Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы


Әскери қызметшілердің жауаптылығы



бет6/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

Әскери қызметшілердің жауаптылығы


      31. Әскери қызметшілер әскери атағы мен лауазымына қарамастан, заң алдында тең және өзінің құқықтық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген жауаптылықта болады.

      32. Әскери қызметшілер тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін Тәртіптік жарғыда белгіленген реттілікпен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.

      33. Әскери қызметшілер қылмыстық, әкімшіліктік және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшіліктік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады.

      34. Теріс қылық жасағанына байланысты тәртіптік жаза қолданылған әскери қызметші Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықтың басқа да түрлерінен босатылмайды.

      Материалдық залал келтіруге байланысты құқық бұзушылық жасалған жағдайда әскери қызметші жауаптылықтың өзге де түрлеріне тартылуына немесе қоғамдық ықпал ету шараларын қолдануға қарамастан, ерікті түрде немесе сот шешімі негізінде залалды өтейді.

      Әскери қызметшіні жауаптылыққа тарту кезінде оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қысым жасауға жол берілмейді.


2. Әскери бөлім командирлерінің (бастықтарының) және негізгі
лауазымды адамдарының міндеттері
Командирлердің (бастықтардың) жалпы міндеттері


      35. Әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі дара басшы болып табылады және мемлекет алдында оған бағынысты әскери бөлімнің (бөлімшенің) жауынгерлік, жұмылдыру әзірлігіне және жауынгерлік қабілетіне жеке өзі жауапты болады. Ол:

      1) әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігіне және жауынгерлік қабілетіне;

      2) жеке құрамның жауынгерлік және жұмылдыру даярлығына, әскери тәрбиесіне, тәртібіне, моральдық-психологиялық жай-күйі мен әскери қызмет қауіпсіздігіне;

      3) қару-жарақ пен әскери техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілердің, жанармай, жағармай материалдары мен басқа да материалдық құралдардың жай-күйіне, пайдаланылуы мен сақталуына;

      4) әскери объектілердің, ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйіне;

      5) шарттық және талап-арыз жұмысына;

      6) әскери бөлімнің (мекеменің) қызметі нысанасына жататын лицензияланатын қызмет түрлеріне лицензия алуды ұйымдастыруға;

      7) әскери бөлімнің (бөлімшенің) жауынгерлік міндеттерді табысты орындауына;

      8) мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етуге;

      9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға;

      10) жарғылық ішкі тәртіпке;

      11) жауынгерлік, материалдық-техникалық қамтамасыз етудің барлық түрлеріне жауап береді.

      Командир бөлімдегі (бөлімшедегі) істердің нақты жай-күйін жан-жақты білуге, оның жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін және жауынгерлік қабілетін арттыруға барлық шараларды қабылдауға тиіс.

      36. Командир (бастық) мемлекет саясатын өмірде нақты және жүйелі түрде жүргізуге:

      1) бөлімнің (бөлімшенің) жауынгерлік, жұмылдыру әзірлігін және жауынгерлік қабілетін қойылған міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін жай-күйде ұстауға;

      2) жеке кәсіби даярлығын және әскери бөлімді (бөлімшені) басқару әдістерін жетілдіруге, қызметтік міндеттерін орындауда бағыныстылар үшін үлгі болуға, осы үшін өзінің қызмет уақытын тиімді пайдалануға, өзінің іске деген көзқарасымен және өзінің мінез-құлқымен әскери ұжымда тұрақты және оң моральдық-психологиялық жағдай жасауға ықпал етуге;

      3) далалық машықтануды арттыруға, бөлімшелерді жауынгерлік әзірліктің әртүрлі дәрежесіне келтіру бойынша сабақтар мен әрекеттерде жаттықтыруларды жүргізуге; жеке құрамның өз міндеттерін білуіне және орындауына қол жеткізуге; жауынгерлік, жұмылдыру әзірлігін және жауынгерлік қабілетін қолдау және жетілдіру жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға, оларды орындауға қол жеткізуге;

      4) жоспарларға қажетті өзгерістер мен нақтылауларды уақтылы енгізуге;

      5) қару-жарақ пен әскери техниканың, басқа да материалдық құралдардың тізімдік және қолда бар құрамы туралы, бар болуы мен жай-күйі туралы ұдайы нақты мәліметтері болуға, олармен толық қамтамасыз етілуге қол жеткізуге;

      6) мемлекеттік құпияларды қорғау жөнінде шаралар қабылдауға;

      7) қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге;

      8) кадрлармен жұмысты білікті жүргізуге;

      9) өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы және басқа да заңнамалық актілері талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

      37. Командир (бастық) бағыныстыларды жауынгерлік даярлауға тікелей басшылық жасауға:

      1) жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді жоспарлауға және оларды уақтылы қоюға;

      2) бағынысты командирлердің кәсіби білімін, әдістемелік шеберлігін және педагогтік мәдениетін ұдайы жетілдіруге;

      3) жеке құрамды жауынгерлік оқу-жаттығумен толық қамтуға қол жеткізе отырып, оқу-жаттығулар мен сабақтарды жеке өзі өткізуге;

      4) сыныптық мамандарды даярлауды ұйымдастыруға және бақылауға;

      5) жауынгерлік даярлық барысында бағыныстыларға бақылауды жүзеге асыруға және қажетті көмек көрсетуге;

      6) жауынгерлік оқу-жаттығуға сайысқа түсушілікті, бағыныстыларды оқытып-үйрету мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыруға ықпал ететін барлық жаңалықты, жетістіктерді енгізуге;

      7) жауынгерлікке барынша жақындатылған оқытып-үйрету жағдайларын жасау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге;

      8) оқу материалдық-техникалық базаны жетілдіруге міндетті.

      38. Командир (бастық) бағыныстыларды ұдайы тәрбиелеуге:

      1) оларда Қазақстан Республикасын қорғауға моральдық және психологиялық әзірлікті, Қарулы Күштерге тиесілігі үшін мақтан тұтуды және жауаптылықты қалыптастыруға және ұстауға;

      2) әскери қызметшілердің бойында әскери борышты орындау үшін қажетті қасиеттерді, әскери анттың қасиеттілігі мен мызғымастығы түсінігін, ержүректілікті, ұстамдылықты, тапқырлықты, қырағылықты, жауынгерлік жолдастық пен өзара қол ұшын беруді, заңдарға деген құрметті дамытуға, осы мақсаттарда тәрбиелігінің, қызметіне адал болудың жеке үлгісін, сондай-ақ әскери жоралғыларды (2-7-қосымшалар) белсенді пайдалануға;

      3) қарым-қатынас мәдениетін жетілдіруге;

      4) әскери ұжымды шоғырландыру және әскери қызметшілер арасындағы достықты нығайту туралы қамқорлық жасауға, шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, қызмет мерзіміне, тұрғылықты жеріне және өзге де жағдайларына қарамастан, олардың ұлттық сезімін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ескеруге және құрметтеуге, жауынгерлік әзірлікке және жауынгерлік қабілетіне залал келтіруші ретінде көрсетілген белгілер бойынша кемсіту әрекеттеріне төзбеушілік танытуға;

      5) бағыныстыларға кішіпейілділік пен ілтипаттылық танытуға, өзара қарым-қатынастарда әдепсіздік пен дөрекілікке жол бермеуге, олардың жеке басының қадір-қасиетін құрметтеумен жоғары талап қоюды және принциптілікті үйлестіруге;

      6) әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұрмыстық мәселелерін шешу мен құқықтық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге шаралар қабылдауға;

      7) шығармашылықты дамыту, мәдени тұрғыдан даму және демалу, денсаулығы мен дене шынықтыруды нығайту үшін жағдайлар жасауға, қажет болған кезде үлкен бастықтар алдында бағыныстыларды қолдауға міндетті.

      39. Командир (бастық) жеке құрамның мықты әскери тәртібін және жоғары моральдық-психологиялық жай-күйін ұдайы сақтауға міндетті.

      Командир (бастық) өзіне берілген құқықтар шегінде жеке өзі әрекет етуге; өзі үлгі көрсетуге және бағыныстылардан сергектік пен төзімділікті, мінсіз мінез-құлықты талап етуге, заңнаманы, әскери антты, жалпыәскери жарғыларды, өзінің қызметтік міндеттері мен бұйрықтарды нақты орындауға; танытқан дұрыс бастамасы, ынта-жігері, ерлігі және қызметте ерекшеленгені үшін бағыныстыларды көтермелеуге, әділетті болуға және әскери тәртіпті бұзушыларды қатаң жазалауға тиіс.

      40. Командир (бастық) жеке құрамның қаза табуы мен жарақаттануын болдырмау жөнінде шаралар қабылдауға, жауынгерлік кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, тәуліктік нарядта, қару-жарақпен және әскери техникамен, қызметтік жануарлармен жұмыс кезінде, марш жасау, оқу-жаттығуларды, жауынгерлік оқ атуларды (іске қосуларды) жүргізу, ұшуларды жасау, корабльдер жорықтары, арнайы сабақтар немесе жұмыстар кезінде, қарауылдық және ішкі (кезекшілік және вахталық) қызметтерді өткеру кезінде қажетті қауіпсіздік талаптарын сақтауға және белгілеуге, бағыныстыларға қауіпсіздік талаптарын уақтылы жеткізуге және олардың орындалуына қол жеткізуге міндетті.

      Сабақтар, жұмыстар немесе қызметтік істердің басқа да іс-шаралары басталар алдында командир ол үшін қауіпсіздік жағдайларының жасалғанына және қамтамасыз етілгеніне, оларға жеткізілген қауіпсіздік талаптарын бағыныстылардың меңгергеніне және оларды орындауда жеткілікті практикалық машықтанғанына өзі көз жеткізуге міндетті.

      Командирдің (бастықтың) жеке құрамның қаза табуы мен жарақаттануын болдырмау жөнінде қабылдаған шаралары жауынгерлік міндеттерді орындауды бұзуға әкеп соқтырмауға тиіс.

      41. Командир (бастық) бағынысты бөлімде (бөлімшеде) жарғылық ішкі тәртіпті қамтамасыз етуге:

      1) штабтың және бағынысты командирлердің (бастықтардың) қызметін барлық әскери қызметшілердің жалпыәскери жарғылардың талаптарын зерделеуін және орындауын ұйымдастыруға бағыттауға;

      2) әскери қалашықтағы бөлімшелердің және үй-жайлардағы әскери қызметшілердің дұрыс орналасуын ұйымдастыруға;

      3) әскери бөлімнің күнделікті қызметінде уақыттың мақсатты бөлінуін көздеуге;

      4) жеке құрамды тәуліктік нарядта қызмет өткеруге жан-жақты даярлауды жүргізуге;

      5) ішкі қызметті өткеруге бақылауды ұйымдастыруға;

      6) қарауылдарды тексеруге жеке өзі қатысуға;

      7) тәуліктік наряд қызметінің жай-күйін жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлеуге;

      8) әскери қызметшілерге келу, мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің әскери бөлім орналасқан жерден сейілдемеге шығу тәртібі мен өткізу режимін белгілеуге және оның сақталуын талап етуге;

      9) паркте, полигонда және бөлімше уақытша болатын басқа да орындарда жарғылық ішкі тәртіпті ұйымдастыруға және сақтауға міндетті.

      42. Командир (бастық) қару-жарақ пен әскери техниканы, басқа да материалдық құралдарды ақаусыз жай-күйде және күтіп ұстауға, техникалық, материалдық, медициналық, қаржылық, әлеуметтік-құқықтық және тұрмыстық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға:

      1) әскери бөлімге (бөлімшеге) келіп түскен қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдауды және іске қосуды ұйымдастыруға, жеке құрамның оларды қабылдауға және пайдалануға әзірлігін жеке өзі тексеругe;

      2) қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануды жоспарлауға, олардың техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, бұзылулардан, оқиғалардан, апаттар мен авариялардан сақтандыру жөніндегі іс-шараларды жүргізуге, машиналардың (командалардың, лектердің) жетекшілеріне гарнизондар шегінен тыс рейстерге шығар алдында жеке өзі нұсқаулар беруге;

      3) қару-жарақ пен әскери техниканы есепке алуды және сақталуын ұйымдастыруға, материалдық құралдарды алуды, сақтауды және есепке алуды, оларды жеткізуді және бағыныстыларға беруді уақтылы талап етуге және ұйымдастыруға;

      4) әскери мүлікті жоғалтуды, жетіспеушілігін, бүлдіруді және ұрлауды болдырмауға, кінәлі адамдарды жауаптылыққа тартуға;

      5) жеке құрамға тиесілі ақшалай және басқа да жабдықталым түрлерін толық жеткізуді қамтамасыз етуге;

      6) материалдық және ақшалай қаражатты үнемді және мақсатты жұмсауға, қаржылық тәртіпті (барлық әскери бөлімдер (корабльдер), мекемелер мен лауазымды адамдар үшін міндетті қаржылық қызметті жүзеге асыру тәртібін) сақтауға;

      7) штаттық тәртіпті (әскери бөлімнің (корабльдің), мекеменің жеке құрамын орналастыру, штат бойынша лауазымға тағайындау және лауазымдық міндеттерін орындау тәртібін) сақтауға;

      8) әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау және нығайту жөнінде шаралар қабылдауға, жеке құрамды медициналық қамтамасыз етуді жетілдіруге;

      9) бағыныстыларға сауда-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту туралы ұдайы қамқорлық жасауға;

      10) әскери шаруашылықты ұйымдастыруға және штаб, өзінің орынбасарлары, әскер тектері мен қызметтер бастықтары арқылы оған жеке өзі басшылық жасауға;

      11) әскери бөлімнің (бөлімшенің) әрекет етуі ауданында қоршаған ортаны және экологияны қорғау, бекітіліп берілген жер учаскелерін мақсатты және ұтымды пайдалану жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.

      43. Командир (бастық) өзінің кәсіби даярлығын және әскери бөлімді (бөлімшені) басқару әдістерін жетілдіруге:

      1) өзінің әскери, педагогикалық және құқықтық білімін арттыруға;

      2) өзінің қызметтік істеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді, жалпыәскери жарғылардың ережелерін білуге, оларға сәйкес әрекет етуге және бағыныстылардан олардың сақталуын талап етуге;

      3) қару-жарақ пен әскери техниканы, оларды жауынгерлік қолдану, пайдалану, жөндеу және эвакуациялау тәртібін білуге;

      4) өзінің және бағыныстылардың бойында мақсаткерлікті, жеке жауаптылықты, іскерлікті, алдын ала болжау және сақтық сезімін қалыптастыруға, өз жұмысының нәтижелеріне сын көзбен қарауға;

      5) жеке құраммен үздіксіз байланысты орнатуға, жұмыста бағыныстылардың ұсыныстарын ескеруге, олардың арасында жұмысты және міндеттерді білікті бөлуге, бұйрықтардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға;

      6) берілген құқықтар шегінде жеке өзі, мемлекеттік басқару органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпорындардың, ұйымдардың ұжымдарымен, соғыс және Қарулы Күштер ардагерлерімен өзара іс-қимыл жасай, әскери бөлімнің (бөлімшенің) дәстүрлерін сақтай және арттыра отырып әрекет етуге. Осы мақсатта оларға ардагерлерді, халықты, оның ішінде жастарды, қоғамдық өкілдерді және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін шақырумен жиналыстар, кездесулер, әскери жоралғылар, спорттық, мәдени және басқа да іс-шараларды өткізуге;

      7) дара басшылықты барынша нығайтуға, офицерлер мен сержанттар құрамдарына жүгінуге, олармен бірлесіп, жеке құрамның барлық күш-жігерін қойылған міндеттерді орындауға бағыттауға;

      8) жеке құрам мен бағынысты бөлімшелер арасында сайыстар ұйымдастыруға, әскери қызметшілерді әскери бөлім (бөлімше) шешетін міндеттерді орындауға жұмылдыру мақсатында оларға басшылық жасауға; бағыныстылармен жауынгерлік даярлықтың, әскери тәртіп пен құқық тәртібінің жай-күйін, ішкі тәртіпті ұстауды жүйелі түрде қорытындылауға және оларды жақсарту жөніндегі шараларды айқындауға;

      9) әскери қызметшілердің жалпы жиналыстарында тіршілік әрекетінің және тұрмыс мәселелерін ұдайы қарауға, оларда пысықталған ұсыныстарды әскери бөлімнің (бөлімшенің) тиісті міндеттерін шешу кезінде ескеруге міндетті.

      44. Командир (бастық) кадрлармен білікті жұмыс істеуге:

      1) жеке құрамды олармен жеке өзі қарым-қатынас жасау жолымен және мінездеме беретін құжаттар бойынша жан-жақты зерделеуге;

      2) бағыныстылардың іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін білуге, оларды тәрбиелеумен күнделікті айналысуға;

      3) оған өз орынбасарларын, әскер тектері мен қызметтер бастықтарын тарта отырып, тұрақты әрекеттегі аттестаттау комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, әскерге шақыру бойынша офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді (бұдан әрі - келісімшарт бойынша әскери қызметшілер) іріктеуді, орналастыруды және аттестаттауды жүзеге асыруға;

      4) келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау, жоғары әскери лауазымдарға жоғарылату, әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуге басшылық жасауға;

      5) әскери қызметшілерді белгіленген ауыстырулардың жариялылығын қамтамасыз етуге, кадрлар резерві мен тәжірибелі және жас кадрларды үйлестіру жолымен басшылық жасауды сабақтастыру үшін жағдайлар жасауға;

      6) өз бағыныстыларымен жеке өзі әңгімелесулер жүргізуге;

      7) жетістіктері мен танытқан дұрыс бастамасы, ынта-жігері мен қызметте ерекшеленгені үшін бағыныстыларды көтермелеуге;

      8) әскери қызметші жаңа қызмет орнына кеткен кезде әскери қызметшінің кеткені туралы және оның келу мерзімдері туралы тағайындау орнына уақтылы хабарлауға. Уақтылы келмеген жағдайларда әскери полиция органдарына хабарлауға міндетті.

      Одан басқа, әскери бөлімнің командирі айына бір реттен жиі емес күн тәртібінде белгіленген уақытта әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін жеке мәселелері бойынша, ерекше жағдайларда және басқа да уақытта азаматтарды, ал бөлімше командирі - өз бағыныстыларын жауынгерлік кезекшіліктен, жауынгерлік қызметтен, тәуліктік нарядтағы міндеттерін орындаудан және сабақтардан бос уақытында қабылдауға, әскери қызметшілердің отбасылармен жұмысты ұйымдастыруға тиіс.

      45. Командир (бастық) өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстарға басшылық жасауға:

      1) міндеттерді айқындауға, ғылыми, өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстардың жоспарларын орындауды ұйымдастыруға және бақылауға, олардың материалдық-техникалық тұрғыдан орындалуын қамтамасыз етуге; әскери қызметшілердің шығармашылығын әскери бөлім (бөлімше) алдында тұрған міндеттерді шешуге бағыттауға;

      2) ғылыми, өнертапқыштық, рационализаторлық және спорттық жұмыстарға жеке өзі қатысуға;

      3) озық тәжірибені зерделеуге, жинақтауға және таратуға;

      4) конференциялар, кеңестер, байқаулар, көрмелер мен спорттық сайыстар, ойындар өткізуді ұйымдастыруға және оларға қатысуға;

      5) үздік шығармашылық және спорттық нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілерді көтермелеуге міндетті.

      46. Командир (бастық) азаматтық персоналдың еңбек әрекетімен байланысты мәселелерді шешу кезінде еңбек туралы заңнаманы және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуға, азаматтық персоналдың жұмысын ұйымдастыруға, еңбек өнімділігінің артуы, еңбек және өндіріс тәртібін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау қағидаларын сақтау, еңбек және тұрмыс жағдайларын жақсарту үшін жағдайлар жасауға міндетті.

      47. Командир (бастық) уақытша кеткен жағдайда өз міндеттерін орындау үшін штаб бастығын, ол болмаған жағдайда орынбасарларының біреуін немесе басқа да лауазымды адамдарды тағайындайды, ол туралы үлкен командирге (бастыққа) баяндайды және әскери бөлім бойынша бұйрықта жариялайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет