ЕС – жасушалар – эндокриноциттердің ең көбі болып, паракринді әсерлі, «ашық» типтіге жатады. Бездердің денесі мен түбі аймағында басты жасушалардың арасында орналасады. Бұл жасушалар серотонин мен мелатонин бөліп шығарады. Серотонин ас қорыту ферменттерінің секрециясын, шырыштың бөлінуін, бұлшық еттің қозғалғыштық белсенділігін арттыруға жәрдемдеседі. Мелатониннің бөлінуі астың түсуімен емес, көру жолдарынан келетін сигналдардың есебінен симпатикалық жүйке жүйесімен реттеледі. Мелатонин функциональдық белсенділіктің фотомерзімділігін реттейді (яғни жарық циклінің әсеріне тәуелді).
ECL-жасушалар да реттеуге паракринді жолмен қатысады, бірақ олар «жабық» типті жасушаларға жатады. Яғни олардың гистаминді өндіруі тек қана гуморальды немесе жүйкелік жолмен ғана реттеледі.
G (С) –жасушалар (гастрин өндіруші) да көп және негізінен пилорикалық, сондай-ақ кардиальдық бездердің денесінде және түбінде, кей кезде мойын аймақтарында орналасады. Бұл жасушалар «ашық» типті, эндокринді әсер етуші болып табылады. Ортаның қышқылдығы төмен болған мезгілде бұл жасушалар гастринді өндіреді, ал олар қан арқылы бездің түбі мен денесінде орналасқан париетальды жасушаларға жетіп, олардың қызметін арттырады. Олар бөліп шығаратын гастрин – басты жасушалардың пепсиноген бөлуін, париетальдық жасушалардың қышқылын өндіруін күшейтіп, сонымен бірге асқазан моторикасына ықпал жасайды. Асқазан сөлінің гиперсекрециясы кезінде адамда G – жасушалар санының ұлғаюы байқалады. Бұл жасушалар, гастриннен басқа, эндогендік морфиндердің бірі болып табылатын энкефалинді де бөліп шығарады. Оған ауыру медиациясы қызметін таңады.
Р-жасушалардың қызметі де осы жасушаларға ұқсас. Р-жасушалар тұз қышқылы мен ферментке бай панкреаттық сөлдің бөлінуіне септесетін әрі өт қалтасының тегіс бұлшық етінің жиырылуын тездететін бомбезинді өндіреді.
Д-және Д1-жасушалар негізінен пилорикалық бездерден табылды. Олар белсенді полипептиттерді өндірушілер. Д-жасушалар белок синтезін тежейтін соматостатинді бөледі. Д1- жасушалар қан тамырын кеңейтіп, артерия қысымын төмендететін, сондай-ақ ұйқы безі гормондарының бөлінуін қуаттайтын вазоинтестинальдық пептидті (ВИП) түзеді.
P- , ECL- , Д- , Д1- , А- және Х жасушалардың саны аздау. А- жасушалар глюкагонды синтездейді, яғни қызметі жағынан ұйқы безі аралшықтарының А-жасушаларына ұқсас. Олар «жабық» типті жасушаларға жатады, әсер ету әдісі бойынша эндокриндік болып келеді. Өндірген глюкагон гормоны қан арқылы нысаналы жасушаларға жеткізіледі. Х-жасушаларының қызметі толық анықталмаған.
Достарыңызбен бөлісу: |