Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
-
Тарихи грамматика пәнінің мақсаты мен міндеті.
-
Түркі тілдерінің даму кезеңдері.
-
Тарихи лексикология мәселелері.
-
Тарихи этимология.
-
Тарихи фонетика .Дыбыстардың даму тарихы.
-
Тарихи морфология.
-
Есім сөз таптарының даму тарихы.
-
Етістіктің даму тарихы.
-
Тарихи синтаксис мәселелері.
-
Сөйлемнің даму тарихы.
Әдебиеттер: 1, 2, 4,5, 7, 8,11.
25-26-Дәріс: Қазақ тілінің түркі тілдері ішінен алатын орны
-
Қыпшақ тілдер тобының басқа түркі тілдерінен айырмашылықтары
-
Қазақ тілінің ерекшеліктері.
Мақсаты: Қыпшақ тілдер тобының басқа түркі тілдерінен айырмашылықтары көрсету.
Қазақ тілінің басқа түркі тілдерінен ерекшеліктері
Мазмұны:
Қазақ тілінің дыбыстық, фонологиялық жүйесінің даму, тарихи өзгерістерін анықтап білу көне түркі тілінің бізге жеткен нұсқаларын зерттеуге құрылады.
Ғылымда «Орхон-Енесей жазба ескерткіштері дейтін атпен белгілі көне түркі тілінің фонетикалық жүйесі қазақ тілі құрамында негізінен сақталғанымен, дыбыстық құрамда жеке дыбыстардың қолданылуында едәуір өзгерістер болғанын байқаймыз. Ондай айырмашылықтар сол тілдің фонетикалық жүйесін сыйпаттағанда анық көрінеді.
Көне түркі тілінің нұсқалары руникалық жазу арқылы жетті. Ал руникалық жазу тілдің морфологиялық құрылымына негізделген. Сондықтан да ол жазу жеке фонеманың өзіндік сыпатынан гөрі фонемаларды бір-бірінен дербестейтін айырмашылықтарды белгілеген.
Көне түркі жазуы консонанттық негізде жасалған. Сондықтан жеке дауыстылардан гөрі буын сапасын дауыссыздар таңбасы арқылы белгілеу ол жазуда басым болған.
Қазақ тілі – қыпшақ тобындағы тілдер тобына жатады. Ал қыпшақ тобындағы тілдердің қарлуқ, оғыз тобындағы тілдерден фонетикалық негізгі айырмашылықтары мына төмендегідей: 1) 8-9 дауысты дыбыс бар, ы, і, у, и дыбыстары түрлі мәнермен айтылады: татар, башқұрт тілдеріндегі бұл дыбыстар қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдеріндегі сондай дыбыстарға сәйкес келе бермейді; 2) аффикстер құрамында еріндік дауыстылар айтылмайды; 3) сөз құрамындағы еріндік үндесу әлсіз. Қазақ тілінде сөздің бірінші буынында еріндік, кейінгі буындарда қысаң дауыстылар келсе, алдыңғылары соңғыларға әсер етеді. Бірақ өте әлсіз байқалады, сондықтан жазуда ескерілмейді; 4) созылыңқы дауыстылар жоқ. Екінші топқа жататын созылыңқылар орнына қыпшақ тілдерінде дифтонгілер айтылады; 5) көне түркі тіліндегі ғ, г дауыссыздары мен дауыстылардың тіркесі орнына өзгерген жаңа тіркестер (ау, ой, ыу, ей, ій, үй, үу, ұу) қолданылады; 6) көптеген тілдерде сөз басында айтылатын қатаң п орнына ұяң б айтылады, бірақ жіктеу есімдіктері м, б дыбыстарымен мен, бен түрінде дыбысталады; 7) сөз басында қатаң т, қ, к дауыссыздары жиі қолданылады; 8) сөз басында й, ж, дж дыбыстары жарыса қолданылады; 9) сөз ішінде екі дауысты дыбыс аралығында п, қ, к қатаңдары ұяңдап кетеді.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
-
Тарихи грамматика пәнінің мақсаты мен міндеті.
-
Түркі тілдерінің даму кезеңдері.
-
Тарихи лексикология мәселелері.
-
Тарихи этимология.
-
Тарихи фонетика .Дыбыстардың даму тарихы.
-
Тарихи морфология.
-
Есім сөз таптарының даму тарихы.
-
Етістіктің даму тарихы.
-
Тарихи синтаксис мәселелері.
-
Сөйлемнің даму тарихы.
Әдебиеттер: 1, 2, 4,5, 7, 8,11.
27-28-ДӘРІС
Қазіргі тіл білімінің зерттеу парадигмалары
1 Тіл білімінің зерттеу әдістері мен түрлері
2 Салыстырмалы-тарихи зерттеу әдісі
3 Тіл біліміндегі антропоцентрлік парадигма
Қазіргі заман тіл білімінде зерттеу әдістерінің көпшілікке танылған, зерттеу нысаны айқындалған бірнеше түрі бар.Олар: сипаттама, салыстырмалы – тарихи, типологиялық, структуралық, математикалық әдістер.
Сипаттама әдіс – тіл білімі әдістері ішіндегі ең көнесі.Тілге байланысты алғашқы зерттеулердің барлығы дерлік осы сипаттама әдіс бойынша жүргізілген.Сипаттама әдіс зерттеліп отырған нысанның өткендегі күйін, тарихи даму жолдарын ескермейді, тек оның белгілі бір дәірдегі қалпын, синхрондық күйін сипаттаумен шұғылданады.
Сипаттама әдіс бойынша жазылған еңбектер осы әдістің атымен сипаттама грамматика, сипаттама фонетика, сипаттама лексика деп те аталады.тілдің белгілі бір дәуірдегі құрылым жүйесін айқындауда сипаттама әдіс бойынша жүргізілетін зерттеудің мәні ерекше.
Сипаттама әдіс зерттеудің көне замандардан келе жатқан тәсілі болғанымен, ол – ескірген, қолданудан қалған тәсіл емес, қазір заман тіл білімінде де үздіксіз қолданылып келе жатқан жасампаз тәсіл.Структуралық тіл білімі түгелдей дерлік осы сипаттама әдіске сүйенеді, соны қолданады.Бірсыпыра ғалымдар құрылымдық әдісті осы сипаттама әдістің жаңарған, жетіле түскен жалғасы дейді де, оны сипаттама әдістің құрамында қарайды, екеуін біріктіріп, синхрондық әдіс деген бір ғана атаумен атайды. Сипаттама әдіс болсын, құрылымдық әдіс болсын тілдің белгілі бір дәуірдегі күйін, статикалық жүйесін зерттейді.Бірақ қолданыла бастау мерзімі жағынан болсын, зерттеу тәсілі, алға қоятын мақсаты жағынан бұл екеуінің арасында бірсыпыра өзгешелік бар.
Оны байқау үшін қалыптасу кезңнің көп кейіндігіне қарамастан, құрылымдық әдісті де осы тақырыпқа жалғастыра қарап, екі әдіс арасындағы бірлік пен өзгешеліктерді ашқан жөн.
Структуралық әдіс. Бұл әдіс тіл білімінде 20 ғасырдың 20-жылдарынан бастап қолданыла бастады.Бірақ ол ғылыми зерттеу әдісі ретінде басқа ғылымдарда бұрыннан қолданылып келген, тіл біліміне солардан ауысқан әдіс.Құрылымдық әдіс бұл күнде дүние жүзіне кең тарап, тіл біліміндегі ағым ретінде құрылымдық тіл білімі немесе структуализм деп те аталып жүр.
Бұл әдістің құрылымдық деп аталуының мынадай себебі бар.Әдісті қолданушылар тілді өзара тығыз байланыста, шартты қатынаста тұратын, біріне – бірі тәуелді бөлшектерден құралған біртұтас, бір бүтін құрылым, жүйе деп санайды да, тіл білімінің міндеті – тілдің сол құрылымын зерттеу дейді.Тіл құрылымын зерттеуде қолданылатын әдіс – құрылымдық әдіс дейді.Бұл көзқарасты жақтаушылар, яғни құрылымдық әдісті қолдана отырып, тілдің құрылымын зерттеу – тіл білімінің бірден – бір міндеті деп санайтындар – структуралистер деп аталады.
Тілдің құрылымын зерттеу тіл білімі тарихында структурализмге дейін де болға, сондықтан структуралистердің өзіне дейінгілерден, яғни 19 ғасыр тіл ғалымдарынан, өзгешеліктері соңғылардың тілдің құрылымын зерттеуінде емес, соны зерттеу тәсілдерінде, алға қоятын мақсаттарында.Бұл пікірді талдаңқырап көрсетсек, төмендегідей болып шығады.
1. Өткен ғасырдағы тіл ғалымдары тілдік тұлғаларды бір – біріне байланыссыз бөлек – бөлек алып, оларды мағыналық, дыбыстық жақтан талдауға ерекше мән берсе, структуралистер тілді біртұтас құрылым, элементтер бірлігінен тұратын бір бүтін жүйе, сондықтан оның элементтері жеке тұрғанда өз мәндерін толық көрсете алмайды, олардың семиотикалық сипаты, тіл біліміндегі орны, өз жүйесіндегі өзі сияқты басқа элементтермен байланыста, қарым – қатынаста қарағанда ғана айқындалады дейді де, элементтер арасындағы қарым – қатынасқа, байланысқа ерекше мән берді.Сөйтіп, алдыңғылардың зерттеулерінде тіл тұтастығы ескерілмей, ол бір – біріне байланыссыз жатқан кездейсоқ бөлшектер жиынтығы сияқты болып көрінсе, соңғылардың зерттеулерінде ол – бөлшектері бір – бірімен тығыз байланыста, шартты қатынаста тұратын, бірі бәріне, бәрі біріне тәуелді біртұтас құрылым, сындарлы жүйе болып көрінеді.
2. 19 ғасыр тіл ғалымдары тілдің, тілдік элементтердің тарихын зерттеуге ерекше мән берсе, ғылыми зерттеу деп тек тарихи тұрғыдан жүргізілетін зерттеулерді санаса, структуралистер тілді семиотикалық жүйе, тіл білімінің негізгі міндеті – тілдің жүйесін зерттеу, тіл жүйесін зерттеу тек синхрондық статикалық тәсіл арқылы ғана жүргізілуі керек, диахрондық тәсілдің тіл жүйесін зерттеуге қатысы жоқ, нағыз ғылыми зерттеу тек синхрондық зерттеу дегенді айтады.Сөйтіп, структуралистер тілдің таңбалық қызметіне, жүйелік сипатына, синхзрондық күйіне шешуші мән берді, құрылымдық әдістің табан тірейтін принципі осылар деп санайды.
3. Бірақ құрылымдық әдіс барлық елде, барлық жерде бірыңғай, бір мақсатта ғана қолданылмайды.Бұл әдісті қолданушылар арасында қайшылықтар да, ала – құлалықтар да жеткілікті.
Құрылымдық әдіс Кеңес тіл білімінде де қолданылып келеді, қолданылып та жүр.Алдыңғы тарауда айтылғандай, бізде құрылымдық әдісті жақтаушылар да, оған қарсылар да болды.Бірақ түптеп келгенде, бұл әдісті қолдануға болатындығы айқындалды.Сөйтіп, 20 ғасырдың 50 – жылдарынан бастап ол Кеңес тіл білімінде берік орын тепті.Тіл, әдебиет бөлімі бюросы да, осыдан кейін тіл білімінде дамыту жөнінде арнаулы қаулы алды да, осыдан кейін бұл бағыттағы жұмысты өркедетудің әр түрлі жолдары жүзеге асырылады.
Кеңес тіл білімінің құрылымдық әдісті қолдануда, оның міндет – мақсатын айқындауда өзіндік ерекшеліктері бпр.Ең алдымен, бұл әдісті қолдану тіл білімі әдістерінің басқа түрлерінен бас тартуды, олардың пайдалы жақтарын жоққа шығаруды көздемейді.Ол басқа да әдістермен қатар қолданыла береді.Екіншіден, құрылымдық әдісті қолдану тіл тарихын, диахрондық зерттеудің маңызын тіпті де жоққа шығармайды.Үшіншіден, құрылымдық әдісті мағынадан жұрдай жалаң формаларды тізімдеудің немесе формалардың абстракт мәнде алынған жалаң қарым – қатынассын ғана зерттеудің құралы етуге қарсы.Кеңес структуралистері тілдік формамен бірге оның мағыналық, қызметтік жақтарына да ерекше мән берді.
Құрылымдық әдісті қолдануда Кеңес тіл ғалымдары арасында ала-құлалық бар. Бірақ олардың барлығы да маркстік диалектикалық және тарихи материализм принципін басшылыққа алды. Жоғарыда құрылымдық әдістің белгілі шамада сипаттама әдіспен үндес келетіні айтылды. Бірақ сол үндестігімен қатар, бұл екеуі арасында елеулі өзгешеліктер де жоқ емес. Сондайлардың бірі ретінде мынаны айтуға болады: сипаттама әдістің ерекше назар аударатыны тілде қолданылып жүрген элементтердің, тұлғалардың мағыналық, дыбыстық жақтарын, қызметін жеке-жеке айқындап, оларды түрлі категорияларға топтау болса, құрылымдық әдістің ерекше мән беретіні олардың бір-бірімен қатынасы, байланысы, дистрибуциясы. Тіл біліміндегі талдау тәсілдері. Жоғарыда ескертілгендей, сипаттама әдістің болсын, құрылымдық әдістің болсын алға қоятын мақсаты – тілдің белгілі бір дәуірдегі жүйелік құрылымын синхрондық күйде сипаттап шығу. Ал, оны сипаттау – тілдік тұлғаларды бөлуге, олардың өзіндік ерекшеліктерін, қызметтерін дистрибуцияларын айқындауға байланысты.
Тілдік тұлғаларды сипаттау, талдау үш кезеңге бөлінеді: бірінші кезеңде мәтіннен номинативтік, коммуникативтік тұлғалар бөлініп алынады. Екінші кезеңде ажыратылып алынған номинативтік және коммуникативтік тұлғалар әрі қарай құрылымдық бөлшектерге, яғни сөз – морфемаға, сөйлем – сөз тіркестері мен сөйлем мүшелеріне жіктеледі. Ал, үшінші кезеңде алдыңғы екі кезеңде бөліп алынған номинативтік, коммуникативтік және құрылымдық тұлғалар талданып түсіндіріледі.
Құрылымдық түсінік, негізінде, категориялар жәнеғ дискреттік талдау арқылы беріледі. Категорияларды талдау арқылы айқындалған элементтер әр түрлі жақындықтарына қарай түрліше парадигмалық топтарға жіктеледі. Ал, дискреттік (латынша – бөлшектік) талдауда құрылымдық элементтер әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең ұсақ элементтерге дейін жіктеледі.
Тілдік талдаудың жоғарыда аталған үш кезеңінің алдыңғы екеуіндегісі компоненттік талдау деп аталады. Мұнда сөз – морфемдік, сөйлем – мүшелік бөлшектерге талданады. Компоненттік талдау, сонымен бірге, сөз мағынасын түсіндіруде де қолданылады. Мысалы, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» адам деген сөздің лексикалық мағынасы былай айқындалған: «Ойлау және сөйлеу қабілеті бар, өмірге қажетті өндіріс құралдарын өндіре алатын және ол құралды қоғамдық еңбек процесіне пайдалана алатын жан иесі, кісі». Бұл анықтамада адам деген сөздің лексикалық мағынасының алты түрлі белгісі аталған. Олар: ойлау, сөйлеу, құрал өндіру, құралды пайдалана білу, жан иесі және кісі. Бұлардың әрқайсысы – сөздің лексикалық мағынасының жеке комоненттері. Осы комоненттердің бірігуі арқасында сөз мағынасы жан-жақты айқындалды. Компоненттік талдау дегеннің мәні де осында.
Бірақ көптеген сөздердің, басқа да тілдік тұлғалардың мағынасын айқындауда компоненттік талдау жетімсіз болатыны, контекстік талдауды қажет ететіні болады. Контекст деп тілдік тұлғаның орналасқан ортасын айтады. Лексикалық, грамматикалық омонимдердің, полисемиялы сөздердің мағыналарын айқындауда контексті пайдалану шешуші рөл атқарады (күннің көзі, терезенің көзі, бұлақтың көзі, малды суар, малды ауыл, қолын малды).
Кейбір әдебиеттерде контекстік талдау дистрибутивтік әдістеме деп те аталады. Бірақ бұлай атау орынсыз, өйткені контекстік талдау мен дистрибутивтік талдау бір емес: алдыңғысы, негізінде, тілдік тұлғалардың мағыналарын айқындауды көздейді, ал, соңғысы кез келген тілдік элементтер арасында я қасында келе алатынын, олардың қызметін айқындауды көздейді, сондықтан ол синтагмалық тіркесудің барлық түрінде, фонема үшін фонема тіркестерін, морфема үшін морфема тіркестерін контекст ретінде қолдана береді. Математикалық әдіс. Кейінгі жылдарда физика, химия, математика ғылымдарының тез қарқынмен дамуы нәтижесінде техниканың рөлі мейлінше артты. Ол өмірдің бар саласына да кең тарала бастады. Күрделі есептер шығаратын, бір тілден екінші тілге аударатын электрондық машиналар жасалып шығарылды. Содан барып математикада қолданылатын әдісті басқа ғылымдарда, солардың ішінде тіл білімінде де, қолдануға болмас па екен деген сұрақ туады. Оған себепші боларлық кейбір жайттың тілде барлығы даусыз. Мысалы, тілдің құрылымында оның элементтерінің сандық шамасының да атқаратын қызметі аз емес. Онда белгілі бір элемент, форма көп болса, екінші біреулері сан жағынан одан әлдеқайда аз болады. Бірі өнімді, актив қызмет атқарса, екінші біреулері өнімсіз, пассив болады, өте сирек қолданылады. Бұларды айқындау, есепке алу – ғылым үшін қажет нәрсе. Өйткені тіл білімі үшін тілдік элементтердің сапалық сипаты қандай мәнді болса, сандық сипаты да сондай мәнді.
Математикалық әдісті (кейде сандық әдіс деп те аталады) тіл білімінде де қолдану керек дейтін ғалымдар әр түрлі категориядағы, топтпғы сөздерді, олардың әр алуан формаларын, байланыстарын математикалық көптік, жиынтық деп қарауға, сөйтіп, оларды ғылыми талдауға математиканың көптік теориясы деп аталатын формуласын, ұғымын қолдануға болады дегенді айтады.
Бұл әдістің негізгі мақсаты – тілдің, сөйлеудің сандық сипатын, тіл құрылымының қызметімен, дамуымен байланысып жататын сандық заңдылықтарды айқындау, солардың сырын ашу. Оған зерттеу материалы болатындар – тілдік элементтердің, формалардың сандық жағы, сандық сипаттарының жиынтығы.
Математикалық әдіс тілді күрделі есептер шығаратын немесе мәтінде бір тілден екінші тілге аударатын электрондық машинамен қалай жақындастыруға болады дегенді зерттейді. Кейбір ғалымдар Математикалық әдістің бұл міндетін автоматтық анализ әдісі деп бөліп қарайды.
Математикалық модельдер үлгісін тілге де қолдану, тіл білімін де автоматтандыру талабы хабар, информация теориясы негізінде, соның қасиетінен туып, соңғы жылдары өте тез қарқынмен дамып келе жатқан кибернетика ғылымының әсерінен пайда болды. Бұл әдіс Кеңес тіл біліміне 20 ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысынан бастап ене бастады. Содан бергі уақыт ішінде ағылшын, француз тілдерінен орыс тіліне электрон машинасы арқылы аударуға бірнеше әрекет жасалды.
Математикалық әдісті тіл білімінде қлдануда қиыншылықтар да жоқ емес. Математикалық әдістер, модельдер тіл білімінде қлдану үшін, алдымен солардың өзін жақсы білу керек. Ал, тіл ғалымдарының барлығы бірдей математикалық идеяларды біле бермейтіні белгілі. Екіншіден, бұл әдісті қолдануды жақтаушылардың өздері де бірауызды емес. Оны қалай қолдану керек және тіл білімінің қай саласында жемісті қолдануға болады дегендер тәріздес сұрауларға беріліп жүрген жауаптар да әр түрлі. Бірақ елеулі қиындықтарына қарамастан, математикалық әдіс, егер дұрыс қолдана білсе, тіл біліміне едәуір септігін тигізері даусыз.
Салыстырмалы әдіс. Фактілерді бір-бірімен салыстыра тексеру – ғылыми зерттеу атаулының бәріне де қажетті тәсіл. Сондықтан бұл әдіс барлық ғылымдарға тән, ортақ тәсіл деп есептеледі. Салыстыру тек ғылыми зерттеуде ғана емес, әр түрлі тілдерді үйрену, оқыту істерінде, салыстырмалы сөздіктер жасауда да кең қолданылады. Салыстыру арқылы салыстырылып отырған нысанның өзіндік ерекшеліктері, басқаларға ұқсастық және одан өзгешелік жақтары айқындалады. Салыстырудың жолдары, одан шығатын қорытынды, көздеулердің түпкі мақсаты - әр ғылымда әр басқа болуы мүмкін. Сондай өзгешелік тіл білімінде қолданылатын салыстырмалы әдісте де бар. Басқа ғылымдарда қолданылатын салыстырулардан өзгешелігін айтпаған күнде де, бұл әдістің бір ғана тіл білімінде қолданылуының өзінде де әр түрлілік аз емес. Ондай әр түрлілік салыстырылатын фактілердің ерекшеліктерінен, салыстырудан күтілетін нәтижелерден, көзделетін түпкі мақсаттан туады. Салыстырылатын фактілер әр түрлі тілдерден алынуы да, бір тілдің өз фактілері болуы да мүмкін. Сондай-ақ, салыстырылатын әр түрлі тілдер өзара туыстас, төркіндес тілдер болуы да, бір-бірімен ондай жақындықтары жоқ тілдер болуы да мүмкін. Салыстырылатын фактілердің осындай өзгешеліктеріне қарай салыстырмалы әдіс тіл білімінде салыстырмалы-тарихи әдіс немесе тарихи-салыстырмалы әдіс, салыстырмалы әдіс делініп үш түрге бөлінеді. Енді осылардың ішінен кітаптың бұрынғы тарауларында көп сөз болмағаны - тарихи-салыстырмалы әдіс жайына тоқталалық.
Тарихи-салыстырмалы әдіс. Кейбір әдебиеттерде зерттеудің бұл түрін тарихи әдіс деп те атайды. Олай аталатыны: бұл тәсіл тілдік фактілердің тарихын айқындау үшін қолданылады. Оны айқындауда, зерттеліп отырған тілдің әр дәуірдегі фактілерін бір-бірімен салыстыра зерттеу әдісі қолданылады, яғни фактілер тарихи салыстыру арқылы ашылады. Сондықтан біраз әдебиеттерде тарихи деген атауға салыстырмалы деген сөзді қосарлап, тарихи-салыстырмалы әдіс деп атайды. Бұлай атау - әдістің барлық сипатын біршама толық көрсететіндіктен, бұл оқулықта да осы шартты атау қолданылады.
Мұндағы салыстырудың салыстырмалы-тарихи әдістен ең негізгі өзгешелігі – алдыңғыда туыстас бірнеше тілдер фактілері салыстырылса, соңғыда бір тілдің өз фактілері де бір-бірімен салыстырылады.
Тарихи-салыстырмалы әдіс тілдің өзгеру, даму жолдарын, ол өзгерістің заңдылықтарын және оған түрткі болған ішкі-сыртқы себептерді зерттеу үшін қолданылады. Бұл әдіс тілді дамып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс деп танудың, сөйтіп, оның тарихын зерттеуге мән берудің нәтижесінде 19ғасырда пайда болды. Бұл тәсіл сипаттама әдіске тура қарама-қарсы мәнде. Сипаттама әдіс тілдің белгілі бір ғана дәуірдегі, негізінде, осы заманғы статикалық күйін айқындауды көздесе, тарихи әдіс оны даму, өзгеру үстінде, динамикалық, диахрондық күйде алады. Тіл басынан қандай құрылымдық құбылыстарды өткізді, алғашқы құрылым, норма немесе құрылымдық элемент неге жойылды, оның орнын не басты, соңғының алғашқылардан артықшылығы неде? – деген сияқты сұрауларға жауап іздейді. Ол үшін тілдің белгілі бір дәуірдегі құрылымдық күйін, оның соған жалғас екінші бір дәуірдегі құрылымдық күйімен салыстыра зерттейді. Тілдік өзгерістерге түрткі болған ішкі-сыртқы себептерді айқындайды.
Тарихи-салыстырмалы әдісті қолдана отырып, тіл тарихын зерттегенде, тілдік құрылымның әр қабаты – фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, т.б. жеке-жеке зерттелуі мүмкін. Соған қарай, тіл білімі тарихи фонетика, тарихи морфология, тарихи синтакси немесе тарихи грамматика деп бөлектеніп аталады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Амирова Т.А. Олбховиков Б.А., Рождественский Ю.В. Очерки по истории лингвистики.М., 1975
-
Ахманова О.С. Основные направления лингвистического структурализма. М., 1985
-
Березин Ф.М. История лингвистических учении. М., 1978
-
Березин Ф.М., Головин Б.Н. Общее языкознание. М., 1979
-
Гумбольдт В.А. Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Бодуэн де Крутенэ Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Звегинцев В.А. Внутренные законы развития языка. М., 1985
-
Кодухов В.И. Общее языкознани. М., 1974
-
Қордабаев Т.Р., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі, А., 2004
-
Лингвистический энциклопедичесуий словарь. М., 1990
29-30 -дәріс
Тақырыбы : Тіл білімінің қазіргі күйі
Тілдік құрылыстардың көпшілігі, әдетте, қоғам дамуымен, қоғамның рухани өмірінің дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан тіл тарихын зерттеуші ғалым сол тілдің иесі болып табылатын қауым тарихын ескерусіз қалдыра алмайды. Оның үстіне, тілдің әрбір тарихи дәуірдегі күйін білдіретін жазба нұсқа да бола бермейді. Мұндай жағдайда тілдің өткен кезеңдерінен сақталған белгілі фактілерді бір-бірімен салыстыра отырып, белгісіз кезеңдердегі тілдік жүйенің, тілдік элементтердің сипаты туралы ғылыми болжамдар жасауға да тура келеді. Бұл ретте археология, этнография, тарих ғылымдары ашқан фактілердің тигізетін пайдасы да аз болмайды. Осыған байланысты тіл тарихшысы бұл ғылымдардан да хабардар болуы шарт. Бұл жағдайлар тарихи әдіс бойынша жұмыс істеудің қиын да күрделі екендігін байқатады. Солай болғанымен, тарихи әдіс – тіл біліміне өте қажет және бірте-бірте жетіліп, толығып келе жатқан маңызды тәсіл.
Тіл фактілерін тарихи тұрғыдан алып зерттеу, білу ғылым үшін де, практика үшін де керек. Өйткені қандай құбылыстың, фактінің болса да, өткенін, тарихи даму жолдарын білмей тұрып, оның қазіргі күйін, сырын жете білу мүмкін емес.
Бұл айтылғандар тілдің және тілдік категориялардың тарихи даму жолдарын зерттеп білудің шешуші мәні барлығын байқатса керек.
Антропологиялық тіл білімін зерттеушілер «білім, концептуалдылық, концептуалды жүйе, когниция, когнитивтік модель, вербалдылық, менталдылық, концепт, әлем бейнесі, концептілік өріс, ұлттық мәдени бірліктерді» когнитивтік лингвистиканың негізгі ұғымдары ретінде қарастырады. Аталған ұғымдардың адам санасындағы әрекеттері, тілдегі көрінісі, сол арқылы «әлемнің тілдік бейнесін» тануға мүмкіндік жасау қабілеті туралы мәселе бүгінгі таңда жалпы лингвистер алдында негізгі де өзекті проблемалар санатында тұрғандығын кейінгі зерттеулерден айқын көруге болады. Қазіргі тіл білімінде концептуалдылық таным процесіндегі білімнің нәтижесінен көрініс табуда. Бұл атауға байланысты Е.С.Кубрякова: «Концептуализация интерпретируется как «некоторый» «сквозной» для разных форм познания процесс структура знаний из неких минимальных концептуальных единиц»-деген болатын (2, 93).
"Адам және тіл" мәселесі соңғы уақытта мол өзектілікке ие болуда, өйткені тілді адекватты зерттеу ісі оның өз шеңберінен шығып, табиғат пен қоғамдағы белгілі бір ортада өмір сүретіндердің тобына жүгінгеңде ғана толық мүмкіңдікке ие болмақ, себебі, тіл адамды адам ететін айрықша белгі, ерекше нышан қасиетімен танылады.
Әрине, тіл пайда болған күннен бастап адамзаттың өз ойын басқаға жеткізу үшін тәжірибесі жинақталып, қалыптасады. Осымен байланысты оған қатысты тілдік бірліктердің табиғатын тануда тілдің когнитивтік, танымдық қызметі ерекше. Бұл - тілдік ойды жарыққа шығару құралы. Когнитивтік қызметтен тілдің танымдық, затдеректік (денотаттық), референция қызметтері бірге танылады. Яғни тіл - тек заттың, ұғымның аты ғана емес, ол халықтың белгілі бір кезеңдегі таным-түсінігі, өмір салтының жемісі, сол себепті тіл әлеуметтік құбылыстардан тыс өмір сүрмейді. Адам баласының таным-түсінігі толысқан сайын өзіне дейінгі ұрпақтар жасаған мұраларды зерттеп, игеруге деген қажеттілігі арта түспек. Бүгінгі таңдағы ғылыми түсінік ғылымды да, әдебиет пен өнерді де, ел-жұрттың білім өрісі мен сауатын да, ойдың оралымдылығы мен тілдің құнарын да "адам және тіл" аясына сыйғызады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Амирова Т.А. Олбховиков Б.А., Рождественский Ю.В. Очерки по истории лингвистики.М., 1975
-
Ахманова О.С. Основные направления лингвистического структурализма. М., 1985
-
Березин Ф.М. История лингвистических учении. М., 1978
-
Березин Ф.М., Головин Б.Н. Общее языкознание. М., 1979
-
Гумбольдт В.А. Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Бодуэн де Крутенэ Избранные труды по языкознанию. М., 1984
-
Звегинцев В.А. Внутренные законы развития языка. М., 1985
-
Кодухов В.И. Общее языкознани. М., 1974
-
Қордабаев Т.Р., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі, А., 2004
-
Лингвистический энциклопедичесуий словарь. М., 1990
Достарыңызбен бөлісу: |