Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы екі тараудан, кіріспе мен қорытынды және пайдаланған әдебиет тізімінен тұрады
І ТАРАУ. КӨНЕ ТҮРКІ (ХIII-ХIV ғасыр) ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ СИПАТТАМАСЫ
І.1. ЕСКІ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ «КОДЕКС КУМАНИКУС» ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
Көне қыпшақ тiлi туралы ең алғаш мәлiмет берген автор – М.Қашқари. Ол өзiнiң белгiлi еңбегiнде қыпшақ тiлiнiң кейбiр грамматикалық ерекшелiктерiн талдап, көптеген лексикалық мысалдар келтiрiп отырады. Қыпшақ тiлiн ол әрдайым атай отырып, заманындағы көп тараған көрнектi тiлдердiң қатарына жатқызады. [1]
Кодекс куманикус (Құмандардың кiтабы). Қолжазба осы күнгi Венециядағы Марк әулиенiң шiркеуiнде сақтаулы. Сырты былғарымен қапталған.
Түпнұсқа бiр-ақ дана. Ол 82 парақтан (164 беттен) тұрады. «Кодекстiң» алғашқы бетiнде «1303 жылы 11 июль» деген жазу бар. Бұл, шамасы, қолжазбаның барлық парақтары түгел жиналып, бiр жерге қосып тiгiлген уақыты болу керек. Сонда ол ХIII ғасырдың II жартысында құрастырыла бастап, ХIV ғасырдың басында ғана аяқталған болып шығады. Қолжазбаның жазылған жерi мен жазылу мақсаты туралы мәселенiң түркология ғылымында күнi бүгiнге дейiн басы ашылған емес.
Қолжазба 2 бөлiмнен тұрады. Бiрiншi бөлiмiнде келтiрiлген материалдар: 1. Латынша – парсыша және құманша сөздiк. Сөз тiзiмi латын алфавитiнiң тәртiбiмен берiлген. Әр тiлдiң сөзi жеке – жеке колонкалар арқылы жоғарыдан төмен қарай тiзiлiп келедi. 2. Куман тiлiндегi үстеу сөздер және олардың латын тiлiндегi баламалары. 3. Куман тiлiндегi есiмдер мен есiмдiктердiң септелу үлгiсi және олардағы куман сөздерiнiң латынша аудармалары. 4. Лексикалық мағыналарына қарай 40 топқа бөлiнiп берiлген латынша – парсыша және куманша сөздiк.
Екiншi бөлiмде келтiрiлген материалдар 1. Куманша – немiсше және латынша сөздiк. 2. Куманша жазылған текстер. 3. Латын тiлiнде жазылған куман тiлiнiң қысқаша грамматикалық очеркi. 4. Итальян тiлiнде жазылған өлеңдер. Әдетте, мұны Петрарканың өз қолымен жазылған шығармасы деп есептейдi. 5. Латын тiлiндегi бiр етiстiктiң жiктелу үлгiсi және латын тiлiнде жазылған текстер. 6. Жазылмай бос қалған беттер.
Құрылысына қарағанда, «Кодекстiң» бiрiншi бөлiмi таза практикалық мақсат көздеп жазылған. Ол – тiл үйрену, сол үшiн жарамды оқу құралын жасау. Екiншi бөлiм кумандар арасында христиан дiнiн уағыздау үшiн жазылған да, дiни кiтаптардан әр түрлi үзiндiлер әдейi куман тiлiне аударылып берiлген. Мұнан басқа бұл бөлiмдер жеке сөздер, сөз тiркестерi мен сөйлемдер, 50-ге тарта жұмбақ, дiн басшыларының әмiрi мен iстерi жайында хикаялар бар. Аударманың сөз құрау тәсiлi мен грамматикалық құрылысы кумандардың байырғы тiл ерекшелiгiнен әлдеқайда алшақ жатыр. Сондықтан да сөйлемдерi барынша икемсiз де орашолақ жасалған.
Бiрiншi бөлiм бес түрлi қолтаңбамен жазылған. Оны жазған итальяндықтар болса керек. Екiншi бөлiм (14 түрлi қолтаңбамен жазылған) немiстердiң қолынан шыққан. Осыдан барып, әдетте бiрiншi бөлiмді «итальяндық кодекс» немесе «итальяндық бөлiм», екiншi бөлiмдi «немiс бөлiмi» деп атайды.
Екi бөлiм де готикалық көне шрифтiмен жазылып, бiрде қара, бiрде қара қошқыл бояулы сиялармен өрнектелген.
Қолжазба өте нашар жазылған да, орфографикалық қателерден аяқ алып жүргiсiз. Готикалық алфавит түркi тiлi дыбыстарын таңбалауға келгенде өте бiр дәрменсiз алфавит екендiгiн осы «Кодекс» бетiнде барынша айқын танытты. Оның үстiне қолжазбаны жазушылардың да сауаты төмен болса керек - оп-оңай сөздiң өзiн бұрмалап, барынша былықтырып жiберген. Сондықтан да П.М.Мелиоранский кезiнде «Осы «Кодекстiң» сөзiн оқығаннан бiр нәрсе шыға қоятынына менiң күмәнiм бар» деп жазған едi. Әрине, «Кодекстiң» бұл мәндерi оны оқып-үйрену үшiн көпке дейiн залалын тигiзiп келдi.
Европа бiлiмпаздары (әсiресе, Италия жерiнде кiтапқұмар адамдар) «Кодекс» туралы ертеден берi-ақ хабардар болған. Томазиус деген кiсiнiң жазып кеткен мәлiметiне қарағанда, 1362 жылы Италияның атақты ақыны Ф.Петрарка бұл жазбаны басқа кiтаптармен қоса Венеция республикасына сыйға тартқан. Ұлы ақынның шығыс елдерiн көп аралап, елшiлiк қызметтер атқарғаны мәлiм. Бiрақ «Кодекстi» оның қайдан қолға түсiрiп алғаны осы уақытқа дейiн белгiсiз болып келедi.
Немiс халқының әйгiлi математик ғалымы, философ ойшылы Г.В.Лейбниц - тарих мәселелерiмен де көп шұғылданған адам. Ол тарихи қолжазбаларды жинап, жариялауға зор мән берiп, көңiл аударып отырған. Сол В.Лейбниц «Кодекс» туралы былай деп жазады: «Мен Петрарка кiтаптарының каталогын көрдiм. Ондағы кiтаптардың iшiнде көбiрек көңiл аударғаным «Куман тiлiнiң сөздiгi» болды. Бiрақ мен қанша әуреленсем де, оны оқып, ештеңе шығара алмадым».
«Кодекстiң» I-бөлiмiн ең алғаш француз тiлiне аударып, бастырып шығарған көрнектi ориенталист, синолог, академик Генрих Юлий Клапорт (1783-1835) болды. Ол өзiнiң «Азия туралы зерттеулер» деген диссертациялық жұмысына қоса әңгiме болып отырған қолжазбаны «Ф.Петрарка кiтапханасынан алынған латынша - парсыша - куманша сөздiк» деген атпен жарияланды (Париж, 1828ж).
«Кодекс куманикустi» екiншi рет түгелдей (екi бөлiмiн де) латын тiлiне аударып, 1880 жылы Р.Кун Будапешт қаласында бастырды. Баспа 3 бөлiмнен тұрады. 1. «Алғы сөз» бен үлкен «Кiрiспе» бар. Кiрiспеде кумандардың тарихы, олардың басқа түрлi халық тарихымен (хазарлармен, печенегтермен, массагеттермен, Туран ойпатын жайлайтын тағы басқа тайпалармен, орыстармен қарым-қатынасы, ру – тайпалық құрылысы, тiлдiк (аномастика мен топономика бойынша) ерекшелiктерi, дiни, саяси-әлеуметтiк құрылысы сияқты мәселелер сөз болады. 2. «Кодекстiң» текстерi мен олардың латын тiлiндегi аудармалары келтiрiлген. 3. Куманша - латынша (2838 сөз), парсыша-латынша, немiсше-латынша сөздiктерге арналған. Оның үстiне, баспада қосымшалар, түзетулер және әдебиет көрсеткiштерi де бар.
Г.Кун баспасы түпнұсқасының әрi дәл, әрi толық көшiрмесi тәрiздi. Онда әр сөз латын алфавитiмен қайта таңбаланып, латын тiлiне аударылып берiлген. Көптеген сөздер басқа түркi тiлдерiндегi (әсiресе, шағатай, ұйғыр, татар тiлдерiндегi) өзi тектес сөздермен салыстырыла қаралып отырады.
Г. Кун баспасының маңызы – бұрын жарық көрмеген «Кодекстiң» екiншi бөлiмiн басып шығарып, «Кодекстiң» Г.Ю. Клапрот айтқандай сөздiктен ғана емес, екi бөлiмнен тұратын қолжазба екендiгiн әйгiлi еткендiгi, сондай-ақ ол «Кодекстi» халықаралық ғылым тiлi болып саналатын латын тiлiне аударып, оның даңқын барлық әлемге жаюы. Латын тiлi мен немiс тiлiн жақсы бiлетiн болғандықтан Г.Кун көптеген куман сөздерiнiң өзiндiк қиын аудармаларын анықтап бердi. «Кодекс» тiлi туралы оның осы баспасы бойынша бiрсыпыра пiкiрлер айтылып, еңбектер жазылды.
«Кодекс куманикус» үшiншi рет В. В. Радловтың аудармасымен Санк-Петербургте басылып шықты (1887). Бiрақ бұл толық аударма емес: Р. Кун баспасының әр жерiнен бiр үзiндi алған да, оны орыс алфавитiнiң үлгiсiмен транскрипциялап, немiс тiлiне аударып берген. Бұл басылымның мазмұны мынадай:
Алғы сөз. Онда куман тiлiнде келтiрiлген 15 жұмбақ талданады.
Куманша-немiсше сөздiк (2217 сөз)
Жеке сөйлемдер мен сөз тiркестерi.
Куман текстерi мен олардың аудармалары.
Сөз тiзiмi (3024 сөз).
Түзетулер (33 сөз)
Орыс жазуының негiзiнде жасалғандықтан, В.В.Радлов транскрипциясы қазiргi оқушылар пайдалану үшiн қолайлы-ақ. Бiрақ бiраз сөздердiң грамматикалық тұлғасы мен семантикалық аудармалары көп жерде-ақ көңiлден шықпай жатады. Әсiресе, В. В. Радловтың Куман тiлiнде ц дыбысы бар деп тануы барлық жерде ч дыбысының орнына ц жазып қолдануы дұрыс емес едi. 1936 жылы Дания ғалымы К.Гренбек қолжазбаларының түпнұсқасын басып шығарды. Бұл «Кодекстiң» 4 рет басылуы едi. Мұны өзi ескерткiштiң кейiнгi зерттеушiлерiне түпнұсқамен жұмыс iстеуге мүмкiндiк туғызып, кейбiр сөздiң дұрыс - бұрыстығы туралы осыған дейiн болып отырған айтыс – тартыстан құтқарды.
«Кодекс куманикустың» соңғы, бесiншi баспасы да К.Гренбектiң қолынан жарық көрдi. Ол куманша-немiсше сөздiк есебiнде арнаулы алғы сөзiмен қоса жарияланды (1942 жылы, Копенгаген, 2728 сөз). Онда алғы сөзден басқа куман сөздерiнiң орфографиясы мен орфограммасы куман тiлiндегi дыбыстардың айтылуы ерекшелiктерi, сөз жасау тәсiлдерi жайында бiрқыдыру әңгiме болады. Мұндағы куман сөздерi латын әрiптерiнiң негiзiнде жасалған ғылыми транскрипциялық жүйемен берiлген. Әр сөздiң түпнұсқасы қолжазба бойынша дәл көрсетiп отырылды. Сөйтiп, К.Гренбек баспасының арқасында куман сөздерiнiң оқылу принциптерi бiр iзге түсiп, көп жеңiлдiк тапты. Аударма жағы да ойдағыдай жақсартыла түстi.
Куман тiлiн зерттеу жұмыстарының iшiндегi аса бiр бағалы еңбек – В.В.Радловтың «Куман тiлi туралы» деген кiтабы. Ол «Кодекстiң» Р.Кун басып, фонетикалық құрылымын зерттеп, «Кодекстiң» орфография ережелерiнен ауытқып жазылған жерлерiн анықтау – осы еңбектiң өз алдына қойған негiзгi мiндетi болып табылады.
Ескі қыпшақ тілінің ең іргелісі де, сүбелісі де, готикалық көне курсивпен жазылған қолжазба «Кодекс куманикус» («Қыпшақтардың кітабы») еді. Бұл жазба жадыгерліктің тілін зерттеу Ә.Құрышжанұлының зерттеу еңбектерінен басталады. «Кодекс куманикустың» өзі мен оның тілдік ерекшеліктері туралы Ә.Құрышжанұлы бірқатар еңбектер жазып шығарды. Мысалы, «К изучению куманских загадок» (1960); «Арабо – персидские элементы в куманском языке» (на материале лексики); «К вопросу об уйгурской письменности куманов» (1962); «О графике одного слова в памятнике куманского языка «Кодекс куманикус» //Эпиграфика Востока (М., 1963); «Көне қыпшақ тіліндегі ай, күн аттары» (1969); «К истории изучения разговорной речи кипчаков ХІІІ-ХІV вв.» (1970); «К истории изучения куманского языка» (1972); «О замечаниях редакторов на полях рукописи «Кодекс куманикус» (1974); «Куманша-қазақша жиілік сөздік» (А.Жұбановпен және А.Белботаевпен бірге); «К изучению лексики «Кодекс куманикус» (1981); «Кодекс куманикус» // Қазақ тілі. Энциклопедия, 1998; «Түркістан». Энциклопедия, 2000; «Кодекс куманикус» - қазақ әдеби тілінің лексикографикалық арнасы» (1989), т.б.
Ескі қыпшақ тілінің жазба жадыгерліктері, біз айтып өткендей, тек қана «Кодекс куманикуспен» ғана шектелмейді. Біз жоғарыда әдейі атап көрсеттік, қыпшақ тілін оқып – үйренудің жазылып қалған көздері толып жатыр, ол туралы Ә.Құрышжанұлының «Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер» деген еңбегінде тиісті мәліметтер келтірілген [2,44-65]. [2,44-65]
Ә.Құрышжанұлы ескі түркі жазба ескерткіштерін қазақ тіліне тәржімалап, қалың қауым оқушылар үшін олардың барынша ұғымды болуын көздеп жүр. Ә.Құрышжанұлы көне түркі жазба ескрткіштерін және олардың тілін зерттеу саласында ең алғашқы жол бастаушы. Қазіргі қазақ тілінің жасалу, қалыптасу, өсу-өрбу, даму-жетілу, өзгеру-шарықтау, байи түсу және құнарлану, т.б. жолдарын танып-білу үшін, Н.Т.Сауранбаев айтқандай, ескі қыпшақ тілінде жазылып қалған мұралардың тілін зерттеу, әрине, қажет-ақ, өйткені, «...племена кипчаков можно считать предками казахского народа» [3].
Достарыңызбен бөлісу: |