Қазақстан археологиясы


Орталық және Батыс Қазақстанның ескерткіштері



бет17/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Орталық және Батыс Қазақстанның ескерткіштері. Орталық Қазақстанның аумағы неолит пен энеолит дәуіріне жататын тұрақтарға өте бай. Олар Қарағанды облысында және Қараторғай өзенінің аңғарында неғұрлым көп.
Орталық Қазақстанның неолиттік тұрақтарын мекендеушілер садақ пен жебені қолданып, тағы жануарларды аулаумен күн көрді. Жебелер бітімі жапырақ немесе үшкіл тәрізді, сағасы ойық болды. Аңшылар садақ пен жебелерден басқа найзалардың ұштарын көптен пайдаланды. Қалған барлық саймандар — қыстырмалар мен тас тілікшелер түріндегі микролиттер. Қоныстардың денінде қырғыштар көп кездеседі. Мұнда мезолиттік техниканың дәстүрлері айқын бейнеленген микролиттік кешендер үстем болды.
Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстанның шекарасында орналасқан Қараторғай тұрақтар тобы Батыс Қазақстандағы тұрақтарға ұқсас. Сонымен бірге оның материалы одан әрі шығысқа қарай таралатын және Орталық Қазақстанды түгел дер­лік қамтитын жана техникалық тәсілдерді бейнелейді.
Балқаштың солтүстік-шығыс төңірегіндегі неолиттік ескертіштердің дені бұлақтық қоныстар бо­лып табылады. Мұнда құралдар дайындау үшін пайдаланылған негізгі шикізат — яшма, кварцит және түсі әр түрлі яшмалы кварциттер болған; жылтыр сары опал және анда-санда порфирит пен қоңыр түсті порфирлер кездеседі.
Жардың жайпақ төбесіндегі кварцитті тас қашалған орын өзіне қатты назар аудартады; жардың етегінде бұлақ орналасқан, онда аздаған шақпақ сайман шықты. Бұлардың көбі (1000 данадан аса) тас қазылған жерден табылды. Мұнда тас жаңқалар, өзектас тәрізді сынықшалар, долбарлы жарықшақтар жиналды; бұлар алғашқы өңдеудің осы жерде жүргізілгенін қөрсетеді.
Жезқазған маңайынан табылған заттар соңғы неолит пен энеолитке жатады. Мұнда тастан жасалған көптеген балғалар, балталар табылды. Басқа саймандар топтамасы ірі көлемді тас жаңқаларынан тұрады.
Иманборлық тұрағы (бұрынғы Көкшетау облысы) осы аттас өзенінің сол жағасында орналасқан. Оның жарынан сүйектер, кө­мір, ұсақ шақпақ бұйымдар, ірі құралдар және керамика жатқан қабаты айқын көрінеді. Мұнда қырғыштар мен сыдырғыштар, балталар мен шоттар, тақтатастан жасалған құралдар мен тоқпақшалар, найзалар мен сүңгілердің ұштары табылды. Пышақтардың, оның ішінде орақ тәрізді пышақтардың көптігі шаруа-шылықтың негізін аңғартады. Жебелердің ұштары қысып түзету арқылы екі жағынан жұқартылған. Ірі шапқы құралдардың ішінен көзге түсетіндері — сланец тастан жасалған бал­талар; бұлар ірі сынықшалар арқылы екі жағынан жұқартылған. Бұл жерден күрзі тәрізді жалтырата тегістелген және бұрғыланған бұйымның фрагменті де табылды; мұның өзі тас өңдеудің ерекше техникалық тәсілдері қолданылғанын керсетеді. Бұның бітімі бір-біріне қосылған екі жарты шар сияқты. Қосылған жерінде ені 1,5 см-дей жайпақ белдік бар, ал бұйымның өзінің диметрі 10,5 см. Сондай-ақ ара тәрізді, ірі қабырғалардан жасалған үш бұйым табылды; бұлар қисық пышаққа немесе ораққа ұқсас ішкі имегінде көптеген тістері бар.
Қыш ыдысты Иманборлық-2 тұрағының тұрғындары таспа әдісімен жапсырып жасаған. Сірә, жасалған ыдыстар отқа күйдірілсе керек. Ыдыстар әр түрлі: параболоид тұрпатты; ернеуі иілген және бүйірі шығыңқы; жиегі тік, мойны біраз ұзын және бірте-бірте кеңи беретін бүйіріне жалғасады. Өрнек салудың негізгі техни­калық тәсілдері: әр түрлі тарақ тәрізді қалыптармен жасалған ойықтар және сызықшалар. Бұған қоса ыдыстардың беті кертпешелермен және шұңқыршалармен сәнделетін болған. Өрнек салу әдісі мен сурет композициясы жағынан алғанда бұл қыш кешен Орал ескерткіштерінің тобына өте ұқсас.
Иманборлық-2 тұрағының қыш ыдыстары мен Батыс Қазақстандағы тұрақтардың қыш ыдыстарының техникалық тәсілдері мен өрнек композициясының ортақтығы бұл өңірлерде шығыс шека­расына Наурызым қорығы енетін біртұтас этникалық-мәдени ареалдың болуы ықтимал екенін көрсетеді. Иманборлық-2 тұрағында, Солтүстік Қазақстандағы тұрақтар мен Оңтүстік Оралдағы қоныстарда нақ бір құрамдағы жануарлардың (жылқының, сиыр мен қой-ешкінің) сүйектері табылды.
Орталық Қазақстандағы Жезді төңірегінен бірнеше неолиттік тұрақтар зерттелген. Олардың арасындағы ең көрнектілері Талдысай елді мекені жанындағы Талдысай-2-3, Сарыбұлақ, Аяқбұлақ, т.б.
Батыс Қазақстан аумағында негізінен өзендік және көлдік типтегі тұрақтар көп тараған.
Үстірт қыратындағы қысқа мерзімді тұрақтар ерте заманға жатады. Мұнда табылған сайман­дар әр алуандығымен ерекшеленбейді: трапеция тәрізді құралдар, кескіштер ғана; қыш ыдыстар жоқ.
Батыс Қазақстанда келтеминар мәдениетінің кезінде С.П. Толстов ұсынған бір ғана нұсқасы бар. Бұл аталып отырған келтеминар мәдениеті Қазақстан мен Орта Азияның үлкен аумағы қамтиды. Тас индустриясы орташа және шағын көлемдегі тас тілікшелер түріндегі дайындамалармен, тас тіліктері сынықтары мен жаңқаларымен сипатталынады. 1989-1990 жылдары Гурьев облысынан (қазіргі Атырау облысы – ред.) Шатпакөл, Құлсары-1-5, Шаңдыауыл, Қыземшек, Қайнар, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс, Шаянды, т. б. тұрақтар мен жұрт-орындар табылған. Шатпакөл жұрт-орны Ембі ауданындағы Шоқпартоғай ауылынан 12 км солтүстікке қарай орналасқан. Тас бұйымдарынан пышақ тәрізді тас тіліктері мен жаңқалары бар. Қыш ыдыстар сынықтары бұлақ жанындағы шағын баурайдан табылған. Құлсары-1-5 тұрақтары Құлсары ауылы маңында шоғырланған. Олардың барлығы жол құрылысы мен газ құбырларын салу жұмыстарының нәтижесінде бүлінген. Көптеген тас заттар арасынан түзетілген немесе түзетілмеген пышақ тәрізді тас тіліктері, тас жаңқа мен тіліктерден даярланған қырғыштар, кескіштер, екі жағы өңделген сапты жебелер, бүйірі ойықты (анкош) құралы, өзектас пішіндес жарықшақтар және призма бітімді өзектастар айқын байқалады. Қыш ыдыстардың көпшілігі өрнексіз, тек кейбірінде ғана көлденеңінен түскен сызықтар бар, бұлардан тік немесе жоғары қарай сызықтар тартылған.
Шаңдыауыл Құлсары ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 22 км жерде. Тас бұйымдары кейінгі уақыттағы Аққызтоғай моласынан онша ұзақ емес жерден табылған. Бұлар - тас тілікті қырғыштар, екі шетті қырғыштар, тас жаңқалары мен қыш ыдыстары.
Қыземшек жұрт-орны Иманқара таулары маңынан, Жантерек темір жол станциясынан оңтүстікке – оңтүстік-шығысқа қарай 37 км жерден табылған. Тау үстінен призма тәрізді тұрпаттағы өзектастар, үстіндегі қырлары түзетілген тас тіліктері және қыш ыдыстар сынықтары жинастырылған. Осындай артефактілер Қайнар өзенінің биік жарларынан да табылған.
Жыланқабақ пен Қойқара жұрт-орындарына «шырша» және майда «тарақ» өрнектер салынған қыш ыдыстар тән. Тас бұйымдары жоғарыда аталған индустрияларға ұқсас.
Сарықамыс және Шаянды тұрақтары Гурев (Атырау – ред.) облысы Ембі ауданындағы Сарықамыс ауылынан оңтүстікке қарай 3 км жердегі құм төбелерінен табылған. Бұдан пайдаға асырылғандықтың ізі байқалмайтын пышақ тәрізді тас тіліктерінің үлкен бөлігі, үсті түзетілген бірнеше тас тіліктері, тас тіліктері мен жаңқаларына негізделген ойықты құралдар жинастырылған. Қыш ыдыстар бөлшектерінде басылған қиғаш оюлар, көлденең сызық пен үш бұрыш тәрізді геометриялық фигуралар анықталды. Боялған қыш ыдыстар жоқ.
Жалпы алғанда, тұрақтар мен жұрт-орындардағы индустрия өңделуі мен жарықшақтануы бойынша жақын, олар: шеттері түзетілген, бір және екі шетті, үсті моқал және омырылған немесе шеті бір не екі жағынан тік тас тіліктері кеңінен тараған, шетті қырғыштар, тас жаңқа мен тіліктерге негізделген ойығы бар қырғыштар.
Шақпақ тас саймандары кей жағдайда Қараүңгір (Оңтүстік Қазақстан) үңгір мен Өзбекстан жер өңдеуші неолиті тас бұйымдарымен үндеседі. Мұның негізінде келтеминар мәдениетінің жергілікті нұсқасын батысқазақстандық ретінде бөлу заңды да.
Солтүстік-Батыс Қазақстанның тұрақтары уақыты жағынан неғұрлым бертініректегі тұрақтар болып табылады; оларды мекендеушілер пышақ тәрізді тас тіліктерді кеңінен пайдаланды, бұлардан қыстырма құралдардың жүздерін, жебелердің ұштарын, қырғыштарды жасады. Қыш ыдыстар бітімі жағынан да, өрнектелуі жағынан да ерекше; ирек сызықты немесе геометриялық тарақ тәрізді өрнек, не болмаса осы екеуінің қиюласуы тән болып келеді.
Бұл ауданның неолиттік тайпаларының мәдениеті Оңтүстік Оралдың, Солтүстік Қазақстанның және Арал маңының неолит мәдениетіне ұқсас; мұның өзі, сірә, ол дәуірде Солтүстік-Батыс Қазақстанда күрделі тарихи үрдістер болғанын керсететін бол­са керек.
Ырғыз өзені бойындағы тұрақтар тобы одан да гөрі соңғы уақытқа жатады. Бұл тұрақтардың тұрғындары бұйымдардың көпшілігін тас тіліктерден жасады.
Ырғыз ыдыстарындагы өрнектер тарақ тәрізді ірі қалыппен түсірілген. Мұнда өрнектелмеген ыдыстар да көп.
Осы белгілердің бәрі ырғыздық тұрақтар тобын Батыс Қазақстанның басқа неолиттік ескерткіштерімен жақындастырады.
Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысы аумағынан бірқатар ескерткіштер ашылды. Олардың арасындағы Сұлукөл-1-3, Аққұм-1-2, Сарыиван, Майтөбе, Жантемір тұрақтарынан тас құралдары мен қыш ыдысары көптеп табылған. Бұл ескерткіштердің тас топтамасында тас тіліктері басқа еңбек құралдарына қарағанда жиірек ұшырасады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет