Практикалық сабақ № 6
Қазақтың шешендік өнерінің зерттелуі
1 Қазақтың шешендік өнерінің ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде зерттелуі
2 Абайдың қара сөздеріндегі шешендік сөздер
3 Қазақ шешендік өнерінің ғылыми негіздері
Қазақ шешендік өнерінің зерттелу тарихы өткен ғасырдың бірінші ширегінен бастау алады. Мәселен, 1883 жылғы “Дала уәлаяты” газетінің 24 санында Әлихан Бөкейханов ескі билердің шешендік сөздеріне аса ілтипат көрсетіп, оларды жинау, саралау, насихаттау идеясын көтерген. Ал шешендік сөздерге ғылыми түрлендірулер жасау үстіміздегі ғасырдың 20-шы жылдарынан басталған. Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің жеке саласы ретінде қарастырған бұл тұстағы зерттеулер А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Сейфуллин есімдерімен тығыз байланысты. Алдыңғы тарауларда аталмыш ғалымдардың еңбектеріне көп орайда жүгініп отыратындықтан, бұл ретте зерттеулерге арнайы тоқталмаймыз.
Бұдан кейінгі кезеңдегі шешендік өнер тарихының зерттелуі Ә. Маметова, Б. Адамбаев еңбектерімен толықты. Сондай–ақ фольклортанушы ғалым С. Садырбаев шешендік сөздерді ішкі үлгілерге жіктеуде өзіндік ой-өрнегін көрсете білді.
Шешендік сөздердің әр жылдарындағы жиналып басылуына ат салысып, алғы сөздер жазып, өзіндік ой-өрнектер, ғылыми тұжырымдар қалдырып жүрген ғалымдар қатарына Т. Дәдебаев, С. Қорабай, Н. Төреқұлов, М. Қазбеков сынды бұл істің үлкен жанашырларын атаған лазым, жалпы шешендік өнер аясында туындаған сөздерді шешендік сөздер деп атап, оны әдебиеттің дербес, жеке жанры ретінде ғылыми тұрғыдан бажайлау үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы А. Байтұрсынов, М. Әуезов және С. Сейфуллин сияқты ғалымдар еңбектерімен тығыз байланысты.
Аталмыш ғалымдар алғаш рет шешендік сөздерді ғылыми зерттеудің көзі (объектісі) ретінде арнайы қарастырды. Мәселен, А. Байтұрсынов 1926 жылғы “Әдебиеттанытқыш” атты еңбегінің “Шешен сөз” деген тарауында шешендік сөздерді бес түрлі ішкі жанрлық үлгілерге жіктеді: а) саясат шешен сөз; ә) билік шешен сөз; б) қошамет шешен сөз; в) ділмор шешен сөз; г) уағыз.
Бұл тұстағы шешендік сөздердің функционалдық сипатын жазған, Ш. Уәлиханов еңбектеріндегі ой сарабын тереңдеткен, дамытқан ғалым Халел Досмұхамедов.
“Қазақ халық әдебиеті” атты зерттеуінде Х. Досмұхамедов халық әдебиетін қырық алты түрге жіктей отырып, соның бір үлгісіне, жанрлық түрге “Билік сөз” деп шешендік сөздерді жатқызады. “Әртүрлі сот істері кезіндегі билердің тамаша үкім сөздері, екі жақтың ұтымды даулары мен тапқыр жауаптары, әдетте, ұйқасты мәтел не өлең түрінде айтылады. Поэзияның бұл түрі билік сөз (замечательные приговоры судей биев) деп аталады” – деп атап көрсетеді.
Кең көлемде жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің тарихын жасауға батыл қадам жасаған еңбек М. Әуезовтың “Әдебиет тарихы” десек, автор аталмыш еңбекте қазақтың шешендік сөздерін әдебиет тарихынан орын тептіріп, “Билер айтысы” деген терминдік атау беріп, өзіндік ілімнің әлі де болса теориялық шымырлануы қажеттігін былайша аңғартады: “Билер айтысының қазір де барлық түрлері жиналып болмағандықтан, екінші бұл түрдегі айтыстар ерекше көп болғандықтан, бұл күнде түгел жіктеп, бөліп қоюға болмайды. Сондықтан, қазірде қандай түрлері кездесетінін айтамыз. Бірақ бұл жіктеу уақытша ғана және ылғи ішкі мағынасына қарап жасалған жіктер болады”.
Бұдан кейінгі кезеңде жалпы шешендік өнер аясында пайда болған шешендік сөздердің құлақ кесті үлгісі ретінде қандай жәдігерлер қарастырылуы, аталуы тиіс деген көкейдегі ойдың пердесін сыпырған, бұл төңіректегі теориялық ой-толғақтың нені шиырлауы керектігін Әуезовтен кейін тағы да атап көрсетіп, әдебиет тарихының тұтас бір дәуіріне арнаған еңбек С. Сейфуллиннің еңбектегі ой-зердесі М. Әуезовтің ой-пікірлерімен астасып, шешендік сөздердің негізі ретінде дау-дамайда, талас-тартыста туған билер сөзі алынуы керектігін зерделеген ой-әлемі жанрға “билер сөздері” деген термин – атау ұсынғандығынан аңғарылады.
Сондай–ақ С. Сейфуллиннің ғалым ретіндегі ой-тұжырымдарының құндылығының тағы бір қыры мынада: автордың қазақ билерінің болмысының халық өмірінің сан-алуан қырларымен байланыстылығын, билердің көп қырлы функциясын айта алғандылығында.
Әдебиетші ғалым С. Негимов бұл турасында “..бұған қоса ол әрі батыр, әрі әнші-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежіреші, ғұлама, бір сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендігін ескертеді”, - деп пайымдайды.
Ғалым – педагог Ы. Алтынсарин нақыл сөздерді жинады және оларды жариялады. Ол өзінің хрестоматиясына “Ізбасты”, “Байұлы”, “Жәнібек батыр”, “Жиренше шешен” тағы басқалардың көргендікке, тапқырлыққа құрылған “даналық әліппелерін” енгізіп, кезінде оларды оқуға ұсынған. Алғашқы ұстаз аталы сөздің құндылығын сол кезде–ақ білген.
Шешендік сөздерді тұңғыш зерттеушілердің бірі - М. Әуезов болса, 30-жылдары оларды іріктеп, жинап, халықтың керегіне жаратуға үлес қосып, қамқор болған, асыл сөздерді оқырман қауымға ұсынушы және балаларды ізгілікке тәрбиелеуде таптырмас құрал екенін оқытушы С. Сейфуллин болды. Сәкен Сейфуллин өзінің “Қазақ әдебиеті” дейтін кітабында шешен билердің әлеуметтік қызметтерін, шешендік сөздердің ауыз әдебиетінде алатын орнын анықтап, бірсыпыра нұсқауларын жариялады.
Қазірде жаңаша ойлау диалектикасы тұрғысынан әдеби мұрағаттарымызды қайыра екшеп жатқан тұста билер функциясының аясын барынша кең арнада қарастырып жүрген еңбектердегі теориялық ой-пікірдің жоғарыдағы С. Сейфуллин еңбегінен бастау алатынын көреміз. Мысалы зерттеуші Мұқадес Есламғалиұлы би – көсем, би – шешен, би – ақын, би – заңгер, би – емші, мәмлегер, би – батыр, би – саясаткер, қоғам қайраткері, би – ойшыл-ғалым, би – психолог, әртіс, би – тәрбиеші деп қазақ билерінің халық өміріндегі, қоғам алдындағы он түрлі қызметін түстегенде, жоғарыдағы С. Сейфуллиннің пікіріне сүйгендігін байқаймыз.
Осылайша шешендік өнердің аясын айқындап, халықтық негіздері мен ұлттық сипатын бағдарлап, көркем сөз ретіндегі теориялық табиғатын тексере бастаған ғылыми-зерттеушілік ой-ағым отызыншы жылдардан кейінгі уақытта әдебиеттану ғылымындағы бел алып кеткен “тұрпайы социологизмнің” салқынына ұшырады. Сейфуллин зерттеулерінде табы сезіле бастаған бұл оңсыз теорияның ықпалы 1945 жылы қорғалған. Ә. Маметованың “Қазақ билерінің шешендік сөздері және оның әдебиеттегі тарихи орны” атты диссертациясына кері әсер етіп, кейін 1948 жылы шыққан “Қазақ әдебиеті тарихы” атты кітапта жал-құйрығы күзеліп, кейбір концепциялары алынып тасталды.
Ғылыми еңбектерден және халық шығармашылығынан жалпы байқайтынымыз:
1.Шешендік сөздерді халқымыздың қадір тұтуы
2.Шешендік сөздердегі ұлттық мәдениет және парасаттылық
3.Асыл сөздің астарындағы ұлағатты сөздер
4. Дау-жанжалдардың бітімін екі –ақ ауыз сөзбен шешіп, ел мен елді бітістіріп, жарастырып келелі мәселелерді тындырып отыратындығы
Билер мен шешендердің көрегендігін, даналық сөздерін оқытып, жатқа айтқызу жас ұрпақты шешендікке, ата-бабадан қалған мол мұраны игертуге баулиды.
Қазақ шeшeндiк сөздeрi — бастаy алар қайнар бұлақтарын түркiлiк танымнан түптeн тартып, өзiндiк ұлттық eрeкшeлiктeрдi, қасиeттeрдi бойына жинақтап, көркeмдiк қyатымeн, ғибраттық сарынымeн дараланған, сондай-ақ, ас бай поэтикалық тiлiмeн өзгeшe қалыпта көрiнгeн, халқымыздың рyхани азығына айналған көркeмдiк құбылыс.
Бүгiнгi қолымызға жиналған мәлiмeттeрдi саралай кeлгeндe шeшeндiк сөздeрдiң көлeмiнiң тым аyқымды, iшкi жанрлық түрлeрiнiң дe алyан түрлi eкeндiгiнe, классикалық әдeбиeттiң кeлeлi мәсeлeлeрiн шeшyдe кәдeгe асып жатқан шығармалар eкeндiгiнe көз жeткiздiк.
Ұлттық шешендік өнер, шешендік сөздер теориясының дамуының келесі бір кезеңі тікелей әдебиетші ғалым Балтабай Адамбаев еңбектерімен айқындалады. Балтабай Адамбаев М. Әуезов, С. Сейфуллин, Х. Досмұхамедов ұсынған “билер сөзі” терминін “шешендік сөздер” терминімен алмастырып, тақырып аясын айқындап, жанрдың ішкі үлгілерін мазмұнына қарай үшке, құрылысына қарай екіге бөледі.
“Шешендік сөздердің әлеуметтік және әдеби эстетикалық мәнін, жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін ашып анықтау үшін сөз нұсқауларын талдаймыз және мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш салаға топтап зерттейміз”, - дейді [1].
Қазақ шешендіктану саласында шешендік өнер мен шешендік сөздің ұғымдық айырмасын ажыратып дәлелдеген ғалым Р.Сыздықованың еңбегі зор. Риториканың негізгі терминдері талданады. Нақтылы айтқанда:
Шешендік сөздің негізгі белгілері, оған қойылатын шарттар;
-әлеуметтік мәні,
-әңгіме өзегінің дәлелі,
-тыңдаушыға әсер ететін эстетикалық қасиеті.
Сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптар:
-тіл жатықтығы;
-сөз байлығы;
-сөз тазалығы;
-сөз дәлдігі;
-сөз әсерлігі;
-сөз әдебі.
Сөзді дайындаудың негізгі кезеңдері:
1.сөзді ойлап табу,
2.сөзді жүйелеу
3.сөзбен көркемдеу
4.есте сақтау.
Сөйлеу түрлеріне мән беру.
а) Ауызша ә) Қатынас стилі б) Жазбаша
Негізгі әдебиеттер
1 Адамбаев Б. Халық даналығы. – Алматы, 1976.
2 Төреқұлов Н., Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері. – Алматы, 1993.
3 Негимов С. Шешендік өнер. - Алматы, 1997.
4 Қалимұқашева, Б. Сөйлеу мәдениеті және шешендік өнер [Мәтін]: оқу-әдіст.құрал: - Астана: Фолиант, 2010.- 168б.- (Кәсіптік білім).50 экз.
Қосымша әдебиеттер
1 Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы. - Алматы, 1996.
Қабдолов З. Сөз өнері. - Алматы, 1992.
Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. - Алматы, 1997.
Бердібаев Р. Кәусар бұлақ. - Алматы, 1989.
Жармұхамедов М. Шешендік өнер. - Алматы, 1998.
Достарыңызбен бөлісу: |