Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі №826 Қаулысы «Автомобиль көлігі туралы»


Жүктерді автомобильмен тасымалдауға қабылдау, сондай-ақ қабылдау пунктінде жүктерді өңдеу, сақтау және беру тәртібі



бет2/11
Дата13.06.2016
өлшемі1.76 Mb.
#131425
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
6. Жүктерді автомобильмен тасымалдауға қабылдау, сондай-ақ қабылдау пунктінде жүктерді өңдеу, сақтау және беру тәртібі

 

45. Жүктерді жүк жөнелтушіден қабылдауды тасымалдаушы тауар-көлік жүкқұжаты мен жүкке ілеспе құжаттардың негізінде жүзеге асырады. Жүк жөнелтуші автомобиль тиелуге келгенге дейін жүкті тасымалдауға дайындауы (ыдысқа салу, буып-түю, жүк жөнелтушілер бойынша топтау), тауар-көлік жүкқұжаты мен ілеспе құжаттарды, ал қажет болған жағдайда, жүктер тиелетін орынға өту құқығына арналған рұқсат қағазын дайындауы тиіс.

46. Жүкті жүк жөнелтуші буылып-түйілген, ыдысқа салынған, пломбаланған, таңбаланған түрде, санын, тура салмағын (көлемін) көрсете отырып тапсырады.

47. Тасымалдауға тапсырылатын жүктің орамасында бүтіндігін бұзушылықтар немесе жүктің зақымдалған іздері (аққан, жыртылған, майысқан жерлер және тағы басқа) болмауы тиіс.

48. Ыдысты қажет ететін жүктер, оларды тасымалдау кезінде жоғалудан, жетіспеуден, бұзылудан және зақымдалудан сақтау үшін тасымалдауға мемлекеттік стандарттарға немесе техникалық шарттарға сәйкес келетін, олардың толық сақталуын қамтамасыз ететін жарамды ыдыспен ұсынылады.



Егер тасымалдауға ұсынылатын жүктің ыдысын немесе орамасын сырттай тексеру кезінде жүктің сақталуы үшін қауіп туғызатын кемшіліктер байқалатын болса, онда жүк жөнелтуші тасымалдаушының талап етуі бойынша байқалған кемшіліктерді жояды, жүк жөнелтуші әрекет жасамаған жағдайда тауар-көлік жүкқұжатының барлық даналарына тиісті белгі жасалады. Тауар-көлік жүкқұжатында көрсетілген себептерден туындаған келтірілген зиянды (тасымалдау кезінде жүктің жетіспеуі, бұзылуы және зақымдалуы) тасымалдаушы өтемейді.

49. Автокөлік құралдарымен тасымалдау үшін ресімделмеген жүктер осы Қағида талаптарына сәйкес тасымалдауға жіберілмейді.

50. Жүк жүк жөнелтуші (жүк алушы) экспедиторының алып баруымен тасымалданатын жағдайларда, соңғысы жүкті жүк жөнелтушінің (жүк алушының) экспедиторы алып бара жатқаны туралы тауар-көлік жүкқұжатында белгі жасайды, сондай-ақ оның тегін, атын және әкесінің атын көрсетеді.

51. Жүкті тасымалдауға қабылдау кезінде экспедитор немесе экспедитор-жүргізуші жүк жөнелтушіге жеке басын куәландыратын құжат пен тасымалдаушы растаған жол парағын көрсетеді.

52. Автокөлік құралдары мен олардың ішіндегі адамдардың жүк жөнелтуші мен жүк алушының аумағына кіруі, егер бұл үшін арнайы рұқсатнама ресімдеу қажет болмаса, жол парағы бойынша жүзеге асырылады.

53. Үйіп, бос, құйып және контейнерлермен тасымалданатын жүктерді жүк жөнелтуші тапсырған және тасымалдаушы қабылдаған кезде бұл жүктердің салмағы анықталады және тауар-көлік жүкқұжатында көрсетіледі.



Ыдысты және даналы жүктер тасымалдауға тауар-көлік жүкқұжатында жүктің салмағы мен жүк орындарының санын көрсету арқылы қабылданады. Ыдысты және даналы жүктердің салмағын жүк жөнелтуші оларды тасымалдауға бергенге дейін белгілейді және жүк орындарында көрсетеді. Жүктің жалпы салмағы таразымен өлшеу немесе жүк орындарында трафарет немесе стандарт бойынша салмақты есептеу арқылы белгіленеді. Жекелеген жүктер үшін салмақ тараптардың келісімі бойынша есептеу арқылы, өлшеу, көлемдік салмағы бойынша немесе шартты түрде белгіленуі мүмкін.

Жүктің салмағы туралы, оны белгілеу тәсілін көрсете отырып, тауар-көлік жүкқұжатындағы жазуды жүк жөнелтуші жазады.

54. Жүктің салмағын анықтауды жүк жөнелтуші мен тасымалдаушы бірлесіп, жүк жөнелтушінің техникалық құралдарымен, ал жүк терминалдарында – жүк жөнелтуші мен жүк терминалының қызметкерлері бірлесіп, жүк терминалының техникалық құралдарын пайдаланып жүргізеді.



Жүктерді жабық автокөлік құралдарына, сондай-ақ олардың жүк жөнелтуші пломбалаған жеке секцияларына, контейнерлерге және цистерналарға тапсыру кезінде жүктің салмағын белгілеуді жүк жөнелтуші жүргізеді.

55. Ыдыстың немесе ораманың ашылған іздері болмаған кезде, тасымалдаушы жүк жөнелтушіден таңбаланған нетто немесе брутто салмағы бар жүктерді таңбасында көрсетілген салмаққа сәйкес қабылдайды.



Егер бір стандартты өлшемі бар жүк орындары бір жүк алушының атына берілетін болса, мемлекеттік стандарттарда көзделген стандартты орындарда салмақты, бруттоны және неттоны көрсету жағдайларын қоспағанда, әрбір жүк орнында салмақты көрсету міндетті түрде емес. Бұл жағдайда тауар-көлік жүкқұжатындағы «Салмақты анықтау тәсілі» деген бағанада «стандарт бойынша» деп көрсетіледі.

56. Тауар сипаты жоқ жүктердің саны жүк жөнелтуші (жүк алушы) тасымалдаушымен бірлесіп жасаған өлшеу актілері немесе таразыға тарту актілері бойынша белгіленеді. Топырақты тасымалдау кезінде оның мөлшерін белгілеу геодезиялық өлшеу арқылы жүргізілуі мүмкін.



Таразыға тарту актісі 5-10 автокөлік құралдарының бақылау өлшенуі негізінде жасалады, содан кейін тиісті маркалы бір автокөлік құралындағы жүктің орташа салмағы белгіленеді.

Жүктің мөлшерін геодезиялық өлшеу арқылы белгілеу кезінде жүктің жалпы салмағы геодезиялық өлшеудің көлемдік көрсеткіштерін зертханалық әдіспен анықталған жүктің жалпы салмағына көбейту арқылы белгіленеді.

Жүктің сипаты өзгерген немесе басқа тасымалдау жағдайлары кезінде жүк тасымалдаушының, жөнелтушінің немесе жүк алушының талабы бойынша жүктің жаңа бақылау өлшенуі немесе көлемдік салмағын белгілеу жүргізіледі.

Жаңа бақылау өлшеу немесе жүктің көлемді салмағын анықтау нәтижелері тауар-көлік жүкқұжатына жазылады.

57. Ірі көлемді және ауыр салмақты жүктер, бөлінбейтін ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді қоспағанда, тасымалдауға қабылданбайды.

58. Автокөлік құралын асырып тиеу, жүктердің ішкі орамасының дұрыс еместігі, сондай-ақ жүктің қасиетіне, оның салмағына немесе белгіленген мемлекеттік стандарттар мен техникалық шарттарға сәйкес келмейтін ыдысты және ораманы қолдану салдарынан келтірілген зиянды (шағылу, сыну, майысу, ағу және тағы басқа) жүк жөнелтуші өтейді.

59. Тасымалдаушы бару пунктінде жүкті тауар-көлік жүкқұжатында көрсетілген жүк алушыға береді. Жүк жөнелтуші жүк алушыны келесі жүктің әкелетіні туралы хабардар етеді.



Жүк алушы жүктің қабылдануын және жүк алушының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін келген автокөлік құралдарының түсірілуін қамтамасыз етеді.

60. Тасымалдаушының жүктерді бару пунктінде жүк алушыға салмағы және орындар саны бойынша беруі, жүк жөнелтушіден жүкті қабылдаған тәртіппен жүргізіледі (таразыға тарту, өлшеу, орындарын санау және т.б.)



Жарамды автокөлік құралдарында, автокөлік құралының жеке секцияларында, контейнерлерде және цистерналарда жүк жөнелтушінің зақымдалмаған пломбаларымен келген жүктер жүк алушыға жүктің салмағы мен жай-күйі және жүк орындарының саны тексерілмей беріледі.

Топырақты үйіндіге, қарды және басқа, олар бойынша қоймалық есеп жүргізілмейтін жүктерді тасымалдау кезінде тасымалдаушылар шарттың талаптары бойынша жүкті жүк алушыға тапсырудан босатылуы мүмкін.

61. Темір жолдар станцияларынан, теңіз порттарынан (айлақтардан) және әуежайлардан жүктерді тасу кезінде тасымалдаушылар жүктерді темір жол станцияларынан, теңіз порттарынан (айлақтардан) және әуежайлардан қабылдауды және оларды жүк алушыларға тапсыруды тиісінше теміржол, су және әуе көлігінде қолданылып жүрген қағидалар бойынша жүзеге асырады.

62. Стандартты салмағы немесе жүк жөнелтуші әрбір жүк орнында көрсеткен салмақ бойынша тасымалдауға қабылданған ыдысты және майда даралы жүктер жүк алушыға бару пунктінде орындар саны бойынша өлшенбей, жүктің зақымдалған орындарының ғана салмағы мен жай-күйін тексеру арқылы беріледі.

63. Жүктің мөлшерін таразыға тарту арқылы анықтаған кезде, жүктің жүк жөнелтушілердің тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген салмағы мен жүктің нақты салмағы арасындағы айырмашылық:



1) жүк салмағының табиғи азаю нормасынан;

2) таразы көрсеткіштеріндегі айырмашылық нормасынан немесе жүкті өлшеу дәлдігі нормасынан аспайды.

64. Егер бару пунктінде жүктің салмағын, орындардың санын немесе жүктің жай-күйін тексеру кезінде жүктің жетіспеуі, бүлінуі немесе зақымдалуы байқалған болса немесе егер бұл жағдайлар жол үстінде жасалған актіде белгіленсе, тасымалдаушы жүктің нақты жетіспеу, бүліну немесе зақымдалу мөлшерін анықтайды.

65. Жүктің жетіспеуі, бүлінуі немесе зақымдалуы бойынша сараптама жүргізген жағдайда, сарапшыларға ақы төлеу бойынша шығыстарды:

1) егер жүктің жетіспеуі, бүлінуі немесе зақымдалуы оның кінәсі бойынша болғаны расталатын болса – тасымалдаушы;

2) барлық басқа жағдайларда – жүк жөнелтуші көтереді.

Сараптама нәтижелері актімен ресімделеді. Сараптама актісіне сарапшыдан басқа, сараптама кезінде болған барлық қатысы бар адамдар қол қояды.

Сарапшы келгенге дейін жүк алушы жүктің тиісті сақталуын қамтамасыз етеді.

66. Жүк алушы тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша жүкті қабылдаудан бас тартқан жағдайларда, жүкті жүк жөнелтуші басқа жүк алушыға жібереді немесе жүк жөнелтушіге қайтарылады. Бұл жағдайларда жүкті екі жаққа тасымалдау құнын, сондай-ақ автокөлік құралының тұрғаны үшін айыппұлды жүк жөнелтуші төлейді. Жүк алушы жүк жөнелтушіні жүкті қабылдаудан бас тартқаны туралы хабардар етеді, тауар-көлік жүкқұжатында жүкті қабылдаудан бас тартқаны туралы белгі жасайды. Жүк алушы жүк жөнелтушінің хабарламасынан және тауар-көлік жүкқұжатында белгі қоюдан бас тартқан жағдайда, көрсетілген іс-қимылдарды тасымалдаушы жүргізеді.

67. Жүктерді темір жол станцияларының, теңіз порттарының (айлақтардың) және әуежайлардың аумақтарынан әкету кезінде жүк алушы тасымалдаушыдан өзіне жеткізілген жүкті қабылдайды. Жеткізіп берілуі шартта көзделмеген жүк келген жағдайда, жүк алушы мұндай жүкті жауапты сақтауға қабылдайды, ол туралы тауар-көлік жүкқұжатында көрсетіледі.

68. Жүкті жүк алушыға тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша тапсыру мүмкін болмаған кезде, жүк жөнелтуші тасымалдаушыға жүктің жаңа бару пункті туралы нұсқау береді.

69. Егер тасымалдаушының жүкті жаңа баратын жеріне жеткізу мүмкіндігі болмаса, ол бұл туралы жүк жөнелтушіні хабардар етіп, бұл тасымалдан бас тартады. Бұл жағдайда тасымалдаушы жүкті жүк жөнелтушіге қайтарады. Жүк жөнелтушінің қосымша тапсырмаларын орындауға байланысты шығыстарды (автокөлік құралдарының бос жүруі мен тұруы, жүктің сақталуы және тағы басқа) жүк жөнелтуші өтейді.

70. Жүк жөнелтушінің тасымалдаушыға жүкті басқа мекенжайға жіберу туралы өкімі мынадай деректерді қамтиды:



1) бірінші тапсырыстың және тауар-көлік жүкқұжатының нөмірлері;

2) бастапқы бару мекенжайы;

3) бастапқы жүк алушының атауы;

4) жаңа бару мекенжайы;

5) жаңа жүк алушының атауы;

6) басқа мекенжайға жіберу себептері.

Жүк жөнелтушінің басқа мекенжайға жіберу туралы өкімі жазбаша түрде ресімделеді және егер шартта өзгеше көзделмесе, факсимильдік байланыспен беріледі.

71. Жүк жөнелтушінің жүктерді басқа мекенжайға жіберу туралы өкімі бір тауар-көлік жүкқұжаты бойынша бара жатқан барлық жүк жөнелтіміне ғана қолданылады.

72. Егер жүк жөнелтушінің жүктерді басқа мекенжайға жіберу туралы өкімін орындау мүмкін болмаса, тасымалдаушы бұл туралы жүк жөнелтушіні хабардар етеді. Бұл жағдайда тасымалдаушы жүкті жүк жөнелтушіге қайтарады. Жүкті басқа мекенжайға жіберуге байланысты барлық қосымша шығыстарды жүк жөнелтуші көтереді.

Тасымалдаушы жүк жөнелтушінің басқа мекенжайға жіберу туралы тасымалдау ақысын ұлғайтатын өкімін орындауға қабылдаған кезде, жүк жөнелтуші қосымша алып жүру ақысын енгізеді және тасымалдаушының басқа мекенжайға жіберуге байланысты барлық шығыстарын өтейді.

73. Жүкті басқа мекенжайға жіберу кезінде тауар-көлік жүкқұжатында «басқа мекенжайға жіберу» деген бағанда басқа мекенжайға жіберу туралы өкімге сәйкес жаңа жүк алушының атауы мен мекенжайы көрсетіледі. Тауар-көлік жүкқұжатына енгізілген өзгерістер жүк жөнелтушінің қолымен және (немесе) оның мөрімен (мөртабанымен) расталады.

74. Жүк алушы жүкті қабылдаудан бас тартқан және жүк жөнелтушіден басқа мекенжайға жіберу туралы нұсқау алу мүмкін емес жағдайда тасымалдаушы:

1) жүк жөнелтушінің нұсқауын алғанға дейін жүктің нақты тұрған пунктінде немесе жақынырақ пунктте жүкті сақтауға тапсырады, ал меншікті қоймалық үй-жайлары болған кезде жүкті сақтауға қабылдайды;

2) егер жүктер өз сипаты бойынша тез өткізуді қажет ететін болса, басқа ұйымға береді немесе жүкті сақтау мүмкін болмаған жағдайда және оның бүлінуіне әкелсе оны өткізеді. Жүкті сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесілі соманы шегергеннен кейін нотариустың атына депозит шартымен салынады;

3) жүкті жүк жөнелтушіге қайтарады.

 

 

7. Тез бүлінетін жүктерді өткізу тәртібі



 

75. Тез бүлінетін азық-түлік тағамдарын тасымалдау үшін тасымалдаушылар белгіленген тәртіппен ресімделген санитарлық паспорттары бар мамандандырылған автокөлік құралдарын (суықсыз изотермиялық шанақтар, салқындататын шанақтар, рефрижератор) пайдалануы тиіс.

76. Тез бүлінетін жүктерді тасымалдау оларды тасымалдаудың температуралық режимін сақтай отырып жүзеге асырылады.

77. Автокөлік құралына тез бүлінетін жүктерді тиеу және түсіру, бекіту және жабу жүк жөнелтушінің (жүк алушының) күшімен және құралдарымен жүзеге асырылады.

Жүк жөнелтуші санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларға сәйкес тез бүлінетін жүктердің сапасына және қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды сақтайды.

78. Жылдың жылы мезгілінде тез бүлінетін жүктерді тасымалдау Цельсий бойынша плюс 6 градустан (бұдан әрі – оС) аспайтын температурада:



1) салқындататын шанақтары бар мамандандырылған автокөлік құралында алты сағаттын аспай;

2) суықсыз изотермиялық шанақтарда бір сағаттан аспай жүргізіледі.

79. Егер жүк алушы белгіленген мерзімдерде келген жүктің түсірілуін қамтамасыз етпесе немесе бару пунктін өзгертсе, онда автокөлік құралының бару пунктінде тұрып қалу немесе бару пунктінің өзгеру салдарынан жеткізу мерзімінің ұзару себебінен туындаған, жүк сапасының төмендеуіне байланысты шығыстар жүк алушының есебіне жатқызылады.

80. Жүк жөнелтуші өзі ресімдеген тауар-көлік жүкқұжатымен бірге жүктердің осындай түрін тасымалдау үшін қажетті құжаттарды, оларда жүктің тиеу алдындағы нақты температурасын, сондай-ақ жүктер мен ораманың сапалық жай-күйін көрсетіп ұсынады. Көкөністер мен жемістерді тасымалдау кезінде сонымен қатар помологиялық сұрыптардың атауы көрсетіледі.

81. Жүк жөнелтуші тауар-көлік жүкқұжатында тасымалдауға ұсынылатын тез бүлінетін жүктерді тасымалдаудың шектік ұзақтығын (тасымалдылығын) көрсетеді. Егер жүк жөнелтуші тасымалдау құжаттарында шектік тасымалдылықты көрсетпесе, сондай-ақ егер шектік тасымалдылық заңнамада белгіленген жеткізу мерзімінен аз болса, тез бүлінетін жүктер тасымалдауға қабылданбайды.

82. Жүк жөнелтуші тез бүлінетін жүктерді тиеу алдында автокөлік құралдарының тасымалдауға жарамдылығына көз жеткізеді, сондай-ақ тез бүлінетін жүктерді тиеу кезінде санитарлық қағидалар мен нормалардың сақталуын, тез бүлінетін жүктің автокөлік құралының шанағына салыну дұрыстығын және тасымалданатын алдын ала салқындатылмаған тез бүлінетін жүктер сапасының сақталуын қамтамасыз етеді. Жүк жөнелтуші толтырылған мамандандырылған автөкөлік құралдарды пломбалауды жүргізеді.

83. Тасымалдаушы тез бүлінетін жүктерді тасымалдау үшін ұсынатын мамандандырылған автокөлік құралдары техникалық жағынан жарамды, санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың белгіленген талаптарына сай болуы және тез бүлінетін жүктерді тасымалдаудың тиісті температуралық режимдерін қамтамасыз етуі тиіс.



Тасымалдаушы рефрижератор қондырғысының жарамдылығын, тез бүлінетін өнімдерді тасымалдауға арналған мамандандырылған автокөлік құралдарының санитарлық жай-күйінің заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

84. Тасымалдаушы тез бүлінетін жүктерді қалааралық қатынасында тасымалдаудың нақты қашықтығы мен 600 км-ге тең орташа тәуліктік жүріс бойынша есептелген мерзімдерде жеткізеді.



Жүктерді жеткізу мерзімдері тиеу аяқталған және құжаттар ресімделген сәттен бастап жүк алушыға автокөлік құралдары келген сәтке дейін есептеледі. Жүктерді жеткізу мерзімдерін тасымалдаушы тауар-көлік жүкқұжатында көрсетеді.

85. Тез бүлінетін жүктерді тасымалдаудан кейін босаған мамандандырылған автокөлік құралдарын жүк алушы жүктің қалдықтарынан тазартады, сондай-ақ белгіленген тәртіппен жуады және дезинфекциялайды.

86. Ет өнімдері, сондай-ақ шикі мал өнімдері тасымалдауға ветеринарлық-санитарлық қадағалау органдары берген ветеринарлық куәліктер болған кезде ғана қабылданады.

87. Тез бүлінетін жүктердің тиеу алдындағы температурасын және тиелуге келген автокөлік құралы-рефрижератор шанағындағы температураны, сондай-ақ жүк алушының мекенжайына келген автокөлік құралы-рефрижератор шанағындағы температураны жүк жөнелтушілер мен жүк алушылар осы Қағиданың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Жүктердің температурасын және автокөлік құралы-рефрижератор шанағындағы ауаны бақылау тексеру парағында және тауар-көлік жүкқұжатында тиісінше белгілейді.

88. Тез бүлінетін жүктерді одан әрі тасымалдау рефрижератор қондырғысының сынуынан, автокөлік құралының басқа техникалық ақаулықтары салдарынан мүмкін емес немесе тасымалданатын жүктің бүлінуінің сыртқы белгілері (ағу және басқалар) болған жағдайларда, тасымалдаушы бұл туралы жүк жөнелтушіні дереу хабардар етеді.

89. Егер тез бүлінетін жүкті жүк алушыға тапсыру осы Қағиданың 79-тармағында көрсетілген себеп бойынша мүмкін болмаса, ал жүк жөнелтуші жаңа жүк алушы туралы нұсқау бермесе, тасымалдаушы жүкті белгіленген тәртіппен басқа ұйымға өткізу үшін бере алады немесе жүкті сақтау мүмкін болмаған жағдайда және оның бүлінуіне әкелсе өткізеді. Жүкті сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесілі соманы шегергеннен кейін нотариустың атына депозит шартымен салынады.



Жүкті тасымалдаудан алу және (немесе) оны өткізу үшін белгіленген тәртіппен жүргізілген санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысы негіз болып табылады.

90. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама бойынша тез бүлінетін жүк өткізуге жарамды деп танылған кезде, тасымалдаушы бұл туралы жүк жөнелтушіні хабардар етеді және соңғысымен жүктің құнын келісіп, жүкті сауда желісі арқылы өткізеді.

91. Егер тасымалданатын тез бүлінетін жүктің бүлінуі автокөлік құралының техникалық ақаулықтары салдарынан болса, жүк жөнелтуші тасымалдаушыдан жүкті өткізуден алынған соманы шегере отырып келтірілген залалды өтеуді талап етуі мүмкін. Егер тез бүлінетін жүктің бүлінуі жүк жөнелтушінің іс-әрекеті (әрекетсіздігі) салдарынан басталған жағдайда, тасымалдаушы тез бүлінетін жүкті өткізуден алынған сомадан өзіне тиісті соманы алып жүру ақысы ретінде ұстап қалады, ал ол жетпеген кезде жүк жөнелтушіден жүкті тасымалдауға, тиісті сараптама жүргізуге және өткізу үшін қажетті құжаттарды ресімдеуге байланысты шығыстарды өтеуді талап етуі мүмкін.

92. Егер тез бүлінетін жүктерді тасымалдау кезінде санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың талаптарынан, олардың сапасы мен қауіпсіздігін жоғалтуға әкелетін ауытқулар жіберілген болса, онда мұндай тез бүлінетін жүктер өткізілуге жатпайды, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамаға жіберіледі және оның нәтижелеріне сәйкес олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдаға асырылады. Егер шартта өзгеше көрсетілмесе, пайдаға асыруды тасымалдаушы кінәлі тараптың есебінен жүргізеді.



 

 

8. Жарияланған құны бар жүктерді тасымалдау тәртібі



 

93. Жүк жөнелтуші (жүк алушы) жарияланған құны бар жүктерді тасымалдауға тапсыруы мүмкін.

94. Жүк жөнелтуші (жүк алушы) мынадай жүктерді:



1) бағалы металдарды, тастарды, және олардан жасалған бұйымдарды;

2) өнер туындыларын, көркем құндылықтарды және антиквар заттарды;

3) бейне және аудио аппаратурасын;

4) электрондық-есептеу, көшіру және көбейту техникасын;

5) машиналардың, жабдықтың, аспаптардың тәжірибелік үлгілерін;

6) сүйемелдеусіз тасымалданатын жеке (тұрмыстық) қажеттілікке арналған жүктерді тасымалдауға ұсыну кезінде құнын жариялауы қажет.

95. Жүктің құны, оның сатушының есебінде көрсетілген немесе шартта көзделген бағасына сүйене отырып, ал олар болмаған кезде, салыстырмалы жағдайларда бұған ұқсас тауар үшін алынатын бағаға сүйене отырып белгіленеді. Тасымалдаушы мен жүк жөнелтушінің (жүк алушының) арасында келіспеушіліктер болған жағдайда, жүктің құны сараптамамен белгіленеді, ол туралы акті жасалады.

96. Тасымалдауға құны жарияланған жүктерді ұсыну кезінде жүк жөнелтуші тасымалдаушыға тауар-көлік жүкқұжатымен бірге осы Қағиданың 4-қосымшасына сәйкес белгіленген нысан бойынша құны жарияланған жүктерді тасымалдау тізімдемесін ұсынады.

97. Бағасы әртүрлі жүктерді бір тауар-көлік жүкқұжаты бойынша тасымалдауға ұсыну кезінде олардың айырмашылық белгілері, орындардың саны және олардың бағасы тізімдемеде жеке жолмен көрсетіледі.

98. Жарияланған құны бар жүктерді тасымалдау тізімдемесі үш данада жасалады, олардың біреуі жүк жөнелтушіге қайтарылады, екіншісі тасымалдаушыда қалады, ал үшіншісін тасымалдаушы жүк алушыға жүкті тапсыру кезінде береді.

99. Бірнеше әртекті бұйымдардан тұратын жүктер тасымалдау үшін «Жеке (тұрмыстық) қажеттілікке арналған жүктер» деген жалпы атаумен, осы жөнелтімді құрайтын жеке бұйымдардың атаулары көрсетіліп тапсырылады.

100. Жүк жөнелтуші жүктерді тасымалдау үшін ұсыну кезінде тауар-көлік жүкқұжатында – олардың массасын, ыдысты және майда даралы жүктерді ұсыну кезінде сонымен қатар жүк орындарының санын, әрбір атау бойынша жеке жолмен көрсетуі тиіс. Тасымалдау үшін ұсақ жөнелтімдермен тапсырылатын жүктерді тасымалдаушы әрбір жүк орнын таразыға тарту актісіне сәйкес және жүк орындарының санын тексеру арқылы қабылдайды.

101. Контейнерлерді, олармен жеке, отбасылық, үй және өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жүктерді тасымалдау кезінде тасымалдаушы немесе көліктік-экспедиторлық ұйым қарап шешіп және жүк жөнелтушінің есебінен пломбалайды.

102. Жүк жөнелтуші ұсынған тасымал құжаттарын ресімдеу кезінде тасымалдаушы жүк жөнелтушінің тізімдемені толтыру дұрыстығын тексереді, оған жүкқұжатының нөмірін көрсетеді, «Тізімдеме қабылданды» деген жолға қол қояды және тасымалдаушының күнтізбелік мөртаңбасын қояды. Егер тізімдеме бірнеше парақта жасалған болса, күнтізбелік мөртаңба және жүк жөнелтуші мен тасымалдаушының қолдары әрбір параққа қойылады.

 

 

9. Жүктерді таңбалау тәртібі



 

103. Жүктерді ыдыспен немесе орамамен және даналы жүктерді ұсақ жөнелтімдермен тапсыру кезінде жүк жөнелтуші әрбір жүк орнын мемлекеттік стандарттарға сәйкес алдын ала таңбалайды.

104. Таңбада:



1) жүк алушының толық немесе қысқартылған атауы;

2) бару орны мен пункті;

3) жүк бірлігінің салмағы (брутто және нетто) көрсетіледі.

105. Тауар-көлік жүкқұжаты мен ілеспе құжаттарда келтірілген деректер таңбаға толығымен сәйкес келуі тиіс.

106. Тасымалдау және тиеу-түсіру жұмыстары кезінде ерекше көңіл бөлуді қажет ететін жүкті тапсыру кезінде жүк жөнелтуші барлық багаж орындарына: «ҮСТІ», «ШЫНЫ», «АБАЙЛАҢЫЗ», «ТӨҢКЕРІЛМЕСІН», «СУЫҚҚА ТӨЗІМСІЗ» деген арнайы таңба қояды; жүкке арналған құжаттар буылып-түйілген орындарды «ҚҰЖАТТАР» деген арнайы таңбамен белгілейді.

107. Арнайы таңбалау белгілері осы Қағиданың 5-қосымшасында көрсетілген.

108. Таңбалау мынадай тәсілдердің бірімен:

1) жүк орындарына белгілерді тікелей қою арқылы;

2) жапсырмалардың көмегімен жүргізіледі.

Таңбалау ыдыста немесе жүкте шаблон бойынша бояумен, қалыптаумен немесе таңба соғумен жүргізіледі.

109. Таңбалау орамада шартты белгілермен (таңбалармен), айқын жазумен, әріптермен, сандармен немесе суреттермен (нышандармен) жасалуы тиіс. Таңбаның түсі ыдыстың немесе жүктің түсіне қарама-қарсы болуы тиіс.



Жүк орындарының таңбасы анық, түсінікті және берік болады.

Таңба өшірілмейтін және қабыршақтанбайтын, күн сәулесіне төзімді, кез келген бетте жақсы ұсталатын және сумен шайылмайтын бояумен жасалады.

110. Таңбалық жапсырмалар қағаздан, қатырмадан, матадан, фанерадан, металдан, пластмассадан жасалады. Жапсырмалардың беті ауа-райы жағдайларының әсеріне шыдамды болуы тиіс.

111. Жапсырмаларға таңба мынадай тәсілдердің бірімен жасалады:

1) типографиялық;

2) машинкамен басу;

3) трафарет бойынша мөртаңба басу;

4) жаншу.

112. Қағаздан және қатырмадан жасалған жапсырмалар ыдысқа желіммен бекітіледі.



Матадан жасалған жапсырмалар тігіледі.

Фанерадан, металдан, пластмассадан жасалған жапсырмалар бұрандармен, бұрандашегелермен, шегелермен бекітіледі.

Жапсырмаларды фанера, қатырма және қағаз жәшіктерге қағуға рұқсат етілмейді.

Жапсырмаларды жүктерге сыммен бекітуге, басқа бекіту тәсілі мүмкін болмағанда рұқсат етіледі.

Металл шыбықтар, құбырлар, қолайсыз немесе ұзын саптары бар сайман және тағы басқа сияқты жүктерді бірнеше жүк алушының атына тасымалдау кезінде, майлы бояумен шеттерін бояу арқылы таңба жасауға рұқсат етіледі, ол бойынша олардың бір партияға жататынын оңай анықтауға болады.

113. Таңба:



1) жәшіктерде – бүйір жақтарының біріне;

2) қаптар мен теңдерде – кең жақтарының біріне жасалады.

Арнайы таңба екі шектес жаққа осы Қағиданың 6-қосымшасына сәйкес жасалады.

114. Таңбаны бүйір немесе тік жақтарына қою мүмкін болмаған кезде, биіктігі 200 мм (бұдан әрі – мм) және одан аз шағын көлемді жәшіктерде ыдыстың шектес қабырғаларына (оның ішінде қақпағына) таңба жасауға рұқсат етіледі.

115. Арнайы таңба, олар белгіленуі тиіс «ОСЫ ЖЕРДЕН БЕКІТІЛСІН» және «АУЫРЛЫҚ ОРТАСЫ» деген белгілерді қоспағанда, негізгі таңбаның жоғарғы бұрышына қойылады.

116. Біртекті жүктерді бір жүк алушының атына тасымалдау кезінде барлық жүк орындарына емес, бірақ ең кемі төрт орынға таңба жасауға рұқсат етіледі. Бұл жағдайларда таңбаланған орындар:

1) фургондарда – есіктің жанында таңбасын сыртына қаратып;

2) ашық автокөлік құралында – тиелген жүктің жоғарғы қабатында шанақтың әрбір бойлық ернеуінің жанында екі орыннан таңбасын сыртына қаратып жиналады.

117. Жүктерді үйіп, бос және құйып тасымалдау кезінде таңбалау жүргізілмейді.



 

 

10. Жүктерді пломбалау тәртібі



 

118. Бір жүк алушыға баратын тиелген жабық жүк автомобильдерін, тіркемелерді, автокөлік құралдарының жеке секцияларын, контейнерлерді және цистерналарды жүк жөнелтуші пломбалауы тиіс, ал жәшіктердегі, қораптардағы және басқа ыдыстағы ұсақ даналы тауарларды пломбаланбаған автокөлік құралымен немесе контейнерлермен тасымалдау кезінде пломбалануы немесе бандерольденуі тиіс.

Халықаралық тасымалдар кезінде жүктерді пломбалау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасымен анықталады.

119. Жүкті пломбалау кезінде тауар-көлік жүкқұжатында пломбаның бар екенін көрсетіп белгі жасалады.

120. Бірнеше мекенжай бойынша тасымалданатын жүктің сақталуын қамтамасыз ету үшін фургон-шанақтың ішіне тасымалдаушы шанақты жеке пломбаланатын секцияларға бөлуге мүмкіндік беретін қоршаулар орнатады.

121. Жүргізуші автокөлік құралының жүк бөлігін тиеу және пломбалау кезінде қатысады, жарамды автокөлік құралдарда, жүк автомобильдің жеке секцияларында, контейнерлерде және цистерналарда жүк жөнелтушінің зақымдалмаған пломбаларымен келген, сондай-ақ жүк алушыға жүктің салмағы мен жай-күйі және жүк орындарының саны тексерілмей берілетін жарамды бандерольденген ыдыстағы жүктерді қайта өлшеу мен қайта санауға қатыспайды.

122. Жүк жөнелтушінің пломбаларында жүк жөнелтушінің қысқартылған атауы және бақылау белгілері (сауда белгілері немесе қысқыштың нөмірлері) болады.

Тасымалдаушы пломбалаған кезде, пломбаларда тасымалдаушының атауы және қысқыштардың нөмірі болады.

123. Автокөлік құралына (фургондарға, цистерналарға және тағы басқа) контейнерлерге, автокөлік құралдың секцияларына, жеке жүк орындарына ілінетін пломбалар жүктерге тиісуге және олардың бүтіндігін бұзбай пломбаларды алуға мүмкіндік бермеуі тиіс.

124. Пломбалар:

1) фургондарда немесе автокөлік құралдың секцияларында – барлық есіктерге бір пломбадан;

2) контейнерлерде – есіктерге бір пломбадан;

3) цистерналарда – люктің қақпағы мен құйып алу саңылауына бір пломбадан;

4) жүк орнында – бірден төрт пломбаға дейін жиектеу жолақтарының немесе басқа байлау материалдарының түйіскен нүктелеріне ілінеді.

125. Брезентпен жабылған автокөлік құралының шанағын пломбалау, брезенттің шанақпен біріккен жері жүкке тиісудің мүмкін еместігін қамтамасыз еткен жағдайда ғана жүргізіледі. Пломбалар біріктіргіш материалдың шеттерінде автокөлік құралының шанағымен түйіскен бірнеше жерге ілінеді.



Автокөлік құралдарын - фургондарды (контейнерлерді) пломбалау алдында екі есік жапсырмасы диаметрі кемінде 2 мм және ұзындығы 250-260 мм күйдірілген сым бұраулармен бекітіледі.

Сымды бұрау диаметрі 6-10 мм және олардың аралығы 35 мм екі саңылаулы арнайы металл пластинкамен жүргізіледі.

Сым бұраулармен есік жапсырмаларын бекітуді, жүк тиеуді жүргізетін жүк жөнелтуші жүзеге асырады.

126. Пломбалау үшін екі қатарлас арналы саңылаулары бар немесе камералы қорғасын немесе полиэтилен пломбалар, сондай-ақ термиялық өңделген (күйдірілген) диаметрі 0,6 мм сым қолданылады.

127. Пломбалар алдын ала екі жіпке бұралған сымға ілінеді. Сымды бұрау 10 мм ұзындыққа төрт орам келетін есеппен жүргізіледі.

Пломбаларды ілу тәсілдерінің схемалары осы Қағиданың 4-қосымшасында келтірілген.

Екі қатарлас арналы саңылаулары бар пломбаларын ілу мынадай тәртіппен жүргізілуі тиіс. Пломбалардың әрқайсысына пломбалау сымының бір ұшы өткізіледі.

Сымның ұзын бос ұшы фургонның (контейнердің) есігіндегі есік жапсырмасының көзінен екі айналып, ал сонан кейін пломбаның бір және екінші саңылау арқылы өткізіледі. Осыдан кейін пломба қысқышпен қысылады.

Камералы қорғасын пломбаларын ілу кезінде сымның ұштары пломбаның кіру саңылаулары арқылы өткізіледі, 2-3 орамға бұралады және орамдар камераға тартылып, қысқышпен қысылады.

Камералы полиэтилен пломбаларды ілу кезінде сымның ұштары пломбаның кіру саңылаулары арқылы өткізіледі, содан кейін осы ұштар өз арасында екі ораммен бұралады, сымның бір ұшы екіншісін айнала, ал содан кейін екіншісі – осы Қағиданың 4-қосымшасында көрсетілген жүйелі тәртіппен біріншісін айнала бұралады.

Осыдан кейін жасалған түйін камераға әбден тартылады және пломба пломбалау қысқышымен қысылады.

128. Пломбалау кезінде есік жапсырмасының (цистерна қалпағының қақпағы) көзі мен пломбаның арасында пайда болған ілгек 25 мм аспауы тиіс.



Пломбалар бедері екі жағынан анық және айқын шығатындай, ал сымды пломбадан суыруға болмайтындай етіп қысылады. Қысқышпен қысылғаннан кейін әрбір пломба мұқият тексеріледі және ақау табылған жағдайда (қысқыш таңбалары сандарының анық еместігі, таңбалардың кесілуі және тағы басқа) басқасымен ауыстырылады.

129. Пломбалардың бақылау таңбаларында нөмірленуі 001-ден 999-ға дейін жүйелі тәртіппен жүргізілетін әріптік және сандық белгілері болады.

130. Пломбалардағы көмескі бедерлі қойылған таңбалармен, сондай-ақ дұрыс ілінбеген пломбалармен тасымалдауға рұқсат етілмейді.

131. Бандерольдеу жасалған материалдар (қағаз таспа, бау және тағы басқа) біртұтас (түйіндерсіз және жалғамасыз) және біріктірілген жерлерде жасаушының немесе жүк жөнелтушінің айыру белгісімен (мөрмен немесе штампымен) бекітіледі.

132. Бандерольдеу, ол жасалған материалды жыртпай жүкке тиісу мүмкін болмайтындай етіп жасалуы тиіс.

 

 

11. Актілерді жасау тәртібі



 

133. Жүктердің автомобиль тасымалдары кезінде тасымалдаушы мен жүк жөнелтушінің (жүк алушының) арасындағы мүліктік даулар үшін негіз болатын жағдайлар тауар-көлік жүкқұжатындағы және (немесе) жолдама парақтағы жүк жөнелтушінің (жүк алушының) және тасымалдаушының жазуларымен куәландырылады.

134. Тауар-көлік жүкқұжатында мынадай жағдайлар куәландырылады:



1) жүктердің бүлінуі немесе зақымдалуы;

2) жүктің нақты атауы, салмағы және орындарының саны мен тауар-көлік жүкқұжатында көрсетілген деректердің арасындағы сәйкессіздік;

3) автокөлік құралының шанағындағы немесе секциясындағы немесе контейнердегі пломбалардың бұзылуы немесе болмауы;

4) тасымалдаушының жүктің осы түрін тасымалдау үшін жарамсыз немесе санитарлық талаптарға сай келмейтін автокөлік құралдарын беруі;

5) тиеу және түсіру пункттерінде автокөлік құралдарының белгіленген уақыт нормаларынан артық тұруы;

6) заңнамаға сәйкес тараптардың мүліктік жауапкершілігі үшін негіз болатын басқа жағдайлар.

135. Осы Қағиданың 18-тармағында көрсетілген тауар-көлік жүкқұжаттарындағы жазулар жүк жөнелтушінің (жүк алушының) және жүргізушінің қолдарымен расталады. Жүк жөнелтушінің (жүк алушының), сондай-ақ жүргізушінің тауар-көлік жүкқұжаттарындағы біржақты жазулары, осы Қағиданың 134-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жарамсыз болып табылады.

136. Тасымалдаушы (жүргізуші) мен жүк жөнелтушінің (жүк алушының) арасында келіспеушіліктер болған жағдайда, мүліктік даулардың туындауына негіз болып табылуы мүмкін жағдайлар осы Қағиданың 8-қосымшасына сәйкес нысан бойынша актілермен ресімделеді. Актілер сонымен қатар тауар-көлік жүкқұжаттарында жасалуы мүмкін емес жағдайларды егжей-тегжейлі сипаттау қажет жағдайларда жасалады.

137. Актінің мазмұнымен келіспеген кезде, әрбір тарап оған өзінің пікірін жазуы мүмкін.



Жүк жетіспеген, бұзылған немесе зақымдалған жағдайларда акті жасаудан немесе тауар-көлік жүкқұжаттарына жазу енгізуден бас тарту кезінде, акті мүдделі емес адамдардың немесе мүдделі емес ұйым өкілінің қатысуымен жасалады.

Актінің жасалғаны туралы тауар-көлік құжаттарында белгі жасалады.

138. Жүк автокөлік құралдарында, автокөлік құралдарының секцияларында, контейнерлерде, цистерналарда жүк жөнелтушілердің пломбаларымен келген жағдайларда, актіде көрсетілген пломбалардың жай-күйі, олардың деректемелері ескеріледі, ал пломбалардың өздері талап-тілек материалдарына қоса беріледі.



 

 

12. Жүкті тасымалдау шарттарын өзгерту және бұзу тәртібі



 

139. Тасымалдаушылар жасалған шарттардың негізінде жүктерді тасымалдауды жүзеге асырады және тасымалдауға байланысты қосымша қызметтерді орындайды.

Жүкті автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзіне жүк жөнелтуші сеніп тапсырған жүкті, оны тасымалдау шарттарын сақтай отырып, межелі пунктіне жеткізуге және оны жүкті алуға уәкілетті адамға (жүк алушыға) беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші шартқа немесе тарифке сәйкес автомобильмен жүкті тасымалдағаны үшін ақы төлеуге міндеттенеді. Жүкті тасымалдау шарты осы Қағиданың 9-қосымшасына сәйкес нысан бойынша тауар-көлік жүкқұжатын жасау арқылы ресімделеді.

140. Жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша шарты тасымалдаушы мен жүк жөнелтушінің арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңына, сондай-ақ осы Қағидаға сәйкес жасалады.

141. Жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау шарты тараптарының бірі екінші тарапқа шартты өзгерту немесе бұзу туралы ұсыныспен, осындай өтініш үшін негіз болатын себептерді көрсету арқылы өтініш жасауы мүмкін. Шартты өзгерту немесе бұзу туралы ұсыныс алған адресат келіп түскен ұсынысты онкүндік мерзімде қарайды және ұсыныстың қабылданғаны туралы, не оның қабылданбағаны туралы хабарлама жібереді.



Тараптар шарттың талаптарын өзгерту туралы немесе оны бұзу туралы келісімге қол жеткізген кезде, шартты өзгерту немесе бұзу туралы келісім де шарттың нысанында жасалады.

 

 

13. Жүктерді ұстап қалу тәртібі



 

142. Жүк жөнелтуші (жүк алушы) шарттың талаптарын орындамаған кезде, тасымалдаушы тасымалдауға ұсынылған жүкті жүк жөнелтуші (жүк алушы) берешек сомасын төлегенге дейін ұстап қалады.

143. Жүкті кідірткен кезде жүк жөнелтуші (жүк алушы) тасымалдаушыға жүкті кідіртуге байланысты шығыстарды (сақтау, тасымалдау және тағы басқа) өтейді.



 

 

14. Жүктердің жеке түрлерін тасымалдау тәртібі



 

144. Тасымалдаушы экспедиторлық қызметтерді орындаған кезде, оларды орындау шарттары жүктерді автомобильмен тасымалдау шартын жасасу кезінде ескеріледі.

145. Азық-түлік тауарларын тасымалдау үшін мамандандырылған автокөлік құралдар бөлінеді, оларды басқа мақсаттар үшін пайдалануға рұқсат етілмейді.



Азық-түлік тауарларын тасымалдауға арналған автокөлік құралдары техникалық жарамды, таза, бөтен иіссіз болуы тиіс.

146. Мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылауындағы және қадағалауындағы тасымалдау объектілері ветеринария облысындағы уәкілетті орган анықтаған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

147. Тамақ өнімдерін, материалдарын және өнімдерін тасымалдау үшін арнайы мақсаттағы және (немесе) осындай мақсаттар үшін жабдықталған, Қазақстан Республикасы санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мемлекеттік органдары белгіленген тәртіппен берген санитарлық паспорты бар автокөлік құралдары пайдаланылады.

148. Азық-түлік тауарларын тасымалдау кезінде экспедиторлық қызметтер көрсеткен кезде жүргізушінің жеке медициналық кітапшасы болуы, жыл сайын медициналық тексеруден өтуі, жеке гигиена қағидаларын сақтауы қажет.

149. Тасымалдау кезінде тамақ өнімдерімен қарым-қатынаста болатын адамдарды жүк жөнелтуші таза санитарлық киіммен қамтамасыз етеді.

150. Азық-түлік тауарларын тасымалдау үшін авторефрижераторлар, изотермиялық шанағы бар жүк автомобильдер және басқа мамандандырылған автомобильдер пайдаланылады.



Автокөлік құралдарының үлгісін таңдау тасымалданатын жүктің түріне, сыртқы ауаның температурасына және тасымалдау ұзақтығына байланысты.

151. Ернеулі платформасы бар жүк автомобильдермен азық-түлік тауарларын тасымалдауға жүк үстінен және бүйірлерінен күннен, жауын-шашыннан және шаңнан қорғауға арналған таза бүркемемен жабылған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Бүркеме кірлеу шамасына қарай содалы ыстық сумен өңделеді және кептіріледі.

152. Азық-түлік тауарларын тиеу және түсіру жаңбырдан және қардан қорғау үшін қалқа астында жүргізіледі. Азық-түлік тауарлары бар ыдысты тікелей жерге, қарға, кір және дымқыл төсемелер мен платформаларға қоюға рұқсат етілмейді.

153. Мамандандырылған автомобиль-фургонның шанағы мырышталған темірмен немесе табақ алюминиймен қапталады және «АЗЫҚ-ТҮЛІК» немесе «НАН», «СҮТ» және басқалар деп тағамның нақты атауы көрсетілген анық жазуы болуы тиіс.

154. Кері қайтарылатын ыдыс жүк алушылардан таза түрде қабылданады. Ол тағам өнеркәсібі ұйымдарындағы кәсіпорындарда қосымша санитарлық өңдеуден өтеді.

Дайын азық-түлік өнімге арналған ыдыс таза, құрғақ, берік және бөтен иіссіз болуы тиіс.

155. Тиеу кезінде санитарлық қағидалардың сақталуын бақылауды – жүк жөнелтуші, ал түсіру кезінде жүк алушы жүзеге асырады.



Егер азық-түлік тауарларын сауда ұйымы өзіне тиесілі автокөлік құралдарына тиейтін болса, онда сауда ұйымы автокөлік құралдарының тиісті санитарлық жай-күйін қамтамасыз етеді.

156. Азық-түлік тауарларын тасымалдауға арналған автокөлік құралдарының шанақтарын санитарлық өңдеуді, егер жүктің автомобиль тасымалы шартында өзгеше көзделмесе, жүк жөнелтуші жүзеге асырады.

157. Қайтарылатын ыдысты тасымалдау шарттары жүктерді автомобильмен тасымалдауға шарт жасасу кезінде ескеріледі.

158. Жеке жүк түрлерін тасымалдау мыналарды қамтиды:



1) нан және нан-тоқаш өнімдерін тасымалдау ерекшеліктері;

2) торттарды, тәтті тоқаштарды және басқа кремді өнімдерді тасымалдау ерекшеліктері;

3) етті, қосымша өнімдерді және жартылай дайын ет өнімдерін тасымалдау ерекшеліктері;

4) сүт және сүт тағамдарын тасымалдау ерекшеліктері;

5) ұнды және жарманы тасымалдау ерекшеліктері;

6) шарапты, ликер-арақ өнімдерін, сыраны және алкогольсыз сусындарды тасымалдау ерекшеліктері;

7) шаруашылық ауыз суын тасымалдау ерекшеліктері;

8) өнеркәсіп тауарларын тасымалдау ерекшеліктері;

9) өсімдік шаруашылығы өнімін тасымалдау ерекшеліктері;

10) жануарларды тасымалдау ерекшеліктері;

11) құрылыс жүктерін тасымалдау ерекшеліктері;

12) үйіп тасымалданатын жүктерді тасымалдау ерекшеліктері;

13) металды және металл бұйымдарды тасымалдау ерекшеліктері;

14) ағаш пен ағаштан жасалған бұйымдарды тасымалдау ерекшеліктері;

15) жүктерді контейнерлер мен тегендерде тасымалдау ерекшеліктері;

16) пакеттелген жүктерді тасымалдау ерекшеліктері.

 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет