101. Гарнизондық патруль бастығы патрульдердің қызметті дұрыс өткеруіне, патрульдеу бағдарында тәртіпті ұстауға, әскери қызметшілердің әскери тәртіпті сақтауына және гарнизондық объектілердің сақталуына жауап береді.
Ол:
1) белгіленген уақытта гарнизонның штаб бастығына нұсқау алуға келуге және қажетті құжаттарды зерделеуге;
2) патруль міндеттерін білуге және патрульдердің қызмет өткеруіне басшылық жасауға;
3) әскери қызметшілердің әскери тәртіптің талаптарын орындауын және әскери киім нысанын кию қағидаларын сақтауын бақылауға;
4) әскери тәртіпті бұзған, әскери атағы бойынша өзімен тең және кіші әскери қызметшілерге ескерту жасауға, қажетті жағдайларда олардың құжаттарын тексеруге, ал егер қажет болса, оларды ұстауға және қарауылдар бойынша кезекшіге жіберуге;
5) бастықтар мен атағы үлкендерге тәртіпті қалпына келтіруде жәрдемдесуге және олардың талап етуі бойынша әскери тәртіпті бұзған әскери қызметшілерді қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге жіберуге;
6) қарауылдар бойынша кезекшілермен, сондай-ақ құқық қорғау органдарының бекеттерімен байланысу үшін өз бағдарындағы телефондардың орналасуын білуге және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге патрульдеу барысы туралы белгіленген уақытта баяндауға;
7) көшелерде және қоғамдық орындарда азаматтық адамдар арасында тәртіпті ұстауда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көмек көрсетуге;
8) ұсталған және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге жіберілген әскери қызметшілердің тізімін жүргізуге, патрульдеу мерзімі аяқталғаннан кейін қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге тізімді ұсынуға және патрульдеуге құқық беретін куәлікті тапсыруға, өз әскери бөліміне патрульдермен қайтып оралуға және бөлім бойынша кезекшіге міндеттің орындалғаны туралы баяндауға;
9) құқық бұзушылықтар (оның ішінде қылмыстар) немесе тәртіптік теріс қылықтар жасаған әскери қызметшілерді ұстауға және өз іс-қимылдарымен жолын кесуге;
10) мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзған және лайықсыз мінез-құлық көрсеткен, сондай-ақ әскери қызметшінің жеке басын растайтын құжаттары болмаған жағдайда әскери қызметшілерді ұстауға;
11) объектілердің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындаған кезде оларға қадағалау жүргізуге, олардың сақталуына қауіп төнген жағдайда қарауыл (әскери бөлім) бойынша кезекшіге хабарлауға міндетті.
Жоғарыда аталған жағдайларды қоспағанда, патруль бастығының атағынан үлкен әскери атақтағы әскери қызметшілерді ұстауға жол берілмейді.
Әскери қызметшіні ұстаған кезде патруль бастығы оны қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге жеткізу жөнінде шаралар қабылдайды, бұл ретте ол әскери қызметшіден қандай да бір түсінік талап етпеуге тиіс.
102. Патруль ілтипатты, әдепті, сыпайы, "Сіз" деп тіл қатуы, өз талаптарын, ескертулерін сендіру нысанында айтуға тиіс. Оның іс-қимылдары әскери қызметшілер үшін заңды және түсінікті болуға тиіс. Патрульдер әскери қызметшілермен сөйлескенде сабырлық, шыдамдылық пен парасаттылық танытуға міндетті. Олар қарсы сөз қайтармауы және дауласпауы, өзін-өзі ұстауы, дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермеуге және өз іс-қимылдарында жеке басының жек көру сезімін басшылыққа алмауға тиіс.
Әскери атағы бойынша тең немесе кіші әскери қызметшімен сөйлескенде патруль бастығы оның әскери атағын, өзінің лауазымын атайды және тиісті талаптар қояды, мысалы: "Капитан мырза, мен – патруль бастығы капитан Уәлиевпін. Сіз әскери киім нысанын киіп жүру тәртібін бұздыңыз. Кемшілікті жойып, команда бойынша баяндауыңызды сұраймын".
103. Егер мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметші, олар сейілдемеде болған кезде әскери киім нысанын кию қағидаларын өрескел бұзса немесе өзге де әскери тәртіпті бұзса, патруль бастығы осындай әскери қызметшілердің сейілдемесін тоқтатады және оларды патрульдің ілесіп жүруімен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге жібереді немесе шаралар қабылдау үшін өзінің әскери бөліміне (бөлімшесіне) қайтарады. Сейілдеме жазбалары бойынша басқа гарнизоннан келген әскери қызметшілер де ұсталады және қарауылдар бойынша кезекшіге жіберіледі. Ұстау уақыты мен себебі туралы патруль бастығы әскери қызметшінің сейілдеме жазбасына жазады.
Әскери қызметшіні ұстаған кезде ол бағынбаған жағдайда патруль бастығы өзі немесе патруль құрамы әскери қызметшіні мәжбүрлеу тәртібімен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге әкеледі.
Қару қолдану ең соңғы шара болып табылады және оған тек Ішкі қызмет жарғысында мазмұндалған жағдайларда және тәртіппен жол беріледі.
Ұсталған әскери қызметшілерден белгіленген тәртіппен суық және атыс қаруы, оқ-дәрілер, азаматтық айналымда тыйым салынған заттар, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттар алынады, оларды патруль бастығы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге тапсырады.
104. Әскери атағы бойынша жоғары әскери қызметші әскери тәртіпті бұзған жағдайда патруль бастығы оның тәртіп бұзуын тоқтатуды сұрайды. Осы өтініш орындалмаған кезде патруль бастығы ол туралы қарауылдар бойынша кезекшіге дереу баяндауға және оның нұсқауы бойынша әрекет етуге міндетті.
Патруль
105. Патруль:
1) қызметті қырағылықпен өткеруге, әскери қызметшілердің өзін-өзі ұстауын қадағалауға және байқалған бұзушылықтар туралы патруль бастығына баяндауға;
2) патруль бастығының бұйрықтарын нақты және жылдам орындауға және оның рұқсатынсыз ешқайда кетпеуге;
3) патруль бастығының рұқсатынсыз ұсталғандардан ештеңе қабылдамауға және оларға ештеңе бермеуге;
4) патруль бастығына ұсталғандардың өтініштері туралы баяндауға;
5) патрульдеу аяқталғаннан және әскери бөлімге келгеннен кейін патруль бастығының рұқсатымен өз бөлімшесіне қайтып оралуға және бөлімше бойынша кезекшіге өзінің келгені туралы баяндауға міндетті.
106. Патрульдің жеке құрамы өз міндеттерін атқарған кезде әскери тәртіпті, әскери киім нысанын кию қағидаларын, әскери сәлемдесуді және әскери сыпайылықты сақтауда өнегелі болуға тиіс. Қызмет өткеру уақытында ол бөгде әңгімелерге кіріспеуге және өз міндеттерін атқарудан назарын аудармауға тиіс.
6. Қарауылдық қызметті ұйымдастыру
Жалпы ережелер
107. Қарауылдық қызметті өткеру жауынгерлік міндеттерді орындау болып табылады және жеке құрамнан осы Жарғының барлық ережелерін нақты сақтау, жоғары қырағылық, пәрменді шешімділік пен бастама талап етіледі.
Қарауылдық қызметтің талаптарын бұзуға кінәлілер тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікте болады.
108. Қарауылдық қызметті өткеру үшін қарауылдар тағайындалады.
Әскери және мемлекеттік объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ гауптвахтада ұсталатын адамдарды күзету үшін тағайындалған қаруланған бөлімше қарауыл деп аталады.
Қарауылдық қызметті өткеру жөніндегі міндет әскери бөлімшелерге жүктелмеген әскери бөлімдерде объектілерді күзетуді ведомстволық күзет бөлімшелері жүзеге асыруы мүмкін.
Жауынгерлік кезекшілікті атқаратын күштер мен құралдарды күзету мен қорғау әскери қарауылдарға немесе қаруланған патрульдерге, ал жауынгерлік туларды – әскери қарауылдарға немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының, сондай-ақ басқа да әскерлері мен әскери құралымдары бірінші басшыларының шешімі бойынша тәуліктік нарядтың басқа да адамдарына жүктеледі.
Қарауылдар гарнизондық және ішкі (корабльдік) болады, олар тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін.
Гарнизондық қарауыл жалпыгарнизондық мақсаттағы объектілерді және бір-біріне тікелей жақын орналасқан бірнеше әскери бөлімнің объектілерін күзету үшін тағайындалады.
Ішкі (корабльдік) қарауыл бір әскери бөлімнің (корабльдің) объектілерін күзету және қорғау үшін тағайындалады. Әуеайлақтағы авиациялық бөлімнің ұшақтары (тікұшақтары) мен басқа да объектілерін ішкі қарауыл күзетеді және қорғайды.
Тұрақты қарауылдар қарауылдар кестесімен көзделеді.
Уақытша қарауылдар қарауылдар кестесіне енгізілмейді; олар әскери мүлікті тиеу (түсіру) немесе қоймаларға уақытша қою кезінде, әскери жүктерге ілесіп жүру кезінде күзету мен қорғау үшін, сондай-ақ гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді оларды әртүрлі көлік түрлерімен тасымалдау кезінде күзету үшін гарнизон бастығының немесе әскери бөлім командирінің бұйрығымен тағайындалады.
109. Гарнизондық қарауылдар гарнизон бастығына, қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне бағынады.
Гауптвахта жанындағы қарауыл жасақ (бөлім) бастығына, гауптвахта бастығына және әскери полиция органы бойынша кезекшіге бағынады.
Ішкі (корабльдік) қарауылдар әскери бөлім командиріне (корабль командиріне), әскери бөлім (корабль) бойынша кезекшіге және егер әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі офицер болса, оның көмекшісіне бағынады. Әскери бөлімнің қалған бөлімшелерінен жеке орналасқан батальонның (дивизионның) объектілерін күзететін ішкі қарауыл, одан басқа, осы батальон (дивизион) командиріне және әскери атағы қарауыл бастығымен тең немесе атағы бойынша одан жоғары батальон (дивизион) бойынша кезекшіге бағынады.
Сержанттар (старшиналар) қатарынан тағайындалған әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бастығы офицерлер емес қарауылдар бағынады.
Қарауылдар осы адамдардың бағынысына таралым кезінде қарауылдар (әскери бөлім, корабль) бойынша кезекшіні қарсы алу үшін "ТІК ТҰР" командасы берілген сәттен бастап кіреді, ал олардың бағынысынан қарауыл бастығы ауысымнан кейін өз әскери бөліміне (бөлімшесіне) қарай жүру үшін "Адым – БАС" командасын берген сәттен бастап шығады.
110. Қарауыл құрамына: қарауыл бастығы, бекеттер мен ауысымдар саны бойынша қарауылдар, таратушылар, ал қажет болған кезде қарауыл бастығының көмекшісі, техникалық күзет құралдары бойынша операторлар ауысымы (ауысымдағы операторлар саны күзетілетін объектінің маңыздылығына, оның периметрінің ұзындығына, орнатылған бейнеқадағалау жүйелерінің санына байланысты айқындалады, бірақ кемінде екі әскери қызметші болуға тиіс, олардың біреуі қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары бойынша көмекшісі болып тағайындалуы мүмкін), қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісі және көлік құралдарының жүргізушілері (жауынгерлік машиналар экипаждары) тағайындалады.
Штабтар мен басқару пункттерін күзету бойынша бірлестіктерден және одан жоғары, сондай-ақ аталған адамдардан басқа, мекемелерді күзету бойынша қарауылдарға бақылау-өткізу пункттерінің қарауылдары тағайындалады.
111. Объектілерді тікелей күзету мен қорғау үшін қарауылдар қатарынан сақшылар қойылады.
Қарауыл – объектіні (бекетті) күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау үшін тағайындалған қарауыл құрамының әскери қызметшісі.
Оған тапсырылған бекетті күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндетті орындайтын қаруланған қарауыл сақшы деп аталады.
Сақшыға күзету мен қорғау үшін барлық тапсырылғандар, сондай-ақ ол өз міндетін орындайтын жер немесе жергілікті жердің учаскесі бекет деп аталады. Бекеттерге, сондай-ақ қарауылдың техникалық күзет құралдары көмегімен күзететін объектілер мен осы құралдар орнатылған жергілікті жер учаскелері жатады.
Объектілерді күзетуді сақшылар объекті айналасындағы сыртқы қоршаудың ішкі жағының бойында сақшы жолымен (бақылау-іздік жолақты) патрульдеу, сондай-ақ мұнаралардан бақылау жолымен жүзеге асырады. Жекелеген объектілер қозғалмайтын сақшылармен күзетілуі мүмкін.
112. Гарнизондар бастықтары, әскери бөлімдердің командирлері, әскери объектілердің бастықтары, сондай-ақ олардың барлық тікелей бастықтары жеке құрамның объектілерді күзету мен қорғау үшін қажетті санын қысқартуға үнемі қол жеткізуге міндетті. Оған:
1) сақшыларды қоймастан, бекеттерді күзетудің техникалық құралдары мен қарауылдық иттерді пайдалана отырып күзетуге көшумен (5-қосымша);
2) ортақ қоршауы бар, қатар орналасқан, әр түрлі әскери бөлімдерге тиесілі сақтау орындарын, қоймаларды, парктер мен басқа да күзетілетін объектілерді бір қарауылдың күзетуіне біріктірумен;
3) қозғалмайтын сақшылары бар бекеттердің санын қысқартумен және объектілердің күзетін жаяу тәртіппен және көлік құралдарымен патрульдеу тәсілімен ұйымдастырумен қол жеткізіледі.
113. Объектілерді күзетуді патрульдеу тәсілімен ұйымдастыру кезінде объектінің қоршауына және жергілікті жердің жағдайларына байланысты сақшыға белгіленген уақыт ішінде күзету мен қорғау үшін: күндіз – 2 шақырымға дейін, түнде – 1 шақырымға дейін, ал техникалық күзет құралдарымен жабдықталған объектілерді: күндіз – 3 шақырымға дейін, түнде – 2 шақырымға дейін ұзындықпен жолақ учаскесі тағайындалады. Қолайсыз ауа райында (қалың тұман, жаңбыр, қар жауу) объектілерді күзетуді күшейту үшін гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығымен қосымша қарауылдар немесе көлік құралдарындағы патрульдер тағайындалуы мүмкін. Қосымша қарауылдардың қызмет өткеру тәртібі мен патрульдеу тәртібін бұл жағдайда гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) айқындайды.
Сақшылар бақылау-іздік жолақты, жергілікті жерлер мен қоршауларды қарау үшін, сондай-ақ байланыс құралдары бойынша қарауыл бастығына қызметтің өткерілуі туралы баяндау үшін қысқа тоқтаулар жасай отырып, объектінің сенімді күзетілуін қамтамасыз ететін жылдамдықпен жаяу тәртіппен қозғалыс бағдарлары бойынша жүреді.
Күн ашық болса, егер жергілікті жер жағдайлары мүмкіндік берсе, қарауыл бастығының рұқсатымен күзетілетін объектілерді қадағалауды сақшылар қадағалау мұнараларынан жүргізуі мүмкін.
114. Сақшыларға көмек көрсету үшін әрбір қарауылдық үй-жайда қарауылдардың сергек және демалған ауысымдары қатарынан резервтегі топтар құрылады, олар қарауыл бастығының (қарауыл бастығы көмекшісінің, таратушының) "ҚАРУҒА" командасы бойынша қарауылды шақырған кезде бұзушылық болған орынға келеді және жағдайға байланысты әрекет етеді. Топтарды бұзушылық болған орынға тез жеткізу, қашық орналасқан бекеттердің сақшыларын ауыстыру және оларды тексеру үшін қарауылдар қажет болған кезде көлік құралымен, ал ерекше жағдайларда броньды транспортерлермен (жауынгерлік машиналармен) қамтамасыз етіледі.
115. Қарауылдың жеке құрамы қарауыл киім нысанын (6-қосымша) киюге, ақаусыз және ұрысты қалыпты жүргізуге келтірілген сүңгі-пышағы бар автоматтармен (сүңгісі бар карабиндермен) немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының және басқа да әскерлері мен әскери құралымдары бірінші басшыларының шешімі бойынша басқа да қарумен қарулануға тиіс. Басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сондай-ақ әскери полиция органдарының қарауылдары арнайы құралдармен қарулануы мүмкін.
Бақылау-өткізу бекеттерінің сақшылары пистолеттермен қарулануы мүмкін.
Қарауылдар бастықтары және олардың көмекшілері өздерінің штаттық қаруымен қаруланады.
Қарауыл жауынгерлік патрондармен: әрбір автомат пен пистолетке – екі жарақтандырылған оқжатар; әрбір карабинге оқтізерлерде 30 патрон есебінен қамтамасыз етіледі. Қарауылдың жауынгерлік патрондарын жаңарту кемінде үш айда бір рет жүргізіледі.
Бұдан басқа, гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығы бойынша қарауылдардың қарулануында олардың әрқайсысына үш жарақтандырылған оқжатары бар оқшашарлар (100 патроны бар жарақтандырылған екі лента), әрқайсысына екі граната есебінен қарауылдың барлық құрамында қол гранаталары болуы, сондай-ақ жауынгерлік техникамен күшейтілуі мүмкін.
Пистолеттермен қаруланған адамдардан басқа, қарауылдың жеке құрамына оқ-дәрілер практикалық сабақтан кейін қарауыл қалашығында беріледі. Міндеттерін әскери бөлімнен қашықта орындайтын қарауыл, оқ-дәрілерді қарауыл қалашығында жарақтандыратын қарауыл бастығынан басқа, оқ-дәрілермен қарауылдық үй-жайда, осы үшін арнайы жабдықталған немесе бөлінген орында жарақтандырылуы мүмкін. Бұл жағдайда оқ-дәрілер тәуліктік нарядтың таралымына құлыпқа жабылған металл жәшікпен шығарылады.
116. Қаруды оқтау бекеттерге шығар алдында, ұсталған, тұтқындалған, сотталушы және сотталған адамдарды күзету үшін, сондай-ақ қарауылды тексеретін адамдарға ілесіп жүру үшін жүргізіледі.
Қаруды оқтау мен оғын алу қарауыл бастығының немесе оның көмекшісінің командасы бойынша және олардың тікелей қадағалауымен қарауылдық үй-жай жанында оқтосқауылы бар арнайы жабдықталған және жарық түсірілген орында, ал ауысымдар бекеттерге машиналармен жүрген кезде – таратушының командасы бойынша қарауыл бастығына берілген нұсқаулықта көрсетілген оқтосқауылымен жабдықталған орындарда жүргізіледі. Оқтаған және оқты алған кезде қарудың ұңғысы жоғары (45-60 градус бұрышқа) және маңындағы тұрғын үй мен күзетілетін объектілерден шетке алшақ бағытталуға тиіс. Егер қарауылдық үй-жайға жақын және оның айналасында тұрғын және қызметтік үй-жайлар орналасқан болса, қаруды оқтау және оғын алу қарауылдық үй-жайда оқтосқауылмен жабдықталған арнайы орында жүргізілуі мүмкін. Қарудың оғын алу және оны тексеру қарауылдық үй-жайға қайтып келгеннен кейін дереу жүргізіледі.
Пистолеттер патрондарды алғаннан кейін бөлімшелерде оқталады, ал олардың оғы қарауыл ауысымы бөлімшеге келгеннен кейін алынады.
Қарауылға шабуыл жасалған жағдайда қарауыл жеке құрамы қаруды дербес оқтайды.
117. Қару тиісті қару түрлері үшін оқ ату ісі жөніндегі басшылықтарда көрсетілген қағидалар бойынша оқталады, бұл ретте патрон ұңғылыққа жіберілмейді.
Автомат жарақтандырылған оқжатармен оқталады. Оқталар алдында ол тексеріледі (бұл ретте шүріппе түсіріледі) және сақтандырғышқа қойылады. Бекітпе рамасы оқжатар қосылғаннан кейін артқа жылжытылмайды.
Карабин толық көлемде жарақтандырылған оқжатармен оқталады. Карабин оқталғаннан кейін бекітпе жайлап жабылады (бұл ретте патрон ұңғылыққа жіберілмейді), сақтандырғышы алынады, шүріппесі түсіріледі және карабин сақтандырғышқа қойылады.
Пистолет жарақтандырылған оқжатармен оқталады, оқтау кезінде бекітпе артқа жылжытылмайды және сақтандырғышқа қойылады.
Оқшашарлар мен қол гранаталары, оларды тікелей қолданар алдында оқталады.
Арнайы құралдар қолдануға ұдайы әзірлікте болады.
118. Гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығы бойынша қарауылдық үй-жайда: әрбір автоматқа немесе карабинге – металл жәшіктегі мырышталған орамаларда сақталатын 150 патрон, пистолетке – 16 патрон есебінен жауынгерлік патрондардың қоры құралады.
Қол гранаталары жекелеген металл жәшіктерде сақталады, бұл ретте тұтандырғыштар гранаталардан бөлек су өткізбейтін орамаларда сақталады.
Жәшіктерде: қарауылдың жауынгерлік патрондарының қорын есепке алу кітабы (7-қосымша), қол гранаталары мен оларға тұтандырғыштар қорын есепке алу кітабы, оқ-дәрілер мен гранаталарды салу актісі, әскери бөлімнің қоймасынан оқ-дәрілер мен гранаталарды алуға жүкқұжат данасы, ішкі тізбе, сондай-ақ мырыштарды ашуға арналған пышақ сақталады. Жәшіктер құлыпқа жабылады, гарнизонның (әскери бөлімнің) штаб бастығы мөрлейді және қарауылдық үй-жайда болатын қарауыл мүлкі мен мүкәммалының тізбесіне енгізіледі. Оқ-дәрілері бар жәшіктер мөрлерінің көшірме бедерлері мен кілттері қарауыл бастығының сейфінде (құлыпқа жабылатын стол жәшігінде) сақталады. Кілттерді басқа адамдарға беруге жол берілмейді. Қосымша кілттер бөлім бойынша кезекшіде, штаб бастығының мөрімен мөрленген тубуста сақталады.
Қарауылға немесе күзетілетін объектіге шабуыл жасалған кезде жауынгерлік патрондар мен гранаталар қоры бар жәшікті ашуды кейіннен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндаумен қарауыл бастығы дербес жүзеге асырады.
Қарауыл бастығы жауынгерлік патрондардың қоры, гранаталар мен тұтандырғыштар бар жәшіктердің сақталуына жеке өзі жауапты болады.
119. Оқ-дәрілер қорының қолда барын және жай-күйін айына бір реттен жиі емес: гарнизондық қарауылдарда – гарнизонның штаб бастығы, ішкі қарауылдарда – әскери бөлімнің штаб бастығы тексереді.
Тексеру нәтижелері жауынгерлік патрондар (гранаталар мен оларға тұтандырғыштар) қорын есепке алу кітабына және бекеттік ведомосқа жазылады.
120. Қарауылдық үй-жайлар мен бекеттерді осы Жарғыда көзделген жабдықпен, күзет пен байланыстың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, күзетілетін объектілерді қоршау және оларды мүкәммалмен (8-қосымша) қамтамасыз ету, сондай-ақ бекеттерге кіреберістерді жабдықтау (9-қосымша) әскери объектінің бастығына (әскери бөлімнің командиріне) жүктеледі.
Әскери объектінің бастығына (әскери бөлімнің командиріне), сондай-ақ қарауылдық үй-жайға жарық түсіруге және оны отынмен және бекеттік киіммен қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктеледі.
121. Ауысу үшін келген қарауылдың нақты осы мақсат үшін тағайындалғанын, сондай-ақ гарнизон бастығынан немесе қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіден бұйрықпен келген адамға нақты сол үшін өкілеттілік берілгенін растау үшін тиісті бастық пароль (құпия сөз) белгілейді.
Пароль қандай да бір қаланың атауымен белгіленеді, оны әрбір күнге, әрбір қарауыл үшін жеке: гарнизондық қарауылдар үшін – гарнизон штабының бастығы, ішкі қарауылдар үшін – әскери бөлім штабының бастығы белгілейді.
Парольдар кемінде 10 күн бұрын белгіленеді және гарнизон (әскери бөлім) штабының бастығында, мөрленген сейфте сақталатын парольдар кітабына енгізіледі.
Дабыл жарияланған кезде түсетін жаңа қарауылдар үшін парольдар қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіде мөрленген пакетте сақталады.
Парольді білетін адамдар оны қатаң құпияда ұстауға және сұраған кезде оны дауыстамай, жазбамен хабарлауға міндетті, одан кейін жазба дереу жойылады.
Паролі бар жазбаны жоғалтқан кезде немесе пароль жария болған басқа да жағдайларда қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекші оның қолданысын дереу тоқтатады, ол туралы гарнизон штабының бастығына (әскери бөлімнің штаб бастығына) баяндайды.
122. Қарауылдың күзетінде тұрған сақтау орындарын (қоймаларды, парктерді) ашуға немесе жауынгерлік машиналардың, қару-жарақ пен әскери техниканың тұрақтары орындарына жіберуге гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) бекіткен күзетілетін объектіні ашуға наряд негізінде (10-қосымша) және гарнизон штабы бастығының (әскери бөлімнің штаб бастығының) қолы қойылған және елтаңбалы мөрмен расталған тұрақты немесе біржолғы рұқсаттама (11-қосымша) болған кезде рұқсат етіледі.
Күзетілетін объектіні ашуға нарядты объектілер (әскери бөлім қызметтері, сақтау орындары, қоймалар) бастықтарының өтінімдері негізінде гарнизонның штаб бастығы (әскери бөлімнің штаб бастығы) күнделікті жасауға, гарнизонның бастығы (әскери бөлімнің командирі) бекітуге және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіде болуға тиіс.
Рұқсатнамада: оның нөмірі және оның бастығына берілген қарауылдың нөмірі; ашуға (жабуға) жататын күзетілетін объектінің атауы; ашу (жабу) күні мен уақыты; ашу (жабу) үшін келген адамның әскери атағы, тегі, аты мен әкесінің аты көрсетіледі.
Осы немесе өзге де сақтау орындарын (парктерді, қоймаларды) ашуға құқығы бар немесе тұрақтарда тұрған жауынгерлік машиналарды, қару-жарақ пен әскери техниканы қарауылдан қабылдауға рұқсатнама берілуі мүмкін адамдардың тізімі гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығымен жарияланады.
Түпнұсқа қолдары қойылған рұқсатнама үлгілері, осы немесе өзге де сақтау орындарын (парктерді, қоймаларды) ашуға құқығы бар немесе оларға жіберілуі мүмкін адамдардың тізімі, сондай-ақ гарнизон штабының бастығы (әскери бөлімнің штаб бастығы) қол қойған және елтаңбалы мөрмен расталған мөрлер таңбаларының (пломба бедерлерінің) үлгілері қарауылдық үй-жайда болуға тиіс.
123. Қоймалардың (базалардың, арсеналдардың) техникалық аумағына, өрт қаупі бар, ерекше мемлекеттік, режімдік және стратегиялық объектілерге кіру тәртібін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы және басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бірінші басшылары белгілейді.
124. Әуеайлақтағы ұшақтар (тікұшақтар) тұрақтарын және авиациялық бөлімнің басқа да объектілерін ашу үшін рұқсатнамаларға осы бөлімнің штаб бастығы қол қояды.
125. Ерекше жағдайларда әскери және басқа да объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі қарауылдық қызметті өткеру тәртібін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы және Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тиісті басшылары қосымша айқындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |