Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы


-тарау. Бөлімшенің, взводтың, ротаның, батальонның және бригаданың (полктің) жаяу тәртіптегі саптары



бет172/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   ...   168   169   170   171   172   173   174   175   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

4-тарау. Бөлімшенің, взводтың, ротаның, батальонның және бригаданың (полктің) жаяу тәртіптегі саптары


      1. Бөлімше саптары

      Өрістетілген сап

      77. Бөлімшенің өрістетілген сабы бір қатарлы немесе екі қатарлы болуы мүмкін.

      Бөлімшені бір қатарлы (екі қатарлы) сапқа тұрғызу "Бөлімше, бір қатарға (екі қатарға) - САПТАН" командасы бойынша жүргізіледі.

      Бөлімше командирі саптық қалыпты қабылдап және команда беріп саптың маңдайшеп жағына қарап тұрады; бөлімше штатқа сәйкес командирден солға қарай, 14, 15-суреттерде көрсетілгендей сапқа тұрғызылады (шартты белгілер - 4-қосымша).

      (қағаз мәтініне қараңыз)

      Сапқа тұрғызу басталғанда бөлімше командирі саптан шығады және бөлімшенің сапқа тұруын қадағалайды.

      78. Бөлімшені орнында түзету қажет болған кезде "ТҮЗЕЛ" немесе "Солға - ТҮЗЕЛ" командасы беріледі.

      "ТҮЗЕЛ" командасы бойынша оң жақ қапталда тұрғаннан басқасының барлығы басын оңға бұрады және түзеледі. "Солға – ТҮЗЕЛ" командасы бойынша сол жақ қапталда тұрғаннан басқасының барлығы басын солға бұрады.

      Түзелу кезінде әскери қызметшілер біршама алға, артқа немесе жан-жағына қозғала алады.

      "Аяққа" күйіндегі карабиндермен (оқшашарлармен) түзелу кезінде одан басқа, орындалатын команда бойынша сүңгі (ұңғы жағы) өзіне қарай тартылады және оң бүйірге қысып ұсталады.

      Түзелу аяқталғаннан кейін "ТІК ТҰР" командасы беріледі, ол бойынша барлық әскери қызметші басын жылдам тік ұстайды, ал карабиндер (оқшашарлар) бұрынғы күйге келтіріледі.

      Бөлімше артқа бұрылып түзелген кезде командада түзелу жағы көрсетіледі.

      Мысалы: "Оңға (солға) - ТҮЗЕЛ".

      Ескерту. 78-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 02.02.2016 N 187 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      79. "ЕРКІН ТҰР" командасы бойынша және "РЕТТЕЛ" командасы бойынша орнында тұрған әскери қызметшілер осы Жарғының 29-тармағында көрсетілгендей әрекет жасауы тиіс.

      "Бөлімше - ТАРА" командасы бойынша әскери қызметшілер саптан шығады. Бөлімшені жинау үшін "Бөлімше - МАҒАН КЕЛ" командасы беріледі, ол бойынша әскери қызметшілер командир жанына жүгіре жиналады және оның қосымша командасы бойынша сапқа тұрғызылады.

      80. Бөлімшенің бұрылыс жасауы осы Жарғының 31, 39 және 57-тармақтарында көрсетілген командалар мен ережелер бойынша түзелуді сақтай отырып, барлық әскери қызметшілер бір уақытта орындайды. Екі қатарлы саптағы бөлімше оңға (солға) бұрылыс жасағаннан кейін бөлімше командирі оңға (солға) жарты адым, ал артқа бұрылыс жасаған кезде - алға бір адым жасайды.

      81. Бөлімше орнында жазылу үшін "Бөлімше оңға (солға, ортадан) осынша адымға алшақ-ТА (жүгіре, алшақ-ТА)" командасы беріледі.

      Орындалатын команда бойынша, жазылуды жүргізу басталатыннан басқа, барлық әскери қызметшілер көрсетілген жаққа қарай бұрылады, аяқтарын қоюмен бір уақытта басын саптың маңдайшебі жағына бұрады және артта келе жатқанға иығы арқылы қарап және одан көз айырмастан, жиіленген жарты адыммен (жүгіріп) жүреді; артта келе жатқан адам тоқтағаннан кейін әр қайсысы командада көрсетілгендей осынша адым жасайды және солға (оңға) бұрылады.

      Ортадан жазылған кезде ортадағы адам көрсетіледі. Ортадағы болып аталған әскери қызметші өз тегін естігеннен кейін "Мен" деп жауап береді, сол қолын алға созады және оны төмен түсіреді.

      Бөлімше түзелген кезде жазылу кезінде белгіленген аралық сақталады.

      82. Бөлімшені орнында жинақтау үшін "Бөлімше, оңға (солға, ортаға) жинақ-ТАЛ (жүгіре, жинақ-ТАЛ)" командасы беріледі. Орындалатын команда бойынша жинақталу тағайындалғаннан басқа барлық әскери қызметші жиналатын жаққа қарай бұрылады, одан кейін жиіленген жарты адыммен (жүгіре) жиналған сап үшін белгіленген аралыққа келеді және келгеннен кейін өз бетінше тоқтайды және солға (оңға) бұрылады.

      83. Бөлімшенің қозғалуы үшін: "Бөлімше, қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Адым (саптық адыммен, жүгіре) - БАС" командалары беріледі.

      Егер қажет болса, командада қозғалыс бағыты мен түзелу жағы көрсетіледі.

      Мысалы: "Бөлімше, қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Саптық плац бағытына (5-қосымша), назар оңға (солға), адым (саптық адыммен, жүгіре) - БАС".

      "БАС" командасы бойынша барлық әскери қызметші назарды және аралық пен арақашықтықты сақтай отырып, сол аяқтан қозғалысты бір уақытта бастайды.

      Егер назар жағы көрсетілмесе, назар оң жақ қапталға қарай басты бұрмай көзқараспен жүргізіледі.

      Бөлімшені тоқтату үшін "Бөлімше - ТОҚТА" командасы беріледі.

      84. Әскери қызметшілерде қарудың әр түрлі түрі болған кезде және олардың біреуін басқа күйге ауыстыру қажет болған кезде командада осы қарудың атауы көрсетіледі.

      Мысалы: "Автоматтарды кеуде-ГЕ", "Оқшашарларды қарубау-ҒА", "Карабиндерді иық-ҚА".

      85. Сапта тұрып орнында шетке қарай бірнеше адымға орын ауыстыру үшін "Бөлімше, оң-ҒА (сол-ҒА)", ал сап бұрылғаннан кейін - "Бес адым алға, адым - БАС" командалары беріледі. Әскери қызметшілер қажетті адым санын жасағаннан кейін бөлімше "Сол-ҒА (оң-ҒА)" командасы бойынша бастапқы күйге бұрылады.

      Алға немесе артқа қарай бірнеше адымға орын ауыстыру осы Жарғының 38-тармағында көрсетілгендей жүргізіледі.

      86. Аяқ алысты ретсіз алып жүру қажет болған кезде "Ретсіз - АДЫМДА", ал аяқ алысты ретпен алып жүру үшін "Ретпен - АДЫМДА" командасы беріледі (ретпен жүру бағыттаушы бойынша немесе командирдің санауы бойынша жүзеге асырылады).

      87. Қозғалыс бағытын орнынан иықпен еніп өзгерту үшін "Бөлімше, оң (сол) иық алға, адым - БАС", жүру кезінде - "Бөлімше, оң (сол) иық алға - АДЫМДА" командасы беріледі.

      Осы команда бойынша бөлімше оң (сол) иықпен алға енуді бастайды: еніп келе жатқан қапталдың шеткі адамы басын маңдайшеп бойына бұрып, өзінің қозғалысын қалғандарын қозғалмайтын қапталға ығыстырмайтындай етіп толық адыммен жүреді; қозғалмайтын қапталдың шеткі адамы орнында адымдайды және біртіндеп енетін қапталдың қозғалысымен үйлесе отырып, солға (оңға) бұрылады; қалғандары енетін қапталға қарап, маңдайшеп бойынша түзелуді сақтай отырып (басын бұрмай) және қозғалмайтын қаптал жағында тұрған жанындағының шынтағын сезе отырып, олар қозғалмайтын қапталға жақындаған сайын шағын адым жасайды.

      Бөлімше қажеттілігіне қарай бұрылғанда "ТУРА" немесе "Бөлімше - ТОҚТА" командасы беріледі.

      88. Бөлімшені бір қатардан екіге қайта сапқа тұрғызу үшін алдын ала "Бөлімше, бірінші-екіншіге - САНАЛ" командасы бойынша бірінші және екіншіге санау жүргізіледі.

      Осы команда бойынша әрбір әскери қызметші оң қапталдан бастап кезек бойынша жылдам өзінің сол жағында тұрған әскери қызметшіге басын бұра отырып, өз нөмірін атайды және жылдам басын тік қаратады; сол жақ қапталдағы басын бұрмайды.

      Жалпы нөмірлеу бойынша есеп те осылай жүргізіледі, ол үшін "Бөлімше, ретпен - САНАЛ" командасы беріледі.

      Екі қатарлы сапта екінші қатардың сол жақ қапталындағы адам жалпы нөмірлеу бойынша саптың есебі аяқталғаннан кейін: "Толық" немесе "Толық емес" деп баяндайды.

      89. Бөлімшені орнында бір қатардан екіге сапқа қайта тұрғызу "Бөлімше, екі қатарға - САПҚА ТҰР" командасы бойынша жүргізіледі.

      Орындалатын команда бойынша екінші нөмірлер бірінші нөмірлердің ту сыртына тұру үшін сол аяғымен артқа адым жасайды, оң аяғын жерге қоймастан, оң жаққа адым жасап, сол аяғын жерге қояды.

      Егер бөлімшенің сол қапталында бір қатарлы сапта бірінші нөмірлі әскери қызметші тұрса, онда екі қатарға қайта тұрғызу кезінде оның оң жағында тұрған екінші нөмірлі әскери қызметші оң аяғымен артқа бір адым жасайды, сол қапталдағы бірінші нөмірлі әскери қызметшінің ту сыртына тұру үшін сол аяғын жерге қоймастан, сол жаққа адым жасап, оң аяғын қояды.

      90. Бөлімшені орнында екі қатарлы жинақталған саптан бір қатарлы сапқа қайта тұрғызу үшін бөлімше алдын ала бір адымға алшақтайды, содан кейін "Бөлімше, бір қатарға - САПҚА ТҰР" командасы беріледі.

      Орындалатын команда бойынша екінші нөмірлер сол аяғымен сол жаққа бір адым жасайды, оң аяғын қоймастан, бір адым алға жасайды және сол аяғын жерге қоя отырып, біріншілердің қатарына шығады.

      Егер бөлімшенің екі қатарлы сабындағы соңғы қатар толық болмаса, онда бір қатарлы сапқа қайта тұрғызу кезінде соңғы қатарда тұрған екінші нөмірлі әскери қызметші оң аяғымен оң жаққа бір адым жасайды, сол аяғын жерге қоймастан, алға бір адым жасап, оң аяғын жерге қояды.

      Жорықтық сап

      91. Бөлімшенің жорықтық сабы бір лекті немесе екі лекті болуы мүмкін.

      Бөлімшені орнында бір (екі) лекті сапқа тұрғызу "Бөлімше, бір (екі) лекке - САПҚА ТҰР" командасы бойынша жүргізіледі. Бөлімше командирі саптық қалыпты қабылдап және команда бере отырып қозғалыс бағытына қарап тұрады, ал бөлімше штатқа сәйкес сапқа тұрады (16 және 17-суреттер).

      (қағаз мәтініне қараңыз)


      92. Бөлімшені өрістетілген саптан лекке қайта сапқа тұрғызу "Бөлімше, оң-ҒА" командасы бойынша бөлімшенің оңға бұрылуымен жүргізіледі. Екі қатарлы саптың бұрылуы кезінде бөлімше командирі оңға жарты адым жасайды.

      93. Бөлімшені лектен өрістетілген сапқа қайта сапқа тұрғызу "Бөлімше, сол-ҒА" командасы бойынша бөлімшенің солға бұрылуымен жүргізіледі. Екі лекті бөлімшенің бұрылуы кезінде бөлімшенің командирі алға жарты адым жасайды.

      94. Бөлімшені бір лектен екі лекке қайта сапқа тұрғызу "Бөлімше, екі лекпен адым - БАС" (жүру кезінде - "АДЫМДА") командасы бойынша жүргізіледі.

      Орындалатын команда бойынша бөлімше командирі (бағыттаушы) жарты адыммен жүреді, екінші нөмірлер оңға шығып, адым ырғағымен лектегі өз орнына 17-суретте көрсетілгендей тұрады; бөлімше "ТУРА" немесе "Бөлімше - ТОҚТА" командасына дейін жарты адыммен қозғалады.

      95. Бөлімшені екі лектен бір лекке қайта сапқа тұрғызу "Бөлімше, бір лекпен, адым - БАС" (жүру кезінде - "АДЫМДА") командасы бойынша орындалады.

      Орындалатын команда бойынша бөлімше командирі (бағыттаушы) толық адыммен, ал қалғандары - жарты адыммен жүреді; орынның босауына қарай екінші нөмірлер адым ырғағымен бірінші тұрғанның ту сыртына енеді және толық адыммен қозғалысты жалғастырады.

      96. Лектің қозғалыс бағытын өзгерту үшін мынадай командалар беріледі:

      "Бөлімше, оң (сол) иық алға, адым-ДА", бағыттаушы "ТУРА" командасына дейін солға (оңға) бұрылады, қалғандары оның соңынан жүреді;

      "Бөлімше, менің соңымнан, адым-ДА (жүгіре - БАС)", бөлімше командирдің соңынан жүреді.

      Әскери сәлемдесуді саптағы орнында және қозғалыста орындау

      97. Саптағы орнында әскери сәлемдесуді орындау үшін бастық 10-15 адымға жақындағанда, бөлімше командирі "Бөлімше, ТІК ТҰР, назар ОҢҒА (СОЛҒА, ОРТАҒА)" командасын береді.

      Бөлімшенің әскери қызметшілері саптық қалыпты қабылдайды, бір уақытта басын оңға (солға) бұрады және бастықты, оның соңынан басын бұра отырып, көз қиығымен шығарып салады.

      Бастық саптың тыл жағынан келген кезде бөлімше командирі бөлімшені артқа бұрады, ал одан кейін әскери сәлемдесуді орындау үшін команда береді.

      98. Бөлімше командирі әскери сәлемдесуді орындау үшін команда беріп (егер ол қарусыз немесе "арқаға" күйіндегі қарумен болса, қолын бас киіміне апарады; егер ол "иыққа", "қарубауға" немесе "кеудеге" күйіндегі қарумен болса, қаруы жоқ қолымен қозғалысты жалғастыра отырып, осы Жарғының 74-тармағында көрсетілгендей іс-қимыл жасайды), бастыққа саптық адыммен келеді; оған екі-үш адым қалғанда тоқтайды және баяндайды.

      Мысалы: "Лейтенант мырза. Екінші бөлімше сабақ кестесіне сәйкес айналысып жатыр. Бөлімше командирі сержант Әлімов".

      Сәлем берілетін бастық әскери сәлемдесуді орындау үшін команда берілгеннен кейін қолын бас киіміне апарады.

      Бөлімше командирі баяндап болғаннан кейін қолын бас киімінен түсірмей оңға (солға) бұрылумен бір уақытта сол (оң) аяқпен шетке қарай бір адым жасайды және бастықты өткізіп жіберіп, оның соңынан бір-екі адым артта және саптың сыртқы жағынан жүреді.

      Бастық өтіп кеткеннен кейін немесе "Еркін тұр" командасы бойынша бөлімше командирі "ЕРКІН ТҰР" командасын береді және қолын төмен түсіреді.

      99. Саптағы қозғалыста әскери сәлемдесуді орындау үшін бастыққа дейін 10-15 адым қалғанда бөлімше командирі "Бөлімше, ТІК ЖҮР, назар оң-ҒА (сол-ҒА)" командасын береді. "ТІК ЖҮР" командасы бойынша барлық әскери қызметші саптық адымға көшеді, ал "Назар оң-ҒА (сол-ҒА)" командасы бойынша бір уақытта бастық жаққа басын бұрады және қолдарымен немесе қару ұстамаған қолымен қозғалыс жасауды тоқтатады. "Иыққа" күйіндегі карабинмен қозғалыста қару ұстамаған қолмен қозғалыс жасау тоқтатылмайды. Бөлімше командирі, егер ол қарусыз болса немесе "арқаға" күйіндегі қарумен болса, басын бұра отырып қолын бас киіміне апарады.

      Бастықтың жанынан өткеннен кейін немесе "Еркін жүр" командасы бойынша бөлімше командирі "ЕРКІН ЖҮР" командасын береді және қолын төмен түсіреді.

      100. Бастық сәлемдескенде немесе алғыс жариялаған кезде әскери қызметшілер көтеріңкі, анық, үйлесімді жауап береді. Қозғалыста барлық әскери қызметші сол аяқтарын жерге қоя отырып, кейінгі сөздерді әрбір адыммен айтып жауап беруді бастайды.

      2. Взвод саптары

      Өрістетілген сап

      101. Взводтың өрістетілген сабы бір қатарлы немесе екі қатарлы болуы мүмкін.

      Взводты өрістетілген сапқа тұрғызу "Взвод, бір қатарға (екі қатарға) - САПТАЛ" командасы бойынша жүргізіледі.

      Взвод командирі саптық қалыпты қабылдап және команда бере отырып, саптың маңдайшебі жағына қарап тұрады; бөлімше командирден солға қарай 18, 19-суреттерде көрсетілгендей сапқа тұрады. Екі қатарлы сапта әрбір бөлімшенің соңғы қатары толық болуы тиіс.

      Бөлімшелерді сапқа тұрғызу басталғанда взвод командирі саптан шығады және бағынысындағылардың әрекетін бақылайды.

      Төрт және үш адамы бар бөлімше санынан тұратын взвод 20-суретте көрсетілгендей екі қатарлы сапқа тұрғызылады.

      (қағаз мәтініне қараңыз)
      102. Взводтың өрістетілген саптағы түзелуі, бұрылуы, қайта сапқа тұрғызылуы және басқа да әрекеттері бөлімше үшін көрсетілген ережелер мен командалар бойынша орындалады.

      103. Взводты бір қатарлы саптан екі қатарлы сапқа немесе керісінше қайта сапқа тұрғызу осы Жарғының 88-90-тармақтарында көрсетілгендей жүргізіледі. Взводтың бөлімшелерінде бірінші және екіншіге санау кезінде бөлімше командирлері санауға кірмейді.

      Жорықтық сап

      104. Взводтың жорықтық сабы үш лекті (төрт бөлімшеден тұратын взводта - төрт лекті), екі лекті немесе бір лекті болуы мүмкін (21-23-сурет).

      Взводты орнында үш (төрт) лекті сапқа тұрғызу "Взвод, үш (төрт) лекке - САПТАН" командасы бойынша жүргізіледі. Осы команда бойынша бөлімше 21-суретте көрсетілгендей жылдам сапқа тұрады.

      Төрт және үш адамы бар бөлімше санынан тұратын взводты екі лекке жорықтық сапқа тұрғызу 24-суретте көрсетілген.

      (қағаз мәтініне қараңыз)
      105. Взводты өрістетілген бір қатарлы саптан бір лекке (екі қатарлы саптан екі лекке) қайта сапқа тұрғызу взводты оңға бұрумен жүргізіледі.

      106. Взводты өрістетілген екі қатарлы саптан бір лекке (бір қатарлы саптан екі лекке) қайта сапқа тұрғызу "Взвод, оң-ҒА"; "Қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Бір (екі) лекпен, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша жүргізіледі.

      "Адымда" командасы бойынша бірінші бөлімше жүру кезінде осы Жарғының 95-тармағында көрсетілгендей бір лекке (94-тармақта көрсетілгендей екі лекке) қайта сапқа тұрғызылады; қалған бөлімшелер бір (екі) лекке біртіндеп қайта сапқа тура отырып, бірінші бөлімшенің ту сыртынан бірінің артынан бірі жүреді.

      107. Взводты өрістетілген екі қатарлы саптан үш (төрт) лекке қайта сапқа тұрғызу "Взвод, оң-ҒА"; "Қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Үш (төрт) лекпен, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша жүргізіледі.

      "Адым-ДА" командасы бойынша бірінші бөлімше жүру кезінде бір лекті сапқа қайта тұрып, жарты адыммен жүреді, қалған бөлімше біріншінің сызығына сол жаққа, сондай-ақ бір лекті сапқа тұрып, белгіленген аралыққа шығады, одан кейін взвод командирі "ТУРА" немесе "Взвод - ТОҚТА" командасын береді.

      108. Взводты бір лекті саптан өрістетілген бір қатарлы сапқа (екі лектен екі қатарлы сапқа) қайта сапқа тұрғызу взводты солға бұрумен жүргізіледі.

      109. Взводты үш (төрт) лектен екі лекті сапқа қайта тұрғызу "Взвод, екі лекпен, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша жүргізіледі.

      Осы команда бойынша бірінші бөлімше осы Жарғының 94-тармағында көрсетілгендей жүру кезінде екі лекті сапқа қайта тұра отырып, тура жүреді, қалған бөлімшелер орнында адым жасайды, одан кейін біртіндеп екі лекке қайта сапқа тұра отырып, алда келе жатқан бөлімшенің ту сыртына шығады.

      110. Взводты үш (төрт) лектен өрістетілген екі қатарлы сапқа қайта тұрғызу үшін взвод алдын ала екі лекті сапқа қайта тұрады және одан кейін - осы Жарғының 108-тармағында көрсетілгендей әрекет жасайды.

      111. Взводты үш (төрт) лектен бір лекті сапқа қайта тұрғызу "Взвод, бір лекпен, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша жүргізіледі.

      Осы команда бойынша бірінші бөлімше тура жүреді, қалған бөлімшелер орнында адым жасайды және бөлімшенің лектен кезектесіп шығуына қарай өз командирлерінің "ТУРА" командасы бойынша алдында келе жатқан бөлімшенің ту сыртынан жүріп, қозғалысты толық адыммен бастайды.

      112. Взводты бір лектен үш (төрт) лекті сапқа қайта тұрғызу "Взвод, үш (төрт) лекпен, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша жүргізіледі.

      Осы команда бойынша бірінші бөлімше орнында адымдайды, қалған бөлімшелер бірінші тұрғанның сызығына шығып, сондай-ақ взвод командирінің "ТУРА" немесе "Взвод - ТОҚТА" командасына дейін орнында адымдайды.

      113. Взводты екі лектен үш (төрт) лекті сапқа қайта тұрғызу "Взвод, үш (төрт) лекпен, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша жүргізіледі. "Адым-ДА" командасы бойынша взвод осы Жарғының 107-тармағында көрсетілгендей үш лекті сапқа қайта тұрғызылады.

      114. Взводты жинау үшін "Взвод - МАҒАН КЕЛ" командасы беріледі, ол бойынша бөлімшелер жүгіріп взвод командирінің жанына жиналады және оның қосымша командасы бойынша сапқа тұрады.

      115. Жорықтық сапта взводтың қозғалыс бағытын ауыстыру бөлімшенің жорықтық сабы үшін көрсетілген командалар мен ережелер бойынша жүргізіледі.

      Әскери сәлемдесуді саптағы орнында және қозғалыста орындау

      116. Взводтың әскери сәлемдесуді саптағы орнында және қозғалыста орындауы осы Жарғының 97-100-тармақтарындағы бөлімшелер үшін көрсетілгендей жүргізіледі.

      Взвод сержанты мен бөлімшелер командирлері сапта өз орындарында тұрады және қолын бас киіміне апармайды.

      Қозғалыста команда бойынша әскери сәлемдесуді орындау үшін ән айту тоқтатылады.

      3. Рота саптары

      Өрістетілген сап

      117. Ротаның өрістетілген сабы екі қатарлы немесе взводтық лектер сызығына (взводтар үш, төрт лекте; арнайы бөлімше екі лекте) болуы мүмкін (25, 26-суреттер).

      Қажет болған кезде рота бір қатарлы сапқа тұрғызылуы мүмкін.

      (қағаз мәтініне қараңыз)
      118. Ротаны өрістетілген сапқа тұрғызу "Рота, екі қатарға - САПТАН" немесе "Рота, взводтық сызыққа үш (төрт) лекке - САПТАН" командасы бойынша жүргізіледі. Ротаны сапқа тұрғызу бірінші взвод бойынша жүргізіледі.

      Рота командирі саптық қалыпты қабылдай және команда бере отырып, саптың маңдайшебі жағына қарап тұрады. Рота командирінің орынбасарлары рота командирінен солға қарай, белгі беруші-барабаншы (командирдің бұйрығы бойынша) орынбасарлардан солға қарай тұрады, одан әрі қарай рота сержанты және басқару тобы тұрады. Бірінші взводтың командирі "Взвод, екі қатарға (үш, төрт лекке) - САПТАН" командасын бере отырып, өз взводын басқару тобынан солға қарай сапқа тұрғызады. Қалған взводтар өз командирлерінің командасы бойынша бірінші взводтан солға қарай өз нөмірлерінің реті бойынша сапқа тұрғызылады. Бірінші взводты сапқа тұрғызу бастағанда рота командирі ротаның сабынан шығады және бағыныстылардың іс-қимылын бақылайды.

      Арнайы бөлімше үшінші взводтан солға қарай сапқа тұрады.

      Ротаны екі қатарлы сапқа тұрғызған кезде төрт және үш адамнан бөлімшелері бар взводтар 20-суретте көрсетілгендей сапқа тұрғызылады.

      119. Өрістетілген сапта ротаны түзеу, бұру, қайта сапқа тұрғызу және басқа да іс-қимылдар бөлімшелер мен взводтар үшін көрсетілген ережелер мен командалар бойынша орындалады.

      Жорықтық сап

      120. Ротаның жорықтық сабы үш (төрт) лекті немесе екі лекті болуы мүмкін (27, 28-суреттер).

      Ротаны орнында үш (төрт, екі) лекке сапқа тұрғызу "Рота, үш (төрт, екі) лекке - САПТАН" командасы бойынша жүргізіледі.

      Осы команда бойынша рота 27, 28-суреттерде көрсетілгендей сапқа тұрғызылады. Бұл ретте взводтар өз командирлерінің командасы бойынша үш (төрт, екі) лекке нөмірлерінің ретімен сапқа тұрғызылады; арнайы бөлімше үшінші взводтан кейін, ал басқару тобы - бірінші взвод командирінің алдында екі лекке сапқа тұрғызылады.

      Ротаны жорықтық лекке сапқа тұрғызу және қайта сапқа тұрғызу кезінде рота командирінің орынбасарлары рота командирінен кейін екі адымда, олардан кейін екі адымда белгі беруші-барабаншы тұрады, рота сержанты басқару тобының алдында, рота старшинасы - арнайы бөлімшеден кейін тұрады.

      (қағаз мәтініне қараңыз)
      121. Ротаны взводтық лектер сызығынан жорықтық лекке қайта сапқа тұрғызу мынадай командалар бойынша жүргізіледі: "Рота, қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Жорықтық үш (төрт, екі) лекпен, менің соңымнан (немесе бағыты, жүру бағдары көрсетіледі), адым - БАС" немесе "Рота, қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Жорықтық үш (төрт, екі) лекпен, жол бойымен, жүру тәртібі: басқару тобы, бірінші взвод (немесе өзге жүру бағдары көрсетіледі), адым - БАС".

      "Жорықтық үш (төрт, екі) лекпен" командасы бойынша взводтар командирлері өз взводтарының алдында екі адымда тұрады, ал рота сержанты басқару тобының алдында тұрады.

      Орындалатын команда бойынша басқару тобы немесе командада аты аталған взвод қозғалысты бастайды; қалған бөлімшелер орнында адым жасайды. Басқару тобының немесе командада аты аталған взводтың қозғалуына қарай қалған бөлімшелер өз командирлерінің "ТУРА" командасы бойынша рота командирі немесе 27, 28-суреттерде көрсетілген тәртіппен қозғалысты бастайды.

      Егер қажет болса, взводтар рота командирі көрсеткендей, өз командирлерінің командасы бойынша жүру кезінде қайта сапқа тұрғызылады.

      122. Ротаны үш (төрт) лектен взводтық лектер сызығына қайта сапқа тұрғызу "Рота, солға қарай взводтық лектер сызығына, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша жүргізіледі.

      Орындалатын команда бойынша басқару тобы немесе бағыттаушы взвод орнында адым жасайды, қалған взводтар бағыттаушы сызығына солға қарай шығады. Взводтар командирлерінің "ОРНЫНДА" командасы бойынша взводтар орнында адым жасай отырып, рота командирінің "ТУРА" немесе "Рота - ТОҚТА" командасына дейін маңдайшеп бойынша және тереңдікке қарай түзеледі. "Рота - ТОҚТА" командасы бойынша взводтар командирлері өз взводтарының оң жақ қапталына, ал рота командирінің орынбасарлары мен рота сержанты - басқару тобының оң жақ қапталына тұрады.

      123. Ротаны өрістетілген екі қатарлы саптан екі лекке қайта сапқа тұрғызу ротаны оңға бұрумен, ал екі лектен өрістетілген екі қатарлы сапқа - солға бұрумен жүргізіледі.

      Әскери сәлемдесуді саптағы орнында және қозғалыста орындау

      124. Саптағы орнында әскери сәлемдесуді орындау үшін бастық 40-50 адымға жақындағанда рота командирі "Рота, ТІК ТҰР, назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)" командасын береді.

      Осы команда бойынша барлығы саптық қалыпты қабылдайды және көрсетілген жаққа басын бұрады, ал сапта тұрған рота командирлерінің орынбасарлары, взводтар командирлері мен рота сержанты, одан басқа қолын бас киіміне апарады.

      Рота командирі команда бере отырып, қолын бас киіміне апарады, саптық адыммен бастыққа жақындайды, оған екі-үш адым қалғанда тоқтайды және баяндайды.

      Мысалы: "Майор мырза. Бірінші рота сабақтар кестесіне сәйкес айналысып жатыр. Рота командирі капитан Әлтаев".

      Рота командирі баяндауын аяқтағаннан кейін қолын бас киімінен түсірмей, бір уақытта оңға (солға) бұрылумен сол (оң) аяқпен шетке қарай бір адым жасайды және бастықты алға қарай өткізіп жіберіп, оның соңынан бір-екі адым кейін және саптың сыртқы жағынан жүреді.

      Бастық өтіп кеткеннен кейін немесе "ЕРКІН ТҰР" командасы бойынша рота командирі "ЕРКІН ТҰР" командасын береді және қолын төмен түсіреді.

      125. Саптағы қозғалыста әскери сәлемдесуді орындау бөлімше мен взвод үшін көрсетілгендей жүзеге асырылады. Бұл ретте рота командирінің орынбасарлары, взводтар командирлері мен рота сержанты қолын бас киіміне апарады.

      Егер бастық рота легінен озып бара жатса, әскери сәлемдесуді орындау үшін команда берілмейді; әскери сәлемдесуді тек взвод және одан жоғары бөлімшелердің командирлері, сондай-ақ рота сержанты орындайды.

      4. Батальон саптары

      Өрістетілген сап

      126. Батальонның өрістетілген сабы взводтық лектер сызығына, роталық лектер сызығына немесе екі қатарлы болуы мүмкін.

      Батальонды сапқа тұрғызу батальон командирінің "Батальон, взводтық (роталық) лектер сызығына - САПТАН" немесе "Батальон, екі қатарға - САПТАН" командасы бойынша жүргізіледі.

      127. Батальонды взводтық лектер сызығына сапқа тұрғызу былай жүргізіледі (29-сурет): роталар маңдайшеп бойынша бір сызыққа, әр қайсысы взводтық лектер сызығына, взводтар үш (төрт) лекке; взводтар мен роталар арасындағы аралық - екі адым.

      (қағаз мәтініне қараңыз)

      Батальон роталық лектер сызығына 30-суретте көрсетілгендей сапқа тұрғызылады: роталар маңдайшеп бойынша бір сызыққа, әр қайсысы үш (төрт) лекке; взводтар арасындағы аралық - төрт адым; роталар арасындағы аралық - екі адым.

      Батальонды екі қатарлы сапқа тұрғызу тәртібі 31-суретте көрсетілген.

      (қағаз мәтініне қараңыз)
      128. Батальонды взводтық немесе роталық лектер сызығына сапқа тұрғызу кезінде батальонның артиллериялық бөлімшелері мен қамтамасыз ету бөлімшелері екі адым аралықта лектердің бас жағымен роталардан солға қарай роталар сызығына тиісінше взводтық немесе роталық (батареялық) лектерге сапқа тұрғызылады.

      (қағаз мәтініне қараңыз)


      129. Батальон командирінің орынбасарлары өрістетілген сапта батальон командирінен солға қарай екі қатарға, ал 29-31-суреттерде көрсетілмеген батальонның басқа да офицерлері мен батальон сержанты батальон басқармасының қалған құрамымен сапқа тұрғызылады.

      130. Өрістетілген сапта түзеу және бұрылулар жасау бөлімшелер мен взводтар үшін көрсетілген ережелер мен командалар бойынша орындалады.

      Жорықтық сап

      131. Батальонның жорықтық сабы (32-сурет) екі адым арақашықтықта бірінен кейін бірі үш (төрт) лекке сапқа тұрғызылған (алда келе жатқан ротаның соңғы қатарынан рота командиріне дейін) роталардың, артиллериялық бөлімшелер мен қамтамасыз ету бөлімшелерінің жорықтық сабынан тұрады.

      (қағаз мәтініне қараңыз)
      132. Батальон взводтық немесе роталық лектер сызығынан жорықтық лекке мынадай командалар бойынша қайта сапқа тұрғызылады: "Батальон, қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Жорықтық үш (төрт) лекпен, менің соңымнан (немесе жүру бағыты, бағдары көрсетіледі), адым - БАС" немесе "Батальон, қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Жорықтық үш (төрт) лекпен, жол бойымен, жүру тәртібі: батальон басқармасы, бірінші рота (немесе өзге жүру тәртібі көрсетіледі), адым - БАС".

      "Жорықтық лекпен" командасы бойынша роталар командирлері өз роталары алдына тұрады, олардан кейін екі адымда - олардың орынбасарлары, взводтар командирлері - өз взводтары алдында екі адымда, роталар сержанттары - басқару топтары алдында екі адымда, белгі беруші-барабаншылар роталық белгі беруші-барабаншылар үшін ережелерді орындай отырып, 27-суретте көрсетілгендей (6-қосымша) орындарда тұрады. Батальон командирінің орындалатын командасы бойынша роталар, артиллериялық бөлімшелер мен қамтамасыз ету бөлімшелері өз командирлерінің командалары бойынша (осы Жарғының 121-тармағы) біртіндеп лекке қайта сапқа тұра отырып, батальон командирі көрсеткен тәртіппен жүреді.

      Батальон командирі бағыттаушы бөлімше командирінің алдында, батальон командирінен кейін екі адымда екі қатарда оның орынбасарлары мен батальон штабының бастығы қозғалады, ал олардан кейін екі адымда батальон басқармасының қалған құрамы қозғалады.

      133. Батальон жорықтық лектен өрістетілген сапқа батальон командирінің командасы бойынша қайта сапқа тұрғызылады, бұл ретте батальонның сапқа тұру орны мен маңдайшебі, қандай рота бойынша және қандай сапқа тұрғызылатыны көрсетіледі.

      "Батальон, солға қарай взводтық (роталық) лектер сызығына, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша қайта сапқа тұрғызу кезінде бөлімшелер 29, 30-суреттерде көрсетілгендей сапқа тұрғызылады.

      Батальонды өрістетілген екі қатарлы саптан үш (төрт) лекке қайта сапқа тұрғызу батальонды оңға қарай бұрумен және кейіннен: "Батальон, үш (төрт) лекке, адым - БАС" командасын орындаумен жүзеге асырылады.

      "Адымда" командасы бойынша батальон бөлімшелері осы Жарғының 107-тармағында көрсетілгендей үш (төрт) лекке қайта сапқа тұрғызылады.

      Әскери сәлемдесуді саптағы орнында және

      қозғалыста орындау

      134. Әскери сәлемдесуді саптағы орнында және қозғалыста орындау осы Жарғының 124, 125-тармақтарында рота үшін көрсетілгендей жүргізіледі.

      Батальон лекте жүріп келе жатқан кезде әскери сәлемдесуді орындау үшін батальон командирінің командасын бастық алда келе жатқан ротаның орта тұсына теңескенде роталардың командирлері (бағыттаушыдан басқа) біртіндеп қайталайды.

      5. Бригада (полк) саптары

      135. Бригаданың (полктің) өрістетілген сабы взводтық немесе роталық лектер сызығына сапқа тұрғызылған батальондардан, артиллериялық бөлімшелерден, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінен, қамтамасыз ету бөлімшелерінен тұрады.

      Бригаданың (полктің) өрістетілген сабында оң жақ қапталға олардың нөмірлерінің ретімен батальондар, олардан солға қарай - артиллериялық бөлімшелер, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері мен қамтамасыз ету бөлімшелері сапқа тұрғызылады.

      Бригада (полк) басқармасы батальондардан оңға қарай сапқа тұрады. Бригада (полк) командирінің орынбасарлары басқармадан оңға қарай, ал Жауынгерлік Тумен сапқа тұрғызылған кезде - одан оңға қарай, Жауынгерлік Туды тапсырған кезде - 7-қосымшаға сәйкес тұрады. Батальондар арасындағы аралық - үш адым (33-сурет).

      (қағаз мәтініне қараңыз)

      Әскерлер тектері мен қызметтері бастықтары, оларға бағынысты офицерлер мен бригада (полк) сержанты бригада (полк) басқармасының құрамында сапқа тұрғызылады.

      136. Бригаданы (полкті) сапқа тұрғызу үшін бригада (полк) командирі өзі немесе штаб арқылы бұйрық береді, онда: сапқа тұрғызу мақсатын, орнын, уақыты мен тәртібін; киім нысаны мен жабдықтарды; бөлімшелерде қандай қару-жарақ пен әскери техника болуын көрсетеді.

      137. Бригаданы (полкті) жорықтық сапқа тұрғызу тікелей жорықтық лекке сияқты (34-сурет), өрістетілген саптан взводтық немесе роталық лектер сызығына қайта сапқа тұрғызу жолымен де жүргізілуі мүмкін.

      138. Орнында жорықтық лекке сапқа тұрғызу кезінде батальондар, артиллериялық бөлімшелер, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері мен қамтамасыз ету бөлімшелері лектерде бригаданы (полкті) сапқа тұрғызу орнына келеді және оларға көрсетілген орындарға тұрады.

      139. Бригаданы (полкті) өрістетілген саптан жорықтық лекке қайта сапқа тұрғызу командалар бойынша жүргізіледі.

      Мысалы: "Бригада (полк), қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Жорықтық үш (төрт) лекпен, менің соңымнан (немесе жүру бағыты, бағдары көрсетіледі) адым - БАС" немесе "Бригада (полк), қарубау-ҒА (иық-ҚА)", "Жорықтық үш (төрт) лекпен, жол бойымен, сапқа тұру тәртібімен (немесе өзге де жүру тәртібі көрсетіледі), адым - БАС". "Жорықтық лекпен" командасы бойынша батальондар командирлері саптан шығады және өз батальондарының бас жағындағы бөлімшелер командирлерінің алдында сегіз адымда, батальондар командирлерінің орынбасарлары - батальондар командирлерінен кейін екі адымда екі қатарда тұрады, роталар мен взводтар командирлері саптан шығады және осы Жарғының 132-тармағында көрсетілгендей тұрады. Батальондар командирлері қозғалу үшін біртіндеп команда береді.

      Бригаданың (полктің) қозғалуы 34-суретте көрсетілген сапқа тұру тәртібімен немесе бригада (полк) командирі көрсеткен өзге де тәртіппен жүргізіледі; батальондар (дивизиондар) арасындағы арақашықтық орнында - үш адым, қозғалыста - 10 адым, ал басқа да бөлімшелер арасында - үш адым.

      (қағаз мәтініне қараңыз)


      140. Бригада (полк) жорықтық лектен өрістетілген сапқа бригада (полк) командирінің командасы бойынша қайта сапқа тұрғызылады, бұл ретте бригаданың (полктің) сапқа тұрғызылу орны мен маңдайшебі, қандай батальон бойынша және қандай сапқа тұрғызылатыны көрсетіледі.

      "Бригада (полк), солға сызыққа, батальондар, роталық (взводтық) лектер сызығына, адым - БАС" (жүру кезінде - "адым-ДА") командасы бойынша қайта сапқа тұрғызу кезінде бөлімшелер 33-суретте көрсетілгендей сапқа тұрғызылады.

      141. Саптағы орнында және қозғалыста әскери сәлемдесуді орындау үшін бригада (полк) командирі "Бригада (полк), ТІК ТҰР, назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)" командасын береді.

      Саптағы орнында бригада (полк) командирі команда бере отырып, қолын бас киіміне апарады, бастық жаққа бұрылады, оған саптық адыммен келеді және баяндайды.

      Жорықтық саптағы қозғалыс кезінде әскери сәлемдесу үшін бригада (полк) командирі берген команданы бастық алда келе жатқан ротаның орта тұсына теңескенде батальондардың командирлері біртіндеп қайталайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   168   169   170   171   172   173   174   175   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет