№ 3 (106) 2015
277
Бұл жол жаттама жол емес, тәжірибе жолы. Тәжірибе жолымен шыныққан адам білгенін көріне
ала кіреді. Тәжірибеден алған білім ұмытылмайды, төл ат болады.
Осы күні тәжірибесіз білімде негіз де жоқ, бет те жоқ. Білім анасы-тәжірибе» [5]. Бұл жерде ол
дап-дайын берілген жаттама білімнен көрі оқушының өзі ізденіп, көзі жеткен білімнің терең де,
ұмытылмастай болатынын дәлелдейді. Ә.Бөкейхан оқушының қажетті білім алуы, білімге деген
ынтасы мен қызығушылығының болуы мұғалімнің шеберлігіне байланысты екендігін айтады:
«Оқытушы ісіне шебер болса, өзі де, балалар да табиғатты әліп-бидей оқып, аты бәйгеден келіп,
бүркіті түлкі алып, қызыққа батады да қуанады. Бала оқытуға күйі түскен қаршығадай, түлеп
ұшады».
«Қазақ» газетіне жариялаған өзінің «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында сол кездегі
бала оқыту жайы туралы ашына жазады: «Қазақ ішінде әр жерде бала оқытатын адамдардан бала
оқытуға программа (жосық) көрсетілсе екен деген өтініштер келеді. Бұл күнде қазақ арасындағы
оқу жосықсыз һәм жосық жасауға болмайды да. Өйткені қазақтың бастауыш мектебінде оқитын
кітаптар белгіленбек түгіл, әлі шыққан да жоқ. Жаңа ғана әліппе шыға бастады. Оның да қайсысы
оқылары белгіленген жоқ. Әліппеден әрі оқитын кітаптар әлі шыққан жоқ. Дін жайынан оқытатын,
есеп оқытатын, жағрапия һәм тарихтан қысқалап хабар беретін кітаптар әлі жоқ. Сондықтан
программа деген сөз әзір ертерек. Әуелі біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып,
сонан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс». Яғни қазақ бастауыш
мектебіне арналған әліппеден басқа да оқулықтарды шығарудың кезі келгенін, сосын барып білім
мазмұны анықталатынын айтады.
Келесі мәселе қазақ мектебіне сабақ беретін мұғалімдер, олардың дайындығына қойылатын
талаптарды былай көрсетеді: «Бұл сөзді қоя тұрып, мұнан бұрынырақ ескеретін бір жұмыс бар.
Ол мынау: бір нәрсені істегенде сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді.
Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай. Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел
бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек, бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек.
Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білерге
керек, екінші - баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге
баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенінше, тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек.
Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халының хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасындағы
педагогика ғылымын білу керек. Бұл күнгі ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы бала оқыту
ғылымын оқып шыққан адамдардың қолында. Сол ақылға да дұрыс. Судья судьялық ғылымды
оқығаннан болғанда, доктор докторлық ғылым оқығаннан болғанда, мұғалім мұғалімдік ғылымын
оқып шыққан адамдардан болуы тиісті». Яғни, бала оқытуды кез-келген сауаты бар адамға емес,
баланың жас және дербес ерекшеліктерін, дамуы мен психологиясын жақсы білетін, педагогикалық
арнайы білімі бар мұғалімдерге жүктеудің маңызын көрсетеді.
Бала оқыту ісінің, болашақта қазақ даласының басқа дамыған елдер сияқты түзеліп кетуі үшін
қазақ балаларын оқытуды тезірек қолға алудың маңызын былай жеткізеді: «Біз болысымыз басқа
жұрттың болысындай елді баға алмайтынын айтып жатырмыз, билеріміз де судьядай ғылымдық
жоқтығын айтып жатырмыз, дәрігерлеріміз, бақсыларымыз доктордай ауруды емдей алмайтынын
айтып жатырмыз, халқымыздың басқа жұрттай білімді емес, надандық мәнінде айтып жатырмыз.
Бұлардың мәнін айтқанда бала оқытуымызда қандай мән барын да айтып, әуелі біз елді түзеуді бала
оқыту ісін түзеуден бастау керек. Неге десек, болыстық та, би іске де, халық та оқумен түзеледі.
Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің
көбі біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізге түсінбей, айтқанымызды тыңдамай,
істегенімізге қосылмай өтер. Олар өтіп, кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар
мойын бұрып қайрылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай
тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс».
Осы мақалада автордың тағы бір көтерген мәселесі қазақ балаларын қалай оқыту керектігі
туралы: « Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде үш қолда. Қазақ балаларының бір парасы орысша оқып
жүр. Бір парасы ескі балалардан оқып жүр. Бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи
бастады. Орысша оқығандар оқыту һәм тәрбиелеу ғылымын оқыған адамдардың қолында. Орысша
оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек. Керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек.
Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет.
|