ІІ - ТАРАУ. КӨНЕ ТҮРКІ (ХIII-ХIV ғ.) ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕР ТІЛІНДЕГІ ЕСІМ СӨЗДЕРДІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
ІІ.1. ЕСКЕРТКІШТЕР ТІЛІНДЕГІ ЗАТ ЕСІМНІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
Түркi тiлдерiндегi есiм сөздер – мағынасы жағынан, морфологиялық белгiлерi және синтаксистiк қызметi жағынан да өзiне тән ерекшелiктерi бар сөз таптары болып табылады. Зат есімнің басқа сөз таптарынан мағыналық белгілері тек заттардың атын білдіретін сөздер ғана болып қоймай, сонымен бірге, әр алуан оқиғалардың, құбылыстардың аттарымен байланысты заттық, қимылдық, мезгілдік мәнді әр түрлі болып келеді. Зат деген ұғым күнделiктi өмiрде кездесетiн әдеттегi жай нәрселердi ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмiрдегi ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды, ұғымдар мен түсiнiктердi де қамтиды. Бұдан есiм сөздердiң лексика - семантикалық сипаты салалы да, қарымды екенi байқалады.
Зат есім деп аталатын сөздердің өздеріне тән морфологиялық ерекшеліктері бар. Олар өздерінің лексика-семантикалық сипаттарына қарай, сөйлемдегі өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсетіндіктен, сол қатынастарға аса қажетті көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғауларын қабылдап, түрленіп отырады. Зат есімдер тілдегі өзге сөздердің барлығына әрі ұйтқы, әрі өзек болып қызмет атқарады.
Зат есiмдер заттық ұғымды білдіретіндіктен, iштей нақтылық және абстрактылық, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелiк және топтық сияқты семантикалық категорияларды да қамтиды. Грамматиканың да, грамматикалық талдаудың да негізгі міндетінің бірі – белгілі бір категорияға жалпы сипаттама берумен қатар, олардың ішіндегі өзінше ерекшеліктері бар топ-топтардың да сыр-сипаттарын ашу, оны баяндау болмақ.
Зат есiмдердi iштей семантикасының өзара орайлас, астас болуларына қарай, әлденеше топқа бөлiп қарастыруға болады. Семантикалық ерекшелiктерiне қарай, зат есiмдердi iштей мал атаулары, өсiмдiк атаулары, төрт түлiк мал атаулары, аспан денелерiнiң атаулары, құрт-құмырсқа атаулары, қора - қопсы атаулары, үй мүлiктерiнiң атаулары, қоғамдық тұрмыстың, саяси - әлеуметтiк салада қолданылатын атаулар деген сияқты неше алуан топқа жiктеуге болады. Жалпы жазба ескерткiштердiң тiлiн зерттей отырып, ондағы есiм сөздердi лексика-семантикалық топтарына қарай топтастыруға болады.
Тілімізде зат есімдерді семантикалық және грамматикалықсипаты жағынан талдап қарастырсақ, олардың бір саласы адам атаулары, екінші саласы адамнан өзге жан-жануарлар мен заттардың атаулары болып келеді. Адам атаулары деп жалпы адамға тән атауларды, туыс атауларын, іс-әрекет пен кәсіп-мамандық иелерінің атауларын, әр алуан қызмет баптары мен лауазым атауларын, кісі аттарын және басқа да осылар сияқты адамға тән атауларды айтамыз. Адам атаулымен байланысты ұғымдардың аттары және кісі аттары енетіндіктен, оларды осы семантикалық ерекшеліктеріне қарай адамзат есімдері деп атауға болады.
Мал атаулары: қочқар-қошқар (КК), теге-теке (КК), сыйыр-сиыр (КК), улақ-лақ (КК), бей-бие (КК), қулун-құлын (КК),
Құрт-құмырсқа атаулары: қымырса-құмырсқа (ХШ), қасартқы-кесертке (КК),
Қару-жарақ атаулары: Қылыч-қылыш (ХШ, Г, Мн), чоқмар-шоқпар (КК),
Қора-қопсы атаулары: хырман-қырман (Мн),
Үй мүлiктерiнiң атаулары: ағ-ау (ХШ), кiлiм-кiлем (ХШ), чырағ-шырақ (ХШ), ешiк-қапұқ-есiк (Мн, КК), араба-арба (КК), бычақ-пышақ (КК), бiл-қайрақ (КК), қуймыч-шөмiш (КК),
Аспан денелерiнiң атаулары: фәләк-аспан (Мн), нәсiмi-самалы (Мн), ахтар-жүлдыз (Мн), йулдуз-жұлдыз (КК), құйаш-күн (Мн), мүнәууар-нұр (Мн), хал-жер (ХШ), бұлт-булут (ХШ), .
Құстардың, аңдардың атаулары: құш-құс (Г), куш-құс (КК), күгарчiн-көгершiн (Мн), лачын-лашын (Мн), усдыр-лашын (КК), тавуқ-тауық (ХШ), шұңқыр-сұңқар (Мн), түлкү-түлкi (ХШ), кадлiк-киiк (ХШ), киiк-киiк (Г), сычқан-тышқан (ХШ), арслан-арыстан (Г), арыслан-арыстан (Мн), иылан-жылан (Г), йел-пiл (Мн), чымган-қырғауыл (Мн), тонғуз-доңыз (КК), .
Өсiмдiк атаулары: санаубар-қайың (Мн), пiста-пiсте (Мн), ғоз-жаңғақ (Мн), бұғдай – бидай (ХШ), ғоз-жаңғақ (ХШ), қоз-жаңғақ (КК), қамыш-қамыс (Г), чечак-гүл (Мн), пiста-пiсте (Мн), ағач-ағаш (КК).
Алтын Орда дәуiрi жазба ескерткiштерiнiң тiлiндегi сөздердiң тұлғасы өзiнiң лексика – грамматикалық сипатына қарай қазiргi тiлдегi сияқты негiзгi түбiр сөзден бастап сөзжасам жұрнақтар арқылы туындаған жаңа туынды сөздер, функционалды - грамматикалық сөзтүрлем жұрнақтар мен әр алуан жалғаулар қосылып айтылу арқылы сөз тұлғаларын түгел қамтыған. Яғни өзiмiз зерттеп отырған сөзжасам жұрнақтары жазба ескерткiштер тiлiнде қалай жасалса, сол күйiнде алып қарастырып, бүгiнгi тiлдiк деректермен салыстырып зерттеу тiл дамуымен, жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуымен түрлi құнды мәлiметтер бередi.
Көне түркi жазба ескерткiштерiнде көптiк мағына беретiн негiзгi қосымшалар дыбыс үндестiгiне бағынбайды. Сондықтан оның басқы дыбысы түбiр сөздегi дыбыстың ыңғайына қарай түрленiп отырмайды. Буын үндестiгiне қарай ол –лар, -лер болып жалғанады. Бұлар зат есiмдерге де, есiмдiктерге де, заттанған басқа сөздерге де жалғана бередi. Жазба ескерткiштерде де, қазiргi түркi тiлдерiнде де көптiк форма туғызатын -лар, -лер сан есiмдерден кейiн қолданылмайды, өйткенi сан есiмдер онсыз да анықталатын сөздiң санын бiлдiредi. Мысалы: ары - лар (әулиелер), тiкан - лар (тiкендер), кадлiк - лар (киiктер), iт - лар (иттер), чақ - лар (шақтар).
Қазақ тiлiнде жетi септiк бар. Атау септiгiнен басқалары арнаулы жалғаулар арқылы жасалады. Жазба ескерткiштердегi септiк жалғауларының да беретiн мағыналары қазiргi тiлдегiден айырмашылығы жоқ.
Сөздер құрамы бірдей болмайтыны сияқты, жұрнақтардың да тұлғалық құрамы бірдей емес, әр түрлі. Форма жағынан әрі қарай бөлшектеуге келмейтін, бірақ фонетикалық вариант жасайтын (үнемі ола да болмауы мүмкін) қосымшалар түрі жалаң деп аталады. «Жалаң жұрнақ деп мағына жағынан да, форма жағынан да бөлшектенбейтін бір бүтін тұлғалы жұрнақты айтамыз» [15,38], дейді профессор А.Ысқақов. Әрине, мағына тудыру жағынан бөлшектенбейтін «бір бүтін» жұрнақ жоқ, тек олардың тарихи қалыптасуы жағынан ғана бүтіндік, тұтастық болады. Жалаң зат есiмдер екi салаға бөлiнедi: бiрiншiсi – түбiр зат есiмдер, екiншiсi – туынды зат есiмдер. Ескерткiштегi есiм сөздердiң барлығы бiрдей түбiр сөз бола бермейдi, туынды болып та келедi. Олар жұрнақ арқылы бiр – бiрiнен я басқа сөз таптарынан жасалады. Ең алдымен, есiм сөздердiң синтетикалық және аналитикалық сөз формалары арқылы жасалуына көңiл бөлу қажет.
Морфологиялық тәсiл арқылы жасалатын зат есiмдерге зат есiмнiң өзiнен, өзге сөз таптарына тиiстi жұрнақтар арқылы туған туынды зат есiмдер жатады. Барлық түркi тiлдерiндегiдей, ескi қыпшақ жазба ескерткiштерiнiң тiлiнде де қосымшалар арқылы сөз жасаудың мынадай тәсiлдерi бар. Олар:
Есiмдерден зат есiмнiң жасалуы
Ескi қыпшақ тiлiндегi жазба ескерткiштерде сөз құрамы басқа да түркi тiлдерiндей түбiрден және бiр немесе бiрнеше лексикалық, грамматикалық қосымшалардан тұрады. Түбiр (ары қарай бөлшектеуге келмейтiн) мен туынды түбiр (екi немесе одан да көп морфемадан тұратын) сөздiң негiзi болып есептеледi. Мысалы, түбiр сөздерге: ет (ет), сүт (сүт), бал (бал), аш (ас), ун (ұн), йағ (май), үкi (үкi), йүк (жүк), уйа (ұя), йүң (түн) т.б.
Жалпы ескi қыпшақ ескерткiштерiндегi сөздер өздерiнiң құрамына қарай дара және күрделi сөздер болып бөлiнедi. Мысалы, йар (жар), кервен сара (керуен сарай), Темүрқазуқ (Темiрқазық, жұлдыз аты) т.б.
Көне тiлдерде де, қазiргi түркi тiлдерiнде де зат есiмдер лексикалық, морфологиялық, синтаксистiк тәсiлдер арқылы жасала бередi. Бiздердiң зерттеп отырған ескерткiштерiмiзде есiм сөздерден зат есiм жасауға бейiм жұрнақтар деп мыналарды көрсетуге болады. Мысалы: -чақ, -чық, -лық, -лiк, -дық, -даш, -деш, -ув, -лук, -сүк, -ған.
Жазба ескерткiштердегi зат есiмдердiң беретiн мағынасына қарай былайша топтастырып қарауға болады.
Қимыл мен әрекеттiң нәтижесiн бiлдiретiн жұрнақтар:
-а, -е: йар – ескi түбiрi йарлығ – жараулы; йара - жара.
-ғақ, -гек, -қақ, -кек: қ – ру – құрға, қ – руғақ - құрғақшылық.
-ғун, -гун, -ғын, -гын, -қын, -күн: тұтғун - тұтқын, ушқун - ұшқын, йарқын- жарқын.
Ескерткiштердегi есiм сөздерге жалғанып зат есiм тудыратын жұрнақтардың жазба ескерткіштердегі көрінісі.
-ча, -че жұрнағы да есім тудыратын өнімді жұрнақтардың бірі. Бұл жұрнақ кішірейтіп көрсету үшін, әр нәрсенің өзіндік ерекшелігін сәл де болса әлсірете түсу үшін жұмсалады.
Ғұнча – түйнек. Көріб гүл ғұнчаның ағзы ачылұр – сені көріп, гүл түйнегі ашылар /Мн.155/.
қ // - к, -ақ // -ек жұрнағы, негiзiнен алғанда, кiшiрейткiш ұғым бередi. Бұл жұрнақ алғашқы сөздің лексикалық мағынасын сақтай отырып, екінші бір жаңа сөз тудырады. Жазба ескерткіштерде -қ, -к, -ақ, -ек, -әк, -ық, -ик, -уқ, -үк тұлғаларында қолданылады. А.Ысқақов бұл жұрнақты – нағыз омоним жұрнақ деп есептей келіп, оның мынадай мағыналарын атап өтеді:
1. Етістіктен туған зат есімдер (қазық, күйік, т.б.)
2. Есімдерден туған зат есімдер (мойнақ, тікенек, т.б.)
3. Етістіктен туған сын есімдер (бөлек, сирек, сынақ, т.б.)
4. Еліктеуіш сөздерден туған сын есімдер (қалтақ, шыжық, т.б.)
5. Есімдерден туған етістіктер (сауық, өшік, кешік, т.б.)
6. Түбір етістіктен туған туынды етістіктер (көнік, қанық, т.б.)
Бiрақ, кейде ол дәл осындай мағына тудыра отырып, өзi жалғанған сөздi басқа бiр нәрсенiң атына айналдырып жiбередi. Мысалы, көрк (көрiк) /Мн.104/ дегенде -к формасы арқылы жаңа бiр зат есiм жасалып тұр. Сақақ (иек) деген сөздегi –ақ жұрнағы арқылы етiстiктен есiм сөз жасалып тұр.
ма // - ме жұрнағы кейбiр түбiр есiмдiктерге жалғанып, зат есiм жасайды. Мысалы, а^ма – соқыр /Мн.250/, чама – көгал /Мн 10/ деген сөздердегi -ма жұрнағы жалғану арқылы зат есiм жасалып тұр.
чақ // -чек, -чық // -чiк жұрнағы көне тұлғалы ч + ақ, ч + ық деген екi жұрнақтан құралған. Бұл жұрнақ жалғанған түбiрге үш түрлi мағына үстейдi: а) кiшiрейту мағынасы; ә) сөз мағынасын кiшiрейте отырып, бөтен ұғым беретiн жаңа сөз, яғни зат атауын жасау; б) кәсiптi көрсетедi. Мысалы, бiрiншi мағынада: сығыр (өгiз) – сығырчық (өгiзше); екiншi мағынада: iч (iш) – iччек (iшек); үшiншi мағынада: өрүм (өрiм) - өрүмчiк (өрмекшi ).
-туқ // -түк, -дуқ // -дүк жұрнақтары өзi жалғанған түбiрдiң лексикалық мағынасын өзгертiп жiбергенмен, туынды түбiр сөздiң негiзгi түбiрмен байланысы әнтек байқалып тұрады, яғни өзi жалғанып жасалған өздiң түбiр сөз мағынасына байланысты екендiгiн көрсетедi. Мысалы: қол (қол) – қолтуқ (қолтық). Бурундұқ (мұрындық). Тас – бурундұқ (стерженок, тоненькая палочка проодеваемая через хрящи под ноздрями верблюда, за которую привязывают поводок). Түркi – қыпшақ тiлдерiнде түгел айтылады, әр түрлi аллофондары бар.
-ман, -мен – есімшенің келер шағымен зат есімге жалғанып, зат есім тудыратын өнімсіз жұрнақ. -ман аффиксі М.Қашғаридің пікірінше парсы тілінен аударғанда тектес, тәрізді, сияқты деген мағынаны білдіреді. -ман арабтан әуелде адам мағынасында еніп, кейін жұрнаққа айналған.
-ман // -мен жұрнағы адамдардың өзара қоғамдық қарым – қатынасын, заттың бейімділік қалпын бiлдiредi. Мысалы: талаш (талас) – талашман (таласушы кiсi, таласқа түсушi), хырман – қырман. Нечүк кім күйса хырманлар йашындын – жасыл түсіп қырмандар өртенгендей /Мн.227/.
Бұлардың барлығы да дерлiк морфологиялық жолмен жасалған зат есiмдер. Өзге сөз таптарынан қажеттi жұрнақтардың жалғануы арқылы пайда болған сөздер. Зат есiм тудыратын жұрнақтардың кейбiреуi өздерi тiркескен сөздердiң лексикалық мағыналарына семантикалық реңк қана үстейдi. ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткiштерiнде зат есiмдер мынадай жұрнақтар арқылы жасалады. Олар: -мақ, -мек, -чық, -үк, -үт, -ақ, -үм, -ым, -уш, -чi, -ған, -мач, -рек, -iш, -аш, -ерү, -сун. Осы аталған жұрнақтарға мысалдар келтiрейiк.
-мақ етістіктің түбіріне қосылып, есім жасайтын құранды әрі өнімді жұрнақ: тізбек, батпақ, шақпақ сөздері – етістікке –бек, -пақ құранды жұрнақ қосылу арқылы жасалған есім сөздер.
-мақ қосылу арқылы жасалған сөздер құрал – аспап атын білдіреді:
-мақ қосылу арқылы жасалған сөздер киім атауларын, не белгілі бір заттың тобын, жиынтығын білдіреді:
Ауқат тағам аттарын білдіреді: құймақ, жармақ.
«-мақ, -мәк встречается, как пережиточный аффикс, в изолированных словах различного значения».
Есмес – күн (жел соқпай тұрған уақыт, жел еспейтiн кез), тамчық – тамшы (майда тамшы), үйүк – үйiк, төбе (үйiндi жер, төбешiк), айры – айрық (таудың айрығы), йебүлдiрек – жапырақ (ағаштың жапырағы), кечүтмәк – судан кешiп өтетiн жер (жаяу өткел), қышқач - шаян, сувлачан – суалшаң, йалдрым және сырча - әйнек, шыны (жарқ – жұрқ ететiн, жарқырап тұратын нәрсе, зат), бол(л)уқ – бөлу, бар болу, жетiсу, жетiлу, баю, байлықтың мол болуы, молшылық, бузмақ – талау (талан – таржға салу, талап алу).
-лық бiз зерттеп отырған жазба жәдiгерлерде ең жиi қолданылатын өнiмдi жұрнақ. «Хұсрау уа Шырын» мен «Нахдж әл-Фарадис» тiлiнде 8 түрлi фонетикалық вариантта кездеседі: -лық, -лик, -луқ, -лүк, -лығ, -лиг, -луғ, -лүг; «Мухаббат - наме» тiлiнде тек -лық, -лик, -лук варианттарында кездеседі. Ескерткiштерде -лық көбiне сын есiм және зат есiм тудыруға белсендi. Сонымен қатар көп мағыналы болып келедi.
М.Қашқаридің «Дивани лұғат-ат турк» атты еңбегінде сөзжасамға қатысты алғашқы қисындар айтылады. Аталған еңбекте сөзжасамның синтетикалық тәсілі, қосарлану тәсілі талданады. Бұл еңбекте бір ғана «-лық» қосымшалы туынды сөздің мағынасын талдағанда «-лық»-тың үш түрлі өзіндік мағынасы айқындалып, содан кейін осы тұлға арқылы жасалған туынды сөздің мағыналары сараланады. Нәрсенің өскен, өнген жерін білдіретін мағынасы, айтылған нәрсені істеуге арналған нәрсенің аты, кісінің құлқын, табиғатын білдіретін мағынасында жұмсалғанын көрсетеді. Бұған қарағанда, ХІ ғасыр жазба ескерткішінде осындай мағынада жұмсалған бұл аффикс ХIII-ХIV ғасыр жазба жәдігерліктерінде де осы сынды мағынада қолданылған ең өнімді жұрнақтардың бірі.[16]
1. Зат есiм жасай отырып абстракт ұғымдар бередi. Бұл сөздердi шағын мағыналық топтарға бөлуге болады.
а) сын есiм негiзден зат есiм тудырып сапа мен жағдайды бiлдiредi. Иаманлық - жамандық: йаманлық қылған ергә егүлик қыл - жамандық қылған адамға жақсылық қыл /Г.326/.
б) адамның мiнезiн, әрекетiн, қалпын бiлдiретiн сөздерден жасалған абстракт мағынадағы зат есiмдер тудырады:
Кишилик - адамгершiлiк: йар өлтүрмәк кишилик ермәз – Досты өлтiру – адамдыққа жатпайды /ХШ, 195 , 17/.
Улулуқ – ұлықтық. Бу давләтсіз улулуқ қылса болмаз – бұл дәулетсіз ұлықтық қылса болмас /ХШ/.
в) жан – жануарлардың атауларына жалғанып абстракты ұғымды зат есiмдер жасайды.
Бөрилик - бөрiлiк, бөрiге ұқсас: Бөрилик қой, чабан қыл ишиңни – Бөрiлiктi қой, шопанға ұқсап iс қыл /ХШ, 168 ,19/.
Тилкүлүк - қулық, айлакерлiк: Арслан тилкүлүк қылса йәрашмаз – Арыстанға қулық жараспаз /ХШ, 167 б. 12/.
г) ескерткiштерде сын есiмге жалғанып, абстрак мағынадағы зат есiмдер жасайды:
Түгәллик (түгелдiк, бүтiндiк): Түгәллик йәхшы – бүтiндiк жақсы /ХШ, 16 б. 20/.
Қарылық – кәрілік, йігітлік – жігіттік. Қарылықда йігітлік қайра келмаз - кәрілікте жігіттік қайта келмес /ХШ/.
Ходрайлық – есерсоқтық. Аңар ходрайлық етіб мүнса болмаз – оған есерсоқтық жасап мінсе болмас /ХШ/.
Сүчүглүг – тәттілік. Сүчүглүг бірла ол сені алдар – тәттілікпен ол алдар сені /ХШ/.
2. Атақ, дәреженi бiлдiретiн сөздерден адамның әлеуметтiк жағдайын, кәсiптi, қызметтi бiлдiретiн зат есiмдер жасайды:
Беклик - бек қызметi: Арзу билән беклик ғасил болмас – Тек қана үмiтпен бек бола алмайсың /Г, 190/.
Қуллық - құлдық, қызмет көрсету: бу ол му, йа дәгүл му билсә болмаз, ики әрклиггә қуллық қылса болмаз – Бұл сол ма, әлде ол емес пе бiлiп болмас, екi үкiметке бiр уақытта құлдық қылып болмас /ХШ,49 б. 3/.
Ханлық - хандық, патшалық: Бу күн ханлық бозынға кәртү хан сән – Бүгiн хандыққа лайық хан сен /ХШ,114, 14/.
3. Әр түрлi мақсатқа арналған заттар мен нәрселердiң атын бiлдiредi:
Ашлық - нан, бидай, дән: Йер уруқ алмайынча бермәз ашлық – Жер ұрық алмай, бидай бермес /ХШ,204/.
Түңлүк - түндiк: Соңы айдың тег оң түңлүкдан енгай – Соңынан сәулеге ұқсап түндiктен енедi /ХШ, 86/.
4. Өлшем, бiрлiктi бiлдiретiн сөздер –лық жұрнағымен жасалғанымен өте сирек:
Бирлик - бiрлiк: Анық бирликангә берүр тануқлуқ – Оның бiрлiгiне куә болады /ХШ,5 б. 16/.
5. Шыққан орынды, мекен – жайды бiлдiредi: «Гулистан бит – турки» дастаны мен «Хүсрау уа Шырын» жазба ескерткіштерінде ғана бiрер дерек бар:
Ә.Керiмовтiң көрсетуiнше «ХШ» дастанында -лық жұрнағынан жасалған 245 туынды сөз, «Г» дастанында 55, «Мн» дастанында 6 туынды сөз бар екендігін көрсетеді 17,160.
Қазiргi түркi тiлдерiнде -лық / -лығ тұлғасы ең өнiмдi жұрнақтардың бiрi. Сөз тудырушы қосымшалардың көпшiлiгi бiрнеше мағынаны бiлдiретiн белгiлi бiр сөз табына телу арқылы олардың мәнiн ашу қиын. Қазақ тiлiнде –лық / -лiк жұрнақтары бiрнеше мағына бередi.
Зат есім мен етістіктен зат есім тудыратын өнімді жұрнақтар. Әдеби тілімізде морфологиялық тәсілмен сөз тудыруда көп қолданылатын өнімді, актив жұрнақтардың бірі - -шы, -ші. Тарихи қалыптасу жағынан А.Г.Гулямов: «... аффикс –чи первоначально имел форму –ч, потом к нему присоединился формант –и получилась расширенная форма указанного аффикса, в дальнейшем аффикс расширенная форма указанного аффикса, в дальнейшем аффикс –чи начал присоединяться и к другим словам» [18,15] - деп қарайды. Мүмкін -шы морфемасының этимологиясы солай болғанымен, қазіргі қазақ тілінде күрделі емес, жалаң жұрнақ.
Адамның әр түрлі еңбегіне, мамандығына, саяси бағытына тағы басқа ерекшелігіне байланысты жалпы дерексіз мағыналы, жалпы заттық мағыналы, нақтылы мағыналы зат есімдер жасалуына негіз болатын –шы мынадай тұлғалы сөздерге қосылып, негізгі түбірлі (әнші, сыншы), туынды түбірлі (егінші, сауыншы), біріккен түбірлі (қолбасшы, шекарашы), қысқарған түбірлі (колхозшы) зат есім жасайды. Ә.Төлеуовтің еңбектерінде –шы жұрнағын зат есімнен зат есім туғызатын морфема деп қараған [19,24]. Мұны қазақ тіл білімін зерттеушілердің де еңбектерінен аңғаруға болады.
-чы, -чи, -чi жұрнағы аталған жазба ескерткiштердiң барлығында да осы фонетикалық варианттарда кездеседi. Зат есiм туғызатын бұл жұрнақ мынадай мағыналар бередi.
1. Есiмдерге тiркесiп келiп, кәсiптi, мамандықты бiлдiредi.
Егинчи - егiншi: Егинчиләр келип шикайт қылдылар – Егiншiлер келiп арыз айтты /Г, 91 б9/. Егiнчi үйлерi йағылды отқа – Егiншi үйлерi жағылды отқа /Г,2/.
Елчi - елшi: Беш башлы елчi келiйiр – Бес басты елшi келедi /КК,16/.
Қарақчы - қарақшы: Қарақчыдан не қорқсун йоқсул ай йар – Қарақшыдан не қорықсын кедей, әй жар /ХШ,219/.
Авчы - аңшы: Менiң Қам авчы йүгрук iтларiм бар – Менiң де аңшы жүйрiк иттерiм бар /ХШ,15/,
Битигчи - хатшы, көшiрмешi: Оқуды хас битигчисин қатынға – ол өзiнiң жеке хатшысын шақырды /ХШ, 141б6/.
«ХШ» және «Г» ескерткiштерiнде етiстiк негiзiнен туындаған кейбiр сөздер де мамандықты бiлдiредi.
Күзәтчи - күзетшi: Йәнә тапса күзәтчисиз ачуқ дүр – күзетшiсiз қалған қымбат тасты тапса / Г,62б10/.
Отачы - дәрiгер: Отачы нечә ким билсә тамардын – тамыр ұстап ауруды бiлетiн дәрiгер /ХШ,63б11/.
2. Есiмдерге жалғанып адамның қасиетiн, жақсы не жаман сапасын бiлдiредi.
Күрәшчи - балуан: бир күрәшчи пәғләван алтмыш түрли күрәш илмин билүр ерди – Бiр балуан алпыс түрлi күрес тәсiлiн бiлетiн / Г, 74 б 4/.
Йалғанчы - өтiрiкшi: Йалғанчы душман көр болсун - Өтiрiкшi жау соқыр болсын / ХШ, 178 а 5/.
3. Субьектiнi бiлдiрiп зат есiм туғызады:
Әпчи - әйел: Бұл сөздiң түбiрi «еп» – үй. Қазiргi хақас тiлiнде епчi әйел мағынасын бередi.
-даш, -дәш «ХШ» және «Г» ескерткiштерiнде кездеседi. Зат есiмдерге жалғанып туыстық, жолдастық қатынасты бiлдiретiн атауларды туғызады.
Йолдаш - жолдас, серiк: Мен дағы анларға йолдаш болмақ тиләдим – Менiң оларға жолдас болғым келдi /Г, 151 а 3/.
Қарындаш – туған - туысқан адамдар. Тас – қарындаш (брат, собрат, единоутробные братья и сестры); ата қарындашы (дядя по линии отца); қайын қарындашлар (родители и родственники жены и их потомство); қыз қарындаш (сестра); КК,МҚ. ДТС – қарундаш // қарындаш (брат единоутробный).
Көңiлдаш - дос, көңiлдес: Көңiлдаш мән йәнә залым ерүр йар – Мен шын доспын, ал менiң досым залым /ХШ, 115 в 10/.
Евдаш - әйел: Йақшы ер евдәши йаман болса, жәвр ичиндә ерин ғәмишә қыйнар – Жақсы адамның әйелi жаман болса, ол үнемi ерiн азаптар /Г,134 а 6/.
Ал белгiлi қазақ ғалымы К.Аханов бұл тұлғаны «морфологиялық жылысу процесi мен сiңiсу процесiнiң қатысуы нәтижесiнде жасалған құранды жұрнақ» деп есептейдi 20,19. Түркiтануда жұрнақтар дербес сөздердiң күңгiрттенуi арқылы жасалған деген тұжырым бар. О бастағы дербес сөз кейiн көмескiлене келе жұрнаққа айналып, түбiрге жалғанарда жайдан жай тiркесе бермейдi. Тiлдiң белгiлi бiр iшкi заңдылығына сүйенедi.
-ым жұрнағы ескерткiштерде -ым, -им, -ум, -м варианттарында кездесiп, бiрнеше мағынада қолданылады.
1. Деректi заттың атын бiлдiредi.
Кәзим – киім. Күн ай тег бир кәзимге разы болғыл – күн мен ай сияқты бір киімге разы бол /ХШ, 64б6/.
2. Қимыл - әрекеттің обьектісін білдіреді.
Ичим – сусын. Ичим суу әрсә йәлғуз ичмә зинһар – сусының су болса да, құдай үшін жалғыз ішпе /ХШ,148/.
Йем – жем, тамақ. Йемүм қазғу болады – менің асым қайғы болады /ХШ,115/.
3. Өлшем – бірлікті білдіреді.
Ичим – бір жұтым. Бит ичим су – бір жұтым су /Г, 241 а6/.
«Мухаббат - наме» ескерткішінде -ум жұрнағынын жасалған бір ғана сөз кездеседі. Өлүмдүр - өлім. Меңа сенсиз өлүмдүр бу һәйатым – мен үшін сенсіз өмір - өлім.
Достарыңызбен бөлісу: |