«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
137
1937 ЖЫЛ: ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН ҚАСІРЕТІ
Қ.Ғ. Даркенов,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғ.к.
Астана қ., Қазақстан
Шығармашылық қызметтегі қазақ зиялыларының рухани-моральдық дағдарысы 1937
жылғы қуғын сүргін жылдарында айқын көрінді. 1937 жылы әдеби көркем шығармаларымен елге
танылған қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау бұрынғыдан бетер күшейіп, өзінің шарықтау
шегіне жетті. Олардың шығармаларының әр жолынан, айтылған ой пікірлерінен ұлтшылдық
пен байшылдықты, кеңес үкіметіне қарсылықты, теріс ниеттілікті көруге тырысушылар шықты.
Тарих сахнасынан кеткен алашордашыларды айыптау, олармен бұрындары азды көпті қарым-
қатынаста болғандарды немесе оларға жылы қабақ танытқандарды алашордамен байланысын
үзбеген, алашорданың агенттері, ниеттері бір деп кінәлау қалыпты іске айналды. Жазушылар
шығармаларынан күмәнді деген ой-пікір тауып, партия бағытынан, тап жолынан ауытқыды деп
айыптады. Осылай жасау арқылы, бір жағынан, тап жауларын, халық жауларын әшкерлеуге
үлес қосты. Екіншіден, партия саясатын, бағытын қолдау үстінде деген өзі жөнінде жағымды
пікір туғызу мақсатын көздеді. Тап жауларын әшкерлеу ісінен, жалпы елді қамтыған науқаннан
бір өкініштісі,
қарапайым халықтан бастап, өкімет билігіндегі тұлғалар да тыс қалмады.
Бұрынғы көзден таса бола бастаған «алашордашылар ісі» 1937 жылдың басында тағы
көтерілді. Қазақ КСР Халық ағарту Комиссары, Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бюро
мүшесі Т.Жүргеновтің «Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдықтары мен
сарқыншақтарынан тазартайық» [1] деген мақала жариялауы,
мәдениет саласында әлі де
ұлтшылдардың қалдықтары мен оларға ниеттестер бар деген пікірдің жандануына себепші
болып, ұлтшылдарды, олардың сарқыншақтарын іздеуді онан сайын күшейтті. Араға бір апта
салып Р.Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейік» [2] атты мақаласының жарық көруі
әдебиеттегі ахуалды ғана емес, ел ішіндегі саяси-идеялық ахуалды да одан сайын ушықтырды.
Р.Жаманқұлов алашордашыларды «тап жауы» деп атады. Сонымен қатар, олардың агенттері
әлі де бар деп жазды. Бұл «тап жауы» алашордашыларға ниеттес, пікірлес, үндес ақын-
жазушыларды іздеу мен әшкерлеудің жаңа қарқынды кезеңін бастап берді.
Қазақ Өлкелік
партия ұйымының да ұстаған бағыты мен іс-шаралары бұл іске екпін қосты.
«Көркем әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестігін түп-тамырымен құртайық» [3]
деген тақырыппен шыққан мақала әдебиетшілер ішінен ұлтшыл жауларды іздеуге жаңа қарқын
қосты. Ақиқатында, мақала алашордашыларды қалыптасқан тәртіппен аяусыз сынағанымен,
негізінен олармен ниеттес, пікірлес,
көзқарастары бір, буржуазияшыл-ұлтшылдармен ауыз
жаласқан «ұлтшыл-фашистер» деп Сәкен, Ілияс, Бейімбетті айыптады.
Сәкен, Ілияс және Бейімбеттің күні өте бастағанын сезді ме әлде әдебиет сахнасынан біржола
шығарып тастау мақсатын ұстанды ма, үшеуіне қарсы жазылған мақалалар баспасөзден түспеді.
Осы кезде редакция тарапынан жазылған «Көркем әдебиеттегі қателер мен сапасыздықтар
туралы» [4], «Қазақ жазушылары арасындағы дерттерге қарсы [5] деп аталған мақалаларда,
«... жазушылар
шығармаларында қателіктер бар, жұмысшылардың, колхозшылардың өмірін
білмейді, ескі тақырыптан шыға алмай жүр, халықтың дұшпаны Троцкийді мақтайды» деген
кемшіліктер үшеуінің бетіне басты [6, 210 б]. Сәкеннің 1923 жылы жазылған «Қара бүркіт»
(Арыстан Дәуітұлы – Лев Давидович Троцкийге) деп аталған өлеңі [7,113 б] үшін ұзақ жылдар
бойы оны үздік создық кінәлау,
айыптау тұрғысында бір басылып, бір көтеріліп жалғаса
берді. Елден аластатылып, шетелге кеткен Троцкийге арналған өлең Сәкен үшін ескі жараның
орнындай болды. Қайта қайта сыздап, жанына батты. Сәкен шығармашылығына сын айтқан
сыншылар ұмыттыра беріп, Троцкийге қайта соқты, қайта еске түсірді.
Бұл жай Сәкенді де
мазасыздандырды.