Дәріc №10
ХХ ғ.басындағы қазақ әдеби тілінің даму сипаты.
1. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдеби тілінің дамуын танытатын жазба нұсқалар.
2.ХХғ. басында көркем әдебиет стилінің жетіліп, жанрлық жағынан дамуы.
3.Публицистикалық, ғылыми, ресми іс-қағаздарының тілі
4.Қазақ жазу жүйесін жетілдіру мәселелері.
5.Алғашқы қазақ баспасөзінің қалыптасуы
6.А.Байтұрсынұлы және қазақ әдеби тілі
ХХ ғасырдың басында тікелей оқу қазақтың жаңа жазба әдеби тілі Ыбырай мен Абайдан басталып, ХХ ғасыр басында ұлттық сипат алды. Ол сипат ең алдымен, көркем әдебиеттің идеялық мазмұнының сыршылдық, сыншылдық қасиетке ие болуынан көрінсе, екіншіден, оның жанрлық жағынан түрленуінен де көрінеді. ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде жарық көрген прозалық шығармалар, ауыз әдебиеті шығармалары мен шығыс әдебиетімен тақырыптас қисса-дастандар, оқу – педагогикалық сипаттағы кітаптар, аударма әдебиет үлгілері, жеке ғылым саласы бойынша жарияланған ғылыми-көпшілік әдебиеттер, ресми материалдар мен діни әдебиеттер, газет-журнал беттеріндегі публицистикалық материалдар сол тұстағы әдеби тіліміздің сапалық жағынан өсіп, стильдік жағынан саралана түскенін танытады. Алайда аталған жазба әдебиет нұсқалары мазмұн жағынан ғана емес, тілдік ерекшеліктері, әдеби тілге тән сипаты, оның әрі қарай дамуына үлес қосуы жағынан да әркелкі болды.
Мәселен, ХХ ғасыр басында халық арасында ерекше сұраныс туғызып, бірнеше рет басылым көрген қисса-хикая аталған поэзиялық шығармалар мазмұны діни наным-сенімді, азаматтық, адамгершілік қасиеттерді насихаттап, оқиғасы көбінесе қиял, ертегі іспеттес, көркемдік сапасы төмен болуына қарамастан, қазақтың жазба әдеби тілінің даму тарихынан белгілі дәрежеде орын алды.
Қисса аталған әдебиет қазақ арасына ХІХ ғасырдың екінші жартысында тараған. О баста шығыс әдебиеті сюжетіне құрылған уақиғалы шығармаларды «қисса» деп атаса (қисса-арабтың әңгіме, тарих деген сөзі), кейін бұл термин талғаусыз, әйтеуір баспа бетін көрген, өлеңмен жағылған дүниелердің бәріне де қосыла берген. Дегенмен қисса термині көбіне – көп әңгіме, тарих деген ыңғайда көбірек қолданылған. Сөйтіп, «қисса» деген атпен қазақ тілінде шығыс әдебиетіндегі белгілі сюжетке құрылған лирикалық, фантастикалық поэмалар, ислам дінінің бес парызын насихаттайтын өлеңдер, қажыға барғандардың жолжазбалары, өлген адамдарды мадақтайтын арнау өлеңдер, ауыз әдебиетінің үлгілері т.б. жарық көрген, тіпті Дулат пен Шортанбайдың өлеңдер жинағы да қисса деп аталған.
ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылында да қисса аталған әдебиет көптеп шықты. Бұған Мәулекей, Кашафатдин, Ғали Махмудов сияқты татар молдаларымен қатар, Әріп Тәңірбергенов, Ақылбек Сабыл, Жүсіпбек Шайхисламов тәрізді қазақ ақындары да белсене араласты. Бұл дүниелердің бәрі бірдей емес. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілер әлеуметтік бағыты, мазмұны, идеялық, көркемдік құндылығы жағынан қиссаларды 3-ке бөліп қарайды. Тілдік ерекшеліктері жағынан да бұларды 3-ке бөліп қараған жөн сияқты (діни сарындағы қиссалар, азаматтық тақырыптағы қиссалар, халықтық туындылар).
Бұлардың тілінде ортаазиялық түркі әдеби тілінің әсері молынан кездескенімен, идеялық мазмұнында, өлең құрылысында жаңалық болмағанымен оларды әдебиет тарихынан шығарып тастауға әсте болмайды. Бұл жөнінде кезінде академик Қажым Жұмалиев былай деген еді: «Шығыс классиктерінің махаббатын жыр еткен поэмалары ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақындарына белгілі дәрежеде әсерін тигізді, Кейбірін ерікті түрде аударса, кейбіреулерінің тақырыбын, сюжетін алып, өздерінше поэма етіп шығарды. ... қазақ әдебиетінің бұл саласы кең шолып, терең зерттеуді қажет етеді».
Сондықтан оларды қазақ әдеби тілінің қалыптасу процесінде, оның ХХ ғасыр басындағы күй-жайын танытуда белгілі орны бар жазба нұсқалар ретінде қарастыруымыз керек. Қазақ әдебиетінде проза жанрының тез өркендеуіне ХХ ғасырдың басында қоғам өміріне батыл араласа бастаған баспасөз ісінің жедел өркендеуі ерекше ықпал етті. Сол кезеңде жарық көрген газет-журнал беттерінен көркем әңгіме, очерк, шебер аудармаларды жиі кездестіруге болады. Мысалы, «Айқап» журналы бетінде Ә.Ғалымовтың «Бейшара қыз», Ж.Тілеулиннің «Ат үстінде көрген түс», С.Торайғыровтың «Ауырмай есімнен жаңылғаным» т.б. әңгімелер жарияланды.
ХХ ғасыр басындағы нағыз қазақ романының үлгісі дерлік шығармалар – С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Ауырмай есімнен жаңылғаным» т.б. әңгімелер жарияланды.
ХХ ғасыр басындағы нағыз қазақ романының үлгісі дерлік шығармалар – С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» т.б. болды. Бұл шығармалар тілінің көркемдік құралдарына байлығымен бірге, халық тілінің не бір шұрайлы, образды сөз тіркестерін шебер пайдалануын да баса көрсеткен жөн.
Қазақ әдеби тілін дамытуда мерзімді баспасөздің ерекше рөлі болғаны даусыз. ХХ ғасыр басында бірер нөмірі шығып, әр түрлі себептермен жабылып қалған «Серке», «Қазақ» газеті, «Мұғалім», «Сарыарқа», «Тіршілік», «Үш жүз» т.б. газет – журналдарды есептемегенде, 1911-13 жылдары 17 саны шығып тоқтап қалған «Қазақстан» газеті, 1911-15 жылдары шығып тұрған (барлығы 88 нөмірі шыққан) «Айқап»журналы,1913-18 жылдары үзбей шығып тұрған «Қазақ» газеті қазақтың жазба әдеби тілін дамытуда, оның кейбір стильдік тармақтарын қалыптастыруда зор қызмет атқарды. Бұл газет-журнал беттерінде әдебиетіміздің әр түрлі жанрлары сараланып,қалыптаса бастады, публицистика тіліне тән көптеген сөздер, сөз тіркестері, грамматикалық тұлғалар тұрақталды, елімізде болып жатқан саяси-әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық мәдени өзгерістерге байланысты кіріп жатқан жаңа ұғымдардың ана тілінен баламаларын табуда болсын, қазақ тілінің сөздік құрамын байыта түсуде болсын, сөз тудыру амалдарын жетілдіре түсуде болсын аталған мерзімде баспасөздер айрықша қызмет атқарды.
Бұл кездегі жазба әдеби тілді сипаттайтын нұсқалардың қатарына аударма әдебиеттер де жатады.
1903 жылы Қазанда Молданияз Бекімов аударған А.С. Пушкиннін «Капитан қызы» қазақ тілінде басылып шықты. Бұл аударманың тілінде орыс тілінің әсері айқын сезіліп тұрады. Орынсыз көп қолданылған учитель, крепость, простой, господин сияқты орыс сөздерін есептемегенде, аударманың сөйлем құрылысында да орыс тілінің ықпалы жиі ұшырайды.
Бұл тұста шығып тұрған газет-журналдар көркем аудармаға үлкен мән беріп отырды. «Айқап» журналы мен «Қазақстан», «Қазақ» газеттерінің беттерінде орыс әдебиетінің көрнекті қайраткерлері И.А.Крылов, Л.Н.Толстой, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, т.б. белгілі ақын жазушылардың шығармалары қазақ тіліне аударылып басылып отырды. Көркем аударма тілін қалыптастыруда, оны жетілдіруде бұл тәжірибенің зор көмегі тиді.
ХХ ғасырдың бас кезінде медицина, биология ғылымдары салаларынан қазақ тіліне аударылған кітапшалар көптеп шыға бастады. Оған біріншіден, осы ғылымдардың сол тұста жақсы дамығаны себеп болса, екіншіден, халық арасында жұқпалы аурулардың көп тарап, ем-дом жасайтын дәрігерлердің аздығы да себеп болды. Халық қамын ойлаған оқыған азаматтар орыс тіліндегі арнаулы әдебиеттерді қазақ тіліне аударып бастырып отырды. Бұған мысалға төмендегі кітапшаларды атауға болады «Асрат яки холера әңгімесі» (1905); «Қышыманың турасында» (О чесотке,1906); «Адамның чумасы турасында» (1911); «Малда болатын жұқпалы аурулардың һәм оларға қарсы қалай ғамал қолдану хақында» (1911). Аталған кітапшаларды аударушылар орыс тіліндегі ауру аттарын қазақ ұғымына сай атап, емдеу жолдарын да қазақтарға шама келгенше түсінікті етіп беруге тырысқан. Дегенмен аудармада орыс тілінің сөйлем құру тәртібі орын алған, кейбір сәтсіз аударылған терминдер де кездеседі.
Аталған кітапшалар қазақ әдеби тіліндегі ғылыми стильді қалыптастыруда белгілі рөл атқарғанын, ғылымның осы салаларындағы кейбір терминдер мен сөз орамдарының кейінгі әдебиеттерде кең орын алғанын баса айтуға тиіспіз.
Қазақ әдеби тілін дамытуда ХХ ғасырда жарық көрген оқу-педагогикалық әдебиеттер мен қазақ тілі жайында жазылған еңбектердің де маңызы ерекше.
Бұл салада алғаш ана тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазған, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өз тілімізде төл терминологиямызды қалыптастырған Ахмет Байтұрсынұлының ересен еңбегі айрықша ауызға алыну қажет. Ахаң жолын қуған мұғалімдер ана тілінде бірнеше оқулықтар шығарды. Қазақ тілі жайындағы, оның ішінде, әсіресе, әліпбиімізді жөндеу туралы мақалалар «Айқап» журналында басталып, «Қазақ» газеті бетінде үзбей жарияланып тұрды, бұл жұмыстың бастаушысы да, ұйымдастырушысы да Ахмет Байтұрсынұлы болды.
ХХ ғасырдың басында тікелей оқу-ағарту ісімен немесе әдебиетпен айналысқандарды ғана емес, бүкіл қазақ қоғамын алаңдатқан үлкен проблема болды. Ол-жазу, әліпби мәселесі.
Жалпы қазақ мәдениеті тарихында әліпби, емле мәселесінің өз орны бар.Өйткені жазу-мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі.
Қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты 4-5 ғасыр араб жазуын пайдаланды. Көпшілікке мәлім, қазақ жазуын (араб графикасы негізіндегі) басқа графикага көшіру мәселесі тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап көтерілген болатын. Сол уақыттағы баспасөз беттерінде араб жазуының кемшілік жақтарын, оның түркі тілдеріне жарамсыздығын айтып сынаған мақалалар көптеп кездеседі. Кей мақаланың авторлары араб жазуының қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алмайтындығын, бас әріптердің ,тыныс белгілерінің жоқтығы оқуда қиындық туғызатынын көрсете келіп, қазақ жазуын жетілдіру керек не басқа әліпби алу керек деп пікір айтады. Қазақ оқығандары, оның ішінде Ыбырай Алтынсарин тәрізді ағартушылар, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере алатын жаңа әліпби қабылдауды, не осы жазуды біраз жетілдіруді күн тәртібіне қоя бастады. Міне, осы пікір ағымын өз мақсаттарына шеберлікпен пайдаланған Н.И.Ильминский бастаған миссионерлер араб жазуының кемшіліктерін сынай отырып, қазақ жазуын бірден орыс графикасына көшіру идеясын қызу уағыздады.
Араб жазуын басқаға графикамен алмастыру мәселесі өткен ғасырдың екінші жартысында көтерілгенмен, өз шешімін таба алмай аяқталды. Бұған нендей себеп болғанын шығыстанушы Н.Яковлев былай деп көрсетеді: «Орыс графикасы миссионерлер мектебі арқылы таратылғандықтан кейбір халықтардың ұлттық сезіміне жағымсыз әсер етті. Бұл орыстандыру және ұлттық ерекшеліктерді зорлықпен жою үшін істелінген іс деп есептелінді»
ХХ ғасырдың басында туған шытырман заманның түрлі қоғамдық-саяси оқиғаларына қазақтың көзі ашық, ұлтжанды зиялы тобының өкілдері бей-жай қарап отыра алмады. Олар қоғамдық дамудың алғы шарттарының бірі – халыққа білім беру деп танып, қалың бұқараның сауатын тез ашу үшін оқыту жүйесіне реформа жасаудан бастау керектігін жақсы түсінді. Мектептер мен медреселерде діни сабақтармен қоса әр түрлі ғылым салаларынан алғашқы мәліметтер берілетін болды. Жаңа әдіспен оқытудың пайдалы екендігін түсінген Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, И.Бейсен баласы т.б. халықты ана тілінде тез сауаттандыру үшін төте жазумен жазылған жаңа оқу құралдарын құрастырып, жаңа әдіспен оқытуға арналған әліппе, емле ережелерін құрастырумен айналысты.
Олар жас ұрпаққа өркениетті елдердегідей ғылым мен мәдениетке жетудің бірден-бір жолы мектептер мен медреселерде «жаңа әдіспен» (усули-жадид) оқыту ісін жолға жою керектігін ұсынды. Себебі бұрынғы оқыту жүйесі бойынша мектептер мен медреселерде жүргізілетін оқу жаңа заманның, яғни дамып келе жатқан капиталистік өндірістік және қоғамдық-саяси, рухани қатынастардың талабына сәйкес келмеді. Оқу жүйесіне реформа жүргізу, міне, осындай өндірістік қатынастардың талабынан туған қоғамдық оқиға болатын. Сол дәуірде қалыптаса бастаған ұлттық буржуазия мен алдыңғы қатарлы зиялылардың бұны қолдауы сондықтан еді.
Қазақстандағы мектептер мен медреселерде «жаңа әдіспен» оқыту ісі ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында өріс ала бастады. Бұл бағытты жақтаушы мұғалімдер Қазан, Орынбор және басқа Еділ бойы мен Орал қалаларында оқып білім алған жастар болды. Сонымен бірге татар ақын –жазушыларына еліктеуші әдебиетші – тілшілер болды. Олар да мектептер мен медреселерде діни сабақтармен бірге білімнің әр саласынан хабар беретін арифметика, география, тарих, жаратылыстану, тіл пәндерін жүргізуді талап етті.
Жас буынға білім беру ісіне енгізіле бастаған бұл жаңалықты қазақтың жас толқын оқығандары ерекше құштарлықпен қолдап, оның қарқынды да мазмұнды жүргізілуіне белсене араласты. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қарашев,Мұхамеджан Сералин т.б.ағартушылар, ақын-жазушылар, алғыр ой иелері ескі оқу жүйесіне реформа жүргізу мәселесін бірден қолдап, «Айқап» журналы және «Қазақ» газеті беттерінде мәселені кеңінен насихаттауға кірісті. Мектептерде оқу бағдарламаларын жаңа талапқа сай құру, оқулықтар мен көмекші оқу құралдарын дайындау ісіне кірісіп кетті. Мәселен, «Айқап» журналының редакторы Мұхамеджан Сералин жаңа әдіспен оқытуды бірден қолдап, оны қазақ даласында кеңінен тарату ісіне көп еңбек етті.
1914 жылғы «Айқап» журналының 17-санында жарияланған өзінің «Жуырда орны толмастай өлім» деген мақаласында ол жәдидизм идеялогиясының әрі көрнекті, әрі беделді өкілі Исмаилбек Гаспринский туралы былай деп жазды: «35 жылдан бермен қарай бүкіл Русь мұсылмандарына жолбасшы болып, ғылым шырағын қолына алып, жұрттың жүрер жолын жарық қылып келе жатқан бір данамыздан, бір маңғаз серкемізден айрылдық. Күні кеше жұрт қамы үшін қайғырып жүрген бір Асан-қайғымыз арамыздан жоғалды. Русь қол астына қараған 20 миллион мұсылмандардың оқымыстыларының барлығына да Гаспринский ұстаз еді. Барлығы да ол марқұмды білуші еді, сүюші еді, сыйлаушы еді. И.Б. Гаспринский дәулетті, бай адам емес еді. Руссияда бірінші газет шығарушылық бәйгесі де ол кісіге тимеді, ол марқұм зор орында қызмет еткен төре де емес еді. Оның бүкіл дүниеге аты шығуына себеп болған нәрсе-қаламына шебер, сөзге жүйрік, ойға терең, халқы үшін қайғырушы таза жүрек, жұртқа пайдалы деп түсінген жұмысын орнына жеткізбей тынбайтұғын табандылығы еді. Русь мұсылмандары бірін-бірі танымай, өздерінің кім екендігін түсіне алмай абдырап жатқандығынан, дүниеден, ғылымнан құр алақан екендігін, басқа дүниедегі білім, мәдениеттің түбі біздің мұсылман бабаларымыздың қолынан шыққандығын түсіндірді. Ал 10 жыл оқып бір дұрыс хат жаза білмейтін елді 1-2 жылда жазу тануы мүмкін екендігіне үйретті. Біздер Исмаилбек арқасында өзімізді тани бастадық, жеңіл тәсілмен оқытудың пайдалы екендігіне, өзіміздің ана тіліміздің сүйкімсіз тіл емес, ең қадірлі тіл екендігін білдік. Тілсіз жұрт жансыз жұрт секілді екендігін аңғардық, біз бұрын жансыз кеуде едік. Гаспринский бізге жан бітірді, өлі денеге рух кіргізді. Соның үшін оны біз еш заманда ұмытатұғын емеспіз. Біздің жұрт болып тұрғанда Гаспринский есімі өлсе де, рухы бізбен бірге болашақта бірге жасамақ...».
Қыр өлкесіне жаңалықтың жаршысы болған, көптің көңілінен шыққан тұңғыш ағартушы-демократиялық басылым «Қазақ» газеті беттерінде жәдидшілердің басты мұраты мен атқарып жатқан іс-әрекеттері туралы жиі жазылып тұрды.
Жәдидшілер өз бағдарламасында халықты ғылым мен техниканы игеруге насихаттады.
Надандық шәрбетіне мас болдық,
Залалға дос, пайдалыға қас болдық,
Үлкеніміз қадымлыққа жазылып,
Жәдид деген партияда жас болдық...-
деп Міржақып Дулатов жәдид ағымын қолдауға шақырды. Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасырдың бас кезінде араб әліппесін қазақ әліппесін жүйелеп, оқу құралдарын жасады, фонетика, грамматика саласын зерттеп, қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы зерттеулер жазды.
ХХ ғасырдың басында да Россияға қарайтын елдерде әліпби жөндеу жұмысы қолға алына бастады. Түркі халықтарының ішінде бірінші болып Әзірбайжанда Мырза Фатали Ахундов араб жазуын латын әліпбиіне алмастыру идеясын айтты. Патшалық Россияда бұл мәселені шешу мүмкін емес еді, өйткені патша өкіметі қарамағындағы елдің барлығына орыс графикасын ұсынды. Сондықтан бұл мәселе де жүзеге аспады.
Бұдан кейінгі әліпби мәселесі А.Байтұрсыновтың және ол шығарған «Қазақ» газетінің /1913-19/ қызметімен тікелей байланысты. Мәселен, А.Байтұрсыновтың 1910 жылдардан бастап араб жазуы сол күйінде қазақ тілі үшін қолайлы еместігін байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзуді қолға алды. Араб әліпбиін қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне сәйкестендіру мақсатын көздеген еңбектерге А.Байтұрсыновтың «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде 1912-1919 жылдардағы жарияланған тіл, емле, алфавит туралы мақалалары, құрастырған әліппелері, оқу құралдары жатады. Қазақстанда оқу-ағарту жұмысымен шұғылданған қазақ халқының басқа да зиялылары араб әліпбиін қазақ тіліне жақындату, ыңғайлау мәселелерімен айналысты. Мәселен, сол тұстағы баспасөз беттерінде әліпби, емле жобаларын ұсынған Қ.Бейсенбаласының, Ә.Бөкейхановтың, Ж.Жанталиннің, М.Дулатовтың т.б. мақалалары кездеседі. Дегенмен де А.Байтұрсынов араб әліпбиін тұңғыш рет реформалаушы,оған сәйкестендіріп емле ережелерін құрастырушы деп есептелінеді. Өйткені ол жасаған жаңа жазу үлгісі ел көңіліне бірден қонады. Оның ұсынған әліпбиін орыс ғалымдары «Байтурсуновский алфавит» деп атап, кезнде профессор Е.Д.Поливанов оған: «... енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика»-деп жоғары баға берген болатын.
А.Байтұрсынов жазудың маңызын өзінің «Тіл-құрал» деген еңбегінде былай деп түсіндіреді: «Осы күні адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз- жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан уақытпен сөйлесуге болмайды, жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі, сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек».
Ахмет Байтұрсынов ықшамдаған, реформалаған араб әліпибиімен «Қазақ» газеті (1913-1919) шығып тұрған, көптеген көркем әдебиет шығармалары басылған. Оқытушылар, оқушылар және басқа да қазақтың, ноғайдың, татардың оқыған азаматтары А.Байтұрсынов реформалаған қазақ жазуын дұрыс деп тауып, күнделікті тұрмыста жаппай қолдана бастағандығы жөнінде М.Дулатовтың «Қазақ» газетінде жарияланған мақаласынан көруге болады: «... қолына қалам ұстағаннан бері шылғи қазақша жаза бастаған Байтұрсынов қазақ емлесін шығарды, оқу құралдарын жазды. Осы екі жылдың ішінде «Қазақ» газетасының тіл, емле туралы қылған қызметі көзге көрінерлік болды. Екі жылдың ішінде орта есеппен 250 мың дана «Қазақ» нөмірі тарады; жаңа емлемен 15-тей кітап шықты, бұлар 45 мың данадай бар. Бұл емлені тосырқап түсінбейміз, оқи алмадық деген ешкімді естігеніміз жоқ, «Қазақ емлесін» мұсылман медреселерінде, орыс школдарындағы шәкірттер, учительдер, мұғалімдер жабыла қабыл етендігі былтырғы «Қазақ» нөмірлерінің көбінен көрінді».
А.Байтұрсынов ұсынған жоба бойынша араб жазуы қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне біршама икемделді, араб алфавитіндегі қазақ дыбыстарын білдірмейтін кейбір басы артық таңбаларды шығару, сөздің түгелдей жіңішкелігін білдіру үшін оның алдына дәйекші таңбасын қою ұсынылды, қазақ тіліндегі ы.е.и.о.ұ.у. дыбыстарының әрқайсысына жеке таңба белгіленді. Араб жазуында реформаға дейін әріптер 4 түрлі таңбаланатын еді (әріптің жеке түрі, сөздің басында, ортасында, соңында келгенде), кейбір дауыссыз дыбыстардың (з,с,т) сөздерде дыбысталуына байланысты әр түрлі таңбасы болған еді. Реформаланған әліпбиде олардың әрқайсысы бір-ақ таңбамен белгіленді. Бұл жаңалық әріп санын азайтып қазақтың төл дыбыс жүйесін қалыптастырып, балалардың тезірек сауаттануына үлкен пайдасын тигізетін еді. Бұл жоба қазақ оқығандары арасында тез қолдау тауып, практикада жаппай қолданысқа ие болды. Бұл жазу жүйесі өз кезінде қазақ мәдени өмірінде үлкен рөл атқарды, сауат ашуда, баспа ісінің жандануында, жазба әдебиеттің дамуына игілікті әсер етті.
Қазақ халқы, өзге түркі халықтары сияқты, 4-5 ғасыр бойы араб жазуын пайдаланды. Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қана қазақ оқығандары, оның ішінде Ыбырай Алтынсарин тәрізді ағартушылар, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере алатын жаңа әліпби қабылдауды не осы жазуды біраз жетілдіруді күн тәртібіне қоя бастады. Бірақ бұл мәселе көп уақыт бойы өз шешімін тапқан жоқ.
Тек А.Байтұрсынов қана 1910 жылдардан бастап Байтұрсыновтың қазақ жазуына икемдеген араб әліпбиі қазақ жұртшылығы, оның ішінде мұғалімдер тарапынан қолдау табады және іс жүзінде мектептерде солай оқытылып, оқулықтар мен мерзімді баспасөзде қолданыла бастайды. Бұл әліпбиді орыс түрік танушы ғалымдары «Байтурсыновский алфавит деп атаса, профессор Е.Д.Поливанов оған «енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика»-деп жоғары баға берді.араб жазуының таза сол күйінде қазақ тілі үшін қолайлы еместігін байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзуді қолға алады. Бұл туралы пікірлерін ол 1912 жылдан бастап «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде білдіре бастайды. Оның жобасы бойынша, араб әліпбиіндегі қазақ дыбыстарын білдірмейтін кейбір басы артық таңбаларды шығару, сөздің түгелдей жіңішкелігін білдіру үшін оның алдына дәйекші таңбасын қою ұсынылады, қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, ү дыбыстарының әрқайсысына жеке таңба белгіленді.
Қазақ мәдениеті тарихында әліпби, емле мәселесінің өз орны бар. Өйткені жазу-мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі.
Достарыңызбен бөлісу: |