Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


§3 Екі түрлі саяси ағым және ұлт-азаттық күрестің соңғы нәтижесі



бет8/19
Дата25.02.2016
өлшемі1.8 Mb.
#19925
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19
§3 Екі түрлі саяси ағым және ұлт-азаттық күрестің соңғы нәтижесі
1945 жылдың соңында Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары және оған қоса Жың, Шиху өңірлері азат болғаннан кейін, аталмыш өңірлерде тыныштық орнап, халық бейбіт жағдайда өмір сүре бастады. Алайда қыркүйек айынан бастап ШТР-ның уақыттық үкіметі мен гоминьдан арасында бейбіт келіссөздердің басталуына орай жұрт көңілі қайтадан толқи бастады. Халық өздері бастаған ұлт-азаттық қозғалысының атсыз-аяқсыз әрі ымырашылдықпен аяқталуына алаңдады. Мұндай толқу армия арасында да болды. Кеңес Одағы жіберген әскери офицерлер мен құралды адамдардың өз елдеріне қайтып кетуі әскерлердің рухани көңіл-күйін де зор өзгерістер тудырды. Ұлт-азаттық күрестің басшылық сапында да қалыптасқан жағдайға байланысты түрлі идеялық ағымдар, саяси топтар ашық бой көрсете бастады.

Атап айтқанда бұл кезде ШТР уақыттық үкіметінің басшылық құрамында Әлихан төре, Оспан Батыр тектес кіслерді негіз еткен ШТР-сын коммунистік идеологиядан аулақ, мүлдем тәуелсіз ел ретінде құрып шығуды жақтайтын исламшыл, түрікшіл бағыт ұстанған ымырасыз топ пен Ахметжан Қасыми, Әбдікерім Аббасов, Дәлелхан Сүгірбаев, Ысқақбек Мононов өкілдік еткен Кеңес Одағы мен Қытай компартияларының ықпалын қабылдаған, Синьцзянда Моңғолия тектес тәуелсіз социалистік ел құруды армандайтын, бірақ түптеп келгенде Кеңес Одағының пікірінен, ел ішіндегі саяси ауқымнан бөлектене алмайтын, ымырашылдар арасында кескін идеялық күрес басталды.



Өйткені бұл кезде төңкеріс сапындағылардың ұлттық сана-сезімі, тарихи танымы, алған тәлім-тәрбиесі әр алуан еді. Нәтижесінде ұлт-азаттық қозғалыстың жетекші идеясы, бағдарламасы, мақсаты, ішкі-сыртқы күштермен байланысы секілді түйінді мәселелерде екі түрлі саяси қуаттама, екі түрлі бағыт, екі түрлі тәсіл қалыптасты. Бұл парықтардың қалыптасуында ең әуелі Әлихан төре бастаған ұлтшыл, исламшыл бағыттың ықпалы басым болды.

Әлихан төре ШТР-сы уақыттық үкіметінің төрағасы болғаннан кейін, бұл үкіметті «Құранды» негіз еткен «Шығыс Түркістан дербес ислам республикасы мемлекетін құру» жолында қызмет істейтін діни үкіметке айналдыруға күш салды. Сол мақсатта ол ең алдымен үкімет мүшелерінің қатарына А.Қасыми «12 ағайын» деп атап сындаған «Азаттық» ұйымы мүшелерінің сеніміне ие адамдарды тартты. Бұлар уақыттық үкіметтің бас хатшысы А.Мақсұм, жоғары сот бастығы М.Мақсұм, Әскери істер мекемесінің орынбасары З.Тайпов, ішкі істер министрі Р.Сабырхажиев, үгіт басқармасының бастығы А.Аббасов, әскери тора (әскерге шақыру бөлімі) бастығы Нұрдынбек, жер-су, диханшылық министрі С.Жанбай, денсаулық сақтау министрі Мондынбек, мемлекет бақылаушысы Ж.Иолдашев қатарлылар еді. Бұлардың сыртында, үлкен діни сенімдегілерден Уақыттық үкімет дін істері мекемесінің бастығы Абдулмүтауали Халпем хазіретті, шариғат істері жөніндегі мекеме бастығы З.Мүйтиді, оқу-ағарту министрі С.Дамолла қатарлыларды атауға болады [2, № 30.08.1945]. Әлихан төре тағы да оқу-ағарту жұмысында бұдан былай діни оқуды қатар жолға қоюды ұйғарды. «Үкімет туын ай-жұлдызды жасыл ту», діни туды «ай-жұлдызды ақ ту» етіп жасатып, екеуін бірдей орынға қойды. Үкімет мөрінен тартып әр түрлі орден, медальдардың барлығында ислам дінінің символдық белгісі есептелетін «ай-жұлдыз» формасын қолданды. Оның бұл іс-әрекеттері ұлт-азаттық төңкерісінің басшылық сапындағы кеңестік коммунистік иделогиямен суарылған адамдардың қолайына жақпайтын. Олар мұны әсіре діншілдік, ұлттық экстремистік ретінде айыптады. Ал Әлихан төре болса Шығыс Түркістан – осында жасап келген түркі, мұсылман халықтарының мекені, сондықтан соңғы есепте ұлт-азаттық қозғалысының жеңісі олардың пайдасына шешілуі керек деп есептеді. Ол «ұлттар өктем (хакім) ұлт, өктемдік астындағы (махұм) ұлт деп екіге бөлінеді», «дін қарындс, қан қарындас, Отандастар!», «Біз … адамдық құқықтан жұрдай, өз жаймызға ғарып болған, үстімізде мәдениет-ағартудан артта қалған бір ұлт өктемдік етіп, біз өктемдік астында құл болған ұлт - халық» [2, 04.06.1946], «Дініміз – ислам, ұлтымыз – түрік», «Отанымыз – Шығыс Түркістан», «Отанды сүйемін», «Шығыс Түркістан ең әуелі біз жерлік халықтардың Отаны», «Осы Отанымыз үстінде ата-бабаларымыз дербес, еркін жасап келген еді. Кейінгі кезде Қытай миллитарист әкімияты зорлықпен Отанымыз Шығыс Түркістанға орнығып алды. Сонан бермен қарай біз – Шығыс Түркістан халқы өктемдік астында, саяси, экономикалық, әлеуметтік құқықтан жұрдай болдық» [95, 03.06.1946]-деп өз ойларын ашық та, батыл айтатын. Ол «Шығыс Түркістанның дербестігі мен бостандығы үшін күресу» дегенді ұлт-азаттық төңкерісінің жетекші идеясы һәм саяси ұранына, «Шығыс Түркістанда шынайы азат, дербес мемлекет құру» дегенді төңкерістің ең соңғы мақсатына айналдырды. Мұны үкіметтің декларациясына жазып жариялап, ресми заңды, саяси программаға айналдырды. Сондықтан 1945 жылы 5 қаңтарда жарияланған «Шығыс Түркістан республикасының декларациясының» 1-тармағына «Шығыс Түркістан территориясындағы Қытайдың отаршылдық үстемдігін түп-тамырымен жою», 2- тармағында «Шығыс Түркістан территорсындағы әр ұлт халқының тең құқылығын қамтамасыз ете отырып, шынайы азат, дербес республика құру», – деп белгіленді.

Ол «Азат Шығыс Түркістан» газетіне мақалалар жазып Синьцзянның тәуелсіздігі мен бостандық жолындағы күреске шақырды. «Отанды азат ету», «Өлсе- шаһит, қалса- ғазиз» дегенді жауынгерлерді соғысқа жұмылдырудың, жанқиярлық істеудің ұраны етті. Ұлттық армияның эскадрон, дивизиондарында имам, полктерінде молла тағайындатты. Оларды полк, дивизион, эскадрон командирлерінің саяси орынбасарларымен бірдей орынға қоюға үндеді. Соғысқа кірісудің алдында жауынгерлердің жаназасын оқып, қасиетті соғыста, ата-бабаларының әке-шешелерінің, аға-бауыр, туған-туысқандарының, тұтас Шығыс Түркістан халқының арман-мұраты үшін жан аямауға шақырды.

Әлихан төре 1945 жылы қарашада Әбдікерім Аббасов тарапынан құрылған жастар ұйымын «Азаттық ұйымының» концепциясын толықтай жүзеге асыратын «Шығыс Түркістан дербес республикасы мемлекетін» құру жолында күрес жүргізетін саяси күшке айналдыруды негізге ұстап, оларды таптық күрес идеясынан, коммунистік мұрат-мақсаттардан аулақ болуға үндеді, аталмыш ұйымды «Шығыс Түркістан төңкерісшіл жастар ұйымы» деп атауға бұйырды, әрі оның жарғысының 2 тармағынан: «бұл ұйым Шығыс Түркістан топырағында жасайтын барлық жастарды ұйымдастырып, оларды саяси, төңкерістік, діни рух бойынша тәрбиелеп, азаттық төңкерісіміздің күрескерлік міндеттемелерін атқару және Ата мекеніміз Шығыс Түркістанды өркениетті елдер қатарында мәңгі ерікті, дербес болдыру үшін қызмет қылады. Демек, «Азаттық ұйымының» концепциясын толық іске асырады» [90, 144] – деп өзгертті. Сондай-ақ аталмыш жарғының 25 тармағындағы «Сертте»: «Мен өз еркіммен және шын ниетіммен Шығыс Түркістан төңкерісшіл жастар ұйымына мүше болып, осы ұйымның жарғысына қатаң бойсынып, оның барлық қарары мен бұйрықтарын батыл атқарамын. Сонымен бірге үкіметімізді ынта-пейіліммен қорғап, Отан үшін, ұлт үшін, халық үшін, дін үшін әр қандай қиыншылықтардан қорықпай күрес жүргіземін. Егер осы сертіме қайшылық жасасам, ұйымның қандай жазаға болса да тартуына разымын деп ант беремін (қолда «Құран»)», – деп жазылған. Бұл устав 5 тарау, 42 тармақ болып, оның ең соңына «бұл устав саясатымыздың барысына лайықты болғандықтан бекітілді. Үкімет төрағасы Әлихан төре» [90, 144] – деп қол қойылған, әрі ол сол күннен бастап күшіне енген.

Бұдан Әлихан төренің ШТР-дағы түрікшіл, исламшыл бағыттың ту ұстаушысы екендігін айқын аңғаруға болады. Ол күндіз-түні ШТР-ның бір тұтас тәуелсіз ел ретінде қала беруін қалайтын. Осы мақсатта ол үгіт-тәрбие жұмысын жүргізіп, әкімшілік орналастыру жасау үшін 1945 жылы тамыздың 4-6 күндері Тарбағатай аймағында, қыркүйек айының соңында Алтай аймағында болып, Тарбағатай және Алтай аймақтары Шығыс Түркістан Республикасының құрамдас бөлігі деп жариялады. Көшпелі мәжілісте Оспан Исламұлын Алтай аймағының, Башбай Шолақұлын Тарбағатай аймағының уәлилігіне тағайындады. Сондай-ақ, олардың екеуін де ШТР уақыттық үкіметінің бюро мүшелігіне толықтырды. А.Һажиевтің естелігінде Әлихан төре Шәуешекке барған жолы бұрындары Шэн Шицайдың өлкелік үкіметінде кеңесші болған, кейін Кеңес Одағына барып «Абла Рамазанов» деген бүркеніш атпен Шәуешектегі төңкерістік ұйымдарға қолдау білдірген, Тарбағатай азат болған соң, Тарбағатай аймағының орынбасар уәлиі болған Мансұр Розиевпен сөз таластырып қалады. Аттанар алдында Әлихан төре оған: «Есіңізде болсын, мұсылмандар – мұсылмандар үкіметіне қарсы тұрмайды. Біз сіздің Шэн Шицаймен бірлесіп құрған үкіметіңіз сияқты үкімет құрмаймыз, оған алаңдамай-ақ қойыңыз» [104, 48-49], – деп жүріп кетеді. Өйткені Әлихан төре Шәуешекке келе сала түрмеден шығаруға бұйырған 30 неше адамның көбі мұсылмандар еді де, Мансұр Розиев оларды бірден қоя беруге қарсы болған-ды.

Жалпы, Әлихан төре ШТР-дағы саяси ауқымға Кеңес Одағының араласуына қарсы тұрды. Сондықтан ол Кеңес Одағы жіберген, аты-жөнін өзгертіп пайдаланатын Мансұр Розиев сияқты адамдарды жек көретін. Ол ШТР-ның басшылық қрамындағы Кеңес Одағына құлшылық етушілерді де жақтырмайтын. Кеңес Одағының алдында ШТР-ды еркін, тәуелсіз мемлекет ретінде көрсетуге күш салатын. Соның бір мысалы ретінде оның 1945 жылы 2 қыркүйекте Кеңес Одағының Құлжадағы елшісіне хат жазып, Кеңес Одағы үкіметінің Текес, Моңғолкүре аудандарындағы малшылардың ұрланған малын Кеңес шекарасы ішінде албаты сатып алушыларды қатаң жазалауды, мұндай істердің қайталана беруіне тиым салуды талап етуін айтсақ та жеткілікті [81, 134-135].

Әлихан төре гоминьданмен бейбітшілік келіссөзінің өтуіне, бұл істе Кеңес Одағының ара ағайын болуына бастан-аяқ қарсы болды. Мұның арты Шығыс Түркістан Республикасының құлауына апарып соғатындығын ол жақсы білетін. Сондықтан ол ең дұрысы гоминьданшылдармен келіссөз өткізбеуді, тіпті мүмкін болмаған жағдайда ШТР-сы тарапынан келіссөз өкілдерінің құрамын таза сақтауды қадағалайтын. Бірақ 1945 жылы 2 қазандағы ШТР үкімет мүшелерінің 100 – кезекті мәжілісінде генерал Ысқақбек Мононовтың үкімет мүшесі салауатымен Ахметжан Қасымиді қайта-қайта ұсынуының нәтижесінде мәжіліс қарар мақұлдап, А.Қасымиді келіссөз өкілі етіп тағайындады. Шын мәнінде Ысқақбек те, Ахметжан да Кеңес Одағында тәлім-тәрбие алғандықтан, Әлихан төре олардың сөз-әрекеттеріне күмәнмен қарайтын. Сол себепті А.Қасыми келіссөз өкілі ретінде Үрімжіге барудан тек 1-2 күн ғана бұрын, яғни 1945 жылы 10 қазан күні ШТР уақыттық үкіметінің 103 қаулысымен «Шығыс Түркістан Республикасы уақыттық орталық үкіметінің» бюро мүшелігіне қабылданып, үкімет мүшесі ретінде Үрімжіге жіберілді. Бұдан бұрын Шығыс Түркістан халқы А.Қасымиді білмейтін. Оның халық өкілі ретінде республика өкілі Р.Сабырхажиев және үкімет өкілі Әбілқайыр төремен бірге Үрімжіге келіссөз өткізуге баратындығы туралы хабар «Азат Шығыс Түркістан» газетінде жарияланған кезде «үш аймақ халқы бұл атсыз қаһарманның халық өкілі ретінде ортаға шығуына аң-таң қалады, әрі бір-бірінен Ахметжан Қасыми деген кім болғаны? – деп сұрастырады» [36, 84].

Бірақ, А.Қасымидің бүйтіп ортаға шығуы да кездейсоқ емес еді. Бұл кезде Кеңес Одағы оны Синьцзяндағы ұлт-азаттық төңкерістің тізгінін өз қолына алып, оның бағытын коммунистік мұрат-мақсаттарға қарай бұруға итермелеген болатын. Бұл жолда Кеңес Одағы қолдан келген барлық мүмкіндіктерді істегені белгілі. Сондықтан А.Қасымиді билікке араластыру жолындағы барлық іс-әрекеттерді көре тұра Әлихан төре оны шектеуге шарасыз қалды. Сонымен ол 1946 жылы мамырда – Үрімжі келіссөзінің екінші басқышы «бейбітшілік бітімінің» қосымша (2) құжатына қол қоюға таяған кезде, өз атынан Алтайдағы Оспан Батырға: «Бітім жасадық деп Шығыс Түркістанды қызылдар иелеп алмақшы. Біз мақсатымызға жете алмадық, күрес әлі аяқталған жоқ, Іленің тағдырын мен қолда ұстаймын, Алтайда сен мықты тұр» [90, 169] – деген мазмұнда құпия хат жазады. Бұл хатты Оспанның Іледегі Әлихан төреге жіберген өкілі Латиф Алтайға ала қайтады. Өзге тарихи деректерге негізделгенде бұл хатта тағы да: «Оспан інім! Сені бір көруге ынтық едім. Орайы келмеді. Латифпен көп әңгімелестім. Қорқыт атаң қырық жыл көрден қашып жүріп, ақыры бірінші рет қазылған көрге түскен екен. Өзің ойланып іс қыларсың. Қалғанын Латифтен ұғын» [85,128] – деген сөздер бар еді.

ШТР үкіметі мен Гоминьдан арасындағы бесінші реткі келіссөздің басталу қарсаңында Әлихан төре келіссөз өкілдерін аттандыру рәсімінде сөз сөйлеп, «Оғыз ханнан қалған қасиетті туды мәңгі сақтауға» [2, № 04.06.1946] үндейді.

ШТР-ның өкілдері 1946 жылы бітімге соңғы рет қол қою қарсаңында Әлихан төре тағы да сөз сөйлеп: «Шығыс Түркістан топырағын бүкілдей тазалап шығу, дербес Шығыс Түркістан мемлекетін құру мақсатында жанкештілікпен күрескен едік… Әлі де болса біздің бірден-бір мақстымыз сол болуға тиіс» [2, 16.04.1946] – дейді.

Бұл сөздерді ол өз басына қауіп төніп тұрғанын сезіп, арттағыға өсиет ретінде қалдырды. Айтқандай-ақ, 1946 жылы маусым айының орта шенінде «Әлихан төре Кеңес Одағы тарапынан қолға алынды» [31, 48]. Онымен бірге пантүркістер, панисламистер деп аталған Ахмет-һажы, Райымжан, Үсен тектес бір топ адам Құлжадан Кеңес Одағына қайтарылды. Ахметжан Қасыми, Әбдікерім Аббасов секілді кісілер билік басына келтіріліп, ендігәрі исламшыл, түрікшіл бағыттың бой көтеруін болдырмауға бекіді.

Дәл осы кезде белгісі «№1-үй», «№2-үй» деп аталатын Құлжадағы Кеңес Одағының ақылшылар тобы, ШТР үкіметінің меңгермелері мен мекемелеріндегі кеңестік ақылшылар және ШТР ұлттық армиясының бас қолбасшысы Иван Гигорьевич Палинов бұйрық бойынша еліне қайтарылды [81, 230]. Мұның өзі Кеңес Одағы тарапының ШТР-дағы қантөгіске көрнеу араласпау саясатының тағы бір айқын көрінісі еді.

Сөйтіп ұлт-азаттық күресінің бағыт-бағдарында, тәсілінде айқын өзгерістер байқалды. Тұтас өлкеде түркішіл, исламшыл бағыттағылар мен ШТР-дың ішкі бөлігіндегі «кеңесшілдер» («қызылдар») арасындағы айтыс-тартыс соғыс кезіндегі жабық күрестен ашық күреске, тіпті, асқынып, қарулы күреске айналды. Бұл кезде Алтай аймағының уәлиі Оспан батыр да ШТР-дағы ұлт-азаттық күресінің гоминьданшылдармен ымыраға қарай бет алып, Кеңес Одағының шылауынан шыға алмай қалғандығына наразы еді.

Ал А.Қасыми басшылық еткен «ымырашылдар» Кеңес Одағы ШРТ-дағы қарулы күресті қолдаудан бас тартып, гоминьданшылдармен достық ынтымақтастық келісіміне қол қойып отырған жаңаша жағдайда, Кеңес Одағының пікірімен санаспауға мүлде болмайтындығын, оның үстіне Кеңес Одағының өз іргесінен түрікшіл, исламшыл бір мемлекеттің құрылуын тіптен қаламайтындығын жақсы білетін. Олардың ойы қазіргі жағдайда мемлекеттің саяси сипаты қалай болса, олай болсын, тек оның тәуелсіздік тұғыры берік болуын қамтамасыз ету еді. Ал Оспан болса мұның соңы сайып келгенде коммунистік идея мен отарлыққа жол беріп, азып-тозу, дінді, ділді жоғалту, халықтық бітім-болмыстан айырылу деп есептеді. Оспанның Әлихан төреге өз өкілі Латифті жіберіп, оның көзқарастарымен ортақтасуы да алдағы жерде «ымырашылдармен» болған күресті қалай өрістету керектігі жөнінен онымен ынтымақтасуды қалайтындығының белгісі еді.

Бірқ жағдайдың күрт өзгеруі ол ойлағандай болмады. Оспанның қазіргі кезде Синьцзяндағы бірден-бір ниеттесі болған Әлихан төре биліктен тайдырылды. Мұны белгілі деңгейде Кеңес Одағының қолымен жасалған «саяси өзгеріс» деуге де болатын еді. Мұндай жағдайда Оспан Іледе билік басына шыққан «ымырашылдардың» («қызылдардың») іс-әрекетіне, саяси бітім-болмысына тіптен қарсы болды. Сонымен ол ШТР-ның өзгертілген басшылық құрамына тәуелді болып жұмыс істеуді қаламады. 1946 жылы көктемде өз орынбасары Дәлелхан Сүгірбаевқа жұмыстарын уақытша өткізіп беріп, Сарсүмбеден Көктоғайдағы өз ауылына кетіп қалды.

Онда барған соң Оспанның қол астындағылар жұртшылыққа: «Шығыс Түркістанды қызылдар иелеп алды. Олар коммунистердің жолын ұстайды, біз оларға батыл қарсы тұруымыз керек», – -дейді әрі «Дүниежүзі мұсылмандарына үндеу» жазады. Онда: «Дүниеде коммунист дегендер шықты, олар жаңа туылған балаларды октябрист, жас-өспірімдреді пионер, жастарды комсомол, үлкендерді коммунист деп атап, адамдарды діннен шығарады, дінді жояды, мешіттерді өртейді, дүние-мүлікті, қазанды, қатын-баланы ортаққа айналдырады, қатын – байсыз, бала – әкесіз болады. Сенікі – менікі болмайды. Бұлар қызыл апат. Бұл апатқа қарсы тұру үшін Алтайдан пайғамбардың ақ туын көтеріп ислам дінімізді қорғау жолында Оспан батыр шықты. Біз оны ақ киізге салып, ақ боз бие айтып сойып, хан көтердік. Ислам дініміз хақ дін. Оған Алла нүсірет береді. Дүниедегі мұсылмандар бәріміз дін қарындастарымыз. Қызыл апатқа бірлікте қарсы тұрайық! Бізге дұға қылыңдар, дем беріңдер, жәрдемде болыңдар!» [90, 190], – деп жар салады.

Оспан ендігі жерде ШТР-да коммунистік қызыл империяның ықпалы орнаған жағдайда бұл күнімізге де зар болып қалуымыз мүмкін, онан көрі демократияны, жеке меншікті, дін еркіндігін қорғайтын Гоминьдан үкіметімен арадағы салқындықты жойып, олармен қарым-қатынас жасау арқылы коммунистердің ықпалын тым құрығанда Алтай аймағы шегіне жеткізбей шектеп тұруым керек деп ойлады. Сөйтіп ол өлкедегі Гоминьдан үкіметіне жасырын хат жазып: «Алтай мейлінше қызылдасатын болды. Мен қызылға жан-тәніммен қарсымын. Өйткені қызылдар дінді жоғалтады. Мал-мүлікті ортақтастырады. Байларды, моллаларды, ру басыларын жер аударады, қамайды, атады. Сондықтан мен ШТР-дегі қызылдармен қол үзуге бел байладым. Олармен соғысамын. Қазіргі кезде Кеңес Одағының асыл тас қазатын адамдары Көктоғайға келді. Алғашқы әрекетімді солармен ұстасудан бастамақшымын. Маған мол қару-жарақ, әскер жіберіп беріңіздер. Сондай-ақ, халқыма мата-кездеме, шай, астық т.б. жақтардан көмек көрсетіңіздер» [85, 136-137], – деген тілек білдірді.

П.Сүгірбаев бұл хат туралы былай дейді: «Осы хатты көзімен көріп, өз қолымен жолға салған, мән-жайды анық білетін Оспанның Үрімжіге жіберген екі өкілінің бірі — Какаша Сұлтанұлы. Бүгінде ол Көктоғай ауданының Тұрғын ауылында тұрады. Хаттың мазмұны шынында осылай болғанын Чжан Чжичжунның жеке хатшысы болған Тао Тяньпай мырза да растайды. Ол қазір СУАР саяси кеңесінің мүшесі, Куйтунь қалалық саяси кеңесінің орынбасар төрағасы» [85, 137], – дейді.

Оспан жіберген адамдарды Гоминь үкіметі орталық әскери істер комитеті солтүстік батыс әскери әкімшілік мекемесінің бастығы, Синьцзян өлкелік коалициялық үкіметтің төрағасы Чжан Чжичжун жеке қабылдайды және ол жайындағы құпиялықты ШТР тарапынан қатыстырылған үкімет мүшелерінен жасырып қояды. Бұл кезде өлкедегі гоминьданшылдар да Синьцзяндағы тұрғылықты ұлттардың өз ішінен бөлшектенуін және оларды пайдаланып коммунизмге, Кеңес Одағына қарсы тұруды қуаттайтын. Ал гоминьданшылдардың артқы сабында АҚШ секілді коммунизмге қарсы негізгі күш бар еді. Оның үстіне, бұл кезде екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалыны әбден өшіп, ендігі жерде АҚШ үшін Кеңес Одағының ықпал-күшінің шамадан тыс ұлғайып кетуін тежеу жоспары тұрған. Олар бұрындары фашизмге қарсы күресте одақтастар қатарынан табылғанымен, ендігі жерде дүниені қайтадан бөліске салу жолындағы ықпал көлеміне таласушы бәсекелестерге айналды. Бұл ең алдымен АҚШ тарапынан коммунизмге қарсы күрес түрінде бейнеленді. Олар бұл жолда Кеңес Одағының тап іргесінде тұрған Қытайдағы гоминьдан күштерін ұтымды пайдаланды. Гоминьданшылдар 1946 жылы маусым айынан бастап ҚКП иелігіндегі өңірлерге қоршап жою соғысын бастаумен бір уақытта, Алтайдағы Оспан және Еренқабырғадағы Сауан ауданының әкімі Қалибектердің коммунизмге, Кеңестік жүйеге қарсы пиығылын пайдаланып, олардың ШТР үкіметіне қарсы күресін қолдап отырды.

Сөйтіп, бұрынғы біртұтас Шығыс Түркістан ұлт-азттық күресінің басшылық сапында бір-бірімен жуласқан екі топ қалыптасты. Тар мағынадан алғанда олар өз алдына Кеңес Одағына және гоминьдан мен АҚШ-қа арқа сүйейтін, кең мағынадан алғанда олар коммуистік иделогия мен оған қарсы демократиялық ұғымдарға арқа сүйейтін.

Гоминьданшылдар ол кезде бізді құдіретті АҚШ қолдайды, атом бомбасына ие АҚШ дүниедегі еш теңдесі жоқ ірі держава, ол болашақта жер бетінде жаңаша тәртіп орнатады, оның ендігі жауы коммунистер және оның ұйтқысы болып отырған Кеңес Одағы деп есептейтін, әрі ол ойларын Оспанға үгіттейтін. Оспанды қаруын тастамай қызылдарға қарсы күресті жалғастыра беруге үндейтін. Бірақ, Оспанның коммунистерге, ұлттық езгіге қарсы табанды күресін гоминьданның әсерімен байланысты көрсетудің өзі шалағайлық болар еді. Өйткені Оспанның еркіндік, теңдік жолындағы күрескерлік рухы әлде қашан қалыптасқан рух еді. Оспанның гоминьданмен, АҚШ-пен ымыраға баруы да өзінің сол көкейтесті мақсаттарын жүзеге асыру үшін болатын. Ол мақсаты тым құрығанда Алтайды басқыншылықтан, қызыл өктемдіктен таза сақтау, қажеті табылғанда оны дербес аймақ ретінде ұстап тұру еді. Бұл жолда ол Әлихан төренің «Іленің тағдырын мен қолыма ұстаймын. Алтайда сен мықты тұр»- деген сөзін басшылыққа алды. Кейбір тарихшылар Оспанды тек Алтайдың ғана мүддесін көзде ұстады, басқа жақтағы күреске қол ұшын бермеді, өз аймағынан, руынан айналып шыға алмады деседі. Іс жүзінде мәселе мүлде олай емес еді, бәрін бір өзі тындырып кетуге шамасы да келмеді. Оның үстіне қазақ халқының азаттығын ойлаған азаматтардың бәрі дерлік оның басшылығын қабылдамады.

Оспанның бұдан кейінгі қимылдары «ШТР басшылары тарапынан» «бандылық», «өркөкіректік», «надандық» ретінде бағаланды. Мұндай көзқарастар кейінгі кездегі Кеңес Одағы ғалымдарының еңбектерінен де байқалады. «Синьцзяндағы пантүркістік және ұлтшылдық бағыттағы атамандардың тікелей басшылығында пайда болған төңкеріске қарсы құралды бандылардың кесірінен жағдай қиындай түсті, олар солтүстік аймақтарда өздерінің террорлық қимылдарын бастап кетті: төңкеріске бейім ел басыларын өлтірді, елді бөліп-жарып айдап әкетті, халықтың астықпен қамтамасыз етілуіне қасақана кедергілік жасады. Мұндай бандылардың кейбіреуі (мысалы, Оспан Батыр) алғашында солтүстік аймақтарда, немесе Дихуа үкіметінде жауапты жұмыста болған кісілер болатын» [21, 207] – делінеді. Кей ғалымдар осыған сілтеме жасай отырып, мұнда 1945 жылы Алтай аймағында билік басына шығып, кейін келе одан өз еркімен безініп, Өр Алтайда жалғасты қарулы күрес жүргізген аталмыш Оспан батыр мен 1945 жылдан Үрімжідегі гоминьдан үкіметінің құрамында жұмыс істеген Жанымхан қажы айтылып отыр [109, 177-178] – дейді. Бұл кезде Жанымхан өлкелік қазына (финанс) меңгермесінің бастығы еді. Ол Синьцзян өлкелік коалициялық үкімет мүшесі және бас хатшының орынбасары Сәліспен бірге Оспанды рухани, материалдық жақтан қолдап отырды. Ал әскери көмек тікелей Чжан Чжичжун мен гоминьдан солтүстік батыс әскери-әкімшілік мекемесінің штаб бастығы, Синьцзян қорғаныс бас қолбасшысы Сүн Силянь тарапынан беріліп отырды. Сөйтіп, Оспан батыр гоминьдан күштерінің қолдауымен 1947 жылы тамызда Дәлелхан Сүгірбаевтің Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы 2000 адамдық ұлттық армия бөлімдеріне шабуыл жасап, оларды жеңіліске ұшыратты. Осы кезді зерттеген Л. Бенсон: «Оспан 13-16 қыркүйекте Кеңес одағы командирі Сталиновтың әскерлерімен жеңісті шайқас жасап, генерал Дәлелханнан бет бұрған әскерлерді бастап Алтай аймағының орталығы Чэнхуа (Сарсүмбе) қаласына келді» [117,135], – дейді. Шындығында да қыркүйек айында Оспанның 1000 адамдық қарулы қолы Алтай аймағының орталығы Сарсүмбеге шабуыл жасап, оны басып алады. Дәлелхан қолы амалсыздан қаланы тастап шығып, Кеңес Одағына шегінді.

Сарсүмбе қолдан кеткеннен кейін ШТР үкіметі Оспан күштерінің үш аймақ көлеміне кеңеюінен қатты алаңдады. Дәлелхан Сүгірбаев Кеңес Одағы арқылы Шәуешекке барғаннан кейін, Ұлттық армия бас қолбасшылық штабы – Тарбағатай жаяу әскерінің үшінші полкін атты әскерлер үшінші полкі етіп құрып, соғысқа дайындады. Дәлелханға ере барған 300 кісілік қолды молықтырып, Алтай үшінші атты әскерлер полкіне айналдырды. Сондай-ақ Құлжадан Ф.И.Лескиннің басшылығындағы 800 кісілік күшейтілген моторланған батальон жолға шықты. Олар 1947 жылы 16 қазан күні Сарсүмбені Оспан қолынан қайтарып алды. Бірақ Оспанның тіресуі мұнымен тоқтап қалмады.

Бұдан кейінгі кезде Оспан Жоңғар құмына барып, сол жерде 1947-1948 жылдың өлара қысын өткізді. Л.Бенсонның жазуынша бұл кезде Оспан Сун Силянның тікелей басқаруына бағынбаған әрі Ұлттық үкімет тарапынан да ешқандай қолдау таппаған. Сөйтіп 1948 жылы қараша айында өлкелік бас штаб қазақтарды қарумен қамдауды тоқтатты [117,135]. Бұдан соң Оспан 1948 жылы жазда Шығыс Синьцзяндағы Бәйтік-Қаптық тауларында және Баркөл, Мори өңірінде жүріп АҚШ тарапынан көмек күтті. Оспан мен АҚШ өкілдерінің қарым-қатынасы 1947 жылы маусым айынан кейін, яғни Моңғолия мен Гоминьдан үкіметі арасындағы Бәйтік оқиғасынан кейін басталған еді. Оспан сол соғыста қолға түскен бірнеше медаль мен қаруды гоминьданшылдарға тапсырып беру үшін Қанатбай, Құрман деген кісілерін Үрімжіге жібереді. Олар Чжан генералға Оспанның тапсырмасы бойынша АҚШ-тың Үрімжіде тұратын бас консулы Пакстоммен (J.H.Paxtom) кездеспекші екендіктерін айтады. Сонымен Сүн Силяньның орналастыруы бойынша Асылбек Қанатбайұлы деген кісі оларды Янь-хандағы (шетелдіктер көшесі) АҚШ елшіханасына алып келеді және оларға аудармшылық істейді. Оларды бас консул мырзаның өзі тікелей қабылдайды. Елші Оспанның көмек жайлы айтқан сәлемін естігісін: «Оспан Бәйтік оқиғасында дүниені дүр сілкіндірді, сендер Қытай топырағына сұғанақтық жасап кірген МХР-ның бір полк әскерін талқандадыңдар. Жапонияны бағындырған күш – АҚШ-тың атом бомбасы. АҚШ ғылым мен технология жағынан өзге елдерден көш ілгері кеткен мемлекет, Кеңес Одағынан, МХР-дан қорықпаңдар, біз сендерге көмектесеміз» [85,161], – дейді.

Расында, АҚШ ұкіметі бұған дейін, яғни 1947 жылдың шілде, тамыз айларында Ведемейер бастаған бір миссияны Қытайға жіберіп, Чан Кайши үкіметінен Үрімжі тектес жерлерден әскери база салу құқын алған еді [10, 450]. Сонымен бірге 1948 жылы Синьцзянда АҚШ-тың кешенді ғылыми экспедициясы болып, онда өлкенің саяси жағдайынан бастап табиғи ресурстарына дейін кең ауқымды қызығушылық танытады [109,177-178]. Бұл жолғы экспедицияның өзі де 1945 жылы 21 қарашадағы Қытай территориясын АҚШ әскери-әуе күштері арқылы әуеден суретке алу жөніндегі келісім мен 1946 жылы 20 желтоқсандағы Қытай-Американ авиация келісіміне сай жүзеге асқан еді. Мұнда, әсіресе Қытайдың Кеңес Одағымен шекараласатын аймақтарын әуеден суретке алу ісі баса қарастырылған болатын.

Осы кезде Оспан АҚШ-тың Үрімжіде тұратын вице-консулы Д.Маккернанмен көп уақыт бірге болды. Ол Оспанның Бәйтік оқиғасында МХР бөлімдеріне қарсы соғыста қол жеткізген табыстарын жоғары бағалап, оны Кеңес қызыл армиясы мен оның қолшоқпарларына қарсы күресте елеулі еңбек көрсеткен ұлт қаһарманы ретінде АҚШ, Англия, Франция сияқты елдердің баспасөз беттерінде үгіттеді.

1948 жылы маусым айында Д.Маккернаның тапсырмасымен Оспандар «Кеңес Одағына, үш аймақшылдарға қарсы комитет» деп аталатын бір ұйым құрады. Онан соң Д.Маккернан Оспанның Алтай аймағын қорғайтын құралды қазақ отрядын жасақтауына көмектесті. 1948 жылы 16 шілде күні Оспан Үрімжіге барғанда Д.Маккернанмен тағы да кездесіп пікірлесті. Д.Маккернан: «Қытай үкіметі АҚШ-тың жақсы досы, ал сіз болсаңыз сол Қытай елінің ерке қарасысыз», – дейді. Оспан оған: «Мен АҚШ Қытайдың жақсы досы екендігін, оның ғылым мен технологиясының өркендегендігін еститінмін. Мен сіздердің жаңа типтегі құрал-жарақ жағынан жәрдем берулеріңізді сұраймын», – дейді. Д.Маккернан оған: «АҚШ-тың өнері үстем, дүние жүзінде онымен теңдесетін ешқандай ел жоқ. Егер Үрімжі қауіп астында қалып жатса, АҚШ-тың бір байлығы – ұшақ, бір ай соғысып, бәрін жай-жайына келтіреміз. Егер сізге жаңа типтегі құралдар керек болса, онда тіпті жақсы, сіз болашақта сол құралдарды меңгеруді білетін мамандарды қазірден бастап АҚШ-қа жіберіп тәлім-тәрбиеден өткізуіңіз керек», – дейді. Су Бэйхай «Оспан 1948 жылы қазан айында Төлебай тектес төрт жігітті Мұхиттың ар жағына оқуға жібергенін» [112, 898] жазады. Бірақ мұны ғалымның қандай дерекке сүйеніп айтқаны белгісіз.

1949 жылы Қытай қызыл армиясының Синьцзянға қарай ілгерлеуін тосу үшін АҚШ елшісі Пакстом мен вице-консул Д.Маккернан Жемсары маңындағы Оспанның тұрағына барып, онымен бірге болады, әрі Ішкі Қытайдан келетін Қытай халық азаттық армиясының жолын қалай кесіп тастау мәселесін ақылдасады. Сол жылы сәуір айында Пакстом өзі де Жемсарыға барып Оспанды Айса, Мұхамед Имин, Жолбарыс, Масғұт, Жанымхан тектес адамдармен байланыс жасауға үндейді, әрі: «Мен сендердің бастарыңның бірігіп, бір ауызды болуларыңды, АҚШ берген жәрдемді өз лайығына жұмсауларыңды, сол арқылы коммунистерге», «үш аймақшылдарға» қарсы тұруларыңды тілеймін», – дейді[81, 399-400].

Шығыс Тянь-Шань төңірегіндегі АҚШ елшісінің қимылы жандана түскен кезде, 1949 жылы 11 шілде күні Кеңес Одағы АҚШ үкіметі: Солтүстік-батыс Қытайдағы Ма фамилиялы бесеуді Синьцзянға жіберіп, Синьцзянда тәуелсіз «Ислам мемлекетін» құруға әрекеттеніп жатқандығы жөніндегі хабарды естігендіктерін Кеңес Одағында сапарда жүрген Лю Шаоци арқылы ҚКП орталық комитетіне жеткізіп, олардан Синьцзянға тездетіп әскер шығаруды талап етеді.

Кейіннен белгілі болғандай, 1949 жылы маусым айынан тамыз айына дейін Мәскеуге Орталық саяси бюро мүшесі, ОК-тің төрағасы Лю Шаоци бастаған ҚКП ОК-нің құпия сапары болған еді. Сол кездесуде Сталин: Синьцзянды басып алуда жайбасарлыққа салынуға болмайды. Өйткені жайбасарлық ағылшындардың Синьцзянға сіңіп кіруіне жағдай жасауы мүмкін. Олар коммунистерге қарсы азамат соғысын әрі қарай жалғастыра беру мақсатында мұсылмандарды, тіпті, үндістерді де қозғауы мүмкін. Оны былай қойғанда, Синьцзянда Қытайға шұғыл қажетті мұнай мен мақтаның мол қоры бар. Қытайлар Синьцзянда жан санының әрең 5%-тін иелейді екен. Синьцзянды алғаннан кейін, ондағы қытай тұрғындарының санын 30%-ке дейін арттыру ләзім. Қытай тұрғындарын көшіріп келу — осынау кең-байтақ қазыналы өлкеге жан-жақтылы иелік ету және Қытай шекарасын өнімді қорғау үшін керек…Өздеріңіз Ма Буфанның күшін мөлшерлеп көрдіңіздер ме, онда артиллериямен жабдықталған атты әскерлер (кавалерия) баршылық. Егер сіздер қаласаңыздар, біз оның осы атты әскерлерін тез арада талқандап, тоз-тоз ғып жіберетін 40 истребитель (қуа соққылаушы ұшақ) берейік »[60, 66-83], – дейді.

Бұл тұста Қытай халық азаттық армиясы (ҚХАА) Чанцзян дәриясының оңтүстігіне өтіп Нанкинді басып алған әрі гоминьданшылдар Ұлы құрылықтан Тайваньға кетуге дайындалып жатқан еді. Сондай-ақ ҚХАА- да Синьцзянға қарап ұзақ жорыққа аттанудың дайындығында еді. Синьцзянға және оған шекаралас өлкелерде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты, ҚКП ОК-ті Синьцзянға кірудің уақытын бұрынғы 1950 жылдың алғашқы жарымынан 1949 жылдың соңына өзгертті. 1949 жылы 25 тамызда Ланьчжоуды алған Қытай армиясы милитарист Ма Буфанның негізгі күшін сол арада талқандады. Кеңес Одағы Мәскеу келіссөзіне сай, тағы да 40 тасымал ұшағын шығарып ҚХАА бөлімдерін Синьцзянға қауіпсіз тасымалдауға көмектесетін болды. Мұндай жағдайда Гоминьданның Синьцзян өлкелік үкіметінің жаңадан сайланған төрағасы Бұрхан Шаһиди мен Синьцзян өлкесінің қорғаныс бас қолбасшысы Тао Чжиюэ қыркүйектің бірінші жаңасында ҚКП-ның бейбітшілік жөніндегі ұсынысын шартсыз қабылдайтындықтарын білдірді. Бірақ Тао Чжиюэ Чжан Чжичжунға тағы да телеграмма жолдап «бұдан былай Синьцзян өлкесі мәселесін… төраға Маоның ептілікпен ойланып басқаруын үміт ететіндігін» де білдірді [110,13]. Сөйтіп Синьцзяндағы гоминьданшылдар қытай коммунистеріне еш қарсылықсыз түрде бейбіт берілетін болды.

Дәл осы кезде бейбіт берілуге және коммунистерге қарсы майдандағы Жанымхан Тілеубайұлы Оспанға келіп қосылып «бір жерде болуға» серттесті, әрі 1949 жылы тамыз айында Үрімжі маңынан көшіп, Шонжы ауданының Шүйгінтай жайлауында отырған Оспанның қасына барды. Бұдан соң олар Қызыл армияға қалай төтеп беру тұрғысынан шұғыл мәжіліс өткізді. Бұған Оспан, Жанымхан, Дәлелхан Жанымханұлы, Такман, Оразбай молла, Шаймардан тектес он неше адам қатысты. Мәжілістің мақсаты Үрімжі маңындағы қазақтарды түгел аттанысқа келтіріп, Қытай халық азттық армиясының Үрімжіге кіруін тосып, Синьцзян ҚКП-ға бейбіт берілуін болдырмау болатын.

Үш күнге жалғасқан мәжілістің соңғы қорытындысына сай: (1) Жанымхан, Оразбай, Шаймардандар - Құтыби, Санжы өңіріндегі елді; (2) Қалибек, Такман, Сәлістер -Үрімжінің оңтүстігіндегі Еренқабырға елін; (3) Оспан-Жемсары, Шонжы, Мори өңіріндегі елді қозғауға міндетті болып тарасты.

1949 жылы қыркүйекте АҚШ-тың Үрімжідегі вице-консулы Д.Маккернан да Жемсары тауындағы Оспан мен Жанымханның қасына барды, әрі үшеуі бірлесіп біраз елмен Баркөлге қарай жылжыды. Ондағы мақсаты Баркөлдегі Жолбарыс, Сұтаншәріптермен бірлесіп халық азаттық армиясын алыстан тосу еді. Олар Баркөлге барып, ол төңіректе қызыл армияға қарсы тағы да қарулы қарсылық ұйымдастырды. Ал Қалибек өз алдына Үрімжі маңында әрекеттенді. Жұрт көңілі дүрлігіп, алдағы күннің не боларын білмей қатты алаңдады. Оның үстіне өткен тамыз айында ҚКП тарапынан Пекинде өтпекші болған Бірінші кезекті мемлекеттік саяси маслихат кеңесесінің бірінші мәжілісіне қатысу үшін аттанып кеткен “Үш аймақ” (ШТР кейін осылай аталды) басшылары А.Қасыми, Ы.Мононов, Д.Сүгірбаев, Ә.Аббасов тектес кісілердің із-дерегі білінбей кетті. Олардың шындықты айтпай Алтайдағы қызметті көзден кешіруге барамыз деп осыншама ұзақ уақыт жоғалып кетуі күдік-күмәнді көбейтіп жіберді. Шын мәнінде олар Алматы, Новосибирск арқылы Пекинге ұшқан сапарында Байқал көлінің оңтүстігінде әуе апатына ұшыраған еді. Кейбір бейресми деректерде олардың Алматыда КГБ тарапынан өлтірілгені айтылады . Қалай дегенмен де олардың өлімі өте жұмбақ жағдайда болды. Л.Бенсон да бұл оқиғаны үкімет тарап бірнеше айға дейін халықтан жасырғанын жазады [117, 176]. Болған жайды халықтан жасыра тұру туралы тапсырма берілгені жайлы деректер С.Әзезидің мемуарынан да кездеседі [14, II т.].

А.Қасымилар қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін “Үш аймақ” үкіметінің кейінгі басшылары жағдайдың дамуынан қатты үрейленеді. Сөйтіп, 1949 жылы 7 қазан күні ҚКП ОК-не Үш аймақ көлемінде бұдан былай ай-жұлдызды жасыл туды тікпей, тек жаңа Қытайдың мемлекет туын және бұрыннан Үш аймақ көлемінде жасыл тумен бірге тігіліп келген ақ түсті дін туын тігуді, кейін бара-бара ақ түсті дін туын тігуді де күшінен қалдыруды өтініш етеді [81, 440]. Осыған орай, 1949 жылы 17 қазаннан бастап Іле аймағы шегінде бұрынғы Шығыс Түркістан Республикасының жасыл туы тігілмейтін болды. Сондай-ақ ҚКП орталық комитеті “Үш аймақтағы” Ұлттық армияны Қытай халық азаттық армиясына өзгертіп құру жөнінде нұсқау берді. Ұлттық армия жетекшілерінен Сәйпиддин Әзези, Мамтимен Еминов, Зунун Таипов, Марғұп Сқақов, Зайыр Саудановтар генерал-майор шендерімен марапатталып, басқа жұмысқа ауыстырылды да, ұлттық армиядағы жауапты міндеттерімен қоштасты. Қазаға ұшыраған Шығыс Түркістан үкімет басшыларының орынына Алматы арқылы Кеңес Одағы сыртқы істер министрі В.М.Молотовтың ұшағымен “Үш аймақ” үкметінің жас кадры Сәйпиддин Әзези жөнелтілді. Ол Пекинге бара сала Мао-ға ұйғырдың ұлттық шапанын жауып, тақиясын кидіріп, Қытай компартиясына кіру туралы өтініш жазды.

Жағдайды естіп-білген Оспан, Жанымхан, Жолбарыс, Сұлтаншәріптер:«коммунистерге еріп, оларға зор сенім байлаған Ахметжан, Ысқақбек, Дәлелхандардың күні де белгілі болды. Біз сенген гоминьданшылдардың да табанының қышыры кетті. Енді жантайып жатып жем болғанша жағаласып жүріп өлген артық, ең алдымен елді, жерді коммунистер Кеңес Одағын құрғаннан кейінгі кезеңдегідей қызыл апаттан сақтап қалу үшін ақтық деміміз таусылғанша айқасуымыз керек»- деген қортындыға келді. Сөйтіп АҚШ елшісі Д.Маккернанды және Алтайдан келген Самалов басшылығындағы 100-ден астам бұрынғы ақ армия жауынгерін ерте жүріп, Синьцзянға қарай ілгерлеген Қытай Қызыл армиясымен соғысты. Синьцзянның ең шығыс жақ шетіндегі Аратүрік аудан қаласын 40 күн бойы қоршап алды [112, 900], әрі ондағы Қытай қызыл армиясын ауыр шығынға ұшыратты. Бірақ бұл кезде Синьцзянға қарай үлкен дайындықпен жолға шыққан Қытай халық азаттық армиясының Ван Чжэнь басқарған бірінші корпусы да Үрімжіге таяп қалған еді. 19 қазан күні Үрімжіге Үш аймақ ұлттық армиясының бөлімдері, келесі күні Ван Чжэнь басшылығындағы ҚХАА-ның бірінші корпусының шолғыншы бөлімі – соғыстық автомобиль полкі келіп кірді [126, 255].

Дәл осы күні Д.Маккернан еліне қайтты. Ол қайтар алдында Оспан, Жанымхан, Жолбарыс, Сұлтаншәріптермен мәжіліс өткізді. Д.Маккернан оларға: мен сіздердің коммунизмге қарсы күресті бір күн тоқтатпауларыңызды қалаймын, кімнің жеңіп, кімнің жеңілетіні бүгінмен айқындалмайды. Егер АҚШ-қа аман-есен жетсем, барлық мүмкіндікпен сіздерге көмектесу жағын қарастырамын. Ол кезде сіздерге әуеден қару-жарақ жеткізіп бергіземін. «Алда-жалда табан тіреп тұра алмайтындай болғанда Тибетке, одан әрі Гаңгір, Усарк деген жерлер арқылы Пакистанға өтіп шығыңыздар. Шекарадан шығып кетер алдында айырым-айырым куәлік хат жазып жіберемін. Сол куәлік арқылы Кеңес Одағы мен Моңғолиядан басқа Синьцзянмен шекаралас қай-қай елге барсаңыздар да олар сіздерге бөтен көзбен қарамайды- деген мазмұнда ұзақ сөз сөйлейді. Сондай-ақ оларды бір-бірден суретке тартып, әр суреттің артына олардың бармақтарын бастырып алады»[85,196].

Сөйтіп ол еліне Баркөлден Ганьсу, Цинхай, онан соң Пакистан арқылы қайтты. Цинхайға дейін шығарып салу үшін Оспан мен Жанымхан оның қасына Зәлбай, Зиратбай, Қарқа, Қария, Қайса сияқты кіслерді қосып береді. Олар консулды Шинхайдың Кас деген жерінде отырған Құсайын Тәйжіге (30- жылдарда ауған елді бастап барған) және одан әрі шекараға дейін жеткізіп салып қайтады. Бірақ Д.Маккернан әйелімен және атқосшысымен бірге Гималай тауларында тибеттіктердің қоршауына түсіп қаза табады. Кейін Құсайын тәйжі Үндістандағы АҚШ елшілігіне сұрау салып, оның Тибетте өлгендігі жөнінде ресми жазбаша жауап алады.

Синьцзянда ҚХАА күштері толықтай орнығып болған жағдайда да Оспан, Жолбарыс, Сұлтаншәріптер 1950 жылы көкекте Баркөлдің Тарсу деген жерінде мәжіліс ашып, қарулы күрестің дайындығын жасайды, әрі жұрт арасына үгіт қағаздарын таратады. Онда: коммунистер дінді жояды, ел бастықтарын, моллаларды қолға алады, өлтіреді. Мал-мүлікті сыпырып алады, байларды шөл далаға жер аударады, әйелді ортақтастырады. Бәріміз коммунистерге қарсы тұрайық, кімде кім қарсы тұрмаса, сол адам – дін жауы, ұлт сақыны, алдымен солардың көзін жоғалтпаққа керек… деген сөздер жазылған деседі. Бұған негізделгенде Оспанның осы кезге дейін өзінің бұрынғы бағытынан еш қайтпағандығын байқауға болады. Ол осы реткі бас қосудағы соғыс жоспарына сай, 1950 жылы көктемде Шығыс Синьцзяндағы Цзи-цзи-тай-цзы, Лаодан, Құлыншәрі тектес жерлерде халық азаттық армиясына қарсы бірнеше дүркін шайқасқа шығады.

Осы аралықта оған Маккернан уәде еткендей АҚШ тарапынан тікелей жәрдемнің болған-болмағаны туралы нақтылы дерек жоқ. Тек АҚШ-тың Кабулдегі барлау резидентінің 1950 жылы 26 маусымдағы мәліметіне сүйенсек, Ассошиэйтед Пресс агенттігінің Қиыр Шығыстағы бұрынғы арнаулы тілшісі Б.Гольт және оның көмекшісі Барлей Аүғанстаннан Синьцзянға, Сиканға және Тибетке коммунизмге қарсы күштерге жәрдем ретінде құрал-жарақ жөнелту жұмысына жетекшілік еткен. Олар осы мақсатта Аүғанстаннан Оңтүстік Синьцзянға өтетін тас жолды пайдаланған [53, 29-30]. Бірақ Оспан тобындағылардың бұл жәрдемге ие болған-болмағаны белгісіз.

Ақыр аяғында сол жылы қыркүйек айында олар қоршауда қалып Жанымхан қолға түседі. Ал Оспан Батыр Цинхай өлкесіне өтіп кеткендіктен, оның қыр соңынан ҚХАА-ның 5-корпус 14-дивизиясының 3-батальоны мен 6-корпус 16-дивизиясы түседі. Оспан батыр қолы недәуір сиреп, азғантай адаммен ғана қалғандықтан, бұдан кейін негізінен қорғану амалына көшкен еді. Бұл кезде оның саптастары Жолбарыс пен Сұлтаншәріп Қас деген жердегі Құсайын Тәйжі ауылына барып, сол арада Оңтүстік Синьцзян арқылы Цинхайға өткен Қалибек, Такман, Балақамза, Сәлістермен кездеседі. Олар Синьцзянды коммунистер толық иелігіне алғандықтан, ендігі жерде Тибет арқылы Пакистанға өтіп, одан әрі Түркияға кетудің дайындығына көшеді. Ал Оспан болса ауыр жаралы болған қанды көйлек серігі әрі інісі Қапасқа қарайлап Хайцзэ деген жерде тұрақтап қалады. Әрі 1950 жылдың соңында сол жерде Қытай қызыл армиясы Ланьчжоу үшінші корпусының атты әскер бөліміне қолға түседі.

Оспан қолға түскеннен кейін оның ұлдары Шердиман, Нығметолла, Нәбилер бірнеше адаммен қашып құтылып Синьцзянға қайтып келіп, Үрімжінің шығысындағы Боғда өңірінде Құрмаш, Нұрлан, Қанатбай сияқты ел ағаларымен бірлесіп, бір жарым жылдан астам уақыт ҚХАА-на қарсы қарулы қарсылық жасады. Оның қолы ең көбейген кезінде 4-5 жүз адамға дейін жетті. Шердиманға еріп қарсылық күреске қатысқандардан Жемсары ауданы әкімінің орынбасары Жүкей, Құмыл аймағы әкімінің орынбасары Алтынбек, Дун-шандағы ел ағасы Құсайын тектес кісілер бар еді. Олардың соңынан ҚХА 6-корпусының 49-полкі түсті. Бірақ іш пен сырттан ешқандай қолдау, көмек болмаған, халық біткен коммунистік идеяға имандай сенген, саяси және әскери қысым күн сайын күшейген жағдайда туған Отанынан басқа барар жер басар тауы қалмаған Шердиман тобы ақыры 1952 жылы қыркүйек айында Көктоғай жерінде құрал тапсырып, бейбіт берілуге мәжбүр болды. Ал оның әкесі Оспан батыр 1951 жылы 1 мамырда Үрімжіде 50 мың адамдық ашық сот мәжілісінде өлім жазасына үкім етіліп табанда атылды.

Сөйтіп, 1940 жылдан бастап ұлт-азаттық күрес жолына түскен Оспан батырдың соңғы өмірі де өз жауларына деген ымырасыздықпен, қайсарлықпен аяқталды. Ал Синьцзян қазақтарының жалпы ұлт-азаттық күресі болса бұның алдындағы ҚХАА-ның Үрімжіге кіруі мен соңғы шешімін тапқан еді. Оның ең соңғы жетістігі кейінгі кезде қазақтар қоныстанған жерлерде ұлттық территориялы автономия тәртібінің жолға қойылуы еді. Қазақ халқы онымен не ұтты және неден ұтылды деген мәселе төңірегіндегі зерттеу басқа әңгіме. Дей тұрғанмен, ұлттық территориялы автономия заңының жолға қойылуы арқылы өлкедегі қытай жұртшылығы азшылық ұлттардың құқық-мүдделерімен санаса бастады деуге келмейтін. Оның бір мысалы, кейінгі кезде бүкіл өлкеде ұлтшылдыққа қарсы тұру күресінің етек алуы еді. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық соғысы кезінде Қытайдың тұтастығы мен коммунистік идеяны қуаттаған азшылық ұлт кадрларының Б.Шаһиди мен С.Әзезиден басқасының бәрі дерлік аталмыш саяси күрестің құрбанына айналды. Коммунистік партия кезінде тағы да атып-шабу, сүргіндеу, еңбекпен өзгерту лагерлеріне жөнелту басталды. Ұлт-азаттық күреске қатысқандардың көбі осынау саяси науқан кезінде зардап шекті немесе өмірмен хош айтысты. ҚКП ның Синьцзянда жүргізіп отырған саясатына қалтқысыз сын айтушыларды «оппортонистер», «буржуазияшыл ұлтшылдар», «ревизионистер» деп айыптады. Жаңа үкметтің кейбір ұшқары, қате саясатына батыл қарысы шыққан табанды күрескер, Іле қазақ автономиялы облысының бастығының орынбасары Әбдірейім Айса талқы жиынында өзін-өзі мерт қылып өмірмен қоштасты. Көрнекті қоғам қайраткері Сейфуллаев, атақты жазушылар Қажықұмар Шабдан, Зия Самиди т.б. кісілер ұлтшыл деген жаламен жазаланды.

Бұл ұлт қамын ойлаған зиялыларды жазалаудың басы еді. Жемсарыдағы Жүкей үкірдайдың Үрімжі маңында жүргізілген ұжымдастыру саясатына қарысы шығып, біраз елмен Алтайға көшіп, Oспанның ұлы Шердиманның тобына қосылып, жаңадан көтеріліс жасауы Синьцзяндағы ҚХА генералы Ван Чженді қатты алаңдатты. Ол ендігі жерде қазақтардың ары-бері көшіп жүруіне қатаң тосқауыл қойып, оларды отырықтануға мәжбүрледі. Көптеген елдің ат, түйесін тартып алды. Синьцзян бойынша әр ауданнан кемінде 40 адам түрмеге отырғызылды. Іленің Текес ауданында бірден 6 шаруаны сотсыз атып, мал-мүлкін тартып алды. Тарбағатай халқына сыйлы, Таңғыт Үкірдай бір кезде Ахмет Байтұрсынұлы Алаш мемлекетін құру мақсатында Шәуешекке келгенде оған 500 атты әскер көмек бермек болған, шектен асқан ұлтшыл әрі жаңа үкіметтің жауы деген жаламен жасы 80-ге келген шағында жазықсыз атылды. Алтай халқына сыйлы рухани көсем Ақытұлы Қалман қажы қамалды. Жүкей үкірдай өлім жазасына кесілді.

Қазақ кадрларының стиль дұрыстауы Іле қазақ автономиялы облысы бойынша Құлжа қаласында ұйымдастырылып, жауапты кадрлардан облыс бастығы Жағда Бабалықов, қоғам қауіпсіздігі мекемесінің бастығы Ғалым Нөкішев, прокурор Қалдыбай Қанапин, судья Шаймардандар «Үш отауды»—Қазақстан, Монғол және Қытай қазақтарын біріктіру арқылы «Ұлы қазақ хандығын» құрмақшы деп айыпталып, жұмыстан босатылды. Бұған қарысы тұрған Шәуешек қаласындағы өткір сөзді зиялылар Тұрсын Мұстафин, әнші Шәкен Елебаев атып тасталды. Қазақтар үшін «кеңесшіл ревизионистер» деген жала өлшем болды да, қит еткенін түрмеге жаба берді. Олардың алды 15-20 жылдық өмірін темір тордың ар жағында өткізді.

Осылай айыптаулар мен жазалау салдарынан жүз мыңдаған шығыстүркістандық шетелдерге босып кетті. Ол елдер Кеңес Одағы, Ауғанстан, Пакистан, Түркия сияқты мемлекеттер еді. Сол тасқынның ең ірісі—1962 жылғы шекара маңындағы халықтың Кеңес одағына жаппай көшіп кетуі болды. Ал Кеңес Одағын қаламаған антикоммунистер Ата Түрік құрған бауырлас Түркия мемлекетінен пана тапты. Сол жолға бел буғандардың қатарында ата мекеннен алғаш аттанған Қалифа Алтай, Дәлелхан Жаналтай, Қалибек Хакім, Бала Хамза, Такман, Сәліс, Жолбарыс, Сұлтан-шәріп, Құсайын тәйжілер бар еді. Олардың кейбірі аңсаған Түркия мемлекетіне аман-есен жетті. Кейбірі орта жолда бақи кешті.

Бір кезде Гоминьдан тарапынан Үрімжі уәлиі етіп тағайындалған Қадуан ханым (Алтайдағы Абақ керейді билеген Әлен аңның жұбайы, өз аты Қадиша – ав.) үй қамауында отырып, саяси қысым астында қайтыс болды. Қазақ арасынан шыққан үздік зиялы, ел ардағы генерал Закария (Закішин) осынау шырма-шату, алмағайып заманда адамдардың ақылшысы, үкімет пен халықты байланыстырушы болып көп жұмыс атқарғанына қарамастан өлім жазасына кесілді. Қытай коммунистеріне құрал тапсырып бейбіт берілуі оны ақтап қала алмады. Армия жетекшілерінің еш қайсысы араша түспеді. Ұйғыр зиялыларынан қоғам қайраткері Мақсұт Сабыри, Айсабек, Мамтимин Боғралар суішерлігімен аман қалып, Түркияға жетті.

Қалған тарихи тұлғалардан Әбдіраюп Мақсұм, Ғани және Фатих батырлар, әскери жетекшілерден генералдар Зұнұн Таипов, Марғұп Сқақов және Мажаровтар; полковниктерден Лескин, Зия Самади, Ибрахим Бай, Рафих Байчорин, Жағда Бабалықов, Балқаш Бапин, Набижан, Ерде, Айтуған Юншиев, Асхат Таипов, Қазыхан Манасбаев, Еменов және Юсуповтар; әкімшілік саладағылардан Осман Зия, Телмұхамбет Қанағатов, Ахметқали Бітімбаев, Қалдыбай Қанапин, Ашир Уақиди, Жексенбай Еділов, Жүсіпбек Мұқилисов, Рамазан Хамидов, Тойбек Қасенов, Бөкей Әбубакиров, Фатих Жабықбаев, Дәнеш Рақышев, Әкімжан Кәкен, Хамит Нөкішевтер; жазушылардан Бұқара Тышқанбаев, Ахмет Жүнісов, Рысбек Сарғожин, Халел Хамраев, Қабдеш Жұмаділов, Құрманбай Толыбаев, Елубек Байтықов, Уахаб Қыдырханұлы, Ғалым Тыныбаев, Масұмжан Зүлпұхаров т.б. көптеген қайраткер азаматтар бұрын-соңды туған жерін тастап Кеңес Одағына — Қазақстан мен Өзбекстанға кетті.

Ал Синьцзянда қалған көрнекті басшы азаматтардан ҚКП Синьцзян бюросының үгіт-насихат басқармасының бастығы Асхат Сқақов, үкмет төрағасының орынбасары, генерал Мамтимин Еминов, министр Ануар Жакулин, орынбасар министр Ануар Салжановтар түрмеде өлтірілді. Үкімет төрағасының орынбасары Патхан Сүгірбаев, атақты қоғам қайраткері Сейфуллаев, Мағауия Жабинов т.б. 15-20 жыл бойы «Жетінші шілде» түрмесінде қамауда отырды.

Әрине, мұның бәрі толықсыз деректер. Кейінгі «ашылып–сайрау» мен «мәдени төңкеріс» кезіндегі саяси жәбір көргендерді қоса есптегенде Қытай халық Республикасы құрылғаннан кейінгі кездің өзінде әсіре солшыл, әпербақан саясаттың құрбаны болған адамдардың қатары бұдан әлде қайда көп. Себебі бұл күрестің бір ұшығы әр бір аудан, аймақтағы, тіпті ауылдық жерлердегі қарапайым адамдарға дейін шарпыды. Зардабы мейлінше ауыр болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет