Тәртіптік комиссия құру және жұмысының тәртібі
109. Тәртіптік комиссиялар жеке батальондарда, оларға теңестірілгендер мен одан жоғарыларда, сондай-ақ бағынысында әскери бөлімдері (мекемелері) бар департаменттерде (бас басқармалар мен басқармаларда) құрылады (4-қосымша).
Саны отыздан аз әскери қызметшісі бар әскери бөлімдерде тәртіптік комиссиялар құрылмайды. Тәртіптік комиссиялар құрылмаған әскери бөлімдер әскери қызметшілерінің теріс қылықтары жоғары тұрған әскери басқару органының тәртіптік комиссияларында қаралады.
110. Тәртіптік комиссиялардың мүшелері әскери бөлім жеке құрамының жиналыстарында неғұрлым тәжірибелі және беделге ие офицерлер қатарынан ашық дауыс берумен сайланады. Тәртіптік комиссия мүшелерінің саны тақ және кемінде үш адам болуы тиіс.
111. Тәртіптік комиссияның құрамы әскери бөлім командирінің бұйрығымен бекітіледі. Комиссия төрағасы болып бөлім командирі орынбасарларының біреуі тағайындалады, бөлім кадр органының өкілі хатшы болып тағайындалады. Тәртіптік комиссияның хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
112. Әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарларының теріс қылықтары жоғары тұрған әскери басқару органының тәртіптік комиссияларында қаралады. Жоғары офицерлердің теріс қылықтары тек жоғары офицерлер қатарынан тұратын тәртіптік комиссияда, аға офицерлердің теріс қылықтары - аға офицерлер қатарынан тұратын тәртіптік комиссияда қаралады.
113. Тәртіптік комиссия мүшесінің өз бастығының, жақын туысының немесе жекжатының теріс қылығына қатысты, сондай-ақ егер тәртіптік комиссия мүшесінің тиісті шешім қабылдауға тікелей немесе жанама мүдделілігі бар болса, қызметтік тексеру материалдарын қарауға және фактілерді зерттеуге құқығы жоқ.
114. Тәртіптік комиссия өз мәжілісінде қызметтік тексеру материалдарын қарайды және теріс қылыққа қатысты фактілерді зерттейді. Тәртіптік комиссия оған қатысты қызметтік тексеру жүргізілген әскери қызметшінің және қызметтік тексеру жүргізген лауазымды адамдардың түсініктерін тыңдауы мүмкін.
Қажет болған кезде тәртіптік комиссияның сонымен қатар куәларды тыңдауға, материалдар сұратуға және теріс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактілерді зерттеуге құқығы бар.
115. Тәртіптік комиссияның ұсыныстары ашық дауыс беру жолымен қабылданады. Тәртіптік комиссияның мүшелері өз пікірін айқын айтуға және дауыс беру кезінде қалыс қалмауға міндетті. Дауыстар тең болған кезде төрағаның даусы шешуші болып табылады.
116. Тәртіптік комиссия мүшелеріне, оларға қызметтік тексеру материалдарын қарау барысында белгілі болған мәліметтерді жариялауға тыйым салынады.
117. Тәртіптік комиссия қызметтік тексеру материалдары түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде командирге (бастыққа) әскери қызметшінің тәртіптік жауаптылығы туралы тиісті ұсыныс енгізеді.
Жаза қолдану туралы шешім қабылдау тәртібі
118. Командир (бастық) қызметтік тексеру материалдары және тәртіптік комиссияның ұсыныстары негізінде жаза қолдану туралы тиісті шешім қабылдайды.
119. Қызметтік тексерудің нәтижелері бойынша командир бұйрық шығара отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға міндетті. Теріс қылықтарды жасырудың, сондай-ақ олардың жасалу мән-жайы туралы объективті емес ақпараттың жолын шешімді түрде кесу керек, ал оған кінәлі лауазымды адамдар заңнамамен белгіленген жауаптылыққа тартылуы тиіс.
120. Теріс қылық жасаған әскери қызметшіге тәртіптік жаза қолдану (кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайларды қоспағанда) әскери тәртіпті бұзудың мән-жайын жақсы анықтау үшін теріс қылық анықталған сәттен бастап, кемінде екі-үш тәулік өткеннен кейін жүргізіледі.
121. Жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан және ол жасалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қолданылады.
122. Қызметтегі, жауынгерлік даярлық пен тәрбие процесін ұйымдастырудағы олқылықтары үшін әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін әскери қызмет өткеру үшін келген офицерлерге тәртіптік жауапкершілік шараларын лауазымға кіріскеннен кейін кемінде алты ай өткеннен кейін қолдануға жол беріледі.
Ерекше жағдайларда жазалар қолдану
123. Гарнизон бастығының гарнизонның әскери қызметшілеріне немесе гарнизонда уақытша тоқтағандарға мынадай жағдайларда тәртіптік жазалар қолдануға құқығы бар:
1) теріс қылық гарнизондық қызмет өткеру ережесін бұзуға қатысты болғанда;
2) теріс қылық әскери бөлімнің орналасқан жерінен тысқары жасалғанда;
3) теріс қылық демалыста, іссапарда немесе емделуде болған кезде жасалғанда.
124. Осы Жарғының 123-тармағында көрсетілген жағдайларда теріс қылықтарға жол берген әскери қызметшілерге қатысты гарнизон бастығының гарнизон бойынша бұйрық шығарумен ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс жариялауға құқығы бар.
125. Көлік түрлеріндегі әскери қатынастар бастықтары мен жол қатынастарындағы әскери коменданттар қатынас жолдарында жол жүру уақытында теріс қылық жасаған әскери қызметшілерге қатысты ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс жариялауға құқығы бар.
126. Осы Жарғының 124 және 125-тармақтарына сәйкес жаза қолданған лауазымды адамдар ол туралы теріс қылықтар жасаған әскери қызметшілер қызмет өткеретін әскери бөлімдердің командирлеріне хабарлайды және демалыс билетінде, іссапар куәлігінде немесе нұсқамада тиісті белгі жасайды.
Әскери қызметші тұрақты қызмет орнына келгеннен кейін оған қолданылған жаза туралы өзінің тікелей бастығына баяндауға міндетті.
Оған қолданылған жаза туралы баяндамаған әскери қызметші ол үшін тәртіптік жауаптылықта болады.
127. Бір-біріне бағынысты емес әскери қызметшілер жеке міндеттерді бірлесіп атқарған кезде, олардың қызметтік өзара қарым-қатынастары командирмен (бастықпен) айқындалмаған жағдайда олардың ішінде лауазымы бойынша үлкені, ал тең лауазымдар кезінде әскери атағы бойынша үлкені бастық болып табылады және оған атқарып отырған лауазымы бойынша берілген тәртіптік құқықтарды пайдаланады.
128. Үлкеннің көзінше кішісі әскери тәртіпті немесе әскери сәлемдесу ережелерін бұзғаны үшін үлкені кішісіне ескерту жасауға міндетті және, егер ол ықпал етпесе, жалпыәскери жарғылармен белгіленген басқа да шараларды қолдануы мүмкін.
Жазаларды жариялау тәртібі
129. Әскери қызметшіге жазалар ауызша немесе жазбаша командирдің (бастықтың) бұйрығымен жарияланады, бұл ретте ауызша жарияланған жаза оны қызметтік карточкаға енгізгеннен кейін күшіне енеді.
Жаза туралы әскери қызметшіге үш күн мерзімде оған қатысты бөлігінде қолын қойғызып жеткізіледі.
130. Қолданылған жазалар туралы:
1) сарбаздарға (матростарға) - сап алдында;
2) сержанттарға (старшиналарға) - кеңесте немесе сержанттардың (старшиналардың) сабы алдында;
3) офицерлерге - офицерлер кеңесінде (аға офицерлерге - тек аға және одан жоғары офицерлердің қатысуымен, жоғары офицерлерге - тек жоғары офицерлердің қатысуымен) немесе жазбаша хабарлаумен жарияланады.
Бағынысының көзінше командирлерге (бастықтарға) және олардың орынбасарларына тәртіптік жаза жариялауға тыйым салынады.
Жазаны жариялаған кезде әскери қызметшіге жазаға әкеп соқтырған себеп және құқық бұзушылықтың мәні көрсетіледі.
Жазаны алу
131. Әскери қызметшінің тиісті командир (бастық) көтермелеу тәртібімен жазаны алып тастағаннан кейін немесе оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткеннен кейін жазасы жоқ болып саналады.
132. Жазбаша бұйрықпен жарияланған жазаны алуды осы жазаны қолданған командир (бастық) немесе жоғары тұрған командир (бастық) жазбаша бұйрық шығару жолымен жүргізеді.
Ауызша немесе жазбаша жарияланған жазаларды алу әскери қызметшінің қызметтік карточкасында тиісті жазбамен ресімделеді, ол оған қолын қойғызып жеткізіледі.
133. Бұрын үлкен бастық салған жазаны бағыныстыдан көтермелеу тәртібімен алу үшін әскери қызметшінің тікелей бастығы команда бойынша өтініш жасайды.
Осы жазаны салған командир (бастық) аталған өтінішті оны алған күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде қарауға міндетті.
134. Әскери қызметші әскери қызметтен босатылған күні алынбаған жаза оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткеннен кейін алынған болып саналады.
135. Әскери қызметшіні запасқа (отставкаға) босатқан кезде оның қызметтік карточкасы жеке ісімен бірге әскери есепке қою орны бойынша жергілікті әскери басқару органына жіберіледі.
4-тарау. Көтермелеулерді және жазаларды есепке алу
136. Тікелей бастықтар көтермелеулер және жазалар туралы команда бойынша баяндауға тиіс:
1) мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне - роталар командирлеріне және оларға теңестірілгендерге күн сайын;
2) офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге (жоғары офицерлерден басқа) - әскери бөлімдер командирлеріне апта сайын;
3) әскери бөлімдердің командирлеріне - жоғары тұрған әскери басқару органына ай сайын.
137. Жаза берілген полктердің, бригадалардың (1-дәрежелі кемелердің) командирлеріне, өңірлік қолбасшылық әскерлері, әскер тектері қолбасшыларының, Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының орынбасарларына, сондай-ақ жоғары офицерлерге қатысты жаза берген командир (бастық) үш жұмыс күні ішінде команда бойынша жоғары тұрған әскери басқару органына жазбаша баяндайды.
138. Көтермелеулер мен жазаларды, сондай-ақ теріс қылықтарды есепке алу барлық бөлімшелер мен әскери бөлімдерде жүргізіледі. Есепке алудың жалпы жай-күйіне әскери бөлімнің штаб бастығы жауап береді.
Көтермелеулер, теріс қылықтар мен жазалар туралы жеткізілімдер жоғары тұрған әскери басқару органына ай, тоқсан, жартыжылдық және жыл үшін жазбаша ұсынылады.
Осы Жарғымен көзделген барлық көтермелеулер мен жазалар, оның ішінде командир (бастық) бөлімшенің (команданың), әскери бөлімнің барлық жеке құрамына жариялаған көтермелеулері үш жұмыс күнінен кешіктірмей қызметтік карточкаға енгізіледі.
Әскери қызметшіден жазаны алған кезде қызметтік карточкада "Жазалар" бөлімінің тиісті бағанында жазаны қашан және кімнің алғаны туралы белгі жасалады және бұйрықтың нөмірі көрсетіледі.
139. Егер әскери қызметшіге қолданылған жаза көтермелеу тәртібінде алынбаса, алты ай өткеннен кейін»"Жазалар" бөлімінің тиісті бағанында мерзімінің өтуі бойынша жазаның алынғаны туралы белгі жасалады.
140. Қызметтік карточкалар:
1) ротада - офицерлерден басқа рота әскери қызметшілеріне;
2) батальон штабында - офицерлерден басқа батальон басқармасының әскери қызметшілеріне;
3) әскери бөлімнің штабында - бөлімнің офицерлеріне және әскери бөлім басқармасының сарбаздар (матростар) мен сержанттар (старшиналар) құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілеріне;
4) 1 және 2-дәрежелі кемелерде:
матростар мен старшиналарға - жауынгерлік бөлімдерде, қызметтер мен жеке командаларда;
офицерлерге - кеме командирінің көмекшісімен;
5) 3-дәрежелі кемеде - кеме командирінің көмекшісімен кеменің барлық жеке құрамына;
6) 4-дәрежелі кемеде - кеме дивизиондарының басқармасында барлық жеке құрамға жүргізіледі.
Әскери бөлімдер командирлерінің, сондай-ақ жоғары офицерлердің қызметтік карточкалары жоғары тұрған әскери басқару органында жүргізіледі.
141. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің қызметтік карточкаларындағы әрбір жазбаны рота (тиісті бөлімше) командирі растауға тиіс.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қызметтік карточкалардағы әрбір жазбаны әскери бөлімнің штаб бастығы (кеме командирінің көмекшісі, 4-дәрежелі кеме командирі), ал әскери бөлімдер командирлері мен жоғары офицерлерде - жоғары тұрған әскери басқару органының штаб бастығы растайды.
142. Жеке батальондар, полктер, бригадалар, кемелер командирлері және оларға теңестірілгендер тәртіптік практиканы (көтермелеулер мен қолданылған жазаларды) қолданудың дұрыстығын тексеру мақсатында қызметтік карточкаларды кезең-кезеңімен қарайды. Әрбір әскери қызметші кемінде алты айда бір рет, сондай-ақ жаңа қызмет орнына ауысқан кезде өзінің қызметтік карточкасымен жеке қолын қойғызып таныстырылуы тиіс.
143. Кемінде тоқсанына бір рет штаб бастығы комиссиялық тәртіппен әскери бөлім әскери қызметшілерінің қызметтік карточкаларын акт жасай отырып тексереді. Әскери қызметшіге алғашқы офицерлік атақ, сондай-ақ аға офицердің немесе жоғары офицердің алғашқы атағын берген кезде оған жаңа қызметтік карточка басталады. Жаңа қызметтік карточкаға әскери қызметшіге бұрын қолданылған жазалар енгізілмейді, ал, жазаны алып тастау туралы көтермелеулерден басқа, көтермелеулер ғана енгізіледі.
Бұрынғы қызметтік карточка жойылады.
5-тарау. Әскери қызметшілердің оларды тәртіптік
жауапкершілікке тарту кезіндегі құқықтарының кепілдіктері
144. Әскери қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тартуға:
1) теріс қылық фактісі болмаған жағдайда;
2) егер оның іс-қимылы (әрекетсіздігі) құқыққа қарсы болып табылмағанда;
3) дәл сондай теріс қылық үшін екінші рет;
4) осы Жарғымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіптік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі өткеннен кейін;
5) әскери қызметтен босатуға байланысты оны бөлім тізімінен шығарған жағдайда жол берілмейді.
145. Әскери қызметші тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрықпен келіспеген жағдайда ол жазбаша түрде жоғары тұрған әскери басқару органына немесе сотқа ол бұйрыққа шағымдануға құқылы.
146. Әскери қызметшінің жоғары тұрған әскери басқару органына тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрыққа шағымдануы бұйрықпен танысқан күннен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылуы мүмкін.
147. Жоғары тұрған әскери басқару органы шағымды қараудың нәтижелері бойынша бір ай мерзімінде мынадай шешімдердің біреуін шығаруға міндетті:
1) әскери қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрықты өзгеріссіз қалдыру туралы;
2) осы Жарғының талаптарын бұза отырып, шығарылған әскери қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрықты жою және заңсыз жазаны қолданған командирді (бастықты) жауапкершілікке тарту туралы;
3) егер жаза осы Жарғының талаптарын сақтай отырып шығарылса, бірақ жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, неғұрлым қатаң жаза қолдану туралы жаңа бұйрық шығару туралы.
148. Жаза қолдану туралы шешімге шағымдану оны орындауға келтіруді тоқтатпайды.
Әскери қызметшілердің өтініштерін қарау
және шешу тәртібі
149. Әскери қызметшілердің өтініштері жеке бастың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асырудың маңызды құралы болып табылады.
Өтініштер түрлері:
1) ұсыныс - адамның заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғам қызметінің әлеуметтік-экономикалық және өзге де салаларын жақсарту бойынша ұсынымдары;
2) арыз (баянат) - адамның оның құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа да адамдардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға жәрдемдесу туралы қолдаухаты (өтініші), не заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді бұзу, өтініштерді қарайтын субъектілердің, лауазымды адамдардың жұмысындағы кемшіліктер туралы хабарламалар, не олардың қызметін сынау;
3) шағым - адамның бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру немесе қорғау туралы, лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерін немесе әрекетсіздіктерін жою, сондай-ақ субъектілердің заңсыз шешімдерін жою туралы талаптары;
4) пікір айту - адамның мемлекет жүргізетін ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өзінің көзқарасын білдіруі;
5) сұрау салу - адамның жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызықтыратын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы тілегі.
Жасырын өтініш - ол бойынша авторлығын белгілеу мүмкіндігі болмайтын, қолы, соның ішінде электрондық цифрлы қолы қойылмаған, өтініш иесінің пошталық мекенжайы көрсетілмеген өтініш. Жасырын өтініш, сондай-ақ мәселенің мәні жазылмаған өтініш қарауға жатпайды. Әзірленіп жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздік туралы мәліметтерден тұратын жасырын өтініштер дереу мемлекеттік органдарға олардың құзыретіне сәйкес қайта жолдануға тиіс.
150. Әрбір әскери қызметші өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ басқа да азаматтар мен ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында командирлер (бастықтар) мен басқа да лауазымды адамдарға, мемлекеттік және әскери басқару органдарына, құқық қорғау органдарына, сотқа жеке өзі өтініш жасауға немесе басқа адамға уәкілеттік беруге құқылы.
151. Өтініштер жазбаша, ауызша немесе электрондық құжат түрінде болуы мүмкін. Жазбаша өтінішке өтініш иесі қолын қояды. Электрондық құжат түріндегі өтініш цифрлы қолмен расталуға тиіс.
Әскери қызметшінің өтінішінде оның тегі, аты, пошталық мекенжайы мен күні көрсетіледі.
Шағым берген кезде әрекетіне шағым берілген лауазымды адамдардың лауазымы, тегі мен аты-жөні, өтініш жасау себептері және талаптар көрсетіледі.
Командирге (бастыққа) немесе әскери басқару органдарына тікелей жазбаша өтініш жасаған арыз иесіне күні мен уақыты, өтінішті қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетіле отырып, талон беріледі.
152. Өтініш берген әскери қызметшінің:
1) өзінің өтінішін дәлелдеу үшін қосымша құжаттар мен материалдар ұсынуға, не оларды талап ету туралы сұрауға;
2) өтінішті қарайтын адамға дәлелдерін жеткізуге;
3) өзінің өтінішін қарауға байланысты материалдармен танысуға, егер бұл басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын бұзбаса, өтініштерді қарауға қатысуға;
4) қабылданған шешім туралы жазбаша немесе өтініш иесі ауызша өтініш жасаған кезде ауызша түрде негізделген жауап алуға;
5) егер олар өтініштерді қараудың белгіленген тәртібін бұзу нәтижесінде болса, зиянның өтелуін талап етуге;
6) лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) не өтініш бойынша қабылданған шешімге шағымдануға;
7) өтінішті қарауды тоқтату туралы өтініш жасауға құқығы бар.
153. Әскери қызметшілерге жауынгерлік қызметте, жауынгерлік кезекшілікте, сапта тұрған (әскери қызметшілерден сұрау салу кезінде айтылатын шағымдарды қоспағанда), қарауылда, вахтада, сондай-ақ басқа да тәуліктік нарядта тұрған кезде және сабақта шағым түріндегі өтініш беруге тыйым салынады.
154. Әскери қызметшілердің шағым түрінде өтініш жасауына кедергі жасауға және оларды ол үшін жазаға тартуға, қудалауға не қызметі бойынша олардың құқықтарына қысым жасауға тыйым салынады.
Оған кінәлі командир (бастық), сондай-ақ көрінеу жалған арыз (шағым) берген әскери қызметші заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
155. Әскери қызметшілерге сұрау салу кезінде шағым түріндегі өтініш сұрау салуды жүргізетін адамға тікелей ауызша айтылуы немесе жазбаша берілуі мүмкін.
Қандай да бір себеп бойынша сұрау салу кезінде болмаған әскери қызметшілер сұрау салуды жүргізген командирдің (бастықтың) атына тікелей жазбаша түрде өтініш жасай алады.
156. Барлық әскери басқару органдарының және командирлердің (бастықтардың):
1) өтініштерді қарау үшін қажетті ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
2) көрінеу жалған мәліметтерден тұратын өтініштерді тексеруге байланысты келтірілген шығындарды өндіріп алу туралы сотқа шағымдануға құқығы бар.
157. Әскери басқару органдары және командирлер (бастықтар):
1) әскери қызметшілердің, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамамен белгіленген тәртіппен және мерзімде қабылдауға және қарауға;
2) заңды және негізделген шешімдер қабылдауға;
3) қабылданған шешімдердің орындалуына бақылауды қамтамасыз етуге;
4) әскери қызметшілерге және басқа да адамдарға қабылданған шешімдер туралы хабарлауға;
5) әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін өтініш беруіне байланысты қудалаудың жолын кесуге;
6) шағымдарды әрекет шағымдалатын әскери басқару органдарына, командирлерге (бастықтарға) және басқа да лауазымды адамдарға жібермеуге;
7) мәселенің объективті түрде шешілуіне мүдделі еместігіне негіздер бар деп саналған адамдарға тексеруді жүктеу жағдайларын болдырмауға;
8) өтініш берген немесе ол оның мүддесіне орай берілген адамға зиян келтіру әрекетіне жол бермеуге;
9) әскери қызметшілердің келісімінсіз олардың жеке өмірі туралы мәліметтерді немесе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді не заңмен қорғалатын өзге де құпияны жарияламауға, өтінішке қатысы жоқ әскери қызметшілер туралы деректерді анықтауға жол бермеуге;
10) өтініштерді, оларда бар сыни ескертулерді талдауға және қорытындылауға, жұмысты жетілдіру және шағымдарды тудыратын себептерді жою мақсатында қоғамдық пікірді зерделеуге;
11) өтініштерді қарау жөніндегі жұмыстың жай-күйін жүйелі тексеруге;
12) жоғары тұрған әскери басқару органына келіп түскен, қаралған өтініштердің саны және оларды қараудың нәтижелері туралы ақпарат беруге міндетті.
158. Командир (бастық) келіп түскен өтініштердің уақтылы қаралуына және олар бойынша шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады.
Өтініш он бес күнтізбелік күн ішінде, ал оны қарау үшін қосымша ақпарат алу, не орындарға шығып тексеру талап етілетін жағдайда - лауазымды адамға келіп түскен күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде қаралады.
Егер өтініште жазылған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап ететін ерекше жағдайларда өтініш орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылады, ол туралы өтініш иесіне үш күнтізбелік күн ішінде хабарланады, бұл ретте өтініштерді қарау мерзімін әскери бөлім командирі (бастық) ұзартады.
159. Қойылған міндеттерді шешу құзыретіне кірмейтін әскери басқару органдарына, командирге (бастыққа) немесе басқа да лауазымды адамға келіп түскен өтініштер үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы өтініш иесіне хабарлай отырып, тиісті органдарға жіберіледі.
160. Өтініштерге жауаптар заңнамаға сілтемемен мемлекеттік тілде немесе өтініш жазылған тілде мазмұны бойынша негізделген және дәлелденген болуға, өтініш иесінің қабылданған шешімге шағымдануға құқығын түсіндіре отырып, олардың дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерден тұруға тиіс.
161. Командирлердің (бастықтардың) және басқа да лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ әскери басқару органдарының шешімдеріне шағым жоғары тұрған лауазымды адамға немесе әскери басқару органына бағыныстылық тәртібімен шағым берген адамға әрекет жасалғаны не тиісті әскери басқару органының немесе лауазымды адамның шешім қабылдағаны туралы белгілі болған сәттен бастап, үш айдан кешіктірілмей беріледі.
Өтініш иесі қабылданған шешіммен келіспеген кезде арыз сотқа берілуі мүмкін.
162. Әскери қызметшінің өтініші оларда қойылған мәселелердің барлығы қаралғанда, олар бойынша қажетті шаралар қабылданғанда және өтініш берген әскери қызметшіге түбегейлі жауап берілгенде ол шешілді деп саналады.
Әскери қызметшілердің өтініштерін қанағаттандырудан бас тарту өтініш берген адамның назарына заңнамаға немесе жалпыәскери жарғыларға сілтеме жасай отырып, бас тарту дәлелдерін көрсетумен және қабылданған шешімге шағымдану тәртібін түсіндірумен жеткізіледі.
163. Әскери бөлімдердің командирлері кемінде тоқсанына бір рет келіп түскен өтініштерді қарау және олар бойынша шешім қабылдау жөніндегі жұмыстың жай-күйіне ішкі тексеру жүргізуге міндетті, ол үшін жаңа оқу кезеңіне арналған бұйрықта комиссия тағайындалады. Тексеру қорытындылары бойынша акт жасалады.
164. Әскери қызметшілер мен басқа да азаматтардың өтініштері бойынша іс жүргізу, сондай-ақ заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс жүргізу заңнамамен белгіленген тәртіппен іс жүргізудің басқа түрлерінен бөлек жүргізіледі.
165. Әскери қызметшілер мен өзге де азаматтардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастыруға, іс жүргізудің жай-күйіне әскери бөлім командирі, штаб бастығы және тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасар жауапты болады. Әскери қызметшілер мен өзге де азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі жұмыстың жай-күйіне жауапты лауазымды адамдардың міндеттері әскери бөлім командирінің бұйрығымен айқындалады.
166. Бөлімше командирлеріне келіп түсетін өтініштер белгіленген тәртіппен есепке алу және қарау үшін әскери бөлімнің штабына беруге жатады. Әскери қызметшілердің барлық өтініштері олар келіп түскен күні әрбір әскери бөлімнің штабында жүргізілетін және сақталатын өтініштерді тіркеу кітабына (5-қосымша) енгізіледі. Өтініштерді қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
167. Әскери бөлім командирі мен оның орынбасарлары әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелері мен өзге де азаматтарды, сондай-ақ ұйымдардың өкілдерін кемінде айына бір рет бөлім командирі бекіткен қабылдау кестесіне сәйкес жеке қабылдау жүргізуге міндетті.
Қабылдау белгіленген және әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелері мен өзге де азаматтардың назарына жеткізілген күндерде және сағатта қызмет орны бойынша жүргізілуі тиіс.
Егер лауазымды адам қабылдау уақытында өтінішті шеше алмаса, ол жазбаша түрде жазылады және онымен жазбаша өтініш сияқты жұмыс жүргізіледі.
168. Лауазымды адамдарға әскери қызметшінің және тәртіптік жауапкершілікке тартылған өзге де азаматтың атынан келіп түскен өтініштерді әрекеті шағымдалып отырған командирдің (бастықтың) қарауына беруге тыйым салынады.
Тәртіптік жарғыға
1-ҚОСЫМША
Беткі жағы
Достарыңызбен бөлісу: |