2. 2-стратегиялық бағыт. Экономиканы жедел әртараптандыруды ғылыми қамтамасыз ету
2.1. Реттелушi саланы немесе қызмет саласын дамытудың негiзгi параметрлерi
Ел ғалымдарының қызметi мемлекеттiк басымдықтарға сәйкес қалыптасқан республикалық мақсатты және қолданбалы ғылыми-техникалық бағдарламаларды, iргелi зерттеулер бағдарламаларын iске асыруға және Қазақстанда инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған.
Ғылымды дамыту 6 басым бағытқа шоғырланған: нанотехнологиялар және жаңа материалдар; биотехнологиялар; көмiрсутектi және тау-кен металлургиялық секторлар және олармен байланысты сервистiк салаларға арналған технологиялар; ядролық технологиялар және қалпына келтiрiлетiн энергетика технологиялары; ақпараттық және ғарыштық технологиялар; тұрақты дамудың негiзi ретiнде ұлттық идея.
Елде ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелердi орындайтын 421 ұйым жұмыс iстейдi, оның iшiнде 141-i – мемлекеттiк ғылыми-зерттеу институттары. Ғылыми зерттеулермен және әзiрлемелермен 16,3 мың адам (2006 ж. – 19,56 мың 2007 ж. – 17,77 мың) айналысады, оның iшiнде зерттеушi-мамандар – 10,8 мың адам (2006 ж. – 12,4 мың 2007 ж. – 11,5 мың).
2007 – 2010 жылдары ғылыми зерттеулердi мемлекеттiк қаржыландыру көлемi 16,9 млрд. теңгеден 20,0 млрд. теңгеге дейiн өстi немесе 15,5 %.
Қазақстан ғылымын мемлекеттiк қаржыландыру деңгейi соңғы 3 жылда ЖIӨ-нiң 0,22 %-ын құрады. АҚШ долларымен есептегенде ҒЗТКЖ-ға кететiн шығын Қазақстанда әрбiр жан басына жылына шамамен 15 долларды (салыстыру үшiн Ресейде – 70 шамасында; АҚШ-та – 892; Швецияда – 875, Финляндияда – 726 доллар) құрайды.
Ғылыми инфрақұрылымды дамыту мақсатында ғылымның басым бағыттары бойынша 5 ұжымдық пайдаланымдағы ұлттық зертхана құрылды және жабдықталды. Жетекшi жоғары оқу орындарының жанынан 15 инженерлiк бейiндегi зертхана ашылып, жұмыс iстейдi. 6 инновациялық-бiлiм беру, оның iшiнде екi халықаралық консорциум құрылды.
Ғылыми зерттеулердiң нәтижелерiн коммерцияландыру бойынша шаралар қабылдануда. Жоғары патогендi құс тұмауына қарсы отандық вакцина (2008 – 2009 жж. 7,7 млн. доза өндiрiлдi) шығарылуда. A/H1N1 тұмауына қарсы әсерсiздендiрiлген вакцинаны дайындаудың технологиясы әзiрлендi. Қарағанды фармацевтикалық кешенiнде 20 млн. түпнұсқа фитопрепараттардың орамын шығару қамтамасыз етiлуде. 110 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберiнде гуманитарлық бағыттағы 6 ғылыми-зерттеу ұйымы 70-тен астам ғылыми жобаларды орындады. Нәтижесiнде ұлттық және әлемдiк ғылыми пiкiрлер, мәдениет және әдебиет басылымдарының сериялары әзiрлендi, 230-дан астам кiтап атауы басып шығарылды.
2010 жылы Бiлiм және ғылым министрлiгi 6 iргелi зерттеулер бағдарламасын және 34 қолданбалы зерттеулер бағдарламасын iске асыруда.
2009 жылы шетелдiк ғылыми орталықтарда 120 қазақстандық ғалым, оның iшiнде жас ғалымдар тағылымдамадан өттi. Ағылшын тiлi курстарымен ғылыми ұйымдар базасында 203 адам қамтылды.
Зияткерлiк меншiк институтының деректерiне сәйкес 2010 жылы өнертабыстарға 1 168 қорғау құжаттары берiлген, соның iшiнде 168 патент, 21 патент алды, 821 инновациялық патент берiлдi.
2008 жылы iске асырылған ғылыми-техникалық бағдарламалар нәтижесiнде отандық және шетелдiк басылымдарда 9 045 ғылыми мақала жарияланды. 1 097 әдiстеме, практикалық ұсынымдар, оқу құралдары, бағдарламалар, электрондық оқулықтар және т.б. әзiрлендi. Жарияланымдық белсендiлiктiң анағұрлым жоғары деңгейi 1 қызметкерге есептегенде iргелi зерттеулер бағдарламасы бойынша 0,8 екенi байқалуда.
Соңғы жылдар аралығында қазақстандық ғалымдардың халықаралық журналдардағы жарияланымдарының олардың жалпы санына қатынасы өзгерiссiз қалып отыр және 6 %-ды құрайды. Қазақстан ғалымдарының шетелдiк жарияланымдарының үлесi жалпы дүниежүзiлiк ағымда 0, 017 %-ға тең. Халықаралық агенттiктердiң деректерi бойынша Қазақстан 5 жылда 1000 – 10000 жарияланымы бар 46 ел тобына жатады.
Қазақстандағы ғылыми-техникалық дамудың макроэкономикалық талдауы ЖIӨ-дегi жаңа ғылыми өнiмнiң үлесi соңғы жылдары 1,1 %-дан аспайды, ғылыми өнiмдi өндiру бойынша кәсiпорындардың белсендiлiгi – 2,3 %.
Қазақстан ғалымдарының жақын және алыс шетелдермен: Ресей, Белорусь, АҚШ, Қытай, Үндiстан, Германия және басқалармен ынтымақтастығы дамуда. «Ғылым саласындағы 2007 – 2009 жылдарға арналған халықаралық ынтымақтастық» ғылыми-техникалық бағдарламасының шеңберiнде 92 бiрлескен жоба орындалды.
Ғылыми-техникалық салада нормативтiк және құқықтық база жетiлдiрiлуде. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi «Ғылым туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ғылым мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларын әзiрледi және Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiздi.
«Ғылым туралы» Заңның жобасында ғылымды басқару және қаржыландыру жүйесiн жетiлдiру бойынша нормалар қарастырылады: ұлттық ғылыми кеңестердi, ғылыми жобаларды тәуелсiз халықаралық сараптауды енгiзу арқылы Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығын құру мәселелерi, қаржыландырудың жаңа түрлерiнiң тетiктерiн (базалық, бағдарламалық-нысаналы, гранттық қаржыландыру), университет ғылымын, мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiктi дамыту, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн коммерцияландыруды iлгерiлету.
2.2. Негiзгi проблемаларды талдау:
1. Қазақстанда ғылымды қаржыландыру деңгейi төмен болып қалып отыр. Ғылыми зерттеулерге бюджеттен бөлiнетiн шығыстар ЖIӨ-ге 0,22 %-ды құрайды. ЮНЕСКО деректерi бойынша әлем экономикасы ғылымға ЖIӨ-ден 1,7 % бөледi. Дамыған елдерден айырмашылығы жекеменшiк сектордың ғылымды дамытудағы үлесi төмен.
2. Материалдық-техникалық базаның нашарлығы. Ғылымға кететiн шығыстардың төмендiгiнен 2000 – 2008 жылдары ғылыми-техникалық ұйымдар қорының жарақталуы аздап қана жоғарылады.
3. Елiмiздiң ғылыми инфрақұрылымында GLP (Good Laboratory Practice – Тиiстi зертханалық практика), GMP (Good Manufacturing Practice – Тиiстi өндiрiстiк практика), GSP (Good Scientific Practice – Тиiстi ғылыми практика) халықаралық стандарттарын қолдану ғылыми зерттеулердiң сапасын және отандық өнiмдердiң iшкi және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн көтередi. Сонымен қатар, қазiргi кезде олардың елдiң ғылыми инфрақұрылымында қолданылуы жеткiлiксiз. Олардың жоқтығы отандық өнiмдердi экспорттауға кедергi келтiретiн және олардың iшкi және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн төмендететiн фактор болып табылады.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды iрiктеу кезiнде халықаралық сараптама жүргiзу тәжiрибесi пайдаланылмайды.
5. Ғылыми кадрлар жасының ұлғаюы және жастардың ғылымға аз келуi. 60 жастан жоғары ғылым докторларының саны – 47,4 %; 40 жастан жоғары ғылым кандидаттарының саны – 70 %. Ғалымдардың орташа жасы – 55 жас шамасын құрайды.
6. Ғылыми зерттеулер нәтижелерiнiң төмендiгi. 16 мың ғалымға 1 – 2 халықаралық патенттен келедi. Елiмiзде 1 млн. халыққа патент сұранысының саны 93,6 (Ресейде – 195,9; Германияда – 582,6; Ұлыбританияда – 289,7; АҚШ-та – 741,8; Кореяда – 2 591,5; Жапонияда – 2 720,7) құрайды. Әлемде қазақстандық ғалымдардың ғылыми басылымдарының үлесi тек 0,021 %-ды құрайды. Ал жалпы әлемдiк ағымда АҚШ шамамен 22 %, Қытай - 10,2 %, Жапония - 6,1 %, Ресей – 2 %-ды құрайды. Орта есеппен жылына шетелде бiздiң ғалымдардың жарық көретiн мақалаларының саны 243-тi құрайды.
7. Ғылым мен бiлiм беру арасында алшақтық сақталуда, соның салдары – бiлiм беру саласында ғылыми нәтижелер капиталға айналмауы, ғылыми зерттеу жүргiзуге жас мамандардың тартылмауы.
8. Ғылыми қызметкерлердiң ұлттық кәсiби қоғамы дамымаған, олардың iшiнде биологиялық, физикалық, химиялық қоғам және т.б.
9. Шетелде оқу мен тағылымдамадан өткен жас ғылыми қызметкерлер мен оқытушыларға өзiнiң зерттеу дағдысын толығымен қолдану мен дамыту және тиiстi ғылыми ортаның жоқтығын ескере отырып халықаралық деңгейде ғылыми нәтижелердi алу мүмкiндiгi қарастырылмаған.
2.3. Сыртқы және iшкi факторларды бағалау
1. Ғылымды қаржыландыру деңгейiнiң жеткiлiксiздiгi – ғылыми-техникалық және жалпы елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi мәселелерiнiң негiзi болып табылады.
2. Елiмiздiң ғылыми-техникалық әлеуетiнiң жай-күйi.
Ғылыми әлеуеттiң кеңейтiлген өндiрiсi iске асырылмайды. Жоғары бiлiктi кадрлар жасының ұлғаюы мен кету мәселесiнiң маңыздылығы толық бағаланбайды.
Қазақстан Республикасы Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының Халықаралық сараптама кеңесi өзiнiң есебiнде (2008 ж., наурыз) «Қазақстанның болашағын анықтайтын сыни фактор – бұл ғылыммен және технологиямен айналысатын бiлiктi зерттеушiлердi даярлау және тиiмдi пайдалану» болып табылатынын атап өттi.
Қазiргi таңда жоғары бiлiктi кадрлардың әлеуетi Қазақстанның ғылыми-техникалық саласында жеткiлiктi деңгейде қолданылмайды. Жоғары бiлiктi кадрларды даярлау мен пайдаланудың қолданыстағы жүйесi ғылым мен экономиканың кадрлық қажеттiлiктерiн қамтамасыз етпейдi.
3. Ұйымдастыру-экономикалық факторлар.
Ғылыми әлеует жағдайымен байланысты себептерден басқа ғылымды қайта құру мына ұйымдастыру-экономикалық факторлармен асқынуда:
- даму басымдықтарының үздiксiз ауысуы, оны жүзеге асырудың нақты шараларының ғылыми-техникалық саясаттан алшақтауы;
- ғалымдар бейiмделуге үлгермей жатқан үздiксiз институционалды реформа (бiлiм беру/ғылыми орталықтар мен холдингтердi тарату, бiлiм беру/ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарату, ведомстволық бағыныстағы ҒЗИ-дiң ауысуы).
4. Ғылыми қызметкердiң әлеуметтiк мәртебесi ғылымға жастарды тартудың және ғылыми-техникалық саладан мамандардың кетуiнiң iшкi және сыртқы кемуiнiң маңызды факторы болып табылады.
3. 3-стратегиялық бағыт. Балалар мен жастардың дамуы үшiн жағдайлар жасау, оларды елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына тарту
3.1. Әрбiр баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығын iске асыру есебiнен әлеуметтiк жетiмдiктi төмендету
3.1.1. Реттелетiн саланы немесе қызмет аясын дамытудың негiзгi параметрлерi
Бiлiм беру органдарының деректерi бойынша 2010 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша республикада жетiм және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 386 бала бар. Оның iшiнде қорғаншылыққа және қамқоршылыққа – 22 067 бала, патронат тәрбиесiне – 2 267 бала, интернаттық ұйымдарға – 14 052 бала (оның iшiнде бiлiм беру жүйесiнде – 11 612, денсаулық сақтау жүйесiнде – 1 586, халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiнде – 854 бала) орналастырылды.
Әлеуметтiк жетiмдiктiң проблемаларын шешу үшiн 2010 жылы төмендегi шаралар қабылданды:
1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жетiм балаларды отбасыларына орналастыру бойынша ақпараттық-түсiндiру жұмысы жанданды: жетекшi республикалық телеарналарда 14 әлеуметтiк бейнеролик көрсетiлiп жатыр, «Бiздiң балалар» бағдарламалар топтамасы шығуда, жергiлiктi газеттерде «Әр балаға – отбасы», «Мен анамды iздеймiн!», «Ана, менi тауып алшы!», «Әлемге мен қажетпiн, маған отбасы қажет» және тағы басқа айдарлар ашылған;
2) жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық орналастырудың нысандарын жұртшылыққа таратуға бағытталған «Қуан, сәби», «Ризашылық», «Қамқоршы күнi» республикалық акциялары өткiзiледi;
3) әлеуметтiк жетiмдiктi азайтудың индикаторлары және көрсеткiштерi жергiлiктi атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына енгiзiлдi.
3.1.2. Негiзгi проблемаларды талдау
Қазiргi уақытта жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы тәрбиеленушiлердiң саны 7 %-ға кемiдi.
Сонымен қатар, институттандыру деңгейi айтарлықтай жоғары болып тұр. 2010 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша интернаттық мекемелерде 14 052 (36,6 %) бала бар. Бұл ретте, аталған мекемелер тәрбиеленушiлерiнiң 85 %-ы әлеуметтiк жетiмдер болып табылады.
3.1.3. Негiзгi сыртқы және iшкi факторларды бағалау сыртқы фактор – бала асырап алуды, қорғаншылық пен қамқоршылықты насихаттау арқылы бөгде баланы тәрбиелеуге психологиялық ынталандыруды қалыптастыру (бала асырап алудың беделi және әлеуметтiк қажеттiлiгi).
iшкi фактор – жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және есепке алу жүйесiн жетiлдiру, оның iшiнде балаларды есепке алудың ақпараттық жүйесiн құру, «Өзiн-өзi тану» тұлғаны адамгершiлiк-рухани дамытудың бағдарламасын барлық бiлiм беру ұйымдарында енгiзу арқылы балалар мен ата-аналарға адамгершiлiк-рухани бiлiм берудi дамыту.
3.2 Даму мүмкiндiктерi шектеулi балаларды оқыту
3.2.1. Қызмет саласын немесе салалық реттеудi дамытудың негiзгi өлшемдерi
Даму мүмкiндiгi шектеулi балаларға арнайы бiлiм беру 37 арнайы балабақшада және 101 түзеу мектептерiнде, балабақшалардағы 240 арнайы топтар мен жалпы бiлiм беретiн 1 098 арнайы сыныптарда жүзеге асырылуда. 10 мыңға жуық бала жеке оқу бағдарламалары бойынша үйде бiлiм алуда.
Психофизикалық даму бұзылысының көрiнiсiне және таным мүмкiндiктерiне қарай бiлiм алушылар даму мүмкiндiгi шектеулi балалардың таным деңгейлерiне бағытталған арнайы оқу бағдарламалары мен оқулықтарын пайдалануды қарастыратын 3 нұсқа бойынша бiлiм алады.
Республикада 2004 жылдан бастап арнайы түзеу бiлiм беру ұйымдарына арналған 8 негiзгi түрi мен үлгi бойынша қазақстандық оқулықтар мен ОӘК-нi әзiрлеу, басып шығару бойынша жұмыстар жүргiзiлуде.
Есту қабiлетi (естiмейтiн, нашар еститiн), интеллектуалды дамуы бұзылған балаларға (интеллектуалды даму бұзылысы жеңiл және ауыр), сөйлеу, көру қабiлетi (Брайль жүйесi бойынша көрмейтiн балаларға – орыс тiлiндегi ресей және қазақстандық авторларды бейiмдеу; көру қабiлетi бұзылған балалар үшiн үлкейтiлген қарiптермен) бұзылған балаларға арналған 296 түпнұсқа оқулық атауы мен ОӘК әзiрлендi.
Республикада дамуында проблемалар бар балаларды анықтауда, диагностика жасауда және консультация беруде, халыққа медициналық-педагогикалық-психологиялық әлеуметтiк көмек көрсететiн 56 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жұмыс iстейдi.
Түзеу-педагогикалық қолдау көрсету туғаннан бастап мектепке дейiнгi жастағы балаларға арналған 156 инклюзивтi бiлiм беру кабинетiнде, 123 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетiнде, 15 оңалту орталығында, 345 логопед пункттерiнде көрсетiлуде.
3.2.2. Негiзгi проблемаларды талдау
Елiмiзде қалыптасқан дамудағы кемшiлiктердi кешендi диагностикалау, ерте түзеу-педагогикалық қолдау тек әрбiр үшiншi даму мүмкiндiгi шектеулi баланың жалпы бiлiм беру процесiне қосылуына мүмкiндiк бередi. Мектепке дейiнгi жастағы даму мүмкiндiгi шектеулi балаларға бiлiм алуға тең қолжетiмдiк толық көлемде қамтамасыз етiлмеген.
Даму мүмкiндiгi шектеулi балаларды арнайы бiлiм беру бағдарламаларымен қамтамасыз ету 41,4 %-ды құрайды.
Арнайы бiлiм беру ұйымдарының заманауи мультимедиалық жабдықтармен қамтамасыз етiлуi 35-тен 60-қа дейiнгi пайызды құрайды.
Рельефтi-нүктелiк қарiптi шығаратын жабдықтардың жоқтығынан көрмейтiн балалар үшiн «Брайль» жүйесi бойынша қазақ және орыс тiлдерiнде қазақстандық оқулықтарды басып шығару проблема күйiнде қалып отыр.
3.2.3. Негiзгi сыртқы және iшкi факторларды бағалау
Сыртқы фактор – даму мүмкiндiгi шектеулi балалар мен мүгедек балалардың сапалы бiлiм алуы үшiн қарастырылған тең құқығының толық көлемде iске аспауы;
елдi-мекеннiң жеткiлiктi ақпараттандырылмауынан инклюзивтi бiлiм берудi енгiзу қарқынының төмендiгi;
инклюзивтi (тарту) бiлiм беру идеясын насихаттауда медиаресурстарды пайдаланудың төмендiгi;
Iшкi фактор – ерте жастағы даму мүмкiндiгi шектеулi балаларға кешендi түзеу-педагогикалық қолдау көрсету үшiн арнайы бiлiм беру ұйымдары желiсiнiң жетiспеушiлiгi;
арнайы құралдармен жеткiлiксiз жабдықталу; көрмейтiн балаларға арналған рельефтi-нүктелiк қарiптi қазақ және орыс тiлдерiндегi оқулықтардың жоқтығы.
3.3 Жастардың әлеуметтiк құқықтарын және мемлекеттiк кепiлдiктерiн iске асыру
3.3.1. Реттелетiн саланы немесе қызмет аясын дамытудың негiзгi параметрлерi
Қазiргi уақытта Қазақстандағы жастар саны 4,35 млн. адамды немесе жалпы халықтың 29 %-ын құрайды, бұл ретте ауыл жастарының үлесi 2,15 млн. адамды немесе жастардың жалпы санының 49 %-ын құрайды. Жастардың саны көп өңiрлер: Оңтүстiк Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Алматы қаласы.
Жастар санының серпiнi, мың адам
|
1999 ж.
|
2006 ж.
|
2007 ж.
|
2008 ж.
|
2009 ж.
|
Барлық тұрғын
|
14 955
|
15 219
|
15 396
|
15 571
|
15 776
|
Барлық жастар
|
4 093
|
4 521
|
4 569
|
4 569
|
4 358
|
Қала жастары
|
2 272
|
2 518
|
2 547
|
2 297
|
2 199
|
Ауыл жастары
|
1 821
|
2 003
|
2 022
|
2 272
|
2 159
|
2005 жылмен салыстырғанда жастар ұйымдарының саны 2 есеге ұлғайды және 2009 жылы 743-тен асты. Жастар ұйымдарының қызметiне қатысатын жастардың үлесi олардың жалпы санының 25 %-ын құрайды.
Жастар ұйымдары санының серпiнi
2009 жылы Министрлiк мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыруға 248 625 мың теңге, оның iшiнде жастарға арналған әлеуметтiк қызметтердiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге – 90 млн. теңге. Облыстарда, Астана және Алматы қалаларында әлеуметтiк маңызы бар жобалардың тақырыптарын жасау үшiн мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде зерттеулер, сұрау және фокус-топтарды өткiзу арқылы жастардан және жастардың көшбасшыларынан ұсыныстарды жинақтау жүргiзiледi.
Жастардың бастамаларын қолдау үшiн жергiлiктi бюджеттерден мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың көлемi 2009 жылы 263 млн. теңгенi, ал 2008 жылы – 146 млн. теңгенi, 2007 жылы – 110 млн. теңгенi құрады. Жастар саясатын iске асыру бойынша 2009 жылы күтiлген нәтижелерге қол жеткiзiлдi.
Өткен жылдармен салыстырғанда iске асырылған жобалар саны ұлғайғаны байқалады. 2007 жылы iске асырылған әлеуметтiк маңызы бар жобалар саны 31-дi, 2008 жылы – 22-нi, 2009 жылы – 26, 2010 жылы - 32-ны құрады. Жастарға арналған ресурстық орталықтардың саны ұлғайды. 2007 жылы олардың саны 8 болса, 2008 жылы – 12-нi, 2009 жылы 17-нi құрады.
Жастар саясаты бағдарламасын iске асыру мақсатында Министрлiк республикалық, өңiрлiк жастар қоғамдық ұйымдарымен және облыстық жастардың үкiметтiк емес ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасайды.
Әр өңiрде Жастар және студенттiк еңбек жасақтарының штабтары жұмыс iстейдi. Олар 30 мыңнан астам оқушы жастарды маусымдық жұмыспен, оның iшiнде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша аумақты көгалдандыру мен абаттандыруды ұйымдастыру кезiнде қамтамасыз етедi.
ТМД-ға қатысушы елдердiң халықаралық жастар Дельфийлiк ойындарына жыл сайын Қазақстанның құрамасы қатысады. Қазақстан жастарының халықаралық бiлiм беру бағдарламаларына қатысуы жылдан-жылға ұлғаюда. 2009 жылы халықаралық ынтымақтастық бойынша 62 iс-шара өткiзiлдi (2008 жылы – 48).
Республикалық және өңiрлiк деңгейде патриоттық тәрбие беру жүйесi құрылды. 2006 – 2008 жылдары 800-ден астам патриоттық iс-шара өткiзiлдi. Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарында тәрбие берудiң 2006 – 2011 жылдарға арналған кешендi бағдарламасы iске асырылуда. Жастардың патриоттық тәрбиесiне қатысты мәселелер бойынша жүргiзiлген әлеуметтiк зерттеулер азаматтардың патриоттық козғалыстарға қатысуға ұмтылысы 35,5 %-дан (2006 жылы) 69,7 %-ға (2009 жылы) көтерiлгенiн көрсеттi. Әлеуметтiк сауалдардың деректерi бойынша патриотизм деңгейi 2006 жылы 53,4 %-ды, 2007 жылы – 55,9 %-ды, 2008 жылы – 68,2 %-ды, 2009 жылы – 75 %-ды құрады.
Жоғары оқу орындарында тәрбие беру жұмысы студенттердiң және оқытушылардың әлеуметтiк құқықтарын қамтамасыз етуге, жас таланттарды қолдауға және жас мамандарды жұмысқа орналастыруға, салауатты өмiр салтын қалыптастыруға бағытталған. Осы бағытта 2009 жылы 76 iс-шара өткiзiлдi.
Қазақстандағы мемлекеттiк жастар саясатын жаңғырту барысында Орталық және Солтүстiк Еуропа елдерiнде тиiмдi қолданылатын жастар саясаты моделiн iске асырудың оң тәрижибесi қолданылады. Аталған модельдiң сипаттық ерекшiлiгi қоғамдағы барлық жастардың бiрлесуiне мемлекеттiң жауапкершiлiгi болып табылады. Оның iшiнде – әлеуметтiк қызметтердiң, жастарға арналған ресурстық орталықтардың жүйесiн ұлғайту, әлеуметтiк қызметтердiң бiрыңғай стандарттарын, бiлiм, денсаулық сақтау, жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету салаларында әлеуметтiк кепiлдiктердiң ең төменгi нормативтерiн енгiзу.
3.3.2. Негiзгi проблемаларды талдау
Мемлекеттiк жастар саясатын iске асыруды басқару жүйесi толық қалыптаспаған.
Жастар саясаты бойынша барлық бағдарламалық құжаттар 2008 жылы аяқталды. Жастардың қоғамға, экономикалық өзара қарым-қатынастар жүйесiне, олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау, көмек пен әлеуметтiк қызметтердi көрсету мақсатында мемлекеттiк жастар саясатының нәтижелi жұмыс iстеу үшiн ұйымдастырушылық-құқықтық механизмдердi жетiлдiруiне бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк жастар саясаты мәселелерi жөнiнде өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасын қабылдайтын кезең келдi.
Күштi жақтары: Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың iске асырылуы, базалық әлеуметтiк инфрақұрылымның болуы, қоғамдық-саяси саладағы «әлеуметтiк лифт» алаңдарының құрылуы, жастармен жұмыс iстеудiң сынақтан өткен әдiстемелерiн қолдану, жастарға арналған брендтiк iс-шаралардың тұрақты өткiзiлуi.
Әлсiз жақтары:
- «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, жастар құрылымдары туралы статистикалық базаның жетiлдiрiлмеуi;
- жастардың мақсаттық топтарының толық қамтылмауы, жастар саясаты саласындағы медиаресурстардың аз қолданылуы;
- «жас маман» түсiнiгiнiң жоқтығы, жастар үшiн үй мәселесiн шешуге жеңiлдiктердiң жоқтығы (мысалы, Батыс Қазақстан облысында жастардың тұрғын үй мәселесiн жеңiлдiктермен шешу мақсатында «Жастар үйi» салынған), спорттық және демалыс мекемелерiне қол жетiмдiлiктiң жеткiлiксiздiгi, жастардың мәдениет, бiлiмдiлiк деңгейiнiң төмендеуi, жастардың экономикалық және әлеуметтiк әлеуетiн қолдау тетiктерiнiң жоқтығы.
3.3.3. Негiзгi сыртқы және iшкi факторларды бағалау:
Сыртқы факторлар:
Iшкi саяси тұрақтылық, тұрақты әлеуметтiк-экономикалық даму және елдiң қаржылық тұрақтылығы сияқты факторлар мемлекеттiк жастар саясатының табысты iске асуына ықпал етедi.
Iшкi факторлар:
Сапалы бiлiм алу үшiн қолайлы жағдай жасау жалпы жастар саясатының, сондай-ақ бiлiм алу құқығының iске асуына ықпал етедi.
3-бөлiм. Стратегиялық бағыттар, мақсаттар, мiндеттер, нысаналы индикаторлар, iс-шаралар және нәтижелер көрсеткiштерi
3.1. Стратегиялық бағыттар, мақсаттар, мiндеттер, нысаналы индикаторлар, iс-шаралар және нәтижелер көрсеткiштерi
Достарыңызбен бөлісу: |