57. Бригаданың штаб бастығы бейбіт және соғыс уақытында: бригаданың жауынгерлік, жұмылдыру әзірлігіне және жауынгерлік қабілетіне; бөлімдерді (бөлімшелерді) басқаруды ұйымдастыруға және қолдауға, әскерлерді автоматтандырылған басқару жүйесін енгізуге және пайдалануға; жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын жоспарлауға; бригаданы басқаруды және жауынгерлік қамтамасыз етуді қамтамасыз ететін штабты және бөлімдерді (бөлімшелерді) даярлауға; штабтың және оған тікелей бағынысты бөлімдердің (бөлімшелердің) жеке құрамын әскери тәрбиелеуге, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйіне, оларды қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз етуге; бригаданы жеке құраммен жасақтауға, қару-жарақпен және әскери техникамен, зымырандармен, оқ-дәрілермен, аспаптармен, жанармай, жағармай материалдарымен және басқа да материалдық құралдармен жабдықтауға және оларды есепке алу жай-күйіне; бригаданың жауынгерлік міндеттерді табысты орындауына; бригадада әскерлер қызметін ұйымдастыруға; бригаданың лауазымды адамдары мен бөлімдерінің (бөлімшелерінің) мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі жұмысын ұйымдастыруға және бақылауға; заңнаманың, берілген және алынған бұйрықтардың орындалуын бақылауға жауап береді.
Бригаданың штаб бастығы әскери шаруашылықтың жай-күйін білуге және оны жүргізу мәселелері жөніндегі командир бұйрықтарының орындалуын бақылауға тиіс.
Бригаданың штаб бастығы бригада командиріне бағынады, оның бірінші орынбасары және бригаданың барлық жеке құрамы үшін тікелей бастық болып табылады.
Бригада командирінің шешімдерін іс жүзінде іске асыру кезінде штаб бастығы қажет болған жағдайларда бригада командиріне бағынысты адамдарға оның атынан бұйрықтар (өкімдер, бұйырымдар) береді. Берілген барлық анағұрлым маңызды бұйрықтар (өкімдер, бұйырымдар) туралы штаб бастығы бригада командиріне баяндайды.
58. Бригаданың штаб бастығы:
1) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі құжаттарын әзірлеуге және оларға рұқсат етілген лауазымды адамдардың жұмысына басшылық жасауға, олардың орындалуын бақылауға;
2) штабтың жұмысын ұйымдастыруға және оған күнделікті басшылық жасауға, бригада командирі орынбасарларының, әскер тектері мен қызметтер бастықтарының жұмысын ұйымдастыруға және келісуге;
3) бригада бөлімдерінің (бөлімшелерінің) нақты жағдайы мен жай-күйін ұдайы білуге, оларға қойылған міндеттердің орындалу барысын бақылауға;
4) бригада командирінің нұсқауы бойынша жауынгерлік даярлық жоспарын әзірлеуді ұйымдастыруға және оның орындалуын бақылауға;
5) бригада командиріне тікелей бағынысты лауазымды адамдар мен штаб офицерлерінің бөлімшелер мен қызметтердің жай-күйін тексеру жоспарын, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жыл сайынғы негізгі демалыстары мен қызметке ай сайынғы нарядтар кестелерін әзірлеуге, олардың орындалуын бақылауға;
6) барлық жауынгерлік қамтамасыз ету түрлерін ұйымдастыруға (байланыс, барлау, инженерлік-саперлік қамтамасыз ету, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғауды қамтамасыз ету және басқа);
7) бригадада бөлімдерді (бөлімшелерді) басқаруды және олармен байланысты ұйымдастыруға, әскерлерді автоматтандырылған басқару жүйесін енгізуге және пайдалануға;
8) бригада командирінің және үлкен командирлердің (бастықтардың) барлық бұйрықтарын (өкімдерін, бұйырымдарын) бөлімдер (бөлімшелер) мен қызметтерге уақтылы және дұрыс жеткізуді, сондай-ақ олардың орындалуына бақылауды ұйымдастыруға; маңызды бұйрықтарды (өкімдерді, бұйырымдарды) жеке өзі беруге және олардың орындалуын тексеруге;
9) бригада штабының офицерлерімен сабақтар өткізуге, батальондар штабтарын және штабқа тікелей бағынысты бөлімдерді (бөлімшелерді) даярлауға басшылық жасауға;
10) штабтың және оған тікелей бағынысты бөлімдер (бөлімшелер) әрбір офицерінің, сержанттарының іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, әкесінің атын, атқаратын лауазымын, мамандығын, отбасы жағдайын білуге, олармен құқықтық, әскери тәрбие, педагогикалық дағдылары мен кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды ұдайы жүргізуге;
11) бригаданы келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтау жөніндегі жұмысты жүргізуге, бригадаға келетін толықтыруды бөлімдер (бөлімшелер) бойынша бөлуге;
12) әскери қызметшілерді іріктеуге, орналастыруға және аттестаттауға; жоғары лауазымдарға жоғарылату, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру және әскери оқу орындарына түсу, мамандықтар бойынша курстық даярлыққа жіберу үшін кандидаттарды іріктеуге қатысуға;
13) бригада штабына тиісті бригада командирінің орынбасарлары, әскер тектері мен қызметтерінің бастықтары ұсынатын жеке құрамның, қару-жарақ пен әскери техниканың, басқа да әскери мүліктің бар болуы, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының нәтижелері, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар, оқиғалар мен тәртіптік теріс қылықтар туралы мәліметтердің есебін жүргізуді ұйымдастыруға;
14) бригаданың Жауынгерлік Туын, ордендерін, вымпелдары мен оларға құжаттарды дұрыс сақтауды және күтіп-ұстауды ұйымдастыруға;
15) бригададағы қарауылдық және ішкі қызметтердің даярлығы мен өткерілуін ұйымдастыруға және аптасына бір реттен жиі емес жеке өзі тексеруге;
16) бригадада жеке құрамның бар болуын, қару-жарақ пен әскери техниканың, басқа да материалдық құралдардың бар болуы мен жай-күйін ұдайы білуге, оларды есепке алуды жүргізуге басшылық жасауға;
17) нарядқа түсер алдында жедел кезекшіге, бригада бойынша кезекшіге, оның көмекшісіне, қарауыл бастығына, кезекші бөлімше командиріне, бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшіге және штаб бойынша кезекшіге, сондай-ақ гарнизон шегіндегі рейстерге кетер алдында машиналар жетекшілеріне, іссапарға кететін бөлімдер (бөлімшелер) командирлеріне, командалар бастықтарына, іссапарға кететіндерге нұсқаулар беруге және осы бөлімдердің (бөлімшелердің), командалардың барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілуін тексеруге;
18) жоғары тұрған штабтарға және жабдықталым органдарына белгіленген жеткізілімдер мен есеп берулердің уақтылы ұсынылуын, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен әскерге шақыру бойынша офицерлердің істері мен лауазымын қабылдауын, тапсыруын бақылауға;
19) бригаданың тарихи формулярын (тарихи анықтамасын) жүргізуге;
20) оған тікелей бағынысты бөлімдерде (бөлімшелерде) барлық қару-жарақ пен әскери техниканың, басқа да материалдық құралдардың қолда бары мен жай-күйіне, оларды сақтау тәртібін ұйымдастыруға және жылына екі реттен жиі емес тексеру жүргізуге;
21) материалдық құралдарды есепке алуға, қозғалысы мен сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ тексеру актісін ресімдеумен олардың бар болуы мен жай-күйіне кенеттен тексерулерді ұйымдастыруға;
22) іс-шараларды әзірлеуге және бригада жеке құрамының әскерлерді жасырын басқару жөніндегі талаптарды орындауына бақылауды жүзеге асыруға;
23) мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жеке өзі басқаруға, шешілетін міндеттер мен жағдай шарттарын ескере отырып, құпия ақпараттың жария болуы мүмкін арналарды жабу жөнінде шаралар қабылдауға;
24) бригаданы жаппай қырып-жою қаруының зақымдау факторларынан және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан қорғау жөніндегі іс-шараларды пысықтауға;
25) бригаданың диверсияға қарсы қауіпсіздігі жоспарын әзірлеуге және оның орындалуын бақылауға;
26) терроризмге қарсы операцияны жоспарлау мен қамтамасыз етуді ұйымдастыру кезінде басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың терроризмге қарсы құрылымдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |