11. Гарнизон бастығы: гарнизонда әскери тәртіпті сақауға; гарнизондық және қарауылдық қызметтерді ұйымдастыруға және өткеруге; азаматтық қорғаныстың басқару органдарымен және бөлімдерімен өзара іс-қимылға; гарнизонның аумақтық қорғаныс міндеттерін және жұмылдыру іс-шараларын орындауға қатысатын гарнизонның күштері мен құралдарының іс-қимылына; әскерлердің күнделікті өмірі мен даярлығы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге; гарнизонның диверсияға қарсы қауіпсіздігінің, өртке қарсы қорғанысының және инфрақұрылымының жай-күйіне; әскерлерді тартумен гарнизондық іс-шараларды өткізуге жауап береді.
Гарнизон бастығы:
1) гарнизон әкімшілігінің қызметіне басшылық жасауға;
2) ай сайын әскери тәртіптің, гарнизондық және қарауылдық қызметтердің жай-күйін талдауға, гарнизон әскери бөлімдерінің командирлерімен, олардың орынбасарларымен жұмысты қорытындылауға және тиісті бұйрықтар шығаруға;
3) қылмыстық құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алу, қырағылық пен мемлекеттік құпиялардың сақталуын арттыру жөніндегі шараларды айқындауға;
4) гарнизон аумағында орналасқан мемлекеттік жергілікті басқару органдарымен, басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен байланыс орнатуға, олармен гарнизондық қызметті, азаматтық, аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға, бірлескен іс-шараларды өткізуге байланысты барлық қажетті мәселелерді, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту, басқа да мұқтаждары мен сұраныстарын қанағаттандыру мәселелерін шешуге;
5) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасарына гарнизондық қарауылдар кестесін (2-қосымша), сондай-ақ төтенше жағдай жарияланған кезде аумақтық қорғаныс бөлімдерімен (бөлімшелерімен), гарнизонның басқа да әскерлерімен және әскери құралымдарымен өзара іс-қимылдар, гарнизонды өртке қарсы қорғау жоспарларын бекітуге ұсынуға, гарнизонның шекаралары туралы ұсыныстар енгізуге;
6) жұмылдыру жарияланған және әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірген кезде гарнизонның іс-шаралар жоспарын әзірлеуге, оның орындалуын қамтамасыз етуге;
7) әскерлердің, гарнизондық объектілер мен әскери қалашықтардың күзетін, қорғанысы мен жаппай қырып-жою қаруынан және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан (бұдан әрі – төтенше жағдайлар) және олардың салдарларынан қорғауды, сондай-ақ гарнизонда өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыруға және олардың жай-күйін бақылауға;
8) гарнизон әскери бөлімдерінің, әскери оқу орындары мен мекемелерінің күзеті мен қорғанысы, диверсияға қарсы қауіпсіздігі жоспарларын келісуге;
9) гарнизонның күзеті мен қорғанысы, диверсияға қарсы қауіпсіздігі жоспарларын әзірлеуге және оларды жауапкершілік аймағында олар орналасқан өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысында (Ақмола және Алматы гарнизондарының бастықтары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасарында, Атырау, Қарағанды, Семей және Тараз гарнизондарының бастықтары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысында) бекітуге;
10) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін, осы жағдайларда зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшін бөлімшелер (әскери бөлімдер) тағайындауға;
11) гарнизондық қарауылдардың күзетінде тұрған объектілерге кіру тәртібін белгілеуге;
12) аптасына бір реттен жиі емес гарнизондық нарядқа тағайындалған әскери қызметшілердің даярлығын; гарнизондық қарауылдардың таралымын өткізуді және олардың қызмет өткеруін, бекеттер мен қарауылдық үй-жайлардың жай-күйін, гарнизон кезекші бөлімшесінің әзірлігін жеке өзі тексеруге;
13) жарты жылда бір реттен жиі емес жауынгерлік патрондар қорларын есепке алу кітабына жазба жасай отырып, гарнизондық қарауылдардағы оқ-дәрілер қорларының болуын және оның жай-күйін тексеруге;
14) гарнизонның әскери бөлімдері үшін оқу материалдық-техникалық базалардың объектілерін пайдалану тәртібін, ашық су тоғандарында шомылу орнын, уақыты мен тәртібін белгілеуге, сондай-ақ олардағы қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауға;
15) жалпыгарнизондық мәдени-бос уақыт және спорттық іс-шараларды өткізу жоспарларын қарауға және бекітуге;
16) азаматтарды қабылдау уақытын, орны мен тәртібін айқындауға және гарнизонның жеке құрамына жеткізуге;
17) әскерлерді пәтерлерге орналастыру жөніндегі жұмысқа, сондай-ақ гарнизон тұрғын үй комиссиясының қызметіне басшылық жасауға, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес гарнизондағы тұрғын үй бөлуді қарауға және бекітуге;
18) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға, әскери бөлімдердің жалпыгарнизондық пайдаланудағы ғимараттарды, әскери қалашықтардың аумақтары мен құрылыстарды күтіп-ұстауын тексеруге;
19) полигондарға кеткен немесе гарнизон құрамынан шыққан әскери бөлімдердің әскери қалашықтары мен объектілері қалдырылған кезде олардың күзетін ұйымдастыруға және бақылауға;
20) әскери қызметшілердің гарнизонда қысқы немесе жазғы киім нысанына көшуіне уақыт белгілеуге;
21) гарнизондағы жылу беру кезеңінің басталғанын және аяқталғанын хабарлауға;
22) әскерлердің қатысуымен гарнизондық іс-шараларды өткізуге, қажет болған жағдайларда құрметті қарауылдар тағайындауға, әскери молаларды, зираттар мен әскери ескерткіштерді тиісті реттілікпен ұстау туралы қамқорлық көрсетуге;
23) аттестаттарға сәйкес оларды жабдықталыммен қамтамасыз ете отырып, гарнизонда уақытша болатын әскери бөлімдерді, бөлімшелер (командалар) мен жеке әскери қызметшілерді, сондай-ақ әскери жүктері бар көліктерге ілесіп жүретін қарауылдарды орналастыруға;
24) гарнизонда қызмет өткермейтін сырқаттанған әскери қызметшілерге медициналық қызмет көрсету жөнінде шаралар қабылдауға;
25) стационарлық емделуге мұқтаж сотталған әскери қызметшілерді күзетуді ұйымдастыруға;
26) гарнизонның әскери бөлімдерінде қызмет өткермейтін әскери қызметшілер қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда гарнизонның әскери полиция органының бастығын және әскери прокурорын жедел хабардар етуге;
27) гарнизонда қызмет өткермейтін әскери қызметшілер сотталған кезде, әскери полиция органдары болмаған кезде оларды жазаны өтеу орнына жөнелтуді ұйымдастыруға міндетті.
12. Гарнизон бастығы гарнизон орналасқан жерге келген: Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрін және оның орынбасарларын және Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасарларын, әскер түрлерінің бас қолбасшыларын, гарнизон орналасқан аумақтағы өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысын қарсы алады, баяндайды және оған ілесіп жүреді.
Ақмола және Алматы гарнизондарының бастықтары көрсетілген адамдарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының ерекше нұсқауы бойынша қарсы алады.
Гарнизонға орталық әскери басқару органдары департаменттерінің (бас басқармаларының) бастықтары, әскер тектерінің қолбасшылары келген жағдайда гарнизон бастығы оларды қарсы алады және өзін таныстырады.
Өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы оның жауапкершілігі аймағының аумағына келген: Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығын қарсы алады және баяндайды.
13. Гарнизон бастығы гарнизоннан уақытша (демалысқа, ұзақ іссапарға) кеткен кезде өз міндеттерін атқаруды гарнизон бастығы орынбасарларының біреуіне тапсырады, ол туралы гарнизон бойынша бұйрықта жариялайды және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына, өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысына және өзінің тікелей бастығына баяндайды.
Ақмола және Алматы гарнизондарында гарнизон бастығының міндеттерін уақытша атқару көрсетілген жағдайларда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы тағайындаған адамға жүктеледі.
14. Гарнизонның әскери бөлімдерін, іссапарға келген жекелеген бөлімшелерді (командаларды) есепке алу, олардың қызмет орындарына уақтылы кетуін бақылау гарнизон әкімшілігіне жүктеледі.
Әскери бөлімдерді (бөлімшелерді, командаларды) басқа гарнизонның шегіне жіберетін командирлер (бастықтар) осы гарнизонның бастығына олардың келетіні туралы хабарлауға міндетті.
Әскери бөлімдер (бөлімшелер, командалар) көрсетілген пунктке келгеннен кейін әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі (команданың бастығы) ол туралы гарнизон бастығына келген күні баяндауға және гарнизон бастығына бағынысты штабта оны есепке қоюға міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |