Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы



бет46/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

Әскери сәлемдесу


      166. Әскери сәлемдесу әскери қызметшілердің ұйымшылдығының, өзара сыйластығының белгісі және жалпы мәдениетінің көрінісі болып табылады.

      Барлық әскери қызметшілер кездескен (озып өткен) кезде Қарулы Күштердің Саптық жарғысында (бұдан әрі – Саптық жарғы) белгіленген қағидаларды қатаң сақтай отырып, бір-бірімен сәлемдесуге міндетті.

      Бағыныстылар мен әскери атағы бойынша кішілер бірінші болып, ал олардың жағдайлары тең болған кезде бірінші көрген сәлемдеседі.

      167. Әскери қызметшілер одан басқа:

      1) Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін болған ұрыстарда, әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштері мен қабірлеріне тағзым етуге;

      2) әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын, сондай-ақ әскери корабльге келгенде және одан кеткен кезде Әскери-теңіз жалауын;

      3) әскери бөлімшелер ілесіп жүретін қаралы топты қарсы алуға міндетті.

      168. Әскери бөлімдер мен бөлімшелер сапта тұрған кезде команда бойынша:

      1) Қазақстан Республикасының Президентін;

      2) барлық тікелей бастықтарға, армия генералдарын, генерал-полковниктерді, адмиралдарды, сондай-ақ әскери бөлімде (бөлімшеде) инспекциялау (тексеру) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалған адамдарды қарсы алады;

      3) Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін болған ұрыстарда, әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштері мен қабірлеріне тағзым етеді;

      4) әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын, ал әскери корабльде Әскери-теңіз жалауын, ол көтерілген және түсірілген кезде;

      5) әскери бөлімшелер ілесіп жүретін қаралы топты қарсы алады;

      6) кездескен кезде бір-біріне сәлемдеседі.

      169. Саптан тыс болған кезде сабақтар уақытында және сабақтан бос уақытында әскери қызметшілер бастықтарды "Тік тұр" немесе "Тұр. Тік тұр" командасы бойынша қарсы алады.

      Саптан тыс сабақтарда, сондай-ақ тек офицерлер қатысып отырған кеңестер уақытында командирлерге (бастықтарға) әскери сәлемдесу үшін "Офицер мырзалар" командасы беріледі.

      "Тік тұр", "Тұр. Тік тұр" немесе "Офицер мырзалар" командасын қатысушы командирлердің (бастықтардың) үлкені немесе келген командирді (бастықты) бірінші көрген әскери қызметші береді.

      Осы команда бойынша барлық қатысушылар орындарынан тұрады, келген командир (бастық) жаққа бұрылады және саптық қалыпты қабылдайды.

      Қатысушы командирлердің (бастықтардың) үлкені келушіге жақындап, оған баяндайды. Мысалы: "Полковник мырза. Бөлімнің офицерлер құрамы кеңеске жиналды. Бөлім штабының бастығы майор Артықов".

      Келген командир (бастық) баянатты қабылдап, "Еркін тұр" немесе "Офицер мырзалар" командасын береді, ал баяндаушы осы команданы қайталайды, одан кейін барлық қатысушылар "еркін тұр" қалпын қабылдайды.

      170. "Тік тұр" немесе "Тұр. Тік тұр" командасын беру және командирге (бастыққа) баяндау ол әскери бөлімге немесе бөлімшеге осы күні алғаш келген кезде жүзеге асырылады. Корабль командиріне "Тік тұр" командасы ол корабльге әрбір келген (корабльден түскен) кезде беріледі.

      Үлкен командир (бастық) болған кезде кішіге әскери сәлемдесу үшін команда берілмейді және баяндау жүзеге асырылмайды.

      Сыныптық сабақтар өткізу кезінде "Тік тұр", "Тұр. Тік тұр" немесе "Офицер мырзалар" командасы әрбір сабақ алдында және ол аяқталған кезде беріледі.

      "Тік тұр", "Тұр. Тік тұр" немесе "Офицер мырзалар" командасы командирге (бастыққа) баяндау алдында, егер бұл ретте басқа да әскери қызметшілер қатысып отырған жағдайда беріледі, ал олар болмаған кезде тек командирге (бастыққа) баяндалады.

      171. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні (бұдан әрі – Мемлекеттік Гимн) орындалған кезде әскери сәлемдесу Саптық жарғының 28-тармағының талаптарына сәйкес орындалады.

      172. Әскери бөлімдер мен бөлімшелерге әскери сәлемдесуді орындау үшін:

      1) әскери бөлімді немесе бөлімшені жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде, маршта, сондай-ақ тактикалық сабақтар мен оқу-жаттығуларда;

      2) басқару пункттерінде, байланыс тораптарында, жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызмет өткеру орындарында;

      3) оқ ату (ұшыру) уақытында атыс шебі мен атыс (бастапқы) бекінісінде;

      4) әуеайлақтарда ұшуларды жасау уақытында;

      5) құрылыс, шаруашылық жұмыстарын орындау уақытында, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету (қаруды тазалау) кезінде, сондай-ақ шеберханаларда, парктерде, ангарларда, зертханаларда;

      6) спорттық жарыстар мен ойындар барысында;

      7) тамақ ішу кезінде, "Ұйқыға" сигналынан кейін және "Тұрыңдар" сигналына дейін;

      8) душтарда, моншаларда, дәретханаларда, жуыну бөлмелерінде және сырқаттанған адамдарға арналған үй-жайларда команда берілмейді.

      Аталған жағдайларда бастық немесе үлкені келген бастыққа тек баяндайды.

      Мысалы: "Майор мырза, төртінші танк ротасы оқу-жаттығу оқ атуларының екінші жаттығуын орындауда. Рота командирі капитан Жотабаев".

      Жерлеу рәсіміне қатысатын бөлімшелер әскери сәлемдесуді орындамайды.

      173. Әскери бөлімде өткізілетін салтанатты жиналыстарда, конференцияларда, сондай-ақ спектакльдерде, концерттер мен кинода әскери сәлемдесу үшін команда берілмейді және командирге (бастыққа) баяндалмайды.

      Жеке құрамның жалпы жиналыстарында әскери сәлемдесу үшін "Тік тұр" немесе "Тұр. Тік тұр" командасы беріледі және командирге (бастыққа) баяндалады.

      Мысалы: "Подполковник мырза. Батальонның жеке құрамы жалпы жиналысқа келді. Батальон штабының бастығы майор Манабаев".

      174. Бастықтың немесе үлкеннің "Армысыздар, сарбаздар (жауынгерлер)!", "Армысыздар, офицер мырзалар!" деген сәлемдесуіне сапта немесе саптан тыс тұрған барлық әскери қызметшілер "Саулығыңызды тілейміз (тілеймін)" деп жауап береді; егер бастық немесе үлкені "Сау болыңдар, жауынгерлер (мырзалар)" деп қоштасса, онда әскери қызметшілер: "Сау болыңыз" деп жауап береді. Жауаптың соңына "мырза (ханым)" сөзі және әскер тегі немесе қызметі көрсетілмей, әскери атағы қосылады.

      Мысалы: "Саулығыңызды тілейміз (тілеймін), кіші сержант мырза", "Сау болыңыз, бас старшина мырза", "Сау болыңыз, лейтенант мырза".

      175. Егер командир (бастық) қызмет тәртібімен әскери қызметшіні құттықтаса немесе оған алғыс айтса, онда әскери қызметші командирге (бастыққа): "Қазақстан Республикасына қызмет етемін" деп жауап береді.

      Егер командир (бастық) әскери бөлімді (бөлімшені) құттықтаса, онда әскери бөлімнің жеке құрамы созылыңқы түрде үш дүркін "Урамен" жауап береді, ал егер командир (бастық) алғыс айтса, жеке құрам "Қазақстан Республикасына қызмет етеміз" деп жауап береді.


Командирлерге (бастықтарға) және инспекциялау (тексеру)
үшін келген адамдарға таныстыру тәртібі


      176. Әскери бөлімге келген үлкен командирге (бастыққа) тек бөлімнің командирі ғана таныстырылады. Басқа адамдар үлкен командир (бастық) тек оларға тікелей тіл қатқан кезде әскери лауазымын, әскери атағы мен тегін айта отырып, өзін таныстырады.

      177. Әскери қызметшілер өздерінің тікелей бастықтарына:

      1) әскери лауазымға тағайындалған кезде;

      2) әскери лауазымды тапсырған кезде;

      3) әскери атақ берген кезде;

      4) орденмен немесе медальмен наградтаған кезде;

      5) іссапарға, емделуге немесе демалысқа кеткенде және қайтып келгенде таныстырады.

      Өзін тікелей бастығына таныстыра отырып, әскери қызметшілер өзінің әскери лауазымын, әскери атағын, тегін және таныстыру себебін айтады.

      Мысалы: "Майор мырза. Бірінші мотоатқыштар ротасының командирі капитан Мананбаев. Маған капитан әскери атағы берілу жағдайына байланысты өзімді таныстырамын".

      178. Бөлімге жаңадан тағайындалған келісімшарт бойынша әскери қызметшілер бөлім командиріне және оның орынбасарларына, ал батальонға, ротаға немесе оған тең бөлімшеге тағайындау алған кезде көрсетілген бөлімшелердің командиріне (бастығына) және оның орынбасарларына өзін таныстырады.

      Бөлім командирі жаңадан келген офицерлерді бөлімнің офицерлер құрамына офицерлердің жақында өтетін кеңесінде немесе бөлім сапқа тұрғызылғанда, ал бөлім мен батальон сержантын бөлім сапқа тұрғызылғанда таныстырады.

      Әскери бөлімді инспекциялау (тексеру) кезінде оның командирі инспекциялауды (тексеруді) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалып келген адамға, егер ол бөлім командирімен тең әскери атақта тұрса немесе атағы бойынша одан жоғары болса өзін таныстырады; егер инспекциялаушы (тексеруші) атағы бойынша бөлім командирінен кіші болса, онда ол әскери бөлім командиріне өзін таныстырады.

      Инспекциялау (тексеру) басталар алдында әскери бөлімнің командирі инспекциялаушыға (тексерушіге) инспекцияланатын (тексерілетін) бөлімшелердің командирлерін таныстырады.

      179. Инспекциялаушы (тексеруші) бөлімшелерге келген кезде осы бөлімшелердің командирлері оны қарсы алады және оған баяндайды.

      Егер инспекциялаушы (тексеруші) бөлімшеге әскери бөлім командирімен бірге келсе, онда бөлімше командирі инспекциялаушыға (тексерушіге) егер соңғысы әскери бөлімнің командирімен әскери атағы тең болған немесе атағы бойынша одан жоғары болған жағдайда баяндайды.

      Егер инспекциялау (тексеру) уақытында үлкен командир (бастық) келсе, онда оған әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі баяндайды, ал инспекциялаушы (тексеруші) өзін таныстырады.

      180. Әскери бөлімге (корабльге) Қазақстан Республикасының Президенті және тікелей бастықтар келген кезде әскери бөлім (корабль) командирі осы адамдарды қарсы алады, баяндайды және әскери бөлімнің (корабльдің) орналасқан жері бойынша ілесіп жүреді.

      Қорғаныс министрлігі, Қарулы Күштер Бас штабы департаменттерінің, бас басқармаларының (басқармаларының), басқа да әскерлер мен әскери құралымдар орталық басқару органдарының бастықтарын олардың әскери атақтарына қарамастан, сондай-ақ әскери бөлімге шақырылған құрметті келушілерді әскери бөлім (корабль) командирі қарсы алады, өзін таныстырады және оларға әскери бөлімнің (корабльдің) орналасқан жері бойынша ілесіп жүреді.

      181. Әскери қызметшілер үлкен командирлердің (бастықтардың) жекелеген қызметтік тапсырмаларын орындау үшін әскери бөлімге (бөлімшеге) келген кезде әскери бөлім (бөлімше) командирі өзін тек әскери атағы бойынша үлкеніне таныстырады. Қалған жағдайларда келушілер әскери бөлім (бөлімше) командиріне өзін таныстырады және өзінің келу мақсаты туралы баяндайды.

      Инспекциялаушылардың (тексерушілердің) немесе үлкен командирлердің (бастықтардың) жекелеген қызметтік тапсырмаларын орындайтын әскери қызметшілердің барлық нұсқаулары әскери бөлім командирі арқылы беріледі. Аталған адамдар әскери бөлімнің (бөлімшенің) командиріне инспекциялау (тексеру) немесе оларға жүктелген қызметтік тапсырмалардың орындалу нәтижелері туралы хабарлауға міндетті.

      Әскери бөлімнің (бөлімшенің) әскери қызметшілеріне сұрауды жүргізу кезінде инспекциялаушылар (тексерушілер) осы Жарғының талаптарын (13-қосымша) басшылыққа алады.

2-тарау. Ішкі тәртіп
Жалпы ережелер


      182. Ішкі тәртіп – бұл заңдармен, жалпыәскери жарғылармен, бұйрықтармен және нұсқаулықтармен айқындалған әскери қызметшілерді әскери бөлімде (бөлімшеде) орналастыру, күнделікті қызметі мен тұрмысы және тәуліктік нарядтың қызмет өткеру қағидаларын қатаң сақтау.

      Ішкі тәртіпке:

      1) барлық әскери қызметшілердің заңдармен, әскери жарғылармен, бұйрықтармен және нұсқаулықтармен айқындалған міндеттерін терең түсінуімен, ұғына және нақты орындауымен;

      2) әскерлер қызметін нақты ұйымдастырумен және тәуліктік нарядтың қызметін үлгілі өткерумен;

      3) күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін нақты орындаумен;

      4) мақсатты бағытталған тәрбие жұмысымен, командирлердің (бастықтардың) жоғары талап қоюшылығын бағыныстылар мен олардың денсаулығын сақтау туралы ұдайы қамқорлық көрсетуімен үйлестірумен;

      5) жауынгерлік даярлықты анық ұйымдастырумен;

      6) қару-жарақты және әскери техниканы, басқа да материалдық құралдарды пайдалану (қолдану) қағидаларын орындаумен; әскери қызметшілер орналасқан жерлерде әскери жарғылардың талаптарына жауап беретін олардың күнделікті қызметі, өмірі мен тұрмысы үшін жағдайлар жасаумен;

      7) әскери бөлім орналасқан ауданда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаумен, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды қабылдаумен қол жеткізіледі.

1. Әскери қызметшілерді орналастыру
Жалпы ережелер


      183. Әскери бөлімдер әскери қалашықтарда орналастырылады.

      Әскери қалашық деп бір жер учаскесінде орналасқан және әскери бөлімдерді пәтерлерге орналастыру үшін, сондай-ақ Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, азаматтық персоналын орналастыру үшін айқындалған мақсатына арналған ғимараттар мен құрылыстар кешені түсініледі.

      Әскери қалашықтар жабық, оқшауланған және ашық болып бөлінеді.

      Жабық әскери қалашықтарға өткізу жүйесі белгіленген әскери қалашықтар жатады.

      Елді мекендерден тыс орналасқан әскери қалашықтар оқшауланған болып табылады.

      Оқшауланған және жабық әскери қалашықтарға жатпайтын әскери қалашықтар ашық деп аталады.

      Қарулы Күштердің жабық және оқшауланған әскери қалашықтарының тізбелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      Қарулы Күштерде бейбіт және соғыс уақытында пайдаланылатын қызметтік-тұрғын үй қоры, коммуналдық құрылыстар мен жер учаскелері мемлекеттік меншік болып табылады. Олар міндетті есепке алынуға, дұрыс пайдалануға және ұқыпты ұсталуға тиіс.

      Әскери қалашықтардың жылжымайтын мүлкін және бөлімдер мен бөлімшелерді орналастыру ерекшеліктерін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бірінші басшылары айқындайды.

      184. Қарулы Күштерді орналастыру және оның тұрақты іс-қимылы үшін берілген жер учаскелері олардың иелігінде және пайдалануында болады.

      185. Қарулы Күштерге қорғаныс мұқтажы үшін ғимараттар, құрылыстар, объектілер мен басқа да мүлік беріледі, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен оларды кері қайтарып алу жүргізілуі мүмкін.

      186. Бөлімнің барлық үй-жайлары мен аумағын бөлімшелер арасында әскери бөлім командирі бөледі.

      187. Корабльдердегі матростар мен старшиналардан басқа, мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері казармаларда орналастырылады.

      188. Әрбір ротаны орналастыру үшін мынадай үй-жайлар көзделуге тиіс:

      1) жеке құрам үшін ұйықтайтын үй-жай (казарма, кубриктер);

      2) ақпараттық-тәрбие жұмысы және психологиялық оңалту бөлмесі;

      3) рота кеңсесі;

      4) взводтар командирлері мен сержанттарының бөлмесі;

      5) қару сақтауға арналған бөлме;

      6) қару тазалауға арналған орын;

      7) спорт сабақтарына арналған орын;

      8) тұрмыстық қызмет көрсету бөлмесі (орны) (шеберхана);

      9) рота мүлкі мен әскери қызметшілердің жеке заттарын сақтауға арналған қойма;

      10) киім-кешек пен аяқкиімді кептіруге арналған бөлме;

      11) душы бар жуынатын бөлме;

      12) аяқкиім тазалауға арналған орын;

      13) дәретхана.

      Әрбір батальон орналасқан жерде:

      1) батальон командирі;

      2) батальон басқармасы;

      3) батальон штабы үшін бөлмелер бөлінеді.

      Әскери бөлімде сабақ өткізу үшін қажетті сыныптар жабдықталады. Әрбір бөлімде жауынгерлік даңқ (тарих) бөлмесі (орны) жабдықталады және әскери бөлімнің (корабльдің) құрмет кітабы мен құрметті келушілер кітабы жүргізіледі. Жеке құрамды, сондай-ақ қарудың, оқ-дәрілер мен басқа да әскери мүліктің сақталуына бақылауды жүзеге асыру үшін жеке құрам орналасқан орындарда, тәуліктік наряд қызмет өткеретін орындарда, қару сақтауға арналған бөлмеге кіреберісте және оның ішінде бөлім бойынша кезекшіге шығарумен бейнеқадағалау жүйесі орнатылады.

      Орындалатын міндеттердің ерекшеліктеріне сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары бірінші басшыларының шешімімен үй-жайлар құрамы мен оларды жабдықтау тәртібі өзгертілуі мүмкін.

      189. Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер және олармен бірге тұрақты тұратын олардың отбасы мүшелері әскери қызмет өткеру кезеңінде тұрғын үймен мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі.

      Отбасылы әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерден тыс орналастырылады. Бойдақ әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерде мерзімді қызмет сарбаздарынан бөлек орналастырылуы мүмкін.

      Бұл ретте әскери бөлім орналасқан жерде уақытша орналастырылған әскери қызметші әйелдер үшін ер адамдардан бөлек жеке ұйықтайтын үй-жайлар, сабақтарға дайындалуға, кеңестер өткізуге және демалуға арналған бөлмелер, душ және дәретханалар, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету мен жуынуға арналған бөлмелер жабдықталады.

      190. Мерзімді қызмет өткеру және әскери оқу орнында оқу уақытында әскери қызметшілер казармаларда орналастырылады. Курсанттарға сонымен қатар әскери оқу орнында (әскери факультетте) оқу уақытында жатақханалар берілуі мүмкін.

      Әскери оқу орындарының офицерлер қатарынан тыңдаушылары оқу кезеңіне қызметтік тұрғын жайлармен қамтамасыз етіледі.

      191. Кімге болса да, казармалар мен жатақханалардың ұйықтайтын үй-жайларын қоспағанда, әскери бөлімдердің ғимараттары мен құрылыстарында тұруға жол берілмейді.

      192. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерін ұйықтайтын үй-жайларға орналастыру бір адамға кемінде он екі текше метр ауа көлемі есебінен жүргізіледі.

      Ұйықтайтын үй-жайлардағы кереуеттер ротаның штаттық-лауазымдық тізіміне сәйкес жүйелілікпен орналастырылады және олардың әрқайсысының жанында немесе бірге қосылған екеуінің жанында кереует жанына қойылатын тумбочкаларға, табуреттерге (орындықтарға) орын қалатындай, ал кереуеттер қатарының арасында жеке құрамды сапқа тұрғызуға қажетті бос орын болатындай етіп орналастырылады; кереуеттер түзулігін сақтаумен сыртқы қабырғалардан елу сантиметрдей алыс орналастырылуы керек. Кереуеттер бірдей (стандартты) болуға тиіс.

      Ұйықтайтын үй-жайлардағы кереуеттер бір немесе екі қабатты болып орналастырылуы мүмкін.

      Әскери қызметші әйелдер кереуеттері бір қабатты болып орналастырылған ұйықтайтын үй-жайларда бөлек орналастырылады.

      193. Жасаған ерліктері үшін немесе құрметті сарбаздар (матростар) ретінде рота (корабль, атаулы шекара заставасы) тізіміне мәңгі енгізілген әскери қызметшілер үшін ұйықтайтын үй-жайда көрнекті жерде ұдайы үлгілі жағдайда ұсталатын кереует қойылады. Кереуеттің тұсына батырдың портреті және оның ерлігінің сипаттамасы ілінеді.

      194. Кереует жанындағы тумбочкада жуынатын және ұстара аспаптары, қол орамалдар, киім мен аяқкиім тазалауға арналған керек-жарақтар, жеке пайдаланатын басқа да ұсақ-түйек заттар, сондай-ақ кітаптар, жалпыәскери жарғылар, фотоальбомдар, дәптерлер мен басқа да жазу құралдары сақталады.

      Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің фотоаппараттарды, аудио-, бейне-, радиоэлектрондық техника мен ұялы телефондарды сақтау және пайдалану тәртібі мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі заңнама талаптарымен айқындалады. Көрсетілген заттар ротаның қоймасында сақталады. Оларды сақтау тәртібіне, сақталуына, қабылдау мен беруге рота старшинасы (рота сержанты) немесе оны ауыстыратын адамдар жеке жауап береді.

      195. Казармада орналасқан әскери қызметшінің төсек-орны көрпеден, екі жаймадан, тысы бар жастықтан, матрацтан, матрац астына төселетін көрпеден тұрады. Төсектер бірдей жиналуға және күні бойы жинақы ұсталуға тиіс. Төсекке киім-кешекпен (демалу кезінде рота бойынша кезекшіден басқа) және аяқкиіммен жатуға рұқсат етілмейді. Одан басқа әрбір әскери қызметші кереует жанына төселетін кілемшемен, бір жұп тапочкамен, сондай-ақ бет және аяқ сүртетін орамалдармен жабдықталады.

      196. Зат қапшығына салынған пальто (шинель), астары жылы далалық күртеше мен шалбар, баскиімдер казарма үй-жайларында орналастырылған арнайы шкафтарда, ал газтұмшалардан басқа жеке қорғаныс құралдары сөрелерде; салтанатты киім-кешек, спорт киімі мен жұмыс киімі ротаның мүлкін және әскери қызметшілердің жеке заттарын сақтауға арналған қойманың шкафтарында сақталады. Арнайы киім ұйықтайтын үй-жайлардан тыс шкафтарда сақталады. Тиісті жағдайлар болған кезде әскери қызметшілердің киім-кешегі, спорт киімі мен жеке заттары жеке шкафтарда (ұяшықтарда) сақталуы мүмкін.

      Киім-кешектің барлық түрлерін сақтауға арналған орындар әскери қызметшілерге бекітіліп беріледі және оларда әскери қызметшінің әскери атағы, тегі мен аты-жөні көрсетілген жапсырмалармен белгіленеді. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің барлық киім-кешек мүлкі заттарында олардың әскери билетінің нөмірін көрсете отырып тиісті таңба қойылады.

      Киім-кешек пен белдік белбеулер ұйқыға жатар алдында мұқият және бірдей күйде табуретке (орындыққа) қойылады, аяқкиім кереуеттің аяқ жағына қойылады. Киім, іш киім және аяқкиім қажет кезде киім-кешек пен аяқкиімді кептіруге арналған бөлмелерде кептіріледі.

      197. Қару мен оқ-дәрілер, оның ішінде оқу-жаттығу, бөлімшелерде тәуліктік наряд адамдары ұдайы күзететін, терезелерінде темір торлары бар жеке бөлмеде сақталады. Бөлменің есігі жарық және электр дыбысты дабылдамамен жабдықталуға тиіс. Дабылдаманың құрылымы сақтау орындарын ашу, сондай-ақ сымның зақымдалуы кезінде оның іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Бөлмеде тәулік бойы толық жарық болуға тиіс. Қару сақтауға арналған бөлменің бөлім бойынша кезекшіге шығарылған сигнал беру құрылғысы болуға тиіс. Дабылдама авариялық қоректендірілген болуы қажет.

      Техникалық дабылдама құралдарының жай-күйі үшін бөлімше командирі жауапты болады. Оны орнату және ақаусыз жай-күйде ұстау үшін бөлім бойынша бұйрықпен мамандар қатарынан пайдалану тобы тағайындалады.

      Қаруды сақтауға арналған бөлме есігінің қарайтын көзшесі болуға және үй-жайдың ішіне қарай ашылуға (бір жаққа қарай жылжуға) тиіс. Темір торлы есік немесе жылжымалы темір торлы қабырға орнатуға рұқсат етіледі.

      Оқшашарлар (оқшашарларға қосалқы ұңғылар), автоматтар, карабиндер, винтовкалар мен қол гранатаатқыштары, сондай-ақ сүңгі-пышақтар пирамидаларда, ал пистолеттер мен оқ-дәрілер құлыпқа жабылатын темір шкафтарда немесе жәшіктерде сақталады. Пирамидаларда шағын саперлік күректер, газтұмшалар, ал болат дулығалар пирамидалардың үстінде сақталады. Қару сақтауға арналған бөлмеде, сондай-ақ штаттық қарумен оптикалық көздеу және бақылау аспаптары сақталады және орналастырылады.

      Оқу-жаттығу қаруы мен оқу-жаттығу оқ-дәрілері жауынгерліктен бөлек сақталуға тиіс. Жеке пирамида болмаған кезде оқу-жаттығу қаруын жауынгерлікпен бірге сақтауға рұқсат етіледі, бұл ретте оны сақтау орны "Оқу-жаттығу қаруы" деген жазумен белгіленеді және қоршаумен бөлінеді. Оқу-жаттығу пистолеттері бөлімше әскери қызметшілерінің жауынгерлік пистолеттерімен бірге сақталады. Оқу-жаттығу патрондары қару сақтауға арналған бөлмеде құлыпқа жабылатын және мөрленген жеке жәшікте сақталады.

      Спорттық қару жауынгерлікпен бірге сақталады. Оны сақтау орны "Спорттық қару" деген жазумен белгіленеді. Спорттық қаруға патрондар жауынгерлік патрондармен бірге сақталады. Оқу-жаттығу, спорттық қаруды, оқу-жаттығу және спорттық патрондарды беру жауынгерлікті бергендей жүргізіледі. Оқ-дәрілерді оларды ұстау үшін жабдықталмаған шкафтар мен жәшіктерде сақтауға жол берілмейді.

      Қырағылықты күшейту, жауынгерлік әзірлікті арттыру, шабуылдау қатері туындаған кезде және жедел жағдай өзгерген басқа да жағдайларда, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны қорғауды (күзетуді) жүзеге асыратын және қамтамасыз ететін жеке орналасқан бөлімшелерде, айдауылдау және түзету мекемелері мен мемлекеттік объектілерді күзету бөлімшелерінде қару мен оқ-дәрілерді сақтау, беру тәртібі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен айқындалады.

      198. Қаруы бар пирамидалар, пистолеттер мен оқ-дәрілері бар шкафтар мен жәшіктер, сондай-ақ бөлімшенің қару сақтауға арналған бөлмелері сенімді тиектермен жабдықталуға, құлыпқа жабылуға және нөмірлі мөрлермен: пирамидалар – рота (бөлімше) бойынша кезекшінің мөрімен, ал қару сақтауға арналған бөлме – рота (бөлімше) бойынша кезекшінің және әскери бөлім бойынша кезекшінің (бригада бөлімшелері орталықтандырылмай орналастырылған жағдайда – бөлімше командирінің мөрімен); пистолеттер, жауынгерлік және оқу-жаттығу оқ-дәрілері бар шкафтар мен жәшіктер – бөлімше командирінің (рота старшинасының) мөрімен мөрленуге тиіс.

      Кезекші бөлімше тағайындалған қару мен пирамидаларды сақтауға арналған бөлменің кілттері осы бөлімшенің рота бойынша кезекшісінде болуға тиіс.

      Әскери бөлімнің басқа да бөлімшелерінің қаруы мен пирамидаларын сақтауға арналған бөлменің кілттері әскери бөлім бойынша кезекшіде мөрленген пеналда сақталады. Осы кілттерді қажет кезде рота бойынша кезекшілер әскери бөлім командирінің немесе штаб бастығының нұсқауы бойынша, ал әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің әртүрлі дәрежелеріне келтірген кезде әскери бөлім бойынша кезекшінің рұқсатымен береді.

      Қосалқы кілттер рота (бөлімше) командирінде мөрленген пеналда, құлыпқа жабылатын сейфте сақталады.

      Қару сақтауға арналған бөлмеде материалдық құралдардың тізімдемесі ілінеді, оған осы бөлмеде бар пирамидалардың, шкафтардың, жәшіктердің, стенділердің, плакаттар мен басқа да мүліктердің саны енгізіледі. Тізімдемеде жәшіктердің, шкафтардың мүкәммалдық нөмірі мен олардың қандай мөрмен мөрленгені көрсетіледі.

      Әрбір пирамидаға (шкафқа, жәшікке) жауапты адамның бөлімшесі, әскери атағы, тегі мен аты-жөні, пирамиданың (шкафтың, жәшіктің) нөмірі және ол мөрленетін мөрдің нөмірі көрсетілген жапсырма бекітіледі.

      Пирамидада (шкафта, жәшікте) онда сақталатын қару мен мүліктің түрін және санын көрсете отырып тізімдеме ілінеді. Пирамиданың (шкафтың) әрбір ұясының қасына қарудың түрі мен нөмірі және газтұмшаның нөмірі, сондай-ақ олар бекітіліп берілген адамдардың әскери атағы, тегі мен аты-жөні көрсетілген жапсырма жапсырылуға (бекітілуге) тиіс.

      Қару сақтауға арналған бөлмеде, пирамидаларда, шкафтарда, жәшіктерде бар барлық тізімдемелерге рота (бөлімше) командирі қол қояды.

      Бір әскери бөлімнің бірнеше бөлімшесінің қаруы мен оқ-дәрілері бір бөлмеде сақталған жағдайда бөлім командирінің бұйрығымен қару мен оқ-дәрілерді орналастыру, сақтау және сақталуын қамтамасыз ету тәртібі үшін жауапты тағайындалады, ол бөлме мүлкінің тізімдемесіне де қол қояды.

      Қару мен оқ-дәрілер сақтауға арналған бөлмелерді ашу тек бөлімше командирінің, әскери бөлім бойынша кезекшінің және бөлімше бойынша кезекшінің қатысуымен жүргізіледі. Көрсетілген адамдардың біреуі болмаған жағдайда ашу әскери бөлім командирінің жеке рұқсатымен жүргізіледі.

      Бөлімді (бөлімшені) жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде рота (бөлімше) бойынша кезекші қару сақтауға арналған бөлмені, қару мен оқ-дәрілерді беруді жеке өзі жүргізеді.

      Қару сақтауға арналған бөлмеде басқа да мүлікті сақтауға жол берілмейді.

      199. Батальон (әскери бөлім басқармасы мен қызметтері) келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің (жеке табельдік қаруға құқығы бар) жеке қаруы, оларға патрондар және радиоактивті сәулелену мөлшерін өлшеуіштер роталардың біреуіндегі (әскери бөлім штабындағы) құлыпқа жабылатын темір шкафта сақталады. Бұл ретте патрондар оның сақталуына жауап беретін адам мөрлеген құлыпқа жабылатын темір жәшікте болуға тиіс. Тәуліктік нарядта қызмет өткеру үшін келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге берілетін патрондар жәшіктен тыс шкафта сақталуға тиіс. Шкафты рота (бөлімше) командирі немесе рота старшинасы (әскери бөлім бойынша кезекші, рота сержанты) мөрлейді. Әскери бөлім бойынша кезекшіде болатын келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жеке қаруы, патрондары мен радиоактивті сәулелену мөлшерін өлшеуіштері бар шкафта одан басқа, қарауыл бастығына жасырын түрде шығарылған электр дыбыстық дабылдамасы болуға тиіс.

      Батальонның келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің жеке қаруы бар шкафтың және патрондары бар жәшіктердің кілттері бөлімше командирінде, ол болмаған кезде – рота старшинасында (рота сержантында) сақталады, ол қызметтен кеткен кезде бөлім бойынша кезекшіге мөрленген пеналда тапсырылады, ал әскери бөлім басқармасы мен қызметтерінің әскери қызметшілерінің әскери бөлім бойынша кезекшісінде сақталады. Олардың қосалқы кілттері әскери бөлім штабының бастығында металл сейфте сақталады. Пистолеттер мен оларға патрондарды беру және қабылдау тәртібін әскери бөлім командирі белгілейді.

      200. Бөлімшенің қарауылдары мен кезекшісі үшін патрондар құлыпқа жабылатын және мөрленген, кілттері мен мөрі рота (бөлімше) командирінде (рота старшинасында) сақталатын темір жәшіктерде болуға тиіс. Әрбір жәшікте оқ-дәрілердің қолда барының тізімдемесі болуға тиіс. Патрондары бар жәшіктер қаруы бар пирамидаларға жақын жерде орналастырылады.

      Қарауылдары бірнеше бөлімшелерден тағайындалатын әскери бөлімдерде қарауылдар үшін патрондарды әскери бөлім бойынша кезекшінің бөлмесінде сақтауға рұқсат етіледі.

      Штаттан тыс қарумен қызмет атқаратын бөлімшелер оқ-дәрілерді қарумен бір уақытта әскери бөлім командирінің (штаб бастығының) шешімі бойынша басқа бөлімшеден алады.

      201. Спорт сабақтарына арналған бөлме (орын) спорттық тренажерлармен, гимнастикалық снарядтармен жабдықталады, кір тастарымен, гантельдермен және басқа да спорттық мүкәммалмен, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары жөніндегі плакаттармен қамтамасыз етіледі.

      202. Ротада он бес-жиырма адамға бір шүмек (душ себезгісі) есебінен душ бөлмесі жабдықталады, бір шүмекке бес-жеті адамнан қол жуғыштар және кемінде екі ағынды сулы аяқ ванналары орнатылады, сондай-ақ әскери қызметшілердің киім-кешегін жууға арналған орын жабдықталады.

      Шеберханалар, парктер, наубайханалар, нан зауыттары, асханалар мен қазандықтар жанында, одан басқа жылы душ жабдықталуға тиіс, ал қол жуғыштар жанында сабын мен орамал болуға тиіс.

      Жылытылатын үй-жайларда су құбыры болмаған кезде су құятын қол жуғыштар орнатылады, оларда су тәулік бойы болуға тиіс. Қол жуғыштарға таза су құяр алдында қалған суы төгіледі, қол жуғыштар тазартылады, кір су шығарылады және осыған арнайы бөлінген орынға төгіледі.

      Киім-кешек пен аяқкиімді тазалау үшін жеке арнайы жабдықталған үй-жайлар немесе орындар бөлінеді. Ұйықтайтын үй-жайда аяқкиім тазалауға рұқсат етілмейді.

      203. Тұрмыстық қызмет көрсету (шеберхана) бөлмесі (орны) киім-кешек үтіктеуге арналған үстелдермен, әскери қызметшілердің әскери киім нысанын киіп жүру қағидалары және киім-кешек мүлкімен жабдықтау, киім мен аяқкиімді жөндеу нормалары бар плакаттармен, айналармен жабдықталады және орындықтармен (табуреттермен), үтіктердің қажетті санымен, сондай-ақ шаш қиюға, киім-кешек пен аяқкиімге ағымдағы жөндеу жүргізуге арналған аспаппен, мүкәммалмен, фурнитурамен және басқа да жөндеу материалдарымен жабдықталады.

      Жеке құрамның киім-кешегін шақтап тігу, киімі мен аяқкиімін жөндеу үшін әскери бөлім жанында арнайы шеберхана жабдықталады.

      204. Әскери бөлімге толықтыруға келген жеке құрам ол әскери ант қабылдағанға және бөлімшелерге бөлгенге дейін жеке үй-жайда орналастырылады. Бұл кезеңде оған тереңдетілген медициналық тексеру жүргізіледі, егулер жасалады, белгіленген нормалар бойынша киім-кешек, аяқкиім беру, оларды шақтап пішу мен таңбалау жүргізіледі; толықтырудың жеке құрамымен мерзімді әскери қызметке әскерге шақырылғанға дейін алынған жауынгерлік даярлығын жетілдіру жөнінде сабақтар өткізіледі, олардың іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін зерделеу, мақсатты бағытталған тәрбие және идеологиялық жұмыс ұйымдастырылады.

      205. Әскери бөлім бойынша бұйрықпен толықтыруға келген жеке құрамнан жеке бөлімше құрылады, бөлімше командирі, оның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық (тәрбие және идеологиялық) жұмыстар жөніндегі орынбасары тағайындалады, командирлер мен нұсқаушылар ретінде офицерлердің, сержанттардың (старшиналардың) қажетті саны бөлінеді.

      206. Келген буынды әскери бөлімнің бөлімшелері бойынша бөлу олар жауынгерлік даярлықты жетілдіру жөніндегі бағдарламалардан өткеннен, әскери ант қабылдағаннан, әрбір әскери қызметшінің іскерлік және моральдық қасиеттерін зерделегеннен кейін және оның денсаулық жағдайы, шақырылған (тұрғылықты) жері, сондай-ақ мамандығы мен мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін алған әскери-есептік мамандығы ескеріле отырып, әскери бөлім командирі бұйрығының негізінде жүргізіледі.

      Келген буынның жеке заттары (киімі, аяқкиімі мен басқа да заттары) ретке келтіріледі, буылады және әскери бөлім оларды сәлемдемемен әскери қызметшілер көрсеткен мекенжайларға жолдайды.

      207. Бөлім орналасқан жерден тыс тұратын ротаның барлық әскери қызметшілерінің мекенжайлары, телефондары мен әрқайсысын шақыру тәсілі көрсетілген атаулы тізімдер болуға тиіс. Бұл тізімдер рота кеңсесінде және рота бойынша кезекшіде болады. Бөлім басқармасының әскери қызметшілеріне осындай тізімдер бөлім бойынша (бөлім штабы бойынша) кезекшіде болуға тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет