Қалалармен қоныстар салу, баспаналар сипаты, қоғамдық құрылыстар. Көк-Мардан, Оңтүстік Қостөбе, Мардан-Күйік қалаларында жүргізілген қазба жұмыстары қала топографиясын білуге мүкіндік беріп қана қоймайды, сонымен бірге тұрғындардың белгілі бір шаруашылық түріне мамандануын анықтауға, демографиялық аспектілерді, қоғам құрылымындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге жол ашады. Қалалар мен қоныстардан алынған материалдар қоғам мүшелерінің тыныс-тіршілігінен молынан хабар береді.
Махалла (квартал) құрылыстардың негізгі бірлігі болды. Қалалардың махаллаға бөлінуі заңдылық еді. Ол қоғамдағы адамдар тобының туыстық қатынасына, белгілі бір кәсіпке мамандануына, діни сеніміне қатысты қалыптасты. Махаллалардың шығу уақытын мамандар ғасырлар қойнауынан іздестіреді.
Ерте ортағасырлық қалалардың қалыптасуы б.з. І-мыңжылдық орта тұсына сай келеді. Махаллалардың қалыптасун да осы уақытқа жатқызуға болады, алайда олардың қалыптасуы одан мейлінше ерте кездері орын алғандығы белгілі. Бұл кезең Орта Азия мен Қазақстан халықтары үшін күрделі бетбұрыс болды: патриархалды отбасы қауымының орнына шағын отбасы келді. Ол меншік формаларының дамуы (қауымдық-рулықтан жеке меншікке көшу) мен шаруашылықтың даму сипатына (натуралды шаруашылықтан тауар-ақша қатынасына өту) тікелей байланысты болды. Әлбетте, бұл үрдіс отырықшы халық арасында да, көшпелілер ортасында да біркелкі болған жоқ, сондай-ақ шағын отбасылармен қатар патриархалды отбасы қауымдары да сақталған еді. Аға ұрпақ әке мен шешеден тұрды, олармен бірге үйленген барлық ұлдар өмір сүрді. Көшпелілер мен жартылай көшпелілерде шағын отбасымен бірге экономикалық және аумақтық бірлігі бар мейлінше кең әлеуметтік бірлестік орын алды. Мал мен өнім өндіру құралдары әрбір отбасыда иелігінде мұрагерлік жолмен қалып отырды.
Көк-Мардан махаллаларының тұрғындары белгілі бір туыстық-отбасы топтарына жатса керек. Махаллада туыстық қатынастағы жекелеген отбасыларға тиесілі 4-тен 6-ға дейін үйлер болды. Олардың бәрі қалалық ортадан махалланы жоспарлау арқасында оқшаулануға ұмтылған сияқты.
Әрбір отбасылық-туыстық топтың діни ғұрыптар атқаратын орны, өз зираты болса керек. Расын айтқанда, Оңтүстік Қазақстаннан әзірге тек бір махалладан ғана ғұрыптық құрылыс анықталған, ол Көк-Мардан қаласынан табылған. Басқа қалалар мен қоныстардан бұл мақсатқа махалладағы бір үй пайдалануы ықтимал. Бұл пайымдау тағы да Көк-Мардан материалдарына негізделген, себебі одан үй ғибадатханасы анықталған, ол махалла ғибадатханасы рөлін де атқарған сияқты.
Көк-Мардан некрополі қабір шұңқыры бар көлемі орта есеппен 10х10м, биіктігі 2 м-ге дейін жететін саз балшықты платформа сияқты жекелеген құрылыстардан тұрады. Әрбір құрылыста орталық қабір көзге түседі, жас балалардың қабірлері платформаға қарай шоғырланған. Сол себептен де мұндай кез келген құрылысты махалла қауымының зираты деп анықтауға болады.
Оңтүстік Қазақстан қалалары мен қоныстарынан алынған қазба материалдары тек кедей немесе тек бай махаллалардың болғандығын көрсетпейді. Сонымен бірге жекелеген үй иеліктері ауданындағы өзгешеліктер, табылған олжалар сипаты бір махаллада мүліктік жағдайы әркелкі дербес отбасылардың болғандығы туралы сөз қозғауға мүмкіндік береді.
Таксономия, жоспарлау, еден жайы (жер бетіне немесе жерден төмен), жабын сипаты, ошақтың орналасуы мен құрылысы секілді маңызды принциптердің қолданылғандығын баспаналардың типологиясы да нақтылайды. Анықтайтын негізгі белгілердің бірі үйді жоспарлау болып табылады, сол себепті де баспаналар эволюциясында ең алдымен үйдің бастапқы өзегін нақтылап, одан түрлі жолдар (сегментация, қосылу) арқылы белгілі бір баспана кешендерінің қалыптасуын айқындау қажет. Бұл ретте баспана сипаты әлеуметтік, экономикалық және экологиялық факторлар бойынша анықталды. Архитектуралық шешім мен құрылыс техникасына этникалық өзгешелікке барып тірелетін мәдени дәстүршілдік ықпал етуі мүмкін.
Үйлердің үш түрі көзге айқын түседі.
Бір бөлмелі жер бетіне салынған үй жоспары бойынша шаршы немесе тік бұрышты болып келеді. Жоспары, жиһаз-мүлкі осындай жерге аздап кіріп тұрған үйлер де оған ұқсас. Ошақтар ашық түрде, олар тікбұрышты немесе артқы бөлігі дөңгеленген, бұл күлді алу үшін қолайлы.
Каминдер, немесе «қабырға ошақтар» қабырғаға ойып жасалған әркелкі көлемдегі сфера түріндегі ойықтардан тұрады. Еден бетіндегі ошақтар мен каминдердің функционалдық мәні біркелкі емес: алғашқылары үйді жылыту және тамақ жасау үшін қолданылды, екіншілері нан пісіруге пайдаланылды. Хумдар, артық өнімдерді сақтауға арналған ыдыстар үйдің бұрышы мен сыпаларда (суфа) орналасты. Сақтау үшін олардан басқа күйдірілмеген саз балшықтан жасалған бөшке тәрізді және дәл осындай шикі балшықтан жапсырылып жасалған астау секілді ыдыстар пайдаланылды.
Үй иеліктерінің ауданы өзгеріп тұрады: үлкендері – 35-тен 45 шаршы м-ге дейін, кішілері 12-ден 20 шаршы м-ге шейін. Ауданы 20-35 шаршы м үйлер бәрінен көп (85%). Үйдің көлемі жабын (шатыр) сипатына да әсерін тигізді. Үлкен үйлердің жабынына төрт бағана-тіреу қойылды. Орташа үйлерде тіреуіш ретінде бір бағана-тіреу қолданылды, оған ұзынынан бір немесе айқастырылған екі бөрене тіреліп тұрды. Кішкентай үйлер жабынын тек қабырға ғана көтеріп тұрса керек.
Екі бөлмелі үйдегі екінші бөлме сегментация арқылы бастапқы шаруашылық-тұрғынжайдан іргелі қабырғамен бөлінген. Үйдегі қоймалардың орналасуы жатын бөлмеге қарағанда әр түрлі: үйдің ішкі жағында, алдында (анфиладты жоспар) және бүйірінде. Қоймалар ауданы 8 шаршы метрден аспайды. Мұндай үйлер Көк-Мардан, Мардан-Күйік қалаларынан аршылған.
Көп бөлмелі үйлер үштен беске дейінгі бөлмелерден тұрады, олардың бірі сыпасы екі немесе үш қабырғаны бойлай орналасқан жатын бөлме. Едендегі ошақ дөңгелек немесе тік бұрышты алаңқай секілді, оның жанындағы камин, шаруашылық бөлік жататын жайдың негізгі бөлшектері болып табылады. Қоймаларда хумдар, саз балшықтан жасалған үлкен ыдыстар тұрды. Оған Қостөбе, Пұшық-Мардан қалаларындағы құрылыстар үлгі бола алады.
Баспаналардың барлық аталған типтері І-мыңжылдық соңынан бастап Оңтүстік Қазақстан қалалары мен қоныстарында дәстүрлі түрде сақталды. Олар Алтын-Асар (Сырдарияның төменгі ағысы), және де көрші өңірлердегі, мысалы VІІ-VІІІ ғасырларға жататын Гардани-Хисор қоныстарындағы қазбаларға өте ұқсас болып келеді. Гардани-Хисордағы бір, екі, үш бөлмелі үйлерде П тәрізді сыпалар, дән сақтайтын ыдыстар болды. Егер бір бөлмелі үйлерді шаруашылық және жататын жайға бөлу онша байқала қоймаса, екі бөлмелі үйлердің біреуі қойма қамбадан тұрғандығы анық. Баспаналарды өзара жақындастыратын тағы бір бөлшектің бірі – үйді жылыту үшін, тамақ дайындау үшін екі-үш ошақтың салынуы болып табылады. Гардан-Хисордағы күмбезді ошақтар (Көк-Марданда каминдер) түбінде саз балшықтан жасалған нан пісіретін тапалар орналасты.
Пенджикент пен Көк-Мардандағы төрт бөлмелі үйлер жоспарында ортақ белгілер бар. Оңтүстік Қазақстандағы баспаналар Балалық-тепе, афригидтік Хорезм, Памир, Зеравшанның жазық бөлігіндегі кешендерге ұқсас.
Қалалардың тұрғын жайларынан ғұрыптық және зайырлы сипаттағы құрылыстар да бірден байқалады. Мәселен, Көк-Марадандағы төрт үйден «ғұрыптық бұрыштар» анықталған, алайда мұндай үйлердің санын сақталуы нашар болғандықтан дәл анықтау мүмкін болмай отыр. Қоныстар мен қалалардан табылған саз балшықтан және алебастрдан жасалған пұттар олжалары ғибадатхана секілді ғұрыптық бөлмелердің болғандығын растайды, мұндай заттар Қайрағаш усадьбасынан да анықталған.
Махаллалық ғибадатхана тек Көк-Мардан қаласынан табылған. Ғибадатхананың тікелей аналогтары жоқ, бірақ оған ұқсас орындар Гуяр-қала қаласындағы залдан анықталған, онда қабырғаға мүйіз түріндегі жапсырмалар орнатылған қуыс жасалынған.
Архар мүйізді әшекейлер, пұттар, керамикадағы зооморфты сюжеттер табыну нысаны болған Топырақ-қала қаласындағы храмның ашылуы Хорезмдік кушан-афригид мәдениетіне қойдың культы кеңінен тараған сырдариялық мәдениеттің ықпалын көрсетеді.