1. Әскери қызметшілерге қару-жарақ пен әскери техниканы бекітіп беру олар әскери ант қабылдағаннан кейін жүзеге асырылады. Бұған дейін олармен қару-жарақ пен әскери техниканың жауынгерлік (техникалық) мүмкіндіктерін, қазіргі заманғы ұрыстағы мәнін, сондай-ақ оларды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын зерделеу жөніндегі сабақтар өткізіледі.
Бөлімшелер командирлері тапсырылатын қару-жарақ пен әскери техниканың ақаусыздығын тексереді, команда бойынша тапсыруға әзірлігі туралы баяндайды.
Әскери бөлім командирі қару-жарақ пен әскери техниканы экипаждарға (есептоптарға), механик-жүргізушілерге (жүргізушілерге) және басқа да адамдарға бекітіп беру туралы бұйрық береді, жеке құрамға қару-жарақ пен әскери техниканы салтанатты тапсыру уақыты мен тәртібін белгілейді. Бұйрық нөмірі мен қару-жарақ пен әскери техника бекітіліп берілетін адамдардың тектері формулярларға (паспорттарға) енгізіледі. Қарудың атауы, оның сериясы мен нөмірі, берілген күні сарбаздар мен сержанттар құрамы әскери қызметшілерінің әскери билеттеріне, сондай-ақ жеке құрамға қаруды бекітіп беру ведомостарына жазылады.
2. Белгіленген уақытта әскери бөлім Жауынгерлік Ту жанына қарумен және оркестрмен жаяу сапқа тұрғызылады.
Тапсыруға жататын қару сапқа тұрғызылатын жерге шығарылады және саптан он-он бес адым жерде столдарға қойылады. Басқа қару-жарақ пен әскери техника оларды сақтау орындарында тапсырылады.
3. Әскери бөлім командирі қысқаша сөзінде жалпыәскери жарғылардың сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы ұстау, оларды Қазақстан Республикасын қорғау үшін жауынгерлік қолдануға ұдайы әзірлікте ұстау туралы талаптарын әскери қызметшілердің естеріне салады. Содан кейін әскери бөлімнің жеке құрамына қару-жарақ пен әскери техниканы бекітіп беру туралы бұйрық жарияланады.
Бұйрық жарияланғаннан кейін әскери бөлім командирі: "ЕРКІН ТҰР" командасын береді, бөлімшелер командирлеріне қаруды тапсыруға кірісуге бұйырады.
Роталар (бөлімшелер) командирлері әскери қызметшілерді саптан кезекпен шақырады және оларға қару тапсырады.
4. Қаруды тапсырғаннан кейін командирдің командасы бойынша әскери бөлім салтанатты маршпен өтеді, одан кейін бөлімшелер қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау орындарына кетеді. Қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау үшін үш жұмыс күніне дейін бөлінеді.
Жеке құрам қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау үшін экипаж (есептоп) бойынша сапқа тұрғызылады және рота (бөлімше) командирінің командасы бойынша олардың жай-күйі мен жиынтықталуын тексереді. Қару-жарақ пен әскери техниканы тексеру нәтижелері техникалық жай-күй актілерінде көрсетіледі. Актілер үш данада жасалады, қабылдап алатын әскери қызметші және бөлімше командирі қолдарын қояды. Актілердің бірінші даналары рота (бөлімше) командирлерінің бағынысындағылардың қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдап алғаны туралы баянаттарымен бірге саптық бөлімге тапсырылады және әскери бөлім бойынша бұйрықта жарияланады. Актілердің екінші (үшінші) даналары қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдап алған (тапсырған) әскери қызметшілерге тапсырылады.
Қару-жарақ пен әскери техниканы ұзақ сақтауда ұстау, оның ішінде корпустарын (объектілерін) герметизациялау жағдайында оларды ішінара герметизациялаудан алуға жол беріледі.
Экипаждардың (есептоптардың) командирлері (бастықтары), механик-жүргізушілер (жүргізушілер) немесе қару-жарақ пен әскери техника бекітіліп берілетін басқа да адамдар команда бойынша жазбаша роталар (бөлімшелер) командирлеріне қабылдау актілерін қоса берумен баяндайды, оларға формулярлар (паспорттар) тапсырылады, оған олар қолдарын қояды және осы сәттен бастап қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдап алған жеке құрам оған жауап береді.
Қару-жарақ пен әскери техниканы бекітіп бергеннен кейін әскери бөлім командирінің шешімі бойынша олардың жауынгерлік (техникалық) мүмкіндіктері және оларды шеберлікпен игеру үлгілері іс жүзінде көрсетілуі мүмкін.
Қару-жарақ пен әскери техниканы герметизациялауды қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар оларды тапсырғаннан кейін сол күні орындалуға тиіс.
5. Қару-жарақ пен әскери техниканы тапсырғаннан кейін белгіленген уақытта әскери бөлім Жауынгерлік Тудың жанына қарумен және оркестрмен жаяу сапқа тұрғызылады, батальондар (бөлімшелер) командирлері әскери бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі (материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі) орынбасары арқылы бағынысты жеке құрамға қару-жарақ пен әскери техниканы тапсырғаны туралы әскери бөлім командиріне баяндайды.
Әскери бөлім командирі жеке құрамды қару-жарақ пен әскери техниканы тапсырумен құттықтайды.
6. Қару-жарақ пен әскери техниканы тапсыру рәсімі әскери бөлімнің салтанатты шерумен өтуімен аяқталады.
Достарыңызбен бөлісу: |