Қазақ тілі синтаксисінің зерттелуі


І. Қазақ тілі синтаксисінің теориялық тұрғыдан зерттелуі



бет2/6
Дата30.05.2022
өлшемі179.5 Kb.
#458808
1   2   3   4   5   6
Қазақ тілі синтаксисіні зерттелуі

І. Қазақ тілі синтаксисінің теориялық тұрғыдан зерттелуі.

Қазақ тілі төңірегіндегі зерттеулердің, қазақ тілі синтаксисін жоғары оқу орындарында, мектептерде оқыту үстіндегі ізденістердің, жалпы лингвистикалық теориялық ағымның жетістіктеріне қарамастан, қазақ тілінің жай сөйлем жүйесінде әлі де болса танылмаған мәселелердің көп екені байқалады.


Жай сөйлемдердің құрылуы жөніндегі бүгінгі теориялық мағлұматтар қазақ тіліндегі барлық деректерді қамти алғаны анық болып отыр. Сөйлеу процесінде байқалатын деректер теорияда қалыптасқан ережелерге сай келмейтін құрылымдар бар екенін дәлелдейді.
Тіліміздегі жай сөйлемнің ойды, лебіз бен пікірді білдіретін басты грамматикалық тұлға екені белгілі. Сондықтан да бұл жай сөйлемдердің табиғаты өте күрделі. Оның құрылысы, бір жағынан ойды білдіретін логикалық тұлғалардың құрылысымен ұштасып жатса, екінші жағынан сөйлеуші жүктеген коммуникативтік мүддеге тәуелді болады. Осы диалектикалық байланыс пен тілде туындайтын қайшылықтар жай сөйлемдер жүйесіне әсер етіп, оны күрделендіре түседі.
Қазақ тіл білімінде жай сөйлемдер құрылысына, мағыналық мазмұнының сипатына қарай бірнеше топқа бөлінеді.

  1. Коммуникативті мақсатына қарай:

а) хабарлы сөйлем;
ә) сұраулы сөйлем;
б) бұйрықты сөйлем;
в) лепті сөйлем;
2. Сөйлем құрамында тұрлаусыз мүшелердің болу, болмауына байланысты:
а) жалаң сөйлемдер;
ә) жайылма сөйлемдер;
3. Сөйлем құрамында ойға қажетті синтаксистік позициялардың түгел қатысқан, қатыспағанына қарай:
а) толымды;
ә) толымсыз;
4. Жоғарыда көрсетілген топтардан құрылымы жағынан ерекшеленетін мынандай топтары бар:
а) жақты сөйлемдер;
ә) жақсыз сөйлемдер;
б) атаулы сөйлемдер;
Қазақ тіл білімінде де, түркітануда да жай сөйлемдер жүйесі «бастауыш-баяндауыш» болып құралған сөйлемдерді зерттеу арқылы танылып келеді.
Синтаксистің ең үлкен саласы – жай сөйлемдердің зерттелу тарихы ілгеріректе басталғанымен, оған қатысты шешілмеген біраз мәселелер әлі де жүйелі шешімін күтуде.
1950 жылдан бері жай сөйлемнің бір түрі жақсыз сөйлемдер, сондай-ақ, атаулы сөйлемдер фактологиялық материалдарға сүйеніп, зерттеліне бастады. Жақсыз сөйлемдерге арналған монографиялық еңбектерінде Ғ.Мадина қазіргі қазақ тіліндегі жақсыз сөйлемдерді баяндауыштың жасалу ыңғайына қарай, қандай тұлғалардан жасалғанына байланысты, оны үш топқа бөліп қарап, әрқайсысын ана тіліміздің фактілерімен дәлелдеп, маңызды түйін жасады [9].
1960-1970 жылдары К.Аханов жай сөйлемдерді бір құрамды, екі құрамды, бір тұрлаулы мүшелі, екі тұрлаулы мүшелі деп топтастырып қараса [10], Ж.Садуақасов қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдерді зерттеу нысаны етіп алды [11]. Жай сөйлемнің басқа түрлерінен тек оқулық аясында ғана мағлұмат беріп жүр.
Толымсыз сөйлемдер қазақ тіл білімінде әлі де түпкілікті зерттеуді қажет етеді. Оқулық көлеміндегі жұмыстарда бұл мәселе тек шолу жасаумен ғана шектелген. Осы кезге дейінгі барлық грамматикаларда толымсыз сөйлемдер жай сөйлемнің бір түрі ретінде енгізіліп келді. Бұл еңбектерде аталған сөйлем түріне берілген анықтамалар, негізінен, ойға қатысты сөйлем мүшелерінің түгел қатысу, қатыспауын басшылыққа алған. Дегенмен, қазақ тіл білімі мамандарының арасында толымсыз сөйлемге бірізді берілген анықтама жоқ.
Қазақ тіл білімінің негізін салушы ұлы ағартушы ғалым А.Байтұрсынұлы «Тіл тағлымы» атты еңбегінің «Сөйлем түрлері» деген бөлімінде толымды және толымсыз сөйлемдерге мынандай анықтама берген: «Тұрлаусыз мүшелері бар сөйлем толымды сөйлем деп аталады. Мысалы, Өлген келмес, өшкен жанбас. Берген алар, еккен орар. Ал тұрлаулы мүшелерінің біреуі не екеуі де жоқ болса, сөйлем толымсыз деп аталады. Мысалы, Ит тойған жеріне, ер туған жеріне. Барымен базар, жоқты қайдан табар» [12, 297-529 б.].
Ал қазақ тіл білімінің зерттеушісі профессор Қ.Жұбанов толымды және толымсыз сөйлемдерді «толық сөйлем» және «олқы сөйлем» деген атауларымен атайды да, «негізгі мүшелер түгел (бастауышы да баяндаушы да бар) сөйлемді толық сөйлем дейміз», ал «негізгі мүшенің (бастауыш пен баяндауыштың) біреуі не екеуі де жоқ болса, сөйлем олқы сөйлем деп те аталады» деген анықтама береді [13, 146 б.].
Автор мысал ретінде мына өлең жолдарын келтіреді:Қартайдық. Қайғы ойладық. Ұлғайды арман (Абай).
Берілген өлең жолдарының соңғы бөлімін «толық» сөйлем деп, алдыңғы екі сөйлемді «олқы» сөйлем деп көрсетеді.
Мектеп грамматикаларындағы берілген анықтамалар тұрғысынан қарасақ, толымды сөйлемге бастауышы мен баяндауышы түгел қатысып тұрған сөйлемдер жатқызылады, ал бастауышы жоқ сөйлемдер әрдайым толымсыз сөйлемдер болмақ.
Профессор Н.Сауранбаевтың берген анықтамаларында толықтауыштың қатысу-қатыспауы да сөйлемнің толымды я толымсыз екендігін білдіреді [14, 190 б.]. Сонда сөйлемнің толымды не толымсыз болуы үшін сөйлемнің қалған тұрлаусыз мүшелері – анықтауыш пен пысықтауыштың қатысу-қатыспауы неліктен деген заңды сұрақ туады.
Қазақ тілінде де, жалпы түркітануда да синтаксис, оның ішінде жай сөйлем де, құрмалас сөйлем де оқулық, жеке монография, тіпті диссертациялар ретінде қорғалып келеді. Сондықтан синтаксистің сөйлемдер жүйесіндегі жай сөйлем мен құрмалас сөйлемдер, олардың айырмашықтары, түрлері, жасалу жолдары едәуір зерттелді деуге де болады.
Құрмалас сөйлемнің ғылыми негізін П.М.Мелиоранский, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Р.Әмір, Б.Шалабай т.б. ғалымдар өздерінің мектептепте, орта арнаулы оқу орындарының филология факультеттеріне арнап жазған оқулықтары мен оқу құралдарында баяндалады.
Әсіресе, құрмалас сөйлем синтаксисі қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі кезеңде де үнемі сөз болуда.
Құрмалас сөйлем туралы П.М.Мелиоранский, А.Архангельский, Б.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, С.Жиенбаев, Х.Басымов, Х.Арғынов, Т.Қордабаев, Р.Әмір, Қ.Есенов, Б.Шалабай, Б.Сағындықұлы, С.Қазыбаев, Қ.Мамытбеков, О.Төлегенов, Ұ.Салиева, Қ.Шәукенұлы, Б.Қапалбеков, С.Айтжановалардың еңбектері жарық көрді.
Н.Сауранбаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, Б.Сағындықұлы тек құрмалас сөйлемге байланысты арнай зерттеу жұмыстарын жазды. Осы монографиялық еңбектерде құрмалас сөйлемнің тарихы, зерттелуі, жай сөйлемдерден айырмашылығы, құрмаластың салалас, сабақтас, аралас түрлері, олардың жасалу жолдары, анықтамасы сөз болды.
Құрмалас сөйлем синтаксисі – тіл білімінің ең күрделі салаларының бірі. Бұл жөнінде жоғарыда аталған ғалымдармен бірге С.Жиенбаев, Қ.Есенов, Б.Сағындықұлы, О.Төлегенов, Қ.Мамытбеков, Ұ.Салиева, Б.Қапалбеков, С.Айтжанова сияқты ғалымдар кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, монографиялар жариялап, құрмалас сөйлем туралы көптеген мәселелердің бетін ашу үшін 1958 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы бетінде арнай пікір-талас ұйымдастырылып, онда кейбір ғалымдардың ой-пікірлері жарық көрді.
Осы ғалымдардың әрқайсы құрмалас сөйлемнің жасалуы мен мағыналық түрлері жайында өзіндік ұсыныстарын айтумен қатар пікір қайталаушылықтары да болды. Әсіресе, құрмалас сөйлемдерді мағыналық түрлеріне қарай топтауда пікір қайшылықтары туындап отырады.
П.М.Мелиоранскийдің еңбегінде құрмалас сөйлемдер тек сабақтас құрмаласқа қатысты ғана сөз болады [15].
Ал «Қазақ тіл білімінің атасы» атанған А.Байтұрсынұлы құрмалас сөйлемдерді «сыйысулы» және «қиысулы» құрмалас сөйлемдер деп бөледі. Мұндағы «қиысулы» құрмалас сөйлемдері қазіргі салалас пен сабақтас құрмалас. Автор салас құрмалас сөйлемді 5 түрге:

  1. жиылыңқы;

  2. қайырыңқы;

  3. айырыңқы;

  4. сұйылыңқы;

  5. қойылыңқы [16], сабақтас құрмаласты:

  1. бастауыш бағыныңқы;

  2. анықтауыш бағыныңқы;

  3. толықтауыш бағыныңқы;

  4. мезгіл пысықтауыш бағыныңқы;

  5. мекен пысықтауыш бағыныңқы;

  6. сын пысықтауыш бағыныңқы;

  7. себеп пысықтауыш бағыныңқы;

  8. мақсат пысықтауыш бағыныңқы;

  9. ереуіл бағыныңқы – деп, 9 түрге бөліп қарастырады [17, 303-307б.].

Синтаксистің негізгі салаларының бірі сөз тіркесі тіл жүйесінде ерекше орын алады. Сөздің бір-бірімен тексеру заңдылықтарын, оның құрылымдық және мағыналық ерекшеліктерін ажыратып алмай, әрі сөз тіркестерін құраушы бөлшектердің тіркесу қабілеттілігімен оларды байланыстыратын амал-тәсілдерді айқындап алмай, сөз тіркесі мен сөйлемдер синтаксисі жөнінде мәселеге тоқталу мүмкін емес. Сонымен қатар сөз тіркесі мен сөйлемнің жұмсалу қалпы айрықша сөз етуді қажет етеді.


Сөз тіркесі ұлт тілінің лексика-граммтикалық заңдылықтарына лайық жасалады. В.В.Виноградов сөз тіркестері ұлт тілінің ерекшеліктерін айқын көрсететін категория деп жазады [ 18, 11 б.].
Қазақ тіл білімінде сөз тіркесін басыңқы сыңардың мағыналық қасиетіне қарай топтастыруда кейбір ерекшеліктердің байқалатыны анық. Мәселен, ғалым К.Аханов пен профессор М.Серғалиев есімді, етістікті сөз тіркестеріне «үстеулі сөз тіркестерін» қосқанды жөн санаса, ал профессор Т.Сайрамбаев ғалым М.Балақевтың «ортақ меңгеру» деген пікірін негізге алып, етістікті сөз тіркесінің қатарына «ортақ басыңқы сөз тіркесін» қосқанды құптайды.
Еркін сөз тіркестері сөйлеу кезінде жасалып, коммуникативтілік қызмет атқарады. Еркін сөз тіркесінің сөйлеу кезінде жасалатыны жөнінде ғалымда айтылған тұжырымдар өте көп. Соның негізгісі түйіндісі профессор Р.С.Әмірдің «Жай сөйлем синтаксисі» атты оқулығында қарастырылған деп есептейміз. Автор былай жазады: «Сөздер сөйлем құрау үстінде өзара түрлі функционалдық қатынасқа түседі. Ол функционалдық қатынас сөздердің грамматикалық байланысы арқылы көрінеді» [19, 10 б.]. Демек, сөздердің граммтикалық байланысы арқылы көрінісі еркін сөз тіркестері десек, олардың сөйлеуде пайда болатыны, сөйтіп негізінен коммуникативтік қызметте жұмсалатыны түсінікті болады.
Синтаксистің негізгі объектісінің бірі – сөз тіркесін тану, зерттеу мәселесі В.В.Виноградов, Н.А.Баскаков т.б. ғалымдардың еңбектерінде сөз болып, зерттеу нысанына айналды. Сондай-ақ сөз тіркесі туралы Н.К.Дмитриев, Н.Б.Дырянкова, И.А.Батманов, А.Н.Кононов, Е.И.Убрятова, Л.П.Поцелуевский сияқты көрнекті зерттеушілер өз еңбектерінде арнайы тоқталып, көптеген пікір-тұжырымдар келтіреді.
Б.Н.Головкин сөз тіркесі «сөйлеу мәдениетінің 3 маңызын былай: а) признаки и свойства, которые говорят и о ее коммуникативном совершенстве; б) совокупность навыков и знаний человека, обеспечивающая целосообразное и незатруднительное применение языка в целях общения; в) область лингвистических знаний о культуре речи как совокупности и системе ее коммуникативных качеств, -деп атап көрсетеді [ 20, 7б.]. Сонда сөз тіркесінің «сөйлеу мәдениетін» игерген адам білім мен дағдының жиынтығын мақсатқа сәйкестілігін қамтамас ете отырып, тілді қарым-қатынас мақсатында қиналмай қолдана алады.
Қазақ тіл білімінде бұрыннан зерттеу нысаны болған сөз тіркесін құрылымдық қалыптасу заңдылығы (М.Балақаев, Р.Әмір, Т.Сайрамбаев, Е.Ағманов т.б.) жағынан жан-жақты зерттеулермен теориялық тұрғыдан толыға түсуде.
Сөз тіркесін зерттеу кейінгі кезеңдердің жемісі болғанымен, тиянақты зерттеулер жасалғаны белгілі. Осы орайда сөз тіркесінің көптеген теориялық мәселелерін жан-жақты ашып зерттеген профессор М.Балақаевтың еңбегі қазақ тіл білімінде емес, жалпы түркі тілдерінде де ерекше орын алатына дау туғызбайды.
Профессор М.Балақаевтың сөз тіркесі жөніндегі ой-тұжырымдары мен пікірлерінің өзіндік орны бар. Осы бағытта ғалымның ізін жалғастыруда сөз тіркесінің әр түрлі мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әр қырынан танытып, өз жалғасын тапты.
Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік сөз тіркесінің синоним болу мүмкіндіктері туралы профессор М.Серғалиевтің «Етістікті сөз тіркесінің синонимиясы» деген еңбегінде кеңінен баяндалады [21].
Түйдекті тіркес терминің алғаш рет қолданған профессор М.Балақаев болатын. Ғалым «Основные типы словосочетаний в казахском языке» атты еңбегінде «Глагольные словосочетания со служебными словами» деген тарау берілген. Онда септеулік шылаулардың түйдекті тіркес құрамында келіп, етістікті сөз тіркес құраудағы ерекшелігі мен жасалу жолдары сипатталған. Сондай-ақ зерттеуде түйдекті тіркестің көмекші есімдер арқылы жасалатыны айтылған.
Қазіргі қазақ тілінде тіркестердің бірпнеше түрі анықталып отыр. Атап айтсақ, еркін тіркес, атаулық тіркес, түйдекті тіркес. Бірақ бұл тіркестердің барлығы бірдей сөз тіркесі болып табылмайды. Аталған тіркестер (еркін тіркестен басқасы) сөз тіркесінің құрамына сол тобымен еніп, күрделі сөз тіркесін құрайды.
Тұрақты тіркес фразеологияда жан-жақты зерттелініп, түрлі бағытта қарастырылып жүр. (І.Кеңесбаев, Қ.Қожахметова, Г.Смағұлова, С.К.Сәтенова, Р.А.Авакова, Б.С.Уызбаева, Қ.К.Сарыбасов, Қ.Саркенова т.б.). Атаулық тіркестер мен шектеулі тіркестерге бүгінгі күні арнайы диссертация жазылып, зерттеу еңбектері жарық көрді. «Қазақ тіліндегі шектеулі тіркестер» тақырыбында Б.Рысбай кандидаттық диссертация жазып [55 6], сөздік шығарды [56 7]. Автор қазақ тіліндегі шектеулі тіркестерге, негізгі белгілері мен терминдік сипатына ғылыми анықтамалар берді. Шектеулі тіркестердің жасалу жолдары, сөз табына қатысы, басқа тіркестерден айырмашылықтары сараланады.
Н.Ильясова «Қазіргі қазақ тіліндегі атаулық тіркестер: қалыптасуы мен даму үрдісі» атты кандидаттық диссертация қорғады [57 8].
Ғ.Қ. Иманалиева «Қазіргі қазақ тіліндегі шылаулардың синтаксисі» атты кандидаттық диссертациясында шылаулардың синтаксистік ерекшелігін сөз тіркесіне қатысты шылаулар, жай сөйлемге қатысты шылаулар, құрмалас сөйлемге қатысты шылаулар деп үшке бөліп қарастырған [58 9]. Қ.Қадашева көмекші сздердің сөйлем мүшелерін жасаудағы ерекшеліктерін арнайы зерттеген [59 10].
К.Жұбанов құрмалас сөйлемдерді салалас құрмалас және сабақтас құрмалас деп екіге бөліп қарастырса [22], С.Аманжолов құрмалас сөйлемдерді төртке: 1) салалас; 2) сабақтас; 3) аралас; 4) тиянақты басыңқысыз сабақтас деп бөлсе [23], құрмалас сөйлемнің салалас түрін: ыңғайлас, қарсылықты, себеп-салдар, іліктес, шартты, үлестес, баяншы, бейтараптық, талғаулы, кехектес [24] деп, ал сабақтасты: шартты бағыныңқылы, қарсылықты бағыныңқылы, пысықтауыш бағыныңқылы, оның ішінде: а) себеп-салдар пысықтауыш бағыныңқылы; ә)мезгіл пысықтауыш бағыныңқылы; б) қимил-сын пысықтауыш бағыныңқылы; в) мақсат пысықтауыш бағыныңқылы деген түрлерін ұсынады [24].
Н.Сауранбаев құрмалас сөйлемдерді жіктеуде әртүрлі пікірде болды. Мысалы, 1941 жылы жарық көрген «Қазақ тілі синтаксисі мәселелерінде» құрмалас сөйлемді салалас және сабақтас деп екіге бөлсе [25], 1948 жылғы «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесінде» іргелес салалас, салалас құрмалас, сабақтас құрмалас деп үшке бөлген [ 26]. Ал 1954 жылғы Академиялық «Қазақ тілі» оқулығында салалас құрмалас, сабақтас құрмалас, аралас құрмалас және үйірлі мүшелі сабақтастар деп төртке бөліп қарастырнған [27]. Осындағы салалас құрмаластың жалғаулықсыз түрін ыңғайлас, мезгілдес, қарсылықты, шарттас, амалды мәнді құрмалас десе, ал жалғаулықты түрін: мезгілдес салалас, себепті салалас, қарсылықты салалас, талғаулы салалас деп 4 түрге бөледі [28, 195-197б.]. Сабақтас құомаласты: 1) шартты бағыныңқылы; 2) қарсылықты бағыныңқылы: 3) пысықтауыш бағыныңқылы, оның ішінде: а) амал-қимыл пысықтауыш бағыныңқылы; ә) себеп пысықтауыш бағыныңқылы; б) мезгіл пысықтауыш бағыныңқылы; в) мақсат пысықтауыш бағыныңқылы деп бөлсе [28, 208б.], «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген еңбегінде сабақтасты: 1) анықтауыш бағыныңқы; 2) толықтауыш бағыныңқы; 3) пысықтауыш бағыныңқы; 4) шартты бағыныңқы; 5) қайшы сабақтас құрмалас; 6) салыстырмалы сабақтас деп жіктейді [26].
Профессор Т.Қордабаев салаласты: 1) мезгілдес; 2) себептес; 3) қарсылас; 4) талғаулы; 5) кезектес; 6) түсіндірмелі; 7) салыстырмалы; 8) шартты [29, 55 б.] деп 8 түрге, ал сабақтасты: 1) шартты бағыныңқылы; 2) қарсы бағыныңқылы; 3) салыстырма бағыныңқылы; 4) себеп бағыныңқылы; 5) мезгіл бағыныңқылы; 6) қимыл-сын бағыныңқылы; 7) мақсат бағыныңқылы [29, 112 б.] деп көрсетеді.
Профессор Р.Әмір құрмалас сөйлемдерді:

  1. жалғаулықты салалас сөйлемдер;

  2. іргелес салалас сөйлемдер;

  3. сабақтас құрмалас сөйлемдер деп үшке бөледі де, мұндағы іргелес салалас сөйлемдердің мынандай мағыналық түрлерін береді:

  1. мезгілдік;

  2. қарсылықты;

  3. себептік;

  4. шарттық;

  5. теңдік қатынасты білдіретін іргелес салалас;

  6. айқындауыштық қатынасты білдіретін іргелес салалас;

  7. объективтілік қатынасты білдіретін іргелес салалас;

  8. телінбе компонентті іргелес салалас сөйлемдер [30];

Қ.Есенов салалас құрмаласты:



  1. мезгілдес;

  2. себептес;

  3. қарсылықты;

  4. шартты;

  5. салыстырмалы;

  6. талғаулы;

  7. кезектес;

  8. түсіндірмелі,

  9. көп компонентті салалас сөйлем деп сегізге бөлсе [31, 19 б.], сабақтас құрмаластарды:

  1. шартты бағыныңқылы;

  2. қарсылықты бағыныңқылы;

  3. мезгіл бағыныңқылы;

  4. себеп бағыныңқылы;

  5. амал бағыныңқылы;

  6. мақсат бағыныңқылы;

  7. түсіндірмелі бағыныңқылы деп жіктейді [32, 69 б.].

Ал 1995 жылы шыққан еңбегінде автор сабақтас құрмаластың осы аталған түріне салыстырмалы және үлестес сабақтас құрмалас сөйлемдерді қосып қарастырады [31].
Осы авторлардың ішінде Т.Қордабаев, Р.Әмір, Қ.Есенов, С.Қазыбаев, Х.Арғынов, Б.Шалабай, Б.Сағындықұлы т.б. құрмалас сөйлемді зерттеу барысында бәрі де оның зерттеулерін сөз етіп отырады.
Жалпы сөйлемдерді есімді, етістікті сөйлем деп топтау көбіне жай сөйлемге тән айтылып жүр. Тіпті бұл тақырыпты К.Оңалбаева «Қазақ тіліндегі есімді сөйлемдер» [33] деген тақырыпта диссертация да қорғады. Жұмыспен танысу барысында ол еңбекте есімді жай сөйлем ғана сөз болғандығы байқалады. Осы жобамен есімді сөйлем тек жай сөйлемде ғана емес, тіпті құрмалас сөйлемде де болатыны арнайы зерттеу объектісі етіп алып отыр. Бұл жұмыстың негізгі тақырыбы – есімді құрмалас сөйлемдер.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет