«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
142
Ақиқатында, 30 жылдары жазалау шаралары қарқын алғанда жалпы қазақ интелигенциясы,
оның ішінде шығармаларымен танылып көзге көрініп қалған, айыптау нысанасына іліккен
шығармашылық интеллигенция қорқыныш пен үрейдің жетегінде жүрді. Қайтсем аман қалам
деген пенделік сұрақ басты орынға шықты. Сонымен қатар, шынымен «халық жауы» шығар,
партия мен НКВД қателеспейді деген түсінік те болды. Содан да, шығар троцкишілерді
айыптауға қазақ интеллигенциясы өкілдері де үн қосты.
Москвада 1937 жылдың 23-30 қаңтарында «Антисоветтік троцкистік орталық» ісі бойынша
Пятаков, Сокольников, Радек т.б. соты өтіп, олар атылу жазасына кесілді. Осы кезде І.Жансүгіров
Пятаковтың өлім жазасына кесілгенін қолдап, осы 1937 жылдың 2 ақпанында «Кек» деген
өлеңін жариялады. Онда:
Бәрекелді, халқым соты, жақсы айттың!
Билігіңмен жұрт ашуын жұбаттың.
Халқым сүйген
Сталинді атпақ болған
Әсіресе Пятаковты жақсы аттың! – деп жазды [27]. Ал, арада шамалы уақыт өткен соң
І.Жансүгіровтің өзі де «ұлтшыл-фашист» деп айыпталып тұтқындалды, атылды.
37 жылдың дүрбелеңі кезінде «халық жаулары» ұсталып, дүркін-дүркін сот өтіп жатқанда
баспасөзде бұл шараны қолдаған мақалалар, өлеңдер жиі жарияланды. Халық жауларын
әшкерлеу мен жазалауды партия саясаты деп түсінген интеллигенция қалыс қалмады, қолдауға
мәжбүр болды. Ж.Жабаев «Кекті ашу» деп аталатын жырында Троцкий, Зиновьев, Каменевтерді
«ит, қара бет, қасқыр» деп не бір сөздермен төбелесе, жырдың соңында оларды «атылсын!»,
«Жасасын күнім Сталин» деп аяқтады. Ал, «халық жауларын» тауып жазалаған, кейін өзі де
осы жазалау машинасының құрбаны болған сталиндік Нарком Ежовқа өлең арнады:
Гүл жайнап, сән түзеген қала, дала
Алтын зер шапан киген сай мен сала.
Сүйеді Сізді бәрі Ежов жолдас,
Елінде Қазақстан қарт пен бала.
Мұның өзі тоталитарлық кезеңнің ащы шындығы болумен қатар, қазақ зиялыларын тағдыр
талқысына, әрі тәлкегіне салған тарихтың қасіретті бір кезеңі. Әрине, біз 37 жылдың зұлматына
байланысты қазақ зиялыларының бірін ақтау мен екіншісін кінәлау, айыптау мақсатын қойып
отырған жоқпыз. Солай болғанмен, тарихтың доңғалағы кері айналмайды. Тарихтың өткенін
таразылау, одан сабақ алу бүгінгі күннің еншісінде. Сонымен қатар, өткен 30-шы жылдардың
қаралы тарихынан азды көпті хабары бар жан «неге, бұлай болды» деген сұраққа жауап іздейді.
Бізде қосыламыз.
Достарыңызбен бөлісу: