Асқазан
Қызметтері. Ас қорытуға қатысады. Асқазанда жаңадан түскен астың жинақталуы және химиялық өңделуі жүреді. Химиялық өңдеу ас түйіршігінің ішінде қалған сілекейдің және асқазан сөлінің көмегімен жүзеге асырылады. Асқазан сөлінің құрамында пепсин, химозин, липаза ферменттері, сондай-ақ тұз қышқылы мен шырыш болады.
Пепсин – асқазан сөлінің негізгі ферменті. Оның ықпалымен тамақтың күрделі белоктарының қарапайым альбумозалар мен пептондарға ыдырауы жүзеге асады. Пепсин қышқыл ортада ғана ферментативтік ықпал жасайды, сондықтан оны жандандыру үшін тұз қышқылы қажет. Тұз қышқылы астың ақуыздарының денатурациясын және ісінуін қамтамасыз етеді және пепсиннің жұмыс істеуіне оңтайлы рН ортасын қалыптастырады. Химозин асқазанда тек ерте балалық шақта болады. Ол сүтті сүзбелендіруге қатысады. Липаза асқазанда шағын мөлшерде бөлініп, майлардың ыдырауына көмектеседі. Шырыш асқазанның шырышты қабықшасының бетін жаба отырып, оны тұз қышқылының әсерінен және тамақтың қатты түйірлерімен зақымданудан сақтайды. Асқазанда антипепсин деп аталатын ерекше зат бөлінеді деген болжам бар. Оның асқазан сөлінде болуымен асқазан қабырғасының пепсиннің қорытушылық әрекетіне қарсы орнықтылығы түсіндіріледі.
Тамақты химиялық қайта өңдеуді жүзеге асыра отырып, асқазан сонымен қатар организм үшін маңызды тағы бірқатар міндеттерді атқарады. Асқазанның механикалық қызметі тамақты асқазан сөлімен араластырудан және қорытылған асты ұлтабарға жөнелтуінен көрінеді. Қызметті атқаруға асқазанның бұлшықеті қатысады. Асқазанның қабырғасында тамақпен бірге түсетін В-12 витаминінің сіңірілуіне септесетін антианемиялық фактор түзіледі. Бұл фактор жоқ болса, адамда қатерлі қаназдылық дамиды. Асқазан қабырғасы арқылы су, спирт, тұз, қант және сол секілді т.б. заттардың сіңірілуі жүзеге асады. Сонымен бірге асқазан белгілі бір экскреторлық қызметті де атқарады. Әсіресе бұл қызмет бүйрек аурулары кезінде айқын көрініп, асқазан қабырғасынан ақуыз алмасудың бірқатар ақырғы өнімдері бөлінеді (аммиак, несепнәр және басқалар). Асқазанның эндокриндік қызметі бірқатар биологиялық белсенді заттар – гастриннің, гистаминнің, сератониннің, мотилиннің, энтероглюкагонның түзілуінен көрініс табады. Бұл заттар асқазанның безді жасушалары мен ас қорыту жолының басқа да бөлімдерінің іске қосылуы мен секреторлық белсенділігіне септесуші немесе тежеуші әрекет жасайды.
Дамуы. Асқазан, құрсақ ішілік дамудың 4-ші аптасында пайда болады. Ал екінші айда оның барлық негізгі бөлімдері қалыптасады. Асқазанның бірқабатты призмалық эпителийі ішек түтігінің энтодермасынан жетіледі. Асқазан шұңқырлары ұрықтың дамуының 6-10-шы аптасында түзіледі, ал бездер асқазан шұңқырларының табанында бүршіктер түрінде пайда болады да, қарқынды өсе келіп, одан әрі шырышты қабықшаның меншікті табақшасында орналасады. Ең әуелі оларда – париетальдық жасушалар, одан соң – басты және шырышты жасушалар қалыптасады. Дәл осы кезде (6-7 апта) мезенхимадан алдымен – бұлшық етті қабықшаның айналмалы қабаты, содан кейін – шырышты қабықшаның бұлшық ет табақшасы дамиды. 13-14 аптада бұлшық етті қабықшаның сыртқы бойлай және, одан сәл кейінірек, ішкі қиғаш қабаты түзіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |