Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол полициясы
жол-патрульдік қызметтің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің
2002 ж. 14 желтоқсандағы N 789 бұйрығы
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары жол полициясының жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі, қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі, азаматтардың мүдделері мен заңдылық құқықтарын қорғаудағы, оның қызметінде заңдылық пен тәртіпті нығайтудағы жұмысын жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол полициясы жол-патрульдік қызметтің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Астана қаласы, Алматы қаласы ІІББ-нің, облыстардағы ІІББ-ІІБ-нің бастықтары:
1) жол полициясы қызметкерлерінен сынақтар қабылдау арқылы олардың осы Нұсқаулықты оқып-үйренуін ұйымдастырсын;
2) жол полициясы жол-патрульдік қызметінің жұмысын осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкес ұйымдастырсын;
3) көлік құралдары жүргізушілерінің Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылау тек қана жол полициясы қызметкерлерінің құзыретіне жататындығы, ал полицияның басқа қызметтерінің қызметкерлері мұндай бақылауды арнайы жоспарларды қолдану кезінде, сондай-ақ ішкі істер органы басшысының шешімі бойынша қоғамдық тәртіп пен қоғам қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты міндеттерді жол полициясы қызметкерлерімен бірлесе отырып орындаған кезде жүзеге асыра алатындығы жөніндегі талаптардың бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі полиция генерал-майоры И.И.Оттоға, Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің Жол полициясы департаментіне (Б.Н.Өмірзақов) жүктелсін.
4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күшіне енеді.
Министр
генерал-полковник
|
Қ.Ш. Сүлейменов
|
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрінің
2002 жылғы 14 желтоқсандағы
N 789 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол полициясы
жол-патрульдік қызметтің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ
1. Жалпы ережелер
1. Осы нұсқаулық жол полициясының жол-патрульдік қызметі (бұдан әрі - жол-патрульдік қызмет) бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру тәртібін және жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыруға қатысты талаптарды белгілейді.
2. Ішкі істер органдары жол полициясының жол-патрульдік қызмет бөлімшелері жұмысының құқықтарының негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасы Президентінің Заңдық күші бар "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Жарлығы, Қазақстан Республикасының "Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы" Заңы, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық кесімдері болып табылады.
2. Астана қаласының, Алматы қаласының Ішкі істер Бас
басқармаларының (бұдан әрі - ІІББ), облыстардың ІІББ - Ішкі істер
басқармаларының (бұдан әрі - ІІБ) Жол полициясы басқармаларының
лауазымды адамдарының жол-патрульдік қызметке басшылық жасау
жөніндегі міндеттері
3. Облыстардағы, Астана қаласының, Алматы қаласының ІІББ, ІІБ, жол полициясы басқармаларының бастықтары мен олардың орынбасарлары:
1) облыс, қала аумағындағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылуын, қызметтің жеке құрамын жасақтау және тәрбиелеуді, оны тікелей мақсат бойынша пайдалануды, олардың тәртіпті, адам құқықтары мен еркіндіктерін қатаң сақтауын сыбайлас құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмауын және олардың алдын алуын, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, жедел ақпаратты дәл уақытында берілуін және оның дұрыстығын қамтамасыздандыруды тікелей жүзеге асырады;
2) жол-патрульдік қызметтің жұмысына жалпы басшылықты, бақылау жасауды жүзеге асырады, қалыптасқан жедел жағдайды ескере отырып, күштер мен құралдарды орналастырады;
3) жол-көлік оқиғалары бойынша есепке алу-тіркеу тәртібінің жағдайына, жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға әкімшілік шараларының дұрыс қолданылуына, анықтау ісінің сапасына, айдап әкетілген және ұрланған автокөлікті, жол-көлік оқиғалары орнынан бой тасалаған жүргізушілерді іздеу жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылуына ұдайы бақылауды жүзеге асырады;
4) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жұмыста ішкі істер органдарының бөлімшелері, қоғамдық ұйымдар мен қызметтің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
5) қызметтің жұмысын есепке алу мен талдауды ұйымдастырады, оны жетілдіру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды, қызмет жұмысының оң тәжірибесін қорытуға және енгізуге, оның нысандары мен әдістерін жетілдіруге жағдай жасайды;
6) қызметтің жұмыс мәселелері бойынша келіп түскен азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің уақытында және сапалы қаралуын бақылайды, олар бойынша шаралар қабылдайды;
7) жол-патрульдік қызметтің жеке құрамы қызмет атқаруын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
3. Жұмысты жоспарлау, есепке алу және талдау
4. Жол-патрульдік қызметтің жұмысы ішкі істер органдарында белгіленген тәртіпте құрылған саптық бөлімшелер жұмысының тоқсандық жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Жоспарлау қолда бар күштер мен құралдарды есепке ала отырып, жедел жағдайды, қызмет жүргізілетін учаскедегі апатты жағдайды, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес жағдайларын, жол-патрульдік қызметтің бөлімшелерінде заңдылықтың сақталуын талдау мен болжау негізінде жүзеге асырылады.
6. Жұмыс жоспарлары Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі Ішкіісмин) және Жол полициясы департаментінің, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының ІІББ, ІІБ-ның және жол полициясының тиісті басқармаларының бұйрықтары мен нұсқауларының талаптарын орындау жөніндегі шараларды, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды, сондай-ақ қызмет жұмысын жақсарту, оның жұмыс тиімділігін арттыру, ұйымдасқан құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін қамтуға тиіс.
7. Саптық бөлімшелердің жұмыс жоспарлары жол полициясы жол-патрульдік қызмет басқармаларының (бөлімдерінің) бөлім (бөлімше) бастықтарымен келісіледі және облыстық (қалалық) ІІББ, ІІБ жол полициясы басқармасының (бөлімінің) бастығы бекітеді. Жол полициясы басқармаларының (бөлімдерінің) бастықтарымен келісіп, қалыптасқан жедел жағдайды ескере отырып, саптық бөлімшелердің командирлері жоспарларды түзете алады, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8. Жоспарлы кезең біткен соң есеп (анықтама) жасалып, кейіннен жоспарды бекіткен басшыға баяндалады. Қандай да бір іс-шара орындалмаған жағдайда есепте себебі және қажет болса орындалуының жаңа мерзімі көрсетіледі. Жоспарлардың орындалу қорытындысы саптық бөлімшенің командирі жанындағы жедел кеңесте қаралады.
9. Жоспарлардың орындалуын бақылауды саптық бөлімшелердің командирлері (штаб бастықтары), сондай-ақ ІІББ-ІІБ Жол полициясы басқармаларының тиісті бастықтары жүзеге асырады.
10. Жол-патрульдік қызметтің бөлімшелерінде қызметтің алдында тұрған негізгі міндеттерді орындау үшін маңызы бар мәліметтерді есепке алу және талдау ұйымдастырылады. Есепке алу мен талдауға қызмет жүргізілетін аумақтағы жол-көлік оқиғалары және олардың алдын алу жөнінде қабылданған шаралар, көлік құралдарын пайдаланумен байланысты қылмыстар, жол-патруль қызметінің іс-әрекетіндегі тәртіптің жағдайы мен заңдылықтың сақталуы туралы деректер, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың жол-патрульдік қызметтің жұмысын жетілдіруге және жол қозғалысы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстары жатады.
11. Саптық бөлімшеде есепке алу-тіркеу тәртібі мен талдау жұмысының жағдайын саптық бөлімшенің командирі тікелей ұйымдастырады және бақылайды. Тіркеуді, есепке алуды және талдауды қызметтік міндеттеріне сәйкес осы міндеттер жүктелген қызметкерлер нормативтік құқықтық кесімдерде белгіленген тәртіпте және мерзімдерде жүзеге асырады.
12. Есепке алу-талдау жұмысын жүргізуде жеделдікті арттыру үшін жол-патруль қызметінің бөлімшелері компьютерлік техникамен жабдықталады.
4. Күштер мен құралдарды орналастыру
13. Жол-патрульдік қызметтің жұмысы қолда бар күштер мен құралдарды және қауырт жол жағдайымен сипатталатын жергілікті жерлерде оларды шоғырландырудың принциптерін есепке ала отырып ұйымдастырылады. Бұл ретте: қызмет жүргізілетін аумақтағы апатты жағдайдың, қылмыс пен құқық бұзушылықтың жай-күйі, автомобиль жолдарының ұзындығы мен олар арқылы қозғалыс жағдайларының ерекшелігі, тәуліктің әртүрлі сағаттарында, аптаның күндерінде, жылдың мезгілдерінде көлік пен жаяулар қозғалысының жиілігі ескеріледі.
14. Жол-патрульдік қызметтің жұмысында:
1) жол полициясының наряды - патрульдеу бағыттары мен бекеттерде қызмет өтеу үшін тағайындалған жол полициясының қызметкері немесе бірнеше қызметкер.
2) патрульдеу бағыты - жол полициясының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді орындайтын, көшенің немесе жолдың нақты орнықтырылған бөлігі.
3) жол полициясының бекеті - жол полициясының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді орындайтын, нақты орнықтырылған орын.
4) жол полициясының стационарлық бекеті - арнаулы қызметтік үй-жәйімен жабдықталған, жедел-техникалық және арнаулы құралдармен, инженерлік және өзге де құрылыс-жайларымен жасақталған, сондай-ақ жауаптылық аймағы бекітіліп берілген жол полициясының қызмет өтейтін орыны.
5) бақылау-өткізу пункті - бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде, табиғи апаттар, індеттер және басқа да төтенше жағдайлар пайда болғанда белгілі бір ауданда (жерде) өткізу режимін қамтамасыз ету немесе көлік пен жаяулардың қозғалысын шектеу үшін қойылатын полиция наряды.
15. Қалаларда, қала сыртындағы автомобиль жолдарында жол-патрульдік қызметі мен құралдарын орналастыру нарядтарды шығарудың тәулік сайынғы орташа нормасын есепке ала отырып, ІІБ, ІІББ бекіткен патрульдеу бағыттарының және бекеттердің орналасуына сәйкес жүзеге асырылады (1 қосымша).
16. Нарядтарды шығарудың тәулік сайынғы орташа нормасы жол полициясы инспекторлық құрамының штаттық санын жеке құрамның қажеттілік коэффициентіне бөлу жолымен айқындалады, ол ұзақтығы 8 сағаттық ауысым үшін 1,89 бірлікті құрайды. Ауысымның ұзақтығы 8 сағаттан артық болған кезде коэффициент әр бір қосымша сағат үшін (төтенше жағдайлар кезінде рейдтік іс-шараларды жүргізу) коэффициент 0,26 бірлікке ұлғаяды. Нарядтарды қоюдың тәулік сайынғы міндетті нормасын айқындау кезінде жол полициясы стационарлық бақылау бекеттерінің штаттық саны есептелмейді.
17. Орнықтыру қаланың, ауданның схемасын, автомобиль жолының учаскесін, қалалар мен елді мекендердің көшелерін, жедел жағдайдың бағалануын, жол полициясы қызметкерлері мен көлік құралдарын шығарудың міндетті нормаларын, патрульдеудің алдын ала белгіленген, оның ішінде жедел жағдай күрделіленіп кеткенде қосымша жабылуға тиісті нарядтардың түрлерін, олардың арасындағы өзара іс-қимыл мен байланыстың тәртібін және басқа да қажетті мәліметтерді (медицина мекемелерінің, ішкі істер органдарының, көлік құралдарына техникалық қызмет көрсететін станциялардың, ұйымдастырылған көлік тұрақтарының және басқа да сервис объектілерінің орналасқан жері мен телефондарын) көрсетеді.
18. Орнықтыру оқиға болған орын, аптаның күні, тәуліктің сағаты бойынша жедел жағдайды және апатты ахуалды талдау негізінде жолдар бойында қозғалу жағдайларының, кәсіпорындардың, оқу орындарының, сауда орталықтарының, жұмыс көлік құралдары мен жаяулар қозғалысының мезгіл-мезгіл ұлғаюына байланысты сервис объектілерін, жұмыс режиміндегі ерекшеліктерді ескере отырып әзірленеді.
19. Орнықтыруда бекеттер мен патрульдеу бағыттарының саны міндетті нормалар бойынша есептелген нарядтардың санынан асып кетуі мүмкін. Олар аптаның күндері немесе тәуліктің сағаттары ішінде міндетті түрде жабылуы тиісті және қалыптасқан жедел жағдайға байланысты жабылып қалатын бекеттерге, патрульдеу бағыттарына бөлінеді. Күштер мен құралдарды ауыстыру туралы шешімдерді саптық бөлімшенің командирі қабылдайды және бекеттік ведомостар кітабына тіркеледі.
20. Бекеттер мен патрульдеу бағыттарын орнықтыруды саптық бөлімшенің басшылығы әзірлейді, жол және әкімшілік полициясының және тиісті аумақтық ішкі істер органдарының бастықтарымен келісіледі, облыстардағы және Астана мен Алматы қалалары ІІББ, ІІБ бастықтары бекітеді және жылына кемінде бір рет қайтадан қаралады.
21. Әрбір бекет пен патрульдеу бағытына екі данадан бекет (патрульдеу бағыты) карточкасы (2 қосымша) жасалып, олардың біреуі саптық бөлімшенің кезекшілік бөлімінде сақталады, екіншісі қызмет өтеу уақытында жол полициясының қызметкеріне беріледі.
22. Саптық бөлімше жұмысының режимі күн кестесімен және графикпен айқындалады, онда әрбір жол полициясы қызметкерінің қызмет өтейтін күндері мен сағаттары (ауысымы) көрсетіледі. Күн кестесі мен жұмыс графигін саптық бөлімшенің командирі бекітеді.
23. Ауысымдағы жұмыс уақытының ұзақтығын бөлімше командирі еңбек заңнамасына сәйкес анықтайды. Қажет болған жағдайда саптық бөлімшенің командирі өзінің бұйрығымен жол полициясы қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығын ұзартуы мүмкін.
5. Жол қозғалысын қадағалаудың нысандары мен әдістері
24. Жол-патрульдік қызметін атқарудың негізгі нысандары:
1) автомобильде патрульдеу;
2) жаяу патрульдеу;
3) стационарлық бекеттерде қызмет атқару;
4) көлік құралдарына еріп жүру және экспорттау;
5) тік ұшақпен патрульдеу болып табылады.
25. Көлік құралдарын пайдалана отырып, жол қозғалысын қадағалау ашық, жасырын және аралас жүргізілуі мүмкін. Ашық бақылауды жол полициясының инспекторлары арнайы боялған автомобильдерде немесе мотоциклдерде, жасырын бақылауды - жазусыз және ажырату белгісінсіз кәдімгідей боялған арнаулы автомобильдерде және тәуліктің жарық кезінде ғана жүзеге асырады. Қалалық қоғамдық көлікті жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылаудың жасырын нысандарының бірі - жол полициясы инспекторының салонда ақырғы аялдамаға дейін жүріп өтуі және жүріс кезінде жүргізуші жол берген барлық тәртіп бұзушылықты куәгерлердің қатысуымен тіркеп отыруы арқылы жасалуы мүмкін.
26. Жасырын бақылауды жүзеге асыру туралы шешімді саптық бөлімшенің командирі жол полициясы басқармасы бастығының немесе оның орнындағы адамның келісімімен қабылдайды, бұл туралы бекеттік ведомоста тиісті жазба жасалады (3 қосымша).
27. Аралас бақылау бір мезгілде екі автомобильде ұйымдастырылады, олардың бірінің арнаулы бояуы, ажырату белгілері, ал екіншісінің кәдімгі бояуы болады. Қозғалысқа қадағалау жүргізудің барлық жағдайларында арнаулы инспектор мен жол полициясының инспекторы жеткілікті қашықтықтан жол қозғалысына қатысушыларға көрінетіндей болуы тиіс. Арнаулы автомобильдерді бақылауды шектейтін әлде қандай тосқауылдың (ағаштың, ғимараттың, құрылыс жайының, жарнама тақтасының және т.б.) тасасына қоюға тыйым салынады, бұл талап жаяу нарядтарға да қолданылады.
28. Кәдімгі бояуы бар автомобильдерді тұтыну коэффициенті патруль көлігінің жалпы санының 0,15 бірлігінен аспауы тиіс.
29. Аралас бақылау кезінде нарядтар арасындағы өзара іс-қимылы мен олардың бірлескен іс-қимылдарын үйлестіру радио байланыстың көмегімен жүзеге асырылады.
30. Аралас бояулы патрульдік автомобильдер мен мотоциклдер пайдаланылатын патрульдік қызметті атқарған кезде мынадай негізгі әдістер:
1) тәуліктің қараңғы кезінде қала сыртындағы жолдарда жарқылдақ маякшаларды мезгіл-мезгіл қоса отырып, жол қозғалысының ережелерін бұзудың алдын алу және оны анықтау мақсатында жүргізушілердің көңіл күйін бақылау үшін жол көліктерінің қозғалу ағысында жүру;
2) белгіленген шамадан аспайтын жылдамдықпен (жолдағы жалпы жылдамдықтың асып кетуін болдырмау үшін) көлік ағысының алдында жүру;
3) тәуліктің қараңғы кезінде жарқылдақ маякшаларды қоса отырып (қатерді жою және жүргізушілермен жаяулардың жол қозғалысы ережелерін бұзуына жол бермеу үшін), апаттық тұрғыдан қауіпті орында тоқтап тұру;
4) патрульдік автомобильді немесе мотоциклді жол қозғалысына қатысушылардың бәріне барынша көрнекті жерге қойып, қозғалыстың қауырттығы жөнінен неғұрлым шиеленіскен учаскеге инспектордың сол мезгілде жаяу жүріп баруы қолданылады.
31. Патрульдік автомобиль тиістілік табеліне сәйкес экипирленген болуы тиіс (4 қосымша).
32. Белгілі бір әдісті қолдану, олардың кезектесіп отыруы және қозғалыстың жылдамдығын таңдап алу нұсқамада қойылған міндетпен және патрульдеу бағытында пайда болған жағдаймен айқындалады.
33. Жаяу патрульдеу жолдардың ұзындығы жөнінен ұзақ емес, қозғалыс қауырттығы жөнінен шиеленісті және апаттық тұрғыдан қауіпті учаскелерінде қозғалысқа бақылау жасау үшін қолданылады.
34. Жаяу патрульдеу кезінде жол қозғалысын бақылау жаяулар жүретін жолдың шетімен (жиегімен), жолдың бос жағалауымен жүру арқылы ашық түрде жүзеге асырылады. Қызметті орындау орыны, жол полициясының инспекторы қозғалысқа қатысушылардың неғұрлым көпшілігіне анық көрінетіндей және тәртіп бұзушылықтың дер кезінде жолын кесуге мүмкіндігі болатындай ретте таңдап алынады. Әкімшілік хаттама жасау және қысқа мерзімге белгіленген демалыс жағдайларынан басқа уақытта жол полициясы инспекторының автомобильде отыруына тыйым салынады.
35. Стационарлық бекеттерде қызмет атқарған кезде жүргізушілері жол-көлік оқиғалары орнынан қашып кеткен көлік құралдарын іздеуге, айдап әкетілген және ұрланған, сондай-ақ қылмысты мақсаттарда пайдаланылатын көлік құралдарын, іздеу жарияланған адамдарды, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіретін ақауы бар көлік құралдарын анықтауға ерекше назар аударылады. Іздестірудегі көлік құралдары мен азаматтарды тексеруде автоматтандырылған мәліметтер базасы пайдаланылады.
36. Стационарлық бекеттер нарядтарының құрамында қызмет атқару үшін қалалық, аудандық ішкі істер органдары басшыларының шешімі бойынша полицияның басқа бөлімшелерінің қызметкерлері тартылуы мүмкін.
37. Стационарлық бекеттер жол полициясының бақылау бекетін "Рубеж" қорғау жүйесі мен жасақтау үшін тиістілік табельге сай жедел-техникалық құралдармен және жеке қорғану құралдарымен, сондай-ақ постын қабылдау және тапсыру, келіп түскен нұсқауларды есепке алу, іздеуде жүрген автокөлік құралдарын есепке алу журналдарымен, жазбаларға арналған дәптерлерімен қамтамасыз етіледі (5 қосымша).
38. Өтіп жатқан көліктерді тексеруге қолайлы болуы, бұл ретте жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бекетке іргелес аумақ жақсы жарықтандырылған болуы тиіс.
39. Автомобиль жолдарында жол полициясының жаңа бекеттерін ашу, жұмыс істеп тұрғандарын қайтадан орнықтыру туралы шешімді тиісті ІІББ-ның, ІІБ-ның негізделген ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің басшылығы қабылдайды.
40. Жол-патрульдік қызметті атқарудың негізгі тәсілдері: жол қозғалысына қатысушылардың көңіл күйін бақылау, оларды құқыққа қарсы әрекеттерден сақтандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, өкімдік-реттеу іс-қимылдарын жүзеге асыру болып табылады.
41. Қызметті өтеген кезде жол қозғалысына қатысушылардың көңіл күйін бақылау Қазақстан Республикасының жол қозғалысы Ережелері талаптарын және жол қозғалысы саласында қолданылып жүрген өзге де нормаларды жол қозғалысына қатысушылардың сақтауын көзбен көріп немесе арнаулы техникалық құралдармен бақылау болып табылады.
42. Өкімдік-реттеу іс-қимылдарына қозғалыста уақытша қысылтаяң пайда болған жерлерде, бұқаралық және арнаулы іс-шаралар кезінде, бағдаршам белгілері бұзылған кезде, жолдардан жаяулардың өтуін қамтамасыз еткен кезде және басқа да жолдағы ахуалдың күрделіленіп кеткен жағдайларында жүзеге асырылатын, қозғалысты қолдың қимылымен реттеу жатады (6 қосымша).
43. Жол қозғалысына қатысушыларды сақтандыру бағыттың ең шиеленіскен учаскесінде, оқиға болған немесе табиғи апат болған орында жол полициясы қызметкерінің өзі болып, жүргізушілерге олардың жол қозғалысы Ережелерін сақтамауы нәтижесінде болуы мүмкін салдар туралы ескерту жолымен олардың іс-әрекетіне әсер етуді білдіреді.
44. Құқық бұзудың алдын алу жол полициясы қызметкерінің, оқиғалардың алдын алу және олардың салдарын болдырмау, тәртіп бұзушыларға қатысты заңнамамен белгіленген ықпал ету шараларының қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында, жол қозғалысына қатысушылардың құқыққа қарсы әрекеттерін міндетті түрде реттеуін білдіреді.
6. Арнаулы техникалық құралдарды пайдалану тәртібі
45. Көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын айқындауға арналған өлшеу аспаптары, басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу аппаратурасы, көлік құралдарын мәжбүрлі тоқтатуға арналған жабдықтар, жүргізушілердің куәліктеріндегі, көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктердегі жалған белгілерді анықтауға арналған аспаптар, басқа техникалық құралдар осы техникалық құралдарды пайдаланудың тәртібі туралы нұсқаулықтар мен әдістемелік нұсқауларға сәйкес қолданылады. Метрологиялық тексеруден өтпеген немесе тексеру туралы куәлігінің мерзімі өтіп кеткен өлшеу құралдарын қолдануға тыйым салынады.
46. Өлшеу құралдарын тиімді пайдалану мақсатында бөлімшенің басшысы оларды қолданудың апаттылық жағдайына және жүргізушілердің тәртібіне әсер ету нәтижелерін талдайды. Белгілі бір учаскелердегі апаттылық көрсеткіштерін, көлік ағысы жағдайларының қауырттығын ескере отырып, саптық бөлімшенің командирі өлшеу құралы берілген жеке құрамның күн сайынғы орналасуын айқындайды, бұл туралы бекет ведомосына тиісті жазба жасалады.
Арнаулы техникалық құралдармен жұмыс істеуге пайдалану жөніндегі нұсқаулықты оқып үйренген және оларды қолдану ережелері бойынша сынақ тапсырған инспекторлық құрам жіберіледі.
Пайдалануға арналған техникалық құралды алған инспектор олардың жұмысқа жарамдылығы үшін жеке жауап береді.
47. Әрбір өлшеу құралына журнал ашылады (7 қосымша), ауысым аяқталған соң, оны жол қозғалысын бақылауда аспапты қолданған инспектор толтырады.
48. Байланыс құралдары (радио, сымдық байланыс) нарядтарды басқаруды және олардың арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін қолданылады. Байланыс арналары арқылы ақпарат беру, байланыс жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі Қазақстан Республикасының Ішкіісмині белгілеген тәртіпте жүзеге асырылады және оны саптық бөлімшенің командирі жергілікті жағдайларды ескере отырып айқындайды, қызметтік міндеттерді орындаумен байланысы жоқ мәселелер бойынша радио алмасу жүргізуге тыйым салынады.
7. Жол-патрульдік қызметтің күштері мен құралдарын жедел
басқаруды ұйымдастыру
49. Саптық бөлімшелердің күштері мен құралдарын жедел басқаруды саптық бөлімшенің командирі тиісті кезекші бөлімдер арқылы, ал олар болмаса - аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдері арқылы жүзеге асырады.
50. Жол-патрульдік қызметі саптық бөлімшелерінің кезекші бөлімдері облыстардағы, Астана, Алматы қалаларының ІІББ, ІІБ кезекші бөлімдеріне жедел бағынысты болады.
51. Кезекші бөлімнің жұмысын саптық бөлімшенің штаб бастығы, штат бойынша мұндай лауазым болмаса - командирдің орынбасары ұйымдастырады. Қызмет атқару графигін бекіту, тәртіптік нарядтың адамдарын ауыстыру тәртібін белгілеу, қажет болғанда оларды қызметтен босату құқығы саптық бөлімшенің командиріне (немесе оның орнындағы адамға) ғана берілген.
52. Саптық бөлімшелердің кезекші бөлімдерінің нарядтары ішкі істер органдары кезекші бөлімдерінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты, жол қозғалысы, қоғамдық тәртіпті сақтау, тәртіп бұзушылықты болдырмау және ашу саласына қатысты басқа да нормативтік құқықтық кесімдерді және осы нұсқаулықты басшылыққа алады.
53. Саптық бөлімшенің кезекші бөліміне мынадай міндеттер жүктеледі:
1) қызмет жүргізілетін аумақта қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ақпаратты жинау, өңдеу және бағалау;
2) үздіксіз және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету, қозғалысты реттеу, қозғалыстағы қысылтаяңды жою, жолдарды жабуға байланысты жұмыстардың шарттары орындалуын бақылау үшін бөлімшенің күштері мен құралдарын жедел басқару;
3) жол-көлік оқиғалары, қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтар туралы хабарлар мен өтініштерді қабылдау, тіркеу және тапсыру;
4) қылмыстарды ашуды ұйымдастыру;
5) кезек күттірмейтін іс-әрекеттерді ресімдеу және жүргізу үшін жол-көлік оқиғаларының орнында болу жөнінде ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асыру;
6) айдап әкетілген, ұрланған автокөлік құралдарын және жүргізушісі жол-көлік оқиғалары болған орыннан қашып кеткен автокөлік құралдарын іздестіруді және ұстауды ұйымдастыру, осындай құқық бұзу әрекеттері туралы хабарларды белгіленген тәртіппен тіркеу;
7) ішкі істер органдарының жедел жоспарларын енгізу, төтенше жағдайлар, саптық бөлімшелер нарядтарының ішкі істер органдарының басқа бөлімшелері нарядтарымен өзара іс-қимылы кезінде күштер мен құралдарды басқаруды ұйымдастыру;
8) мүлікті, қару-жарақты, жедел-техникалық және арнаулы құралдарды инспекторлық құрамға беру және қабылдау, кезекші бөлімнің арнайы бөлінген үй-жайында тұрған кезде олардың сақталуын қамтамасыз ету;
9) жол қозғалысы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы ресімделген хаттамаларды взводтар командирлерінен (топ жетекшілерінен) қабылдау, оларды тиісті журналдарда тіркеу, әкімшілік тәжірибе жөніндегі инспекторға тапсыру;
10) ішкі тәртіптің орындалуын қамтамасыз ету, саптық бөлімшенің ғимаратында өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ережелердің сақталуын бақылау;
11) ақпараттық-анықтамалық жұмысты жүзеге асыру;
12) азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қабылдау, олардың сұрауы бойынша шағымдар мен өтініштер кітабын беру (8 қосымша);
13) бөлімшенің қызметкерлерін хабарландыруды және жинауды ұйымдастыру;
14) қауіпті, ауыр салмақты және ірі көлемді жүктерді тасымалдау кезінде жол полициясы алып жүретін көлік құралдарының қозғалысын бақылауды ұйымдастыру;
15) саптық бөлімшелердің кезекші бөлімдеріне жол полициясы басқармаларының бастықтары қосымша міндеттер (жолдардың апаттылық, жүруге жарамдылық жағдайы, аймақ бойынша тұтастай алғанда автокөлік құралдарын пайдаланумен байланысты қылмыс туралы ақпарат жинауды және т.б.).
54. Кезекші бөлімге жүктелген міндеттерді орындау үшін тәуліктік наряд тағайындалады. Кезекші бөлімнің тәуліктік нарядтарының қызметі ұзақтығы 24 сағатқа ұйымдастырылады. Кезекшілік уақытында тәуліктік нарядтың адамдарына тамақтану және қысқа уақыт дем алу үшін 3 ауысымда - 6 сағаттық, 4 ауысымда - 4 сағаттық үзілістер кезек-кезегімен беріледі. Ауысымнан соң кезекші бөлімнің штаттық қызметкерлеріне - тиісінше 42 немесе 72 сағат, ал саптық бөлімше бойынша кезекшілік еткен басқа қызметкерлерге 48 сағат демалыс беріледі.
55. Кезекші бөлімнің штаттық толық іріктелмеген кезде немесе қызметкерлердің ауырып қалуына, дем алуына байланысты кезекшілікке саптық бөлімшенің неғұрлым дайындалған, кезекші бөлімдер жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты білу сынағын тапсырған қызметкерлері тағайындалады. 56. Жүктелген міндеттерді орындау мақсатында, кезекші бөлім оқиға болған жерге бару үшін - автомобильдермен, арнаулы техникалық құралдармен, ұйымдастыру техникасымен, құжаттамамен; тәуліктік нарядты орналастыру, қаруды, жедел-техникалық және арнаулы құралдарды сақтау және беру үшін қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз етіледі (9 қосымша).
57. Саптық бөлімшенің аға кезекші-инспекторы (кезекші-инспекторы) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындаушы кезекші бөлімнің қызмет өтеуші тәуліктік нарядына және саптық бөлімшенің нарядтарда тұрған қызметкерлеріне аға жедел бастық болып табылады.
58. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қызметтік міндеттерді орындаған кезде:
1) жол полициясы нарядтарына, ал саптық бөлімшенің басшылары болмаған кезде - бүкіл инспекторлық құрамға орындалуы міндетті өкімдер беруге;
2) командирге және ішкі істер органы бойынша кезекшіге кейіннен баяндай отырып, саптық бөлімшенің күштері мен құралдарын орналастыруда уақытша өзгерістер жасауға;
3) инспекторлық құрамның қызмет өтеуін, сондай-ақ олардың көлікті, жедел-техникалық және арнаулы құралдарды пайдалануын тексеруге;
4) жол полициясы қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, саптық бөлімшенің басшылығына кейіннен баяндай отырып, оларды қызмет өтеуден босатуға;
5) берілген өкімдердің уақытында және толық орындалуын бақылауға;
6) жедел жағдай шиеленіскен жағдайда күштермен және құралдармен шұғыл көмек алу, сондай-ақ қажетті ақпарат алу мақсатында жоғары тұрған кезекшіге және көрші саптық бөлімшенің кезекшісіне хабарласуға;
7) саптық бөлімшенің қоғамдық тәртіпті сақтауда көзге түскен қызметкерлерін көтермелеу туралы, ал қызметке немқұрайды қарау фактілері бойынша оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным жасауға;
8) қабылданған шешім туралы саптық бөлімшенің командиріне кейіннен баяндай отырып, саптық бөлімшенің командирі мен оның орнында адам болмаған кезде, жол полициясының кез келген қызметкерін өрескел тәртіптік қылығы үшін қызметті өтеуден аластауға;
9) азаматтардан және лауазымды адамдардан белгіленген тәртіпті сақтауды талап етуге, тәртіп бұзушылықтардың алдын алу үшін шаралар қабылдауға, әкімшілік тәртіп бұзушылықтар туралы хаттамалар жасауға;
10) қылмыс жасауда күдікті адамдарды Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес ұстауға, кейін бұл адамдарды аумақтық ішкі істер органдарына тапсыруға;
11) полиция қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген құқықтары мен міндеттеріне сәйкес басқа да әрекеттер жасауға;
12) жол полициясының инспекторына берілген барлық құқықтарды пайдалануға құқылы.
59. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қызметке кірісетін жол-патруль қызметінің инспекторларын дайындаған кезде:
1) взвод командирлерінен инспекторлық құрамға қызметке келгендер туралы есептер қабылдауға және бекеттік ведомосты толтыруға;
2) көлік құралдарын пайдалану есебі журналында белгілей отырып, патрульдік автомобильдердің шығуы мен қайтып келуін бақылауды жүзеге асыруға (10 қосымша);
3) жедел-техникалық және арнайы құралдарды, олардың түзіктігін, паспорттарының болуын алдын ала тексеріп, метрологиялық байқау мерзімдерін көрсете отырып, жол-патрульдік қызметтің инспекторларына беруге, бұл туралы қару-жарақты, жедел-техникалық және арнайы құралдарды беру және қабылдап алу журналына тиісті жазба жасауға (11 қосымша), сондай-ақ табельдік қару мен құжаттарды тапсыруға;
4) инспекторлық құрамның қызметті атқаруына дайындығын, оның сыртқы киімін, экипирін тексеруге, инспекторлық құрамға патрульдеу бағыттарының карточкаларын беруге;
5) нұсқама кезінде қызметке кірісетін нарядқа жедел жағдайдың жәй-күйін ұғындыруды ұйымдастыруға;
6) жұмысқа келмеген қызметкерлер туралы саптық бөлімшенің командиріне баяндауға, келмеудің себептерін анықтау үшін шаралар қабылдауға;
7) ішкі істер органдарының жедел жоспарлары енгізілген кезде жол-патруль қызметінің жұмысын ұйымдастыра білуге міндетті.
60. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қызметті аяқтаған соң: 1) жол-патрульдік қызметкерлерінен қару мен арнайы құралдарды қабылдауға, олардың жинақтылығын және түзіктігін тексеруге, ол туралы журналдарда тиісті жазба жасауға;
2) взвод командирлерінен (топ жетекшілерінен) қабылданған әкімшілік материалдарды кезекшінің көмекшісіне (операторға) оларды әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы ресімделген хаттамаларды есепке алу журналында және компьютерде тіркеу үшін тапсыруға;
3) жол полициясы инспекторының белгісіз себептер бойынша патрульдеу бағытынан (бекеттен) келмеген жағдайлары, жедел-техникалық және арнаулы құралдардың орын алған ақаулары мен сынықтары туралы саптық бөлімшенің командиріне немесе оның орнындағы адамға баяндауға;
4) саптық бөлімшенің командиріне баяндау үшін қызмет өтеудің нәтижелерін қорытындылауға, постылық ведомосқа жазбалар жасауға және кезекшілікті қабылдау-тапсыру туралы командирге (оның орнындағы адамға) баяндауға міндетті.
61. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қызмет жүргізілетін аумақта ақпарат жинау және жағдайды бағалау кезінде:
1) болған жол-көлік оқиғалары мен қылмыстар, жол-көлік оқиғалары болған орыннан жүргізушісі бой тасалаған көлік құралдары, айдап әкетілген және ұрланған көлік құралдары, іздеу жарияланған қылмыскерлер мен ашылмаған қылмыстар, белгіленген және жүргізіліп жатқан бұқаралық, спорттық және басқа іс-шаралар, олар өткізілетін жерлерде жол қозғалысының тиісті режимін қолдау жөніндегі жол-патруль қызметі инспекторлық құрамының қатысу дәрежесі, ауа райы жағдайларының өзгеруі, автомобиль жолдарының ахуалы, жол қозғалысына, жедел жағдайға, күштер мен құралдарды орналастыруға ықпал етуі мүмкін жол қозғалысын реттеудің жолдағы құрылыстық-жайлары мен техникалық құралдары туралы мәліметтерін зерделеуге, талдауға және бағалауға;
2) алынған ақпаратты жүйелеуге, қорытындылауға және саптық бөлімшенің командиріне, Жол полициясы басқармасының бастығына немесе олардың орнындағы адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің нормативтік құқықтық кесімдерінде көзделген жағдайларда жоғары тұрған кезекшіге баяндауға міндетті.
62. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) жол-патрульдік қызметтің күштері мен құралдарын басқарған кезде:
1) нарядтардың үздіксіз басқарылуын, олардың өзара және ішкі істер органдарының басқа да бөлімшелерімен тығыз іс-қимылын қамтамасыз етуге;
2) нарядтардың қызмет өтеуін бақылауға, белгіленген уақытта байланысқа шықпаған жағдайларда олардың тұрған жерін анықтау жөнінде шаралар қабылдауға;
3) жедел жағдайдың өзгеруі және осыған байланысты қызмет өтеу тәртібіндегі өзгерістер туралы бөлімшенің инспекторлық құрамын хабардар етуге міндетті.
63. Аға кезекші-инспектор қылмыстар, жол-көлік оқиғалары, қоғамдық тәртіптің бұзылуы және басқа да төтенше оқиғалар туралы хабарлар мен арыздар алған кезде:
1) оқиғаның уақытын, орнын, мән-жайын, құқық бұзушылардың белгілерін, өтініш беруші туралы мәліметтерді (тегін, аты-жөнін, мекен-жайын, телефонын), оқиғаға қатысты көлік құралдары туралы деректерді (маркасы, мемлекеттік тіркеу белгісі, тиесілілігі), зардап шеккендердің санын анықтауға; егер жүргізуші жол-көлік оқиғасының орнынан қашып кетсе, көлік құралының түсін, ерекше белгілерін, ықтимал ақауларының сипатын, оның қозғалу бағытын, жүргізушінің белгілерін анықтауға, автокөлік кәсіпорындары және ұйымдарының диспетчерлік қызметтеріне, медициналық жедел көмек қызметіне қосымша бағдар беруге;
2) қылмыс туралы хабарларды қабылдауға, тіркеуге және алынған ақпаратты аумақ бойынша ішкі істер органына уақытында тапсыруға; жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтерді жол-көлік оқиғаларын есепке алу журналында тіркеуге міндетті (12 қосымша);
3) ауыр салдарлы қылмыстар, жол-көлік оқиғалары туралы саптық бөлімшенің командиріне және жоғары тұрған кезекшіге баяндауға және олардың нұсқауларына сәйкес әрекет етуге; қылмыскерлерді ізін суытпай іздестіру ұйымдастырылған жағдайда қажетті ақпаратты дереу жол полициясы нарядтарын бағдарлау үшін патрульдеу бағыттарына, бекеттерге беруге;
4) адамдардың өлімі, жарақаттануы болған немесе елеулі материалдық зиян келтірілген жол-көлік оқиғасы туралы аумақ бойынша ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне хабарлауға, қажет болса жедел медициналық жәрдемді, өрт қызметі мен басқа да жедел және атқару қызметтерін шақыруға; ал оқиғаға қатысушылар болған жағдайларды бағалауда өзара келісіп саптық бөлімшеге келген жағдайда оқиға жөніндегі материалдарды белгіленген тәртіппен ресімдеуді ұйымдастыруға;
5) қажет болған кезде оқиға болған жерде қалыптасқан ахуал, топтасқан бұзақылық көріністердің немесе басқа да төтенше жағдайлардың пайда болған қатері туралы аумақтық ішкі істер органының кезекшісіне, саптық бөлімшенің командиріне баяндауға және бұдан әрі олардың нұсқаулары бойынша әрекет етуге; оқиға болған орында қысылтаяң пайда болған кезде бұл жерден айналып өтуді ұйымдастыруға;
6) көлік құралдарын (оларды иесіне тапсыру мүмкін болмаған кезде) оқиға болған орындағы арнаулы тұрақтарға жеткізуді ұйымдастыруға;
7) шетел азаматтары қатысқан жол-көлік оқиғалары туралы жоғары тұрған кезекшіге, саптық бөлімшенің командиріне баяндауға;
8) жол қозғалысы жағдайларының күрделіленіп кеткені (жардың құлауы, көшкін түсуі, жолдың бүлінуі, көктайғақ, реттеу құралдарының істен шығуы және т.б.) туралы саптық бөлімшенің командирі мен нарядтарына, мүдделі жол және коммуналдық қызмет басшыларына хабарлауға, сондай-ақ қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдауға, бұдан соң тиісті жұмыстардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
64. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) көлік құралдарына еріп жүрген кезде:
1) еріп жүретін көлік құралдарының жүру бағыты бойынша жол полициясының нарядтарын хабардар етіп отыруға;
2) еріп жүретін көлік құралдарының бөгетсіз өтуін қамтамасыз ету жөнінде бөлімше мен қалалық, аудандық ішкі істер органдары нарядтарының өзара іс-қимылын ұйымдастыруға;
3) еріп жүру автомобильдерінің жүргізушілеріне қозғалыс бағыттарындағы жағдай туралы хабарлап отыруға міндетті.
65. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қауіпті жүктерді тасымалдаудың ұйымдастырылуын бақылау кезінде:
1) қауіпті жүктерді тасымалдаудың тәртібін, заттардың техникалық атауларын, қауіптің түрлерін, шұғыл шаралардың кодын, қауіпті жүктерді тасымалдаудың мерзімдері мен маршруттарын білуге;
2) қауіпті жүктерді таситын көлік құралдарының үздіксіз қозғалысын ұйымдастыру жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
66. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) анықтамалық жұмысты қамтамасыз ету бойынша:
1) жол полициясы, басқа да ішкі істер органдарының бөлімшелері іс-әрекетінің мәселелері жөнінде азаматтар немесе лауазымды адамдар кезекші бөлімге өтініш жасаған кезде (құпия немесе қызметтік сипаты бар мәліметтерді хабарламастан) егжей-тегжейлі түсінік беруге;
2) азаматтардың ауызша және жазбаша шағымдарын қабылдауға, қажет болса жағдайды қатайтуға, оларды арнаулы журналда тіркеуге, өтініш иесін бұдан арғы әрекеттердің тәртібі туралы хабардар етуге, келіп түскен шағымдар туралы бөлімше бойынша жауапты адамға және Жол полициясы басқармасының басшылығына уақытында хабарлауға;
3) жол-көлік оқиғалары кезінде қаза болғандар мен жараланғандар туралы олардың туыстарына хабарлауға міндетті.
67. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) мүліктің, қару-жарақтың, жедел-техникалық, арнаулы және көліктік құралдардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде:
1) қарудың, оқ-дәрілердің, жедел-техникалық және арнаулы құралдардың Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің нормативтік құқықтық кесімдеріне сәйкес жабдықталған жанбайтын шкафтарда (жәшіктерде) сақталуын, берілуін және есепке алынуын қамтамасыз етуге;
2) қару мен арнаулы құралдарды қабылдаған кезде олардың жәй-күйін, жинақтылығын, түзіктігін, тазалығын, майлануын және т.б. тексеруге; бұйымдардың бүлінгені немесе жетіспейтіндігі байқалған жағдайда жол полициясы қызметкерлерінен жазбаша түсінік беруді талап етуге және жоғалған бұйымдарды іздестіруге қажетті шаралар қолдануға; олардың жоғалған фактілері және бүліну салдарынан бұдан әрі пайдалануға жарамайтындығы туралы саптық бөлімшенің командиріне жазбаша рапортпен баяндауға және журналда жазба жасауға міндетті;
3) қару бөлмесінің, қару салынған шкафтардың, жедел-техникалық және арнайы құралдар қойылған бөлмелердің кілттерін кезекшіні ауыстыратын адамнан басқа әлде кімдерге беруге тыйым салынады. Шкафтар мен бөлмелерді мөрлеген кезекшінің жеке мөрінің нөмірін көрсете отырып, кілттерді тапсыру кезекшінің жазбаларына арналған журналда ресімделеді. Кезекші жоқ кезде мөртаңбалары бұзылған кезде сақтаулы қаруды, оқ-дәрілерді, жедел-техникалық және арнаулы құралдарды тексеру мен тапсыруды бөлімшенің командирі тағайындаған комиссия жүзеге асырады.
68. Кезекші бөлімнің тәуліктік нарядтарының басқа адамдары функционалдық міндеттерінде айқындалған өздерінің құзыреті шегіндегі қызметтік міндеттерін атқарған кезде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында, Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің нормативтік құқықтық кесімдерінде және осы нұсқаулықта көзделген құқықтарды пайдаланады.
69. Жол-патрульдік қызмет бөлімшелерінің кезекші бөлімдері бірыңғай абонементтік телефон нөмірімен, автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесі деректерінің аулақтатылған базасына кіре алатын компьютерлік техникамен жабдықталады.
8. Жол-патрульдік қызметті ұйымдастыру және атқару
70. Жол-патрульдік қызметті атқару үшін нарядқа тағайындалатын қызметкерлерді дайындау, тағылымдау және бөлу осы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Нарядтарға нұсқау беру, әдетте, арнайы жабдықталған сыныпта немесе алаңда жүргізіледі.
71. Жол-патрульдік қызметті атқару үшін нарядқа тағайындалған адамдар нұсқама басталғанға дейін кемінде 15 минут бұрын бөлімшеге немесе ішкі істер органына келеді және өздерінің келгендері туралы кезекші мен өздерінің тікелей командиріне баяндайды.
72. Қызметке кіріскен нарядқа нұсқау беруді аға кезекші-инспектордың қатысуымен саптық бөлімшенің командирі немесе оның орынбасары жүргізеді, ол туралы бекеттік ведомоста жазба жасалады. Нұсқаманың ұзақтығы 30 минуттан аспауы тиіс.
73. Лауазымды адамдар нұсқаманы жүргізген кезде:
1) жол полициясы инспекторлық құрамының қызметті өтеуге дайын екендігіне көз жеткізуі және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдауы;
2) жол полициясы инспекторлық құрамының өз құқықтары мен міндеттерін, қаруды, арнаулы құралдарды, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын білуін ішінара тексеруі;
3) қызмет жүргізілетін аумақтағы апаттық және жедел жағдайдың жай-күйі, жоғарыда тұрған органдар көрсеткен бағдарлар туралы жол полициясы қызметкерлеріне хабарлауы;
4) бекеттер мен патрульдеу бағыттарын жариялауы;
5) өткен тәуліктегі жұмыстың нәтижелерін, сондай-ақ заңдылық пен қызмет өтеу тәртібінің бұзылған жағдайларын жол полициясы инспекторлық құрамының назарына жеткізуі;
6) нарядтардың жетекшілерін тағайындауы тиіс;
7) азаматтармен мұқият, икемді және әдепті қатынас жасау, олардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғау, қозғалысты қадағалау кезінде қажетті көмек көрсету туралы жеке құрамға жеткізу - жеке құрамды нұсқамадан өткізудегі міндетті шарт болып табылады.
74. Нарядқа кірісетін жол полициясы қызметкерінің сыртқы киімі жинақы, ақаусыз қару-жарағы, маусым бойынша нысанды киімі, жарық шағылыстыратын экипировкасы, сондай-ақ омырау белгілері, табельдік қаруы, таяқшасы мен басқа да арнаулы құралдары, бекет пен патрульдеу бағытының карточкасы, қызмет кітапшасы (13 қосымша), қызметтік және жүргізуші куәлігі, Қазақстан Республикасы жол қозғалысының Ережелері, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінен үзінділер, сол жерде айыппұл салу туралы белгіленген үлгідегі хаттамалардың, түбіршектердің және басқа қажетті іс құжаттарының бланкілері, қарындаш, сызғыш, ысқыруық, қалта электр шамы (нашар көрінетін жұмыс жағдайларында), қызмет сөмкесі немесе планшет болуы тиіс.
75. Нұсқама саптық бөлімшенің нарядтарын таратумен және олардың қызметіне кірісуі туралы бұйрық берумен аяқталады.
76. Қала сыртындағы жолдар мен стационарлық бекеттерде және тәуліктің қараңғы уақытында қызмет атқару үшін нарядтарды жол полициясы қызметкерлерінің екіден кем құрамда қоюға тыйым салынады.
77. Саптық бөлімшеден айтарлықтай алыста орналасқан бекеттерде қызмет атқаратын жол полициясының қызметкерлері оның басшыларының рұқсатымен нұсқамада аптаның белгілі бір күндерінде болады.
78. Жол полициясының инспекторлары қызметке кіріскені туралы кезекшіге баяндайды және одан қажетті ақпарат пен нұсқаулар алады. Қалаларда және басқа елді мекендерде қызмет өтеу кезінде жол полициясының қызметкерлері кезекшіге жедел жағдай жасау туралы сағатына бір рет, қала сыртындағы жолдарда кемінде екі сағатта бір рет хабарлап тұрады.
9. Қызмет атқару тәртібі
79. Бекетке (патрульдеу бағытына) келген соң жол-патрульдік қызметтің қызметкері:
1) техникалық реттеу құралдарының, арнаулы құралдардың, байланыс құралдарының түзіктігін, жолдар мен көшелердің жәй-күйін, оларда жөндеу-құрылыс және басқа жұмыстарды жүргізу жағдайларын тексеруге немесе өзі ауыстыратын қызметкерден тиісті ақпарат алуға;
2) бекеттің және патрульдеу бағытының қабылданғаны және анықталған кемшіліктер туралы саптық бөлімшенің кезекші бөліміне баяндауға, ал посттың алыстығы және ақпаратты берудің мүмкін болмауы жағдайында журналда тиісті жазба жасауға міндетті;
3) қызметті атқару кезінде жол полициясының қызметкері қозғалыстағы бөгеттерді жоюға, жолдың жүріс бөлігін түнде қалдырылған көлік құралдарынан босатуға, бекеттегі немесе патрульдеу бағытындағы қауіпті учаскелерді белгілеуге шаралар қолдануы тиіс немесе мүмкін болмаған кезде шараларды қолдану қажеттілігі туралы ішкі істер органдарының таяудағы кезекші бөліміне, тиісті жолдық, коммуналдық органдарға хабарлайды. Жол қозғалысы қатысушыларына қатысты қылмыстық іс-әрекеттер жайлы жүргізушілерден сұрастыру нәтижесінде алынған деректер туралы жол полициясы инспекторы ауысым аяқталған соң жеке рапортпен басшылыққа мәлімдеуге және қажет болған жағдайда ішкі істер органдарының жедел бөлімшелеріне белгіленген тәртіпте ақпарат жіберуге міндетті.
80. Патрульдеу бағытында (бекетінде) қызмет атқару кезінде жол полициясының инспекторы қозғалыс процесіне ықпал етуі тиіс. Бұл ретте жол қозғалысын қадағалау мұнда көлік құралдарының себепсіз тоқтатылуы мен ұсталуын болдырмастан, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері болып табылатын өрескел тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталуы тиіс.
81. Құрамында екі немесе одан көп жол полициясы қызметкері бар наряд қызмет атқарған кезде нарядқа жетекші тағайындалады.
82. Наряд жетекшісі қызметті атқару кезінде нарядтың іс-қимылына басшылық жасайды және:
1) нарядта тұрған жол полициясы қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыруға, қалыптасқан жағдайға қарай оларды орналастыруға және олардың қызмет өтеу тәртібіне қажетті өзгерістер енгізу туралы командирге, бөлімше бойынша кезекшіге баяндауға;
2) жол полициясы қызметкерлерінің қызметті атқаруына бақылау жасауға және оларға міндеттерін орындау кезінде іс жүзінде көмек көрсетуге;
3) қызмет құжаттамаларын жүргізудің дұрыстығын, жол көлік оқиғалары мен әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі материалдарды ресімдеудің сапасын тексеруге, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдауға;
4) жедел-техникалық және арнаулы құралдардың дұрыс пайдаланылуын бақылауға;
5) тиісті байланыс құралдары болған кезде өзінің тұрған орны мен қызмет өтеу учаскесіндегі жағдай туралы кемінде сағатына бір рет командирге баяндап тұруға міндетті.
83. Көлік құралдарын тоқтату үшін:
1) жүргізушілер мен жаяулардың жол қозғалысы Ережелерін көзге көрінеу бұзуы;
2) жол-көлік оқиғаларының жасалуына, әкімшілік құқық бұзушылыққа, қылмысқа жүргізушінің, жолаушылардың қатыстылығын дәлелдейтін деректердің болуы;
3) көлік құралының іздеуде болуы, сондай-ақ көлік құралының құқыққа қарсы мақсаттарда пайдаланылып жүргені туралы деректердің болуы;
4) жол-көлік оқиғалары, әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыс жасалуының себептері туралы оларды көзімен көргендер болып саналатын жүргізушіден немесе жолаушыдан жауап алудың қажеттілігі;
5) өкілетті адамдардың мемлекеттік органдарға немесе лауазымды тұлғаларға берген қозғалысты шектеу немесе тоқтату туралы шешімдерінің орындалуы;
6) жол қозғалысының басқа қатысушыларына немесе полиция қызметкерлеріне көмек көрсету үшін жүргізушіні немесе жолаушыларды тоқтатудың қажет болуы;
7) көлік құралдарын пайдалану және басқару құқығы үшін құжаттарды, сондай-ақ көлік құралдары мен тасымалданушы жүк үшін құжаттарды тексеру тек жол полициясының стационарлық посттарында және бақылау-өткізу пункттерінде ғана тексеру негіз болып табылады.
84. Патрульдік автомобильде (мотоциклде) қозғалысты бағалаған кезде жүргізуші жол қозғалысының Ережелерін бұзған көлік құралдарын тоқтату үшін жарықпен және дыбыспен берілетін арнаулы белгілер, қатты сөйлейтін қондырғы, қолмен немесе таяқпен жасалатын белгілер пайдаланылады.
85. Керексіз салдардың туындауын болдырмау үшін көлік құралдарын тоқтату қажет болған жағдайларды қоспағанда, оларды автомобиль жолдарының көрінуі шектеулі учаскелерінде, бұрылысқа дейін және кейін, өрден тікелей шығарда немесе түсерде, жол қиылысы алдында және басқа да қауіпті жерлерде тоқтатуға тыйым салынады.
86. Арнайы жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу кезеңінде жүргізу және тіркеу құжаттарын, сондай-ақ тасылатын жүктердің құжаттарын тексеру мақсатында көлік құралдарын стационарлық бекеттерден тысқары тоқтатуға жол беріледі (мұндай жағдайларда жол полициясы қызметкеріне ІІББ, ІІБ, ішкі істер органдарының басшылығы қол қойған, арнаулы бланкіде жасалған және мөрмен расталған құжат болуы тиіс). Ішкі істер органдарының жедел жоспарларын атқару кезінде құжаттар талап етілмейді.
87. Көлік құралдарын тоқтату барынша қысқа мерзімде және қозғалысқа бөгет болмайтын жерде жүзеге асырылады. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайлардан басқа, жүру маршруттарында қалалық қоғамдық көлікті (автобустарды, маршруттық таксилерді, троллейбустарды, трамвайларды) тоқтатуға тыйым салынады, қала сыртындағы жолдарда жол қозғалысының Ережелері өрескел бұзылған жағдайда ғана әкімшілік хаттама жасау үшін 5-10 минуттан асырмай тоқтатуға болады. Көлік құралдарын себепсіз тоқтатуға тыйым салынады.
88. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 25 қарашадағы N 1650 қаулысына Қосымшаға сәйкес көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын жағдайлар мен ақаулар Тізімімен белгіленген техникалық ақаулар болған жағдайлардан басқа, техникалық байқаудан өткен көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруге жол берілмейді.
89. Бағытта жол қозғалысына бақылауды рұқсатсыз жүзеге асырушы полиция қызметкерлерінің патрулі байқалған кезде, жол полициясының қызметкерлері бұл туралы кезекшіге баяндайды және соның нұсқауына сәйкес әрекет жасайды. Кезекші бөлімге хабарлаудың мүмкіндігі болмаған жағдайда, қызметкерлердің жеке басы, бөлімшесі анықталады және қызмет аяқталған соң жеке рапортпен баяндалады.
90. Жол полициясының патрульдік автомобильдері ерген, сондай-ақ арнайы жарықпен және дыбыспен белгі беріп келе жатқан колонналар немесе жеке автомобильдер өткен кезде жол полициясының инспекторы бекет немесе патрульдеу бағыты бойынша олардың қауіпсіз, бөгетсіз өтіп кетуіне шаралар қабылдайды.
91. Арнаулы және жедел қызметтерге тиесілі, жарықпен және дыбыспен белгі беріп келе жатқан автомобильдер, олардың ұрланғаны, айдап әкетілгені, құқыққа қарсы мақсатта пайдаланылып немесе мас күйіндегі адамдар жүргізіп келе жатқаны туралы расталған деректер болған жағдайларда тоқтатылуы мүмкін. Аталған автомобильдердің жүргізушілері Жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда жол полициясының қызметкері болған барлық мән-жайларды көрсете отырып қосымша рапорт береді.
92. Арнаулы және жедел қызметтердің көлік құралдары қатысқан жол-көлік оқиғаларын, мұндай көлік құралдарын мас күйіндегі жүргізушілер басқарған фактілерді ресімдеу белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
93. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 630 бабымен жауапкершілік көзделген жол қозғалысы Ережелері бұзылған кезде, сондай-ақ заңнамада тікелей көзделген басқа да жағдайларда жол полициясының қызметкері көлік құралдарын ұстауға және ұстаудың себептері жойылғанға дейін оларды арнаулы алаңдарға апарып қоюға құқылы.
94. Көлік құралын ұстау туралы шешімді жол полициясының қызметкері әрбір нақты жағдайда, құқық бұзушылықтың жалғасуын болдырмайтын нақты жағдайды ескере отырып, дербес қабылдайды. Көлік құралын басқарған жүргізуші, оның алкогольдік мастану жағдайында екендігіне толық негіз болса, жүргізуден аластауға, ал көлік құралы ұстауға жатады. Көлік құралын жүргізуден аластау мастық жағдайын куәландыру қажеттілігі туралы ауызша ескертуден соң жүргізіледі. Бағынбаған жағдайда жол полициясының қызметкері ұсталған көлік құралының одан әрі қозғалу мүмкіндігін болдырмайтын шаралар қабылдайды. Мүмкін болса бұл туралы жақындағы ішкі істер органының саптық бөлімшесі бойынша кезекшіге хабарлайды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 355 бабына сәйкес, полиция қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына қасақана бағынбаушылық үшін, куәгерлерді қатыстыра отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды және қажет болған жағдайда құқық бұзушыны жақындағы ішкі істер органына жеткізу жөнінде шаралар қабылдайды.
95. Ұсталған көлік құралы жүргізушісінің (иесінің) қатысуымен арнайы күзетілетін тұраққа жеткізіледі. Жүргізушіні қатыстыру мүмкін болмаған жағдайда, куәгер ретінде оның өкілін немесе басқа да адамдарды қатыстыра отырып, болмаса жол полициясы қызметкерлерінің өзі ұсталған көлік құралының сақталуын қамтамасыз ететін жағдайда жүзеге асырылады. Мұндай тұрақ болмаған жағдайда көлік құралы аумақтық ішкі істер органы саптық бөлімшесінің кезекші бөліміне немесе стационарлық бекеттің, бақылаушы полиция бекетінің жанындағы алаңға апарып қойылуы мүмкін.
96. Ұсталған көлік құралы көліктерді сақтау тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес сақтауға тапсырылады.
97. Көлік құралдарының ұсталу себептері жойылған соң (жүргізушінің айығуы, құжаттардың тапсырылуы, тиісті санаттағы көлік құралдарын басқаруға құқығы бар адамның болуы, т.б.) жүргізушінің талабы бойынша ол дереу қайтарылады.
98. Жол полициясының қызметкері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 627-бабымен белгіленген тәртіпте әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудың құралдарын не тікелей объектілерін анықтау мақсатында көлік құралдарына тінту жүргізе алады. Қажетті жағдайларда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 626-бабына сәйкес жеке адамның өзіне, оның заттарына тінту жүргізуі мүмкін.
99. Тінту процесінде анықталған құқық бұзушылық әрекеттер жасалғаны туралы дәлелдейтін бұйымдар мен заттар және олардың иелері осы құқық бұзушылық жөніндегі барлық материалдар жолданатын ішкі істер органының кезекші бөліміне тапсырылады.
100. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 619-бабына сәйкес жол полициясының қызметкері құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, анықтау мүмкін болмаған жағдайда сол жерде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау мақсатында, сондай-ақ азаматтың жеке басын растайтын құжаттар мен ол туралы қажетті деректер бере алатын куәгерлер болмаса және көлік құралына қажетті құжаттар болмаған жағдайларда азаматтарды саптық бөлімшенің немесе қалалық, аудандық ішкі істер органының кезекші бөліміне алып келуі мүмкін.
101. Саптық бөлімшенің немесе ішкі істер органының кезекші бөліміне азаматтың жеткізілген фактісі туралы хаттама жасалады не әкімшілік хаттамада немесе әкімшілік қамауға алу хаттамасында жазба жасалады.
102. Жол полициясының қызметкері ішінде қылмыс жасауда күдікті адам болған не жүргізушісі жол-көлік оқиғасының орнынан қашып кеткен немесе өзінің әрекеттерімен қозғалыстың басқа қатысушыларына қауіп төндіретін не полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабын орындамаған көлік құралдарына қудалау жасайды. Егер аталған адамдар қарулы болса, бұл туралы саптық бөлімшенің немесе ішкі істер органының кезекші бөліміне хабарлайды, бұдан әрі кезекшінің нұсқауы бойынша немесе қалыптасқан жағдайға қарай әрекет етеді.
103. Жеке басының немесе қозғалысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол полициясының қызметкері қудалау кезінде:
1) патруль көлігіндегі арнаулы дыбыс және жарық белгілерін ұдайы қосылған күйінде ұстауға;
2) нақты жағдайларға қарай, қозғалыстың жылдамдығын таңдап алуға;
3) қудаланушылар мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының әрекеттеріне мұқият болуға;
4) саптық бөлімшенің және ішкі істер органының кезекшісіне өзінің жүрген жері мен қозғалысының бағыты туралы баяндап отыруға;
5) жол қозғалысының басқа қатысушыларына мұқияттық пен сақтық шараларын сақтау туралы хабарлап отыруға міндетті.
104. Ірі көлемді, ауыр салмақты және қауіпті жүктерді тасудың ережелері бұзылғаны анықталған кезде жол полициясының қызметкері саптық бөлімшенің басшылығынан немесе кезекшіден тиісті нұсқау алғанға дейін аталған көлік құралдарын жол үстінен шығаруға немесе шешім қабылдағанға дейін оларды жол полициясының таяудағы постына, тұрағына дейін алып бару жөнінде мүмкіндігінше шаралар қабылдап, аталған көлік құралдарының бұдан әрі қозғалуына тыйым салады. Қауіпті жүкті тасымалдаушы автомобильдерді мүмкіндігінше жолдан тысқары қою қажет.
105. Патрульдеу бағытында немесе бекетте қызметті атқару кезінде жол полициясының қызметкері автомобиль жолының жабдықталуына және жәй-күйіне, техникалық реттеу құралдарының (бағдаршамдардың, жол белгілерінің және т.б.) түзіктігіне, сондай-ақ жол үстіндегі жұмыстардың жүргізілуіне бақылау жасайды.
106. Кемшіліктер анықталған кезде жол полициясының инспекторы бұл туралы бөлімше бойынша кезекшіге хабарлайды, ол бұларды көшелер мен жолдардың жәй-күйіндегі кемшіліктердің, техникалық реттеу құралдары ақауларының есебі журналына жазып қояды (14 қосымша). Ақаулар мен қозғалыс үшін бөгет жойылғанға дейін қажеттігіне қарай реттеу жүргізеді, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
107. Анықталмаған құқық бұзушылықтар жөнінде жасалған барлық материалдар ұсталған материалдармен бірге қызмет аяқталған соң кезекші бөлімге тапсырылады.
108. Жол полициясының қызметкері:
1) көршілес учаскелерде қозғалыстағы бөгеттер мен қауіптерді жою жөнінде кезек күттірмейтін шаралар қабылдануы;
2) азаматтардың осы нұсқаулықтың 100-тармағына сәйкес кезекші бөлімге жеткізілуі;
3) ұсталған көлік құралдарын сақтау орнына жеткізу керектігі;
4) қызметтік міндеттерді орындауға байланысты кезек күттірмейтін іс-шараларды орындауға полицияның басқа нарядтары, басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері жәрдем көрсетуі;
5) адамдардың және көлік құралдарының осы нұсқаулықтың 102-тармағына сәйкес қудалануы;
6) жол-көлік оқиғаларында, қайғылы оқиға және басқа да жағдайда зардап шеккендерге жәрдем көрсетілуі;
7) оқиға болған орынды қорғау керектігі;
8) өртті және табиғи апаттардың салдарын жоюға шаралар қолданылуы;
9) кенеттен ауырып қалу;
10) белгіленген уақытта тамақ қабылдау жағдайларында саптық бөлімше командирінің, оның орынбасарларының және бөлім кезекшісінің шешімімен немесе нұсқауымен ғана патрулдеу бағытынан немесе бекеттен кете алады.
109. Патруль көлігінде қызмет атқару кезінде:
1) бөтен азаматтар мен жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ патруль көлігін қараусыз қалдыруға;
2) белгілі бір қызметтік міндеттерді орындау қажеттігіне байланысты жағдайлардан басқа, қозғалыстың белгіленген жылдамдығын арттыруға, егер бұл қызметтік қажеттілікті тудырмаса, белгіленген бағыттан өз бетімен бұрылып кетуге және қызметті өтеудің тәртібін өзгертуге;
3) кімге болса да патрульдік көлікті жүргізуге беруге;
4) ұсталған адамдарды патрульдік көлікте қараусыз қалдыруға тыйым салынады.
10. Жол полициясы қызметкерлерінің жол-көлік оқиғалары
Достарыңызбен бөлісу: |