Қазақстан мен түркияның экономикалық ЖӘне мәдени ынтымақтастығы момынқұлов Жанат Байжомартович



жүктеу 133.58 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі133.58 Kb.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ

ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
Момынқұлов Жанат Байжомартович

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филос.ғ.к.


Қазақстан – Түркияның Орталық Азиядағы ең сенімді де жақын саяси-экономикалық әріптесі. Түркия – Қазақстанның Таяу Шығыс аймағындағы басты саяси-экономикалық әріптесі. Екі бауырлас ел арасындағы достық пен бірлікке негізделген байланыстар стратегия­лық әріптестік деңгейіне көтерілген. Екі ел арасында 2009 жылы Түркияда стратегиялық серіктестік ту­ралы шартқа қол қойылған. Қазақ­стан мен Түркияның көптеген халықаралық мәселелер бойынша ұқсас саяси ұстанымға ие болуы екіжақты ынтымақтастық пен тү­сініс­тікті нығайтуда. Бұл ынтымақтастық БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ және басқа бірлестіктер шеңберінде дамып келеді. Әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде Түркияның көрсеткен қолдауын атап өткен жөн.

Түркияның ресми басшылығы Қазақстанның Түркі кеңесін құру идеясын жүзеге асырудағы, сонымен қатар, түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы, Ақ­сақалдар алқасы, Астанада Түркі акаде­миясы құрудағы маңызды рөлін жоғары бағалайды. Түркия мен Қазақстанды ортақ тіл, дін, тарихи және мәдени құнды­лықтарға негізделген қатынастар мен өзара инте­грациялық үдерістер біріктіреді. Қазақстанмен тарихи байланысы тереңде жатқан Түркия бүгінде еліміздің Еу­разия құрлығындағы маңызды әрі сенім­ді әріптесі. Түркия БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде 2017-2018 жыл­дары уақытша мүшелікке Қазақ­станның кандидатурасын қолдаса, Қазақстан да БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 2015-2016 жылдары уақытша мүшелікке Түркияның кандидатурасын қолдайтын­дығын білдірді. Түркияның элитасы Қазақстанның экономикалық, саяси, халықаралық және тағы басқа да жетістіктерін толық мойындап, еліміздің даму моделіне «Қазақ үлгісі» деген баға берді. Түркияның сыртқы саясатындағы Қазақстанның алатын орны оның белсенді, жасампаз және біріктіруші саясатының арқасында ұлғайып келеді.

Президентіміз Н.Ә. Назарбаев түп-төркіні бір, ағайынды түркі халықтарды бір-біріне жақындастырудың қажеттілігі жөнінде үнемі айтуда. Осы идеяға сәйкес, Қазақстан мен Түркияның ынтымақтасуы таңдау емес, керісінше қажеттілік. Өйткені, алдағы жылдарда дүниежүзіндегі геосаяси күштердің салмағы Азия құрлығының Орталық және Шығыс бөлігіне ойысуы мүмкін. «Үлкен Таяу Шығыс» геосаяси жобасының соңғы нүктесі ретінде Орталық Азияның белгіленуі, Қазақстанда Ресей мен Қытайдың ықпалы мен қысымының артуы, Еуропа Одағы, Үндістан және Иран сияқты державалардың Орталық Азияға қатысты күрделі саяси-экономикалық жоспарларының болуы Қазақстанның Түркиямен ынтымақтасуына жеткілікті себеп болып табылады.

Екі түркі мемлекеті Түркия мен Қазақстанның саяси ынтымақтасуы Еуразия кеңістігіндегі күштердің тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, аталмыш құрлықтың ортасында пайда болған геосаяси бостықтың орнын толтырар еді. Түркия белгілі дәрежеде Қазақстанның Еуразиялық одаққа тәуелді болып кетуінен сақтайтын қарсы салмақ рөлін атқаруы ықтимал. Қазақстан Түркия мен Еуразия одағының арасында дәнекер рөлін атқарып, Түркияның құнды тәжірибесі мен дайын өнімдерін аталмыш одаққа экспорттай алар еді. Табиғи ресурстардың экспорттаушысы - Еуразия одағы және мықты нарықтық экономикасы бар Түркия өзара жақындасып, энергетика-тауар алмастыруға зәру. Қазақстан мен Түркияның қатынастарында экономикалық және мәдени өлшемдер басымдыққа ие екендігі рас. Қазақстанның Батыстың даму жолы мен гуманисттік құндылықтарына үлкен мән беруі Түркияның да қолдауына ие болып отыр. Тіпті, Түркия Қазақстанның Еуропа елдерімен жақындасуына да оң ықпал етіп, көмектесуі мүмкін.



Экономикалық ынтымақтастық. Түркия Қазақстанның аймақтағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі. 2010 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 2,9 млрд АҚШ долларын құраса, 2011 жылдың қо­ры­тындысы бойынша бұл сан 3,9 млрд АҚШ долларына жетті. Ал 2012 жылдың алғашқы 6 айындағы көлем - 2,5 млрд АҚШ долларына, жыл соңына қарай 4 миллиардқа жетіп отыр. Бұл нәтижеге Түркия премьер-министрі Режеп Ердоған­ның Қазақстанға 2012 жылғы ресми сапарынан соң қол жеткізілді. Сол сапарда Т. Ердоған V Астана эко­но­микалық форумына және қазақ-түрік іскерлер форумына қатысып, «Жоғары деңгейдегі стратегия­лық ынтымақтастық кеңесін» құруға келісіп, «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы сыртқы сауда көлемін 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту және экономикалық қатынастарға көбірек мән беру керектігі туралы да айтылды.

Қазақстан мен Түркия ара­сындағы темір жол магистралінің жүзеге асырылуы туралы келісім екі ел үшін де өте маңызды. «Түр­кия-Иран» және «Иран-Түрікменстан-Қазақстан» және «Карс-Ахалкалаки-Тби­лиси-Баку» темір жолдары магистральдерін салып бітіру Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы сауда айналымын арттырып, Қазақ­станның энергия ресурстарын жаңа нарықтарға шығаруды біршама ұлғайтуға, сондай-ақ тасымалдау көлемін көбейтіп, тарифтерді азайтуға, Каспий аймағы мен Еуропа арасындағы тікелей көлік қа­тынасын қамтамасыз етуге орасан мүм­кіндік береді. Жаңа әуе қатынастарын ашып, әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты дамытудың арқасында екі елдің туыстық және экономикалық қатынастары нығая түсері хақ.

Қазақстан Түркияның экономикалық және өндірістік әлеуетін кеңінен пайдалануы қажет. Түркияның өнеркәсібі мен экономикасының локомотиві ретінде «Ұйымдастырылған өнеркәсіптік аймақ­тарды­» атауға болады. Бұл технопарктар мен кластерлерді құруда Түркия орасан зор тәжірибе жинақтаған. Қазіргі таңда Түркияда 300-ге жуық өнеркәсіптік аймақ болса, олардың негізінде 60 мыңдай ірі фабрика мен зауыттар жұмыс істеуде. Қазір қазақ саясаткерлері түрік биз­несін Қазақстанның индустриялық даму үдерісіне қатыстыруға, Түркияның өндірістік тәжірибесін еліміз­дің өңірлерінде қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру арқылы пайдалану үшін жұмыс істеуде. Екіжақты қатынастардағы маңызды қадам ретінде Қазақстан мен Түркия арасында Қазақстанда бірлескен қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтуге болады. Осылайша, қазақ пен түрік қарым-қатынасы келесі тың кезеңге көтерілмек. Елдер арасындағы экономикалық байланыстың ендігі бағыты – өндіріс болмақ. Өйткені, еліміз ин­дустриялық-инновациялық даму мәселесін қолға алып, іске асыруда.

Елбасымыз Назарбаевтың Түркияға 2012 жылдың күзінде жасаған сапары барысында Қазақстанның өнеркәсіптік-индустриялық саласындағы жетістіктерін көрсетуге арналған көрме ұйымдастырылып, түрік жұртшылығына Қазақстанның экономикалық жетістіктері таныстырылды. Мұндай бизнес көрмелер Қазақстанға ірі түрік бизнесін тарту үшін жиі жасалады. Сонымен қатар, құрылыс саласы мен құрылыс материалдарының өндірісі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, орман шаруашылығы, тоқыма және дайын киім өндірісі, кеме жасау, мұнай химиясы салаларында жұмыс істейтін екі елдің 1000-нан астам компаниясының қатысуымен инвестициялық және бизнес форум өтіп, оның барысында қазақ-түрік компаниялары арасында жалпы көлемі 1,5-2,4 млрд АҚШ долларына жететін келісімдерге қол қойы­лды. Түркияның бірнеше ірі компаниялары Қазақстанның экономикасына инвестиция құюға қызығушылық танытты. Назарбаевтың ойынша, барлық қарым-қаты­настың ең негізгі арқауы – экономика. Экономика болса, саясат та болады, әріптестік те болады, әскери қарым-қатынас та – бәрі де болады.

Елбасы Назар­баевтың Түркияға жасаған соңғы ресми сапары қазақ-түрік қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеріп, Қа­зақ­станның аймақтағы саяси және экономи­калық мүдделерінің одан әрі ілгерілеуіне ықпал етті. Түркия мен Қазақстан арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарды нығайту үшін үлкен мүмкіндік бар. Екі ел де өзара ынтымақтастықты жетілдіру және әртарап­тандыру үшін қажетті саяси ерікке ие екендігін көрсетті. Елбасы Назарбаевтың айтқанындай, қазақ-түрік қатынастарын сауда-экономика және инвестиция салаларында одан әрі тереңдете түсу қажет.

Қазақстан экономикасының аяқтан тік тұрып кетуіне, Астананың тұрғызылуына түріктің компаниялары елеулі үлес қосты. Бүгінде елімізде құрылыс, ауыл-шаруашылығы, металлургия және мұнай-газ саласында үш мыңнан астам түрік кәсіпорындары жұмыс істейді. Түрік кәсіпкерлері Қазақстанның қонақүй, банк, телекоммуникация салаларына қомақты инвестиция салды. Қазақ-түрік ортақ кәсіпорындарының саны 400-ге жетті. Капиталының 100% пайызы түріктерге тиесілі компаниялардың саны 130-дан асады. Түркияның «Ziraat Bankаsı» банкінің капиталымен Қазақстанда «KZI Bankası», «Emlak Bankası» капиталымен «TKI Bank», «Demirbank» капиталымен «Demir-Kazakistan Bank», «Okan Holding» капиталымен «İnternational Bank Alma Ata» құрылып, жұмыс істеуде. Шетелдік капиталдың қатысуымен Қазақстанда қызмет жасайтын компаниялардың саны жөнінен түрік компаниялары бірінші орында тұр.

Сонымен бірге, Түркия Республикасы Қазақстанға инвестиция салу жөнінен энергетика саласын қоспағанда алғашқы төрт елдің қатарына кіреді. Түркия 20 жыл ішінде Қазақстан экономикасына $ 1.5-2 млрд. инвестиция құйса, Қазақ іскерлерінің Түркия экономикасына, атап айтсақ, туризм мен мұнай саласына шамамен 500 миллон-1 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған. Түркия премьер-министрі Ердоғанның айтуынша, Түркия Қазақстанға азық-тү­лік, құрылыс, денсаулық сақтау және басқа көптеген салаларда 7 млрд. доллар көлемінде инвестиция салған. Ердоғанның ойынша, қос тарапты инвестициялардың құйы­луы екі елді мықты бір эконо­ми­калық деңгейге көтереді. Екі­жақты инвестиция салуды түр­лендіру өте маңызды. 2012 жылғы күздегі кездесуде Ердоған түрік кәсіпкерлерінен Қазақстандағы логистика, көпір салу, бөгеттер, темір жолдарға қатты назар аударып, порттар мен кемелер құрылысы саласына да көңіл аударуды сұрады. Қазақстан Түркиядан машина, құрал-сайман, жадбықтар, пластиктен жасалған бұйымдар, электр жадбықтар мен құрылғылар импорттайтын болса, Түркияға елімізден мыс, темір, болат және минералды отындарды экспортталады.

Сондай-ақ Түркия Премьері тарихи Жібек жолын жандандыру мақсатында «Баку-Тбилиси» темір­жолы жобасын 2013 жылы іске қосу жоспарланып отырғанын, бұл желінің құрылуы Қазақстан, Қапқаз және Оңтүстік Азия елдерін жалғайтынын, Түркияда үлкен те­мір жол пайдалануға берілетінін, жа­қында Мармара теңіз асты темір жолы іске қосылатынын атап өтті. Бұл магистральдар Түркиядан Қы­тай­ға дейінгі жол қатынаста­ры­мыз­ды үздіксіз жалғастырудың бір үлгісі болмақ. Каспий арқылы мұнай, бидай және өзге тауарларды тасымалдаудағы мүмкіндіктер ашылады.

Қа­зақстандық іскерлер көбінесе туризм саласына инвес­тиция салуда. Қазба байлықтарға ғана инвестиция салушы өзге мемлекеттерге қарағанда түрік инвесторлары экономиканың барлық салаларына, әсіресе, жеке кәсіпкерлік пен құрылыстың дамуына инвестиция салуымен ерекшеленеді. Түрік құрылыс компаниялары салған жобалардың жалпы құны 15-17 миллиард доллардан асады. Соңғы кезде ауыл шаруашылығы, мұнай-химия саласы, энергетика мен атом өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика мен тыңайтқыштар жасау, инфрақұрылымды дамыту, телекоммуникация, тас жолдар мен темір жол құрылысы, темір өңдеу мен түрлі түсті металлургия сияқты тиімді салаларға түрік инвесторлары мен кәсіпкерлерін тартуға көбірек көңіл бөлінуде.

Түр­к­ияның индустриялық базаны дамыту тәжірибесін Қазақстан лайық­ты бағалап отыр. Металлургия, тоқыма, тамақ, химия өнер­кәсіптері, ауыл шаруашылы­ғы, энергетика, логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әлеует жет­кі­лікті. Бұл мүдделердің барлығын шетел инвесторларының қатысу­мен кеңейтуге болады. Сондықтан да, Қазақстан инвестицияларды қорғау жөнінде қажетті шараларды қа­был­дауда. Түркияның Түрік ынтымақтастығы мен даму министрлігі – TIKA ұйымының Қазақстанмен бірлесіп, бірқатар экономикалық, сауда, техникалық, білім беру, мәдени іс-шараларын атқарғаны жеке атап өту керек.

Қазақстан мен Түркияның халықаралық беделі және экономикалық мүмкіндіктері, Каспийдің энергетикалық қорларын Түркия арқылы Еуропаға жеткізудің мүмкіндігі, құрлықтың ішінде орналасқан Қазақстанның Түркия арқылы теңізге шығу мүмкіндігі, қос елдің «Жібек жолы» жобасының көліктік және тасымалдық ресурстарын пайдалану мүмкіндігі, Түркия мен Еуропаның тауарларын «Жібек жолы» арқылы Қытайға жеткізудің мүмкіндігі, Түркияның білікті жұмыс күшін пайдалану және Түркия мен Еуропаның нарығына шығу мүмкіндігі сияқты факторлар екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың болашақ әлеуетін көрсетеді. Келешекте Түркия мен Қазақстанның мәдени және экономикалық қатынастарының синергиялық әлеуеті мен мультипликативтік әсерін іске қосу арқылы тиімді де нақты нәтижелерді қамтамасыз етуге болады. Түркі мемлекеттері арасында жүріп-тұру, сауда жасау, инвестиция салу, виза алу, сатып алу, фирма құру, жұмыс істеу, азаматтық алу, білім алу, турист ретінде қыдыру, кәсіпкерлікпен немесе ғылыммен айналысу салаларында көпжақты деңгейде заңдық жеңілдіктер мен жағдайлардың қамтамасыз етілуі сияқты бірқатар келелі мәселелер бірте-бірте өз шешімін тауып отыр. Екі елдің арасында қызмет жасайтын іскер адамдар үшін құжат алу, пасспорт алу, тасымалдау процедуралары жеңілдетіліп, арзандауы шарт.

Мәдени ынтымақтастық. Қазақстанның Түркиямен тығыз ынтымақтасуының астарында саяси және экономикалық себептермен қатар, геомәдени және геостратегиялық мақсаттар да жатыр. Қазақстан мен Түркияның мәдени ықтымақтасуының басты негіздеріне екі елге де ортақ түркі дүниесінің мәдени, рухани мұрасын сақтап, оны жетілдірудің қажеттілігі, екі елдің өзара мәдени алмасып, бір-бірін ресурстық түрғыдан байытуының қажеттілігі, әртүрлі геомәдени күштер тоғысқан Еуразияда түркі әлемінің, екі елдің ортақ мәдени-адами мүдделерін бірлесе қорғау мүмкіндігі жатады.

Екі ел басшылары саяси және экономикалық қа­тынастармен қатар мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да баса назар аударады. Қазақстан мен Түркияның мәдени қарым-қатынастарды дамытудағы бастамалары мен жетістіктері өте көп. Екі бауырлас елдің туыстық әрі достық қатынастары мәдени-гума­нитарлық саладағы тығыз ынтымақтастыққа негізделген. Қазақ- түрік мәдени байланыстары жоға­ры қарқындылығымен сипатталады. 2012 жылдың аяғында Ыстамбұл қаласында Қазақстанның мәде­ниет күндері өткізіліп, бұл іс-шараның аясында «Алтын адам» экс­позициясы, қазақ киносының классикасы саналатын «Тақиялы періште», «Қыз Жі­бек» секілді фильмдер түрік тіліне дубляж жасалып, түрік көрермендердің назарына ұсы­нылды. Сондай-ақ Қазақстан өнер ше­берлерінің гала-концерті ұйымдасты­ры­лды. Маңызды шаралардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдамалы туындыларының түрік тілінде шығарылған тұңғыш бес томдығының, түрік тіліндегі «Балалық ша­ғымның аспа­ны» фильмінің тұсаукесері жасалды. Бұл шаралар түрік жұрт­шылығына Қазақстан Президентінің қазір­гі заманғы аймақтық және әлемдік үдер­іс­тер­дің мәнін түсіндірудегі үлесін көрсетіп, оны әлем­дік деңгейдегі саясатшы, түркі әлемі­нің көшбасшысы ретінде терең тануға мүм­кіндік берді.



Түркияда Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы кең ауқымда атап өтілді. Бұл бағытта бірнеше жүзден астам іс-шара ұйымдастырылды. Түркияның 20-дан астам провинциялары мен аудандарында тәуелсіз Қазақ еліне арналған сурет және картина көрмелері, түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер, конференциялар мен отырыстар өтті. Түрлі кезеңдерде Қазақстанның белгілі өнер адамдары Ыстамбұл, Анкара, Адана, Ескішехир, Денизли сияқты  және т.б. бірнеше қалалары мен аудандарының жұртшылығын қазақ өнерімен таныстырды. Қазақстанда түрік мәдениеті мен тіліне деген үлкен қызығушылық бар. Түркияда да қазақ мәдениеті мен тіліне қызығушылар саны өте көп. Осы орайда, 2010 жылдың мамырында Астана қаласында Юнус Эмре атындағы мәдениет орталығының ашылғанын атап өткен жөн. Қазақ тарапы түрік халқына деген шынайы құрметі ретінде Астанада Есіл өзенінің жағасында Мұстафа Кемал Ата­тү­рікке еңселі ескерткіш орнатты. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұсынысы бойынша Астана қаласы 2012 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Түркістанда Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, KATEV Қазақ-түрік білім қоры, Түркі дүниесі зерттеулер қоры, Орталық Азия мәдениет қоры сияқты ұйымдар екіжақты мәдени қатынастардың дамуына түрткі болуда. Енді, Түркия Қазақстанмен құқықтық жағынан ынтымақтасуға ниет танытуда.

Түркия үшін мәдениет саласы тіпті туризмді де қамтиды. Ердоғанның айтуынша, мәдениет болмаған жерде туризм дамымайды. Туризмнің экономика үшін үлкен маңызы бар, өйткені, ол – мәдени инвестиция саласы. Өйткені, Түркия туризмнің арқасында барлық жәдігерлері мен тарихи ескерткіштері, мә­дени бай­лы­ғы мен құнды­лық­тары­н әлем жұртшы­лы­ғы­на танытып, Түркияны ірі туристік елге айналдыра алды. Түркия мен Қазақстан арасындағы бауыр­ластық, мәдени және тарихи байланыстарды нығайту үшін екі туыс ел арасындағы барыс-келісті жиілету керек. Екі халықты бір-біріне жақын­дата түсетін шараларды көптеп атқару да маңызды. «Сонда екі ара­дағы туыстықты, мәдени және адами қатынастарды жақындата түсуге жол ашылады». Түркиядан Қазақ­стан­ға және кері бағытта жүріп-тұру үшін әуе қатынастары құ­нын арзандату жөнінде Түркия тарапы Қазақстанға ұсыныс жасап, осылайша, түрік әуе жолдары мен қазақ әуе жолдары бағытындағы билет құны төмен­демек.

Қазақстанның да түркілік және мәдени мәселелердегі саяси, қаржылық, ұйымдастырушылық, гуманитарлық рөлі артып келеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Түркі әлемінің көшбасшысы» ретінде танылуы Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін берілген жоғары баға екені рас. Түркия мен Қазақстанның жалпы қатынастарының рухани негізін тілдің, тарихтың және дәстүрлердің ортақтығына негізделген мәдени ынтымақтастық құрап отыр. Осы орайда, Түріксой (Түркітілдес елдердің мәдени ынтымақтастығы ұйымы) ұйымының атқарып отырған істері өте маңызды.

Келешекте Түркі халықтарының рухани, мәдени және тілдік туыстығы тиімді де сенімді экономикалық ынтымақтастыққа алып келуі тиіс. Ең бастысы, екі елді жақындастыратын біртұтас мәдени және ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет болып тұр. Қазақстан және Түркия арасындағы тарихи тамырластық, ортақ мәдени және рухани құндылықтар екі ел қатынастарының негізі болып қала береді. Түрік және қазақ халықтары арасындағы ортақ тіл, дін, тарих, және мәдени құндылықтардан қуат алатын стратегиялық әріптестік дәрежесіндегі қатынастарды барлық салада нығайта түсу қажет. Тіліміздің, дініміздің, тарихымыздың және мәдениеті­міз­дің ортақтығынан туындайтын мәдени қатынастар екіжақты мәдени іс-ша­ра­лардың ұйымдастырылуына, шығарма­шы­лық делегациялармен алмасу практикасына, екі ел қалалары мен аймақтарының арасындағы бауырластық байланыстарды да­мытуға бағытталған.

Түркия мен Қазақстан арасындағы жер шалғайлығына және бір-бірлерінен ұзақ жылдар ажырап қалғандарына қарамастан тілдері бір, өткені мен мәдениеті ортақ екендігін ешқашан ұмытпай, әрдайым бір-біріне тілектес болғаны жасырын емес. Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар әртүрлі салалар бойынша дамуда. Десек те, бұл туыс екі елдің екіжақты қарым-қатынастары кез келген екі елдің қатынастарынан тереңдігі мен шынайылығымен ерекшеленуі тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жансейіт Түймебаев. Екі елдің стратегиялық әріптес екенін әлемдік қауымдастық мойындайды. «Айқын» республикалық қоғами-саяси газет. 11.10.12.

2. Анар Төлеуханқызы. Бауырлас елдер арасындағы байланыс та баянды.12.10.12.

«Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газет.

3. Самат Мұса. Қазақстан-Түркия: Стратегиялық серіктес елдер. 09.10.12.

«Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газет.

4. Жансейіт Түймебаев. Түбі бір Түркия: Тоғысқан 20 жыл. 22.05.2013.



«Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газет.

5. Hasan Kanbolat. Ortadoğu Analiz. Uluslararası İlişkiler Dergisi. Türk Dış Politikasında Kazakistan’ın Yeri ve Geleceği. Nisan 2011, 3. cilt. Sayı 54-57.



Ж.Б.Момынкулов, Р. Керимкулова «Сотрудничество Казахстана и Турции в сфере экономики и культуры».

Резюме: В данной статье рассматриваетcя сотрудничество Казахстана и Турции в сфере экономики и культуры. Экономические и культурные отношения составляют основу казахско-турецкого сотрудничества. Турция с большим уважением относится к достижениям Казахстан в области международной политики и социально-экономического развития. Туркия является главным стратегическим партнером Казахстана в Евразийском пространстве и на Ближнем Востоке. Казахстан является самым надежным и близким партнером Турции в среднеазиатском регионе. Автором анализируются основные проблемы, достижения и перспективы казахско-турецкого сотрудничества.

Ключевые слова: ТЮРКСОЙ, ТИКА, стратегическое партнерство, Центральная Азия, Турция, Казахстан, культура, экономика, инвестиции, достижения, перспектива.
Zh. B. Momynkulov, R. Kerimkulova «Economic and Cultural Cooperation of Kazakhstan and Turkey».

Abstract: In this article an economic and cultural cooperation of Kazakhstan and Turkey is considered. Economic and cultural relations are the base of Kazakh-Turkish cooperation. Turkey sincerely respects the achievements that Kazakhstan has made in the spheres of international policy and socio-economic development. Turkey is a main strategic partner of Kazakhstan in the Eurasian Union and Middle East region. As for Kazakhstan, it is the most reliable and closest strategic partner in the Central Asia region. Author analyzes basic problems, achievements and prospect of Kazakh-Turkish cooperation.

Key Words: TURKSOY, TIKA, strategic cooperation, Central Asia, Turkey, Kazakhstan, culture, economy, investments, achievements, prospect.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет