90. Бригаданың киім-кешек қызметі бастығы бригада командирінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету (тыл) жөніндегі орынбасарына бағынады және киім-кешек қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 78-80-тармақтарында мазмұндалғанға қосымша ол: жабдықтау нормалары бойынша бригаданы киім-кешекпен және санитариялық-шаруашылық мүлікпен қамтамасыз етуге, монша-кір жуу қызметін көрсетуге және бригаданың жеке құрамына киім-кешекті, аяқкиімді жеке шақтап пішуге жауап береді және:
1) киім-кешек қоймасы мен шеберхананың жұмысын бақылауға, мүлікті ағымдағы жөндеуді ұйымдастыруға және оны сапалы және уақтылы орындауды бақылауға;
2) киім-кешек және санитариялық-шаруашылық мүлікті алуды, сақтауды және бригада бөлімдеріне (бөлімшелеріне) беруді, сондай-ақ табельдік мәдени-бос уақыт, спорттық мүлік пен мүкәммалды сақтауды және бөлімдерге (бөлімшелерге) беруді уақтылы талап етуге және ұйымдастыруға, оларды бөлімдерге (бөлімшелерге) беру кезінде киім-кешек пен аяқкиімді жеке шақтап пішуді ұйымдастыруға;
3) әскери қызметшілердің барлық санаттарына киім-кешекті уақтылы беруді (тігуді) қамтамасыз етуге, сондай-ақ киім-кешек заттарын тігу сапасын бақылауға;
4) бригаданың киім-кешек мүлкін таңбалауды уақтылы ұйымдастыруға;
5) екі айда бір реттен жиі емес есептік деректерге сәйкес бригада бөлімдерінде (бөлімшелерінде) және қоймаларында киім-кешек пен шаруашылық мүлкінің бар болуын және жай-күйін, сондай-ақ тексеру актісін жасаумен оны сақтау және күтіп-ұстау жағдайын тексеруге;
6) қысқы маусым аяқталғаннан кейін қысқы киім-кешек заттары мен спорттық мүлікті бригада қоймасына тапсыруды бақылауға, оларға химиялық тазалауды, жөндеуді және бояуды жүргізуге;
7) жылына екі реттен жиі емес киім-кешек мүлкін іріктеуді жүргізуге;
8) бөлімшелер старшиналарымен рота шаруашылығын жүргізуді ұйымдастыру, киім-кешек мүлкін сақтауды, күтіп-ұстауды, жөндеуді және оны есепке алуды жүргізу бойынша сабақтар өткізуге;
9) жаңа буынды қабылдау жөніндегі іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге қатысуға, медицина қызметінің бастығымен бірлесіп, оны санитариялық өңдеуді ұйымдастыруға;
10) таңертеңгі тексерулерді жүргізуге кезең-кезеңімен қатысуға;
11) әскери қызметшілерді киім-кешек мүлкімен қамтамасыз етуді тексеруге;
12) бригаданың қару-жарағы мен әскери техникасына қызмет көрсету үшін бөлімшені ескі заттармен қамтамасыз етуге;
13) белгіленген мөлшерде жұмыс киімі мен ауыстыру қорын жинақтауды ұйымдастыруға;
14) бригада бөлімдерінің (бөлімшелерінің) тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелерін шаш қию және киім-кешек пен аяқкиімді жөндеуге арналған қажетті мүкәммалмен және аспаптармен қамтамасыз етуге;
15) бөлімдер (бөлімшелер) жеке құрамының апта сайын моншада жуынуын ұйымдастыруға, жуынатын күндері оны жуыну құралдарымен, сүртінетін орамалдармен, ауыстыратын іш киіммен және төсек-орынмен, орамалдармен, ұйықтармен және шұлғаулармен қамтамасыз етуге, монша бойынша кезекшіге нұсқаулар беруге;
16) іш киімді, төсек-орынды, орамалдарды, киім-кешек пен шұлғауларды уақтылы жууды ұйымдастыруға, жеке құрамға монша-кір жуу қызметін көрсету және кір жуу сапасын бақылауға;
17) техникалық құралдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын орындауды және киім-кешек қызметінің объектілерінде санитариялық талаптарды орындауды қамтамасыз етуге міндетті.
Өртке қарсы қорғаныс, құтқару жұмыстары және
коммуналдық-пайдаланумен қамтамасыз ету қызметінің бастығы
91. Өртке қарсы қорғаныс, құтқару жұмыстары және коммуналдық-пайдаланумен қамтамасыз ету қызметінің бастығы бригада командирінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету (тыл) жөніндегі орынбасарына бағынады. Осы Жарғының 78-80-тармақтарында мазмұндалғанға қосымша ол: бригадада өртке қарсы қорғанысты және құтқару жұмыстарын, коммуналдық-пайдаланумен қамтамасыз етуді жоспарлауға және ұйымдастыруға; өрт сөндіру командасының, өрт сөндіру құралдарының ұдайы әзірлігіне және әскери бөлімнің жеке құрамын өрт қауіпсіздігі талаптарына оқытып-үйретуге жауап береді және:
1) әскери бөлім объектілерінің өрт қаупі ерекшеліктерін білуге, өртке қарсы қорғаныс жоспарын және өрт қауіпсіздігі талаптарын әзірлеуге қатысуға;
2) әскери бөлім бөлімшелерінің офицерлерімен, сержанттарымен және старшиналарымен өртке қарсы даярлау, өрт сөндіру құралдарын пайдалану бойынша сабақтарды жеке өзі өткізуге, жеке құраммен өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге, сондай-ақ өрт сөндіру командаларын арнайы даярлауға, нұсқаулар беруге және өрт сөндіру нарядына түсетін жеке құрамның білімін тексеруге;
3) барлық объектілердің өртке қарсы жай-күйіне тексеру жүргізуге және жеке құрамның белгіленген өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауына және өрт сөндіру нарядының қызмет өткеруіне күнделікті бақылауды жүзеге асыруға;
4) барлық өрт сөндіру құралдарының, өрт дабылдамасының, өрт сөндіруді сумен жабдықтау көздерінің бар болуына, уақтылы талап етуге, ақаусыздығы мен дұрыс пайдалануға бақылауды жүзеге асыруға және оларды іске қосуға ұдайы әзірлікте ұстау жөнінде шаралар қабылдауға, өрт сөндіру құралдарын тексеруді және куәландыруды ұйымдастыруға;
5) өрт сөндіру құралдарының бар болуын және техникалық жай-күйін есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ олардың формулярларын (паспорттарын) және техникалық құжаттамасын уақтылы жүргізуге;
6) өртке қатысты ақаулы және қауіпті жылыту және жарық түсіру қондырғыларын, аспаптарын пайдалануға жол бермеуге;
7) бригада командирінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету (тыл) жөніндегі орынбасарына олар анықталған кезде объектілердің өртке қарсы жай-күйіндегі кемшіліктер, ал тұтанудың, өрт шығудың барлық жағдайлары туралы және қабылданған шаралар туралы дереу баяндауға;
8) өрт сөндіруге басшылық жасауға;
9) бригада қызметтік-тұрғын үй қорының есебін жүргізуге және жай-күйін бақылауға;
10) инфрақұрылымды жөндеуді ұйымдастыруды жоспарлауға, гарнизон аудандық пайдалану бөліміне қызметтік-тұрғын үй қорын жөндеуге және қамтамасыз етуге өтінімдер беруге;
11) жоғары тұрған штабқа және жабдықталым органына белгіленген есеп берулерді уақтылы ұсынуға міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |