Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы



бет2/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

Жалпы ережелер


      1. Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті борышы және міндеті болып табылады.

      Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгіленген тәртіппен және түрлерде әскери қызмет өткереді.

      Әскери қызмет өткеру қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады, әскери қызметшілердің адамгершілігі мен моральдық-этикалық келбетіне жоғары талаптар қояды.

      Қазақстан Республикасының азаматтары заңнамада белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткереді немесе әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт бойынша ерікті түрде әскери қызметке кіреді.

      Қарулы Күштерде "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 1-қосымшада көрсетілген әскери атақтар белгіленген.

      2. Әскери қызметшінің мәртебесі заңдарда белгіленген алып тастауларымен және шектеулерімен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әскери қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ әскери қызмет ерекшеліктерімен негізделген оның құқықтарын, міндеттері мен жауаптылығын қамтиды.

      Әскери қызметшілерге олардың мәртебесін растау үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен әскери қызметшінің жеке куәлігі (әскери билеттер) және жеке нөмірлері бар жетондар беріледі.

      3. Заңнамаға сәйкес әскери қызметшілер құқықтарының, міндеттері мен жауапкершілігінің мазмұны мен көлемі олардың әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындауда болуына немесе болмауына байланысты болады.

      Әскери қызметші, сондай-ақ запаста болатын азамат әскери жиындардан өту уақытында, олар әскери даярлықтан өту кезеңінде:

      1) лауазымдық міндеттерін орындаған;

      2) жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан, төтенше жағдайларда немесе соғыс жағдайында, сондай-ақ қарулы жанжалдар жағдайларында міндеттерді орындаған;

      3) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгершілік операцияларға қатысқан;

      4) терроризмге қарсы операцияларға қатысқан;

      5) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға қатысқан;

      6) оқу-жаттығуларға немесе корабльдердің жорықтарына қатысқан;

      7) күн тәртібінде белгіленген қызмет уақыты ішінде немесе бұл қызметтік қажеттіліктен туындаған болса, басқа да уақытта әскери бөлімнің аумағында болған;

      8) қызметтік іссапарда болған;

      9) қызмет орнына барған және кері қайтқан;

      10) емделуде болған, емделу орнына барған және кері қайтқан;

      11) әскери жиындардан өткен;

      12) тұтқында, кепілде немесе еркінен айырылу жағдайында болған;

      13) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті күзету және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен, әрекеттегі резервте болған жағдайларда әскери қызмет міндеттерін орындауда болады.

      Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілерінің мәртебесі келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің мәртебесімен айқындалады.

      Мерзімді қызмет әскери қызметшісі мерзімді қызмет өткерудің барлық уақыты ішінде, ал әскери міндетті - әскери жиындардан өтудің барлық уақыты ішінде әскери қызмет міндеттерін орындайды.

      Әскери қызметшілер әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындау кезінде мемлекеттік қызмет өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.

  4. Әскерлер қызметі - бұл гарнизондарда, әскери бөлімдер мен бөлімшелерде заңдармен, Қарулы Күштердің жалпыәскери жарғыларымен (бұдан әрі - жалпыәскери жарғылар), бейбіт және соғыс уақытында әскерлердің тіршілік әрекетін, тұрмысын, қызметін, сондай-ақ тәуліктік нарядтың қызмет өткеруін ұйымдастыруды регламенттейтін бұйрықтармен, нұсқаулықтармен белгіленген жоғары жауынгерлік әзірлікті, жарғылық әскери реттілікті, тәртіп пен қағидаларды сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені.

      Бұл кешен:

      1) әскери бөлімдердегі, бөлімшелердегі, парктердегі, оқу-жаттығу орталықтарындағы, полигондар мен лагерьлердегі, корабльдердегі, мекемелердегі күнделікті қызметтік істерді айқындайтын, жауынгерлік әзірлікті, ішкі тәртіпті сақтауды, әскери қызметшілердің тіршілік әрекеті жағдайларын, тұрмысы мен оқуын, қару мен оқ-дәрілерді дұрыс сақтау мен беруді қамтамасыз ететін ішкі қызметті;

      2) әскери бөлімнің (бөлімшенің) ішкі тәртібін сақтау, жеке құрамын, қару-жарағы мен әскери техникасын, зымырандары мен оқ-дәрілерін, үй-жайларын, мүлкін және басқа да материалдық құралдарын күзету, бөлімшелердегі істердің жай-күйіне және әскери тәртіпті, күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін бұзудан сақтандыру және оған жол бермеу жөніндегі шаралардың уақтылы қабылдануын бақылауды жүзеге асыру үшін, сондай-ақ басқа да міндеттерді орындау үшін тағайындалған тәуліктік наряд қызметін;

      3) мақсаты гарнизон жеке құрамының жауынгерлік әзірлігін, жоғары әскери тәртібін ұстауды, әскерлердің күнделікті қызметі мен даярлығы үшін қажетті жағдайларды және гарнизондық іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз ету болатын гарнизондық қызметті қамтиды.

      5. Әскери бөлімде ішкі қызметке басшылық жасауды әскери бөлімнің командирі, ал бөлімшеде - бөлімше командирі жүзеге асырады. Командирлерінің жалпы тікелей бастығы жоқ бірнеше бөлімшені бір үй-жайға орналастырған кезде әскери бөлім командирінің (гарнизон бастығының) бұйрығымен ішкі қызметке басшылық жасау осы бөлімшелердің біреуінің командиріне жүктеледі. Әскери бөлімде ішкі қызметтің тікелей ұйымдастырушысы бөлімнің штаб бастығы, ал бөлімше орналасқан жерде - бөлімше командирі (штаб бастығы) болып табылады.

      Әскери бөлімдердің командирлері деп бригадалардың, базалардың, жасақтардың, полктердің, орталықтардың, 1, 2 және 3-дәрежелі корабльдердің, жеке батальондардың, дивизиондардың, комендатуралардың, эскадрильялардың, жеке роталардың командирлері (бастықтары), Қарулы Күштердің ұйымдық-дербес бірліктері болып табылатын республикалық мемлекеттік мекемелердің, әскери оқу орындарының және басқа да әскери бөлімдердің басшылары түсініледі.

      Бөлімшелер командирлері деп бөлімше - желілік батальон буынындағы және оларға теңестірілген командирлер түсініледі.

      Бағынысты әскерлердегі ішкі қызметтің жай-күйіне жауапкершілік барлық тікелей бастықтарға жүктеледі. Олар ішкі қызмет талаптарын орындауды ұйымдастыруда және қамтамасыз етуде бағынысты әскери бөлімдер мен бөлімшелерге көмек көрсетуге және оның жай-күйін жүйелі түрде тексеруге міндетті.


1-тарау. Әскери қызметшілер және олардың арасындағы өзара қарым-қатынастар
1. Әскери қызметшілердің жалпы құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі
Әскери қызметшілердің құқықтары


      6. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған шектеулерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңнамасында көзделген барлық құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады.

      7. Әскери қызметшілердің өз құқықтарын пайдалануы қоғамның, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне, әскери қызметке, басқа да әскери қызметшілер мен азаматтардың құқықтарына залал келтірмеуге тиіс.

      8. Мемлекет әскери қызметшілер құқықтарының, бостандықтарының іске асырылуына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуына, қызметі мен тұрмыс жағдайларын жақсартуға кепілдік береді.

      Әскери қызметшілердің құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау командирлерге (бастықтарға) және әскери басқару органдарына жүктеледі.

      Әскери ант қабылдағанға дейін әскери қызметші жауынгерлік міндеттерді орындауға (жауынгерлік іс-қимылдарға қатысуға, жауынгерлік кезекшілікті атқаруға, жауынгерлік және қарауылдық қызметтер өткеруге) тартылмайды; әскери қызметшіге қару-жарақ пен әскери техника бекітіліп берілмейді, оған тәртіптік жаза қолданылмайды.

      Әскери қызметшілердің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру жөніндегі міндеттердің орындалмауына кінәлі командирлер (бастықтар) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      9. Әскери қызметшілер:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде, уәкілетті органдардың бірінші басшылары көздеген тәртіппен ақшалай үлеспен мемлекет есебінен қамтамасыз етілуге;

      2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша мемлекет есебінен заттай және басқа да мүлік түрлерімен қамтамасыз етілуге;

      3) біліктілігін, қабілетін, өз лауазымдық міндеттерін адал орындауын ескере отырып, қызметі бойынша жоғарылатылуға;

      4) уәкілетті лауазымды адаммен келісу бойынша әскери оқу орындарына және басқа да білім беру ұйымдарына оқуға түсуге және курстық даярлықтан өтуге;

      5) денсаулығын сақтауға және қауіпсіздік техникасы мен гигиена талаптарына сай келетін қызмет жағдайларына;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен әскери қызмет міндеттерін орындаған кезде өмірі мен денсаулығына немесе жеке мүлкіне келтірілген зиянның өтелуіне;

      7) "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызмет өткеру кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуге;

      8) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқылы.

      Соғыс және төтенше жағдай туралы заңнамамен әскери қызметшілерге өзге де құқықтар берілуі мүмкін.

  10. Әскери қызметшілердің қаруды алып жүру қағидалары жалпыәскери жарғыларда айқындалады. Әскери қызметшілер жеке немесе бөлімше құрамында соңғы шара ретінде:

      1) күзетілетін әскери және азаматтық объектілерге, қарауылдарға, әскери бөлімдердің үй-жайлары мен құрылыстарына қарулы шабуыл жасауға тойтарыс берген;

      2) қаруды және әскери техниканы күшпен тартып алу әрекетінің жолын кескен;

      3) әскери қызметшілер мен азаматтық адамдарды, егер өзге тәсілдермен және құралдармен оларды қорғау мүмкін болмаса, олардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін шабуыл жасаудан, оның ішінде жануарлардың шабуыл жасауынан қорғаған;

      4) егер өзге де тәсілдермен және құралдармен қылмыскердің қарсылығын еңсеру, ұстау немесе қаруын алу мүмкін болмаса, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен не ауыр қылмыс жасау кезінде қолға түскен адамды, сондай-ақ қаруды тапсыру туралы заңды талаптарды орындаудан бас тартқан қаруланған адамды ұстап алған;

      5) кепілге алынғандарды, басып алынған күзетілетін объектілерді, құрылыстар мен арнайы (әскери) жүктерді босатқан;

      6) өздеріне қатысты күзетте ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың күзетуден қашып шығуының жолын кескен, сондай-ақ оларды күшпен босату әрекеттерінің жолын кескен;

      7) дабыл сигналын берген немесе көмекке шақырған;

      8) қажетті қорғаныс және аса қажет жағдайларда қару қолдануға құқылы.

      Қарауыл құрамына кіретін әскери қызметшілер Қарулы Күштердің гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысында (бұдан әрі - Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысы) баяндалған жағдайларда және тәртіппен қару қолдануға құқылы.

      Қаруды алып жүруге құқық әскери қызметшілердің жеке куәлігіне тиісті белгі жасаумен расталады. Сапта қару саптық жарғыда айқындалған қағидалар бойынша алып жүріледі.

      Саптан тыс қаруды алып жүру кезінде оның сақталуы және қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілуге тиіс.

      Әскери қызметші қаруды қолданған кезде қажетті қорғану мен аса қажеттілік шектерінен шығуға жол бермеуге міндетті.

      Төтенше жағдай енгізілген және тиісті міндеттерді орындауға Қарулы Күштерді қолдану кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне күш, арнайы құралдарды, қызметтік иттерді, қаруды қолдану, әскери техниканы пайдалану шарттарына, тәртібі мен шегіне қатысты бөлігінде "Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы" 2015 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелері қолданылады.

      Терроризмге қарсы операциялар шеңберіндегі міндеттерді орындауға Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне күш, арнайы құралдарды, қызметтік иттерді, қаруды қолдану, әскери техниканы пайдалану шарттарына, тәртібі мен шегіне қатысты бөлігінде "Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы" 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының ережелері қолданылады.

      11. Қару қолдану, кенеттен қарулы шабуыл жасауды, жауынгерлік техниканы, көлік құралдарын, теңіз және өзен кемелерін пайдаланумен шабуыл жасауды, сондай-ақ қамаудан қарумен қашып шыққанды қоспағанда, оны қолдану ниеті туралы ескерту жасауды көздеуге тиіс.

      Әскери қызметші қаруды қолдану және пайдалану кезінде маңындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ықтимал шараларды қабылдауға, ал қажет болған жағдайда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге міндетті.

      Әйелдер мен кәмелетке толмағандар әскери қызметшінің немесе басқа да адамдардың өміріне қатер төндіретін терроризм актісін, қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен не олар топтасып шабуыл жасаған, егер ондай шабуыл жасауға өзге де тәсілдермен және құралдармен тойтарыс беру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты қару қолдануға жол берілмейді.

      Әскери қызметші қару қолданудың немесе пайдаланудың әрбір жағдайы туралы командирге (бастыққа) баяндайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет