Қазақстан археологиясы



бет20/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Ойықты мәдениеті. Соңғы жылдары Қазақстанның батыс өңірлеріндегі ойықты және төлес мәдениеттері жайлы кеңінен сөз қозғап жүрген археолог Е.А.Астафьевтің ойынша, екі мәдениеттің ұқсастықтары көп. Бұларды шақпақ тас индустриясын жарықшақтайтын тас тілікті техника біріктіреді, құралдардың басым бөлігі тас тіліктеріне негізделінеді, тас тілік дайындамалары орташа және ірі болып келеді, көбіне жүзін дөңестендіре түзету қолданылады, екінші қайтара өңделген құралдар көбірек ұшырасады.
Сайып келгенде, Каспий өңірі ертеден-ақ мәдени үрдістердің ошағына айналған. Бұл ретте әсіресе тұрғындары Каспий жағалауын мекендеген Маңғыстау ауданы мамандардың едәуір қызығушылығын танытады. Бір айта кететін жайт, мұндағы балықшылық үнемі көшіп-қонуды аса қажет еткен жоқ. Тұрақтар үшін жағалаудағы қолайлы жерлер таңдап алынды. Аңшылық қосалқы сипат иемденді. Бір жерде тұрақтап тұру балықшыларға ұзақ уақыт пайдалануға арналған баспаналар тұрғызуға алып келді. Жағалаудағы халықтың бір орында жиі отыруы ондағы мәдени дәстүрлердің сақталып қалуына жағдай туғызды.
Бұл фактілерді Ақтау қаласы маңынан 1984 жылы табылған Қосқұдық-1 тұрағының материалдары нақты айғақтай түседі. Тұрақ теңіздің қазіргі жағалауынан 1 км қашықтықтықта жатқан жоғарғы теңіз террасасында орналасқан. Тұрақтың сақталған 35 см мәдени қабатынан іргесі тастан қаланған каркасты-бағаналы типтегі үлкен құрылыс орны анықталған. Құрылыс српақша келген. Оның ауданы 16х14 м. Қабырғалары жергілікті тас-әктастардан қаланған. Мәдени қабатынан шақпақ тастан және тастардан жасалған бұйымдар, жапсырылған қыш ыдыстар сынықтары, теңіз ұлутастары мен олардан жасалған әшекейлер сынықтары аршып алынған.
Қосқұдық-1 тұрағының тас индустриясы көп ретте ойықты мәдениетінің дәстүрін сақтап қалған. Оның соңғы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Онда асимметриялы трапециялар мен үшбұрыштар, орталы және түзетілген кескіштер, шетті қырғыштардың үлкен сериясы, шеті шабылған қырғыштар, «шағын кескіштер», аздап түзетуден кейін шеті сынған тас жаңқалары мен тас тіліктері кездеседі. Бұйымдардың жаңа түрлері де пайда бола бастайды. Олар қашау тәрізді құралдар, ұсақ сегменттер мен көптеген шағын бұрғылардан тұрады.
Қабыршақ-ұлутастардан жасалған моншақтар мен олардың дайындамасы қосқұдықтардың бұрғылау ісін жетік меңгергендігін айғақтайды. Олар жіп тоқуды да меңгерген. Мұны табылған ұршықбас тастардың сынықтары нақты аңғартады. Шаруашылығын сонымен қатар жебе ұштары, әктастан жасалған атқыш-тастар мен ауды суға батырып тұратын тас-батырғы да нақты айғақтайды.
Қосқұдық тұрағынан алынған қыш ыдыстарының бір бөлігі ойықты дәстүріндегі ою-өрнек техникасы мен төменгі-еділ неолитінің композициясын сақтап қалған. Сондай-ақ жаңа типтегі ыдыс сынықтары да ерекше көз тартады. Ыдыстардың ернеулері ірілеу келеді, олардың көбінде тарақты ою-өрнегі бар және қыш ыдыс жасалынған саз балшық құрамында қабыршақ-ұлутас бөлшектері кездеседі. Мұндай қыш ыдыстары әдетте Еділ бойы мен Солтүстік Каспий маңындағы хвалын мәдениетінің материалдарынан ғана кездеседі. Бұл мәдениеттің ескерткіштері де Маңғыстаудан табылған. Олар шебір типіне жатқызылған. Бұлармен маңғыстаулық тайпалардың тарихындағы жаңа кезең, яғни энеолитке өту өте тығыз байланысты. Хвалын қыш ыдыстарының негізінде Қосқұдық-1 тұрағы б.з.б. Ү мыңжылдық соңы мен б.з.б. ІҮ мыңжылдық алғашқы жартысына жатқызылған.
Ежелгі қосқұдықтықтардың наным-сенімдері мен жерлеу ғұрпын бірнеше олжалардан көруге болады. Баспана маңынан егде жастағы ер адамның жерлеу орны аршылған. Сол қырымен жатқызылған ол дөңгелектеу келген шұңқырға жерленген. Қасына жерлеу саймандары қойылмаған. Моланың үйіндісінен шақпақ тастан жасалған бұйымдар алынған. Тұрақ жанынан су жиналатын шұқырлар, ұзындығы 5 м жыланның бедері, т.б. заттар қосқұдықтықтардың су стихиясына табынғандығын білдіреді.
2006 жылдан бері аталған аталған ескерткіш төңірегіндегі Қосқұдық-2 қонысы да зерттеліп келеді. Қазба барысында 232 шаршы м алаңқай аршылып, одан баспана, шаруашылық орындары анықталған. Мамандардың алдын-ала есептеуінше қоныстың ауданы 1500 шаршы м-ді құрайды. Аршылған мәдени қабаттан және қоныс аумағынан 5 мыңнан астам шақпақ тас бұйымдары (тас жаңқа, призма пішінді өзектас, қабырғалы тас тіліктері, кескіштер, қырғыштар, т.б.) жинастырылған. Табылған жебе ұштары (4 дана) келтеминарлық сипатта. Қыш ыдыстарының 940 сынығы жинастырылған. Олардың 134-нде ою-өрнегі бар. Мамандар қыш ыдыстарын 9 типке бөлген. Баспана ішінен және жанынан түрлі бұйымдармен қатар әктастан жасалған антропоморфты мүсін немесе ауды батырып тұратын тас-батырғыш (115х80х170 мм), «үтікше» (139х78х34 мм), «таяқша» (ұзындығы 61 мм), тастан жасалған заттар, ұлутас-қабыршақтар, т.б. аршып алынған. Табылған заттар мен мәдени қабатқа қарағанда Қосқұдық-2 қонысын адамдар ұзақ уақыт мекендеген. Оны жер бетіне салынған үлкен баспана орны да нақтылайды. Шақпақ тастан жасалған бұйымдар жиынтығы Қосқұдық-1 ескерткішімен үндеседі. Олар ойықты мәдениетінің кейінгі кезеңіне жатады. Қосқұдық-2 қонысының қыш ыдыстарында хвалын мәдениетінің дәстүрі басым, ал қыстырмалар мен тас тіліктерінен дайындалған жебе ұштары келтеминар мәдениетіне өте жақын. Қосқұдық-2 қонысында бірнеше мәдениеттердің бөлшектері тоғысып, мұнда өзіндік бірегей мәдени тип қалыптасқан. Алынған материалдарына қарағанда Қосқұдық-2 қонысы б.з.б. ІҮ мыңжылдық соңына жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет