84. Гарнизонның кезекші бөлімшесі гарнизондық қарауылдарды күшейту немесе гарнизонда өрт, табиғи зілзала және өзге де оқиғалар болған кезде жедел шақырту жағдайында гарнизон бастығының бұйрығымен тағайындалады.
Бұйрықта оның құрамы, қару-жарағы, оқ-дәрілермен, қажетті мүлікпен және көлік құралдарымен қамтамасыз етілуі, киім нысаны мен демалу тәртібі көрсетіледі.
Кезекші бөлімшені шаруашылық жұмыстарын орындау үшін пайдалануға жол берілмейді.
Үлкен гарнизондарда бірнеше кезекші бөлімше тағайындалуы мүмкін.
85. Кезекші бөлімше әрбір тәулікке, гарнизон бастығы бекіткен кестеге сәйкес, әдетте, гарнизондық қарауылдар тағайындалған сол әскери бөлімнен тағайындалады және гарнизон бастығына және қарауылдар бойынша кезекшіге бағынады.
Кезекші бөлімшені шақыруды гарнизон бастығы немесе қарауылдар (гарнизон бастығына бағынысты әскери бөлім) бойынша кезекші жүргізеді.
Кезекші бөлімшені шақырған кезде: қайда, қай уақытқа және кімнің қарамағына келуі, сондай-ақ өзімен бірге қандай мүлік, жабдық, қару-жарақ, оқ-дәрілер саны болуға тиіс және оларды беру тәртібі көрсетіледі.
Кезекші бөлімшеге оқ-дәрілер әскери бөлім командирінің (штаб бастығының) немесе әскери бөлім бойынша кезекшінің бұйрығымен беріледі.
Кезекші бөлімшені шақырумен бір уақытта гарнизон бастығының бұйрығымен, егер қажет болса, жаңа кезекші бөлімше тағайындалады.
86. Кезекші бөлімшемен сабақтар өз әскери бөлімі орналасқан жерге жақын жерде өткізіледі. Кезекші бөлімшенің орналасқан жері және оны шақыру тәртібі әскери бөлім бойынша кезекшіге және қарауылдар бойынша кезекшіге белгілі болуға тиіс.
87. Кезекші бөлімше белгіленген орынға келгеннен кейін қарауылдар бойынша кезекшінің (гарнизон бастығына бағынысты әскери бөлімнің) немесе оның қарамағына тағайындалған адамның нұсқауы бойынша әрекет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |