Қазақстан археологиясы


Отырар-Қаратау мәдениетінің ескерткіштері



бет63/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Отырар-Қаратау мәдениетінің ескерткіштері

Отырар-Қаратау мәдениетінің қоныстары мен қорымдары Қаратаудың оңтүстік және солтүстік тарамдары аудандарында, Арыс пен Бөген өзендерінің аңғарларында, Сырдарияның орта ағысында орналасқан, солтүстікте Қаратаудың солтүстік-шығыс тарамдарынан оңтүстікте Изақұдық құмдарына дейін таралған.


Бұл аудандардағы археологиялық зерттеулер тарихы 1867 жылғы П.И.Лерхтің осында келуінен басталады. Мұнда келген ол түрлі тарихи дәуірлерді қамтитын бірнеше ескерткіштерді сол кезде анықтаған болатын.
ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап күні бүгінге дейін зерттеулер өз жалғасын тауып келеді. Осы аралықта мұнда түрлі археологиялық экспедициялар жұмыс істеді, әлі күнге дейін ғылыми ізденістер өз жалғасын табуда. Далалық зерттеулермен шұғылданған археологиялық экспедициялар мен отрядтарды А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич, К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, Л.Б.Ерзакович, Л.М.Левина, Е.А.Смағұлов, Н.П. және А.Н.Подушкиндер, А.Н.Грищенко, Б.А.Байтанаевтар басқарды.
«Отырар-қаратау мәдениеті» атауын алғаш рет Л.М.Левина кезінде А.Н.Бернштам «Отырар-қауыншы» деп атаған мәдениетті бөліп көрсету үшін қолданды.
Қыш ыдыстарды зерттеу негізінде Л.М.Левина мәдениет хронологиясын нақтылады. Оның бірінші кезеңі б.з.б. І ғасыр мен б.з. ІІІ-ІV ғасырларына жатады.
Қазір өңірді көп жылдар бойы зерттегеннен кейін отырар-қаратау мәдениетінің таралған аумағынан бірнеше ірі орталықтарды бөліп көрсетуге болады. Ең алдымен, бұл мәдениетке атау берген Отырар жазирасы (оазисі), өз кезегінде одан ескерткіштердің бірнеше тобы бөлініп отыр.
Олардың бір бөлігіне Отырар қаласы мен одан 15 км радиуста орналасқан қалалар мен қоныстар кіреді. Бұлар көптеген ғасырлар бойы тіршілік жалғасып жатқан ірі қалалар: Отырартөбе (бірінші ғасырдан ХVІІІ ғасырға дейін), Пышақшытөбе (бірінші ғасырдан ХІІ ғасырға дейін), Құйрықтөбе (бірінші ғасырдан ХІҮ ғасырға дейін), Алтынтөбе (бірінші ғасырдан ХІІ ғасырға дейін), Мардан-Күйік (бірінші ғасырдан ХV ғасырға дейін), Жалпақтөбе (бірінші ғасырдан ХІІ ғасырға дейін). Осындағы 250 шаршы км шамасындағы ауданда түрлі көлемдегі төбе түріндегі ондаған қоныстар орналасқан, олардың арасынан Қаламтөбе, Ақтөбе тобы, Шөлтөбе, Қара-ұншықтөбе, Шошақтөбе, Ботайтөбе, Қайнартөбе, Мәслихат және де Талтақай-1-2, Қоңыртөбе қорымдары ерекше көзге түседі.
Келесі бір орталығы Көк-Мардан қаласы болған шағын жазира (микрооазис) Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан. Мұнда Арыс өзенінің көне сағаларында және Арыстың өзінде ұзындығы 15 км және ені 5 км 45 шаршы км ауданда Пұшық-Мардан, Солтүстік Қостөбе, оңтүстік Қостөбе, Сейітмантөбе, Шөлтөбе, Шаштөбе, Ахайтөбе, Тостағантөбе және басқа қалалар мен қоныстар орналасқан.
Көк-Марадан қаласының жанында жеке тұрған төбешік түріндегі бірнеше некропольдар бар және олар канал маңында да кездеседі.
Бөген өзенінің төменгі ағысында орталығы Бозұқтөбе қаласы саналатын шағын жазира бар және де қаладан 5-7 км радиуста, 40 шаршы км ауданда Бозұқ, Ақтөбе, Кішітөбе қоныстары орналасқан.
Солтүстік жағалаудағы шағын жазира орталығы Оқсыз қаласы болып табылады.
Түркістан жазирасында Иқан, Дөдвен, Қарашық-1, Сидақ, Қаратөбе, Сырдарияның сол жағалауында Мейрамтөбе, Абызтөбе, Келінтөбе секілді орталық-қалалары бар бірнеше шағын жазиралар ерекшелінеді.
Қаратаудың оңтүстік беткейлеріндегі әдетте жазыққа шығар жердегі тау өзендерінің бойында ондаған қоныстар арасынан Қайырхантөбе, Шаштөбені атап кетуге болады.
Жаңақорған жазирасында, Сырдарияның оң жағалауында Ордакент қаласы, Сығанақ жазирасында Сығанақ қаласы орталық болды. Қаратаудың солтүстік беткейлерінде Созақ, Баба-Ата, Құмкент орталық-қалалары болған ондаған қалалар мен қоныстар орналасқан. Бұл жердегі Баба-Ата Ақтөбесі, Тарсатөбе, Алтынтөбе, Шаян Ақтөбесі секілді қоныстар белгілі. Талас өзенінің төменгі ағысында Шаруашлық пен Тектұрмас қалалары, ал орта ағысында Тараз қаласы орталық болды. Арыс өзенінің орта ағысында Жуантөбе, Қараспантөбе, Шортөбе қалалары, Бадам өзені бойында Күлтөбе, Қостөбе, Төлебайтөбе қоныстары ірі орталыққа айналған еді. Мұндағы Бөріжар, Қараспан, Күлтөбе қорымдары да тарихнамада кеңінен танымал.
Арыстың жоғарғы жағы мен салаларында Ұзынтөбе, Жартытөбе, Төрткүлтөбе қалалары мен қоныстары орналасқан. Талас жотасының тау алды аймағында көптеген қалалар, қоныстар мен қорымдар бар. Олардың арасындағы Шымкент және Сайрам қалалары ең ірілері.
Аталмыш мәдениеттің қоныстары өзен жағалауларында орналасты және жанында қорымдары болды. Олардың ең ерте кезіне Ақтоған, Абызтөбе, ішінара Сырдариядағы Ордакент, Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі Ақтөбе қоныстарын жатқызуға болады. Соңғы аталған қоныс жанындағы қорымнан қауыншы және жетіасар мәдениеттерінен өзгеше жерлеу құрылысы анықталған. Қауыншы мәдениетіне тән катакомбалы жерлеу бұл ауданнан табылмаған.
Отырар, Түркістан жазираларынан қолдан жасалған платформалар мен наустарға жерлеу орын алғандығы анықталған.
Арыстың орта ағысындағы обалардан катакомбалы жерлеу мен наустарға мүрдені орналастыру ғұрпы анықталып, зерттелген.
Өзеннің жоғарғы ағысынан, Бадам өзенінің аңғарынан сары топырақты үйінді астындағы қабірлер зерттелінген.
Қыш ыдыстар тобынан түбі жалпақ және аузы кең, корпусы аздап шығыңқы, көлбеу (құламалы) иық тұсы біртіндеп аса биік емес мойынына жалғасқан банка тәрізді пішіндегілері анықталған. Ыдыстың шет жағына тігінен екі ілгек тәрізді ұстағыш бекітілген. Мұндай пішіндегі ыдыстар қауыншы мәдениетінде көптеп кездеседі. Айналып тұрған тұғыр көмегімен қолдан жасалған қызыл саз балшықты қыш ыдыстары басым, ал сырты ақ, қызыл-қоңыр түспен көмкерілген станокта жасалғандары сирек кездеседі. Хумдардың иық тұсы көлбеу келген, қысқа мойнынан бірден кертпе, кейде білік арқылы қайырылған. Ернеуі кесігі бойынша үш бұрыш немесе сопақша келген. Бұл ыдыстар жоғарғы бөлігіндегі пішіні бойынша кангюй уақытына жататын хорезмдік ыдыстарға ұқсас.
Ірі қыш құмыра секілді ыдыстар кесігінде кішкентай үш бұрышты немесе дөңгелек келген ернеуі бар, мойыны кең әрі аласа, иық тұсы бірден көлбеу түскен, денесі дөңгелек. Ыдыс шетінің жоғарғы жағына ілгек тәрізді ұстағыш үнемі жапсырылып отырған. Бұған сәйкес келетін ыдыстардың жоғарғы жағы жалпақ толқынды кесінділер қатарымен өрнектелген.
Қыш құмыралар тұрпатына (пішініне) келер болсақ, кесінді ернеуі шағын үш бұрыш немесе дөңгелек келген ауызы кең ыдыстарды бөліп көрсетуге болады. Көбісінің мойыны ұзын, олардың ортаңғы тұсынан көлденеңінен білік өтеді. Жетіасар мәдениетіне тән шетінде бір немесе екі су құяры (шүмегі) бар ыдыстар да ұшырасады. Қыш құмыралардың бір бөлігінің иығы мойын тұсынан бірден алыстатылып жапсарластырылған.
Табақтар мен тостағандар ашық, аса биік емес, тұрпаты жартылай сфера түрінде, шеті қарапайым етіп жасалған немесе бөліп көрсетілген білік түсірілген, олар көбіне қызғыш ангобпен көмкерілген және жалтыратылған, сондай-ақ жетіасар мәдениетінің материалдарына ұқсас болып келеді. Қызыл ангобпен көмкеріліп жалтыратылған тік келген немесе ауыз шығатын тесігіне қарай қабырғасы жұқа саптыақтар да ұшырасады. Иығы мен денесі көлденеңінен кедір-бұдырланған ыдыстардың (әдетте өте үлкен) саны өте көп. Жоғарыда қарастырылған бұл кешен біздің заманымыздың шегімен немесе б.з.б. І ғасыр мен б.з. ІІІ-ІV ғасырларымен мерзімделінеді.
Б.з. І-мыңжылдық орта тұсымен (V-VІ ғасырлар) мерзімделінетін келесі кезеңге қоныстардың көп бөлігі жатады. Бұл кезеңдегі бірінші топ керамикасында қазандық тәрізді ыдыстардан басқа түбі тегіс, тігінен қойылған ілгек секілді екі ұстағышты, ойық пен шұңқыры сабынның жоғары жағында орналасқан банка тәрізді саптыаяқтар кездесе бастайды. «Ас үйлік» ыдыстардың шеті мен денесіне білік, таяқшамен бөлу немесе қолмен басылып толқын тәрізді ою-өрнек түсірілген, конус секілді жапсырма-томпақша жапсырылған. Бұл кезеңнің ескерткіштерінен өгіз басы секілді тұғырлар (тығырық) да кездескен, олар қауыншы мәдениетіне тән болып келеді.
Екінші топтағы хум, ірі ыдыстарға шаршы сипатындағы ернеулердің орын алуы тән. Қыш құмыралар денесі кәдуілгі алмұрт секілді еді, олардың мойыны кең, көлденеңінен ілгек секілді ұстағышы болды, ұстағыштың бас жағы мен арқа тұсын бойлай ойықтар мен шұңқыршалар түсірілді. Кейбір қыш құмыра ернеуі ауыз қуысы секілді жасалды, оның сыртында шағын білік болды, көпшілігінің мойын тұсы көлденеңінен түсірілген кедір-бұдырлармен сәнделді, кейбірі цилиндр секілді, кейде аздап қысылған тұмсық сияқты, басқаларының су ағары ыдыс шетінде орналасты. Мұндай ыдыстар қызыл-қоңыр және қара жұғынды мен аққан ізді ою-өрнектермен ғана емес, сонымен қатар кесіп өткен ирек сызықтармен де сәнделді. Ауыз қуысты жұмыр білікті қыш құмыралардың көпшілігі қызыл-қоңыр ангобпен көмкеріліп, жалтыратылған.
Саптыаяқтардың денесі сопақша келген, оның ілгек тәрізді тігінен жапсырылған ұстағышы болды, ұстағаштың жоғарғы бөлігіне қойдың қайырылған мүйізі секілді жапсырма немесе схемалы түрде қойдың басын бейнелейтін кертпеш орнатылды. Бұлар қауыншы мәдениетіне тән еді.
Үшінші кезеңге (VІ-VІІІ ғасырлар) Мардан-Күйік, Құйрықтөбе, Бәйгеқұм Ақтөбесі қалаларының мәдени қабатын, Баба-Ата қаласының төменгі қабатын, Бөріжар сияқты қорымдарды жатқызуға болады. Бұл кезеңдегі бірінші топ керамикасына бөліп тұрған кертпе немесе саусақпен жұлған секілді жапсырма біліктің кеңінен қолданылуы тән. Бұл білік ернеудің төменгі бөлігіне түсірілген, кейде мойын тұсына орналасқан, ал денесіне орналасу өте сирек ұшырасады. Кейбір ыдыстардың ернеуі кертік, ойық пен симметриялы орналасқан жапсырмамен өрнектелген үш бұрыш немесе шаршы тәрізді жұмыр болып келеді. Жалпақ және конус пішінді кескінді ою-өрнегі бар қақпақтар да кеңінен таралды.
Екінші топтағы ыдыстар арасында қызыл-қоңыр және қара аққан із бен жұғынды керамикалар бұрынғысындай кездесе береді.
Хумдардың көпшілігінде кейде саусақпен ұзынынан басып өрнек түсірілген шаршы түрінде кесілген ернеулер ұшырасады. Қыш құмыралар тұрпатында алдыңғы уақыттағы ыдыстар пішіні (жұмыртқа тәрізді және ұзынша-сопақша денелі, биік және кең ауызды, су құйылатын жері бар) сақталынды. Мойыны тар, су құятын шеті ұзын келген ыдыстар да кездеседі. Ауыз қуысы тәрізді ернеулі қыш құмыралар да өте көп. Иығы мен денесін түгелдей кедір-бұдыр жауып тұрған ыдыстар да табылған.
Алғашқы ғасырдан бастап VІІІ ғасырға дейін қарастырылған қыш құмыралар кешені Ташкент жазирасындағы қауыншы мәдениетімен және аздап Төменгі Сырдариядағы жетіасар мәдениетімен тығыз байланысты. Сонымен қатар бұл аудандағы керамикада өзіндік ерекшеліктер де болған. Мәселен, мойнының астына білік түсірілген хумдар, мойын тұсына көлденеңінен білік түсірілген қыш құмыралар, кедір-бұдырлардың сан алуан түрлі және көлемі әрқилы құмыра денелеріне түсірілуінің кеңінен таралуы, т.б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет