алтай, Тарбағатай аймақтары бір мезгіл Синьцзян өлкесіне бағынбай, Пекин үкіметіне тікелей қарап тұрды [72, 564-566].
Бұған дейін Синьцзяндағы қазақтар саны да едәуір көбейген еді. Оған 1882-1899 жылдары қазақтардың Жоңғариядағы байырғы ата мекендеріне бағытталған көші-қон процестерінің қарқын алуы басты себеп болды. Аталған мезгілде Іледегі албан мен қызай руларының саны екі есе көбейді. 1911 жылы жалпы Қытай құзырына өткен қазақтардың саны 224 мың 900-ге жетті [74, 357].
Осылайша қазақтар санының біртіндеп көбеюіне және олардың басым көпшілігі қоныстаған үш аймақтың Синьцзян өлкесіне бағынбай қолдан шығып кету қаупінің болуына байланысты, Ян Цзэнсинь таққа отыра салысымен Пекин үкіметіне арызданып жүріп, 1914 жылы Іледегі қорғаныс мекемесін қайтадан күзетші мекемеге өзгертіп, Іле аймағын Синьцзян өлкесіне біріктірді. 1916 жылы Тарбағатай Цаньцзань мекемесін даоин (аймақ) мекемесіне өзгертіп, Синьцзян өлкесіне қаратты. 1919 жылы Алтайда даоин мекемесін құрып, Алтайды Синьцзян өлкесіне қаратты [73, 568]. Тарихшы Су Бэйхэй Тарбағатай Цин хандығы кезінде Іле генерал-губернаторлығына қарайтын, оны цаньцзань елші басқаратын, Синьцзян өлкесіне бағынбайтын, тек 1917 жылы ғана Синьцзян өлкесіне қарады [112,830]-дейді. Егер Ян Цзэнсинь бұл шараны тезірек жүзеге асырмағанда, аталған үш аймақ 1921 жылы Моңғолияның тәуелсіздік алуына сәйкес, Қытай билігінен аулақтап кетуі әбден мүмкін еді. Бұған сол қарсаңдағы Ресей және Моңғол қарулы күштерінің аталған өңірлердегі іс-әрекеттері толық айғақ бола алады [112, 816-824].
Мұнан кейінгі кездерде Ресейдегі қызылдар билігіне қарсы шыққан ақ гвардия атамандары Анненков пен Бакич бастаған «ақ орыс» армиясы өздеріне артқы база дайындау үшін Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарына өтеді [29,71-78]. Олардың баруы онсыз да нашарлай түскен жергілікті қазақтардың жай-күйін тіптен қиындатып жіберді. Бакич пен Анненков қосындары Кеңес армиясы және Синьцзяндағы өлке армиясы тарапынан аластатылғанымен, ендігі жерде жергілікті қытай ұлықтарының қазақ шаруаларын қанауы мен құлдануы күшейе түсті. Оның үстіне 1928 жылы Ян Цзэнсиньді өлтіріп Синьцзянның билік басына шыққан Цзинь Шужень (Jin Shuren) өлкедегі саяси-экономикалық дағдарысты тіпті де асқындырып жіберді. Этникалық қайшылық күн сайын шиленісе түсті.
1931 жылы Құмыл (Hami) аймағындағы ұйғыр, қазақ шаруалары Цзинь Шужэньнің зұлымдығына қарсы қарулы көтеріліс жасады [119,136]. Көтерілістің ықпалы Тянь-Шаньның оңтүстігі мен солтүстігін бірдей шарпыды. Осы орайда Синьцзян мен Ганьсу, Цинхай өлкелерін бірлестіріп ірі мұсылман мемлекетін құруды ойластырған Ганьсу-Цинхайдың ірі милитарисі Ма Чжунин (Ma Zhongyin) Синьцзянға басып кірді. Ма Чжунин бастаған дүнген күштерімен болған күрес үш жылға жалғасты. Бұл ретте қазақ халқынан шыққан ағартушы, қоғам қайраткері Шәріпхан Көгедаев айырықша еңбек көрсетті. Нәтижесінде 1933 жылы көктемде Солтүстік Синьцзянда дүнгендер лаңы бір жола аяқталды.
Бұл аралықта, яғни 1933 жылы 12 көкекте Үрімжіде тағы да саяси өзгеріс болып, Шэн Шицай (Cheng Shicai) билік басына келді. Төменде біздің зерттеуімізге негіз болған көптеген оқиғалардың тізбегі осы кезеңнен өрбиді. Өйткені Шэн үкіметі халыққа істеген қаталдығы жағынан өзінен бұрынғы милитаристердің бәрінен де асып түсті. Мұнда ең әуелі оның шектен асқан ұлттық езгі саясатын атауға болады. В.Н. Иваненконың жазуынша 1940 жылдың төңірегінде «Синьцзяндағы жалпы тұрғын халықтың саны тек 5 миллион ғана болып, оның 75%-ын ұйғырлар иелеген. Ұйғырлардан кейінгі жан саны көп ұлт қазақтар болған. Ал дүнген, қырғыз, моңғол, сібе (сабинцы), тәжік, өзбек, татар, манжу, дағұр (даур)… қытай тектес ұлттар өлкедегі жалпы жан санының тек 5%-ын ғана ұстайтын». В.И.Петровтың жазуынша Синньцзяндағы жалпы тұрғын халықтың саны 5 315 426 болып, оның 80 %-ын ұйғырлар,16 %-ын қазақтар мен монғолдар, дүнгендер т.б. халықтар, қалған 4 %-ын қытайлар иелейтін [131,397]. Мұндай жағдайда Шэн үкіметі тұрғылықты халықтардың мұрат-мақсатымен, әдет-ғұрпымен, әлеуметтік хал-жағдайымен көбірек санасуы керек еді. Өкінішке орай, ұлттық саясат өз мәнінде дұрыс жолға қойылмады. Ендігі жерде мұның арты тұрғылықты халықтардың ұлт-азаттық күресіне барып саюы шүбәсіз еді.
Нәтижесінде 1940 жылы ақпанда Өр Алтайда [42, 19], 1944 жылы тамызда Іле аймағының Нылқы ауданында, 1945 жылы маусым айында Тарбағатайдың Толы ауданында, сол жылы шілдеде Еренқабырға бөктеріндегі Сауан ауданында Шэн Шицай мен Гоминьдан билеушілеріне қарсы ұлт-азаттық қозғалыс жаппай етек алды.
§2. Шэн Шицай және оның ішкі-сыртқы саясаты
Шэн Шицай (Cheng Shicai 1879-1970) Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігіндегі Лиао-нин өлкесінің Кайюань ауданында туған. Ұлты-қытай [81,1]. Ол атақ-абыройы қалыптаса қоймаған боз бала күнінде Шанхай қаласындағы Үкімет мектебінің арнаулы саяси-экономика класында оқи жүріп, қаладағы ұйымдасқан қылмысты топтардың арасында жансыздықпен айналысады. Онан соң 1917 жылы Жапонияға барып, Токиодағы Мэйджи университетінде оқиды. 1919 жылы еліне оралып, тағы да Гуандундағы Шао-гуань әскери мектебінде оқуын жалғастырады. Оқуын тауысқан соң Солтүстік-шығыс Қытайға (Дунбэйға) барып қызмет істейді. 1923 жылы Жапонияға қайтып барып, Жапония құрлық армия мектебінде оқиды. 1927 жылы Қытайға келіп төмен дәрежелі әскери қызметке орналасады.
Осы барыста ол Чан Кайшидің (Jiang Jiesһі) құзырына кіріп, оның ықпалын пайдаланып жоғарыға өрмелеудің орайын қарастырса да діттеген мақсатына жете алмайды. Сонымен 1930 жылы күзде алыстағы Синьцзянға келіп, билікке жетудің орайлы сәтін күтеді [94,1-2].
Ол кезде Синьцзянның билік басында Цзинь Шужэнь атты ірі феодал отырған еді. Шэн Шицай алдымен ол басқарған дубань (губернатор) мекемесінің полковник дәрежелі штаб бастығы қызметін өтейді. Содан кейін Цзинь шаңырағының сеніміне ие болғандықтан, қосымша офицерлер мектебінің тактикалық инструкторлығына тағайындалады. 1931 жылы Шығыс Синьцзяндағы Құмыл аймағындағы Цзинь үкіметіне қарсы ұйғыр, қазақ шаруаларының көтерілісі туылған кезде Цзинь Шужэнь екі полк әскерді Шэн Шицайға табыстап, оны «Шығыс линияның» бас командирі етіп тағайындап, өте зор сеніммен Қожанияз көтерілісін жаныштауға жібереді. Ол Құмыл өңірінде көтерілісшілермен соғыса жүріп өзінің әскери күш-қуатын еселеп арттырумен болады. Нәтижесінде 1933 жылы 12 көкекте саяси өзгеріс қозғап, Цзинь Шужэньнің қолынан Синьцзянның әскери әкімшілік билігін тартып алады.
Шэн Шицай билік басына шығысымен өз қарсыластарының әптігін басып, Синьцзянның аласапыран жағдайын тыныштандыру, әрі өз үстемдігін бекемдеп, халықтың сеніміне ие болу үшін қолынан келген барлық айла-шарғыларын іске салды. Сол жолда ол Қытай және Кеңес Одағы компартияларымен істестік жасауға да дайын тұрды. Оның бұл пиғылын қуана қарсы алған Қытай коммунистері 1933 жылдың екінші жартысынан бастап өз өкілдерін Синьцзянға жібере бастады. Ол коммунистер Шэн Шицайдың дубань мекемесінің қызметтеріне де араласып отырды. Қытай коммунистері мен Кеңес Одағынан келген ақылшыларының арқасында ол көп өтпей өзінің «Алты ірі саясатын» жариялады. Бұл «Алты ірі саясат»: Империализмге қарсы тұру, Кеңес Одағымен достасу, ұлттар теңдігін жүзеге асыру, үкімет ісінде пәк (адал) болу, бейбітшілікті қорғау, Синьцзянды көркейту – дегендер еді. Мұның бәрі де Шэн Шицайдың халық көңіліне жағу үшін уақыттық істеген іс-шаралары болатын. Бұл саясаттардың жасалуы және атқарылуы өз кезінде Синьцзяндағы әр ұлт халқының діттеген жерінен шықты. «Жаңа үкімет құрылғасын ел іргесі тынышталып, өндіріс қалпына келіп, халық тұрмысы оңалды, ұлттар қатынасы жақсара бастады» [73, 581-582]. Осы мезгілде Үрімжіде «Өлкелік қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы» құрылады. Сондай-ақ Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында 79 қазақ мектебі ашылып, ондағы оқушылардың саны 6200-ге жетеді. 1934 жылдан бастап Тарбағатайда, 1935 жылдан бастап Алтай мен Іледе, 1936 жылдан бастап Үрімжіде қазақ тілінде газет-журналдар шығады [73, 583]. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай еді.
Бірақ Шэн Шицай шегінен шыққан әккі, саяси қара ниетін ішіне бүккен «қаны сұйық қаскүнем» еді. Барлық билікті өз қолына алғаннан кейін ол өзінің талай жылғы мұрат-мақсаттарын жүзеге асыруға бірден кірісіп кетті. Сол жолда ол қол астындағылардан, халықтан өлердей сақтанды, әрі тәсіл талғамастан тыңшылық, шпиондық торларын кең жайып, халық арасында қорқыту, үрейлендіру, тұтқындау, қырғындау әрекеттерімен шұғылданды. Екінші сөзбен айтқанда, бұл оның жатса да, тұрса да ойлайтын басты жұмысына айналды. Сөйтіп ол билікке қолы жеткесін көп өтпей 1934 жылдың қазан айында Үрімжіде Синьцзян амандық қорғау бас меңгермесін құрды, іле-шала Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында оның бөлімше мекемелерін құрды. Бірсыпыра аудандарда тағы да амандық қорғау аппараттары құрылды. 1936 жылы мамыр айында Синьцзян амандық қорғау бас меңгермесін Синьцзян қоғам хауіпсіздік басқармасы деп өзгертіп құрып, оның бөлімше мекемелерін Синьцзян көлеміндегі барлық аудандарға дейін кеңейтті. Барлық дайындықтар біткеннен кейін, яғни 1937 жылдың қазан айынан бастап Шэн Шицай құрған қоғам хауіпсіздік мекемелерінің сақшы-шпиондары жер-жерден адам ұстай бастады. Онда да алдымен әр ұлттың бетке ұстар адамдарына ауыз салды. Бұл ретте ол Кеңес Одағында жүргізіліп отырған «асыра сілтеу» мен «қуғындау» шараларын айнытпай қабылдады. Сөйтіп қазақ, ұйғыр, қырғыз тектес Синьцзянның түпкілікті тұрғындарының жұрт беделділерінен неше мыңдаған адамды «Жапон империалистерінің агенті» деген атпен жаппай тұтқындап, түрмелерге отырғызды. Оларға қылмысын мойындату үшін түрлі тән жазаларын қолданды, көбін дағарға салып тірідей көмді. Бұл жағынан оның жазалау шаралары фашистік деңгейге жетті [112, 872].
Шэн Шицайдың саяси өміріндегі мұндай бұрылыстардың не себептен болғандығын айта келіп, Бұрхан Шаһиди былай дейді: «Шэн Шицайдың адам тұтқындауы оның билгінің әлі де бекемделе қоймағанының белгісі еді. Ол өзіне жау күштерді әкімшілік әдіспен тойтаруға амалсыз қалғандықтан (дәрменсіз болғандықтан – Т.З.), өзіндік дара билік үстемдігін шпиондық тәсілдерге сүйене отырып нығайтпақ болды. Милитаристердің бәрі де солай істеген. Шэн Шицай да одан оқшау қалған жоқ. Шэн Шицайдың өркениетті болып көрінуі оның әккілігінің бір бейнесі. Ол шарасыздықтан ғана Кеңес Одағына, коммунистік партияға жақсы көрінгісі келді. Алғашқы кездерде оның орны тұрақсыз болып, қанат-құйрығы жетілмегендіктен Кеңес Одағын және Кеңес Одағы жіберген бірнеше компартия мүшелерін алдап-арбап өз жағына тарту және олардың жәрдеміне сүйеніп өзін көтермелеу арқылы халық райын баурап алу ниетінде болды» [106, 573]. Өйткені ол кезде Синьцзянды мекендеуші қазақ, ұйғыр тектес халықтардың ішкі Қытаймен болған қарым-қатынасы, көрші Кеңес Одағына қарағанда оншалықты тығыз емес еді. Бұған Шығыс Түркістан деп аталатын баяғы тарихи-жағрапиялық аймақтың тұрғындарының Кеңес Одағының Орта Азия аймағында жасаушы түркі тектес ұлықтармен белгілі геоэтникалық және тарихи тамырластығының болуы тікелей әсер етіп отырды.
Сондықтан Шэн Шицай билік басына келісімен Қытай коммунистерінің Синьцзянға келуіне шек қоймағанымен, Бұрхан Шаһидидің сөзімен айтқанда, Қытай компартиясының Синьцзяндағы ықпалының күннен күнге күшейуін және коммунистік төңкеріс ауқымының қалыптасуын қаламайтын. Сондықтан ол шпиондық топтарды арт-артынан жасақтап, компартия мүшелерінің іс-әрекетін жасырын күзетіп отырды. Енді бір жақтан ол Синьцзянның өз алдына дербес елге айналуына да түбегейлі қарсы еді. Өйткені дербестік жағдайында биліктің жан саны жағынан қытайлардан әлденеше есе көп Синьцзяндағы тұрғын халықтың қолына өтіп кетуі әбден мүмкін еді. Сондықтан ол милитаристік жүйедегі Қытай мемлекетінің құрамындағы вассал өлкенің билеушісі болып қала беруді қалайтын. Ал оның Қытай және Кеңес Одағы коммунистерімен уақыттық жақындасуы айналадағы елдерде коммунистік идеологияның ықпалы бірте-бірте қалыптасып келе жатқан жаңаша жағдайда, «әлде қалай заман болады» деген сақтықпен таразының екі басын тең ұстамақ болған айлакерлігінің бір көрінісі еді. Сөйтіп ол алда-жалда коммунистік күштер Синьцзянға тікелей әсерін тигізіп жатқан жағдайда олардың алдында да беті жарық болуы үшін өзіне белгілі кеңістік қалдырып қойған еді. Қазақ, ұйғыр тектес тұрғын халықтың сорпа бетіне шығар азаматтарын жаппай тұтқындай бастауы да олардың өзге қарсы күштермен астасып, өз билігіне қатер төндіруінен алаңдағандығынан болса, енді бір жағынан сол күштердің Синьцзянды Қытай құзырынан бөлектеп әкетуіне күшті тосқауыл қою үшін еді.
Мұның алдында, яғни 1933 жылы қарашаның 12 күні Цзинь Шужэнь үкіметіне қарсы топтар Қашғарда бас қосып «Шығыс Түркістан ислам республикалық үкіметін» құрып, оның президенттігіне 1931 жылы басталған Құмыл көтерілісінің жетекшісі Қожанияз қажыны тағайындаған еді [115, 23]. Бірақ Қожанияз бұл мемлекетті басқаруға құлықты бола қоймайды. Сондай жағдайда да «1933 жылдың көктеміне дейін ұлт-азаттық қозғалысының негізгі һәм жетекші күшінен саналатын ұйғырлар мен өзге де ұлт көтерлісшілері (қазақтар, моңғолдар, дүнгендер, қырғыздар) Синьцзян территориясының 90%-тен астамын өз қоластына алды» [21, 109]. Кейін 1937 жылы бұрын Қожаниязбен бірге күрес шебінде болған Тұрпан көтерілісшілерінің жетекшісі, кейінгі кезде Қашқар қаласының бастығы қызметін өтеген Махмұт Мұхит пен Хотанда тұратын 36-шы дүнген дивизиясының атаманы Ма Хушаньдар тіл біріктіріп «Шығыс Түркістан ислам республикасын» құруды қайтадан жоспарлап, Хотан, Қашқар, Ақсу қалаларын басып алып, Шэн Шицай үстемдігіне ауыр қатер төндірді [90, 6-17]. Мұндай жерлік халықтар көтерілісінің соңы көпе-көрнеу ұлттық сепаратизмге барып саятындығын өз көзімен көре отырып, Шэн Шицай ендігәрі ондай жағдайдың болуынан үнемі алаңдайтын, әрі өте сақтанатын. Бұл жолда ол қытай мемлекеті мен ұлтының мұрат-мақсаты мен мүддесі үшін нағыз патриоттық жігер таныта білді.
Шэн Шицай алғашында Кеңес Одағының саяси-экономикалық жәрдеміне ие болып, өз билігін бекемдеп алу үшін Синьцзянды Кеңес Одағының құрамына қосуды екі мәрте өтініш етеді. Бұл кезде Кеңес Одағының да өз ойлаған ойы бар еді. Капиталистік ірі елдер бұрыннан Кеңес Одағының Орта Азия аймағын оның бір әлсіз түйіні ретінде бағалап, қазан төңкерісінен кейін де бұл өңірде біртіндеп өз ықпал күшін қалыптастыруды ойлайтын. Өте-мөте 1931 жылы Құмыл аймағындағы ұйғыр және қазақ шаруаларының көтерілісінен кейін ол елдер Синьцзянның жағдайын жіті қадағалай бастады. «1931 жылы Орталық Азияда Кеңес үстемдігіне қарсы көтеріліс жасаған қырғыз Жаңабек және өзбек Сатыпалды-жан Синьцзянның Қашқар аймағына қашып барып өздерінің қарсылық күрестерін жалғастырды. Сол кезде Англия үкіметі құрлық армия офицері Сидехуаның (қытайша аты—ав.) басшылығымен «қазып-тексеру экспедициясын» жасақтап, Үндістан арқылы Оңтүстік Синьцзянға жіберді. Жапонияның Тяньцзиньде тұратын армиясы да Құмыл оқиғасынан соң жарым жылдан кейін жансыз Да Шэчжунді батысқа жіберді. Жапонияның Кабул, Каир, Берлин тектес қалаларда тұратын дипломатиялық өкілдері Синьцзянға қатысты ақпарларды үнемі қадағалап, топтап отырды, сондай-ақ “пантүркістермен” болған барыс-келістерін жиілетті» [106, 424]. Өйткені сол кезде Берлин, Кабул, Анкара қатарлы қалалар Орта Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінен Кеңес үкіметіне түбегейлі қарсы болып қашып барған саяси босқындар паналайтын жерге айналған-ды. Берлинде шығатын «Ұлттардың жаңа жолы», Токиодан шығатын «Жаңа Жапон хабарлары» атты ақпарат құралдары да Синьцзяндағы аз ұлттарды Қытай мемлекетінің құрамынан шығып, тәуелсіз мемлекет құруға үндеп отырды. Ал Қытайдың ішкі жағдайына келсек, 1930-1935 жылдар аралығында «елдің солтүстік-батыс аймағында өздерін Нанкин үкіметінен тәуелсіз деп есептейтін бірнеше әскери-саяси топтар өмір сүретін. Мысалы, Шаньси өлкесіндегі тәуелсіз генерал Янь Сишань өз қарамағында 60 мың әскер ұстаса, Шэньси өлкесінде 1933 жылдары «жас маршалл» деген атпен әйгілі болған Чжан Сюзлян өз қол астында 150 мыңға дейін әскер ұстады. Мұсылман халықтары көбірек орналасқан Ганьсу, Цинхай және Нинся өлкелерін ағайынды «мұсылман генералдары» Ма Хункуй және Ма Буциндер бірлікте билеп-төстеп тұрды. Ал ұлан-байтақ жері бар Синьцзян өлкесін 1933 жылдан бастап Нанкин үкіметін тек көріністе ғана мойындайтын (лишь номинально признававшим Нанкинское правительство) әскери губернатор Шэн Шицай биледі» [34, 39-40] -делінеді кей деректерде.
Мұның өзі Қытайдың бұл өлкелердегі иелік құқығына ауыр қатер төндіретін. Оның үстіне 1937 жылға келгенде Жапония Кеңес Одағына шығыстан шапқыншылық жасау мақсатында өздері басып алған Манжурияны ғана емес, Монғолияны да стратегиялық база ретінде пайдалануды көздейтін. Сөйтіп, олар Маньчжоу-гомен (Манжу мемлекеті) бір уақытта Жапонияның қорғауындағы «моңғол мемлекетін» қайта құрып шығуды ойластырып жатты. Олар аталмыш мемлекеттің территориясы Моңғол Халық Республикасымен қоса Ішкі монғолияны да өз ішіне қамтуға тиіс деп есептейтін [48, 262]. Ал Чан Кайшидің естелігінде О.Э.Клаббтың сөзін мысалға келтіре отырып, Жапония сол кезде Синьцзянды да Кеңес Одағына шабуыл жасаудың тіректі базасына айналдырмақ болған делінеді [116, 82]. Бұл жағдайлар Кеңес Одағын алаңдатпай тұрмайтын. Дәл осы тұста Синьцзянның әскери-әкімшілік билігін жаңадан өз қолына алған Шэн Шицайдың «Кеңес Одағымен достасу» дейтін арнайы мазмұнды қамтитын «Алты ірі саясаты» Кеңес Одағының назарын бірден өзіне аударды. Кеңес Одағы да Шэн үкіметіне жәрдем беріп, аталған елдердің пантүркістер арқылы Синьцзянда Кеңес Одағына қарсы билік құру жолындағы пиғылдары мен іс-шараларын тосып тастауды ойлайтын. Су Бэйхай мырза атап көрсеткендей, Кеңес Одағының Синьцзянға бағыттаған негізгі саясаты: ең әуелі экономикалық жақтан сауда-саттықты дамыту, өздерінің өнеркәсіп өнімдеріне Синьцзянның ауылшаруашылық өнімдерін, қолөнер бұйымдарын және өнеркәсіп шикізаттарын айырбастап алу. Қазан төңкерісінен соң, Ян Цээнсинь билік құрған кезден бері қарай осылай еді. Саяси жақтан ол мұнда өзіне кіріптар кеңесшіл үкіметтің болуын жақтап, Синьцзянды қақтығыстан аулақ бейбіт зонаға айналдырып, сол арқылы империалистік елдер мен кейбір Кеңес Одағына қарсы күштердің шабуылын аталмыш аймақтың ту сыртынан тосып, Кеңес Одағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл саясат Шэн Шицай билік басына шыққан кезден тартып тіпті де айқындала түсті [112, 921]. 1933 жылы көктемнен бастап Кеңес Одағының «Правда» газеті кей елдердің Синьцзянға қаратқан саясатын шапқыншылық мақсаттағы саясат ретінде айыптаумен болды. Оның үстіне Кеңес Одағының Орта Азия аймағымен шекаралас Синьцзянда түрікшіл, исламшыл бағыттағы бір мемлекеттің өмірге келуі оның ішкі-сыртқы саясаты үшін тіптен тиімсіз еді.
Б.Шаһидидің жазуынша, 1931-1933 жылдары Синьцзянда ислам мемлекетін құру жолында соғыс жүргізген дүнген қолының бастығы Ма Чжунин шындығында да Жапониямен тіл біріктіріп отырған. Егер ол сол кезде Жапонияның қолдауымен Синьцзянды қол астына қаратып алар болса, онда Кеңес Одағының Орта Азия аймағы да қауіп-қатерге ұшырайтын. Сондықтан Кеңес Одағы а дегеннен бұл іске араласпай тұра алмады. Оның үстіне британдық «Ньюс хроникл» басылымы Синьцзяндағы жағдай Кеңес Одағының назарынан сырт қалуда дегенге дейін барған еді. Сөйтіп, Кеңес Одағы Шэн Шицайдың сұрауы бойынша 1933 жылдың соңында ақылшылар тобын жібереді, ал жағдай біршама қиындаған кезде Синьцзянға «Алтай отряды» деп аталатын арнайы әскери құрама жөнелтеді. Бұл туралы Бұрхан Шаһиди: «Кеңес Одағы Қытай әскерінше жасанған екі батальон солдатты Синьцзянға кіргізіп, Шэн Шицай үкіметінің Ма Чжунин бүлігін жаныштауына көмектесті. Шұғыл жағдай сейілгеннен кейін Кеңес Одағы бұл қосындарын дереу шекарадан алып шығып кетті», – дейді [106,418-419]. Ол әскерлер Кеңес Одағына қайтқаннан кейін олардың арасынан құрбан болғандары Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Қалғандарын взвод командирлігіне емтихан қабылдап запасқа шығарады. Сондай-ақ олардың әскери билеттеріне «1) прибыл 11-1932, в1934 г. курсант, ком. отделения 13-го полка НКВД г. Алма-Ата; 2) V1-1934 г. уволен в запас» деген сөздер ғана жазылады және қайда барып келгендері туралы ешкімге айтпауды тапсырады [27,82]. Сол кездерде кейбір елдердің, әсіресе, Жапония сыртқы істер министрі Гуаньтяньның (қытайша аты—ав.) «Синьцзян Кеңестік үлгіге түсіп кетті» деген сөзіне тойтарыс жасау үшін В.М. Молотов 1935 жылы 28 қаңтарда Бүкіл кеңестік V11 кезекті өкілдер құрылтайында сөйлеген сөзінде былай дейді: «Мен Кеңес Одағының Қытайға бағытталған сыртқы саясатын атап айтқым келеді: Кеңес Одағы басқа елдердің территориясын тартып алуды өзінің түпкілікті саясатына сай келмейді деп есептейді. Ол Синьцзянды өз ішіне қамтыған бүкіл Қытай территориясының тәуелсіздігін, тұтастығын және егемендігін қатаң қорғайды» [106, 424-425].
1933 жылы Шэн Шицай Синьцзянды Кеңес Одағына қосу дейтін әккілік талабын алғаш рет ортаға қойған кезде Кеңес Одағының Үрімжіде тұратын бас консулы Георгий Абрамович Апрессиев оның бұл талабын кері қағып, Нанкиндегі Гоминьдан үкіметінің және Англия, АҚШ елдерінің қарсылығынан сақтану үшін Шэн Шицайды «Синьцзянның мәнгі-бақи Қытай құзырында болуына кепілдік етуге» үндеген еді. Бұл ретте Кеңес Одағы Шэн Шицайдың сыртқы жәрдем жөніндегі өтінішіне қалай сипаттама берсе де, Кеңес Одағына жақындасуды желеу етіп, сыртқы жәрдемге ие болу Шэн Шицайдың өз үстемдігін орнықтырудағы кезекті бір айла-шарғысы еді. Ал «империализмге қарсы тұру» ұранын көтеріп, сол арқылы халық райын қолға келтіруі де оның осы мақсаттағы айла-амалы болатын. Бұның алдында Шэн Шицай Кеңес Одағынан өзіне ақылшы тағайындау және қарыз ақша алу сияқты мәселелер Нанкин үкіметінің наразылығын тудыруынан алаңдап, 1934 жылдың соңында бұл туралы Нанкиндегі Гоминьдан үкіметіне телеграмма жолдаған-ды. Бірақ ішкі Қытайдағы Кеңес Одағына, компартияға қарсы майдандағы газет-журналдар мен шетелдік басылымдар бұл туралы естігеннен кейін, «Синьцзян Кеңес Одағы тарапқа өтіп кетті», «Кеңес Одағының адамдары Синьцзяндағы әскери-әкімшілік мекемелерге қаптап кетті», «Синьцзян Кеңес Одағынан көптеп қарыз ақша алды» деп хабарлай бастаған еді. Мұндай жағдайда орталық үкмет Синьцзяндағы Кеңес Одағының ықпалын тежеуге шарасыз еді, сондықтан Синьцзян үкіметінің телеграммасына жолдаған жауап телеграммасында: «…Қарыз ақша алу ісін алдымен телеграмма арқылы Сыртқы істер министрлігіне мәлімдеген жағдайда, Сыртқы істер министрлігі қарыз ақша алу тоқтамының мазмұнымен танысып, сол негізде тексеріп бекіткен болар еді. Бұл туралы өздеріңіз байланыс жүзінде айтпаған екенсіздер. Кеңестік Ресей елшілігінен сұрастырып көрсек, олар да білмейтін болып шықты. Сондықтан қарыз ақша алу ісінен біздің әлі күнге хабарымыз жоқ, бұдан асығып-үсігіп бірдеме деуге келмейді…»,– дейді [106, 551]. Бұдан сол кезде Кеңес Одағы өзінің Синьцзянға берген жәрдемін «Қытайдың орталық үкіметіне берген жәрдем» ретінде көрсетуі тек белгілі мүмкіндіктерге сай айтылған саяси сақтық екендігін байқауға болады.
Жоғарыдағы деректерден Шэн Шицайдың бір жағынан Нанкин үкіметінің көңілін қалдырғысы келмейтіндігін, енді бір жағынан онсыз да өзімен байланыс жасауға құлықты болып отырған Кеңес Одағымен де жан-жақтылы қарым-қатынас жасап, Синьцзяндағы күрделі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарды бәсеңдеткісі келетіндігін байқауға болады. Өйткені ұзақтан бері қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелердің дұрыс шешім таба алу-алмауы Шэн билігінің баянды болу-болмауының негізгі кепілі еді. Бұл жолда ол елдің ішкі бөлігінде өз қолымен құрған шпиондық топтарды да ұдайы іске салып отырды.
1932-1934 жылдардағы Оңтүстік Синьцзяндағы аумалы-төкпелі жағдайды тыныштандырғаннан кейін, көбіне-көп Солтүстік Синьцзянның саяси ауқымына өте сақтықпен қарай бастады. 1938 жылы Алтайда «Қытай мұсылман мемлекетін» құрушылар бар деген күдікпен өлкелік сақшы мекемесіне арнайы тапсырма беріп, дубан мекемесінің «бақылау отрядының» жауаптысы Цзо Сяошаньды Алтайға жасырын түрде жіберді. Бұл ретте ол өлкелік сақшы мекемесі тарапынан «Алтайда үкіметке қарсы тағы да бір жасырын ұйым бар, бұл ұйым Алтайдың 1919 жылдан бұрын Пекинге тіке қарайтын ерекше аймақ болған статусын пайдаланып «Қытай мұсылман мемлекетін» құрмақшы деген мәлімет алады. Дубан мекемесінің «бақылау отрядының» жауаптысы Цзо Сяошань Алтайға барғаннан кейін бір айға жуық тексеру жұмысымен болып, «расында осындай бір ұйымның бар екендігін анықтап», Үрімжіге қайтып барып Шэн Шицайға мәлімет береді. Нәтижесінде 1938 жылы наурыз айының аяқ шенінде Алтай аймақтық оқу-ағарту мекемесінің бастығы және сыртқы істер бөлімінің меңгерушісі, газетхананың бас редакторы Цзю Шуньхуэй, алтын кен мекемесінің бастығы Лю Бинь, аймақтық әкімшілік мекемесінің бөлім бастықтары Фань Чэнюань, Сәлім, Шабдан, Қамбар, Темірғали, Ақмолда, Оников (орыс) тектес бірсыпыра адамдар тұтқындалады. Арада бес ай шамасы өткеннен кейін Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің бас хатшысы Мәнкей Мәмиев те, онымен бірге Өр Алтайдағы қарақас руының тәйжісі Қалел Бітімшіұлы да қолға алынады [85, 7].
Осы қарсаңда Шэн Шицайдың қол астында бірнеше шпиондық ұйымының болғаны белгілі. Оның ішінде өзі тікелей жетекшілік ететін өте құпия, адам саны аз бір ұйым болған. Бұл ұйымды ол таққа отыра салысымен құрған. Ұйымының негізгі міндеті Кеңес Одағынан барған адамдарды бақылау еді. Ол ұйымның негізгі тірегі есептелетін Ван Е-чжи, Ли Болинь тектес кісілер Шэн Шицайдың ең сенімді адамдары болғандықтан, 1944 жылы Шэн Шицай Синьцзяннан кеткенге дейін оның басы-қасында болып, оған өтірік-шыны аралас әр түрлі ақпар беріп отырған [106, 575]. Шпиондық ұйымының тағы бірі 1939 жылы көкекте құрылған «разведка отряды» еді. Бұл отрядқа алғашында Шэн Шицай тактикалық инструктор болып жұмыс істеген офицерлер мектебін тауысқан Ван Юйшуді басшы етті. Олардың тәрбиелеп жетілдірген жансыздарды өте көп болғандықтан тұтас Синьцзян аумағында әрекет жасады. Дубан мекемесі құрған түрме ешқандай заңды айғақтарсыз-ақ көздеген адамдарын қалағанынша қолға алып, сұрақсыз, сотсыз өлтіре беретін.
1937 жылы Шэн Шицай бұрынғы қоғам қауіпсіздік басқармасындағы Кеңес Одағынан келген қызметкерлердің қимыл көлемін шектеп және олардың штатын қысқартып, оны да өзінің шпиондық базасына айналдырып алды. Бүның алдында Шэн Шицай үкіметі Кеңес Одағымен бірлесіп, Қазан төңкерісінен кейін «алаш ордашылар», «пантүркістер» деген қылмысты ат тағылғандықтан Кеңес Одағынан Синьцзянға бас сауғалап қашып өткен адамдарды аластауда айырықша еңбек көрсеткен болатын. 1934-1937 жылдар аралығында Шэн Шицай өлкелік қоғам қауіпсіздік басқармасындағы Кеңес Одағынан келген қазақ кадрларды аластау үшін де оларға «алашордашылар», «Кеңес Одағына қарсы» деген айыптар тағып, қалағанынша қолға алып, қинап, азаптап өлтірді. Мысалы, сол кезде Кеңес Одағынан Синьцзянға барып жұмыс бабымен тұрып қалған қазақ зиялыларынан Райымжан Марсеков, Ғазез Қалпенов, Мырзахмет, Мырзасалық тектес 107 адамды бір түнде қолға алып, Үрімжідегі Саяпыл көлінің бас жағындағы Боғда тауының күнгейіне тірідей көмдірді [4,128]. Бұл оның «алашордашылар» мен «пантүркістерден» барынша үрейленіп, олардан тым сақ болғанын көрсетеді. Бұл туралы А.Һажиев өзінің «Үш аймақ төңкерісінің алды-артындағы Тарбағатай» деген естелігінде былай дейді: «1937 жылы Кеңес Одағының Орта Азия университетіндегі оқуымды аяқтап Отанға оралғаннан кейін, Үрімжідегі өлкелік педучилищеде тәртіп инспекторы және оқытушы болып, саяси-экономика, физика және химия пәндерінен дәріс өтіп жүрдім. Бұл мезгіл (1937) Шэн Шицайдың кереғарлық жолға бет бұрып, компартия мен Кеңес Одағына қарсы тұру мақсатында қоғамдағы ықпалды адамдар мен алғабасар зиялыларды бақылау астына алып, қысым көрсете бастаған кезі-тұғын. Әсіресе Кеңес Одағынан оқып келген зиялылардың мәдени-ағарту саласында қызмет істеуі оны тіптен мазасыздандыратын» [104,1].
Шэн Шицайдың Кеңес Одағынан оқып келгендер мен қызметке келген адамдарды шеттетуі бұл адамдардың арасында «пантүркістердің», «алашордашылардың» және «панисламистердің» болуынан қауіптенгендіктен еді. Ол 1936 жылы 14 шілдеде Гоминьдан орталық үкіметіне жолдаған жеті тармақтан тұратын «Отанды құтқару программасының» үшінші тармағында: «ішкі соғысты тоқтатып, шапқыншылармен және Қытайды бөлшектеу ниетінде болушылармен жеріне жете күресу керек» [76,35], –деген үндеу тастады. Бұл оның коммунистік идеяны барынша жақтап, «Кеңес Одағымен жақындасу» саясатын жолға қойып отырған кезімен тұспа-тұс келеді. Демек, оның «жақындасу саясаты» түптеп келгенде Қытай мемлекетінің тұтастығын сақтау дейтін алғы шартқа сүйенген. Сөйтіп ол өз билігінің алғашқы сатысында Кеңес Одағының жан-жақтылы көмегіне сүйеніп, экономикалық және мәдени салада белгілі даму ауқымын қалыптастырғанымен, саяси жақтан Синьцзяндағы ұлттық қайшылықтарды бір жайлы етуге келгенде дәрменсіз болып шықты. Яғни, ол бұл қайшылықтардың негізі жергілікті ұлттардың өзі деп есептеді әрі оларға ылғида сенбестік танытты. Сол себепті ұйғыр, қазақ тектес жергілікті ұлттар Шэн Шицай бастаған өлкедегі қытай ұлықтары мен олардың аудан-аймақтардағы әскери-әкімшілік аппараттарына өлердей өшікті. Мұндай жағдайда кіші-гірім қайшылықтардың өзі ірі этникалық қақтығысқа ұласып кетуі әбден мүмкін еді.
Бірақ бұл кезде 1933 жылы Оңтүстік Синьцзянда құрылған «Шығыс Түркістан ислам республикасының» сәтсіздіктері халықты қатты толғандыратын. Өйткені ондай қауқарсыз күрестен еш нәтиже шықпасы белгілі еді. Оның үстіне халықты азаттық күрес жолына бастайтын аты-затына сай не бір саяси ұйым, не бір тарихи тұлға әзірге жоқ болатын. Болса да олардың басы бір мақсат, бір мүддеге тоғыса қоймайтын. Әр қайсысы өз-өз алдына күресуді қалайтын. Әрі бұл күрес бастан-аяқ табанды қарсылық деңгейінде де бола қойған жоқ. Оның да өзіндік себептері болды. Атап айтқанда көтеріліс сабында болған халықтың көпшілігі тағы да Шэн Шицайдың түрлі айла-шарғыларына алданып, әлі де болса оған сенім артумен болды.
Шэн Шицай Синьцзяндағы саяси жағдайдың өзі алдын ала ойлағандай күрделі ауқым алып бара жатқандығын бірден түсінді және оған қарсы тұрудың дайындығына көшті. Сондықтан «Қастандық жасап бүлік тудыру» ісі дегенді ойлап тауып, жоғарыда біз айтып өткендей әр ұлттың, әсіресе қазақтың сорпа бетіне шығар игі-жақсыларын, ел ағаларын жаппай тұтқындауға кірісті. Осы арқылы Оңтүстік Синьцзянмен қоса, Солтүстік Синьцзянда да бұрқ ете түсуі мүмкін болған ұлт-азаттық қозғалысының алдын алып тастамақ болды. Оның халықты жасқап, үрейлендіру арқылы тиып тастамақ болған бұл тәсілі бірден өнім бере қойған жоқ. Нәтижесінде халық қайта толқыды. Мұның соңғы зардаптарынан қатты үрейленген Шэн Шицай Жапон империалистеріне қарсы соғысқа көмек беру деген желеумен халық қолындағы қару-жарақты тез арада жинап алуға әрекеттенді.
Осы қарсаңда, яғни 1939 жылы қыркүйекте Шэн Шицай үкіметі өлкелік «Моңғол, қазақ, қырғыз құрылтайын» ашамыз деген желеумен, Синьцзянның жер-жерінен аталған үш ұлттық ең беделді 280 адамын Үрімжіге алдап шақырып алды. Тек Алтай аймағының өзінен 40 адам Үрімжіге шақыртылып көп уақыт бойы «мырза қамауда» отырды [85, 11]. Бұлардың арасында аймақтық әкімшілік мекемесінің бастығы, ағартушы Шәріпхан Көгедеев, Әлең уаң, Әбілмәжін гүң, Бұхат бейсі, Сағдолла бейсі, Табын бейсі (моңғол), Қабыл тәйжі, Оспан тәйжі, Дәлелхан тәйжі, Жанымхан тәйжі, Көкенай тәйжі сияқты адамдар бар еді. Көп өтпей олардың бір талайы қолға алынды. Бұдан соң «1939 жылдың қысында Іле қазақтарының ішінен Әуелхан гүң, Мақсұт, Жайырбек, Әлімжан ақалақшыларды (лауазым), меңгерме бастығы Әбеуді, Таңжарық ақынды қолға алып, Үрімжі абақтысына жапты» [32, 23].
«Алтайға қарағанда Іле өте күрделі, көп ұлтты аудан болғандықтан, әр ұлттан шыққан аз санды азғындарды Гоминьдаң үкіметі тәрбиелеп, оларға саяси, экономикалық жақтан ерекше мән беріп, ақша таратып, мәнсапқа отырғызып, құлқындарына тығып астасып алды да, ел ішіндегі үкіметке қарсы сөз-әрекеттердің қылп еткенін сақшыларға жеткізіп тұрды. Сөйтіп, Іленің түрмелері де саяси қылмыскерлермен толды» [32, 23].
Кейіннен Үрімжідегі моңғол, қазақ, қырғыз құрылтайы ашылмай, оның орнына Шэн Шицай бас-аяғы жинақы, шұғыл бір мәжіліс ашты. Мәжілісте оның бұйрығы бойынша Синьцзяндағы қазақ, моңғол ұлттарының қолындағы мылтық, құрал-саймандарды жинастыру жөнінде арнайы комиссия құрылды. Оның бастықтығына Шәріпхан, орынбасарлығына Қобықсары ауданынан келген Шәлбін Кегенді және қашқарлық Абдұқадырды белгіледі. Шэн Шицай аталған үш ұлттың қолындағы құралды тапсыру мерзімін үш ай деп белгілеп, осы мезгілде құрылтайға келген өкілдер Үрімжіде қалып, саяси курста тәрбиеленеді деді. Сондай-ақ өкілдерден өздері келген жерлерге қарата мынандай мазмұнда хат жазуды талап етті: «Біз Үрімжіге келгеннен кейін мәжіліс ашып, мылтық жинау комиссиясын құрдық. Жұрт қолындағы қару-жарақты жинау уақыты үш ай. Біз осы уақыт ішінде саяси курста оқимыз. Сондықтан қолда бар мылтық және басқа да суық қаруларды шартсыз тапсырып беріңіздер». Соған қоса Шэн Шицай әр қайсы орындарда мылтық жинау комиссиясының бөлімшелерін құруға бұйрық берді [97,47].
Тарихи деректерге сүйенсек, бұл кезде Синьцзяндағы қазақ, қырғыз, моңғол тектес жергілікті халықтың қолында аздаған аң құралдарынан сырт, кейбір жүйрік құралдар да бар еді. Малшылар қарумен қасқыр атып, аң терілерін саудагерлерге сататын. 1940 жылдан бұрын Синьцзянның солтүстігінде қоңыр аң өте көп болған. Чиновниктер оларды қорғағанды былай қойып, бұғы мүйізі тектес қымбат заттарды малшылардан арзан бағаға алдап, әрі күштеп алып кететін. Демек, сол кезде Шэн үкіметінің қазақтардан күмәндануы да тегін емес еді. Өйткені қолында қаруы, астында аты бар, бір жерден бір жерге жөткеліп жүріп соғысуға көш көлігі – түйесі дайын, ежелден көшпелі, жаугершілікті көп көрген халық бәріне де шыдас бере алатын. Ал малшылардың қолына қару-жарақтың келу жолдары былай болған:
1.Іле, Алтай, Тарбағатай, Боратала қатарлы жерлердегі малшылар мал қорғау, аң аулау, сол арқылы күн көрістерін жақсарту үшін бұрынырақта өздіктерінен Ресей саудагерлерінен құрал сатып алған. Ол кездің құралдары негізінен маусман, бердеңке, қосауыз тектес аң құралдары ғана болатын.
2.Орыстар 1871-1881 жылдары Ілені басып алған кезде олар жергілікті шаруаларға (малшыларға) аздап құрал сатып беріп, бұғы, қабылан, бұлғын, ұлар тектес қымбат хайуанаттарды аулатып, өздерінің қажетін ақтап отырған. Сол кезде бір бұғы мүйізі бір бесатар мылтыққа айырбасталған. Бір бердеңке 100 тал оғымен бір ат, немесе 5 қасқыр терісіне, немесе 10 түлкі терісіне бағаланған.
3.1916 жылы албан руы Ресейдің әскерге шақыру бұйрығына қарысы тұрып, көтеріліс жасап Ілеге өтеді. Сол албандардан шыққан Жақыпберді тектес жау жүрек азаматтар Ресей әскерлерімен соғысып, олардың қолынан бір талай жеңіл құралдарды олжалап Қытайға өтеді.
4.Қазан төңкерісі кезінде Кеңес қызыл армиясынан жеңіліп Алтай, Іле өңірлеріне қашып келген ақ армия офицерлері мен солдаттары жан бағу үшін қолындағы құралдарын сондағы малшыларға сатады, немесе малға айырбастайды [31,17-18].
Шэн Шицайдың құрал жинау туралы бұйрығы жарияланысымен, аудан, аймақтарда үлкен науқан басталып та кетті. Сол кезде Шэн Шицай Алтай қазақтарынан мылтық жинауға өзінің қайын атасы Цю Цзунцзюньды (Qiw Zongjin) жібереді [112, 870]. Мұның өзі Шэн Шицайдың мұндағы қазақ шаруаларының көтерілуінен өте алаңдайтындығын және оған ерекше маңыз беретіндігін көрсетсе керек. Цю Алтайға барысымен аймақ көлеміндегі қазақ, моңғол жұртшылығының игі-жақсыларын аймақ орталығы Сарсүмбе (қазіргі Алтай) қаласына жинап мәжіліс ашады. Мәжілісте: халық қолында қыруар құрал-жабдық бар, оны түрлі себептермен жасырып қалуға болмайды. Өздеріңе қарасты елдегі қару-жарақтың бәрін түгелімен жинап әкеліп үкіметке өткізіңдер деп қысым көрсетті. Қ.Уәлиевтің жазуынша бұдан бір жыл бұрын, яғни 1938 жылы халық қолындағы қару-жарақтар негізінен жинап алынған тұғын [97, 49]. Бұл туралы Қытай ғалымы Су Бэйхай: «шындығында, мұнан бұрын, 1938 жылы Алтай аймағындағы қазақ, моңғол шаруаларының қолындағы қару-жарақ әлде қашан жинап алынған еді. Ал қалған бірен-саран құрал өте аз санды адамдардың ғана қолында болатын» [112, 870]-деп жазады.
1939 жылы қараша айының соңына дейін халық осы қалған қару-жарақты түгелдей тапсырып берген болса да, Шэн Шицай үкіметі халық бұқарасының мұндай елпектігіне, адалдығына сенбеді. Керісінше, талай-талай қару-жарақ жасырылып, тапсырылмай қалды деп қарады. Сол жылы желтоқсанның басында бүкіл аймақтағы қалған ел бастықтары мен жұрт беделділерінен 400-ден аса адамды Сарсүмбеге жиып алып, шекті уақыт ішінде (жаңа жылға дейін) ел қолындағы «жасырып қойылған» қару-жарақты өздерінің келіп тапсыруына бұйырды. Бірақ олар жоқ мылтықты қайдан тапсын. (Алтай аймағына қарасты) Төменгі бес ауданның – Сарсүмбе, Буыршын, Қаба, Жеменей, Бурылтоғай аудандарының ел бастықтары құр алақан болса да, уәделі күнге үлгеріп Сарсүмбеге қайтып келді. Оларды «үйренуге» қатынасасыңдар деп тоқтатып қойды [85,14-15]. Қалыптасқан жағдайдан құлағдар болған Өр Алтайдағы Шіңгіл және Көктоғай аудандарының ел бастықтары «барсақ біздің де көрер күніміз солардай болмақ» деп бармай қалды. Осы кезде сақшы жағы жиынға бармай қалған Баянбай, Байқадам, Сақсабай, Бөкейхан, Дөнен, Жақыпбай сияқты адамдарды қолға алды. Бүкіл Алтай халқы арасында өте ықпалды екі бірдей діни қайраткерлердің бірі 71 жастағы Ақыт Үлімжіұлын да 1939 жылы желтоқсан айында 29 жастағы ұлы Қалманқазымен қоса қолға алды.
Ақыт қажы ағартушы, ақын әрі діни қайраткер ретінде Алтай және Моңғолия қазақтарына бірдей әйгілі, өз заманының бетке ұстар зиялы азаматы әрі ел ардақтысы еді. Ол 1867 (1869?) жылы туған. Алғашында Көктоғай ауданының Сарбұлақ деген жерінде медресе ашып, мешіт салғызды. Бұл оның 1902-1904 жылдары Бұқара медресесін тауысып, туған ауылына оралғаннан кейінгі ағартушылық жұмысының алғашқы бастамасы еді. 1891-1909 жылдар аралығында оның «Абақ керей», «Батыр Жәнібек», «Жиһанша» тектес жеті бірдей кітабы Қазан баспасынан басылып тарады. 1908 жылы Меккеге қажылай барып, араб елдерінде бір жарым жылдай тұрып, араб мәдениетімен, әдебиетімен жақыннан танысты. Бұдан кейін ол халықты өнер-білімге, еңбек сүйгіштікке, имандылыққа баулитын көптеген өлеңдер жазды.
Ақыттың қолға алынған күні жұма күні болғандықтан оны ұстауға келген әскерлер алдымен жұма намазына жиналған 300-дей кісіні мешітке қамап алады. Осы жамағаттың арасында Ақытпен құрдас Иманбай деген қария болған. Ол кейінгі кезде Өр Алтайдағы көтерілістің жетекшісі болған атақты Есімхан батырдың әкесі еді. Тарихи әдебиеттерде жазылғанындай, «Ақыттың ұсталарын білген Иманбай мешіттегі адамдарды «Алла дейік, жамағат!» деп Ақытты қорғап қалуға ұмтылып, орнынан ұшып тұрады. Көпшілік те дүр етіп орындарынан тұрысады, осы кезде Нұрпейіс деген ақсақал: «Көпшілік, қолымызда темірдің сынығы да жоқ, ақ қар көк мұзда бір кісі үшін қырыламыз ба», – деп айқайлайды. Бұрын бүлік көрмеген ел сынапша толқып барып тағы тойтарылып қалады. Сонымен түс ауа Ақытты ұстап, шанаға басып, Шәкүртіден Өндірқараға қарай алып кетеді. Мешітке қамалған жамағаттан манағы Иманбай шал ғана атына мініп Өндірқарадағы баласы Есімханға және өзінің сөзі өтетін адамдарға хабарлайды. Ақытты алып қалу үшін түнімен қамданады. Осы кезде үкіметтің ел ішіндегі жансыздары Есімханға еріп Ақытты құтқармақ болған 60 адамды «бүлік тудырғалы жатыр» деп мәлімдейді. Ақыт ұсталып 10 күннен соң Керім деген ұйғыр және Юра деген қытай (орыстан әйел алғандықтан солай аталған, қытайша аты Чжу Шаньчжэн) сақшылар келіп, Ақыттың 800-ден астам кітабын, «Құранын» және жазба өлеңдер жинағын тәркілеп, 3 түйеге артып алып кетеді. Мұның артынан Есімхан бастаған «бүлік тудыруды жоспарлаушылар да қолға алыну қаупіне ұшырайды» [6,73-74].
Шэн Шицайдың террорлық саясаты аз ұлттарға, соның ішінде тікелей қазақтарға бағытталғандықтан, оның үстіне ол қазақтарға басқа ұлттарды қайрап салып, олардың діни және азаматтық бостандықтарына көпе-көрнеу қол сұққандықтан, әрі ұлттық ғұрып-әдеттер аяқасты етілгендіктен Шэн Шицайдың қазақтарға бағытталған саясаты ашықтан-ашық ірі державалық ұлттық езгі сипатында көрініс тапты (великодержавный национальный гнет) [51,269].
Бұл түйінді Қытайда жасаушы қазақ зиялылары да ашық айта бастады. Мысалы, сол бір тарихи дәуірді өз көзімен көрген, кейінгі үш аймақ төңкерісінің офицерлері қатарында болған Қожай Доқасұлы өз естелігінде Шэн Шицайдың жауыздықтарын айта келіп: «Синьцзяндағы әр ұлт халқының ішіндегі беделді, алға басар адамдар қолға алынды … Ұлттық езгі, ұлттық қорлау, кемсіту ерапайсыз болып, ұлттық қайшылық шиеленісе түсті. Шэн Шицай үкіметінің мансаптылары әр ұлт халқының мойнына мінді. Парақор, қиянатшы, жемеңгер чиновниктер халық көзіне иттің етінен де жек көрінішті болды. Ұлттық әдет-ғұрып аяқ асты етіліп, мұсылман дініндегі ұлттардың қарсылығын қозғады»[31,12]-дейді.
Оған дәлел Шэн Шицайдың өлкеде жасаушы қытай жұртшылығына емес, ең алдымен қазақ, моңғол, қырғыз тектес жергілікті халықтарға ауыз салуы. Мұның өзі күрестің ұлтаралық сыйпатын айқындай түсті. Бұл туралы Мұқаш Жәкеұлы былай дейді: «Шэн Шицай моңғол, қазақ, қырғыз ұлттарының арасындағы көзі ашық интеллигенттерін құртып жіберуді мақсат етіп, аталған үш ұлттың өкілдер құрылтайын ашу деген қаскүнемдікті ойлап тапты. Ол бұл жайлы тоқталып, аталмыш үш ұлт көшпелі халық болғандықтан, өзге ұлттардан көп артта қалды. Бұған менің іші-бауырым елжірейді. Сондықтан олардың мәдени дамуына жан-жақты қол ұшын беріп, шаруашылығын көркейту мақсатында арнайы құрылтай ашып, түрлі мәселелерді талқыға салуды жөн деп таптым деген еді» [37, 85]. Бірақ бұл құрылтайдың мақсаты – аз ұлттардың (қазақ, моңғол және қырғыз) мәдениеті мен әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін емес, қайта бұл халықтардың зиялы азаматтары мен ел ағаларының өлтіргенін өлтіріп, тұтқындағанын тұтқындап, сол арқылы былайғы халықты мәңгі бақи айтқанына көніп, айдағанына жүретін ету еді. Сондықтан ол саяси тұтқындар мен жәй халыққа алдап-арбау мен қорқыту, бопсалау сынды әр алуан тәсілді алма-кезек қолданып, жалғаннан факт-дәлелдер жинап, өзінің жерлік ұлттарға қаратқан әлгіндей қаскүнемдіктерін жүзеге асырудың алғы шарттарын дайындады. Сөйтіп ол қазақ, моңғол, қырғыз құрылтайына қатысушы өкілдерді бір-бірден сұраққа тартып, қатаң бақылау астына алды. Шэн Шицайдың мұндай зорлық-зомбылығын өз басынан кешірген, әрі қазақ, моңғол, қырғыз құрылтайына Алтай өкілдерінің қатарында бірге қатысқан Мұқаш Жәкеұлы көзімен көрген жайларды былай баяндайды: «… Сөйтіп соңғы күндері әр бір өкілдің өзі ес білген кезден тартып туған ауылында кімнің қолында қандай мылтық болғандығы, кейін оны иесінің не қылғандығы жайлы сұрауларға жауап беруі, оны жазбаша түрде тапсыруы, әрі өзі жаза алмаса, басқаларға айтып беріп жаздыруы тапсырылды. Бұл мәселелерді қайта-қайта жазып, үсті-үстіне айта бергендіктен өкілдердің басы айналып кетті. «Үйрену» күн сайын күшейгендіктен, кеше сөйлеген сөздері бүгінгісіне ұқсамай қалғандар хатшылар басқармасында істейтіндердің қинап сұраққа тартуына ұшырап, одан сайын жаңылып не істеп, не қыларын білмей қалды. Кейбіреулер ақылынан адасып, өздерінің не айтып, не қойғандарын білмей мәңгіре бастады. Басында айтылған «екі ай үйрену» деген сөз жайына қалып, уақыт ұзара берді. Тергеуші, бақылаушылар барған сайын көбейіп, олар өкілдердің аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, естеліктеріне жазып алып отырды. Олардың бәрі арнайы тапсырмалармен жүрген жансыздар еді. Уақыт ұзарған сайын өкілдерді тергеу, қинау әдеттегі үйреншікті іске айналды. Мұндай қысымға төзе алмаған кейбір адамдар жынданып кетті. Мысалы: Намжа-уаң Кеген деген моңғол жынданып кеткендіктен ауруханаға жөнелтілді. Оның кейінгі жағдайының не болғанын білмедік. Сол кеткеннен мол кетті. Тарбағатайдан келген Қанапия деген қазақ азамат қан құсып жатып, бірнеше сағат ішінде о дүниеге аттанды. Құрал жинау комитетінің орынбасары Шәлбін Кеген ес-түсінен айырылып, жынданып кеткендіктен Моңғол мәдени ағарту ұйымына тапсырылып берілді. Ол онда екі күн жатып өлді» [37,91-92].
Шэн Шицайдың Синьцзяндағы тұрғылықты ұлттарға жасаған зұлымдығын және соның салдарынан қазақ шаруаларының өте қиын күндерді басынан кешуге мәжбүр болғандығын Ғ.Ақытұлы өз еңбегінде былай баяндайды: «Кейінгі кезде Шэн Шицай тұрғылықты ұлттардың көзі ашық азаматтарын жазықсыз тұтқындап, нендей бір «Жапон империализмінің құйыршығы» деген сылтаумен ат қойып, айдар тағып, оларға жалған іс тұрғызды. Ол кезде тұрғылықты халық тіпті Жапон империализмінің не екенін де білмеуші еді … Құрал жоқ деген адам жазалы болып қолға алынды. Сондықтан, бұл таңертең бар адамның кешкі өміріне, кешқұрым бар адамның ертеңгі өміріне көзі жетпейтін, бір кесе суды да күрсінусіз іше алмайтын, дүбір шықса үрейі ұшатын, жан біткеннің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұратын мүшкіл кез еді. Мұның арты жанар таудай атылғалы тұрған Көктоғай қозғалысына жүкті болатын. Демек, дәл осы кезде Шэн Шицайдың террорлық саясатына қарсы шаруалар көтерілісінің толғағы пісіп жетілген болатын» [6,72].
Шын мәнінде бұл фактілер алда болғалы тұрған төңкерістің ұлттық сипатын тіптен айқындап берді. Оның үстіне қазақтар қоныстанған өңірлердің шаруашылық жағдайының күрт төмендеп, алым-салықтардың ауырлай түсуі, халықтың біраз бөлігінің шет жұрттарға ауа көшуі 1935-1940 жылдардағы Синьцзяндағы саяси дағдарысты онан сайын асқындырып жіберді.
Достарыңызбен бөлісу: |