1. Жаңа материалды түсіндіру сабағы – сабақта оқушылардың белсенділігін арттырады. Бұл сабақ өзіне дейінгі өтілген материалдармен байланысты болады. Түсіндірілетін материал баланың жас ерекшелігіне, қабілетіне сай болады.
2. Оқушылардың білімін бекіту сабағы. Мұнда олардың алған білімі (мысалы жай сөйлемнен) бекиді, дағдысы қалыптасады, жетіледі.Ол үшін бұл сабақтарда әртүрлі жаттығулар орындатып, үйрету, дағдыландыру жұмыстары жүргізіледі.
3. Біріккен сабақ. Сабақтың бұл жоғарыда аталған сабақтардың элементтерін бір дәрежеде қамтиды. Сабақ өткен материалды жаңа материалмен байланыстырудан, кейде жаңа материалдың өзін түсіндіруден басталады. Мұнда үнемі теориялық білім мен практикалық жұмыстар қатар келеді. Практикалық жұмыстарды орындауға кейде көбірек уақыт беріледі. Сол себепті оқушылар көптеген шығармашылық жұмыстар - шығарма, мазмұндама, мақала т.б. орындауға мүмкіндігі болады.
4. Оқушылардың білім мен дағдысын тексеру сабағы. Сабақта оқушылардың өтілген материалдардан алған білімі мен дағдысы жете тексерілмейді. Өткен сабақтан алған білімі мен дағдысы сол сабақтардың мақсатына сай тексеріледі.
Синтаксистен жүргізілетін сыныптан тыс жұмыс үйірме жұмысы арқылы жүзеге асады. Үйірмеге ҮІ-X сынып оқушылары қатысады. Үйірменің мақсаты – орта мектеп оқушыларының қазақ тілі синтаксисінен білімін кеңейтуді көздейді. Үйірмеде мынандай жұмыстар жасалады:
Үйірме мүшелері баяндамалар жасайды.
Үйірме мүшелері әрбір баяндаманы талқылауға белсенді түрде қатысады.
Арнаулы тапсырма бойынша шығарма (әңгіме, өлең, мысал), мектептің газет-журналдарына мақала жазылады да, солар үйірмеде талқыланады.
Синтаксиске байланысты оқушылардың ой-өрісін кеңейтетін, тапқырлығын жетілдіретін ойындар ұйымдастырылады.
Қазақ тіл білімі қай тілдегі синтаксисті болса да шартты түрде дәстүр бойынша жай сөйлем синтаксисі және құрмалас сөйлем синтаксисі деп іштей саралайды. Синтаксистің негізгі салаларының бірі ретінде сөз тіркесі қаралынып жүр.
Мектеп жасындағы оқушыларға арналған қазақ тілі синтаксисінің оқулығы алғаш рет 1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен жарияланды. Сонан бері (1939-1940 оқу жылынан бастап) қазақ тілі синтаксисі негізінен орта мектептің алтыншы-жетінші сыныптарында оқытылып келеді. Қазақ тілі синтаксисін (жай сөйлем синтаксисін) оқыту жайы да сол уақыттан бастап сөз болып келеді [34, 5б.].
1939-1957 жылдар арсында жай сөйлем әдістемесінен көлемді монографиялық еңбек жарық көрген жоқ, шағын мақалалар, әдістемелік кітапшалар жарияланды: «Сөйлемнің тыныс белгісі» [35], «Сөйлем мүшелері туралы, Сөйлемнің тыныс белгілерін дұрыс жаза білейік» [36], «Грамматикалық талдау» [37], «Жай сөйлемдер синтаксисін оқытудың кейбір мәселелері, Пунктуацияны оқыту жолдары» [38]. Бұл еңбектерде қазақ тіліндегі жай сөйлем синтаксисін оқытудың кейбір мәселелері грамматикалық талдау, пайымдаулары негізінде баяндалады.
1958-1959 жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында жай сөйлем синтаксисін оқыту жайында Ф.Мұсабекова, М.Достанов, Қ.Жақыпов, Ә.Айсауытовтардың мақалалары жарияланды. Еңбектерде оқытушылардың іс-тәжірибесін, соларда сөз етілген синтаксистік бірліктерді оқушыларға таныту жолын баяндайды. Басқа мақалаларда да осы тәрізді бірен-саран әдістемелік пікірлер кездеседі.
1958 жылдан бері қарай «Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелері» деген атпен бес кітап басылып шықты [39]. Жинақта басылған Ш.Дәулетқұловтың «Синтаксисті оқыту тәжірибемнен» деген жалғыз мақаласында сөйлем мүшелерінін теориялық білім мен практикалық дағды беру жайы қысқаша сөз етілген [40].
1961 жылы жай сөйлем синтаксисінің көрнекі құралы жарияланды [41]. Оның пайдасы мол болғандығы жайында баспа бетінде мұғалімдер пікірі жарық көрді.
Мектепте жай сөйлем синтаксисінің кейбір тақырыптарын оқыту жайында шағын мақалалар 1940 жылдардан бастап газет-журналдарда жарияланып келеді.
1977 жылы О.Байқуатованың «Бастауыш мектепте синтаксис материалдарын оқыту» (Мұғалімдерге арналған көмекші құрал) еңбегі жарық көрді. Автор бұл еңбекте бастауыш сыныптарға арналған қазақ тілі оқулығын басшылыққа ала отырып, синтаксис материалдарын оқытудың әдістемесін қарастырады. Оқулықта оқушылардың алған білімдерін нығайту мақсатында көздеген ойын түріндегі сабақтар үлгісі мен түрлі сызбалар ұсынылған .
Ғалымның пікірінше, «1-сыныпта сөйлем жайында мәлімет беру үшін мұғалімнің әңгіме әдісін пайдалану тиімді» дейді. Тақтаға гүлге су құйып жатқан қыздың, өзен жағасында балық аулап жүрген баланың, ағаш отырғызып жатқан балалардың, далада гүлдеп тұрған қызғалдақтардың т.б суреттері ілінеді. Оқушылар алдымен көргендерін, сонан соң олар жайында сөйлем құрайды. Мұғалім тақтаның бір жағына сөздерді, екінші жағына сөйлемдерді жазады. Осында айтайын деген ойы – сөзбен емес, сөйлеммен айтқанда ғана ой түсінікті болады. Содан соң жоғарыдағы сөздер мен сөйлемдердің мағыналарын салыстыра отырып, сөйлемнің ойды білдіретінін әңгіме әдісімен түсіндіреді [42].
2-сыныпта сөйлемдегі сөздердің байланысын өткенге дейін оқушыларда мынандай практикалық дағдылар болады.:
Орны ауыстырылып берілген сөздерді өз орындарына қойып, сөйлем құрай алады;
Сөйлемдегі сөздерді байланыстыру үшін оларға қосымшалар жалғанатынын біледі.
Сөйлемдегі сөздерге сұрақты дұрыс қоюдың тәртібін үйренеді.
Сұрақ арқылы сөйлемдегі өзара байланысып тұрған сөздерді табуға болатындығы жайында түсінігі болады [42].
Оқушылардың алған білімдерін нығайту мақсатын көздеген тапсырмалар, ойын түріндегі сабақтар үлгісі еңбекте өте көп.
Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемнің зерттелуі мектеп бағдарламалары мен оқулықтарына тікелей қатысты болды. Бағдарлама мен оқулық тіл ғылымының әр кездегі зерттеулеріне негізделе жасалды. Осы тілдің ғылым тұрғысынан зерттелуі тек XІX ғасырдың екінші жартысынан есептелінеді.
XІX ғасырда қазақ тіл ғылымын зерттеуге және қазақ тілі грамматикасының алғаш үлгілерін жасауға ат салысқан адамдар – орыс халқының прогресшіл ғалымдары болды. Солардың бірі – ірі ғалым Мирза Мохамед Али Касим оглы Казамбек болды. Ол 1839 жылы өзінің «Грамматика турецко-татарского языка» атты түркі тектес тілдердің тұңғыш салыстырмалы грамматикасын жасады. Ғалымның осы еңбегі қазақ тіліне тікелей қатысы болғанымен, оның зерттелуіне септігін тигізді. А.Казамбектің шәкірттері Н.И. Ильминский 1861 жылы Қазанда шығарған «Материалы к изучению киргизского наречия» деген еңбегін, И.Н.Березин 1876 жылы қазанда шығарған «Турецкая хрестоматиясының» үшінші томын тікелей қазақ тілін зерттеуге арнады [34, 9б.].
Сол кездегі қазақ тілі грамматикасын жасауға ерекше үлес қосқан құнды еңбек проф. П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген кітабы болды.
П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген кітабы негізінен қазақ тілі синтаксисін қамтыған. Еңбекте қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем қазіргі қазақ тілі тіл ғылымында қалыптасқан жүйеде сөз етілмегендіктен, құрмалас сөйлем жайында, әсіресе, сабақтас сөйлем түрлеріне байланысты көптеген деректер септік жалғауының және етіс, көсемше, есімшенің сөйлемдегі қызметіне байланыстырыла беріледі. Ал шартты рай етістігі сабақтас құрмалас сөйлемнің екі түрін – шартты және мезгіл бағыныңқыларды дұрыс көрсетеді.
П.М. Мелиоранский қазақ тілінде сабақтастың жоғарыда аталғаннан басқа қатыстық бағыныңқы (относительное предложение) деген түрі бар деп біледі де, оның өзіндік ерекшелігі мен табиғатын «Иногда, хотя редко, относительные предложения образуются посредством вопросительного местоимения (кім) с условной формой глагола... Напр., Пой песню того, на чьей земле находишься – кімнің жерін жерлесең, соның жырын жырла (пословица).
Сонымен М.П.Мелиоранский өзінің осы еңбегінде қазақ тілінде сабақтас құрмалас сөйлемнің 8 түрі бар деген тоқтамға келген. Олар:
Шартты бағыныңқы (условное придаточное предложения);
Мезгіл пысықтауыш бағыныңқы (придаточное предложения обстоятельста времени);
Себеп пысықтауыш бағыныңқы (придаточное предложения обстоятельства причины);
Қимыл-сын пысықтауыш бағыныңқы (придаточное предложение обстоятельства образа действия);
Мақсат пысықтауыш бағыныңқы (придаточное предложения обстоятельства цели);
Анықтауыш бағыныңқы (придаточное определения);
Толықтауыш бағыныңқы (придаточное дополнения);
Қатыстық бағыныңқы (относительное пр. предл.)
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем синтаксисі қазақ тіл ғылымында 1935 жылдан бермен қарай зерттеле бастады.
Қазақ тіл ғылымында құрмалас сөйлемнің зерттелуі оның орталау, орта мектептерде оқытылуымен тығыз байланысты. Өйткені мектепте құрмалас сөйлем оқытылғанға дейін, қазақ тіл мамандары ол жайында ғылыми тұрғыдан шешім табуына мектеп грамматикасының мәні зор болды. Мектеп грамматикасын жасауда журнал беттерінде жарияланған мақалалардың көмегі тиді. Солардың бірі – С.Жиенбаевтың 1935 жылыжарияланған «Сөйлемнің үйірлі мүшелері туралы» деген мақаласы. Автор осы мақаласында үйірлі мүшеге арнайы тоқталып, ол құрмалас сөйлемнің үшінші түрін жасайтындығын айтты.
1939 жылы Х.Басымовтың «ІІ Құрмалас сөйлемдерге қойылатын үтір (,) белгілері» деген мақаласында құрмалас сөйлемнің үш түрлі – салалас, сабақтас, аралас – арасына қойылатын тыныс белгілері және олардың өзіндік негізгі ерекшеліктері дұрыс баяндалады.
1940 жылы А.Ысқақовтың «Құрмалас сөйлем мәселелері» деген көлемді мақаласы жарияланды. Онда құрмалас сөйлем жан-жақты зерттелініп, баяндалады. Бұл мақалада құрмалас сөйлем жайында тың пікірлер мен мәнді мәселелер қамтылады: құрмалас сөйлемге анықтама беріліп, құрмалас сөйлем компоненттерінің бастауышы жеке-жеке де, ортақ та болатыны тұңғыш рет атап көрсетілді; салалас пен сабақтас құрмаластарға да анықтама берілді; олардың ара жігі анық-айқын ажыратылды; салаластың түрлері және олардың өзіндік белгілері, аралас құрмаласың өзіндік белгісі сөз етілді [34, 13б.].
Тіліміздегі құрмалас сөйлемді көп зерттегендердің бірі – С.А.Аманжолов, ол – 1939 жылдан күні бүгінге дейін мектеп оқулығының авторы [40]. Мектеп оқулығын жетілдіру арқылы құрмалас сөйлем синтаксисін белгілі бір ғылыми жүйеге салды.
С.А.Аманжоловтың 1940 жылы жарияланған «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқа курсында» алғаш рет қазақ тіл ғылымында құрмалас сөйлем синтаксисі ғылыми тұрғыдан толығымен зерттелінді.
Құрмалас сөйлемнің ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелуіне Н.Т. Сауранбаевтың қосқан үлесі зор.
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемнің ғылыми тұрғыдан зерттелуі Н.Т.Сауранбаевтың «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген еңбегі арқылы көрінеді. Бұл еңбегінде қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдерді үш топқа жіктейді: іргелес құрмаластар, салалас құрмаластар, сабақтас құрмаластар [34].
Х.Басымовша Н.Т.Сауранбаев іргелес құрмаластың өзіндік белгісіне жай сөйлемдердің жалғаулықсыз, мағына жағынан тығыз байланыста болып, келетінін айтады да, мынандай анықтама береді: Мағына жағынан бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ аралары ешбір дәнекерсіз дауыс ырғағымен ғана тұтасып айтылатын бірнеше жай сөйлемдердің тобын іргелес құрмалас дейміз. Ғалым іргелес құрмаласты жайылыңқы және қойылыңқы деп екіге бөледі. Жайылыңқы іргелестің өзіндік белгісіне оның құрамына «енген жай сөйлемдер қысқартылмай, толық күйінде айтылатынын» айтады. Ал қойылыңқы іргелестің өзіндік белгісіне оның құрамына кірген жай сөйлемдердің ортақ баяндауышты болып келетінін жатқызған. Бұл пікірі қазақ тіл мамандарының тарапынан қолдау таппады.
Н.Т.Сауранбаевтың осы еңбегінде салалас құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдер аналитикалық тәсілмен құрмаласатыны, олардың мағыналық байланыста болатынын және жалғаулықтар арқылы байланысатыны дәлелденген. Автор салаластарды мағынасына қарай, мезгілдес, қарсылықт, себептес деп үш топқа бөліп, олардың белгілерін, мәнін айқындай түскен. Қазіргі қазақ тіліндегі талғаулы, кезектес салаластарды құрмалас сөйлем дәрежесіне көтеріле қойған жоқ деп есептеген. Ол қазақ тіліндегі сабақтастың өзіндік белгісіне мыналарды жатқызады:
1) сабақтас құрмаластағы жай сөйлемдердің бірі тиянақты, екіншісі тиянақсыз болады. Осыған орай сабақтас құрмалас сөйлем бағыныңқы және басыңқы компоненттерден тұрады;
2) бағыныңқының баяндауыштары көсемше, есімше, шартты етістік болып келеді;
3) бағыныңқы сөйлемдер тұтас басыңқыдағы ойды не басыңқыдағы бір мүшені ғана сипаттайды, сондықтан да логика-грамматикалық жақтан бағыныңқылар басыңқыдағы бір жай мүшенің қызметін атқарады.
Н.Т. Сауранбаевтың осы еңбегінде бағыныңқы сөйлемдердің басыңқымен байланысы көсемше, есімше, шартты райлы етістік, изафет арқылы көрінетінін көптеген тіл фактілерінің негізінде дәлелдеді. Сабақтастарды былайша жіктеді:
1) анықтауыш бағыныңқы;
2) толықтауыш бағыныңқы;
3) пысықтауыш бағыныңқылар: мезгіл, себеп, амал, мақсат пысықтауыш бағыныңқылар;
4) шартты бағыныңқы;
5) қайшы сабақтас құрмалас;
6) саластырмалы сабақтас;
Ғалым ол кезде үйірлі мүшелі жай сөйлемдерді де құрмалас сөйлемнің бір түрі деп қарады. Алайда 1956 жылғы кеңесте үйірлі мүшенің құрмалас сөйлемнің компоненті болмайтынын мойындады.
Сонымен Н.Т.Сауранбаевтың «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген еңбегінің кемшіліктері бола тұрса да, ол – құрмалас сөйлем синтаксисін белгілі бір жүйеге келтіруде тіл ғылымында ерекше орны бар құнды еңбектердің бірі.
1954 жылы жоғары мектептерге арналған «Қазіргі қазақ тілі» кітабы жарық көрді. Бұл еңбек қазақтарға арналған қазақ тілінің грамматикасы бола отырып, сонымен бірге жалпы және тарихи тіл біліміне кіріспе болып табылады. Қазақ тілі туралы жазылған еңбектердің ішіндегі ең толығы болғандықтан және басқа да түркі тілдерімен салыстыра жазылғандықтан, қазақ тілінен хабары бар тюркологтар үшін бұл еңбектің мәні зор болды.
Қазақ тіл ғылымында құрмалас сөйлемді зерттеудегі соңғы көлемді еңбектердің бірі – Т.Қордабаевтың авторлығымен 1961 жылы жарияланған «Қазіргі қазақ тілі» кітабының «Құрмалас сөйлем синтаксисі» деген бөлімі [43].
Бұл еңбек – Т.Қордабаевтың көп жылдар бойы құрмалас сөйлем синтаксисін зерттеудің нәтижесі. Сонымен бірге автор мұны жазуда қазақ тіл ғылымындағы және тюркологиядағы құнды зерттеулерді де басшылыққа алған.
Қазіргі қазақ тілі – құрмалас сөйлемді ғана зерттейтін монографиялық еңбек ғана емес, жоғары оқу орындарына арналған оқулық. Сол себепті бұл оқулықта негізінен қазақ тіл мамандарының көбі таныған құрмалас сөйлем синтаксисіне байланысты мәселелер қамтылған:
Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен өзгешелігі.
Құрмалас сөйлемнің қалыптасу, даму жолдары.
Жай сөйлемдердің бір-бірімен құрмаласу тәсілдері.
Салалас, сабақтас, аралас құрмалас сөйлемдер және олардың өзіндік белгілері мен түрлері.
1969 жылдың бірінші жартысында Ғылым баспасы Қ.Есеновтың «Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер деген көлемді де құнды еңбегін жариялады. Бұл еңбекте шартты және қарсылықты бағыныңқылардың жасалу жолдары мен мағыналық ерекшеліктері бай тілдік фактілерге сүйене сараланған: термин қолдануда да екі ұштылық кездеспейді; осы еңбекті баспаға бергенге дейін жарияланған зерттеулерді де ескерген.
1989 жылы ғалым М.Балақаевтың «Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту» атты еңбегі жарық көрді. Еңбекте тіл білімінің бір саласы синтаксис туралы көптеген құнды материалдар берілген.
2001 жылы К.К.Садированың, «Синтаксистік бірліктерді кіріктіре оқыту» [44], 2004 жылы Н.Ж.Құрманованың «Сөз тіркесін дамыта оқыту технологиясындағы жаттығулар жүйесі мен оның ерекшеліктері» [45], «Қазақ тілінің сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқыту технологиясы туралы» атты мақалалары жарық көрді [46].
2004 жылы Н.Ж. Құрманованың «Қазақ мектептерінде сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқыту технологиясының ғылыми-әдістемелік негіздері» деген атпен педагогика ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясы қорғалды [47].
Қазақ мектептерінде сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқыту технологиясының теориялық тұғыры – сөз тіркесі синтаксисінен берілетін лингвистикалық білім мазмұнын, сол білі мазмұнын оқушыға меңгертетін дидактикалық заңдылықтарды оқушының даму және білім алу ерекшелігін танытатын психологиялық негіздерді, осы кезге дейін қазақ тілін оқыту барысында стихиялы түрде, интуициялық деңгейде танылып келген тәрбиелік бастауларды талдау арқылы танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |