97. Жеке батальон (2-дәрежелі корабль) командирі бейбіт және соғыс уақытында: жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігіне; жеке құрамның жауынгерлік және жұмылдыру даярлығына, әскери тәрбиесіне, тәртібіне, моральдық-психологиялық жай-күйіне және әскери қызмет қауіпсіздігіне; батальонның диверсияға қарсы қауіпсіздігіне, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға; Жауынгерлік Тудың, қару-жарақ пен әскери техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілердің, жанармай, жағармай материалдары мен басқа да материалдық құралдардың жай-күйі мен сақталуына; батальонның (корабльдің) жауынгерлік міндеттерді табысты орындауына; ішкі жарғылық тәртіп пен әскерлер қызметінің жай-күйіне; батальон (корабль) әскери объектілерінің, ғимараттары мен құрылыстарының жай-күйі мен сақталуына; жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз етудің барлық түрлеріне; шарттық және талап-арыз жұмысына; әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік-құқықтық қорғауға жауап береді.
Жеке батальон (2-дәрежелі корабль) командирі батальонның (корабльдің) барлық жеке құрамына тікелей бастық болып табылады.
98. Жеке батальон (2-дәрежелі корабль) командирі:
1) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қойылған міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін жай-күйде ұстауға және жауынгерлік қажеттілік жағдайларында шешімдер қабылдауға;
2) жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі іс-шараларын жоспарлауға және жүргізуге, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы жоспарларын әзірлеуге басшылық жасауға және оларды орындауды бақылауға; батальонның (корабльдің) тағайындалуын білуге және кез келген жағдайда оны шебер басқаруға;
3) штабпен, бөлімшелер командирлерімен, олардың орынбасарларымен және батальон қызметтерінің бастықтарымен (корабльде - көмекшілермен, орынбасарлармен, жауынгерлік бөлімдер командирлерімен және қызметтер бастықтарымен) сабақтар, сондай-ақ батальон (корабль) бөлімшелерімен оқу-жаттығулар мен бақылау сабақтарын өткізуге;
4) күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін белгілеуге, ішкі тәртіпті ұстауды талап етуге, орындалатын міндеттер мен сабақтар кестесін ескере отырып, жеке құрамның киім нысанын айқындауға;
5) взводтан бастап және одан жоғары бөлімшенің әрбір офицері мен сержантының (старшинасының) іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, әкесінің атын, атқаратын лауазымын, мамандығын, отбасы жағдайын білуге; офицерлермен құқықтық, әскери тәрбие, педагогикалық дағдыларын, кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмысты ұдайы жүргізуге;
6) мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етумен батальондағы (корабльдегі) істің нақты жай-күйін білуге, құпия ақпараттың жария болуы мүмкін арналарды анықтау және жабу жөніндегі тұрақты жұмысты ұйымдастыруға;
7) жаңадан келген буынды бөлімшелер (командалар, жауынгерлік бөлімдер) бойынша бөлуге басшылық жасауға және оған әскери ант қабылдатуға;
8) кадрларды іріктеуге және орналастыруға басшылық жасауға; батальонды сарбаздар, сержанттар лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және азаматтық персоналды қабылдауды ұйымдастыруға және жүргізуге; әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу, жоғары лауазымдарға жоғарылату үшін кандидаттарды айқындауға, бұл ретте әскери ұжымның пікірін, тұрақты әрекеттегі аттестаттау комиссиясының ұсыныстарын ескеруге;
9) әскери қызметшілердің тұрмысын жақсарту, олардың денсаулығын сақтау және нығайту жөнінде шаралар қабылдауға, бір аптаға азық-түлікті тарату мәзірін қарауға және бекітуге, тамақ беру сапасына және толықтығына күн сайынғы бақылауды ұйымдастыруға, апта сайын тамақ дайындау сапасын жеке өзі тексеруге;
10) белгіленген қорларды ұстау, қару-жарақ пен әскери техниканы, басқа да материалдық құралдарды сақтау, ақаусыз жай-күйде ұстау және дұрыс пайдалану жөнінде шаралар қабылдауға, олардың бар болуын, жай-күйі мен жауынгерлік әзірлігін кезең-кезеңімен тексеруге; жылына үш реттен жиі емес барлық қару-жарақ пен әскери техниканы қарап тексеруді жүргізуге, қарап тексеру нәтижелерін батальон бойынша бұйрықта жариялауға (корабль командиріне екі айда бір реттен жиі емес корабльді қарап тексеруді, айына бір реттен жиі емес оның қару-жарағын, оқ-дәрілері мен техникалық құралдарын қарап тексеруді жүргізуге, күн сайын корабльді қарап тексеруге);
11) құқық бұзушылықтардан сақтау жөнінде шаралар қабылдауға, ал олар жасалған жағдайда үлкен командирге (бастыққа) баяндауға, құқық қорғау органдарын жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабардар етуге, қызметтік тексеру тағайындауға;
12) адамдардың қаза табуымен және мертігуімен байланысты немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырған аварияларды, апаттарды және басқа да оқиғаларды тексеруге, сондай-ақ жалпыәскери жарғылармен айқындалған әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаларын бұзу жағдайларын тексеруге жеке өзі қатысуға;
13) бағыныстыларға қару-жарақпен және әскери техникамен, оқ-дәрілермен, қызметтік жануарлармен жұмыс кезінде, сабақтар, оқ атулар, оқу-жаттығулар мен жұмыстар жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын уақтылы жеткізуге, ал қажет болған жағдайларда оның орындалуына бақылауды белгілеуге және жүзеге асыруға (корабль командирі, одан басқа корабльдің төзімділігі мен оның жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға);
14) аумақтық және азаматтық қорғаныс ерекшеліктерін ескере отырып, батальонның жеке құрамын, қару-жарағы мен әскери техникасын, басқа да материалдық құралдарын жаппай қырып-жою қаруының зақымдау факторларынан және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
15) батальонның қажеттіліктерін, қаржылық, шарттық, талап-арыз жұмыстарын, шаруашылық қызметті қамтамасыз ету үшін ақшалай қаражатты жоспарлауға басшылық жасауға; материалдық және ақшалай қаражатты уақтылы игеру, заңды, мақсатты, тиімді және үнемді жұмсау жөнінде шаралар қабылдауға;
16) батальонның қызметтік-тұрғын үй қорын, коммуналдық ғимараттары мен жер учаскелерін ұстауға және дұрыс пайдалануға (корабльде - тұрғын және қызметтік үй-жайларды тексеруге, корабль корпусының ақаусыз жай-күйін ұдайы қадағалауға), сондай-ақ өрттен қорғану жай-күйіне бақылауды жүзеге асыруға. Жылына үш реттен жиі емес әскери объектілерді, ғимараттарды, құрылыстарды және жер учаскелерін қарап тексеруге, қарап тексеру нәтижелерін актілерде көрсетуге және батальон (корабль) бойынша бұйрықта жариялауға;
17) батальон (корабль) орналасқан жерді күзетуді ұйымдастыруға; қарауылдық және ішкі (корабльде - кезекшілік және вахталық) қызметтерге бақылауды жүзеге асыруға, оларды өткеруді жеке өзі тексеруге және тексеруді ұйымдастыруға, сондай-ақ гарнизон шегінен тыс рейстерге шығар алдында машиналардың (командалардың, лектердің) жетекшілеріне нұсқаулар беруге;
18) жеке өзі және лауазымды адамдарды, батальон комиссияларын тартумен қызметтер бойынша әскери мүліктің, сондай-ақ ақшалай сома мен құндылықтардың бар болуына жоспарлы және кенеттен тексерулер жүргізуге; мемлекетке келтірілген материалдық залал анықталған кезде қызметтік тексеру тағайындауға және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту туралы шешімді уақтылы қабылдауға;
19) әскери ұжымдарда жариялылықты, әлеуметтік әділдікті, әскери қызметшілер арасындағы өзара сенімділікті орнатуға, бөлімшелерде кемшіліктерге, немқұрайлылық пен енжарлыққа төзбеу ахуалын қалыптастыруға;
20) жыл сайын келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің негізгі демалыстар кестесін, ай сайын қызметке нарядтар кестесін бекітуге және оларды орындауға бақылауды жүзеге асыруға;
21) жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының, әскери тәртіп пен ішкі тәртіптің жай-күйін, сондай-ақ тәуліктік нарядтың қызмет өткеруін талдауға, айына бір реттен жиі емес қорытынды шығаруға және оларды жақсарту жөніндегі шараларды айқындауға;
22) Қазақстан Республикасының Президентін, тікелей бастықтарды, армия генералдарын, генерал-полковниктерді, адмиралдар мен инспекциялау (тексеру) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалған адамдарды осы Жарғымен айқындалған тәртіппен қарсы алуға, баяндауға және батальон орналасқан жер бойынша (корабльді қарап тексерген кезде) ілесіп жүруге;
23) теміржол (әуе, теңіз, өзен) көлігімен әкелінген материалдық құралдарды уақтылы түсіруді және әкетуді ұйымдастыруға;
24) батальонның (корабльдің) жауынгерлік даярлық іс-шараларын жүргізу кезінде және бөлімнің күнделікті қызметінде қоршаған ортаны қорғау және табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану жөнінде шаралар қабылдауға;
25) жоғары тұрған штабтарға және жабдықталым органдарына белгіленген жеткізілімдер мен есеп берулерді ұсынуға, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен әскерге шақыру бойынша офицерлердің істері мен лауазымын уақтылы қабылдауына, тапсыруына бақылауды жүзеге асыруға;
26) осы Жарғы 56-тармағының талаптарына сәйкес батальон (корабль) бойынша бұйрықтар беруге міндетті.
99. Жеке батальон (2-дәрежелі корабль) командирінің орынбасарлары, сондай-ақ қызметтер бастықтары өз практикалық жұмысында бригаданың (корабльдің) тиісті лауазымды адамдары үшін көрсетілгендерге сәйкес міндеттерді басшылыққа алады.
100. Республикалық мемлекеттік мекеме болып табылмайтын жеке батальон (2-дәрежелі корабль) командирі және басқа да лауазымды адамдары бригада (корабль) штатында бар батальон (3-дәрежелі корабль) тиісті лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттеріне сәйкес құқықтар мен міндеттерді басшылыққа алады.
Достарыңызбен бөлісу: |