Дорсальдық жұлын-мишық жолын немесе Флексиг шоғырын, жұлынның дорсальдық мүйізінде орналасқан нейрондар аксоны құрайды. Бұл жол талшықтары айқаспай өз беткейімен мишыққа барады, қозу импульсін 110 м/с жылдамдықпен өткізеді. Бұл жолмен аяқ - қол еттері мен буын байламдары рецепторларынан тарайтын импульстер өткізіледі.
Вентральдық жұлын-мишық жолы, немесе Говерс шоғыры, жұлынның дорсальдық мүйізіндегі нейрондар аксондарынан құралып, импульстерді 120 м/с жылдамдықпен мишықтың дененің қарсы беткейіндегі жартысына жеткізеді. Бұл жол сіңірден, тері мен ішкі рецепторлардан тараған импульстерді өткізеді, дене қимылдарын қамтамасыз етіп, дене кейпін бақылауға мүмкіндік береді.
Ми жарты шарлары мидың ең жоғары және филогенездік тұрғыда ең жас бөлімі. Сыртынан ол жалпы қалыңдығы 1,5-4,5 мм шамасын құрайтын сұр затпен қапталады. Оны үлкен ми қыртысы деп атайды. Ми қыртысы мидың ең күрделі құрылымы, ол түрлі сенсорлық тітіркеністерді қабылдап, өңдеп, әрекеттерді қалыптастыратын сигналдарды тудырады, организмнің күрделі мінез-қылығын үйлестіріп, бағыттап отырады.
Морфологиялық тұрғыдан ми қыртысы орасан көп (12-18 млрд.) нейрондардан, олардың өсінділері мен синапстардан, нейроглия торшаларынан құралған. Ми қыртысын құрайтын нейрондар пішімі мен қызметіне байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Олардың бірін пирамидалық торшалар құрайды. Олар ми қыртысы беткейінде вертикаль (тігінен) орналасады және үшбұрыш пішіндес келеді. Бұл торшалардан жоғары қарай Т-тәрізді тармақталған дендрит, ал төменгі табанынан аксон басталады да, ол ми қыртысының басқа аймақтарына бағыталатын, немесе қыртыстан басталатын, төмендеу жолына қосылады.
Қыртыс нейрондарының келесі тобын майда жұлдызша торшалар құрайды. Олардың өсінділерінен қыртыстық байланыстар түзеледі.
Нейрондардың үшінші тобын шүйкелі (ұршық тәрізді) торшалар түзеді. Олардың аксондары горизонтальды не тік бағытта жайылады. Аталған нейрондар топтарының денесі мен өсінділері белгілі ретпен орналасады да, ми қыртысын алты горизонтальды қабатқа бөледі. Олар сыртқы молекулалық қабат, сыртқы дәнді қабат, сыртқы пирамидалық торшалар қабаты, ішкі дәнді, ішкі пирамидалық торшалар қабаты және әртекті (полиморфты), немесе шүйкелі, торшалар.
Анатомиялық тұрғыдан ми қыртысы төрт бөлікке - маңдай, төбе, шүйде және самай, бөлінеді. Бұл бөліктердің әрқайсысы сезімтал, (проекциялық) және жалғастырушы аймақтарға бөлінеді. Ми қыртысының арнаулы афференттік жолдар тірелетін жерлерін сезімтал (проекциялық, сенсорлық) аймақ дейді. Оларға соматосенсорлық (төбе бөлігінде), көру (шүйде бөлігінде), есту (самай бөлігінде) дәм сезу (төбе бөлігінде) аймақтары жатады.
Жалғастырғыш (ассоциативтік) аймақтар үлкен ми жарты шарларының маңдай, самай, төбе, шүйде бөліктерінде орналасады. Бұл аймақтар импульстерді не сезімтал аймақтардан, не басқа жалғастырғыш аймақтардан қабылап отырады.
Ми қыртысының қозғағыш аймақтары бұлшық ет әрекеттерін басқарады. Олар алдыңгы орталық иірімде және ми қыртысынын медиальдық беткейінде орналасады.
Сопақша ми - ми сабағының (бағанының) маңызды құрылымдарының бірі. Ми сабағы деген атпен сопақша ми, көпір, ортаңғы және аралық ми құрылымдарын біріктіреді. Ми сабағының ішінде тармақталған тор түрінде торлы құрылым, немесе ретикулярлы формация, орналасады.
Адам мен барлық омыртқалы жануарларда сопақша ми жұлынының жалғасы болып табылады, сондықтан онда жұлынға тән қарапайым сегменттік сипат сақталады, Сопақша миға да жұлын тәрізді рефлекстік және өткізгіштік қызмет тән.
Сопақша мида нейрондар шоғырланып, ерекше құрылым - ядролар пайда болады. Ядролар әр түрлі рефлекстік қызметтердің орталығы болып табылады. Сопақша ми жұлын мен өз ядроларынан басталатын ми жүйке тамырлары арқылы дененің барлық бөліктерімен байланысады. Он екі жұп ми жүйке тамырларының сегіз жұбы (V-ХІІ) осы сопақша мидан бастау алады. Олар үштармақ, әкеткіш, беттік, есту, тіл-жұтқыншақ, кезеген, қосымша және бұғақтық (тіл асты) жүйке тамырлары. Сопақша мида тыныс алу, жүрек қызметін реттеу орталықтары, тамыр қозғағыш орталық, көмірсулар алмасуын реттеу, ему, шайнау, сілекей бөлу, жұту, қарын, ұйқы безі сөлін бөлу орталықтары, жөтелу, тушкіру рефлекстерінің орталықтары, Дейтерс ядросы және басқа тірішліктік маңызы зор орталықтар орналасқан. Сонымен қатар, сопақша мида бас еттерінің, көздің, ішкі құлақ шытырмағының (лабиринтінің) афференттік жүйкелерінің орлалықтары орналасады.
Сопақша ми вегетативтік қызметтер мен қанқа еттері тонусын реттеуге қатысады. Бұлшық ет тонусын реттеуде Дейтерс торшалары маңызды рөл атқарады. Сопақша ми мен ортаңғы ми арасын тіліп, Дейтерс торшаларының қызыл ядромен байланысын үзсе, жануарларда децебрациялық сіреспе (ми сіреспесі) деген атпен белгілі құбылыс байқалады. Мұндай жағдайда жазғыш еттердің тонусы күрт жоғарлайды да, жануарлардың денесі керіліп, аяқтары сіресе жазылады, басы кекшиіп, құйрығы қайқая көтеріледі. Мал қимылдау қабілетінен айырылады. Сопақша мн тонустық рефлекстерді реттей отырып, организмнің қиымыл-әрекетін (жүру, түру) қамтамасыз етуде маңызды рол атқарады.
Сопақша мидың өткізгіштік қызметінің арқасында мидың жоғары бөлімдері жұлынмен байланысады, шеткі мүшелерге, вегетативтік қызметтерге ықпал етеді. Жұлынның барлық өткізгіш жолдары сопақша ми арқылы өтеді.
Артқы миға көпір мен мишықты жатқызады.
Көпір - негізінен өткізгіштік қызмет атқарады. Ол мидың алдыңғы, соңғы бөлімдері мен мишықты байланыстырады. Көпірдің сұр затында ми жүйкелерінің Ү-ҮІІІ-жұптарының ядролары, торлы құрылым ядролары және көпірдің өзіндік дербес ядролары орналасады. Ми жүйкелерінің сезімтал талшықтарымен көпір дәм сезу рецепторлары мен көз еттері және бас терісінің рецепторларынан сигналдар қабылдап, осы жүйкелердің эфференттік талшықтарымен бассүйек еттерінің қимылдарын реттейді. Көпірдің рефлекстік қызметі сопақша мидың қорғаныстық және қоректік рефлекстерін толықтырып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |