477. Бөлімнің штаб бойынша кезекшісі бөлім штабы мен қызметтерінің қатардағы жауынгерлер және сержанттар құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінен тағайындалады. Ол штабтың қызмет бөлмелерінің күзетіне, штаб үй-жайының тазалығына, шабармандардың дұрыс қызмет өткеруіне және хат-хабарлар мен телефонограммаларды уақтылы қабылдауға және жеткізуге жауап береді.
Бөлімнің штаб бойынша кезекшісі бөлім бойынша кезекшіге, оның көмекшісіне және бөлім штабының бастығына бағынады.
Кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы бұрынғы және жаңа кезекшілер бөлім штабының бастығына және бөлім бойынша кезекшіге баяндайды.
478. Бөлімнің штаб бойынша кезекшісі:
1) таратудан кейін тізімдеме бойынша құжаттаманы, жабдық пен мүкәммалды қабылдауға;
2) жұмыстан тыс уақытта келген поштаны қабылдауға;
3) қызметтік телефонограммаларды қабылдауға және беруге;
4) шабармандарға басшылық жасауға;
5) штаб үй-жайында болуға, онда тазалық пен тәртіпті ұстауға, штаб үй-жайына бөгде адамдарды бөлім командирі белгілеген тәртіппен жіберуге;
6) әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірген кезде бөлім штабы мен қызметтерінің барлық әскери қызметшілерін дереу хабардар етуге, түнгі уақытта жарықпен бүркемелеуді қадағалауға;
7) қызметтік үй-жайларды күзетуге қабылдауға және олардың кілттерін сақтауға;
8) пештерді жағу қағидаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға, ал жұмыс күні аяқталған соң штаб үй-жайларының өртке қарсы қауіпсіздігін тексеруге;
9) өрт шыққан жағдайда өрт сөндіру командасын шақыруға, оны сөндіруге және құжаттар мен штаб мүлкін құтқаруға шаралар қабылдауға, ол туралы бөлім бойынша кезекшіге және бөлімнің штаб бастығына дереу баяндауға;
10) штабқа бөлімнің штаб бастығы мен бөлім командирінің басқа да орынбасарлары және олардың үлкен бастықтары, сондай-ақ өз әскери бөлімінен емес офицерлер келгенде, оларға өзін таныстыруға міндетті.
Мысалы: "Майор мырза. Бөлімнің штаб бойынша кезекшісі сержант Құсайынова".
479. Бөлімнің штаб бойынша кезекшісінде кіріс хат-хабарларын, кіріс және шығыс телефонограммаларды есепке алу журналы, сондай-ақ әскери бөлім шегінен тыс тұратын бөлім басқармасы әскери қызметшілерінің, олардың мекенжайлары, телефондары мен оларды шақыру тәсілі көрсетілген тізімі болуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |