Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 2011- 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекiту туралы



бет1/24
Дата25.02.2016
өлшемі4.29 Mb.
#23241
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 2011- 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 19 ақпандағы № 160 Қаулысы

 

 

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:


      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi                           К. Мәсiмов

Қазақстан Республикасы 


Үкiметiнiң        
2011 жылғы 19 ақпандағы
№ 160 қаулысына      
қосымша        

Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары

1-бөлiм. Миссиясы мен пайымдауы

      Миссиясы: бәсекеге қабiлеттiлiктi және тұрақты әлеуметтiк-экономикалық өсiмдi қамтамасыз ететiн бiлiм және ғылым саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыру және iске асыру.


      Пайымдауы: жоғары бiлiмдi, бәсекеге қабiлеттi, интеллектуалды ұлт.

2-бөлiм. Ағымдағы жағдайды талдау және тиiстi қызмет салаларының (аяларының) даму үрдiстерi

1.1-стратегиялық бағыт. Сапалы бiлiмге қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету

      1.1. Мектепке дейiнгi тәрбиелеу және оқыту


      1.1.1. Реттелетiн саланы немесе қызмет аясын дамытудың негiзгi параметрлерi
      2010 жылы республикада контингентi 446,4 мың баланы құрайтын 6 446 мектепке дейiнгi ұйым (2 261 балабақша және 4 185 шағын орталық) жұмыс iстедi. Бұл мектеп жасына дейiнгi (1 жастан 6 жасқа дейiнгi) барлық балалардың 41,6 %-ын қамтиды.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi» атты Жолдауын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 28 мамырдағы № 488 қаулысымен бекiтiлген Балаларды мектепке дейiнгi тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөнiндегi 2010 – 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы қабылданды. Аталған Бағдарламаның негiзгi мақсаты – халықтың мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту ұйымдарының сапалы қызметiне деген қажеттiлiгiн қанағаттандыру. 2015 жылға дейiн мектеп жасына дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиемен және оқытумен қамту 3 жастан бастап 6 жасқа дейiнгi балалардың жалпы санының 70 %-ына дейiн жеткiзiлетiн болады.

Мектепке дейінгі ұйымдар және ондағы балалар саны



      2008 жылы мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту мазмұнының сапасын арттыру мақсатында Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарты әзiрлендi және бекiтiлдi. Стандарттың негiзгi ережелерi Денсаулық, Қатынас, Таным, Әлеуметтiк орта, Шығармашылық сияқты басты бiлiм беру салалары негiзiнде барлық балалардың тең құқықтылығы, даралығы, баланың дағдыларын дамыту қағидаты ескерiле отырып құрылған.


      Республиканың мектепке дейiнгi ұйымдарында балаларды тәрбиелеу мен оқытудың «Балбөбек», «Қайнар», «Қарлығаш», «Алғашқы қадам» (1 – 3 жас), «Зерек бала» (3 – 5 жас), «Бiз мектепке барамыз» (5 – 6 жас) бағдарламалары iске асырылуда. 2010 жылы аталған бағдарламаларға оқу-әдiстемелiк кешендердi әзiрлеу аяқталды.
      1.1.2. Негiзгi проблемаларды талдау
      Мектепке дейiнгi бiлiмге тең қол жеткiзу қамтамасыз етiлмеген. Республикада балаларды мектепке дейiнгi ұйымдармен қамту 41,3 %-ды құрайды. Бұл көрсеткiш бiздiң ең жақын көршiлерiмiзден (Ресей – 64,5 %) бiраз төмен. Осы ретте елiмiздiң барлық өңiрлерiндегi 1 жастан 6 жасқа дейiнгi 296,7 мыңнан астам бала ұйымдастырылған мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытуды қажет етедi.
      Балабақшалардағы, әсiресе қаладағы мектепке дейiнгi ұйымдардағы топтардың толымдылық нормативi 2 – 3 есе артық.
      1.1.3. Сыртқы және iшкi негiзгi факторларды бағалау
      Сыртқы фактор – Қазақстанда соңғы 20 жылда бала тууды талдау: 1990 жылдан бастап 1999 жылға дейiн бала туудың азаюын, ал 2000 жылдан бастап 2010 жылға дейiн бала туудың өсiмi, орташа алғанда, 13 мың адамға артқанын көрсетiп отыр, ол кейiннен мектепке дейiнгi ұйымдардан орын алуға кезектiң 10 – 11 %-ға артуына себепшi болып отыр.
      Iшкi фактор – 2007 жылдан бастап кезек 56,7 %-ға (185-тен 290 мың адамға дейiн) артты.
      1.2. Мектептегi бiлiм
      1.2.1. Реттелетiн саланы немесе қызмет аясын дамытудың негiзгi өлшемдерi 2010 – 2011 оқу жылында жалпы саны 2 486,4 мың баланы қамтитын 7 516 күндiзгi жалпы бiлiм беретiн мектеп жұмыс iстейдi. 2007 жылы республикалық бюджет есебiнен 27,1 мың оқушы орнына арналған 52 мектеп, 2008 жылы – 40,5 мың орындық 60 мектеп, 2009 жылы – 35,7 мың орындық 56 мектеп, 2010 ж. – 36,95 мың орындық 48 мектеп.
      Негiзгi және бейiндi мектептердiң бiлiм беру мазмұнын анықтау жөнiндегi жұмыстар жалғасуда. Бастауыш бiлiм берудiң жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарты (бұдан әрi – МЖБС) және 12 жылдық оқытудың мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандартының негiзгi ережелерi бекiтiлдi. Мазмұны құзыреттiлiкке қол жеткiзуге, мектептiң әр деңгейi үшiн оқу жоспарындағы пәндердiң орындарын анықтауға ықпал ететiн 12 жылдық бiлiм берудiң оқу пәндерiнiң құрамы анықталды. 12 жылдық оқытуға көшу үшiн эксперимент республиканың 104 мектебiнде ұйымдастырылды, оның iшiнде 45 ауылдық, 59 қалалық мектепте. 2010 – 2011 оқу жылдары бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде аптасына бiр сағат көлемiнде «Өзiн-өзi тану» пәнi енгiзiлдi. Бiлiктiлiгiн арттыру және қайта даярлау курстарынан 23 268 педагог өткен, оның iшiнде мектепке дейiнгi ұйымдардың 5 178 педагогi. Қазiргi кезде мектепке дейiнгi бiлiм беру ұйымдарында 2 759, жалпы бiлiм беретiн мектептерде 5 671 «Өзiн-өзi тану» арнайы кабинетi қалыптасқан.
      2010 жылы 1 920 оқу әдебиетi аталымына сараптау жүргiзiлдi. 12 жылдық мектептiң эксперименталдық сыныптары үшiн қазақ және орыс тiлдерiнде 34 оқулық және 78 оқу-әдiстемелiк кешен (бұдан әрi – ОӘК), «Өзiн-өзi тану» бойынша 35 аталым, 9 электронды оқулық әзiрлендi. 2010 жылы алыс және жақын шетелдердегi қазақ диаспорасының балалары үшiн 16 420 оқулық және 7 383 ОӘК қайта басылды және жеткiзiлдi. Республикалық мектептерге 3-сынып үшiн қайта басылған 2 188 оқулық пен 382 ОӘК, 5-сынып үшiн 3 975 оқулық пен 1 411 ОӘК және 10-сынып үшiн 38 250 оқулық пен 5 968 ОӘК жеткiзiлдi.
      Республиканың жалпы орта бiлiм беретiн мектептерiнде 275 655 педагог еңбек етедi. Олардың 239 861-iнiң (87 %) жоғары бiлiмi, 32 713-iнiң (11,9 %) орта кәсiптiк бiлiмi бар. Жоғары санатты мұғалiмдер саны – 40 920 (14,8 %), бiрiншi санаттысы – 84 721 (30,7 %). Мұғалiмдердi, басқарушыларды, әдiскерлердi қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша жүйелi жұмыс жүргiзiлуде. 2010 жылы бiлiктiлiктi арттыру және қайта даярлау курстарынан 80 мыңнан астам педагог өттi.
      Орта бiлiмнiң қолжетiмдiгiн және сапасын қамтамасыз ету үшiн бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жақсартылды, оның iшiнде ауылдық жерлерде.
      Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 2005 жылдан бастап республика мектептерi республикалық бюджет есебiнен пәндiк, лингафондық-мультимедиалық кабинеттермен (бұдан әрi – ЛМК) жарақтандырылған. 2005 жылдан бастап 3 450 ЛМК сатып алынған: 2005 жылы – 802, 2006 жылы – 515, 2007 жылы – 732, 2008 жылы – 483, 2009 жылы – 459, 2010 жылы – 459. Олардың көмегiмен балалар қазақ, орыс және шетел тiлдерiн оқып үйренуде.
      2006 жылдан бастап 2059 физика кабинеттерi сатып алынған: 2006 жылы – 613, 2007 жылы – 746, 2008 жылы – 700.
      2009 жылы 580 биология кабинеттерi, 2010 жылы – 569 биология кабинеттерi сатып алынған.
      Мектептердiң материалдық-техникалық базасын нығайту жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердiң оқыту сапасын жақсартты. Қазақстан әлемнiң 43 елiмен бiрге математика және жаратылыстану пәндерi бойынша 4-сынып оқушыларының бiлiмдерiн бағалау жөнiндегi TIMSS-2007 (Third International Mathematics and Science Study) халықаралық салыстырмалы зерттеуiне қатысты. Зерттеуге 141 мектептен 3,99 мың оқушы қатысты. Қазақстанның нәтижелерi (549 балл) төрт елдiң нәтижелерiнен төмен, алайда орташа халықаралық балдан едәуiр жоғары.
      15 жасар оқушылардың мәнерлеп оқу, математика және жаратылыстану саласындағы сауаттылықтарын бағалау мақсатында Қазақстан алғаш рет PISA (Programme for International Student Assessment) 2009 халықаралық зерттеуiне қатысты. Зерттеуге 200 бiлiм беру ұйымының 5,59 мың бiлiм алушысы қатысты.
      Соңғы екi жылда қазақстандық командалар физика және химия пәндерi бойынша халықаралық олимпиадаларда әлемнiң ең үздiк 15 елiнiң iшiне тұрақты енген.
      Қазақстан оқушыларының халықаралық олимпиадаларда жеңiп алған медальдарының саны жыл сайын өсуде. Тек 2009 жылы 544 награда жеңiп алынды, оның iшiнде 131 алтын, 191 күмiс және 202 қола медаль және 20 грамота. 2010 жылдың 11 айы iшiнде республиканың құрама командалары 599 медаль мен 22 грамотаға қол жеткiздi, оның iшiнде 168 алтын, 201 күмiс, 230 қола медаль бар.
      Сонымен қатар, қазақстандық оқушылар 2004 жылдан бастап «Қашықтықтан өткiзiлетiн Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадасы» және «Қашықтықтан өтетiн Жiбек жолы математикалық олимпиадасы» атты қашықтықтан өткiзiлетiн халықаралық олимпиадаларға қатысып келедi. Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика университетiмен жасалған шартқа сәйкес Информатикадан бiрiншi Еуразиялық интернет-олимпиада өттi.
      Елiмiздiң жас интеллектуалдарының халықаралық математика олимпиадаларындағы жеңiстерi 2010 жылы Қазақстанның ТМД елдерiнiң арасында алғашқы болып мерейтойлық 51-Халықаралық математика олимпиадасын өткiзуiне ықпал еттi. Әлемнiң 98 елiнiң өкiлдерi қатысқан ең беделдi интеллектуалдық сайыста қазақстандық команда 5-орынды иелендi.
      Қазақстан Республикасындағы орта бiлiм беру жүйесiн жаңғыртуға ықпал ететiн негiзгi жобалардың бiрi «Назарбаев Зияткерлiк мектептерi» жобасы болып табылады. Аталған мектептер балабақшаға арналған оқу-тәрбие бағдарламаларын, мектепалды және 12 жылдық оқытудың бiлiм беру бағдарламаларын әзiрлеу, енгiзу, сынақтан өткiзу бойынша басты алаң болып табылады. 2012 жылы республика аумағында 20 мектеп жұмыс iстейтiн болады. Бүгiнгi таңда контингентi 3 730 оқушыны құрайтын 6 мектеп жұмыс iстейдi: Астана, Семей, Көкшетау және Талдықорған қалаларында физика-математикалық бағыттағы 4 зияткерлiк мектеп, Өскемен және Астана қалаларында химия-биологиялық бағыттағы 2 зияткерлiк мектеп.
      Ұсынылатын бiлiм қызметiнiң сапасын жақсарту мақсатында 2007 жылдан бастап бiлiм беру ұйымдарының оқу процесiне «Он-лайн оқыту жүйесi» жобасы аясында 5 пәндiк кабинет кешенiн қамтитын көп функционалды интерактивтiк жабдық енгiзiлдi. Оның екеуi математика, тарих, география, астрономия пәндерi бойынша сабақ өткiзуге мүмкiндiгi бар әмбебап болып табылса, үшеуi пән кабинеттерi – физика, химия, биология. Жобаның iске асуы 2007 – 2009 жылдарға арналған. Жоба мектептердiң лимитсiз кең жолақты интернетке қол жеткiзуiн қамтамасыз еттi.
      2007 – 2009 жылдары жоғарыда аталған үлгiдегi интерактивтiк жабдық республикалық бюджет есебiнен 1 721 мектепке орнатылған.
      Қазiргi уақытта бiр компьютерге 18 оқушыдан келедi. Интернет желiсiне 98 % мектеп, оның iшiнде 97 % ауылдық мектеп қосылған, кең жолақты интернетке мектептердiң 34 %-ы қол жеткiзген.
      2001 жылдан бастап қазақ және орыс тiлдерiнде электрондық оқулықтарды әзiрлеу жүргiзiлуде. Қазiргi уақытта мектеп мазмұнындағы 90 % пән сандық форматқа көшiрiлген.
      Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың басым бағыты өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесiн дамыту болып табылады. Республикада 620 қосымша бiлiм беру ұйымы балалардың шығармашылық дамуын қамтамасыз етедi. Әр бесiншi мектеп оқушысы қосымша бiлiм беру ұйымында оқиды.
      Республика бойынша 5 431 жалпы бiлiм беретiн мектептiң спорт залдары бар. Оның iшiнде стандарттық спорт залдары мен спорт жабдықтары бар мектептердiң үлесi 72 %-ды құрайды.
      1.2.2. Негiзгi проблемаларды талдау
      Жұмыс iстеп жатқан жалпы бiлiм беретiн мектептердiң материалдық-техникалық жағдайы қазiргi заманғы талаптарға сай емес: 7 516 мектептiң жалпы санының 65,8 %-ы типтiк ғимараттарда орналасқан, 34,2 %-ы – бейiмделген ғимаратта, 65,7 % мектеп екi ауысымда оқиды, ал 84 мектеп – үш ауысымда. Мектептердiң 83,7 %-ы 1990 жылға дейiн, ал 34,7 %-ы 1970 жылға дейiн салынған. 254 мектеп апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасқан. Мектептердiң 23,1 %-ы күрделi жөндеудi қажет етедi.
      12 жылдық бiлiм беру шеңберiнде мектепке баратын балалар үшiн мектептерде ойын және демалыс бөлмелерiн жабдықтау қажет.
      Сапалы бiлiммен қамтамасыз ету және әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне ену мақсатында бiлiм беру мазмұнын жаңарту қажет. Оның iшiнде бастауыш, негiзгi орта және жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандартын жаңарту, оқу бағдарламаларын әзiрлеу, педагогтердiң оқу жүктемесiн азайту, оқу пәндерiнiң мазмұнын (пәндердi кiрiктiру), кадрлық, қаржылық, материалдық-техникалық және басқа да шарттарды, нормалар мен нормативтердi қайта қарастыру.
      Республикада 4 225 шағын жинақты мектеп (бұдан әрi – ШЖМ) бар, олар барлық мектептер санынан алғанда 56,2 %-ды (ауылда – 4 075 ШЖМ) құрайды. ШЖМ-да 397 538 оқушы оқиды, 72 853 мұғалiм жұмыс iстейдi. Соңғы 15 жылда негiзгi ШЖМ-ның саны екi есеге өстi. ШЖМ-ның проблемалық мәселелерi болып оқушылары аз сыныптардың, бiрiктiрiлген сыныптардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың аз қолданылуы, мұғалiмдi даярлауда мамандандырудың тар бейiндiлiгi (бiрпәндiлiк) алудың, толық оқу жүктемесiмен қамтамасыз етудiң мүмкiн еместiгi, ШЖМ-ның жартысына жуығының ыңғайластырылған үй-жайларда орналасуы.
      Республикалық бiлiм беру ұйымдарының және республикалық ауруханалар жанындағы мектептердiң оқушылары, алыс және жақын шетелдегi қазақ диаспорасының, Байқоңыр қаласының қазақ тiлiнде оқытатын бiлiм беру ұйымдарының балалары республикалық бюджет есебiнен қамтамасыз етiледi.
      Назарбаев Зияткерлiк мектептерiнiң орта бiлiм беру мазмұны қазақстандық бiлiм берудiң озық дәстүрлерi мен халықаралық үздiк тәжiрибелердi есепке ала отырып жаңартуды қажет етедi. Үш тiлдi меңгерудiң және бейiндi пәндердi ағылшын тiлiнде оқытудың жаңа талаптары мектеп педагогтерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруда жаңа тәсiлдердi талап етедi. Дарынды балаларға арналған бейiндiк пәндер бойынша (физика, математика, химия, биология, информатика) қазақстандық оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендер жоқ.
      Мұғалiмдердiң сапалық құрамының төмен болуы: педагогтердiң жалпы санынан 14,8 %-ы жоғары санатты, 30,7 % – бiрiншi санатты.
      Жұмыс iстейтiн әрбiр бесiншi мұғалiм 50 жаста және одан үлкен. Педагогтердiң жалпы санынан 13,2 %-ының еңбек өтiлi 3 жылға дейiн. Жыл сайынғы жас кадрлардың келуi небәрi 2,6 %-ды құрайды.
      Қоғамның әл-ауқатының өсуiне қарай бiлiм беру жүйесiне қойылатын талап та артуда. ЮНЕСКО-ның ұсынымдарына сәйкес тұрақты даму үшiн бiлiм беруге жұмсалатын шығыстар iшкi жалпы өнiмден (бұдан әрi – IЖӨ) 6 – 7 %-ды құрауы тиiс. Ал Қазақстанның шығысы ЖIӨ-нiң 4 %-ынан аспайды.
      Қазақстанда бiр оқушыға шаққандағы шығыс Қытай, Түркия, Ресей сияқты үшiншi топтағы (ЖIӨ жан басына шаққанда 10 мың АҚШ долларынан кем емес елдер) елдердiң орташа шығысынан төмен.
      Екiншi топтағы (ЖIӨ жан басына шаққанда 10 мыңнан 20 мыңға дейiнгi АҚШ долларын құрайтын елдер) – Испания, Корей, Чехия, Израиль және бiрiншi топтағы (ЖIӨ жан басына шаққанда 20 мың АҚШ долларынан артық елдер) – АҚШ, Жапония, Люксембург, Австралия елдерiнiң шығыстарымен салыстырғанда анағұрлым айырмашылық бар.
      Жалпы бiлiм беретiн мектептердiң спорт залдарының 13,5 %-ы ыңғайластырылған болып табылады. 26,4 % мектептердiң спорт залдары жоқ. Мектеп жасына дейiнгi балалардың 30 %-ының немесе 250 мыңнан астамының дене дайындықтары нашар. Спорт залдарының болмағандығынан мектептердiң 89 %-ында дене шынықтырудың үшiншi сағаты енгiзiлген, ал 46 %-ында ұлдар мен қыздар бөлек оқытылады. Оқу мекемелерiнде спорт залдарының бос болмауына байланысты оқушылардың 20 %-ы ғана спорттық секциялармен қамтылған.
      Басқа мемлекеттермен (30 – 50 %) салыстырғанда балаларды қосымша бiлiммен қамту төмен (21,6 %). Материалдық-техникалық база төмен: қосымша бiлiм беру ұйымдарының 71 %-ы ынғайластырылған үй-жайларда орналастырылған, ал 10 ғимарат апатты жағдайда.
      Бiлiм беру ұйымдарында АТ қызметкерлерi болмағандықтан, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан әрi – АКТ) әкiмшiлендiру, алып жүру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерi, көбiнесе, информатика пәнiнiң мұғалiмдерiне жүктеледi. Электрондық оқыту жүйесiн қолдану осы процестердiң бүкiл қатысушыларымен өзара iс-қимыл жасау кезiнде оны нақты оқу процесiне бiрiктiргенде ғана нәтиже бередi.
      Мектептiк тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесiнде Жалпы оқыту қорынан шығыстарды қаржыландыру бойынша елеулi өңiрлiк айырмашылық байқалуда. Мысалы, Маңғыстау облысында 2009 жылы 89 %, Жамбыл облысында – 76 %, Павлодар облысында – 75 %, Қызылорда облысында – 69 %, Оңтүстiк Қазақстан облысында – 77 % болса, Алматы облысында бар болғаны – 20 %, Атырау облысында – 29 %, Шығыс Қазақстан облысында – 39 %.
      2010 жылы аз қамтылған отбасылардан шыққан баланың 20 %-ы, бастауыш сынып оқушыларының 55 %-ы ыстық тамақпен қамтылмаған. Жалпы оқу қорынан бөлiнген қаражат көлемiнiң төмендiгi көбiнесе мектеп оқушыларының физиологиялық нормалары мен энергиялық және тағамдық заттарға қажеттiлiктерiн ескере отырып, олардың сапалы және теңгерiмдi тамақтануын қамтамасыз етпейдi. Сондықтан, оқушылардың 50 %-ы әртүрлi паталогияларға және әрбiр сегiзiншi бала мектеп асханаларындағы бiр мезгiл және қауiпсiз емес жиынтықтан, тозған және қуат шығындайтын жабдықтардағы ыдыстардан тамақ iшетiн болғандықтан асқазан-iшек ауруларына шалдыққан.
      Мектептерi жоқ елдi-мекендерде тұратын 8 997 оқушыға тасымалдау ұйымдастырылмаған. Нәтижесiнде балалар күн сайын шалғайдағы мектептерге жету үшiн бiрнеше сағат уақыттарын жоғалтады.
      Тасымалдау ұйымдастырылған мектеп автобустарында қауiпсiз және жайлы жеткiзу проблемалары бар. Автобустың техникалық жағдайлары, жанар-жағар майларды және материалдардық шығыстарды қамтамасыз ету бойынша мәселелер толық көлемде шешiлмеуде.
      1.2.3. Негiзгi сыртқы және iшкi факторларды бағалау
      Сыртқы факторлар:
      Өңiрлердi дамытудың демографиялық, көшi-қон, экономикалық факторларының әсерi.
      Бiлiм беру объектiлерiн пайдалануға енгiзу мерзiмдерiнiң бұзылуы.
      Мұғалiм кәсiбi беделiнiң төмендеуi.
      Мектеп ғимараттарының 15,6 %-ы пайдаланудың шектi мерзiмiнен (құрылыстың типiне байланысты 20 жыл және одан да жоғары) асып кеткен және апатты жағдайда болуы мүмкiн. Апатты жағдайдағы мектептердiң орнына жаңа мектептер құрылысы жүрiп жатқанына қарамастан (2009 жылы апатты жағдай мәселесi 46 мектепте шешiлдi), олардың саны азаймай отыр. Жыл сайын апатты жағдайдағы мектептер анықталады.
      Бiлiм берудiң жаңа моделiн енгiзу кезеңiнде бiлiм беру саясатының өзгеру тәуекелi: 12 жылдық оқытуға көшудiң мерзiмi мен көшу кезеңдерiнiң және 12 жылдық оқыту құрылымының өзгеруi мүмкiн, бұл 12 жылдық мектептiң МЖБС-ын енгiзу үшiн қауiп төндiрiп отыр.
      ЖҚМ үшiн – көшi-қон жағдайы, елдi мекендердiң алыстығы.
      Бiлiм беру ұйымдарында iшкi ақпараттық инфрақұрылым дамуының төмендiгi.
      Балалардың денсаулығының нашарлауы, салауатты өмiр салты дағдыларының жоқтығы.
      Жергiлiктi атқарушы органдардың қосымша бiлiм беру ұйымдарының желiсiн дамытуға қызуғышылық танытпауы.
      Қазiргi заманғы технологиялары бар, мектеп тамағын сапалы дайындауға мүмкiндiк беретiн өндiрiстi ұйымдастыру, басқару және бақылау мектептiк тамақтандыру өндiрiсiнiң болмауы. Оқушылар мен олардың ата-аналарының арасында дұрыс тамақтануды насихаттау жөнiндегi PR iс-шараларының және материалдарының жеткiлiксiздiгi.
      Iшкi факторлар:
      2015 жылдан бастап оқушылар контингентiнiң артуы күтiлуде. Бастауыш сыныпқа балаларды 6 жастан бастап қабылдау жүзеге асырылады. Бұл балаларды жас ерекшелiгiне қарай оқытуда жағдай жасауды қажет етедi, сондай-ақ мектепке бiраз салмақ түсiредi.
      12 жылдық оқыту бойынша – материалдық-техникалық базаның нашарлығы, ШЖМ педагог кадрлармен жеткiлiксiз қамтамасыз етiлуi.
      Бiлiм беру ұйымдары оқушыларының оқулықтармен және ОӘК-мен толық қамтамасыз етiлмеуi.
      Педагогтердiң бiр бөлiгiнiң дайындық деңгейiнiң төмендiгi, өздiгiнен бiлiм алуға және кәсiби деңгейiн өсiруге ұмтылудың жеткiлiксiздiгi.
      Назарбаев Зияткерлiк мектептерi бойынша – елiмiзде бiлiктi кадрлардың жетiспеуi.
      Интернет желiсiне қосылу жылдамдығының жеткiлiксiздiгi электрондық оқыту желiсiн пайдаланушылардың санын азайтады және бiлiм беру ресурстарына қол жеткiзуге кедергi жасайды. Электрондық ресурстарды әзiрлеу үшiн кәсiби даярлықтың жеткiлiксiздiгi және педагог кадрлардың бойында уәждеменiң жоқтығы.
      Мектептердiң спорт залдарының толықтығы.
      Қосымша бiлiм беру ұйымдарының материалдық техникалық базасының нашарлығы, кадрлардың жетiспеушiлiгi.
      1.3. Техникалық және кәсiптiк бiлiм
      1.3.1. Реттелетiн саланы немесе қызмет аясын дамытудың негiзгi параметрлерi
      Қазақстан Республикасында 2010 жылы техникалық және кәсiптiк бiлiмнiң (бұдан әрi – ТжКБ) 882 оқу орны, оның iшiнде 322 кәсiптiк лицей, 560 колледж жұмыс iстейдi. Оның iшiнде 168 оқу орны (немесе 19,7 %) ауылдық жерлерде орналасқан. Индустриалық-инновациялық дамыту (бұдан әрi – ҮИИД) жобаларына кадрлар даярлауға 543 ТжКБ оқу орны қамтылған.
      ТжКБ оқу орындарында 609,0 мың адам, оның iшiнде 221,0 мың адам (немесе 36,3 %) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша бiлiм алады. Техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң бiлiктi мамандарын даярлау 177 мамандық пен 416 бiлiктiлiк бойынша жүзеге асырылады.
      ТжКБ жүйесi бойынша негiзгi көрсеткiштер

Көрсеткiштер

2007 ж.

2010 ж.

Бiлiм алушылар саны, мың адам

558,7

609,0

Техникалық мамандықтар бойынша бiлiм алушылардың саны, мың адам,

136,8

173,5

бiлiм алушылардың жалпы санынан %

24,4

28,5

Оқу орындарының саны

830

882

Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi мен халықаралық ұйымдардың арасында қол қойылған келiсiмдер (меморандумдар), бiрлiк

0

32

Мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарын халықаралық талаптарға сәйкес әзiрлеу, бiрлiк

0

230

Жұмыс берушiлер мен халықаралық ұйымдардан тартылған қаражат саны, млн. доллар

0

28,8

Оқу орындары, кәсiпорындар мен ұйымдар арасында қол қойылған келiсiмдердiң саны, бiрлiк

2,7

16,8

ТжКБ оқу орындарының шетелдерде бiлiктiлiгiн арттырудан өткен педагогикалық қызметкерлерiнiң саны, бiрлiк

0

420

Сапаны тәуелсiз бағалау (қатысушылар саны), бiрлiк

2496

105522

Материалдық-техникалық базаны нығайту, млрд. теңге

1,7

4,9

Оқу орындарын күрделi жөндеу, млн. теңге

471,5

6785,0

Орнатылған интерактивтi оқу жабдықтарының саны, бiрлiк

0

469

      Соңғы екi жылда 3 кәсiптiк лицей салынды.
      Атырау қаласында мұнай-газ саласы үшiн кадрларды даярлау және қайта даярлау өңiраралық орталығының
      Екiбастұз қаласында отын-энергетика саласы үшiн техникалық және қызмет көрсету еңбегi кадрларын даярлау және қайта даярлау жөнiндегi өңiраралық орталығының
      Астана қаласында 800 оқушы орындық, Оңтүстiк Қазақстан облысы Бәйдiбек ауданының Шаян ауылында 360 оқушы орындық кәсiптiк лицейлердiң
      Өскемен қаласында машина жасау саласы үшiн техникалық және қызмет көрсету еңбегi кадрларын даярлау және қайта даярлау жөнiндегi өңiраралық орталығының құрылыстары жүргiзiлуде.
      Шымкент қаласында өңдеу саласы үшiн техникалық және қызмет көрсету еңбегi кадрларын даярлау және қайта даярлау жөнiндегi Өңiраралық орталықтың құрылысын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзiрленiп, «Мемэкспертиза» РМК-ың Оңтүстiк филиалында сараптамадан өтуде.
      2007 – 2009 жылдар кезеңiнде:
      - «Аджип ККО», «ҚазМұнайГаз» ҰК»  АҚ, «Теңiзшевройл» ЖШС» БК, «KEGOK» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанынан техникалық және қызмет көрсету еңбегi мамандарын даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi қазiргi заманғы оқу орталықтары;
      - Техникалық және кәсiптiк бiлiмдi дамыту және бiлiктiлiктi берудiң республикалық ғылыми-әдiстемелiк орталығы. Ол нормативтiк-әдiстемелiк негiздердi жасаумен және жұмыс берушiлермен бiрлесiп еңбек нарығының талаптарына сәйкес мамандардың кәсiби дағдыларын және бiлiктiлiк деңгейiн тәуелсiз бағалау жүйесiн енгiзумен айналысады. 2007 – 2009 жылдары республиканың 850 оқу орнының 105,5 мың бiтiрушiсiн қамти отырып, ТжКБ-ның 125 мамандығы бойынша кәсiби даярлық пен бiлiктiлiк беру деңгейiн бағалау бойынша бiтiрушi курстардың бiлiм алушыларына тестiлеу жүргiзiлдi;
      - ТжКБ жүйесi қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi 6 өңiраралық орталық (Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Щучье және Шымкент қалаларында). Соңғы жылдары аталған орталықтарда ТжКБ жүйесiнiң 2000-ға жуық педагог қызметкерi бiлiктiлiгiн арттырды.
      - Жұмыс iстеп тұрған оқу орындарының базасында индустриялық-инновациялық дамыту жобалары бойынша кадрларды даярлау жөнiндегi базалық орталықтар құрылуда: ет-сүт өнiмдерiн қайта өңдеу үшiн – Ақмола облысының Катаркөл аулындағы Ауыл шаруашылық колледжiнiң базасында, автомеханика бойынша – Алматы қаласының № 6 кәсiптiк лицей базасында, металл өңдеу бойынша – Қарағанды қаласының № 15 кәсiптiк лицей базасында.
      Соңғы 3 жылда кәсiптiк лицейлердiң және колледждердiң оқу-өндiрiстiк шеберханалары мен зертханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту проблемасы шешiле бастады (жергiлiктi бюджет (бұдан әрi – ЖБ), республикалық бюджет (бұдан әрi – РБ), жұмыс берушiлер қаражаты есебiнен). «Өзiн-өзi тану» кабинеттерiн алуға республикалық бюджет есебiнен 14,5 млн.теңге бөлiндi.
      2007 – 2009 жылдары ТжКБ оқу орындарының материалдық-техникалық базасы 4,9 млрд. теңге сомасына жаңартылды. Бүгiнгi күнге дейiн ТжКБ оқу орындарының 31 %-ы қазiргi заманғы жабдықтармен жарақтандырылды.
      Халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiмен (бұдан әрi – Еңбекминi) және ұлттық компаниялар өкiлдерiмен бiрлесiп, 2008 жылы Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнiң кәсiптерi мен мамандықтарының жiктеуiшi әзiрлендi және бекiтiлдi.
      2008 – 2010 жылдары 230 мамандық бойынша МЖБС, 224 мамандық бойынша бiрiктiрiлген бiлiм беру бағдарламалары, ТжКБ мамандықтары бойынша 1 430 үлгi оқу бағдарламасы әзiрлендi және бекiтiлдi. 2010 жылы индустрия жобаларының сұранысы бойынша 86 мамандық бойынша МЖБС, 65 мамандық бойынша оқу бағдарламалары, 710 ТжКБ мамандықтары бойынша типтiк оқу бағдарламалары әзiрлендi.
      2007 – 2010 жылдары ТжКБ оқу орындарының 18 мың педагог қызметкер бiлiктiлiгiн арттыру курсынан өттi, оның iшiнде ҮИИД мамандықтары бойынша 2010 жылы 7 мың педагог қызметкерлер. Республикалық бюджет есебiнен кәсiптiк лицейлерге 116 шетел ағылшын тiлдерiнiң оқытушылары тартылды.
      Мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы негiзiнде оқитын студенттерге қаржылық көмек көрсету мақсатында стипендияның көлемiн арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Осылайша, 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап колледждерде мемлекеттiк бiлiм тапсырысы негiзiнде оқитын бiлiм алушыларға стипендияның көлемi 6000 теңгеден 7500 теңгеге, 2010 жылы 7500 теңгеден 9375 теңгеге өстi, 2011 жылы стипендияның көлемi 9375 теңгеден 12188 теңгеге дейiн өседi.
      Кадрларды даярлауда нақты әрiптестiк қатынастар орнату – ТжКБ жүйесiнiң басты мiндеттерiнiң бiрi. 2007 – 2010 жылдары Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi (бұдан әрi – БҒМ), iрi компаниялар, әкiмдiктер: «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темiр жолы», «Қазақтелеком», «Қазақмыс», «Казинжиниринг», «Қазпошта» АҚ және т.б. арасында 32 меморандум, келiсiм жасалды.
      2008 жылы Еңбекминi, БҒМ мен «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы» заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң (бұдан әрi – «Атамекен» Одағы» ҰЭП) арасында 2008 – 2010 жылдарға арналған бәсекеге қабiлеттi кадрларды қалыптастыру туралы Ұлттық Пактiге қол қойылды.
      2009 жылы БҒМ, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiктерi мен «Атамекен» Одағы» ҰЭП арасында Техникалық және кәсiптiк бiлiмдi қолдау қорын құру туралы меморандумға қол қойылды.
      Өңiрлердегi оқу орындарында 16,8 мыңнан астам компаниялармен және кәсiпорындармен келiсiм-шарттар жасалды, оның iшiнде жаңа ашылған кәсiпорындармен кадрлар даярлауға 61 шарт жасалды (мысалы, «Тара металлургиялық зауыты», «Электрлиздiк зауыт», «Терi өндiрiс» және т.б., нәтижесiнде 831 адам даярланып және еңбекпен қамтылды).
      Келiсiмдер шеңберiнде бiлiм алушыларға практикадан өту үшiн 97 мың жұмыс орны ұсынылды.
      2009 жылы 24 жетекшi оқу орны Ұлыбританияның атақты колледждерiмен, оның iшiнде 14 колледж Кембридж өңiрлiк колледжiмен ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қойды.
      Халықаралық ынтымақтастық шеңберiнде ТжКБ-ның 440-тан астам қызметкерi шетелде бiлiктiлiктерiн арттырды.
      БҒМ Еңбек министрлiгiмен бiрлесiп, ҮИИД жобасын iске асыру үшiн қажеттiлiктерге талдау жасалды. 2010 жылға арналған Қазақстанды индустрияландыру картасы жобасын iске асыру үшiн негiзiнен мынадай кәсiптер бойынша жұмысшыларға сұраныс бар: түрлi бейiндегi слесарь, жабдықтарды жөндеушi, құрылысшы, механик, жүк көлiгiнiң жүргiзушiсi, мамандандырылған техника машинисi, дәнекерлеушi, электромонтажшы, электрик, металлург, темiр жол көлiгi жұмыскерi, металл өңдеушi станоктарда жұмыс iстеушi, машина жасау операторы мен технигi, туристiк индустрия, ақпараттық технологиялар қызметкерi.
      Еңбекминiнiң мәлiметi бойынша 2010 – 2014 жылдарға арналған экономиканың кадрларға деген жалпы сұранысы 287 мың адамды құрайды. Олардың iшiнде ҮИИД жобалары үшiн – 108 мың.
      2010 – 2014 жылдары ТжКБ оқу орындарында 224,6 мың маман дайындалады.
      Еңбекминистрлiгiнiң мәлiметi бойынша 2010 жылы экономиканың кадрларға деген жалпы сұранысы 47 831 адамды құрады, оның iшiнде салалар бойынша индустрияландыру картасына қосылған жобалар бойынша 24 401 адам. ТжКБ оқу орындарынан аталған салалар бойынша 58 316 техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң кадрлары бiтiрiп шықты.
      Жол картасын iске асыру шеңберiнде қазақстандық кадрлармен шетел жұмыс күшiн алмастыру үшiн мамандар даярлау және қайта даярлау қарастырылған. 2009 жылы оқумен 95,6 мың адам қамтылған, олардың жұмысқа орналасқаны – 41,0 мың адам, 20,2 мың адам оқуды жалғастыруда. 2010 жылы 71,0 мың адам даярлау және қайта даярлау қамтылған.
      1.3.2. Негiзгi проблемаларды талдау
      ТжКБ-ның 70 %-ға жуық оқу орны ескiрген жабдықтарды пайдаланып жұмыс iстеуде.
      ТжКБ жүйесiнде бiлiм алудың жастар үшiн тартымдылығы мен беделi жоқ.
      Қаржыландыру көлемi төмен күйiнде қалып отыр – ЖIӨ-ден 0,3 %. ТжКБ оқу орындарында 600 мыңнан астам бiлiм алушы немесе елдiң бiлiм беру жүйесiндегi барлық бiлiм алушылар санынан 13 % адам бiлiм алады.
      Мамандардың бiлiктiлiк деңгейiне қойылатын бiлiктiлiк талаптары жаңартуды талап етедi, өйткенi олар өндiрiстiң жаңа технологияларына сәйкес келе бермейдi.
      Сала кадрларын даярлау сапасын басқарудың негiзгi тетiктерiнiң бiрi – жұмыс берушiлердiң өздерiнiң бiлiктiлiктi тәуелсiз бағалауы, яғни мамандарды сертификаттау. Барлық салаға мамандардың бiлiктiлiктерiн сертификаттау жүйесiн енгiзу қажет.
      Өндiрiсте тағылымдамадан өту және оқытушылардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесi қазiргi заманғы талаптарға жауап бермейдi. Инженерлiк-педагогикалық қызметкерлер мәртебесiнiң төмендiгi жоғары бiлiктi кадрларды тартуға мүмкiндiк бермейдi.
      Сондай-ақ, елдiң индустриалдық-инновациялық дамуы үшiн кәсiби кадрларды даярлауға қажеттiлiктi қамтамасыз етуге кедергi келтiретiн бiрқатар проблемалар бар:
      - ұзақ мерзiмдi кезеңге кадрларға деген қажеттiлiктi болжау жүзеге асырылмайды, оның iшiнде ҮИИД жобалары бойынша;
      - жұмыс берушiлердi кадрлар даярлауға тарту үшiн нормативтiк-құқықтық база жеткiлiксiз;
      - ТжКБ оқу орындарының бiлiм алушыларына кәсiпорындарда өндiрiстiк практика мен тағылымдама ұйымдастыру мәселесi шешiлмеген.
      1.3.3. Негiзгi сыртқы және iшкi факторларды бағалау
      Сыртқы факторлар:
      - жұмыс берушiлердiң техникалық және қызмет көрсету еңбегi кадрларын даярлауға қызығушылық танытпауы;
      - жұмыс берушiлер өндiрiстiк практика мен тағылымдамадан өту үшiн қажеттi орындар санын ұсынбаған;
      - жергiлiктi бюджеттен ТжКБ-ны қаржыландыру көлемi жеткiлiксiз;
      - ұзақ мерзiмдi кезеңге арналған кадрларға деген қажеттiлiктердi болжау әдiстемесiнiң жоқтығы;
      - кәсiби даярлықты тәуелсiз бағалау жүйесi барлық мамандықтар бойынша енгiзiлмеген.
      Iшкi факторлар:
      - жекелеген аудандардағы ауыл жастары үшiн техникалық және кәсiптiк оқытудың қолжетiмсiздiгi;
      - материалдық-техникалық базаның нашарлығы;
      - еңбекақы төлеу деңгейiнiң төмендiгiне байланысты инженерлiк-педагогикалық қызметкерлердiң техникалық және кәсiптiк бiлiм жүйесiнен кетуi;
      - оқытушылар мен өндiрiстiк оқыту шеберлерi бiлiктiлiгiнiң жеткiлiксiз деңгейi.
      1.4. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру
      1.4.1. Реттелетiн саланы немесе қызметтер аясын дамытудың негiзгi параметрлерi
      Қазiргi кезде жоғары бiлiм беру саясаты республика экономикасының барлық салалары үшiн құзыреттi және бәсекеге қабiлеттi мамандарды кәсiби даярлаудың жағдайларын қамтамасыз ету, жоғары мектептiң интеллектуалдық әлеуетi мен практикалық-бағдарлық қызметiн күшейту, оны ғылыммен және өндiрiспен ықпалдастыру халықаралық бiлiм беру стандартына сәйкестендiру қажеттiлiгiмен айқындалады.
      2010 жылғы 15 қазандағы жағдай бойынша республикада 148 жоғары оқу орны жұмыс iстейдi (9 ұлттық, 1 халықаралық және «Назарбаев университетi» АҚ, 32 мемлекеттiк, 13 азаматтық емес, 92 жеке меншiк жоғары оқу орны, соның iшiнде 16 акционерленген).
      3НК статистикалық есептiлiгiне сәйкес жоғары оқу орындары студенттерiнiң жалпы контингентi 610,2 мың адамды құрады. Жалпы әлемде 10 мың адамға шаққанда 232 студенттен келедi. Қазақстанда бұл көрсеткiш 422,5 адамды құрайды.
      Жоғарғы оқу орындарындағы профессорлық-оқытушылық құрамның саны 39,2 мың адамды құрайды, оның 41 %-ының ғылыми атақтары бар.
      Қазақстанның жоғары мектебi әлемдiк бiлiм беру деңгейiне қол жеткiзуге және бiртұтас бiлiм беру кеңiстiгiне енуге ұмтылуда. Алға қойылған мақсатқа қол жеткiзу тетiгi Болон процесiнiң параметрлерiн орындау болып табылады, оған Қазақстан Республикасы 2010 жылы наурызда қосылған болатын.
      Қазiрге кезде Қазақстан Республикасында жоғары бiлiм беруде Болон декларациясының негiзгi принциптерi iске асырылуда. Бүкiл азаматтық жоғары оқу орындарында оқыту кредиттiк оқыту технологиясы бойынша жүргiзiлуде, республиканың 37 жоғары оқу орнында екi дипломдық бiлiм беру iске асырылуда, 42-сiнде қашықтықтан оқытылуда.
      Қазақстан Республикасының жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру құрылымы ЮНЕСКО-ның бiлiм берудiң халықаралық стандарттық жiктелiмiне сәйкес келедi. Мамандарды даярлаудың үш деңгейлiк: бакалавр-магистр-PhD доктор моделiне өту толық iске асырылды. Жоғары бiлiм беру сапасын қамтамасыз ету және кепiлдiк беру жүйесi құрылды.
      2009 жылы бакалавриат-магистратура-докторантура бiлiм беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ететiн Жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру мамандықтарының жiктеушi бекiтiлдi.
      Жоғары бiлiм берудiң бәсекеге қабiлеттiлiгi мен сапасы көрсеткiштерiнiң бiрi жоғары оқу орындарының әлемдiк академиялық рейтингтерге енуi болып табылады. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президентi 2010 жылғы қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жоғары оқу орындары әлемнiң жетекшi университеттерiнiң рейтингiсiне енуге ұмтылуы тиiс деп атап өттi.
      2009 жылы бiрiншi рет Қазақстанның бес жоғары оқу орны және 2010 жылы бiр жоғары оқу орны Times Higher Education – QS World University Ranking (Ұлыбритания) халықаралық рейтингiсiне қатысты.
      Болон декларациясы қағидаттарының бiрi сынақ бiрлiк жүйесiн енгiзу болып табылады. Кредиттiк оқыту технологиясын жетiлдiру жұмыстары жалғастырылуда, оның мақсаты кредиттiк бiрлiктiң еуропалық жүйесiмен үйлестiру. Бұл ретте отандық бiлiм берудiң дәстүрлi ерекшелiктерi ескерiледi. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi жалпы еуропалық жүйемен салыстыруға келетiн дипломға Қосымшаны әзiрледi. Аталған жүйе студенттiң бiр жоғарғы оқу орнынан басқасына ауысуы кезiнде оқудағы жетiстiктерiн дұрыс өлшеу мен салыстыру критерийлерiн қамтамасыз ету үшiн қажет. Осыған байланысты ECTS үлгiсi – сынақ балдарын қайта тапсырудың еуропалық жүйесi бойынша сынақ балдары жүйесiн әзiрлеу үшiн жұмыс тобы құрылды.
      Астана қаласында әлемдiк деңгейдегi беделдi жоғарғы оқу орны – «Назарбаев Университетi» жұмыс iстейдi, ол отандық инженерлiк-техникалық және ғылыми кадрларды даярлауға сапалы серпiн жасауды қамтамасыз етедi. Университет бағдарламасының «Назарбаев Зияткерлiк мектебiнiң» орта бiлiм берудiң оқу бағдарламаларымен сабақтастығы қамтамасыз етiлетiн болады.
      Экономикадағы болып жатқан өзгерiстерге икемделу мақсатында мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарының құрылымында оқу бағдарламаларының мазмұнын айқындауда жоғарға оқу орындарының академиялық еркiндiгi кеңейтiлдi: таңдау бойынша компонент көбейтiлдi – бакалавриатта 40 %-дан 50 %-ға дейiн, магистратурада 50 %-дан – 60 %- ға және докторантурада 70-тен 80 %-ға дейiн.
      Жоғары оқу орындары бiлiм беру, ғылым және өндiрiс арасындағы байланыстырушы буын болып табылатын бiлiм берудiң инновациялық инфрақұрылымын дамыту, түрлi бейiндегi ғылыми-инновациялық орталықтар, жаңа технопарктер құру жұмыстарын жүргiзуде.
      2007 жылы 16,67 млн. АҚШ доллары (2 млрд. теңге) сомасындағы республикалық бюджет қаражаты есебiнен 10 инженерлiк бейiндiгi университет зертханасы құрылды. 2008 жылы 8,33 млн. АҚШ доллары (1 млрд. теңге) сомасындағы республикалық бюджет қаражаты есебiнен ашық үлгiдегi инженерлiк бейiндiгi 5 зертхана ашылды. Аталған зертханалардың ғылыми ресурстарын ғылыми орталықтардың, зерттеу институттарының ғалымдары және университеттер оқытушылары пайдалана алады.
      Қазiргi әлемде елдiң әлеуметтiк экономикалық дамуының маңызды субъектiлерi ретiнде университеттердiң миссиясы мен қызметi өзгеруде. Университеттер бiлiм жүйесiнiң ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғамның қозғаушы күшiне айналуы тиiс. Осыған байланысты 2008 жылдан бастап қамқоршылық кеңестер құру, жұмыс берушiлердi басқаруға тарту және жоғары оқу орындарын басқарудың алқалық органдарының қызметiн кеңейту жолымен корпоративтiк менеджмент принциптерi енгiзiлуде.
      Қамқоршылық кеңестер 65 жоғары орнында жұмыс iстейдi. Университеттерде корпоративтiк басқаруды енгiзу Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жүргiзiп отырған ауқымды жұмыстарының бiр бөлiгi болып табылады және ол әкiмшiлiк реформаның принциптерiне сәйкес келедi. Аталған жұмыстар жоғары оқу орындарын басқару жүйесiн демократияландыруға ықпал етедi.
      Институционалдық аккредиттеудiң ұлттық стандарттары мен өлшемдерi бекiтiлдi. 2008 және 2009 жылдары бес ұлттық жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi (бұдан әрi – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетi (бұдан әрi – Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетi (бұдан әрi – Абай атындағы ҚазҰПУ), Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi (бұдан әрi – Л. Гумилев атындағы ЕҰУ), Қазақ ұлттық аграрлық университетi (бұдан әрi – ҚазҰАУ) ASIIN және ACQUIN (Германия), ABET (АҚШ) белгiлi шетелдiк аккредиттеу агенттiктерiмен бiлiм беру бағдарламаларын халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден өткiзу үшiн шарттар жасады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 60 млн. теңгеден астам мөлшерде қаржылық қаражат бөлiндi.
      2010 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ 21 бiлiм беру бағдарламасы бойынша халықаралық аккредиттеуден өттi, соның iшiнде аталған жоғары оқу орындарының өз қаражаттары есебiнен. Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазҰАУ халықаралық аккредиттеу рәсiмiнен өтудi жалғастыруда.
      Сонымен қатар, 2009 жылы Қазақ-Британ техникалық университетi 4 бiлiм беру бағдарламасы бойынша халықаралық аккредиттеуден дербес өттi.
      2009 жылы БҒМ Ұлттық аккредиттеу орталығының (бұдан әрi – ҰАО) аккредиттеу кеңесi 9 қазақстандық жоғары оқу орнын 5 жыл мерзiмге ұлттық институционалдық аккредиттеу туралы оң шешiм қабылдады. 2010 жылдың бiрiншi жартыжылдығында 13 қазақстандық жоғары оқу орны ұлттық институционалдық аккредиттеуден өттi.
      Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттiк тiлдi меңгеру деңгейiн бағалау жүйесiн (ҚАЗТЕСТ) жетiлдiру жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлуде. Тiлдi меңгеру деңгейiн бағалаудың халықаралық жүйесiнiң талаптарына сәйкес тестiлеу тапсырмаларының, өлшем материалдарының нормативтiк негiздерi әзiрлендi. Қазақ тiлiн оқытуды жүйелеу және тiлдi меңгеру деңгейiн бағалау үшiн мемлекеттiк стандарттар бекiтiлдi. Нормативтiк құжаттарға және мемлекеттiк стандарттарға сәйкес сөйлеу қызметiнiң түрлерi бойынша тестiлеу тапсырмаларының базасы қалыптастырылды.
      Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк тiлдi меңгеру деңгейiн бағалау жөнiндегi мемлекеттiк қызмет көрсету жүйесi мен стандарты бойынша тестiлеу жүргiзудiң технологиясы әзiрлендi. 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық стипендиясының үмiткерлерi үшiн тестiлеу жүргiзiлуде.
      1.4.2. Негiзгi проблемаларды талдау
      - Ұзақ мерзiмдi кезеңге арналған кадрлар қажеттiлiгiне болжам жасау жүзеге асырылмайды;
      - Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламасының мазмұны жұмыс берушiлердiң еңбек нарығындағы өзгерiстердi көрсететiн талаптарына толық жауап бере алмайды;
      - Мемлекеттiк бақылаудың қорытындылары бойынша бiрқатар жекеменшiк жоғары оқу орындарының жекелеген мамандықтары бойынша бiлiм беру қызметi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарында белгiленген талаптарға, бiлiктiлiк талаптарына толық сәйкес келе бермейтiнi байқалады. Бiлiм беру саласындағы жергiлiктi атқарушы органдарға мемлекеттiк аттестаттауды жүзеге асыру кезiнде бiрыңғай тәсiл жоқ және бақылау қызметiн орындаудың төмен деңгейi байқалады;
      - Әлеуметтiк әрiптестiк нашар дамыған. Ғылым мен өндiрiстiң байланысы нашар. Бiтiрушiлердi жұмысқа орналастыру, жоғары бiлiм беру стандарттарын жасау процесiне жұмыс берушiлердi тарту, мамандарды әзiрлеу және аттестаттау тетiктерi жоқ.
      Жұмыс берушiлердi кадрлар даярлауға тарту жөнiндегi заңнамалық база жеткiлiксiз.
      - Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы әлсiз, зертханалардың осы заманғы жабдықтармен жарақталу пайызы төмен;
      - Мемлекеттiк жоғары оқу орындары жатақханаларының 77 %-ының салу мерзiмi 25 жылдан жоғары. Оларға ағымдағы жөндеу жүргiзiлген соңғы мерзiмi 1 жылдан 5 жылға дейiнгi аралықты құрайды;
      - Профессорлық-оқытушылық құрамның бiлiктiлiгiн арттыру жүйесi тиiстi деңгейде дамымаған;
      - Диссертациялық зерттеулер шеңберiнде орындалатын ғылыми зерттеулер мен қолданбалы әзiрлемелердiң тиiмдiлiгi және нәтижелiлiгi төмен;
      - Жоғары оқу орындарын кадрлық қамтамасыз етуде жағымсыз үрдiстер орын алған: профессорлық-оқытушылық құрамы жүйелi түрде ұлғайтылмайды, қоса атқарушылық бойынша жұмыс практикаға енгiзiлген, жемқорлық көрiнiстерi орын алған;
      - Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңнамасында аккредиттеудiң құқықтық салдарлары қарастырылмаған. Атап айтқанда: аккредиттелген жоғары оқу орындарын мемлекеттiк аттестаттаудан босату; аккредиттелген жоғары оқу орындарына мемлекеттiк үлгiдегi дипломмен қоса өздерiнiң үлгiсiндегi дипломдарын беру құқығы; аккредиттелген жоғары оқу орындарына мемлекеттiк бiлiм беру тапсырыстарын басым орналастыруды қарастыру; аккредиттелген органдар мен аккредиттелген бiлiм беру ұйымдарының қазақстандық тiркелiмiнiң жоқтығы. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңнамасына тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi.
      - ҚАЗТЕСТ жүйесi шектеулi контингент – «Болашақ» стипендиясының үмiткерлерi үшiн ғана қолданылады.
      1.4.3. Негiзгi сыртқы және iшкi факторларды бағалау
      Сыртқы факторлар:
      - зертханалық жабдықтарды сатып алуға және профессорлық-оқытушылық құрамның бiлiктiлiгiн арттыруға арналған бағдарламалық қаржыландырудың жоқтығы;
      - кәсiби оқытуды жүргiзуге және студенттердiң практикадан өтуiне мүмкiндiк беретiн оқу орталықтарының жоқтығы;
      - кадрлар даярлау үшiн жұмыс берушiлердiң жеткiлiксiз гранттар бөлуi.
      Iшкi факторлар:
      - бiтiрушiлердi жұмысқа орналастыру жөнiндегi қызметтердiң әлеуеттi жұмыс берушiлермен тығыз байланысы жолға қойылмаған;
      - студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамды қолдаудың әлеуметтiк бағдарламасы дамымаған;
      - жоғары оқу орындары ғалымдарының ғылыми бағдарламалар мен жобаларды орындауға қатысу тиiмдiлiгi жеткiлiксiз.
      Жоғары оқу орындары жұмысының айқындығын күшейту, өз қызметiнiң кең көлемi бойынша ақпараттар ұсыну қолайлы бәсекелестiк ортаны қалыптастырады. Бұл ретте жоғары оқу орындары мен неғұрлым тиiмдi бағдарламаларды одан әрi дамытуға ынталандырады. Қоғамдық бақылау және бағалау тетiктерi бұл процестердiң катализаторларына айналады.
      Халықаралық талаптарға сәйкес аккредиттеу рәсiмiн жүргiзу барысында iшкi факторлар ретiнде бiлiм беру ұйымдарының өзiн-өзi бағалауы (өзiн-өзi талдау) қарастылған. Аккредиттелген агенттiктер бiлiм беру ұйымдарының ұсынған есебiнiң (өзiн-өзi бағалау материалдары) негiзiнде сарапшыларды тарту және бiлiм беру ұйымдарына бару арқылы сыртқы бағалауды жүзеге асырады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет