Алматы қорығы
Іле Алатауының төрінен орын тепкен Алматы мемлекеттік қорығы 1934 жылы 6 мамырда құрылды. Бастапқыда қорық ұйымдастырған жердің көлемі 15 мың ғана гектар алқапты қамтыса, кейін оған көптеген жерлерді қосуға байланысты 40 жылдардың басында Алматы қорығының жалпы аймағы 857 мың гектарға жетіп, ол ерекше маңызы бар қорықтар қатарына кірді.
Қорық жерінде табиғаттың барлық белдеулері анық байқалады. Мұнда, аптабы ыстығы бар шөл-даланы да, тынық орманды белдеуді де және мәңгілік мұз болған тундраны да биіктік бағытында кездестіруге болады. Осыған байланысты қорық жерінде өсетін өсімдіктер мен мекендейтін хайуанаттар дүниесі түр жағынан бай келеді. Мәселен, қорық аймағында жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің 500 түрі, мүктердің 107 түрі, қынаның 77 түрі және саңырауқұлақтардың 190-ға жуық түрі өседі. Ал, құстардың 170 түрі, сүтқоректілердің 60 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 20-ға жуық түрі қорықтың хайуанаттар дүниесін құрайды. Олардың қоры да әркелкі. Кәсіптік маңызы бар аңдардың қорықта: еліктің 500 басы, 300 қабан, мыңға жуық арқар, 60 марал, 40 аю және санаулы қасқыр тіршілік етеді. Қоры тым аз болғандықтан сиреп кеткен аң мен құс түрлері де аз емес. Алматы қорығында халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабында» жойылып кету қаупі бар аң ретінде тіркелген барысқарақұйрық мекендейді. ТМД және республикалық «Қызыл кітапқа» тіркелгендерден - ақ тырнақты аю, арқар, сілеусін, сабаншы, шұбар күзен, сақалта, бүркіт сияқты хайуанаттар қорық жерін қныстанса, осы аймақта өсімдіктер дүниесінің – Мушкетов түйесіңірі, Сиверс алмасы, Островский қызғалдағы сияқты өкілдері өте сирек кездеседі.
Іле өзенінің бойында жатқан қорық филиалының аймағында шөл және шөлейтті аймаққа тән өсімдіктер мен хайуанаттардың түрлері таралған. Кіші және Қалқан тауларының аралығында аңның 43, құстардың 85, қосмекенділердің 3, бауырымен жорғалаушылардың 3 түрі тіршілік етеді. Сонымен қатар, осы екі тау аралығында, табиғаттың өзі жасаған ғажайып туындысы – «Айқайқұм» атты, биіктігі 50 метр, ұзындығы 3 километрге жуық келген құмды төбе орналасқан. Күн ашық кезде сәл ғана жел тұрса, осы құмтөбедегі құмдар бір орыннан екінші орынға сусып жылжып, күшті дыбыс шығарады. Сол сусыған құм дыбысы кәдімгі реактивті самолеттің дыбысына ұқсас келеді. Егер, күшті жел тұрса, сол дыбыстың әсерінен 3 километрдей жерде орналасқан үйлердің терезе әйнегі сылдырлайды. Мұндай дыбыс шығарушы қасиет тамаша құрғақ кремнезем қоспасы бар жақты, сусымалы таза құмдарда ғана болатынын қазір ғылым анықтап отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |