292. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының басшылары осы құқықты берген командирлер (бастықтар) жүргізеді.
293. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру оны белгіленген мерзімде жауынгерлік міндеттерді орындауға даярлау мақсатында жүргізіледі. Міндеттерді орындауға әзірлік мерзімі жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге сигнал алынған сәттен бастап саналады. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде әскери бөлімнің жеке құрамы оған тиесілі қару-жарақпен және әскери техникамен, басқа да материалдық құралдармен тұрақты орналасу пунктінен белгіленген (көрсетілген) аудандарға шығарылады.
294. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру тәртібі әскери бөлім командирінің тікелей басшылық жасауымен штаб әзірлейтін және үлкен командир (бастық) бекітетін жоспармен айқындалады. Онда:
1) жеке құрам мен бөлімшелерді хабарландыру тәртібі;
2) әскери бөлім бойынша кезекшінің (жедел кезекшінің) және тәуліктік нарядтың басқа да адамдарының іс-әрекеттері;
3) кезекші күштер мен құралдардың іс-қимылы;
4) әскери бөлімнің жиын ауданы, бөлімшелердің жиын пункттері және оларға жеке құрамды шығару, қару-жарақ пен әскери техниканы, басқа да материалдық құралдарды әкелу (әкету) тәртібі;
5) әскери бөлімді шоғырландыру аудандары және олардағы бөлімшелердің орналасу орындары, сондай-ақ әскери бөлімнің бастапқы шебі (пункті), бағыттары мен қозғалу тәртібі;
6) әскери бөлімді жан-жақты қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара;
7) басқаруды және байланысты ұйымдастыру;
8) әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын алып шығу (әкету) тәртібі;
9) қаруды, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдарды беру тәртібі;
10) жиын және шоғырландыру аудандарына шығу кезінде коменданттық қызметті ұйымдастыру;
11) бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру құқығын пайдаланатын лауазымды адамдар;
12) басқа да қажетті іс-шаралар көзделуге тиіс.
295. Барлық әскери қызметшілер жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде өздерінің іс-қимыл тәртібін, оларға қатысты бөлігінде бөлімшенің, әскери бөлімнің іс-қимыл тәртібін қатаң білуге тиіс.
Істер мен лауазымды қабылдау кезінде әскери бөлімнің барлық лауазымды адамдары жергілікті жерде міндеттерді нақтылаумен жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезіндегі іс-қимыл тәртібін оларға қатысты бөлігінде зерделеуге міндетті.
Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жөніндегі іс-шараларды орындау барысында жеке құрам белгіленген мерзімде барлық бүркемелеу түрлерін, қауіпсіздік талаптарын және қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану қағидаларын сақтай отырып, тез және ұйымдасқан түрде әрекет етуге міндетті.
296. Әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) жауынгерлік әзірлігін тексеру бөлімнің (бөлімшенің) тағайындалуына сәйкес белгіленген мерзімде міндеттерін орындау қабілеттерін айқындау мақсатында жүргізіледі.
Тексерулерді Қорғаныс министрі, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, әскери бөлім командирі немесе олардың тапсырмасы бойынша адамдар кенеттен және белгіленген шектеулермен жүзеге асырады.
Тексерулерді жүргізудің кезеңділігі мен мерзімдерін Қорғаныс министрі, Бас штаб бастығы және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірінші басшылары айқындайды. Осы мақсаттарда тиісті лауазымды адамдар жауынгерлік әзірлікті кенеттен тексеру жоспарын әзірлейді.
Жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру барысында әскери бөлім командирінің, штабының, бөлімшелер (қызметтер) командирлерінің (бастықтарының), жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға даярлық деңгейі, бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезіндегі бөлімнің басқару органдарының іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ете білуі, қару-жарақ пен әскери техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілер мен материалдық құралдар қорларының жай-күйі тексеріледі.
4. Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайту
Жалпы ережелер
297. Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайту, дене бітімін дамыту – оларды өзінің әскери борышын орындауға даярлаудың маңызды және ажырамас бөлігі. Командирдің (бастықтың) бағыныстылардың денсаулығы туралы қамқорлығы оның әскери бөлімнің (бөлімшенің) ұдайы жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
298. Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға:
1) командирлердің (бастықтардың) қызметі мен тұрмыс жағдайларын сауықтыру жөніндегі іс-шараларды жүргізуімен;
2) оларды жүйелі шынықтырумен, дене дайындығымен және спортпен жиі шұғылдануымен;
3) санитариялық-гигиеналық, эпидемияға қарсы және емдеу-алдын алу іс-шараларын жүзеге асырумен қол жеткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |