Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі С. Т.Әденов, А. Х. Хожамқұл, Ғ. К. Котошева, А. Н. Кудерина


І тарау Философия тарихының дамуы



бет2/13
Дата06.03.2016
өлшемі1.55 Mb.
#44703
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

І тарау

Философия тарихының дамуы

Философия ғылыми көзқарастың бастауы ретiнде б.з.д. ҮШ-Ү ғ. қалыптасты, осы кезден бастап адамзат әлем туралы, ондағы өзiнiң орны мен тағдыры туралы рационалды көзқарасқа сүйене бастады. Әлемнiң рационалды түсiндiрiлуiне ең алғаш қадам жасағандар, дүние құрылымы туралы ерекше iлiмдi тудырды. Ежелгi Үндi астрономдары Жердiң шар тәрiздi екендiгiн, оның өз-өзiнен айналуы туралы ойларды айтты, математиктерi санаудың мәндi жүйесiн, цифрларды белгiлеудi ойлап тауып, тригонометрия негiзiн қалыптастырды.

Әр дәуiрдiң, әр заманның өкiлi өз философтарын шығарды. Алғашқы кезде философия мифологияға байланысты болды. Философия бiр жағынан мифологияға, екiншi жағынан ғылымға қатысты дамыды.

Философия өзiнiң зерттейтiн объектiсiн ерекше қарастырды, яғни математик бiрлiк санын неше түрлi сарапқа салып зарттейтiн болса, философтар болмысты солай талдайтын болды. Өмiр сүрудiң мәнi неде? Болмыс деген не, сияқты сұрақтарын талдады. Философия пайда болған кезден бастап-ақ, дүниеге көзқарас ретiнде қалыптасты, оның дамуы бiр логикаға сүйендi.



1.Шығыс философиясы - сыни көзқарас ретiнде б.з.д. 4 мыңжылдықтың соңында Египет, Вавилонда, б.з.д. ҮIII-ҮI ғ. Үндi, Қытайда қалыптасты. Дүниетанымда қоғам даму нәтижесiнде прогрессивтiк, атеистiк, консервативтiк, мистикалық бағыттар дүниеге келдi.

2.Антикалық философия - мифология және жаңадан дамып келе жатқан ғылыми болжамдарға негiзделдi.

3.Орта ғасыр. Дiнге байланысты болды, оны ақыл-оймен дәлелдеуге тырысты.

4.Қайта өрлеу дәуiрi- ХIҮ ғасырдың ортасы – ХҮII ғасырдың. басы. Ғылыми түсiнiктер мен эстетикалық ой-пiкiрдiң әсерi арқылы дамыды.

5.Жаңа дәуiр философиясы (реформация) - жаратылыстану ғылымына сүйенiп адам тағдырын, оның iшкi дүниесiн зерттеудi алға қойды.

6.Философия барлық ғылымдардың әдiстемесі ретіндегі рөлiн сақтап қалды. Гегель философиясының негiзiнде, ХIХ-ХХ ғғ. марксизмде философия пәнi туралы төмендегi түсiнiк қалыптасты. Философия дегенiмiз - табиғат, қоғам мен адам санасының ең жалпы даму заңдары туралы ғылым және қоғамдық сананың бiр түрi, көзқарастық теорияның негiзi, философиялық пәндер жүйесi, адамның рухани дүниесiнiң қалыптасуына ықпал жасайтын iлiм. Философия пәнi осылай түсiнiлумен бiрге ХХ ғасырда әртүрлi философиялық iлiмнiң негiзгi мәселесiнiң әртүрлi болуына байланысты, бұл сұрақтың шешу жолдары анықталды.

1.1 Ежелгі Шығыс философиясы


 

«Ежелгi шығыс» деген не? Географиялық жағынан «Ежелгi Шығыс» -

Таяу шығыс - Вавилон, Шумер, Египет, Ассирия, Палестина;

Орта шығыс - Үндi, Иран, Ауғаныстан;

Қиыр шығыс - Қытай, Вьетнам, Корея, Жапония.

Ежелгi шығыс - күрделi өркениет типi, оның жалпы белгiлерiнiң сипаты:

- Өркениетiнiң негiзi егiн шаруашылығы, жер өңдеу - бұл жағдайда жер мен су мемлекеттiң меншiгiнде болды.

- Мемлекеттiң құрылысында орталыққа шоғырланған бюрократтық (төрешiл, кеңсешiл) өкiметi болды.

- Мемлекеттiң, абсолюттiк өкiметтiң басқарушысы фараон, патша, император.

- Халықтың көпшiлiгi тұйықтау, шашылған ауылдық қауымда өмiр сүрдi, мемлекетке тәуелдi болды.

Адам өзiн табиғат пен қоғамнан объективтiк не субъективтiк деп бөлмейдi. Бұл жағдай жоғарғы дәрежедегi рухани мәдениеттiң спецификасын (ерекшелiгiн) анықтайды.

Алғашқы таптық құл иеленушiлiк қоғам Шумер, Египет мемлекеттерiнде (б.з.д. IҮ мың жылдықтың соңы) пайда болды. Алғашқы философиялық ойлар алғашқы астрономия, космология, математика iлiмдерiмен және ескi мифологиямен тығыз байланысты. Философия қоғамдық сананың ерекше формасы ретiнде әлi бекiне қойған жоқ болатын. Шаруашылық талаптары нақты ғылымдардың дамуын қажет еттi. Вавилон математиктерi алгебра мен геометрияның бастауын жасады: квадраттық теңдеулердi шеше білді, қазiргi уақыт өлшемдерiн ойлап тапты (сағат, минут, секунд, т. б.), абыздардың мифтiк құдайлар туралы iлiмi (теогония) - дүниенiң пайда болу iлiмiне (космогония) ұласты. Құдайлар атасы – Ай, құдайлар – жұлдыздар, болып саналды. Күн соларды сөндiретiн, өлiм әкелетiн зұлымдық күш делiндi. Ай өлiп қайта тiрiлетiн өшпес өмiрдi бейнеледi. Олардың мәңгi алмасуы - жақсылық пен зұлымдық күресi ретiнде сипатталды. «Жұлдызды» космогония - астрологиялық iлiмдi тудырды, оның мәнi әлi күнге дейiн сақталып отыр. Осы көзқарастарға қарсы сыни атеистiк ойлар туды, Вавилонның аса көрнектi әдеби мұрасы - «Өмiрдiң мәнi туралы құл мен оның иесiнiң айтысы» еңбегi. Оның ұмыт болған авторы дiни қағидаларды сынап, о дүниедегi өмiр үшiн құдайларға құрбандық шалуды ақылсыздық дейдi.

Египеттiктердiң негiзгi шаруашылығы суармалы егiншiлiк пен мал бағу болды. Сонымен бірге ерекше құрылыс өнерi - тас қашау, қыштан ыдыс жасау кәсiптерi дамыды. Олар алғашқы рет күн күнтізбесін жасап, жылдың 3651/2 тәулiктен тұратынын дәлелдедi, «π» санын, шеңбердiң диаметрге байланыстылығын, әртүрлi пирамидалардың ауданын, көлемiн есептеп шығаруды енгiздi. Мифологиялық мазмұндарды дiни емес, философиялық тұрғыдан түсiндiру бiртiндеп өсе түстi. О дүниедегi мәңгi өмiрге сенудi сынап, еңбектi жеккөрушiлiктi жойып, осы дүниедегi өмiрдi түзетуге шақыратын бар шығармалар тарала бастады. Сондай еңбектiң бiрi - «Арфист өлеңi» о дүниеден қайтқан ешкiм жоқ, ол туралы адамның сезiмi мен ақылы да еш дерек келтiре алмайды, сондықтан ол ертегiлерге сенудi тоқтатып, жер бетiндегi өмiрiмiздi түзейтейiк деп шақырды. Кейiнiрек жазылған «Өмiрден түңiлгеннiң өз жанымен әңгiмелесуi» еңбегiнде жан өлмейдi деген қағида жан-жақты, ашық және логикалық сабақтастықты сақтай отырып қатты сыналды ол қағиданың әлеуметтiк-саяси құрылыммен, теңсiздiкпен, күш көрсетумен байланыстылығы айтылады. Ежелгi Египет мұраларында стихиялық материалистiк көзқарастар да кездеседi. Ондағы «барлық тiршiлiк салқын судан пайда болды» деген пiкiр, грек ғалымы Плутархтың айтуынша, кейiн Милет мектебiн құрған Фалес философиясының негiзгi идеясына айналды.

Ежелгi Үндi мен Қытай философиясының ерекшiлiгi туралы жүз жылдан артық уақыт екi түрлi көзқарас арасында (дискуссия) пікірталас жүрiп жатты.

1) Үндi мен Қытай нағыз философияны жасаған жоқ, олар оған жете алмады. Сондықтан, оларды философияның алдындағы немесе дiни-философиялық көзқарас деп атау керек дейдi.

2) Үндi мен Қытай ең жоғарғы философияны әлемге алып келдi. Батыс бұл деңгейге әлi жеткен жоқ дейдi.

Бұл секiлдi қарама-қарсы пiкiрдiң өмiр сүру себебi - философияның эталондық үлгiсi ретiнде Батысеуропалық философиямен шұғылдану вариантының алынуына байланысы. Ал Үндi мен Қытайлықтардың ойлау тәсілi бұл жүйеге келмейтіндіктен оны «алдыңғы» немесе «жоғарғы философия» деп атады.

Қытай мен Үндiлiк философия тәсiлiнiң Батыс Еуропалыққа сай келмеуiнiң нәтижесi оларды ерiксiз «Шығыс» деген атпен бiрiктiрiп, «Батысқа» қарсы қойғызды. Шын мәнінде әлемдiк философияның қайнар көзi екеу емес, үшеу екенiн айту керек. Қытай мен Үндi арасындағы ұқсастық, Батыс пен Үндiге қарағанда аз, Батыс пен Үндiлiктердi байланыстыратын, олардың арғы тегi мен тiлi. Үндi мен Қытайды рухани туысқандастырған буддизм, ол б.з.д. II ғасырда ғана Қытайға ендi. Көптеген философия тарихын зерттеушілер антикалық Батыс, Ежелгi Үндi және ежелгi Қытай үш әртүрлi, бiрақ теп-тең рухани дүние ретiнде қарайды.

Б. з. д. II мыңжылдығында солтүстiк Үндiстанға көшпендi мал шаруашылығымен шұғылданатын тайпалар қоныстана бастады. Олар Орта Азиядан, Ираннан, Волга бойынан келгендер деген де пiкiрлер бар. Олар өздерiн арийлықтар деп атады.

Үнді философиясы бiздiң жыл санауымыздан 3 мыңдай жыл бұрынғы Ежелгi Үндi жерiнде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастаған кезде пайда болды. Осыған орай Үндi қоғамы төрт варнаға бөлiндi. Олар брахмандар (абыздар) кастасы, кшатрийлар - әскери аристократиялық каста, вайшилер - басы бос қоғам мүшелерi, шудралар – төменгi каста, құлдар болады. Брахмандар – ой еңбегi, кшатрийлер - әскери қызмет, вайшилер ауылшаруашылық, қолөнер кәсiбi, саудамен айналысты, шудраларға қара жұмыс қана тидi. Ежелгi Үндi қоғамы дамуының осы кезiне сай мифологиялық, философиялық көзқарастар қалыптасты.

Үндi, Қытай философиясының генезисi (пайда болуы) өте күрделi мәселе, ол олардың бай мифологиялық түсiнiгi тәсiлдерiне қатысты. Қытайда мифологиялық сананы қатаң салт-жоралар ығыстырады. Философияда аңыз, ғылыми-теория, миф және логос арасындағы байланыс үзiлмедi. Қытай философиясы мифтан пайда болған, бiрақ Грек философиясындағы секiлдi оны тастап кетпейдi. Миф қытайлықтар үшiн танымның, өнердiң көкжиегi, ондағы ұлттық психология мен философияның қалыптасуының негiзi болды.

Философияның философия болып қалыптасуы үшiн, ол өзiнiң миф пен ғылымнан бөлек, ерекше шындықты ұғыну тәсiлi мен тiлiн жасайды. «Философия» терминi данышпандықты сүю, батысеуропалық мәдениеттiң негiзiнде пайда болды. Ол ежелгi Үндi ойшылдарының дүниетанымы мен көзқарастарының жүйесiн белгiлеуге аз қолданылады. Ежелгi шығыс мәдениетiндегi философияны жоққа шығару дұрыс емес. Данышпандық бұл жерде, алдымен теориялық концепцияны дәлелдеу емес, ақиқатты iздеуде эмпирикалық және рационалдық тәсiлдi бiрiктiру ретiнде көрiнедi. Ал жоғары таным мен өзiн-өзi тануда сопылық арқылы, тiкелей брахман және дара адамның бiрлiгiне жетудi түсiну де орын алады. Ақиқаттық жол – адамның әдептiлiкке жету жолы, ол теориялық таным жолы емес. Өндiрiс тәсiлiнiң баяу қалыптасуы - философиялық ойдың дiни-мифологиялық көзқарастан, күнделiктi әдептiлiк санадан толық арылуына мүмкiндiк бермедi.

Философияны ғылым ғана емес, дүниеге көзқарастық iлiм ретiнде қарастырып, оның негiзгi ерекшелiгiнiң бiрi - сыни пiкiрлердiң пайда болуы десек, философия тарихын таптық қоғамның пайда болу кезеңiмен ұзартуымыз керек. Таптық қоғам еңбек құралдарының дамуы еңбек бөлiнуiнiн нәтижесi, жекеменшiктiң тарауы, рулық сананың орнына жеке адам санасының алдынғы қатарға шығуына әкеледi. Яғни, ру мифологиясын өзгерту, оны жеке адам мүддесiне ыңғайландыру қажеттiгi туады. Ал көзқарасты өзгерту, әртүрлi деңгейдегi сыннан басталады. Мифология: «жан өлмейдi» - деген негiзгi қағидасын сынау, оны жүйелi түрде көрсете бiлу, алғашқы философиялық ойлардың қалыптасуының белгiсi.

Пуруша – мифологияда астан-кестеннен (хаос) пайда болған алғашқы адам, оны құрбан ету әлемнiң пайда болуына алып келедi (ол - адам түрiндегi әлем). Оның демiнен - жел, бiр көзiнен - күн, екiншiсiнен – Ай, т. б. пайда болады. Пируша философиялық түсiндiруде – барлық әлемге енген, өзiндiгi жоқ рухани бастама.

Алғашқы кездегi Үндiдегi философиялық ойлау - брахманизмге, яғни брахман iлiмiне (дiни қызметкерлер, абыздар) байланысты қалыптаса бастады. Брахманизм өзiнiң догмаларында ведаға (ежелгi Үндiден ауд. веда – бiлiм, басқару) сүйенедi. Үндi философиясы б.з.д. I мың жылдықтың ортасында ведалық мифологияның негiзiнде пайда болды. Ол көлемдi әнұрандар (гимндер) қосындысы. Онда: дуаларды үйрету, табиғат циклдерiн (айналымдарын) бақылау, әлемнiң пайда болуы мен жаралуы туралы түсiнiктемелер болды.



Қазiргi кезде бiзге белгiлiсі 4 веда: Ригведа, Самаведа, Яджурведа, Атхарваведа. Олар төрт бөлiмнен тұрады.

1.Самхит – құдайларға арналған әнұрандар (гимндер) жинағы.

2.Брахман – самхиттi түсiндiретiн әртүрлi мифологиялық әңгiмелер, салт-жоралар. (Үндi абыздарының өздерiне арналған салт-жоралар өткiзудiң дұрыстығы мен құрбандық жасау рәсiмдерi туралы кiтаптары).

3.Араньяктар (дүниеден безген диуаналардың орман кiтабы) брахманға тән салт-жоралардың орнына құдайларды iштей сыйлап-құрметтеу, оларды ойлап-толғану сияқты көзқарастар берiлген.

4.Ведалардың ең соңғы сатысы – «Упанишада» (санскр. Upa, sad - ұстаз қасында отырып дәрiс тыңдау) - өте терең бiлiмдi игеру үшiн, ұстаздан сабақ алу.

Упанишад - веда жүйесiндегi философия. Оның манызды ұғымдары «Сансара», «Карма» Упанишад жүйесiнде дүниеге келген. Сансара Карма заңына сай келедi. Карма - ұғымы ведалық түсiнiк «Ританың» негiзiнде қалыптасты.
,Рита – ғарыш тәртiбi, заң мен заттардағы заңдылық барысы. Рита – сезiмдiк дүниенiң алдында пайда болды, денелiк заттар тек қана ританың көрiнiсi. Рита – бұл тек физикалық заң ғана емес, оған барлық тiршiлiк иелерi бағынатын моральдық та болып саналады.

Сансара (санскрит бойынша дәлме-дәл бiрдемеден өту, қайта туу) – Сансара концепциясы барлық тiрi жанның туысқандығын тұжырымдайды және жаңадан пайда болудың арқасында, олардың түрiнiң арасындағы бiр-бiрiне ауысуын (адам, жануарлар, өсiмдiктер, тiптi құдайға да) айтады.

Карма (санскрит бойынша iс-әрекет, қимыл, iс, жеребе салу) – iс-әрекетiне сәйкес құрметтеу не жазалау заңы, индивидтiң (жеке адамның) келешектегi өмiрiн алдын ала толық мәнiнде анықтайды. Кең мағынада - әрбiр тiрi жанның жасаған iс-әрекетiнiң жалпы қосындысы, оның жаңа туғаннан кейiнгi (яғни, ары қарай өмiр сүруi) кезеңдердегi сипатын анықтайды.

Упанишаданың түп негiзі - Брахман. Ғарыштың негiзiнде мәңгi мәндiлiк – Брахман жатыр. Сондықтан одан барлық заттар дамиды. Брахман – барлық әлемнiң бастамасы және соңы. Брахманның екi түрi бар: 1) қозғалмайды, нақты өмiр сүредi, бiрақ жойылып кетуi мүмкiн – көптүрлi; 2) жойылмайды, өлмейдi, қозғалыста және ақиқат – жеке түрде. Брахман бұл дүниенiң рухани бастауы, ол адамның рухани мәнi атманмен тең. Атман бiр жағынан дене, екiншi жағынан рух секiлдi. Брахман мен Атман туралы iлiм Упанишадтың негiзгi сәтi, онда адам болмысының жалпы әлемдiк мәнмен сәйкестiгi бекiтiлдi.

Упанишадта сансара (қайта туылу жүйелерi) және карма (жазалау заңы) iлiмдерi байланыста болады. Сансара туралы iлiмде адам өмiрi шексiз қайта туудың анықтаушы түрi ретiнде түсiндiрiледi. Келешектегi индивидтің дүниеге келуi, карма заңымен себептеледi.

Адамның келешегi - оның өткен өмiрдегi iс-әрекетi мен қылығының нәтижесiне байланысты болады. Тек өткен өмiрде сыпайы өмiр сүргендер ғана келешектегi қайта тууында жоғарғы варна - әулиелер, кшатрийлер, вайшьилер, терiс өмiр сүргендер төменгi варна - шудралар кейпiнде келедi. Бәрiнен де қиыны, оның атманының жануар денесiне орналасуы болады.

Бостандыққа ұмтылатындар алдымен қалыптасқан әдептiлiк нормаларға (қағидаларға) және драхмаға (өмiр жолы, әлдебiр өмiр салты) жүгiнуi керек. Упанишадта таным және өзiн-өзi тану мәселелерi ең маңызды тақырып болып саналады. Алдымен сезiмдiк және рационалдық танымда: нағыз ақиқатты тану, Брахман мен Атманның бiрiгуi, толық қосылуын түсiну болады. Мұны кiм iстей алса, сол шексiз қайта туу, сансарадан құтылады. Мұндай адамның жаны Брахманмен қосылып, онда мәңгi қалады. Сонымен бiрге ол карманың да ықпалынан құтылады. Бұл ең жоғарғы мақсат және ең ақиқат жол – «құдайлар жолы».



Рухани Атман – тiршiлiктiң негiзi, барлық денелердiң iшкi бастамасы мен соңы болады. Атман тек бастама ғана емес, ол саналы тiршiлiк иесi, әлемдi жаратушы. Адамның ең маңызды мәселесi және Упанишадтың негiзгi категориясы - «Құмарлықтан босану». Бұл босану - Мокша, атманның брахманмен бiрiгуi, өзiңнiң жеке жаныңның әлемдiк жанмен сәйкестiгiн тану арқылы iске асады. Мокша - күнделiктi тұрақты әдепке жету, өнегелiктi жетiлдiру. Әркiм өз бақытының ұстасы, оның бақыты тәлiм-тәрбиесiне байланысты.

«Упанишад» философиясында «тiрек» түсiнiгi бар. Адамның негiзгi «тiрегi» туралы сұрақ, оның өзiнiң қай қасиетiнен айрылуына байланысты өмiр сүруiн тоқтатуы негiзiнде қойылды. Адам көзден, тiлден, естуден айрылса да өмiр сүре бередi, ал дем алу тоқталса, өмiр де тоқтайды. Демек, адамның тiрегi тыныс, денесi тек оны жасыратын қабығы. «Өмiр тынысы – Прану», кейiннен Прануды Атманмен (жанмен) теңдестiру басталады. Атман түсiнiгi жеке адамның Рухани «Менi» ретiнде барлық тiршiлiктiң бiрте-бiрте өзiндiгi жоқ себебiне - Брахманға айналады.

Упанишад iлiмiнде Веда тақырыбы дами бастады: барлық тiршiлiктiң бiрлiгi идеясы, космологиялық тақырып - құбылыстардың себептер мен саулдарының байланысын iздеу, т.б. М: мына сұрақтар: «түнде күн қайда болады?», «жұлдыздар күндiз қайда кетедi?» Упанишадта бұрынғы мәтіндерге қарағанда, болмыс пен құбылыстардың алдымен сыртқы жағына емес, iшiне көңiл аудару бар. Назарды адамға, оның танымына және алдымен өнегелiк жетiлуiне аударады. «Бiз кiмбiз?», «қайдан келдiк?», «қайда барамыз?» - мiне бұл сұрақтар Упанишад iлiмiне тән болды. Уапнишад әртүрлi философиялық жүйелерге әсерiн тигiздi. Атап айтқанда, индуизм мен буддизмге. Раммохон Рая, Ганди, Шопенгауэрге де ол өте зор ықпал еттi.

«Эпостық–дiни кезең» деп аталатын (эпос деген сөзден шыққан) философияның кезеңi - эпостық поэмалар «Рамаяна» мен «Махабхаратаға» байланысты, ол адамдық қатыныстағы батырлық пен құдайшылықты көрсетуге қызмет етедi. Бұл кезде (б.з.д. ҮI ғ.) Үндi қоғамында айтарлықтай өзгерiс болды: аграрлық пен қолөнер кәсібі дамыды, әлеуметтiк бөлшектену (дифференциация) ұлғайды, монархия билiгi күшейiп, тайпа билiгi жоғала бастады. Интуицияның, мифтiң орына зерттеу, философия келдi. Философияның өзiнде де әртүрлi, қарама-қарсы және бiр-бiрiмен жауласқан мектептер мен жүйелер туды, оларда сол кездегi өмiр шындығының қайшылықтары көрiндi. Олар 2 топқа бөлiндi: ортодокстік және ортодоксалдық емес мектептер болды. Ортодоксалдық негiзiнен Веда iлiмiн қолдап, ары қарай дамытуға тырысты:



1.Веданта брахманды әлемнiң абсолюттiк рухани негiзi ретiнде мойындайды. Жеке жандар (атмандар) тану немесе құдайға деген сүйiспеншiлiк арқылы құдаймен қосылады. Қайта туу айналымынан шығу және жоғарғы ақиқат бойынша барлық тiршiлiктi бiрлiкте қарауды қорытындылайды: адамды қоршаған сыртқы әлем - бұл сағым (иллюзорлық) әлемi, ал нағыз өзгермейтiн нақтылық - брахман, онымен атман теңестiрiледi. Упанишад мәтiндерiне сүйене отырып, бiр ғана жан Брахман бар дейдi. Бардың бәрi Құдай, Жан да - Құдай. Құдай бiр ғана ақырғы нақтылық. Осы ақиқат бiлiмге жетудiң негiзгi жолы - әдептiлiк қағидасын сақтау және медитация. Олай болса, бұл Веда мәселелерiн қарқынды ойлаудың маңыздылығын бiлдiредi. Бiлiмсiздiк адам жанын езедi, оның ләззатқа ұмтылуын күшейтедi. Ведантаны оқып бiлу, оның жанының босануының негiзгi құралы болады.

2.Миманса – (толғану, ойлау), құрбандық шалу туралы веда мәтелдерiн зерттеу. Миманса мектебi пiкiрiнше Веда мәңгi және өз бетiмен өмiр сүредi, олар кейде адамдарға қолайлы пайғамбарлар арқылы өзiн табуға мүмкiндiк бередi. Миманса - веданың салт-жораларын түсiндiруге тиiстi. Веда iлiмі дхарма-парыз идеясымен толық байланысты, оның парызын орындау барысында қармадан босану, қайта тууды тоқтату, әрі азаптан құтылуға жеткiзедi.

3.Санкхья (санк, бойынша санап шығу) - веданың мәтiндерiн тiкелей қабылдамайды, онда тәуелсiз тәжiрибе және толғану бар. Санкхьяның веданта мен мимансадан айырмашылығы осында. Бүкiл әлем екi субстанцияның - материя, табиғат (пракрти) және пурушидiң өзара әрекетi нәтижесiнде пайда болды. Пракрти - мәңгi және құбылмалы әрекеттегi энергия мен әртүрлi материалдық, объектiнiң бастау көзi болса, Пуруши - таза сананың немесе «менiң», рухтың жеке болмысы. Ол екеуi бiр-бiрiне себепкер және бастама. Осыдан санкхья - индуизм философиясындағы дуалистiк бағыт болып есептеледi.

4.Йога (зорлану, күштену, терең толғану). Негiзiн қалаушы Патаджами (б.з.д. II ғ). Йога - бұл философия және практика. Ол медитациялық сананың әдiсiн жасайды. Йога жүйесiнде құдайға сену - теориялық көзқарастың элемент пен практикалық iс-әрекеттің шарты ретiнде қаралды. Йога - адам миының жасырын мүмкiндiктерi туралы ойды қалыптастырып, экстрасенсорлық қабiлеттiң әдiс жүйесiн ойлап тапты, яғни адамның тынысын, демiн, тамақтануын реттеу ережесiн жасады. Йогамен шұғылданушылар екi түрге бөлiнедi: 1. өмiрден безу; 2. этикалық қатаң тәртiпке жүгiнiп, өзiн қыспақта ұстау. Йоганың этикалық қағидалары жоғарғы өнегелi тұлғаның қалыптасуымен байланысты болды.

5.Вайшешика (саскр. «вишеша» - ерекшелiк). Негiзiн қалаушы Канада (б.з.б VI-V ғ). Алғашқы кезде бұл жүйеде материалистiк сәттер көрiндi. әлемнiң атомдық құрылымы туралы ойды дамытты. Барлық заттар әрдайым өзгередi, бiрақ оларда тұрақты шар тәрiздi атомдар элементi бар. Атомдар мәңгi, оны ешкiм жаратпаған және көп сапалы (атомның 17 сапасы бар). Олардан әртүрлi жанды және жансыз заттар пайда болады. Әлем тек атомдардан тұрса да, оның дамуындағы қозғаушы күш құдай, ол карма заңына сәйкес әрекет жасайды.

6.Ньяя (ереже, логика) - ойлаудың түрi туралы iлiм. Ақиқатты танудағы шарт пен әдiс, босануға жетудiң құралы логика мен оның заңдарының көмегiмен анықталуы мүмкiн дедi. Ньяя философиясы рационалды таным қағидаларын қалыптастырады. Дәйектi таным көздерi, сезiмнен тыс қабылдау, сөйлемнiң логикалық құрылымы туралы iлiмдi енгiздi. Бұл мектепте дамыған таным теориясы болды. Формальдық логика заңдарына сүйенiп, танымдағы эмпирикалық (түйсiк, қабылдау) пен рационалдықтың (айғақ, теңестiру, дәлелдеу) тепе-теңдiгiн мойындады.

Жаңа көзқарасты жақтаушылар Веданың беделiне қарсы шықты. Олар: Чарвака (материалистер), жайнизм, буддизм. Олар ортодокстік мектептерге қосылмайды. Чарвака – бұл ежелгi Үндi iлiмi, кейiнгi философиялық концепцияның тектес бiр түрi – Локаята. Сондықтан, бұл мектептi «Чарвака-Локаята» деп атайды.

Чарвака - брахман, атман, сансара және карма концепциясын жоққа шығарады. Барлық тiршiлiктiң негiзi ретiнде материяның алғашқы төрт элементiн - жердi, суды, отты және ауаны алады. Өмiр және сана да алғашқы элементтердiң туындысы ретiнде қаралады. Оның негiзiн салушы - Брихаспати (б.з.д. ҮII-ҮI ғғ.). Оның пiкiрiнше, жан дегенiмiз - саналы дене. Материя ойлай алады. Ажал – сана мен жанның қирауы. Тек осы дүние бар, бұл дүние «Лока», ешқандай о жақтағы дүние жоқ. Құдай да, жан да және карма заңы да жоқ. Танымның негiзi - сезiмдiк қабылдау. Ақиқат тек тiкелей қабылдау арқылы танылады.

Дiн – орынсыз адасу. Адамның басқа өмiр сүру ортасы бар деуге ешбiр негiз жоқ. Ешқандай басқа әлемнiң бар болуы мүмкiн емес. Құрбандық шалу, ақылға сыймайтын әрекет. Бiздiң жақындарымыз үшiн ешқандай тамақтың қажетi жоқ, өйткенi қайтыс болған соң, дене құрылымы шiридi. Құдайға және о дүниеге сену, бұл мектеп өкiлдерiнiң пiкiрiнше, ақылдың кемдiгi, әлсiздiгi, жүрексiздiгiнiң белгiсi деп санайды.

Чарвактардың этикалық концепциясының негiзi - гедонизм (hedone – рахаттану).Тiршiлiктiң қызығын көрiп өмiр сүру қажет, ажал қадалып келiп тұрғанда ешкiмнiң одан құтылу мүмкіндігі жоқ, ол бәрiбiр алып тынады. Олар адамның мақсаты - байлық пен рахат өмiр сүру деп санады. Бұл теория, осылайша, адамды эгоизмге баулып, тiршiлiктiң қызығын қалауыңша көр деп насихаттайды.

Олардың iлiмiн бағалауда олардың дiн мен ескi философияны сынап, Веданың ақиқатқа сыймайтын қайшылықты iлiмiнiң абыройын төгуде көп еңбек еттi деп айта аламыз. Бұл философияда бiржақты көзқарас болды. Танымда интеллект пен ақыл-ойдың рөлiн жоққа шығарды. Сондықтан, көзқарас тұрғысынан абстракты, жалпы идеяларға сүйенiп, субъективизмдi тудырады. Сезiмдiк мүше әр адамға тән болғандықтан, әр адамның өз ақиқаты болады деп санады. Бұл бiржақтылықтың нәтижесiнде, олар жоғарғы әдептiлiк мақсаты мен құндылықты жоққа шығарады. Кейбiр маңызды кемшiлiктерiне қарамай, бұл бағыт Үндi философиясының ары қарай дамуына мүмкiндiк бердi.

Жайнизм – идеалистiк философия және этикалық iлiм, б.з.б. ҮI-Ү ғғ. пайда болды. Оның негiзiн қалаушы Вардхамана, соңынан Махавира (Ұлы батыр) және Джина (жеңiмпаз – қайту туу шеңберiн жеңген). Жайнизм буддизм сияқты жанның ауысуы туралы iлiм, карма заңын, жанның мәңгiлiгiн мойындайды. Нирвана болса болмыс емес, мәңгiлiк шаттық ретiнде көрiнедi. Карма заңынан құтылудың негiзгi құралы - аскетизм. Әлем екi мәңгiлiк негiздiң өзара әркетiнен пайда болды. Жайнизмнiң пiкiрiнше тұлғаның мәнi дуалистiк: рухани (джива) және материалдық (аджива) болады. Джива мен адживаны байланыстыратын Карма. Бiрақ, карманың өзi, упанишадтағыдан ерекше, жұқа материя, ол жазалау заңы емес.

Тiршiлiктiң де, жердiң де жаны бар. Жалпы алғанда тiршiлiк мәңгi, бiрақ ол материалдық көптеген денелi жандарға бөлiнiп кетедi де, бiр денеден екiншi денеге ауысып отырады. Жанның жетiлген жағдайына өтуi үшiн өте қатаң әдептiлiк қағиданы сақтау керек. Меншiктен, кей жағдайда киiмнен безу, сонымен бiрге ахимсаны (жердегi - өмiрдiң барлық түрiнiң бiрлiгi), ұстану – қоршаған ортаға залал жасамау принципi. Құрт-құмырсқаға зияндық жасамау мақсатымен, тiптi жер өңдеуге де болмайды. Монахтар майда тiршiлiк иелерiн өлтiрмеу үшiн жүрген жерлерiн сыпырып жүредi. Олардың апатқа ұшырауынан өз өмiрiн қию артық деп санайды. Бұл аскетизмге, тiршiлiктен безуге алып келедi.



Буддизм – (санскр.- жарықтану, жарық болу). Б.з.б. ҮI-Ү ғ дiни iлiм ретiнде дүниеге келдi. Оның негiзiн салған - Сиддхартха Гаутама Будда (б.з.д. 563-483 жж). Гималайдағы Үндi алқабындағы шакья (сак сөзiнен шыққан деген болжам бар) тайпасының патша отбасында дүниеге келген. Буддизм теориялық философиядан гөрi, дiни этикаға негiзделген. Буддизмде қаталдық жоқ, сенгiң келсе сен, сенгiң келмесе сенбе. Буддизм – адам қандай әлеуметтiк сатыда тұрса да аурудан, кәрiлiктен құтыла алмайды. Тiптi құдайға арналған құрбандық та көмектесе алмайды дейдi. Азаптан құтылудың жолы - сансарадан (жанның бiр денеден екiншi денеге ауысып отыруы) толық азат болу. Будда үшiн философия – Нирванаға жету құралы. Бiрақ, нирванаға жетпей тұрып, адам «төрт игiлiктi ақиқаттың» мәнiн ұғынуы керек:

Адам өмiрi туған күнiнен, аяғына дейiн азапқа толы.

Азаптың себебi бар. Ол – қанағатсыздық, «ұдайы бола берсе» - деген құштарлық, тойымсыз әуестiк.

Азаптан босану, оның себептерiн тоқтату мүмкiндiгi бар.

Азаптан құтылудың жолыдары: өмiрдi сезiмдiк құмарлыққа арнау ретiнде қабылдамау, нәпсiден, ынтазарлықтан бас тарту, және өз жанын өзi қинау.

Осымен байланысты буддизмнiң әдептiлiк концепциясы – төзiмдiлiк пен салыстырмалылық болады. Әрине, бұл алдын ала қойылған әдептiлiктiң жалпы мiндетi емес, соңғысы - қоршаған ортаға зияндық жасамау. Бұл адам мiнез-құлқының басты принципi. Оның негiзiнде iзгiлiк сезiм қанағаттанушылыққа жеткендiк жатыр. Құштарлықтан құтылудың соңғы сатысына, сегiз әдептiлiк қағиданы бұлжытпай орындау арқылы жанды таза ұстауға тырысу қажет:

 Дұрыс түсiнiк – төрт ақиқатты дұрыс түсiну;

Дұрыс сөз - өтiрiк айтпау, бiреудi басқа бiреуге жамандамау, балағат сөз айтпау;

Дұрыс ойлау – төрт ақиқатқа, өз өмiрiн өзгертуге бағытталған ерiк-жiгер;

Дұрыс жүрiп-тұру – ешқандай тiршiлiк иесіне жамандық жасамау;

Дұрыс өмiр сүру тәртiбi - адал еңбек етудi әдетке айналдыру;

Дұрыс күш-жiгер – құмарлықпен, жаман оймен күресу;

Дұрыс ой бағыты – бұл дүниенiң жалған, алдамшы, уақытша екенiн түсiну;

Дұрыс жинақтала бiлу - өз денеңдi сезiнуден, ойлаудан, түйсiнуден арылу.

Осы жолдың ең соңғы сатысына жеткен адамды архат (қадiрлi, құрметтi, сыйлы адам) деп атайды және ол нирванаға жетуi мүмкiн. Нирвана мокшаның өзгерген түрi, оның мокшадан айырмашылығы - мокша жанды азаптан о дүниеде азат етсе, нирвана – осы дүниеде азат етедi. Нирвана (санскр.- дәлме-дәл - суыну, салқындау, сөну) буддизмдегi ең бiр негiзгi түсiнiк - сананың жоғарғы күйiн бiлдiредi (сансараға қарама-қарсы). Тiршiлiк иелерiнен тек адам ғана нирванаға жетiп “Будда” бола алады. Нирвана – құмарлықты басу, сонымен бiрге азаптан құтылу, бұл қайта тууды тоқтату, сансарадан, карма билiгiнен – себептiлiк шеңберiнен шығу. Нирвана – нақты өмiрдiң жоқтығы емес, оның ерекше түрi және адамның өмiр сүру тәсiлi, ол “теңiз секiлдi терең, тау шыңындай биiк, бал секiлдi тәттi, т.б”. Шын мәнiсiнде нирвананың бар екендiгiн адам тек өзiнiң тәжiрибесiнде түсiнедi.

Б.з.д. I ғ. буддизм екi ағымға бөлiнiп кеттi: 1. Хинаяна, 2. Махаяна:

Хинаяна - «құтылудың тар жолы» немесе «кiшi шеңбер»- адамның өзiнiң жеке басының құтылуы. Монастырьге кету арқылы немесе дүниеден қайтқан соң Нирванға жетуге болады деп санайтын ағым. Ол алғашқы буддизмге жақынырақ болды.

Махаяна - «құтылудың кең жолы» немесе «үлкен шеңбер». Мүмкiндiгiнше көп адамдардың құтылуы ретiнде, дүниеде бола отырып, дүниеден қайтқан соң мәңгi-бақи, бiрақ сонда да уақытша, Нирванаға жетуге болады, деп санайтын ағым. Архаттан гөрi «бодисатваға» арналған.

Бодисатва – арахатқа жетпеген, бiрақ толық бiлiмге талпынып жүрген адам. Ол бiлгiрлiктен гөрi, уағыздаушыға ұқсайды. Өзiнiң мүмкiндiгiмен тек өзiн ғана емес, өз күшiмен нирванаға жете алмайтындардың бәрiн құтқарады.

Әлем-зұлымдыққа толы, бірақ адам одан игілік пен білім арқылы құтылуы - Үнді этикасының формуласы. Мәңгілік туралы ойлау, оның бір бөлігі сенің жаның – Үндінің жалпы философиялық формуласы. Үнділік ойлаудың ұлылығы – адам өмірің қиындығын ең шеткі және терең адалдықпен айту, сонымен бірге оның мүмкіндігінің шексіздігіне сендіреді.

Қытай философиясы б. з. б. ҮI-III ғғ. мифологияның негiзiнде пайда болды. Кейбiр идеялар мен түсiнiктер мифте пайда болып, олар кейiнiрек философиялық зерттеудiң (ойлаудың) мәселесiне айналды. Бастауы Пань Гу туралы аңызда: Пань Гу (алғашқы адам) пайда болды делiнедi. Оның демiнен – жел, бұлттар, басынан – күн күркiреуi, сол көзiнен – күн, оң көзiнен – ай, денесiнен – дүниенiң төрт бұрышы, қанынан - өзен, су, терiсiнен – жауын, шық, көз жанарынан – найзағай шығады. Ал осылардың бәрiнiң негiзгi – тянь (аспан), бұл бiздiң тәңiр деген ұғымына өте ұқсас. Бұдан көшпендi елдер көзқарасымен олардың тығыз байланыстылығын байқаймыз, соңғылардың жақындылығы, еркіндігі және шығармашылықпен айналысуына жағдайының болуы көп әсерін тигiзедi. Алдымен болмыстың қарама-қарсы күшi – Инь мен Ян (жерлiк және аспандық), яғни әйел мен еркектiк (еркек – жарқын күшке ие, әйел – қараңғы, белсендi емес күш белгiсi) дүние бастамасы болуы туралы түсiнiк туды. Даоны космостық заң, ғаламдық заңдылық немесе әлемдегi заттардың дамуы мен өзгеруi ретiнде түсiну, бес түпкi элемент (от, ауа, су, металл, ағаш) туралы iлiм, кейiн - сәйкестiк туралы: адам-микросома, әлем дүниесi – макросома, т.б. туралы iлiмдер пайда болады.

Алғашқы Қытайдағы философиялық бағыттардың саны көп болды. Ежелдегi қытайлықтардың өздерi де “жүз мектептiң” барлығын мәлiмдеген. Ежелгi кездiң өзiнде бұл мектептердi топтастыруға әрекет жасалды, солардың бiрi ең белгiлi Қытай тарихшысы Сым Цань (б.з.д.II ғ), ол алты негiзгi бағытты көрсеттi. Инь мен Ян мектебiнiң негiзгi мәселелерi табиғат философиясы (натурфилософия), Инь мен ЯН-ның табиғатта көрiнуi және олардың өзара әркетi. Соңынан ежелгi Қытай философиясының негiзi бағыттары конфуцийлiк және даосизм болды.



Конфуцийлiктiң (confucianism) негiзiн қалаған Конфуций (Кун-Фу-Цзы). Шамамен б.з.д. 551-479 жылдары өмiр сүрген. Ол кiшкене ғана Лу (қазiргi Шаньдун провинциясы) хандығында дүниеге келiп, өмiрiнiң бiршама мерзiмiн осы жерде өткiзген. Ата-анасы кедейленген ақсүйектер болған, ол олардан ерте айырылған, тек 15 жасында ғана бiлiмге ұмытылады, 50 жасында өз мектебiн ашады.

Ол өмiрiнiң соңғы кезеңдерiңде өзiнiң iлiмiн жасады. Сонымен бiрге, Қытай әдебиетiнiң негiзiн құрайтын мәтіндердi редакциялап, түсiнiктемелер жазумен шұғылданды. Конфуция мектебiнiң негiзгi зерттеу объектiсi “Алты қағида”, яғни, ақсүйектердi оқытудың негiзiн құрайтын алты кiтап, олар кейiннен конфуцийшiлер әдебиетiнiң құрамына кiрдi.

И цзин (өзгерiс кiтабы – жорамал (болжау) кiтабы);

Ши цзинь (өлең кiтабы);

Шу цзин (iс қағазы (құжат) кiтабы);

Ли цзи (салт-жоралар туралы жазу);

Ю цзин (музыка кiтабы – жеке шығарма ретiнде сақталған);

Чунь-цу (көктем және күз жылнамасы – Лу патшалығы туралы деректер б.з.д. 722 жылдан басталып, б.з.д. 479 жылы аяқталды, яғни Конфуцийдiң қайтыс болған жылы).

Конфуций iлiмiнiң қайнар көзiнiң негiзi - Лунь Юй (әңгiмелер мен пiкiрлер) кiтабы.

Конфуций өзiнiң негiзгi мiндетi - шәкiрттерiне өткен мәдени мұраны жеткiзу деп есептедi. Ол «Мен жасамаймын, тек жеткiзiп беремiн» - дейдi. Дәстүрлi iлiм мен идеяларды жеткiзумен бiрге, ол көзқарас пен әдептiлiк қағидасын жиi-жиi өзiнше түсiндiрдi. Оның философиясында ескi мен жаңа араласа кездеседi, ескi әдет-ғұрыптарды сақтау, патриархалдық-рулық қоғамды қайтару, жасы үлкендi сыйлау және тыңдауға шақырды.



Есімдерді түзету. Ежелгi Қытай мәдениетiндегі “табиғи тiл” деген теория кең тараған, осыған сәйкес аттарына заттардың идеялық мәнi және құбылыстардың сайма-сай болуы мұқият қаралған. Уақыт өткен сайын надан адамдардың атауларды пайдалануына байланысты, бұл сәйкестiк бұзылады. Бұл атаулардың «бұзылуы» әлемдегi iстердiң нашарлауы. Бұл көзқарасты Конфуций де жақтайды.

Конфуцийдiң пiкiрiнше, әлемдегi тәртiптi қалпына келтiру үшiн, қоғамда да, табиғатта да алдымен атауларды дұрыстау, яғни, заттарды олардың атауына сайма-сай өзгерту керек деп санайды. Бiр князь Конфуцийден: «Қолайлы басқарудың принципi неде?»- деп сұрайды. Ол: «патша-патша, төре-төре, әке-әке, ал бала-бала болып, атауына байланысты ғана емес, шын мәнiсiнде қалулары керек»,- дейдi («Лунь Юй»). Билеушi – патша, халқы - оның балалары. Осы тұрғыдан мемлекет басқарылуы керек. Яғни, «бiлу дегенiмiз – табиғатты емес, адамдарды танып – бiлу» - деп санайды. Мұның мәнi сөз бен шындықты сәйкестендiру, соның арқасында шынайы дүниенi бiртектi тәртiпке келтiруге болады.



Конфуцийдің этикасы – философиялық iлiм. Бұл iлiмнiң орталық мәселесi Конфуций жасаған «iзгiлiктi қайраткер». Ол адамды "мейiрiмдi қайраткер» ететiн оның шыққан тегi, байлығы емес, оның тәрбиесi мен мәдениетi, жоғарғы дәрежелi әдептiлiлiгi. Оның төмендегi негiзгi сапалары болады.

Жэнь (гуманность – адамгершiлiк). Адамдар арасындағы өзара қатынастың этикалық және әдептiлiк қағидалар жиынтығы. «Өзiң қаламайтын нәрсенi басқа бiреуге жасама» (Лунь Юй).

Сяо - баланың сый-сияпат көрсетуi. Iнi мен аға арасындағы қатынастар қағидасының жиынтығы. «Ата-анаға және үлкен ағаларға орынды сый-сияпат көрсету» (Лунь Юй). Сонымен бiрге мемлекет «үлкен отбасы» ретiнде қаралады. Онда император - әке, шенеунiктер – жасы үлкен ағалар болып түсiндiрiледi. «Өзiң балаңнан қандай қызмет жасауды талап етсең, әкеңе солайша қызмет ете бiл. Өзiң бастығыңа қандай қызмет етсең, қол астыңдағыларға сондай талап қой» («Ли цзы»).

Ли (этикет) қоғамдық қағида, Жэньнiң нақтылыққа айналуы, оның барлық өмiр саласындағы iске асыру әдiсi болады (отбасынан мемлекетке дейiн). Этикеттi бiлмеу - тұрақталу мүмкiндiгi жоқтың (лайықты мiнез-құлықтың) белгiсi (Лунь Юй).

И (парыз, әдiлеттiк). «Парыздың» жиынтығы, адамның мiндеттi орындауын талап етедi. Тiптi өз мүдеңе және пайдаңа қарсы болса да. Өмiрдiң мәнi - парызды өтеу болады немесе әрекет мақсатсыз болады, парыз құндылығы оның нәтижесiнде емес, әрекетiнде. Парыздың негiзi - жэнь («Лунь Юй»).

Мин (тағдырды немесе Аспан еркiн бiлу). Әлемде бiздiң әмiрiмiз жүрмейтiн күштер бар, сондықтан табысты болу немесе болмауды ойламай, қалай болуы керектiгiне сай iс-әрекет ету керек, яғни “Минаның барын бiлу”. “Кiмде кiм Минаның барын бiлмесе, ол “iзгiлiктi қайраткер” бола алмайды (Лунь Юй).

Конфуций дүниеден өткен соң, оның шәкiрттерi мен iзбасарлары сегiз мектепке бөлiнiп, оның iлiмiн әртүрлi түсiндiрдi. Б.з.д. IIғ. өзiнде Конфуцийдi құдай деп таныды, Конфуцийлiк дiн сипатына көштi. Бiрақ оны құдай деп санамағандар да болды, олар оны адамдарға берiлген бiрiншi Ұстаз деп есептедi.



Даосизм. Даосизмнiң негiзiн салаушы Лао Цзы (“қарт данышпан”, немесе “кәрi бала”, немесе “бала мiнездi данышпан қария”). Аңыз бойынша Конфуцийдiң ересек замандасы болған. Оның өмiрi туралы хабар да жоқ, әрi тағдыры белгiсiз. Аңыз бойынша, жасы ұлғайған кезде Лао Цзы Қытайдан кетудi ұйғарады. Ол өтетiн шекараның бастығы, одан өзiнiң данышпандығының бiр бөлігiн қалдыруды сұрайды. Лао Цзы келiседi, сөйтiп өзiнiң Дао-Дэ-цзин деген кiтабын жазады. Көптеген қазiргi заман ғалымдары Лао Цзы тiптi болған емес немесе Конфуцийден кейiн өмiр сүрген, ал Дао-Дэ-цзин - әртүрлi авторлар мәтіндерінің жинағы деп есептейдi.

Даосизм философиялық iлiм ретiнде Чжуан Цзы (б.з.д. 339-329 ж.ж шамасында, немесе 369-386 ж.ж), Ле цзы, Ян Чжу және олардың шәкiрiттерi мен iзбасарларының еңбектерiнде өзiнiң классикалық түрiнде дайындалып, жүйеге келтiрiлдi. Даосизм философиясы идеяларының негiзiнде б.з.д. II ғ. даосизм дiнi дами бастады. Бұл орта ғасырдағы Қытайдағы үш дiннiң бiрi болып саналады (Конфуцийлiк және буддизммен бiрге). Негiзгi еңбектер: Лао цзы “Дао-Дэ-цзин” (Дао және Дэ туралы кiтаптар), Чжуан цзы “Чжуан цзы” (Чжуан ұстаз кiтабы), Ле цзы “Ле цзы” (Ле ұстаз кiтабы).

Даосизмнiң негiзгi мәселесi – Дао болмыстың мәнi ретiнде, Дэ-Даоның көрiнiсi туралы. Бұл екi термин әлдеқашан мифологияда қолданылған Қытай мәдениетiнде көп таралды. Әртүрлi философиялық iлiмдерде, соның iшiнде Даосизмнiң өзiнде қарастырылады. “Дао-Дэ-цзинде” Дао дүниедегi Ұлы жол немесе Космостық заң. Осыған сай дүниенiң пайда болуы, дамуы және жоғалуы жүредi. Сонымен қатар, Дао – субстанция, яғни бұл заңның негiзi және сақтаушысы. Осыдан Дао барлық тiршiлiктiң өз бетiмен әрекет етуiнiң заңдылығы ретiнде түсiндiрiледi. Даоға тән игiлiктi күш - Дэ (адамгершiлiк) осы арқылы Дао өзiн көрсетедi. Аспанға қарағанда Дао алғашқы, жерге қарағанда аспан алғашқы, адамға қарағанда жер алғашқы.

Болмыстың құрамына кiретiн заттардың бәрi осал (бос), тек уақытша өмiр сүредi және өзiнiң өмiр сүруiн аяқтап, олар өз мәнiне қайтадан келедi. Яғни биболмысқа кетедi, тек сол ғана мәңгiлiк болады.

Даосизмдегi космология мен космогония идеяларының дамуы Чжуан цзы еңбегiнде дүниенi тудыратын бастама алдыңғы әлемде “заттарды дайындаушы” ретiнде көрiнедi. “Дао заттардың арасында болмаған заттарды жасайды”. Бiрақ, болмыстың алғашқы түп негiзi - Ци болып саналады. Даосизмде Ци космологиялық мәнде ең алдымен әлемнiң әмбебаптық субстанциялары бiрiктiрiлген негiз - Хаос (Ұлы шек) ретiнде түсiндiрiледi. Атап айтқанда, Цидан екi қарама-қарсы күшке бөлiнедi – Инь және Ян, әлемнiң тұңғыш бес элементi құралады (от, жер, металл, су, ағаш). Дүниедегi барлық заттар осы элементтерден тұрады. Атап айтқанда олардың бәрi бiр уақытта Циге қайтып оралады. Әлем болмысы осы тұңғыш элементтердiң тұрақты айналуы болып есептелiнедi.

Таным мәселесiнде Дао-Дэ-цзинде бiлiм барлық адамға оңай берiлмейдi деп есептейдi. Оны тек шынайы дана адам ғана игере алады. Олар құмарлықтан арылғандықтан, заттар арасындағы күрестен – үйлесiмдiлiктi, қозғалыстан – тыныштықты, болмыстан – биболмысты көре алады. Дао бiлiм үндемеуден тұрады дейдi: ”Кiм білсе сол үндемейдi, ал айта беретiн түк бiлмейдi”.



Адам және қоғам туралы iлiм. Адам және адамзат қоғамы, табиғаттың бiр бөлiгi, болғандықтан, олардың дамуын да Дао шешедi. Бұл жолға түскендердiң мiндетi, Даоны түсiну және өмiрi оған сай болуы керек. Осыған сай Дао этикасының негiзге алған принципі: адамда жоғарғы Дэнiң болуы әрекетсiз және енжарлықты iске асыру, ол “iзгiлiктi iс жасауға ұмытылмайды, сондықтан - рақымшыл”. Шынайы дана билеушi даосистердiң пiкiрiнше, өзiнiң қол астындағыларға табиғи жолмен (Дао жолымен) жүруге мүмкiндiк бередi. Ондай билеушiлер ештеңеге араласпайды. Олардың бар екенiн халық естiгенi болмаса, бiлмейдi, онымен тiкелей байланыспай, әрқайсысы өз жолдарымен жүредi. Сондықтан да даоистер дао жолымен жүргендердi заң арқылы шектеуге қарсы болды.

Легистер (заңгерлер– лат. Legis – iлiк септiгi, lex – заң). Легизм б.з.д. ҮI-II ғ пайда болып қалыптасты. Легизм заңгерлер мектебiнiң iлiмi, адам, қоғам және мемлекет туралы саяси-этикалық концепциялар жасады. Негiзгi өкiлдерi: Шан ян, Шэнь Бухай, Шэнь Дао және оның ең көрнектi өкiлi - Хань Фэй.

Легизмнiң қалыптасуы ертедегi конфуцийшылармен өте өткiр күресте өттi. Конфуцийшылар мемлекеттi әдептiлiкке негiзделген заңдар арқылы билеудi жақтаса, легистер - тек таза заңға сүйенiп билеудi қоштайды. Легистердің ұғымы бойынша адамгершiлiк негiзiнде билеу қылмыстың көп болуына мүмкiндiк бередi. Ал елде тәртiпсiздiк болмас үшiн билеушi мақтаудан гөрi, жазалуды көбiрек қолдануы керек. Қандай да болмасын жазалау арқылы халық арасында үрей және сенiмсiздiк тудыру қажет. Мемлекеттi билеу және оның дамуы iзгi тiлектiң негiзiнде емес, жердi өңдеу, әскердi нығайту жолдарымен дамиды. Сонымен бiрге, халықты ақымақ ету арқылы iске асады. Легистердiң концепциясы - деспоттық мемлекеттiң теориясы.

Моистер мектебi оның негiзiн салған Мо-цзы атымен аталды (шамамен б.з.д. 475-395 жж). Жас кезiнде Моцзы Конфуцийдiң шәкiртi болды, кейiн оның мектебiн тастап, өз мектебiн, оған қарама-қарсы бағыттағы – моизмдi құрды.

Моизм философиялық тұжырымдаманың негiзгi қағидасы: жалпыға бiрдей махаббат және адамшылық мемлекетте барлық адам үшiн мiндеттi болуы керек және барлығы да өзара пайдаға қамқорлық жасау керек. Адамды сүю және олардың алып келетiн олжасының бiрлiкте болуы жөнiнен олар Конфуциймен ажырасады. Пайданы - мазмұн, адамды сүю және борыш ретiнде қарайды. Мо-цзы утилитаризм (жақсылық - бақыт орнататын, пайда келтiретiн адамгершiлiк деген уағызбен тап қайшылығын бүркемелеушi, жекешiл iлiм) тұжырымдамасын дамытады, ал Конфуций үшiн ең алдымен борыш, гуманизм болды.

Моц-зы әлеуметтiк этикаға аса көп көңiл бөлдi, оны мемлекет басшысының деспоттық билiгiмен, қатал мекемелермен байланыстырады. Мо Конфуцийға: “Теориямен айналысу – пайдасыз әрекет, ең бастысы прагматикалық мақсат болу керек”,- деп қарсы шығады. Мо-цзы Конфуцийдың “аспан еркi” тұжырымдамасының орнына “аспан еркiн терiстеу” теориясын ұсынады. Конфуцийше, кедейлiк пен байлық, тыныштық пен қатер, билiктiң бейбiтшiлiгi мен бүлiктiң болмауы, аспанның еркiне байлынысты, бұған ештеңенi алуға да, қосуға да болмайды. Бұл пiкiр консерваторлық (керiтартпа), адамның iс-әрекетiн аспан еркiне бағындырады. Мо-цзы керiсiнше адам белсендiлiгiн, қоғамдық тәртiптi өзгертуге ұмытылуын қолдайды. Бiрақ, сол замандағы Қытайда мұндай пiкiрдi бүлiк пен толқудың себебi болады деп есептеген.

Ежелгi Қытайдың өзiндiк тарихи ерекшiлiгiне байланысты, оның ойшылары әлеуметтiк этикалық және саяси мәселелерге ерекше көңiл аударды.


Семинар сабағының жоспары:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет