«ӘЛЕУМЕТТІК ОРТА» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: қоғамдық норма және ережелерді білу негізінде қарым-қатынас пен өзара әрекетті құра алатын, әлеуметтік құзіреттілікті игереген тұлға қалыптастыру.
«Әлеуметтік орта» білім беру саласының базалық мазмұны:
а) ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
- қоршаған ортамен таныстыру;
- экология негіздері;
- көркем әдебиет арқылы
б) балалардың өмірін ұйымдастыру және тәрбиелеу:
- ойын іс-әрекеті;
- қарым-қатынас және өзара әрекет үлгілері;
- әлеуметтік құзіреттілікті қалыптастыруға мүмкіндік туғызатын тапсырмалар;
- шамасы жететін көмек көрсету;
- еңбек тапсырмалары;
- негізгі мейрам күндерін мерекелеуге қатыстыру;
- әлемді, адам сезімдерін, мінез-құлық нормаларын және ережелерін ашатын арнайы ойындар және жаттығулар арқылы жүзеге асады.
Қоршаған ортамен таныстыру
Мақсаты: балаларда әлеуметтік құндылықтар мен мәдениет негіздерін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Отаншылдық сезімін, Отаны мен отбасына деген сүйіспеншілігін, ересектерді құрметтеу сезімін қалыптастыру.
2. Әрекеттердің әр түріне қызығушылықтары мен қажеттіліктерін дамыту.
3. Ересектер мен құрдастарының арасында өзін-өзі ұстау мәдениетінің дағдыларын қалыптастыру.
Мен - кіммін?
Өзі және өзінің жағдайы туралы түсініктерін кеңейту.
Өзін-өзі танудағы талаптарын мадақтау. Маған дене мүшелері не үшін қажет (қол, аяқ, бас және т.б.), көру, есту, дәм сезу, сипап сезу мүшелері не үшін қажет. Мен қандай көңіл күйде боламын (қуанамын, ренжимін, ашуланамын және т.б.).
Өзін-өзі дұрыс бағалау қажеттілігін қолдау.
Өзіне, өз күшіне сенімін нығайтып, өзіне құрметі мен дербестігін дамытуға мүмкіндік туғызу.
Өзінің қолынан келетіні, жақсы көретіні, не сезетіні, жақын әлеуметтік ортасы, қарапайым қарым-қатынастар туралы ойлап, өз ойын айта білуге үйрету. Құрдастарының арасында өз жағдайын, басқа балалардың өзіне қарым-қатынасын білуге үйрету.
Адам - тіршілік иесі
Өзін адам әлемінің өкілі ретіндегі алғашқы түсініктерін қалыптастыру.
Жақын әлеуметтік ортасы, қарапайым туыстық және қоғамдық қарым-қатынастар туралы білімдерін қалыптастыру.
Адамдардың дем алатыны, қозғалатыны, тамақтанатыны, өсетіні, әңгімелесетіні туралы түсінік беру.
Адамдардың бір-біріне ұқсастығы мен айырмашылығын сыртқы белгілеріне қарап ажырата білуге үйрету: басы, қолы мен аяқтары, тері және шаш қабаты, көздері мен шаштарының әр түрлілігі. Адамдардың бірдей ішкі құрылыстары (жүрек, асқазан, өкпе) бар.
Адамдардың бір-бірімен айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар (сырт келбеті, әдеттері, түрлі сезімдер мен көңіл күйлерді сезінеді).
Адамның өсуі үшін қажетті шарттар - су, жарық, жылу, тағам, қозғалыс пен демалыс, күтім мен махаббат. Адамдар бірдей сезімдерді сезінеді: қуаныш, ауру, өкініш.
Өзінің дене бөліктері мен мүшелерінің кейбір қызметтерін: көз, құлақ, ауыз, тіс, тіл, қол, аяқ түсінуге үйрету.
Отбасы
Отбасы бейнеленген суреттерді қарастырып, отбасы мүшелерін, қызметтері мен қарым-қатынастарын (немен айналысады, бір-біріне қандай қамқорлық жасайды, қайда баруы мүмкін және т.б.) атауға ынталандыру.
Ойын жағдайларында отбасы үшін бөлмені жабдықтау: жиһаздар мен ыдыс-аяқтарды орналастыру, отбасылық қарым-қатынастар мен ересектердің еңбегін ойын әрекеттерінде көрсету.
Балаларды өзінің отбасы, жақсы көретін адамдары, олардың жақсылығы мен қайырымдылығы туралы әңгімелеуге ынталандыру. Өзінің отбасы мен бір-біріне қалай көмектесетіндері жайлы сұрақтарға жауап беру. Басқа балалардың да өз отбасы, ата-аналары, олардың өз балаларын жақсы көріп қамқорлық жасайтыны туралы түсіну.
Ересектердің еңбегі
Ересектердің еңбегі мен олардың қызметтері (тәрбиеші, аспаз, сатушы, дәрігер, құрылысшы, пошташы) туралы түсініктерін кеңейту.
Түрлі мамандық иелері (жүргізуші, ұшқыш, машинист, капитан) әртүрлі көлік құралдарын басқаратыны туралы білім беру.
Балабақша
Балабақша қызметкерлері туралы білімдерін кеңейту.
Балабақша ішінде орналасқан жатын бөлме, асхана, ас үй, кір жуатын т.б. бөлмелерімен таныстыру. Қай бөлме неге арналғандығын ажыратуға үйрету: бұл бөлмелерде не жұмыс істейтінін сұрау, әр бөлмедегі жұмыс туралы, оған қажетті құрал-саймандардың атын, неден жасалғандығын, айту, көрсету, түсіндіру. Қайда?, кімде?, қандай?, кім?, не істейді? сұрақтарына дұрыс жауап беру.
Заттарды, кабинеттерді бір-бірімен салыстыруға (кең, тар, жарық, үлкен т.б.) үйрету. Заттардың мөлшерін (ұзындығы, ені, биіктігі, жуандығы) шартты белгілердің көмегімен салыстыруға үйрету.
Қазақстанда өсетін бөлме өсімдіктері мен жануарлардың тіршілігі және олардың өсуі мен дамуына қолайлы жағдайларын туғызу қажеттілігі туралы нақты ұғымдарын қалыптастыру.
Өсімдіктердің көптүрлілігі мен оларға әртүрлі күтім керектігі (суару, жапырақтарды сүрту) туралы білімдерін бекіту. Тірі табиғат бұрышын мекендеушілер мен өсімдіктердің белгілерін білдіретін сөздерді қолдануға үйрету. Бейнелеу өнеріндегі қол еңбек бұрышы, көркем шығармашылық, музыка бөлмесіндегі ұлттық музыка аспаптары (домбыра, қобыз) туралы түсінік беріп, олармен таныстыру. Домбыраның сыртқы бейнесін сызуға, суретін салуға үйрету.
Алаңмен, аумақпен таныстыру. Балабақша ауласын көгалдандыру, гүлзарлар балабақша келбетін көркейтетіні туралы түсіндіру.
Ағаштар, гүлдер және құстардың белгілеріне қарай анықтап және ажырату іскерліктерін дамыту.
Маусымдық өзгерістерді байқауға үйрету.
Балабақшаның сыртқы және ішкі безендірулеріне көңіл аударуға үйрету.
Мінез-құлық дағдылары
Ұлттық педагогика негіздеріне сүйене отырып мінез-құлық ережелерін сақтауды үйрету.
Құрдастарымен келіспеушілік болған жағдайда, «келісімге келуге», «татуласуға», өзгелерді тыңдауға, олардың тілектерін түсінуге ынталандыру.
Қоршаған ортамен танысу процесінде қарапайым әдептілік дағдыларымен (сәлемдесу, қоштасу, кешірім сұрау, өзінің көмегін ұсыну ) таныстыру.
Балалардың мінез-құлқында қарапайым әдеп ережелерін: үлкеннің сөзін бөлмеу, орын беру, ойыншықтарымен бөлісу, қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстау т.б. бекіту.
Ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынасы
Кішіге (бауырларына, қарындастарына) - ізет, үлкенге ата, әжелеріне) - құрмет көрсетуге тәрбиелеу. Өзінің тегінің шежіресіне қызығушылығын ояту.
Ата-анасы, отбасы мүшелері мен өзінің аты-жөнін дұрыс айтуға үйрету.
Отбасылық мерекелер туралы әңгімелеуді үйрету, оны өткізуге дайындыққа қатысу ниетін тәрбиелеу.
Құрдастарымен жақсы қарым-қатынас орнатуға, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын бағалауға, кім кіммен жақын дос, олар не үшін бір-біріне жақын деген мәселелер туралы көзқарастарын білу дағдыларын қалыптастыру.
Ересектердің еңбегіне қызығушылығын дамыту және оның нәтижелеріне ұқыпты қарау, балаларды ересектермен бірлескен еңбек іс-әрекеттеріне қосу.
Адамгершілік қағидалары туралы түсінік
Әртүрлі жағдайда және түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауда балаларды мінез-құлық нормалары мен ережелерін таныстыру.
Қарапайым адамгершілік нормаларын қалыптастыру және салт-дәстүрлермен: қазақ халқының қонақжайлылығын, жақындарына, балабақшасына, еліне, жеріне, достарына, елімізді мекендейтін басқа ұлт өкілдеріне сүйіспеншілігі мен сыйластығын таныстыру.
Өзіне, өзінің қадір-қасиетін бағалауға тәрбиелеу, ересектердің балаға әрі - сыншы, әрі - қолдаушы екендігін ұғындыру.
Достарыңызбен бөлісу: |