Солтүстік Түгіскен – кейінгі қола дәуірінің ескерткіші. Оны М.А.Итина зерттеген. Сырдарияның төменгі ағысында, Арал төңірегінде кейінгі қола дәуірінің бірегей кешені – Түгіскен кесенелерінің ең ерте уақытқа жататындары 4, 5 және 7-ші кесенелер тікбұрышты (54х28х10-12, 48х32х10-11 см) шикі (қам) кірпіштен тұрғызылған. Жоспарында сыртқы шаршы қабырғалармен ұштасатын дөңгелек (диаметрі 14 м) негізге алынған. Ішкі қабырғадан сәл шыққаннан кейін (1,6 м қашықтықта) дөңгелегінен 8 немесе 12 тікбұрышты кірпіш колоннасы орнатылған, қазір одан екі метрдей бөлік қана сақталған (5а кесене). Ары қарай осы сақинадан 1,3 м қашықтықта орнатылған төрт немесе сегіз колонна үшбұрыш тұрпатты болып келеді. Осындай бір-бірден колонналар құрылыстың әрбір сыртқы төрт бұрышында болған (4 және 5а кесенелер). Бірінші, үлкен сақина колонналары өзара жұқа кірпіш қабырғамен (5а кесенесі) немесе өрілген екі қабырғамен жалғасқан.
5а кесенесінде кірпіш қабырғаның сыртқы жағынан саз балшықтан жасалған «орындықтар» орнатылған, олар колонналар арасын толтырып тұрған, және де кірпіш қабырға тіреуіш қызметін атқарған. Бұл 5а кесенесіндегі камера ауданын бөліп тұрған екінші қатардағы колонналар өзара байланыса қоймаған. Сөйтіп, колонналар жүйесі тікбұрышты камераның ортасында орналасқан сыртқы және ішкі дәліздерге бөлінген. Соңғысы 4 және 5а кесенелерінде тереңдетілмеген, тек колонналармен шектелген; 7 кесенеде ол 0,2-0,3 м тереңдетілген, және де оның қабырғасына көлденеңінен жатқан бөрене кеспелтектері қойылған. Кесенеге кірер есік шығыс жақта болған және де ол тікелей ішкі дәлізбен жалғасқан. Сыртқы дәлізге кіру кейбір кесенелерде (5а, 7) мүмкін болмаған, өйткені ол өтетін жер қалдырылған екі қабырғамен бөлініп тұрған. Барлық кесенелер үстірт үстіндегі жер бетіне тұрғызылған.
Кірпіш колонналарымен қатар, оларды қайталай ағаш бағаналар да тұрған, бұлардан тек едендегі шұңқырлар сақталған. Сөйтіп, кесене ішінде айналып өтетін дәліздер жүйесі қалыптасқан. Ортада орналасқан бөлмеден және дәлізден қыш ыдыстар, қоладан жасалған құралдар мен қару-жарақтар, алтын әшекейлер алынған. Орталық бөлмеге қойылған мүрде кесенемен бірге өртелген.
6 кесене Солтүстік Түгіскендегі кейінгі уақытқа жататын ең ірі кешендердің бірі. Бұл жоспары бойынша дөңгелек келген (диаметрі 25 м шамасында) жерлеу құрылысы болып табылады, ол шикі кірпішпен (50-60х25-30х10 см) өрілген цилиндр секілді орталық массивтен (диаметрі 15 м) тұрады, оған шаршы түріндегі жерлеу камерасы енген. Массив сыртқа қоршау сақинасымен қоршалған, олардың арасында ені 2,05 м дәліз орналасқан. Шығыс жағынан ішкі және сыртқа қабырғаларда 1 м шамасында өтетін жер қалдырылған. Жерлеу камерасының (өлшемі 7,8х6,9 м) бұрыштары әлемнің төрт тарапына қаратылған және де ежелгі жер бетіндегі деңгейден 1,3 м тереңдікте қазылған, одан жоғарыда жұқа қамыс қабатының үстіне өрілген кірпіш қаландысы тұрған. Қаланды өрілгенге дейін батыс қабырғаның тлпырақ бөлігінен екі шұңқыр қазылған. Олардың бірі қабырға астынан 2 м тереңдікке дейін барады, және де одан сүйек қалдықтары, бәлкім сиыр қаңқасы шыққан. Бұл «құрылыс іргесін қалау кезіндегі құрбандық». Жерлеу камерасының қабырғалары қалың қамыс пен бұтақтармен бекітілген, сірә бұл сырғауыл мен бағаналар есебінен ұсталып тұрған тоқыма болса керек.
6-шы кесене – ақсүйектің қабірі. Мұны ең алдымен бір бөлігі шарықта жасалған ыдыстардың (60-тан астам) аса бай топтамасы да дәлелдейді. Оны алтыннан жасалған олжалардың бөліктері де растайды. Мұнда ақсүйек әйел, тіпті абыз әйел жерленсе керек.
Солтүстік Түгіскеннің барлық кесенелері бір мәденитке жатқанымен, олардың арасынан сыртқы қабырғасы шаршы түріндегі 4, 5а және 7 кесенелерді ең ерте кезге, сыртқы қабырғасы дөңгелек келген 4а, 5в, 6, 15 кесенелерді кейінгі уақыттарға жатқызуға болады. Кейінгі кезеңдегі ескерткіштер қатарына сол кірпіштерден өріліп, кесенеге жапсарластырылған қоршауларды да атауға болады.
Едені сазбен сыланып, оған циновка төселінген. Қабырғалары, сірә, қола шегелермен қағылған кілеммен немесе киізбен сәнделген сияқты. Мұның бәрі де мүрдемен бірге өртелген.
Үлкен кесенелерге жапсарластырыла шикі кірпіштен тік бұрышты бөлмелер соғылған, олардың ішіне қабір шұңқырлары орналасты. Жапсарлас құрылыстар ауданы 35-50 шаршы м аралығында. Бұларда да мүрде өртелген. Обаларда қыш ыдыстар саны өте көп. Олардың бірінен 40-қа жуық қыш ыдыстар, сондай-ақ алтын мен ақық моншақтары, қола түйреуіш, алтын сырға шықты.
Жерлеу инвентары ішкі дәліздерден және камералардан табылған. Жапсарлата салынған қоршаулардан алынған олжалар жерлеу шұңқырын алып жатқан барлық аумақтан кездескен. Түгіскен кесенелерінен ерте замандарда тоналғанына қарамастан, қазба кезінде қоладан, жартылай бағалы тастардан, алтыннан жасалынған әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар топтамасы жинастырылды. Бұл жерден шарықта және қолдан жабыстырылып жасалынған 200-дей бүтін ыдыстар табылды. Қолдан жапсырылған ыдыстар андроновтық дәстүрді сақтаған, мұндай ыдыстарға ойық немесе үшбұрыш, ромб, меандр түріндегі тарақты өрнектер түсірілді.
Ыдыстардың бір бөлігі – құмыра мен табақтар сұр, қоңыр және қара түспен жалтыратыла көмкерілген. Бүйірі дөңгелек ыдыстар дандыбай-беғазы ескерткіштеріндегі қыш ыдыстар кешеніне ұқсас. Шарықта жасалынған ыдыс-аяқ сұр түспен көмкерілген; қысқа мойынды, бүйірі жарты шар тәрізді. Ал, қабырғалары кедір-бұдырлы. Геометриялық өрнекпен сәнделген, ақ пастамен толтырылған мойыны қысқа жалтыр ұстағышсыз құмыралар да ұшырасады. Түгіскен кесенелері бұл олжаларға қарағанда б.з.б. Х-VІІІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Барлық кешендерден, соның ішінде 5б кесене сіндегі жерлеу қабірінен сұр не болмас қоңыр түсті жалтыратылған қыш құмыралар табылған. Олар ашық келген немсе табақша түріндегі түбі жалпақ, өрнексіз ыдыстар. Мұндай артефактілер Хорезм өңіріне кеңінен таралған әмірабад кешендеріне (б.з.б. VІІІ ғасыр) тән.
6-шы кесенеден егіншілікпен айналысатын мәдениеттерге тән екі хум табылған.
Жапырақ тәрізді төлкесі жасырылған және үкісі тар жебе ұштары да үлкен қызығушылық туғызады. Мұндай типтегі жебе ұштары Әмударияның төменгі ағысындағы, Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы ескерткіштерден табылған және де олар б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Ғылыми әдебиеттерде «киммерлік тип» деген атаумен кеңінен танымал жапырақ тәрізді қола қанжар б.з.б. ІІ-мыңжылдық соңы – б.з.б. І-мыңжылдық бас кезімен мерзімделінеп келеді.
Түгіскен кесенелерінен табылған әшекейлер арасынан ағаш негіздемеге орнатылған үш конус бекітілген ілгегі бар алтын қалқанды сырға ерекше назар аударуға тұрарлық. Ортаңғы конус алтыннан жасалған, ал шеткілері күмістен істелінген болса керек, олар өте нашар сақталған.
Ілгекке орнатылған бір немесе екі қоңырауша түріндегі ірі сырғалар да табылған, олар сыртынан екі немесе үш жарты сфера пішінді тоғалармен әшекейленген.
Солтүстік Түгіскеннен табылған әшекейлер қатарына күмістен және қоладан жасалған екі түйреуішті жатқызуға болады. Алғашқысының бас жағы екі сақина түрінде жасалған да, оған жарты сфера түріндегі алтын тоғалар кигізілген. Оның пішіні Алдыңғы Азия мен Үндістанда қола дәуірінде белгілі болған биспираль басты түйреуіштерге еліктеуден туындаса керек. Екінші түйреуіш басы бұрыштары «қосалқылы» ромб түрінде. Ол Арал өңірінен оңтүстікке қарай жатқан аймақтардағы ескерткіштерге тән болып келеді. Сонымен қатар металл бұйымдарды жарты сфера түрінде тоғалармен әшекейлеу тәсілдері шығыстан енгендігі белгілі.
Күміс түйреуіш пен қоңыраушалы сырғамен бірге бір кешеннен алтыннан және ақықтан (сердоликтен) жасалған моншақтар (соңғысының оңтүстік өңірлерден әкелінгендігіне шүбә жоқ) да табылған.
Солтүстік Түгіскен жерлеу орындарынан табылған барлық заттар бұл ескерткішті қола дәуірінің соңғы кезеңіне, соның ішінде б.з.б. Х-VІІІ ғасырларға жатқызуға мүмкіндік береді. Мұнда андронов мәдени-тарихи қауымдастығының дәстүрі сақталған. Бұл қоршауларда жерлеудің орын алуынан (мұнда мүрдені өртеу кең таралған), мүрделердің басы батысқа қаратылуынан да байқалады. Конус тәрізді сырғалардың андроновтық екендігі даусыз мәселе, бірақ андроновтық, дәлірек айтқанда федоровтық қыш құмыралар пішіні мен ою-өрнегі мұнда кеңінен таралған.
Сырдария сағаларында жүргізілген зерттеулер дамыған қола дәуірінің көптеген тұрақтарын зерделеуге мүмкіндік берді, әсіресе оңтүстік аймақтарда, Іңкәрдария сағаларында андроновтық мәдениетке жататын ескерткіштер көп (бірен-сараны алакөл мәдениетіне, басым бөлігі федоров мәдениетіне жатады). Мұның бәрі федоровтық мәдени құрауыш Солтүстік Түгіскен материалдары үшін жергілікті болған деп топшалауға итермелейді.
Маңызы жағынан екінші орында әмірабад құрауышы (компонент) тұрды, ол қыш құмыралар бойынша нақты байқалады. Оның орын алуы Әмударияның төменгі ағысын мекен еткен тұрғындармен кейінгі қола дәуірінде орнатылған байланыстармен де түсіндіруге болады.
Солтүстік Түгіскен кесенелерінің архитектурасы мен мәдениеті Орталық Қазақстанның беғазы-дәндібай ескерткіштерімен ұқсас екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл жекелеген жоспарлардан, ыдыстардың тұрпатынан да байқалады. Солтүстік Түгіскен мәдениетінде оңтүстік әсері де қатты байқалып қалады. Оны шикі кірпіштен тұрғызылған кесенелердің күрделі архитектурасынан да байқатады.
Солтүстік Түгіскен кесенелері Қазақстан мен Орта Азия тұрғындары арасында болған күрделі әлеуметтік және этномәдени үрдістерді көрсетеді. Олар өз кезегінде мүліктік және әлеуметтік теңсіздікке алып келген мал шаруашылығының дамуына, артық өнімнің ұлғаюына, айырбас рөлінің артуына байланысты болған еді.
Достарыңызбен бөлісу: |