Қазақстан археологиясы


ІІІ-тарау ПАЛЕОМЕТАЛЛ ДӘУІРІ



бет24/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

ІІІ-тарау


ПАЛЕОМЕТАЛЛ ДӘУІРІ
Энеолит

Көптеген тарихи-мәдени аймақтарда б.з.б. ІV мыңжылдықта заттай мәдениетте түбегейлі өзгерістер басталғандығы мәлім. Бұл кездері адам баласы металл бұйымдар жасауды үйрене бастайды. Сондықтан да әлемдік тарихнамада палеометалл дәуірі ерекше маңызға ие, ал оған көпшілік мамандар энеолит пен қола дәуірлерін жатқызып келеді. Жаңадан пайда болған металл өз кезегінде тастан жасалған еңбек құралдарын түгелдей ығыстырып шығара қоймады. Энеолитте мыс бұйымдар кең тарала қойған жоқ. Оның жұмсақтығы, мыс өндірудің күрделілігі бұрынғыдай тасты кеңінен пайдалана беруге алып келді. Тас бұйымдарды жасаудың біршама қарапайымдылығы әрі шикізат көздерінің барлық өңірлердегі молдығы қола дәуірінде де олардың кеңінен пайдаланылуына алып келген болатын. Қазақстан жеріндегі энеолит дәуірі шамамен б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарды қамтиды. Оның республика аумағындағы хронологиялық шегі әрбір мәдени-тарихи өңірлердегі тарихи дамумен тығыз байланысты. Шамамен мың жылдай уақытқа созылған бұл өтпелі кезең адамзат тарихында маңызды рөл атқарды, адам баласы өз дамуында жаңа сатыға көшті.


Энеолит дәуірі басталмас бұрын табиғатта кездесетін құрамында түрлі металы бар кентастар неолиттік адамдарды ерекше қызықтырғандығын айта кету керек. Кентастар неолиттік адамдардың сенімінше магиялық күшке ие болған, оны құдіреті күшті тылсым дүние туындысы деп есептеген. Мұны Ә.Х.Марғұлан зерттеген Орталық Қазақстандағы Шом тауларындағы неолиттік жерлеу орындарынан көруге болады. Бұл жердегі обаларға мәйітпен бірге кентастар қоса жерленген. Кентастардың не себепті түрлі түсті екендігін немесе күнмен шағылысқанда түсі құбылып тұратындығын түсінбеген неолит дәуірінің тұрғындары, олардың әйтеуір бір ерекше бір қасиеті бар екендігіне сенген. Кейіннен олар бірте-бірте кентастардың мәнін түсініп, оны игеруге көшсе керек. Бірақ ғылымда металл игерудің ең алғашқы қолданылған әдісі қайсы екендігі (суық немесе ыстық) жайлы ғылымдар арасында пікір-сайыстар тоқтамай келеді. Дегенмен көпшілігі бастапқыда табиғи кесек (самородок) металл пайдаланылған деп есептейді. Одан алғашқыда механикалық өңдеу арқылы пышақ, бігіз, ине, қармақ ұшын және басқа да бұйымдарды жасады.
Сонымен қатар барлық мамандар адам баласы ең алғашқы игерген металл «мыс» екендігімен келіседі.
Тағы да бір айта кететін жайт, энеолит (мысты тас) дәуірі адамзаттың мысты ашуымен ғана сипатталынып қана қоймайды, сонымен қатар қоғамдық өмірдегі бірқатар өзгерістермен де сипатталынады. Олардың ішінде алғашқы еңбек бөлінісі, жекелеген өңірлерде шаруашылық түрлеріне көше бастау, кейбір бұйымдар мен әшекейлердің шығуы мен жетілдірілуін де атап кетуге болады. Мысты алу оңайға түскен жоқ. Ол аса қымбат дүниелердің бірі болған еді. Сондықтан да көптеген энеолиттік тұрақтарда мыстан жасалған бұйымдар некен-саяқ қана ұшырасқанымен, бұл тарихи-мәдени кезеңнің негізгі сипатын көрсетуге едәуір мүмкіндік береді.
Энеолит кезеңінде Еуразия аймақтарында егіншілік пен мал шаруашылығы қарқынды түрде дами бастағандығын, ондағы түрлі археологиялық мәдениетті қалдырған тайпалардың ертеден келе жатқан өзіндік мәдени дамуды бастан кешіргендігін далалық зерттеулер нақты көрсетіп отыр. Әсіресе Қазақстан энеолиті басқа өңірлерге қарағанда мүлдем өзгеше еді. Мұндағы табиғи-экологиялық орта мен оны адам баласының игеруі нәтижесінде мал шаруашылығына өту біртіндеп қалыптаса бастайды. Бұл кезде тас құралдарын пайдалану одан сайын жетіле түсті, тіпті ол жоғарғы деңгейге жетті. Адамзат тас өңдеудің соңғы жетістіктеріне осы кездері қол жеткізді де, өнім түрлерін кеңейте түсті. Дегенмен, бұл уақыттарда тілікшелі-қыстырма индустриясы өз мәнін біршама жоғалта бастады. Есесіне жебе ұштары асқан шеберлікпен жасалынғандығы байқалады. Энеолит дәуірінде климат біршама ылғалды болды. Мұның өзі ірі сүт қоректілерді көптеп өсіруге деген мүмкіндікті арттырды. Айта кету керек, бірқатар өңірлерде тіршілік еткен топтар (ру-тайпалар) белгілі бір шаруашылық түріне бейімделіп қана қоймады, сонымен бірге көптеген қосалқы шаруашылық түрлерімен (аңшылық, балықшылық, т.б.) де айналысты. Өйткені, демографиялық ахуал өнімге деген сұранысты күн өткен сайын арттырып отырды. Осыған орай Қазақстан далаларында жылқы өсіру кең етек жайды. Түбі жалпақ, ою-өрнегі мол қыш ыдыстар жасалынды, табиғатқа бейімделген баспаналар соғылды. Қыш ыдыстарындағы ою-өрнектер мен жартасқа түсірілген шимай суреттер энеолит заманындағы тұрғындардың дүниетанымы біршама күрделене түскендігін де аңғартады. Энеолит дәуіріндегі түрлі жартас суреттеріне қоңыр-қызыл жосамен бедерленген символдық белгілер, антропоморфты бейнелер тән болып келеді. Мұндай суреттер Ертіс алабындағы Смолянка, Бұқтарма өзендері бойынан, Манат және Жантас ауылдары маңынан, Монастырь көлдері қасынан, Өскемен қаласының төңірегінен табылған. Жасыбай көлі (Баянауыл ауданы) маңындағы үңгірлер мен жартас қуыстарынан да жан-жануарлар мен антропоморфты жан иелерінің суреттері ХХ ғасыр 30-жылдарынан бастап кеңінен белгілі. Осындағы бедерлерге ұқсас жартас суреттері Оңтүстік Қазақстан (Сусіңген, Тесіктас, т.б.) мен Жетісу жерінен (Қапал-Арасан жаны) де анықталған. Әсіресе Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданындағы Ақбауыр үңгіріндегі 80-нен астам жануарлар суреттері мен символдық белгілердің мәні зор. Онда кейбір зерттеушілердің ойынша, аспан әлемі жайлы түсініктер де орын алған.
Өткен ғасырдың екінші жартысында зерттелінген кейбір ескерткіштер материалдары энеолит дәуіріндегі шаруашылық қаракеттерді толымды түрде сипаттайды (Л.Чалая). Солардың бірі Пеньки-2 тұрағы. Ескерткіштен алынған тас құрал-саймандар Пеньки-1 неолит тұрағында қолданылған тас өндеу техникасындағы дәстүрлермен сабақтастықта дамығандығын көрсетеді. Сонымен қатар ол уақыты жағынан едәуір кейін шыққан: құралдардың тұрпаттарының өзі өзгерген, тас тіліктерінің пайыздық мөлшері ғана емес, олардан жасалған бұйымдардың пайыздық мөлшері де азайды. Құралдар көбінесе әмбебап сипат­та болып келеді, оларды өңдеудегі мүқияттық та төмендеген. Жебелердің ұштары неғұрлым сүйір болады; олардың қыры екі жағынан өңделген; сағасындағы ойықтары тереңдеу; сағасына келгенде бұл қырлар шығыңқы өткір тістер болып шығады. Қоныстан көптеген балталар мен шоттар табылды. Табылған жалпақ тас мүсін де өте қызық; онда аузын ашып тұрған бұланның басы мен мойны бейнеленген; көзі ойылған шұңқырша тәрізді, құлағы жымпитылып жасалған. Ол, сірә, ғұрыптық міндет атқарған болса керек.
Пеньки-2 тұрағының қыш ыдысы бірінші тұрақтың ыдысына ұқсас. Бірақ мұндағы ыдыстардың қабырғасы қалың, түбі жайпақ. Өрнек те өзгерген. Ыдыстар тарақ тәрізді қалыппен түсірілген үш бұрыштар мен шүңқыршалардан тұратын күрделі композициямен сәнделген. Мұндай өрнектер қола дәуірінде андронов мәдениетінің ескерткіштерінде кеңінен тараған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет