Бақылау сұрақтары:
Тексеру дегеніміз не?
Тексерудің әдістерін атаңыз және сипаттама беріңіз?
Бағалауға қойылатын шарттар қандай?
Бағалаудың жаңа технологиялары қандай?
15-лекция. Тақырыбы: Кіші комплектілі мектептерде оқыту ерекшеліктері
Лекция мақсаты: кіші комплектілі мектептердің ерекшелігін түсіндіру.
Жоспары:
1.Кіші комплектілі мектептерде оқуды ұйымдастыру.
2.Кіші комплектілі мектептерде оқушыларды дифференциялап оқыту.
3.Кіші комплектілі мектепте дүниетану сабағында қолданылатын әдістер
4.Кіші комплектілі мектепте оқушылардың өздік жұмыстарын ұйымдастыру
5.Кіші комплектілі мектептерде топсаяхатты ұйымдастыру.
Лекция мәтіні:
1. Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру жүйесіне көшу ісін жүзеге асыруда бүкіл арнаулы білім беретін мектептердің оқу сапасын онан әрі жақсарту, оқушылардың сауаттылығын арттыру мақсаты және мұғалім қауымына оқыту барысында ізденушілік күшейту міндеттері жүктелді. Бұл салада әсіресе ауыл мектептерінің оқу-тәрбие жұмысын жақсарту, оқушылардың білім деңгейін көтеру назарда тұрған негізгі мәселелердің бірі болатын. Ауыл мектептерінің оқу-тәрбие жұмысында жедел шешімді керек ететін проблемалар жеткілікті еді. Соның бірі-кіші комплектілі мектептердегі бастауыш сыныптың оқу ісімен байланысты туындады.
Кіші комплектілі мектеп ерекшеліктері оқуды ұйымдастыру мәселесінде де,оқытуда әдістемелерді қолдану барысында да байқалып тұрады.
1.Үш не екі сыныпты бір орында қатар оқытқандықтан (көбіне үш сынып қатар оқиды),мұғалім әр сыныптағы оқушылардың білімін анықтауға,жаңа материалды түсіндіруге,олардың сабақ барысындағы оқу әрекеттерін қадағалауға небары 15-20 минут қана уақыт бөле алады.
2.Бір сабақ үстінде мұғалім әртүрлі жастағы,соған сәйкес ой-өрісі,білім дәрежесі,өмір тәжірибесі әртүрлі деңгейдегі оқушылармен жұмыс жүргізіледі.Сонымен қатар,әр сыныппен жұмыс істеу үшін бір сабақ үстінде бірнеше бір пәннен екінші пәнге,бір сыныптан екінші сыныппен жұмыс ұйымдастыруға көшіп,осыған орай оқушылармен қатысты оқу түрлерін де ауыстырып отыруына тура келеді.
3.Кіші комплектілі мектептер көбіне орта мектептерден қашық орналасқандықтан мұғалімнің басқа ұстаздар сабағына қатысып,пікір алысу,тәжірибе алмасу,үлгі алу мүмкіндігі де аз болады
4.Тірек мектептердің аталмыш мектептерден қашықтығына байланысты олардың оқу -тәрбие жұмысына жете басшылық ету,әдістемелік көмек көрсету деңгейі төмен.Бұл айтылғандар кіші комплектілі мектептің географиялық орнымен мұғалімнің жеке іс тәжірибесіне байланысты ерекшеліктері болса сонымен қатар оқуды ұйымдастыруға байланысты ерекшеліктер де бар. Олар мұғалім мүмкіндігі бірнеше сыныпқа қатар бөлінетіндіктен,сабақта оқушылардың өздігінен атқаратын жұмысына негізделіп алатын ұғымды өздігінен іздену нәтижесінде меңгеруі басым болады.
5.Бастауыш сынып оқушыларының зейінінің тұрақсыздығын ескеру де ойдан шықпауы тиіс.Жас баланың,яғни,бастауыш сынып оқушыларының ырықсыз еркі өте басым болатыны белгілі. Әсіресе,бір сынып оқушылары дауыстап оқыған кезде келесі сынып оқушыларының көңілі соған ауып,өз жұмысы орындалмай қалуы ықтимал.
6.Оқушылардың өзіндік жұмысын нәтижелі ұйымдастыру үшін түрлі көрнекі құралдардың,таратып берілетін карточкалар мен дидактикалық материалдардың саны әр балаға жететіндей болуы қажет.Жұмысты орындау әдісін меңгерген,өздігінен атқаруға дағдыланған,қолында оқу құралы бар оқушыда ғана кіші комплектілі мектеп жағдайында өздігінен оқу әрекеті пайда болады.
7.Негізгі қиындықтардың бірі техникалық құралдарды (әр сыныпқа арналған диафильмдер мен кинофильмдерді) пайдалану кезінде туады.Сондықтан да мазмұны жағынан барлығына ортақ техникалық құралдар ғана сыныптағы сабақ барысында пайдаланылады да,ал басқалары сабақтан тыс кезде сыныпқа жеке қолданылады.
2. П.А.Гальпериннің дифференциялап оқыту идеясын осы кіші комплектілі мектеп жағдайында кеңінен қолдану өте тиімді нәтиже берді.Ол үшін қатар оқылатын сыныптардың сабақтарын жұптауға үлкен жауапкершілікпен қарап,оларда бір пәнділікті жүзеге асыруы тиімді деп табылды.
Біріншіден тақырып мазмұнына байланысты алынды. Осы жағдайда тақырып мазмұнының ұқсастығы олардың білімдеріне де, дамуына да зиянын тигізбейді деп есептелді.
Екіншіден ,мұғалімнің сабақ барысындағы уақытын тиімді бөлуге бір пәнділік оқу кестесінің тиімді болатыны байқалады.Оның нәтижесінде оқушыларды дифференциялап оқытуға үлкен мүмкіндік туды.Әр сыныптағы оқушылардың оқу деңгейлеріне қарай шағын топтар құрылып,олардың білім дәрежесімен дағдыларына орай өздігінен орындайтын тапсырмалар берілді.Мұндай жағдайда жақсы оқитын оқушылар мұғалімнің алғашқы берген нұсқауынан кейін жұмысты өздігінен орындайды да,орташа, нашар оқитын оқушыларға мұғалім молырақ басшылық етеді.Кейде ұқсас тақырыптар оқытылғанда,мұғалім үшінші мен екінші сынып оқушыларына тапсырманы байланыстырып беріп,олардың бір біріне көмектесуіне жағдай туғызуына да болады. Өте жақсы оқитын оқушылармен орташа оқитын оқушыларда шағын топ жасап,оларға бірдей мазмұндағы тапсырма беріп байқағанда,оқушылардың бір біріне көмектесуі күшейіп,ұғымды өздігінен меңгерудің тиімділігі артты.Сабақ барысында құралатын мұндай уақытша топтар құрамы өзгеріп отырады.Сабақ ұйымдастырудың осындай түрлерін қолдану арқылы оқушылардың шығармашылық әрекет негізінде бір- бірімен қатынасы,бірігіп жұмыс істеуі,жолдастық,өзара көмек сезімдері дамитыны байқалады. Сонымен қатар мұғалімнің уақыты тиімді бөлініп,оқушыларға ең керекті жағдайға ғана көмекке келетін болады.
Ұйымдастырылатын жұмыс мазмұнына қарай мұғалімнің әр топқа жасайтын басшылығы да әр түрлі болады.Сабақта құрылған уақытша топтар оқушыларға берілетін білімнің тиянақты меңгерілуіне де,әсерін тигізеді.Өйткені оқушылар өзінен жұмыс істеумен бірге,ізденіп,ойланып,ойласып шешімге келуге дағдыланады.
Дайын білімді мұғалімнің айтқаны бойынша таңдап қабылдағаннан гөрі еңбектеніп,ізденушілікпен және ұжымдық жұмыс нәтижесінде меңгеруге дағдыланып,оқушылардың өз мүмкіндігіне сенімі артуына жағдай туды.Берілген тапсырмаларды бөлшектеп,оқушылардың білім деңгейіне лайықтап беру мұғалімнің үлкен дайындығын талап етті.Сабаққа дайындық кезінде құрылатын топтардың құрамы,берілген тапсырма мазмұны оны күнделікті бақылаулармен байланыстыру әдісі,түсіндіру кезіндегі басшылық түрі әбден ойластырылады.Сонымен қатар оқушылардың тапсырмаларды орындау уақыты мен мұғалімнің көмекке келу уақытының шамасы да белгіленеді.Бұл жағдайда бастауыш сынып оқушыларының қанша уақытқа дейін өздігінен жұмыс істей алатындығы,яғни,ырықты зейіннің мүмкіндігі,психологиялық ерекшеліктері де ескеріледі.
3. Кіші комплектілі мектептерде табиғаттан білім беру барысында қолданылатын әдістерді бірнеше топқа бөліп қарауға тура келеді. Баяндау, түсіндіру, әнгімелесу,оқушылардың оқыған мәтіндері бойынша түсінігін айтуы,бақылағандары бойынша әңгімелесуі секілді сөздік әдістер тобына жататын болса, бұл әдістерді жаңа ұғым беруде де, өткенді қайталауда да жиі қолдандылады.
Көрнекілік түрлері:бейнелі көрнекіліктер (түрлі суреттер,картиналар сызбалар,),табиғи көрнекіліктер(өсімдік,пайдалы қазбалар, бунақденелер жиынтығы,жануарлар тұлыбы),техникалық көрнекіліктер (диафильм, диапозитив,оқу киносы және т.б) сабақта да,сабақтан тыс жұмыстар барысында да қолданылады.
2. Практикалық әдістерде сұлбаны, географиялық картаны оқу,шартты белгілерді қолданып,жердің сұлбасын сызу жұмыстары орындалады. Мектеп үлескісіндегі жұмыс түрлері,ауылды жерлердегі мал шаруашылығына көмек,түрлі тәжірибелер,жергілікті жердегі судың темпиратурасын өлшеу,топырақ қабаттарын өлшеу және т.б. жаттығулар арқылы да практикалық әдіс жүзеге асады. Жергілікті жердің табиғатын (жыл мезгілдеріне байланысты ауа райын,өсімдік,жануарлар тіршілігін),су қоймаларының жай күйін, ауыл шаруашылығының жыл мезгіліне байланысты өзгерісін,ауыл шаруашылық өнімдердің өндірудің халықтың тұрмысына тигізетін әсерін бақылау және т.б.арқылы бақылау әдістері жүйелі ұйымдастырылады.
Дүниетанудың оқыту әдістерін мұндай топтастырудың кіші комплектілі жағдайында керектігі бірнеше себептен туады. Біріншіден,тақырыптың мазмұнына байланысты оқытудың тиімді әдісін іріктеу; Екіншіден,әдістердің сабақ барысында және үй тапсырмасын орындауда сәйкес келетіндерін пайдалану. Бірақ оқыту әдісінің қайсысы болса да таза қалпында басқа әдіске араласпай қолданылмайтыны белгілі.Белгілі педагог-ғалым Р.Г.Лемберг өзінің “Мектептегі оқыту әдістері” деген еңбегінде оқыту еңбектерінің бірде-бірі басқа әдістердің тәсілдерімен араласпай, “таза күйінде” қолданылуы мүмкін еместігін ашып айтады. Оқушыларға практикалық жұмыс орындатуы үшін мұғалім сөздік әдісін қолданып,оны орындатудың тәсілін түсіндіреді сөздік әдістер жаңа ұғым беру барысында оқушылардың меңгерген түсінігін қайталау кезінде,білім тексеруде қолданылып,оқушылардың қисынды ойын,тілін,сөз қорын дамытуға негіз салуы керек. Кіші комплектілі мектеп жағдайында мұғалімнің баяндауынан гөрі әңгімелесу әдісі басым болады. Оқушылардың дайындау және уақытты пайдалану үшін әңгіменің жоспарын,оларға берілетін сұрақтар мен тапсырманы тақтаға алдын-ала жазылып қойылады. Оқушылар соған сәйкес дайындалып,ой қорытқаннан кейін барып әнгімеге көшу мүмкіндігі туады. Тапсырмаларды жазбаша беру,біріншіден,оқушылардың ойлануына,ой қорытып,жауапқа дайындалуына жағдай жасаса,екіншіден,олар тапсырмаға дайындалған кезде мұғалім басқа сыныппен жұмыс істеуге көшеді. Оқушылардың өздігінен атқаратын жұмыстарын ұйымдастыру үшін таратып берілетін материалдарды жиі пайдалануға тура келеді (өсімдік,пайдалы қазбалар жиынтығы,табиғат көрінісін не жеке заттарды бейнелейтін ашық хаттар және тб. ).
Сөздік әдістер қатарына оқулықпен жұмыс істеудің де енетіні белгілі. Оқулық-оқушыларға білім беру көзі,ғылымның дайын жетістігін оқушыларға жеткізетін бірден бір құрал.. Ғылыми білім беру оқушылардың сөз қорын молайту,ғылыми терминдерді меңгерту,сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және т.б.оқулық қолдану арқылы жүзеге асатыны көптен айтылып келеді. Бірақ оқулықты сабақ барысында үнемі тиімді қолданыла бермейді.
Кіші комплектілі мектепте оқыту барысында қай әдісті қолдансақ та, оқушыларды өздігінен жұмысқа жұмылдыратын қосымша оқу құралдарының мәні зор. Соның бірі- оқушыларға сабақ үстінде таратып берілетін карточка түрлері:
1.Оқушылардың табиғаттан,өмірден байқағандарын оқылатын жаңа тақырыптың мазмұнымен байланыстыруға арналған карточкалар.
2. Оқушылардың алған білімін қорытуға,пысықтауға,тексеруге арналған карточкалар.
3.Түрлі жұмбақ,жаңылтпаштар беру арқылы оқушылардың ойлау қабілетін,тапқырлығын,сезімталдығын дамытуға арналған карточкалар.
4.Оқушылардың тілін дамытуға,сөз байлығын молайтуға арналған карточкалар.
5.Көркем әдебиет үлгілерін пайдаланып оқушылардың эстетикалық талғамын дамытып,сабақты әсерлі өткізуге,оқушылардың табиғат көріністеріне қызығушылығын арттыруға арналған карточкалар.
4. Дүниетану пәні бойынша көптеген тақырыптардың ғылыми мазмұны сабақтағы не сабақтан тыс жасалатын тәжірибелер арқылы ашылады. Бірақ кез келген сабақ үстінде тәжірибе ұйымдастыруға кіші комплектілі мектеп жағдайы көтере бермейді. Егер мұғалім сабақ үстіндегі тәжірибені өзі жасап түсіндіретін болса,басқа сынып оқушыларының да назары соған ауып,қатар сыныпта өтіліп жатқан тақырыптың мазмұнын саналы ұғынуға кедергі келтіреді. Сондықтан мұғылім тәжірибе әдісін екі түрлі жағдайда ғана қолданыла алады. Біріншіден, тәжірибенің мазмұнын қысқаша түсіндіреді де,оны жасауды,ібайқауды, нәтижесін қорытуды оқушыларды шағын топтарға бөледі. Әр топ тәжірибені жеке жасайды да,оның нәтижесін әуелі өздері қорытып,бірін-бірі толықтырып,сонан кейін барып бүкіл сыныпқа жариялайды. Екінші көптеген тәжірибелерді үйде орындауға тапсыру қолайлы. Үйде орындалған тәжрибенің мазмұнын,сонан кейін оның нәтижесін сипаттайды. Тәжрибелердің мазмұны оқулықта түсінікті баяндалған. Оқушылар тәжірибе жасау арқылы ізденушілікке төселеді. Олардың ғылыми шындыққа көздері жетіп,оқулықтағы мәтін мазмұнына сенімі артады.
Кіші комплектілі мектепте оқушылардың алған білімінің тиянақталығын қамтамасыз ету мақсатын жүзеге асыруда дәптермен жұмыстың үлкен мәні бар. Дәптерге күнделікті оқылатын мәтіндер мазмұнында кездескен жаңа терминдер,анықтама деректер,заттардың сұлбасы, суреті, сызбасы, географиялық атаулар, пайдалы қазбалардың атауы, өсімдік,көл, қала аттары, табиғат зоналары, өсімдіктер, жануарлар туралы мағлұматтар, жасалған тәжірибелер мазмұны, сұрақтарға қайтарған жазба жауаптар жазылып отырады.
5. Сыныптан тыс табиғатқа жүргізілетін ұзақ мерзімді бақылаушылар оқушылардың байқағыштығын,дүниетанымын дамытады. Жыл мезгілдеріне байланысты топсаяхатқа шыққанда жүргізілетін бақылау; жыл мезгілдеріне байланысты ауа райында,өсімдіктер мен жануарлар тіршілігінде,адам еңбегінде болатын өзгерістерді бақылау осыған жатады.
Кіші комплектілі мектепте топсаяхатты ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар. Топсаяхатқа үш сынып оқушылары қосылып,бірге шығады. Бірақ әр сыныптың топсаяхатта атқаратын жұмысы мен бақылайтын обьектілерінің мазмұны әртүрлі. Әр сынып оқушыларына жеке-жеке тапсырма беріліп,әртүрлі мақсат қойылады. Соған сәйкес оқушылардың зейінін тек өздеріне көрнекті обьектілерді бақылауға ғана жұмылдыру міндеті қойылады.Сондықтан да мұғалім әр сынып бойынша бақылауға тиісті құбылыстарды,не заттарды,жинауға тиісті материалдарды алдын-ала ойластырады.
Достарыңызбен бөлісу: |