Жұмыстың теориялық және әдістемелік негіздері:
Диплом жұмысын жазу барысында қазақ әдебиеттану ғылымындағы орныққан теориялық тұжырымдар мен қағидалар негізімен басшылыққа алынды. Сонымен бірге талдау, жинақтау және салыстыру әдістері қолданылды. Жұмыстың негізгі теориялық тұжырымдары мен түйіндерін қорытуда қазақ ғалымдары С.Мұқанов, З.Қабдолов, Т.Кәкішұлы, Ж.Ысмағұлов, Ш.Беркімбаева, М.Бекбергенов, Ә.Нарымбетов сынды
әдебиеттанушыларының теориялық зерттеу еңбектері, сын-мақалалары мен пікірлері басшылыққа алынды. Бұларға қоса әр жылдарда баспасөз бетінде жарияланған Ғ.Мүсірепов туралы түрлі мақалалар да пайдаланылды.
Диплом жұмысының құрылымы:
Жалпы жұмыс кіріспеден, негізгі бөлім мен қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Белгілі қаламгер, көркем сөздің зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің қазақ әдебиеті тарихында алатын орны ерекше. Оның шығармашылығы келелі де мазмұнды әдеби қорымызды байыта түскен әдебиетіміздің қазынасына қосылды. Шеберлік шыңына Ғ.Мүсірепов бүкіл қазақ әдебиетінің өрге ұмтылған үлкен керуенімен бірге адымдай отырып, көптеген жетістіктерге жетті. Туған әдебиетімен бірге түлеген жазушы шығармалары өмір шындығымен, замандастың даңқты істерімен тыныстаған. Ол бүкіл қазақ әдебиетімен бірге қанаттанып, қияға бірге құлаш ұрды. Шағын әңгіме, новелладан бастап, салалы роман мен кесек драмаға дейін жазушы жүріп өткен үлкен жол − алғашқы шағын әңгімелерден көп томдық эпопеяға, фольклорлық эпостан XX ғасырдың биік өнеріне шырқап шыққан қазақ әдебиеті дамуының бір дерегі мен дәлелі. Ғ.Мүсірепов шығармашылығы қазақ әдебиетінің профессионалдық биік дәрежесіне, кең құлашына, философиялық тереңдігіне, байтақ өрісіне, қоғамдық зор маңызына айқын айғақ. Туған әдебиетіміздің осынау гүлдену, өсу жолында, оның әрбір кезең, белестерінде Ғ.Мүсіреповтің сіңірген еңбегі айрықша.
Ұлттық жаңа әдебиеттің қалыптасуында белгілі роль атқарған Ғ.Мүсірепов әңгімелері мен пъесалары, романдары мен повестері халық өмірінің елеулі кезеңдерін қазақ қоғамындағы әлеуметтік өзектерді, қазақ кедейлерінің мінез-құлқындағы құбылыстарды, ұлт болып қайта туу, жаңғырып, жасару жолымызды бейнелейді.Оның шығармалары белгілі бір оқиғаның жалаң суреті ғана емес, ірі дарын иесінің халық тағдыры, адам жайлы толғаныстары деп білеміз.
Ғ.Мүсіреповтің кітаптарында халық өмірінің әр алуан бояуы, ауыспалы ауасы, дабыл-дыбысы, әуен-ырғағы, тарихи бел-белестері, өсу кезеңдері жатыр, сан ұрпақтың көрікті-көріксіз келбеті мен тағдыры жатыр. Ол халық тынысын, халықтың жүрек дүрсілін, ауыр ойлары мен бұлдыр қиялын, асқақ арманы мен іргелі рухани ізденіс тарихын суреткерлік зейінділікпен жіті байқап, қайта жаңғыртып, қайтадан " жан бітіріп" жаңа қауымға ұсынды.
Ғ.Мүсіреповтің шығармашылық ізденуінің ең бір жемісті қадамы,
сондай-ақ биік шыңдардан көріне білген кездері мен сәттері оның аналар тақырыбына арналып жазылған бірнеше әңгімелер мен новеллаларының қай-қайсысын алып қарайтын болсақ, қаламгер шеберлігінің арқасында аналарымыздың қоғамдағы орны, қызметі, қайраткерлігі, адалдығы, сонымен бірге қайсарлығы жете суреттелген.
Қазақ совет әдебиетінің қалыптасу дәуірінде орыс әдебиетінің айрықша ұстаздық роль атқарғандығы белгілі. Жазушыларымыз орыс классиктерінен өмір оқиғаларын революциялық дамуы үстінде суреттеуді, күрескер адамның бейнесін жасауды үйреніп қана қоймай, кең жағдайда олармен тікелей тақырыптас, үндес шығармалар да жазды.Соның бір мысалы Ғ.Мүсіреповтің "Ана туралы әңгімелер" циклі. Мұның пролетариат әдебиетінің атасы А.М.Горькийдің анық ықпалымен жазылғандығы айқын. Әлем әдебиетінде тұңғыш рет күрескер, өршіл, оптимист ананың образы М.Горький шығармаларында жасалып еді. Ол өмірден жабыққан, тарыққан аналарды емес, өз бақыты үшін, ел бақыты үшін күресе білетін ер аналардың іс-әрекетін жырлаған. Міне, Горькийдің осы өнегесі Ғ.Мүсіреповтің әңгімелерінен анық көрінеді.
Ана туралы новеллалар шоғыры алғаш рет 1934 жылы «Ана» атты кітапта топталып берілді. Онда «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» новеллалары бар. Алғашқы екі новеллалар Горькийдің ізімен жазылып тұрса да, көп жағынан қазақ әдебиетінің өз туындысындай болып шыққан.
Әр жазушы, ең алдымен, өз туған халқының көкейіндегі ойын, жан-сырын кемеліне келтіре жырлаумен ғана мұратына жетеді. Сол сияқты өзі өсіп-өнген ортаның, қазақ елі әйелдерінің нелер-бір асыл қасиеттері Ғабит Мүсіреповті де ертеден-ақ толғандырып, ойландырған секілді. Ал қазақ елі өзі ел билеп, халық болып қалыптасқан көне заманнан бері-ақ әйелді, ананы, қыз баласын қатты қадірлеп, құрмет тұтуды берік дәстүрге айналдырған халықтардың бірі. Сол кездегі дәуір шындығын көрсететін. «Алып-анадан туады», «Ана − алдында құрмет, ата алдында − қызмет», «Мейірімі мол ананың − жүрегі жылы, қолы кең» т.б. дана мақалдар бұған дәлел бола алады.
Халық бейбіт кезде әйелді асқар таудай сүйеніш деп есептесе, ел басына күн туған қатерлі шайқастарда батырдың бірінші серігі деп білген. Сол көне заманда алғырлығымен, шешендігімен, тапқырлығымен, батылдығымен, сезімталдығымен ел аңсауына арналған қазақ әйелі аз емес.Өмір қиыншылығының сондай бір кезеңдерінде өзінің табиғи құдіретті қалпын сақтап, өмір үшін табанды күрескер бола білген бүкіл әйел атаулының, соның ішінде тонның ішкі бауындай өзіне жақын қазақ әйелінің өмірі жазушыны өмір бойы ойландырып, олар жайында шабытты шығармалар жазуға жетелегенін айқын көруімізге болады.
Ана туралы тақырыпқа баруы М.Горькийдің әсерінен болғандығын автордың өзі былай деп мәлімдеген: «Горькийдің тақырыбын, жазу әдісін ұғынамын деп талаптанған ғалымда ұшы-қиыры жоқ кең байлықтың ішіндегі ең бір негізгі саласы − күшті адам екен деген қорытындыға келдім... Құлақта ертеден бір әңгімелер жүретін еді. Горькийдің «Аналарын» қайта бір оқығанда, сол әңгімелерім тіріле бастады. Көп ойланбастан-ақ Горькийдің аналарында да, өзімде де бар әңгімелерді де қағазға түсірдім» [1, 5].
Ана туралы новеллалар тақырыптық жағынан ұқсастығының үстіне идеялық бағыты, пафосы жағынан да бірін-бірі толықтырып отырады. Олардағы ортақ типтік герой − шындық үшін, әділет үшін өмірдің не бір қиындығына да қарсы тұрып, кедергілерді жеңе білетін, әлемге өмір
тарататын, сол өмір үшін өліммен айқасатын, қауіптің алдында қорқып иілмейтін, өзінің ұлылығын сезінетін, әрі мейірбан, әрі айбатты күрескер, өршіл, өжет ананың образы. Осы образ қазақ әдебиетіне өзінің үлкен соңылығын, жаңа сипатын, әсерлі күшін алып келген. Ғ.Мүсіреповтің әңгімелері мен новеллаларында, очерктерінде жасалған адамдар бейнесін аналардың өшпес тұлғалары байыта түседі. Автор қандай қиындық болса да, өзінің қамқоршыл жүрегінен, адамгершілік қасиетінен айнымайтын дүниедегі ең мықты жан − ана дегенді айтады [2, 23-29].
Ғ.Мүсірепов «Ана» деген ардақты атты барлық жағынан, яғни, қоғамдағы орны, сонымен қатар жарық өмірмен тең екендігін, ана әрбір жанұяның шаңырағы екендігін, бір сөзбен айтқанда, ананың ұлылық сипатын жан-жақты сипаттап көрсете білді.
Батырларымыз өз туған елін, жерін қорғай білетін қайсар, өжет ер екенін білсек, ал ана сол батырларды өзінінің нәзіктік сезімі мен өр рухты мінезімен қорғай білген дара тұлға.
Ғабит Мүсірепов туралы Хабиби Елебекова былай деп сыр шертеді: "Ғабең нұрдан жаралғандай жан еді. Әр сөзінің өзі жүректі жан тебірентер сырлы саздай естілетін. Сондай сері кісі болды. Табиғаты қыз-келіншектерге қаншалықты жақын болса, отанасы Хұсниді де аялай білді. Хұсни апай өзінің ер-азаматына ол кісідей адал болған, алдынан кеспек түгіл, бір ауыз қарсы сөз айтпай өткен адамды, мен өте сирек кездестірген шығармын. Бірде қонақта отырып, әйелдер оңаша қалған бір сәтте Хұсни апай өзінің жас кезіндегі суретін көрсетті. "Мен де әдемі болатынмын, осы Ғабең ізімнен қалмай жүріп, қолына түсірген. Әрине, Ғабитті мен де жақсы көрдім. Ол кісіге деген махаббатымды өздерің де білесіңдер ғой", − деп жымиды. Сол сияқты Ғабең де Хұсни апайға ғашық болып қосылып, тамаша ғұмыр кешті.Үш перзент сүйді".
Ғабит Мүсірепов өзінің "Күнделігінде" әйелдер туралы мынадай ой-толғаныстарын келтіреді:
Достарыңызбен бөлісу: |