7-тарау. Ротаның, батальонның және бригаданың (полктің) саптық байқауы
Жалпы ережелер
179. Саптық байқау жеке саптық машық және бөлімшелердің саптық үйлесімділік дәрежесін айқындау мақсатында өткізіледі. Саптық байқауда, сондай-ақ әскери қызметшілердің сыртқы пішіні, жабдықтардың, қару-жарақтың, әскери және басқа да техниканың бар болуы мен жай-күйі тексеріледі. Саптық байқауда инспекциялау кезінде, одан басқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының Ішкі қызмет жарғысында мазмұндалған тәртіппен әскери қызметшілерге сұрақтар қойылады. Әскери қызметшілерге сұрақтар қою да сонымен қатар тексеру жүргізу кезінде жүргізілуі мүмкін (8-қосымша).
Саптық байқауды тікелей бастықтар немесе инспекциялауға (тексеруге) басшылық жасау үшін тағайындалған адамдар жүргізеді.
Саптық байқауды жүргізетін адамдарға байқаудың мақсаттарына, міндеттеріне және жауынгерлік даярлық бағдарламасын орындауға байланысты саптық байқауды өткізу тәртібін белгілеуге рұқсат етіледі.
Әрбір саптық байқау бөлімшенің, бригаданың (полктің) салтанатты шерумен өтуімен, ал Жауынгерлік Ту әкетілгеннен кейін - бөлімшелердің саптық әнді орындауымен аяқталады.
Байқау қарсаңында байқауды өткізетін бастық бөлімшенің, бригаданың (полктің) командиріне байқаудың уақытын, орнын, сапқа тұрғызу және өткізу тәртібін, киім нысанын, байқауға қандай қару-жарақ, әскери және басқа да техниканы шығару қажеттігін хабарлайды.
180. Ротаның, батальон мен бригаданың (полктің) саптық байқауы жаяу тәртіппен немесе машиналарда өткізіледі.
Жаяу тәртіппен байқауға бригада (полк) бөлімшесінің барлық жеке құрамы жеке қарумен шығарылады, ал машиналардағы байқауға, одан басқа барлық қару-жарақ, әскери және басқа да техника шығарылады.
2. Жаяу тәртіппен саптық байқау
Ротаның байқауы
181. Саптық байқау үшін рота өрістетілген екі қатарлы сапқа тұрғызылады: рота командирі рота ортасының алдыңғы жағында сегіз адымда, рота сержанты - басқару тобының оң жақ қапталында, белгі беруші-барабаншы - рота сержантынан оңға қарай екі адымда, рота командирінің орынбасарлары - белгі беруші-барабаншыдан оңға қарай екі адымда, рота старшинасы ротаның сол жақ қапталына тұрады.
182. Байқау өткізетін бастық 40-50 адым жақындағанда рота командирі "Рота, ТІК ТҰР, назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)" командасын береді.
Рота командирі команда бере отырып, қолын бас киіміне апарады, байқау өткізетін бастыққа саптық адыммен келеді, оған екі-үш адым қалғанда оның алдына тоқтайды және баяндайды.
Мысалы: "Подполковник мырза. Бірінші рота саптық байқау үшін сапқа тұрғызылды. Рота командирі капитан Дүйсекеев".
Рота командирі баяндап болғаннан кейін оңға (солға) бұрылумен бір уақытта сол (оң) аяғымен жанына қарай бір адым жасайды және бастықты алға қарай өткізіп жіберіп, оның соңынан бір-екі адымда және қолын бас киімінен түсірмей саптың сыртқы жағынан жүреді.
Белгі беруші-барабаншы рота командирінің "Назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)" командасы бойынша "Жорықтық маршты" соға бастайды (9-қосымша); рота командирі байқау өткізетін бастықтың алдына келіп тоқтағанда белгі беруші-барабаншы барабанды соғуды тоқтатады, ал рота командирі баяндап болғаннан кейін оны жалғастырады.
183. Байқау өткізетін бастық оң қапталдан солға қарай рота сабының маңдайшебін шолып өткеннен кейін саптың ортасына шығады, ротаның жеке құрамымен сәлемдеседі, "ЕРКІН ТҰР" командасын беруге рұқсат етеді және рота командиріне байқауды жалғастыру туралы қажетті нұсқаулар береді.
Бастық рота сабы ортасының алдына келгеннен кейін белгі беруші-барабаншы соғуды тоқтатады.
Рота командирі "ЕРКІН ТҰР" командасын береді, қолын бас киімінен түсіреді, байқауды өткізетін бастыққа саптық жазбаны тапсырады, ал одан нұсқаулар алғаннан кейін оларды орындауға кіріседі.
184. Ротаның байқауы жеке құрамның бар болуын, әскери қызметшілердің сыртқы пішінін, жабдықтар мен қару-жарақтың жай-күйін тексеруден басталады; одан кейін бөлімшелер, взводтар мен рота жеке саптық машықтарының және саптық үйлесімділік дәрежесі, рота құрамында саптық әндерді орындау шеберлігі тексеріледі.
185. Рота байқау өткізетін бастықтың алдынан взвод бойынша, бір сызықтық (екі сызықтық) арақашықтықта; взводтар - "қарубауға" күйіндегі немесе байқау өткізетін бастықтың командасы бойынша басқа күйдегі қаруы бар үш (төрт) лек бойынша салтанатты шерумен жүріп өтеді. "Кеудеге" күйіндегі автоматтар сол қолмен сағағынан және ұңғы бастырмасынан ұсталады.
186. Салтанатты шерумен жүріп өту алдында байқауға қатысатын рота командирінің тікелей бастықтары бір-екі адым артқы жақта және байқау өткізетін бастықтан оңға қарай тұрады.
Рота командирі ротаның оң жақ қапталында лекте бір-бірден роталар өту сызығын белгілеу үшін тағайындалған сызықтықты білдіретіндері бар бола отырып, ротаны взводтық лектер сызығына қайта сапқа тұрғызып, сапқа қарама-қарсы бағыттаушы взводтың (басқару тобының) алдында сегіз адымда тұрады және: "Рота, ТІК ТҰР. Салтанатты шеруге, взвод бойынша, бір сызықтық (екі сызықтық) арақашықтықта, бірінші взвод (басқару тобы) тура, қалғандары оң-ҒА". "Қарубау-ҒА ("Автоматтарды - кеуде-ГЕ")". "Назар оң-ҒА, адым - БАС" деп команда береді, одан кейін сол жақ қолына қарай оң аяғының ұшымен жылдам артқа бұрылады және ротамен бір уақытта сол аяғымен қозғалысты бастайды.
"Салтанатты шеруге" командасы бойынша мыналар саптан шығады және: рота командирінің орынбасарлары - рота командирінен кейін екі адымда, взводтар командирлері - өз взводтарының алдында екі адымда, белгі беруші-барабаншы - рота командирі орынбасарларынан кейін екі адымда, рота сержанты - басқару тобының алдында екі адымда тұрады; сызық бойына тұратындар рота өтетін сызыққа жүгіріп немесе жиіленген саптық адыммен шығады, бір-бірінен 10-15 м (15-20 адым) арақашықтықта тоқтайды, өз бетімен солға қарай бұрылады, ал "Адым - БАС" командасы бойынша бір уақытта автоматтарды "кеудеге" күйіне, ал карабиндерді - "қарауылға" күйіне алады.
Орындалатын команда бойынша барлық рота қозғалуды бастайды, сонымен қатар бірінші взвод (басқару тобы) саптық адыммен тура қозғалады, ал кейінгі әрбір взвод бірінші взвод (басқару тобы) тұрған жерге жеткен кезде солға бұрылады, орнында адым жасайды және түзеледі. Алда келе жатқан взвод командамен көрсетілген арақашықтыққа жеткен кезде кейіннен келе жатқан взвод командирі "ТУРА" деп команда береді. Осы команда бойынша взвод саптық адыммен қозғалысты бастайды.
Взводтардағы оң жақ қапталдағылар сызықтықты білдіретіндер белгілеген сызық бойымен олардан кейін бір адымда жүреді.
187. Рота командирлері, оның орынбасарлары, взводтар командирлері мен рота сержанты бір сызықтық арақашықтыққа бастыққа дейін жетпей қолын бас киіміне апарады және онымен бір уақытта басын байқау өткізетін бастық жаққа бұрады.
Бастық жанынан төрт адым өткеннен кейін рота командирі жанына қарай шығады, өзінің тікелей бастықтарынан оңға қарай тұрады (осы Жарғының 186-тармағы) және барлық рота өтіп болғанға дейін сол жерде тұрады.
Взвод командирі қолын бас киіміне апарғанда оң қапталдағылардан басқа, осы взводтың барлық әскери қызметшілері бір уақытта бастық жаққа басын бұрады. Байқау өткізетін бастықтың жанынан бір сызықтық арақашықтыққа взвод өтіп кеткеннен кейін взводтың командирі қолын бас киімінен түсіреді, ал қалған әскери қызметшілер басын тік қаратады.
188. Рота байқау өткізетін бастықтың жанынан өткен кезде сызықтықты білдіретіндер жетекшінің белгісі бойынша қаруды "қарубауға" күйіне алады, оңға бұрылады, бір лекпен жүгіріп ротаны қуып жетеді және ротаның сол жақ қапталына сапқа тұрады.
189. Әнмен жүріп өту үшін рота командирі ротаны қайта сапқа тұрғызып, бағыттаушы взводтың алдында сегіз адымда тұрады және: "Рота, ТІК ТҰР. Әндетіп өту үшін, взвод бойынша, арақашықтық елу метр, бірінші взвод тура, қалғандары оң-ҒА". "Қарубау-ҒА". "Адым - БАС" командасын береді, одан кейін оң аяғының ұшымен сол қол жаққа қарай жылдам артқа бұрылады және сол аяғымен қозғалысты ротамен бір уақытта бастайды.
"Әндетіп өту үшін" командасы бойынша мыналар саптан шығады және: рота командирінің орынбасарлары - рота командирінен екі адымда, взводтардың командирлері - өз взводтары алдында екі адымда, белгі беруші-барабаншы - рота командирінің орынбасарларынан кейін екі адымда, рота сержанты - басқару тобының алдында екі адымда тұрады.
Орындалатын команда бойынша барлық рота қозғалысты бастайды, бірінші взвод (басқару тобы) әнмен жорықтық адыммен тура қозғалады және келесі әрбір взвод бірінші взвод (басқару тобы) тұрған жерге жеткен кезде солға қарай бұрылады, орнында адымдайды және түзеледі. Алда келе жатқан взвод командамен көрсетілген арақашықтыққа жеткен кезде кейіннен келе жатқан взвод командирі "Взвод, әндетіп - ТУРА" деп команда береді. Осы команда бойынша взвод әнмен жорықтық адыммен қозғалысты бастайды.
Батальонның байқауы
190. Саптық байқау үшін батальон взводтық лектер сызығына өрістетілген сапқа немесе екі қатарлы сапқа тұрғызылады (29 және 31-суреттер); батальон командирі батальон ортасының алдыңғы жағында 10 адымда тұрады; барлық батальонның белгі беруші-барабаншылары бағыттаушы рота (басқару тобының) командирінен оңға қарай екі адымда оң жақ қапталға бір қатарлы сапқа тұрғызылады; батальон командирінің орынбасарлары белгі беруші-барабаншылардан оңға қарай екі адымда тұрады.
Егер батальон жанында оркестр бар болса, белгі беруші-барабаншылар қапталға шақырылмайды, ал оркестр оң жақ қапталдағы рота командирінен оңға қарай екі адымда тұрады.
191. Бастықты қарсы алу рота үшін көрсетілген тәртіппен жүргізіледі. Бастықтың сәлемдесуіне жауап бергеннен кейін батальон командирінің "ЕРКІН ТҰР" командасы бойынша роталардың командирлері саптан шығады және өз роталары орта тұсының алдында бес адымда тұрады.
192. Батальон байқауды өткізетін бастықтың алдынан рота бойынша, бір сызықтық (екі сызықтық) арақашықтықта; роталар - үш (төрт) лекпен өтеді.
193. Салтанатты шерумен өту басталар алдында батальон командирі бір лектегі батальонның оң жақ қапталында сызықтықты білдірушілері бар бола отырып көрсетілгендей батальонды қайта сапқа тұрғызып, (сапқа тұрғызып), бағыттаушы рота (батальон басқармасы) алдында сегіз адымда тұрады және: "Батальон, ТІК ТҰР. Салтанатты шеруге, рота бойынша, бір сызықтық (екі сызықтық) арақашықтықта, бірінші рота тура, қалғандары оң-ҒА". "Қарубау-ҒА ("Автоматтарды КЕУДЕ-ГЕ")". "Назар оңға, адым - БАС" командаларын береді.
"Салтанатты шеруге" командасы бойынша қысқа жолмен мыналар шығады және: батальон командирінің орынбасарлары - батальон командирінен кейін екі адымда екі қатарлы сапта, роталар командирлері - өз роталарының алдында алты адымда, олардан кейін екі адымда - олардың орынбасарлары, взводтар командирлері - өз взводтары алдында екі адымда, байланыс взводының командирі (батальон штабы бастығының көмекшісі) - батальон басқармасының алдында екі адымда тұрады. Роталық белгі беруші-барабаншылар жетекшінің командасымен алға шығады және батальон өтетін сызыққа маңдайшебімен байқау өткізетін бастыққа қарама-қарсы, батальонның бастапқы орнына бірнеше адым жақын тұрады. Егер батальон жанында оркестр болса, ол осы команда бойынша белгі беруші-барабаншыларға көрсетілген орынға тұрады.
194. Батальонның соңғы бөлімшесі байқау өткізетін бастықтың жанынан өтіп бара жатқанда белгі беруші-барабаншылар соғуды (ойнауды) тоқтатпастан, жетекші белгі беруші-барабаншының (әскери дирижердың) командасы бойынша қозғалысты тура бастайды, ал салтанатты шерумен өту сызығына шығумен жетекші белгі беруші-барабаншының (әскери дирижердың) соңынан оң иығымен енеді және бастық алдынан саптық адыммен өтеді. Бастықтан бір-екі сызықтыққа өткеннен кейін белгі беруші-барабаншылар (оркестр) соғуды (ойынды) тоқтатады.
195. Әнмен жүріп өту үшін батальон командирі бағыттаушы ротаның (батальон басқармасы) алдында сегіз адымда тұрады және: "Батальон, ТІК ТҰР. Әндетіп өту үшін, рота бойынша, арақашықтық 50 метр, бірінші рота (батальон басқармасы) тура, қалғандары оң-ҒА". "Қарубау-ҒА". "Адым - БАС" командаларын береді.
"Әндетіп өту үшін" командасы бойынша қысқа жолмен мыналар шығады: батальон командирінің орынбасарлары - батальон командирінің артында екі адымда, роталар командирлері - өз роталарының алдында алты адымда, олардың орынбасарлары - олардан кейін екі адымда, взводтар командирлері - өз взводтары алдында екі адымда, роталық белгі беруші-барабаншылары - роталар командирлері орынбасарларынан кейін екі адымда тұрады.
196. Батальонды, сызықтықты білдіретіндердің шыққанын, сондай-ақ салтанатты шерумен және әнмен жүріп өтуді тексеру роталар үшін көрсетілгендей жүргізіледі.
Бригаданың (полктің) байқауы
197. Саптық байқау үшін бригада (полк) Жауынгерлік Тумен 33-суретте көрсетілгендей роталық немесе взводтық лектер сызығына сапқа тұрғызылады, бригада (полк) командирі бригада (полк) сабы орта тұсының алдында 20-30 адымда тұрады. Оркестр болмаған кезде белгі беруші-барабаншылар жетекшінің командасы бойынша оркестр үшін көрсетілген орынға сапқа тұрады.
Бастықты қарсы алу және әскери сәлемдесуді орындау рота мен батальон үшін көрсетілгендей жүргізіледі; бұл ретте баяндауда бригадаға (полкке) берілген құрмет атақтары мен ордендерін атай отырып, оның атауы толық айтылады. Әскери сәлемдесуді орындағаннан кейін бригада (полк) командирінің "ЕРКІН ТҰР" командасы бойынша батальон командирі саптан шығады және өз батальондары орта тұсының алдында он адымда, ал жеке роталардың (батареялардың) командирлері - бес адымда тұрады.
198. Бригада (полк) байқау өткізетін бастықтың алдынан салтанатты шерумен батальон бойынша немесе рота бойынша жүріп өтеді.
Бригаданың (полктің) жүріп өту тәртібі: бригада (полк) командирі алда жүреді, одан кейін бір немесе екі қатарда үш адымда - бригада (полк) командирінің орынбасарлары, олардан кейін екі адымда ассистенттерімен ту ұстаушы, олардан кейін үш адымда - үш (төрт) лекте бригада (полк) басқармасының қалған құрамы және одан әрі - белгіленген арақашықтықтарда бригада (полк) бөлімшелері.
Егер саптық байқауды бригада (полк) командирі өткізетін болса, онда бригаданың (полктің) алдында оның орнына орынбасары тұрады.
199. Салтанатты шерумен жүріп өту үшін бригада (полк) командирі: "Бригада (полк), ТІК ТҰР. Салтанатты шеруге, рота бойынша (батальон бойынша), мынанша сызықтық арақашықтықта, бірінші рота (батальон, бригада (полк) басқармасы) тура, қалғандары оң-ҒА". "Қарубау-ҒА ("Автоматтарды КЕУДЕ-ГЕ"); "Назар оңға, адым - БАС" командаларын береді.
"Салтанатты шеруге" командасы бойынша бригада (полк) командирінің орынбасарлары саптан шығады және Жауынгерлік Тудың алдында төрт адымда тұрады, ал штаб бастығының аға көмекшісі саптан шығады және Жауынгерлік Тудың алдында екі адымда тұрады, батальондар, роталар, взводтар командирлері, оркестр (белгі беруші-барабаншылар) саптан шығады және осы Жарғының 186, 193-тармақтарында көрсетілгендей тұрады.
"БАС" командасы бойынша оркестр марш ойнай (белгі беруші-барабаншылар - "Жорықтық марш" соға) бастайды, ал бағыттаушы рота (батальон, бригада (полк) басқармасы қозғалысты тура саптық адыммен бастайды. Қалған бөлімшелер оңға бұрыла отырып, бағыттаушы рота тұрған жерге дейін келеді, солға бұрылады (иықпен енеді), өз командирлерінің "ОРНЫНДА" командасы бойынша түзеледі, белгіленген арақашықтықты орнатады және "ТУРА" командасы бойынша алда келе жатқан бөлімшенің соңынан жүреді. Ту ұстаушы мен ассистенттер салтанатты шерумен жүріп өту кезінде бастық жаққа басын бұрмайды.
200. Бригаданың (полктің) соңғы бөлімшесі байқауды өткізетін бастықтың жанынан өткенде оркестр (белгі беруші-барабаншылар) әскери дирижердың (жетекші белгі беруші-барабаншының) командасы бойынша ойнауын (соғуын) тоқтатпастан, қозғалысты тура бастайды, ал салтанатты шерумен жүріп өту сызығына келгенде әскери дирижердың (жетекші белгі беруші-барабаншының) соңынан оң иықпен енеді және бастықтың алдынан саптық адыммен өтеді, бастықтың жанынан бір-екі сызықтық өткеннен кейін ойнауды (соғуды) тоқтатады.
201. Әнмен жүріп өту үшін бригада (полк) командирі бригаданы (полкті) қайта сапқа тұрғызып: "Бригада (полк), ТІК ТҰР. Әнмен жүріп өту үшін, рота бойынша (батальон бойынша), арақашықтық 50 метр немесе басқа арақашықтық көрсетіледі, бірінші рота (батальон, бригада (полк) басқармасы) тура, қалғандары оң-ҒА". "Қарубау-ҒА. Адым - БАС" командаларын береді.
"Әндетіп өту үшін" командасы бойынша бригада (полк) командирінің орынбасарлары саптан екі адымға шығып, бригада (полк) басқармасының алдына тұрады.
202. Бригаданы (полкті), сызықтықты білдіретіндердің шыққанын, сондай-ақ салтанатты шерумен және әнмен жүріп өтуді тексеру батальон үшін көрсетілгендей жүргізіледі.
3. Машиналардағы саптық байқау
203. Рота, батальон және бригада (полк) саптық байқау үшін машиналар алдында жеке құраммен өрістетілген сапқа тұрғызылады:
рота - машиналар сызығына, жеке құрам - екі қатарлы сапқа;
батальон - машиналар және жеке құрам - роталық немесе взводтық лектер сызығына;
бригада (полк) - машиналар мен жеке құрам - роталық лектер сызығына.
204. Машиналардағы жеке құрамның саптық байқауы жаяу тәртіппен байқау үшін көрсетілгенге сәйкес жүргізіледі.
Қару-жарақтың, әскери және басқа да техниканың бар болуы және жай-күйін, сондай-ақ машиналардағы әрекеттерге жеке құрамның дайындығын тексеру саптық байқауды өткізетін бастық көрсеткен тәртіппен жүргізіледі. Ол машиналармен салтанатты шерумен жүріп өту тәртібін де айқындайды.
205. Машиналармен салтанатты шерумен жүріп өту роталық немесе батальондық жорықтық лектермен жүргізіледі. Бригада (полк), сондай-ақ екі және одан да көп лекпен жүріп өтуі мүмкін.
Байқау өткізілетін роталар, батальондар командирлерінің, бригада (полк) командирінің машиналарындағы кабиналардың люктері мен әйнектерінен басқа, машиналар кабиналарының люктері мен әйнектері жабық болуы тиіс. Одан басқа, салтанатты шерумен қозғалыс жасаған уақытта люкте болуға рұқсат етілген бөлімшелер командирлерінің машиналарындағы люктер ашық болуы тиіс.
Байқау өткізетін бастықтың рұқсатымен кабиналардың люктері мен әйнектері басқа да машиналарда ашық болуы мүмкін.
Салтанатты шерумен қозғалыс жасаған кезде машинаның командирлік люгінде (қораптың оң жақ алдыңғы бұрышында) мыналар тұрып тұрады: рота байқауында - рота командирі, взводтар мен машиналар командирлері; батальон байқауында - батальон командирі, роталар және взводтар командирлері, бригада (полк) байқауында - бригада (полк) командирі, батальондар мен роталар командирлері.
Автомобильде қозғалыс жасаған кезде бөлімшелер мен бөлімдер командирлері машина жүргізушісінің жанында отыруы мүмкін.
206. Салтанатты шерумен қозғалыс жасау "Лекпен - ЖҮР" командасы (белгісі) бойынша басталады. Қозғалысты барлық машина бір уақытта орнында тұрған сол сапта немесе командирдің командасы бойынша жүріс кезінде белгіленген арақашықтық пен аралықты қабылдап, қайта сапқа тұрғызылып бастайды. Егер машиналар арасындағы арақашықтық 10 метрден аспайтын болса, онда машиналар белгіленген арақашықтықты, ал екі және одан да көп лекпен жүріп өту кезінде аралықты да ала отырып, қозғалысты кезекпен бастайды.
Байқау өткізетін бастыққа дейін екі-үш сызықтық қалғанда машиналардың командирлік люгінде (кабинасында) отыратын командирлер қолын бас киіміне апарады және онымен бір уақытта басын бастық жаққа бұрады. Қалған әскери қызметшілер осы Жарғының 167-тармағында көрсетілгендей әрекет етеді, бұл ретте "кеудеге" күйіндегі автоматтар сол қолмен сағағы мен ұңғы бастырмасынан ұсталады.
Байқау өткізетін бастықтың жанынан бір сызықтық арақашықтыққа өткеннен кейін бөлімшелер мен бөлімдердің командирлері бас киімінен қолын төмен түсіреді және басын тік қаратады, ал қалған әскери қызметшілер "еркін отыр" күйін қабылдайды.
207. Бөлімнің Жауынгерлік Туы салтанатты шерумен жүріп өту алдында бөлім командирі машинасының жоғарғы люгінде (десанттық бөлігінде, қорабында) жайылған түрінде орнатылады. Ту ұстаушы мен ассистенттер жүріп өту уақытында бастық жаққа басын бұрмайды. Автоматтармен қаруланған ассистенттер оларды "кеудеге" күйінде және сол қолымен сағақ пен ұңғы бастырмасынан ұстауы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |