Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған "Қазақстан тарихы" пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Оқу бағдарламасы "Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелді).
2. Тарихи сана – тарихты білу, тарихи тәжірибе мен оның сабақтарын ұғынып түсіну, әлеуметтік болжау, өз іс-әрекеті үшін тарихи жауапкершілікті түсіну. Оқу-тәрбие процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын тарихи білім тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуына көмектеседі.
3. "Қазақстан тарихы" оқу пәнінің мазмұны әлем тарихындағы Қазақстанның алатын орны мен рөлін, оның жалпыәлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін түсінуге мүмкіндік береді.
4. "Қазақстан тарихы" оқу пәнінің мақсаты – білім алушылардың бойында тарихи сана, қазақстандық патриотизм, өз елінің тарихы мен мәдениетіне құрмет, өз ата-бабаларының жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту, зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларды дамыту.
5. Оқу пәнінің міндеттері:
1) Қазақстан аумағындағы ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық дамуының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыру;
2) Қазақстанның тарихи дамуы барысында қалыптасқан ұлттық құндылықтар жүйесі туралы білім беру;
3) Қазақстанның тарихи дамуының негізгі оқиғалары, құбылыстары мен процестердің мәні туралы түсінік қалыптастыру;
4) тарихи оқиғаларды, құбылыстар мен процестерді және тарихи тұлғалардың қызметін Отандық тарих контекстінде сын тұрғысынан талдау және баға беру дағдыларын қалыптастыру мен дамыту;
5) тарихи деректердің негізінде дәлелді пайымдау дағдыларын дамыту;
6) тарихи зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыру мен дамыту (гипотезаларды ұсыну, зерттеу сұрақтарын құрастыру, деректерді талдау, әртүрлі көзқарастарды салыстыру, нәтижелер мен қорытындыларды шығару, өзінің ұстанымын анықтау);
7) қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени процестерде бағдарлану үшін тарихи білімдерін қолдана білу дағдыларын қалыптастыру;
8) коммуникативті дағдыларды қалыптастыру, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық білдіру, командада жұмыс істей алу, түрлі деректерден алынған ақпараттарды қоса алғанда,жарияланым мен электронды құралдарды қолдану.
Достарыңызбен бөлісу: |