3. Дайындық іс-шаралары
1-параграф. ІҚО (Ж) өткізу жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту
тәртібі
38. Әрбір іздестіру және құтқару ауданына осы Қағидалардың 2-қосымшасында қамтылған іздестіру және құтқару ауданында (саласында) ІҚО (Ж) ұйымдастырудың және жүргізудің үлгілік жоспары негізінде іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) жүргізуді ұйымдастыру жоспары (бұдан әрі – ІҚО (Ж) ұйымдастыру жоспары) әзірленеді.
Әзірленген ІҚО (Ж) ұйымдастыру жоспарларын Үйлестіру кеңесінің басшысы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның облыстық аумақтық бөлімшесінің басшысы және Үйлестіру кеңесінің құрамына кіретін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның өкілі бекітеді.
Үйлестіру орталығы мемлекеттік авиацияның ҚҮО-мен бірлесіп, ІҚО (Ж) ұйымдастыру жоспарларын әзірлеу бойынша жұмыстарды жүзеге асырады.
39. ІҚО (Ж) ұйымдастыру жоспарларын азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органдардың, басқа мүдделі мемлекеттік органдардың, пайдаланушылар мен басқа да ұйымдардың өкілдері бірлесіп әзірлейді.
Жоспарлар ІҚО (Ж) үшін тағайындалған қолда бар күштер мен құралдардың мүмкіндігін ескеріп әзірленеді.
2-параграф. Іздестіру-құтқару күштері, құралдарының және басқару
органдарының кезекшілігін ұйымдастыру
40. Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету үшін мынадай кезекшіліктер ұйымдастырылады:
1) іздестіру-құтқару ӘК мен экипаждардың;
2) апат сигналдарын уақтылы қабылдау және тарату үшін ӘҚҚ (ӘҚБ) органдарының;
3) ЖІҚК, авариялық-құтқару жасағы, құтқару жасағы, ПДҚТ және басқаларының;
4) Үйлестіру орталығының және мемлекеттік авиацияның ҚҮО кезекші ауысымының;
5) "КОСПАС-САРСАТ" халықаралық спутниктік жүйесінен ақпарат қабылдау пунктілерінің кезекші ауысымдарының кезекшілігі.
41. Азаматтық авиацияда іздестіру-құтқару ӘК кезекшілігі аэронавигациялық ұйымның азаматтық ӘК пайдаланушыларымен жасаған шарттарының негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік авиацияның кезекші іздестіру-құтқару ӘК бөлу тәртібін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Басқа іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын бөлу және олардың әзірлігін қамтамасыз ету тәртібі қарамағында осындай күштер мен құралдар бар уәкілетті орган басшысының шешімімен айқындалады.
42. Үйлестіру орталығы мемлекеттік авиацияның ҚҮО-мен бірлесіп, іздестіру-құтқару ӘК-нің кезекшілікті ІҚО (Ж) ұйымдастыру жоспарларына сәйкес атқаруын күн сайын бақылауды жүзеге асырады.
Аэронавигациялық ұйыммен шарт жасаған кезекші іздестіру-құтқару ӘК пайдаланушылар белгіленген уақытта Үйлестіру орталығына іздестіру-құтқару ӘК-нің кезекшілікке түскен экипажы туралы, іздестіру-құтқару ӘК-нің ұшу орындауға даярлығы туралы күн сайын баяндайды.
43. Іздестіру-құтқару экипажы кезекшілікке түсер алдында ӘК тиесілі авиакомпанияның (пайдаланушының) ұшу қызметінің басшысы (немесе оның орынбасары) (мемлекеттік авиацияда – тікелей бастық немесе оның орынбасары) нұсқаулық өткізеді. Нұсқаулық барысында іздестіру-құтқару экипажы:
1) кезекшілікке міндет алады;
2) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шараларды белгілейді;
3) іздестіру және құтқару ауданының шекараларын және кезекшілік уақытына арналған ұшу жоспарын нақтылайды.
ӘК авиакомпанияның (пайдаланушының) тұрақты шоғырлану орнынан (мемлекеттік авиацияда – тұрақты орналасу пунктінен) тыс орнында болған жағдайда, нұсқаулықты байланыс құралдарын пайдалана отырып өткізуге рұқсат беріледі.
44. Кезекшілікке түсер алдында іздестіру-құтқару экипажы:
1) іздестіру-құтқару ӘК кезекші экипажының нұсқаулығын зерделейді;
2) нормативтік құқықтық актілердің іздестіру және құтқару жөніндегі талаптарын зерделейді;
3) іздестіру-құтқару ӘК-нің ұшар алдындағы дайындығын өткізеді;
4) іздестіру-құтқару ӘК-нің бортындағы авариялық-құтқару мүлкі мен жарақтарының бар болуын және олардың жай-күйін тексереді;
5) ауа райының іс жүзіндегі жай-күйін және болжамын зерделейді;
6) байланыс арналарының жарамдылығын тексереді.
45. Іздестіру-құтқару экипаждарының кезекшілік атқаруға әзірлігін бақылауды ӘК пайдаланушының ұшу қызметінің басшысы не оның орынбасары (мемлекеттік авиацияда – тікелей бастық не оның орынбасары) жүзеге асырады.
46. Кезекшілікке бөлінген іздестіру-құтқару ӘК-ні, ұшуға белгіленген мерзімдерін сақтаған жағдайда, жаттығу мақсатындағы ұшу немесе әуеайлақ ауданындағы өндірістік қызметке кезінде қолдануға рұқсат береді.
47. Кезекші іздестіру-құтқару экипажының құрамына кіретін ПДҚТ күндіз де, түнде де түрлі климаттық географиялық жағдайларда парашютпен секіруге әзір болуы керек.
48. Мемлекеттік авиацияның ЖІҚК басшысы бұйрықпен тағайындалады, ол ауысымға түсер алдында:
1) команданың жеке құраммен жасақталғанын;
2) топ құрамының ІҚО (Ж) жүргізу кезіндегі өз міндеттерін білуін;
3) қажетті жеке жарақпен жабдықталғандығын және олардың барын;
4) көлік құралдарының даярлығын және автомобиль жолдары схемасының бар болуын;
5) байланыс құралдарының жарамдылығын;
6) авариялық-құтқару мүлкінің бар болуын және олардың жай-күйін тексереді.
3-параграф. Іздестіру-құтқару экипажының персоналына және
іздестіру-құтқару әуе кемесіне қойылатын талаптар
49. Мемлекеттік авиацияның іздестіру-құтқару экипаждарының құрамына жерүсті және ұшу дайындығынан өткен және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Авиациялық персоналға куәлік беру және жарамдылық мерзімін ұзарту қағидасына сәйкес алған арнайы рұқсаты бар ұшу құрамы тағайындалады.
Мемлекеттік авиацияның іздестіру-құтқару экипаждарының құрамына әскер түрлерінің жауынгерлік даярлық курсына сәйкес алған арнайы рұқсаты бар ұшу құрамы кіреді.
50. Іздестіру-құтқару ӘК осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес құтқару мүлкімен және жарағымен жарақталады.
4-параграф. ЖІҚК, ПДҚТ қажетті жабдықпен және байланыс құралдарымен
жарақталуына қойылатын талаптар
51. ПДҚТ осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес техникалық құралдармен жарақталады.
52. ЖІҚК осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес техникалық құралдармен жарақталады.
53. ПДҚТ мен ЖІҚК жарақтандыру табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган көрсетілген мемлекеттік органдардың жеке құрамын жарақтандыруға және күтіп ұстауға бөлген бюджеттік қаражат шегінде жүзеге асыралады.
5-параграф. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе
кемелері туралы хабарламаларды қабылдауды және таратуды ұйымдастыру
54. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған ӘК жолаушылары мен экипаждарын уақтылы табу және оларға көмек көрсету үшін «Апатқа ұшырадым» дегенді білдіретін «СОС» – телеграфтық бірыңғай халықаралық кодтық сигналы (ағылшын тіліндегі аббревиатурасы «SOS»), МЭЙДЕЙ – радиотелефондық (ағылшын тіліндегі қысқартылған аббревиатурасы MAYDAY), сондай-ақ авиациялық Щ-кодта көрсетілген қауіп туралы шұғылдық және ескерту сигналдары орнатылған.
55. Апат туралы хабарды қабылдау үшін әуеайлақтарда (тікұшақ айлақтарында), ӘҚҚ (ӘҚБ) органдарында 121,5 МГц жиілігінде авариялық арна ұйымдастырылады.
56. Апат сигналдары әуе кемесінің бортындағы байланыс, хабар беру және пеленгация құралдарымен:
1) аса жоғары толқынды (бұдан әрі – АЖТ) және қысқа толқынды (бұдан әрі – ҚТ) радиостанциялармен телефон режимінде;
2) ҚТ радиостанциялар – телеграф режимінде (экипажда борт радист бар болған жағдайда);
3) тану аппаратурасымен;
4) қайталама радиолокация аппаратурасымен беріледі.
57. Апат туралы сигналдар «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 қаңтардағы № 103 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларына (бұдан әрі – ҰНҚ) 9-қосымшаға сәйкес ашық мәтінмен таратылады.
58. ӘК экипажынан апат туралы хабарлама алған барлық жерүсті радиостанциялары оған апат сигналын қабылдағаны туралы дереу растау жіберіп, онымен сенімді радиобайланыс орнату шараларын қабылдайды және сол жиілікте басқа радиостанциялармен радиоалмасуды тоқтатады.
59. Апат сигналын қабылдаған ӘК экипажы апат сигналын қабылдағаны туралы растау таратады және бұл туралы дереу ӘҚҚ (ӘҚБ) органына хабарлайды.
60. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған ӘК-мен радиобайланыс орнатқан ӘК экипажы сол экипаждан алған хабарламаны ӘҚҚ (ӘҚБ) органына ретрансляция жасайды және оған өз әуе кемесінің ұшуы, жолаушылары мен экипажы үшін қатер төндірмей, қолдан келген көмегін көрсетеді.
Апатты көзімен көрген ӘК экипажы ӘҚҚ (ӘҚБ) органына өзінің бақылауы және апат орын алған орынның координаттары туралы баяндайды, апатқа ұшырау жағдайындағы немесе ұшыраған ӘК-мен байланыс орнатып, оның жай-күйін анықтайды және координаттарын нақтылайды, байланыстың мүмкін деген барлық құралдарын қолданып, бақылау нәтижелері туралы жақын жердегі ӘҚҚ (ӘҚБ) пунктіне баяндайды.
61. Әуеайлақтан тыс жерге амалсыз қонғаннан кейін апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған экипаж авариялық радиоқұралдарды жұмысқа дайындайды. Бұл ретте байланыс апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған ӘК экипажда мүшелерінде бар авариялық-құтқару радиоқұралдарының түріне қарай 121,5 МГц (243 МГц), 2182 кГц жиілігінде немесе теңіз күштерінен көмек сұраған жағдайда 8364 КГц жиілігінде жүзеге асырылады.
62. Іздестіру-құтқару ӘК-нің дыбысы пайда болған немесе оны көзбен шолып қадағалау кезінде апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған ӘК-нің экипажы апат туралы таратуы және онымен екі жақты радиобайланыс орнатуы керек, егер екі жақты байланыс орнату мүмкін болмаса, апат туралы хабар таратуды 1,5-2 минут ішінде келтіру үшін сигналдар таратумен («Маяк» режимі) кезектестіреді; ӘК экипажымен екі жақты байланыс орнатылған кезде радиостанция жұмысының одан кейінгі тәртібін іздестіру-құтқару ӘК командирі айқындайды.
63. Топтық пайдаланымдағы ҚТ-радиостанциясымен жұмыс кезінде апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған экипаж мынадай тәртіппен әрекет етеді:
1) құрлықта:
мәжбүрлі қонғаннан кейін, радиостанция мен оның антенналарын өрістеткен соң апат туралы хабарлама әрбір таратқан сайын 3 минутқа қабылдау режиміне көше отырып, 8364 кГц жиілікте телеграф және телефон режимінде апат туралы хабарламаны үш реттік тарату жүргізіледі;
мәжбүрлі қонғаннан кейін алғашқы тәуліктердің әрбір сағатының басында 10-12 минут ішінде «СОС» сигналын автоматты түрде тарату режимі іске қосылады, қалған уақытта радиостанция телеграф режимінде қабылдауға қосылады.
Келесі тәуліктерде әрбір сағаттың басында радиостанция 5 минутқа «СОС» сигналын автоматты түрде тарату режиміне қосылады, одан кейін 5 минут телеграф режимінде қабылдау жүзеге асырылады. Қалған уақытта радиостанция өшіріледі.
2) теңізде:
мәжбүрлі қонғаннан (суға қонғаннан) кейін радиостанция мен оның антенналарын өрістеткен соң апат туралы хабарлама әрбір таратқан сайын 3 минутқа қабылдау режиміне көше отырып, 8364 кГц жиілікте телеграф және телефон режимінде апат туралы хабарламаны үш реттік тарату жүргізіледі;
8364 кГц жиілікте апат туралы хабарлама берілгеннен кейін 2182кГЦ жиілігінде телефон режимінде апат туралы хабарламаны үш реттік тарату жүргізіледі;
әрбір сағаттың келесі 1-минутынан 3-минутына дейін және 31-минутынан 33-минутына дейін әрбір берілген сайын қабылдау режиміне көше отырып, 2182 КГц жиілікте апат туралы хабарлама қайталанады.
Екі жақты радиобайланыс орнатылған кезде кейінгі жұмыс қабылданған нұсқауларға сәйкес жүргізіледі.
64. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесінің экипажымен 121,5 МГц жиілігіндегі байланысты іздестіру ауданына бірінші болып жеткен ӘК немесе корабль (кеме) орнатады.
Кейіннен апатқа ұшыраған экипажбен екі жақты байланыс тек ІҚО (Ж) басшысының нұсқауы бойынша 121,5 МГц жиілігінде жүзеге асырылады.
ЖІҚК бағыттау ІҚО (Ж) басшысы көрсеткен арнада жүзеге асырылады, ал ЖІҚК және ПДҚТ-ның апатқа ұшырағандармен тікелей байланысқа шығуы 121,5 МГц арнасында жүзеге асырылады.
65. ІҚО (Ж)-ге қатысатын ӘК, теңіз және өзен корабльдері өздерінің арасындағы өзара іс-қимыл мақсатында радиобайланысты 130 МГц жиілігінде жүзеге асырады.
66. ІҚО (Ж) жүргізу кезінде іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын басқару ІҚО (Ж) басшысы белгілеген арнада жүзеге асырылады:
1) әуеайлақ ауданында ӘҚҚ, ӘҚБ органдарының жұмыс жиілігінде;
2) авариялық жиілікте - 121,5 МГц;
3) арнайы бөлінген жиілікте - 123,1 МГц.
67. ПДҚТ өзінің шақыру белгісі ретінде 10-нан 19-ға дейінгі, ал ЖІҚК - 20-дан 29-ға дейінгі екі мәнді сандық индексті қоса отырып, тұрақты орналасатын әуеайлақтың трассалық шақыру белгісін пайдаланады.
68. Азаматтық авиацияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін байланыс құралдарын даярлауды және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету аэронавигациялық ұйым филиалының (өкілдігінің) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметінің (бұдан әрі – РТЖБҚ) басшысына жүктеледі.
Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесінің экипажына көмек көрсету үшін барлық байланыс құралдарын дереу қолдану және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету ұшу басшысының (ӘҚҚ аға диспетчерінің) немесе ӘҚБ органының лауазымды адамының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
69. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесіне көмек көрсету үшін телефон және телеграфтық байланыс арналарын ұсыну бірінші кезекте жүргізіледі.
Апат туралы хабарлама – басқа хабарламаларға қарағанда басымдығы бар хабарлама.
70. Экипаждың апаттың алдын алу үшін қолданған шаралары нәтижесінде әуеайлаққа дейін әрі қарай ұшудың қауіпсіздігіне сенімділік туындаса, дереу қауіптің жойылғаны туралы хабарлама тарату қажет.
4. Оқыту және оқу-жаттығулар
1-параграф. Іздестіру мен құтқаруды үйлестіру орталығының мамандарын,
іздестіру-құтқару әуе кемелерінің үйлестірушілерін және
іздестіру-құтқару операцияларының (жұмыстарының) үйлестірушілерін
даярлау жөніндегі талаптар
71. Үйлестіру орталығының мамандары оқудан, жұмыс орнында тағылымдамадан және біліктілігін тексеруден өтеді.
Үйлестіру орталығының мамандарын оқыту азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен оқыту және біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету бойынша даярлауды қамтиды.
72. Оқыту аяқталғаннан кейін Үйлестіру орталығының мамандарына ІҚО (Ж) (SMC) үйлестірушісі біліктілігі беріледі.
73. Үйлестіру орталығының мамандарын жұмыс орнында тағылымдамадан өткізуді және біліктілігін тексеруді нұсқаушылар мен Үйлестіру орталығының бастығы жүргізеді.
74. ӘК үйлестірушілерін даярлау және біліктіліктерін арттыру азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен оқыту және біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
Оқыту аяқталғаннан кейін аэронавигациялық ұйымның мамандарына ӘК үйлестірушісі біліктілігі беріледі.
75. Үйлестіру орталығы өз мамандарын даярлау, тағылымдамадан өткізу және қайта даярлау жоспарын бекітеді, сондай-ақ қайта даярлаудан уақтылы өткізуді есепке алуды жүргізеді.
2-параграф. ЖІҚК мен ПДҚТ даярлауға қойылатын талаптар
76. ЖІҚК:
1) арнайы даярлықтан;
2) ІҚО (Ж)-ға алдын ала даярлықтан өтеді.
77. ЖІҚК мыналарды атқара алуға тиіс:
1) апат туралы хабарлама қабылдау және тарату;
2) радиобайланыстың авариялық арналарының жұмысқа қабілеттілігін тексеру;
3) басқа іздестіру-құтқару командаларымен радиобайланыс жүргізу;
4) борттық авариялық-құтқару мүлкін және авариялық құтқару құралдарын (мемлекеттік авиацияның ЖІҚК) қолдану;
5) іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын апат орнына бағыттауды жүзеге асыру;
6) авариялық ӘК-ден зардап шеккендерді эвакуациялау және шығару, оларға дәрігерге дейінгі көмек немесе алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккен адамдарды апат орнынан эвакуациялау.
78. ПДҚТ мыналарды атқара алуы керек:
1) қиылысқан және жетуі қиын жерлерде жол көрсету, топографиялық картаны қолдану және азимут бойынша ауысу;
2) ІҚО (Ж) жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, түрлі іздестіру тәсілдерін қолдану;
3) апатқа ұшыраған ӘК-ден кемесіндегі зардап шеккендерді эвакуациялау және шығару, оларға дәрігерге дейінгі көмек немесе алғашқы медициналық көмек көрсету;
4) түрлі климаттық және физикалық-географиялық жағдайларда тірі қалу қағидаларын қолдану;
5) әуе кемесіндегі өртті сөндіру тәсілдері мен құралдарын қолдану;
6) іздестіру-құтқару ӘК-ні қондыру үшін алаң таңдау және таңбалау.
79. ПДҚТ мүшелері түрлі климаттық және географиялық жағдайларда кез келген уақытта парашюттен секіруді орындауға даярлықтан өтеді.
80. Медициналық қызметкер, егер ол ЖІҚК және ПДҚТ құрамында болса:
1) тікелей апат орнында дәрігерге дейінгі көмек немесе алғашқы медициналық көмек көрсетуді;
2) эвакуациялау кезектілігін, тасымалдау түрін айқындау және апатқа ұшырағандарды медициналық мекемелерге уақтылы эвакуациялауды қамтамасыз етуді атқара білуі керек.
3-параграф. Оқу-жаттығулар өткізу
81. Жұмыстың тиімділігінің жоғары дәрежесіне қол жеткізу үшін ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуге тартылған күштерге оқу-жаттығу өткізу және құралдарды пайдалану ұйымдастырылады.
Оқу-жаттығулар ІҚО (Ж) жүргізу ықтималдығы елеусіз болған уақыт кезеңінде өткізіледі.
82. Жаттығулар былай бөлінеді:
1) шынайы авариялық жағдайда сенімділікті қамтамасыз ету үшін барлық іздестіру-құтқару күштері арасында белгіленген байланыс арналары мен құралдарын кезең-кезеңімен қолдануға байланысты оқу-жаттығулар;
2) іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын өрістетпей, дағдарыс жағдайына әзірленген сценарийлер негізінде ден қою шараларын көрсетуді көздейтін штабтық оқу-жаттығулар;
3) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесін білдіретін объектіні іздестіру мақсатында ІҚО (Ж) ұйымдастыру жоспарында көзделген іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын қатыстырып өткізілетін толық масштабты (далалық) оқу-жаттығулар.
83. Осы Қағидалардың 80-тармағында көрсетілген оқу-жаттығуларды өткізу туралы шешімді (олардың мақсаты мен өткізу жоспарын әзірлеуді қоса алғанда) Үйлестіру кеңесінің басшысы қабылдайды.
5. Іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) жүргізу тәртібі
1-параграф. Авариялық хабардар ету
84. ӘҚҚ (ӘҚБ) органдары, пайдаланушылар, аэроклубтар апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған ӘК туралы ақпарат алған кезде ҰНҚ айқындалған тәртіппен қажетті көмек көрсету жөнінде мүмкін болатын барлық шараларды қолдануға және ІҚО (Р) жүргізу жоспарына сәйкес іздестіру-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, ӘК пайдаланушыларын дереу ақпараттандырады, сондай-ақ өз құзыреті шегінде авариялық оқиғаға немесе тосын оқиғаға тексеру жүргізуді ұйымдастыру үшін азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдарға хабарлайды.
85. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, жеке және заңды тұлғалар ӘК-нің апатқа ұшырауы жөнінде өздеріне белгілі болған барлық жағдайлар туралы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органға немесе жақын маңдағы әуеайлаққа дереу хабарлайды.
86. ӘҚҚ органдарының диспетчерлері, ӘҚБ органдарының лауазымды адамдары ӘК апаты туралы хабарды алған кезде ӘК-ні табу, оның координаттарын айқындау, онымен радиобайланыс орнату, апаттың сипатын және ӘК командирінің одан кейінгі іс-қимылдар туралы шешімін анықтау үшін дереу шаралар қабылдайды. Қабылданған ақпаратты белгіленген схема бойынша хабарлауды жүргізетін ӘҚҚ органының ұшу басшысына (аға диспетчеріне) немесе ӘҚБ органы басшысына дереу баяндайды.
87. Үйлестіру орталығы, ұшу басшысы, ӘҚҚ органдарының диспетчерлері апат туралы хабарды қабылдаған кезде ол туралы мемлекеттік авиация басқармасының пунктін хабардар етеді.
88. Авариялық хабардар ету белгіленген схемалар бойынша жүргізіледі.
2-параграф. Іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) жүргізу
кезінде шешім қабылдау және басқару жүйесі
89. ІҚО (Ж) жүргізу кезінде шешім қабылдау және басқару жүйесі мына деңгейлерге бөлінеді:
1) ІҚО (Ж)-ның бастапқы кезеңі;
2) ІҚО (Ж) аймағын кеңейту кезеңі;
3) ІҚО (Ж)-ның аяқталу (тоқтату) кезеңі.
90. ІҚО (Ж)-ның бастапқы кезеңінде іс-қимылдарды үйлестіру мен шешім қабылдауды Үйлестіру орталығы РДО-мен келісе отырып және қажет болған кезде мемлекеттік авиацияның ҚҮО-мен өзара іс-қимыл жасай отырып, жүзеге асырады.
ІҚО (Ж)-ның бастапқы кезеңі уақыт бойынша қайсысының бұрын басталуына қарай, апаттық кезең басталған сәттен жедел штаб жұмысы басталғанға дейін немесе апаттық кезең жабылғанға дейін тарайды.
91. ІҚО (Ж) аймағын кеңейту кезеңінде ІҚО (Ж) басшысы РДО-мен және қажет болған кезде, Үйлестіру орталығымен және мемлекеттік авиацияның ҚҮО-мен өзара іс-қимыл кезінде шешім қабылдауды қамтамасыз етеді.
ІҚО (Ж) аймағын кеңейту кезеңі жедел штаб жұмысы басталғаннан (оның алғашқы кеңесінен) бастап авариялық кезең жабылғанға дейін тарайды.
92. ІҚО (Ж) аяқталу кезеңінде ІҚО (Ж) басшысы авиациялық оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияның басшысымен өзара іс-қимылда шешім қабылдауды қамтамасыз етеді.
ІҚО (Ж) тоқтату және осындай тоқтатуға байланысты іс-қимылдар туралы шешім қабылдауды ӘК иесі мен жедел штаб басшысының ӘК-ні, оның жолаушылары мен экипажын іздестіруді тоқтату туралы келісімі бойынша авиациялық оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияның басшысы қабылдайды.
3-параграф. Авариялық кезең уақытындағы
Үйлестіру орталығы іс-қимылдарының тәртібі
93. Авариялық кезеңдегі ӘК туралы ақпаратты қабылдағаннан кейін Үйлестіру орталығы мемлекеттік авиация ҚҮО-мен бірлесіп:
1) қабылданған ақпаратты бағалайды;
2) талап етілетін операцияның ауқымын айқындайды және іс-қимылдардың бастапқы жоспарын әзірлейді;
3) іздестіру-құтқару ӘК-ні көтеруге команда береді.
94. Іздестіру-құтқару ӘК-ні көтеруге команда берген кезде мыналар ескеріледі:
1) олардың орналасқан жерлерінің апат ауданынан алыстығы;
2) метеорологиялық, климаттық жағдайларға, жергілікті жердің бедері мен ондағы кедергілердің болуына қарай авиациялық, жерүсті құралдарын қолдану мүмкіндіктері.
95. ӘҚҚ (ӘҚҰ) органдары ӘК-нің авариялық кезеңде екені нақтыланған кезде Үйлестіру орталығын, мемлекеттік авиация ҚҮО-ны хабарландырады.
96. Егер авариялық кезеңдегі ӘК жөніндегі ақпарат ӘҚҚ органдарынан емес, басқа ақпарат көздерінен қабылданған болса, Үйлестіру орталығы мемлекеттік авиация ҚҮО-мен бірлесіп, аталған жағдайдың авариялық кезеңнің қайсысына жататындығын айқындайды.
97. Айқынсыздық кезеңі туындаған кезде Үйлестіру орталығы ӘҚҚ (ӘҚҰ) органдарымен және РДО-мен бірлесіп, келіп түскен ақпаратты бағалайды.
98. Алаңдаушылық кезеңі туындаған кезде Үйлестіру орталығы ол туралы дереу РДО-ға хабарлайды.
РДО алаңдаушылық кезеңінің туындағаны туралы ІҚО (Ж) басшысын тағайындау үшін болжамды іздестіру мен құтқару ауданының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің кезекші қызметін хабардар етеді.
99. Апат кезеңі басталған кезде Үйлестіру орталығы:
1) ӘК тұрған орынды анықтайды, оның тұрған орнын анықтау кезінде болуы мүмкін қатенің шамасын айқындайды және осы деректердің негізінде іздестіру аймағының көлемін айқындайды;
2) РДО-мен бірлесіп, болжамды іздестіру мен құтқару аудандарындағы ІҚО (Ж) жедел штабтар арқылы іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын шұғыл түрде іс-қимылға енгізеді, сондай-ақ жағдайдың дамуы бағалау негізінде кезекші іздестіру-құтқару ӘК-ні көтеруге команда береді;
3) апатқа ұшыраған ӘК пайдаланушысын хабардар етеді және операцияның барысы туралы ақпарат береді (ол туралы ақпарат бар болса);
4) көмегі талап етілуі мүмкін немесе аталған операция оған қатысты болуы мүмкін шекаралас мемлекеттердің іргелес аумақтарының Үйлестіру орталығына (қажет болған кезде) хабарлайды;
5) егер авариялық жағдай туралы ақпарат басқа дереккөзден қабылданған болса, тиісті ӘҚҚ органын хабарландырады;
6) қолда бар ақпарат негізінде ІҚО (Ж) өткізу бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын құрады және оны мемлекеттік авиация ҚҮО және РДО-мен келіседі;
7) авиациялық оқиғаны тексеруді ұйымдастыру, ӘК тіркеу мемлекеті мен пайдаланушы мемлекеті үшін ақпарат ұсыну үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.
100. Апат кезеңі туралы хабарландырудан кейін Үйлестіру орталығы оған тартылған ІҚО (Ж)-ның қатыстырылған жедел штабтарына авариялық кезеңнің барлық жағдаяттары мен оқиғалардың әрі қарай дамуы туралы ақпараттандырады.
101. Авариялық кезеңге қатысты кез келген ақпаратты алған ІҚО (Ж) жедел штабтары оларды Үйлестіру орталығына тапсырады.
102. Үйлестіру орталығы жауапкершілік аймағында авариялық кезеңдегі ӘК бар ӘҚҚ органына оны осы ӘК-ге тапсыру үшін қабылданған іс-қимылдар туралы ақпаратты жолдайды.
103. Айқынсыздық, алаңдаушылық және апат кезеңдері үшін Үйлестіру орталығы мамандары іс-қимылдарының бақылау тізбесі Осы Қағидаға 6-қосымшада белгіленген.
4-параграф. Апатқа ұшыраған әуе кемелерін іздестіру мен құтқаруды
ұйымдастыру кезінде іздестіру мен құтқару ауданының ІҚО (Ж) жедел
штабы іс-қимылының тәртібі
104. Іздестіру мен құтқару аудандарында ІҚО (Ж)-ны тікелей басқаруды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері жанында құрылған ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілік аудандары-ның ІҚО (Ж) жедел штабтары (бұдан әрі – Жедел штаб) жүзеге асырады.
Жедел штаб төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аумақтық комиссиялар құрамында құрылады.
105. Жедел штаб өзінің жауапкершілік ауданы шегінде ІҚО (Ж) жүргізу жоспарын әзірлейді. Штаб 1:1000000 (іздестіру ӘК-нің радиотехникалық іздестіруді жүргізуі үшін); 1:500000 (іздестіру ӘК-нің көзбен шолып іздестіруді жүргізуі үшін); 1:200000 (ЖІҚК-ның көзбен шолып іздестіруді жүргізуі үшін) масштабтағы жауапкершілік ауданы карталарының жиынтығымен қамтамасыз етіледі.
106. Іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын басқару процесінде жедел штаб:
1) зардап шеккендерді тез табу және дереу көмек көрсету мақсатында барлық бөлінген іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының іс-қимылдарын ұйымдастырады;
2) іздестіру-құтқару ӘК-ні апат орнына бағыттайды;
3) отын қорын, тәуліктің жарық уақытын, сондай-ақ, метеожағдайдың нашарлауы жағдайындағы іс-қимылды ескере отырып, әрбір іздестіру-құтқару экипажы үшін іздестіру ауданын айқындайды.
107. ІҚО (Ж)-ны басқару кезінде ІҚО (Ж) бойынша жауапкершілік ауданының ІҚО (Ж) штабының негізгі міндеттері:
1) іздестіру мен құтқару жүргізу кезінде әуе және жерүсті іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының іс-қимылдарын тікелей басқару;
2) іздестіру мен құтқаруға тартылған күштер мен құралдардың үйлескен іс-қимылдарын қамтамасыз ету;
3) іздестіру мен құтқару процесінде күштер мен құралдарды өсіруді қамтамасыз ету болып табылады.
108. ІҚО (Ж) өткізуді тікелей басқаратын жедел штабтар:
1) өздеріне бағынышты органдарға нұсқау береді және ол нұсқаулар туралы РДО-ға хабарлайды;
2) Үйлестіру орталығын оқиғалардың дамуы туралы ақпараттандырады;
3) қажет болған кезде РДО арқылы іздестіру мен құтқару үшін қосымша әуе және жерүсті іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын сұратады;
4) РДО мен Үйлестіру орталығына күн сайын ІҚО (Ж)-ның орындалу барысы туралы есеп береді.
109. Жедел штабтардың нұсқау беруі және ұшудағы іздестіру-құтқару ӘК-ден ақпарат қабылдауы ӘҚҚ (ӘҚБ) органдары немесе ӘК үйлестіруші арқылы жүзеге асырылады.
5-параграф. Іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарды) орындау
кезінде іздестіру-құтқару әуе кемелері экипаждарының іс-қимылдары
110. Іздестіру-құтқару ӘК экипажы ұшып шығуға команда алысымен дереу ұшу алдындағы дайындыққа кіріседі, оның процесінде:
1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу қағидаларының талаптарына сәйкес немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік авиацияда ұшуды жүргізу қағидаларының талаптарына сәйкес қажетті құжаттарды және ұшу карталарын алу және ресімдеу;
2) ұшу ауданындағы метеожағдай мен ауа райы болжамы туралы ақпаратты алу;
3) апатқа ұшыраған ӘК іздеу ауданын, үлгісі мен нөмірін нақтылау;
4) радиобайланыс жүргізу тәртібін нақтылау;
5) ӘК-нің іздестіру радиоаппаратурасының даярлығын, авариялық-құтқару мүлкі мен жарақтарының бар болуы мен жай-күйін нақтылау;
6) ПДҚТ міндеттерін және ПДҚТ-мен өзара іс-қимыл тәртібін және экипаждағы міндеттерді нақтылау;
7) ұшып шығуға даярлығы туралы хабарлау қажет.
111. Шұғыл түрде ұшып шығу кезінде кезекші іздестіру-құтқару экипаждары ҰНҚ 139-тармағына сәйкес іздестіруге ұшып шыға алады. Бұл ретте іздестіруге міндеттер қою, апатқа ұшырау жағдайындағы және апатқа ұшыраған ӘК мен экипаж туралы, метеожағдай, ұшу бағыты мен биіктігі, әуе және жерүсті іздестіру-құтқару күштерімен өзара іс-қимыл тәртібі туралы деректерді нақтылау және басқа ақпаратты тарату экипаж ұшып көтерілгеннен кейін радио арқылы жүзеге асырылады.
112. Іздестіру-құтқару экипаждарының бұдан кейінгі ұшып шығуын ұйымдастыру кезінде міндеттер қоюды, мүмкіндігінше, ұшып шығу алдында ӘК үйлестірушісі арқылы ІҚО (Ж) басшысы жүргізеді, ал ұшу алдындағы дайындық процесінде көзбен шолып іздестіру үшін іздестіру ауданын жан-жақты зерделей отырып, ұшу карталары қосымша дайындалады.
113. Іздестіру-құтқару ӘК ұшуына диспетчерлік қызмет көрсетуді ӘК ұшып бара жатқан жауапкершілік ауданындағы ӘҚҚ органы жүзеге асырады, ал бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде ұшу-ақпараттық қызмет көрсету қамтамасыз етіледі.
114. ӘҚҚ органы ІҚО (Ж) басшысын немесе ӘК үйлестірушісін іздестіру экипаждарының ұшып шығуы және жұмысы туралы хабардар етеді.
115. Ұшып көтерілу және берілген биіктікке жеткеннен кейін іздестіру-құтқару ӘК экипажы:
1) іздестіру аппаратурасының борттық кешенін іске қосады (бар болса);
2) ӘҚҚ (ӘҚБ) органымен радиобайланысты тоқтатпай тұрып, тыңдау үшін байланыстың авариялық арнасын іске қосады;
3) ӘҚҚ (ӘҚБ) органының диспетчеріне нұсқаулықта айтылған уақыттық мерзімде, бірақ 15 минуттан сиретпей іздестіру нәтижелері туралы баяндайды.
116. Іздестіру ауданына шығу барлық навигация құралдарын кешенді пайдалана отырып, сондай-ақ:
1) авариялық радиостанцияның жұмысы кезінде – іздестірудің радиотехникалық құралдарының көмегімен;
2) апатқа ұшырағандармен радиобайланыс бар болған кезде – олардың нұсқауы бойынша;
3) апат орнында басқа ӘК бар болған кезде – оның нұсқауы бойынша;
4) ӘҚҚ (ӘҚБ) органының командалары бойынша жүзеге асырылады.
117. Апатқа ұшырағандарды радиотехникалық құралдарды қолданумен іздестіру негізгі іздестіру әдісі болып табылады. Апатқа ұшырау жағдайындағы және апатқа ұшыраған ӘК-ні радиотехникалық іздестіруді орындау әдістемесі осы Қағидаларға 7-қосымшаның 2-бөлімінде келтіріледі.
118. Іздестіру-құтқару ӘК-нің авариялық радиомаяктан (радиобуй) ұшып өту уақыты мен орны туралы экипаж өзі байланыста болған ӘҚҚ органына баяндайды және апатқа ұшырағандарды көзбен шолып табу үшін төмендеуге рұқсат беруді сұрайды.
119. Егер радиотехникалық іздестірудің нәтижесінде апатқа ұшырағандар табылмаса және олармен байланыс орнатылмаса, ІҚО (Ж) басшысының шешімі бойынша көзбен шолып іздестіру жүргізіледі. Іздестірудің қолданылған әдісіне (радиотехникалық немесе көзбен шолу) қарамастан, іздестірудің алғашқы екі күнінде ұшу борттық іздестіру аппаратурасының іске қосылған кешенімен орындалады (бар болса).
120. Көзбен шолып іздестіру көзбен шолып іздестіру палеткаларын пайдалана отырып, берілген квадраттар бойынша жүзеге асырылады. Іздестіру ауданын квадраттарға бөлуді ІҚО (Ж) басшысы немесе ӘК үйлестірушісі жүзеге асырады. Іздестіру ауданын квадрат бойынша зерттеудің кезектілігі іздестіру-құтқару әуе кемесінің экипажына ұшу алдында немесе ұшып шыққаннан кейін радиобайланыс арналары арқылы көрсетіледі.
Көзбен шолып іздестіруді орындау әдістемесі осы Қағидаларға 7-қосымшаның 4-бөлімінде келтірілген.
121. Көзбен шолып іздестіру кезінде экипаж құрамына бақылаушылар кіреді. Іздестіру-құтқару ӘК-нің командирі әрбір экипаж мүшесі мен бақылаушыға ұшып өтетін жерді қарау секторларын айқындайды.
122. Іздестіру-құтқару ӘК-нің радиотехникалық іздестіру кезіндегі ұшу биіктігі мынадай шектерде тағайындалады:
1) В және С санатты ұшақтар үшін – 3000-8100 м.;
2) А санатты тікұшақтар мен ұшақтар үшін – 1200-2100 м.
123. Іздестіру-құтқару ӘК-нің көзбен шолып іздестіру кезіндегі ұшу биіктігі мынадай шектерде тағайындалады:
1) В және С санатты ұшақтар үшін – жергілікті жер бедерінің үстінен 500-600 м.;
2) А санатты тікұшақтар мен ұшақтар үшін – жергілікті жер бедерінің үстінен 100-300 м.
124. Ашық ауа райы кезінде жергілікті жердегі объектілерді көзбен шолып табудың қашықтығы осы Қағидаларға 8-қосымшада келтірілген.
125. Көзбен шолып іздестіру кезінде бүйірлік жолақтарды 25 % жаба отырып, берілген іздестіру ауданын тұтас қарап шығу қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта галстардың арасында мынадай қашықтықты ұстану қажет:
1) қиылысқан жергілікті жер үстінде - 0,5 шақырым;
2) орман үстінде - 1 шақырым;
3) қалың орман үстінде - 0,5 шақырым;
4) ашық жер үстінде - 2 шақырым.
Галстардың ұсынылатын ұзындығы - 10-20 шақырым.
126. Қиылысқан жергілікті жер үстінен және қалың орманның үстінен көзбен шолып іздестіруді бастау алдында немесе радиоіздестіру процесінде өрт ошақтарын, түтіндерді немесе болуы мүмкін апат орнының басқа да белгілерін табу мақсатында іздестіру ауданын жалпы қарап шығуды қамтамасыз ететін жоғары биіктікте шолып ұшу орындалады.
127. Тауда іздестіру ұшуын орындау кезінде шатқалдар, аңғарлар, тау өзендері қаралады. Тау шыңдары мен бөктерлерін қарау барлық жағынан (көлденеңінен) жүргізіледі.
128. Апатқа ұшырағандармен байланыс орнатылған кезде іздестіру-құтқару ӘК экипажы олардан апат орны мен сипаты, физикалық жай-күйі және қажетті көмек туралы сұрайды, сигналдық немесе қолда бар құралдармен өзі туралы белгі бере отырып, авариялық радиостанцияны «Маяк» режиміне қосуға команда береді.
129. Апат орны анықталған кезде іздестіру-құтқару ӘК экипажына:
1) апат орнының координаталарын айқындау және картаға түсіру;
2) ӘК бортындағы құралдардың көмегімен апат орнын белгілеу (мүмкіндігінше);
3) радиомен немесе ӘК-нің эволюцияларымен апатқа ұшырағандарға олардың табылғандығы туралы осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес хабарлау;
4) апатқа ұшырағандарға жедел көмек қажет, ал қонуды орындау мүмкін болмаған жағдайда, ПДҚТ, авариялық-құтқару мүлкі мен жарақтарын түсіру;
5) басқа іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын бағыттауды қамтамасыз ету;
6) егер отын қоры мүмкіндік берсе, ауыстырғанға немесе ӘҚҚ (ӘҚБ) органының диспетчері апат ауданынан кету туралы нұсқау бергенге дейін апат ауданының үстінен ұшуды жалғастыру қажет.
130. Су бетінде апатқа ұшыраған жолаушылар немесе ӘК экипажын тапқан кезде іздестіру-құтқару ӘК экипажы түтін, суды бояйтын маркерлер, жүзіп жүрген белгілер немесе ӘК бортында бар басқа құралдардың көмегімен апат орнын белгілеуді жүргізеді.
131. Іздестіру-құтқару ӘК-нің экипажы апат орнын тапқан кезде радиобайланыс арналары арқылы ӘҚҚ (ӘҚБ) органының диспетчеріне:
1) UTC бойынша сағатта және минутта анықталған уақытты, апат ауданының координаталарын;
2) ӘК-нің жай-күйі мен жағдайын, авариялық ӘК-ден эвакуцияланған жолаушылар мен экипаж мүшелерінің болуын және көрінетін жағдайын;
3) радиобайланыс арналары бойынша апатқа ұшырағандарға жіберілген ақпаратты;
4) апат ауданындағы ауа райын;
5) жергілікті жер бедерінің бағасын және апатқа ұшыраған ӘК мен адамдар тұрған жер (су) бетінің жай-күйін (теңіз толқынын, мұз жағдайын);
6) қозғалу құралдарын (су, теміржол, автокөлік, жегін көлік) пайдалану мүмкіндігін;
7) апатқа ұшырағандарға көмек көрсету үшін қабылданған іс-қимылдарды хабарлайды.
6-параграф. Іздестіру-құтқару әуе кемелері экипаждарының апатқа
ұшырағандарға көмек көрсету және эвакуациялау бойынша іс-қимылдары
132. Іздестіру-құтқару ӘК экипажы қону үшін алаңды таңдап, оның координаттарын ӘҚҚ (ӘҚБ) органының диспетчеріне хабарлайды. Қонғаннан кейін ол туралы баяндайды және апатқа ұшырағандарды эвакуациялау бойынша өз іс-қимылдарын ІҚО (Ж) басшысымен келіседі.
ІҚО (Ж) басшысымен радиобайланыс болмаған кезде ӘК командирі апатқа ұшырағандардың қону және эвакуациялау қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық факторларды ескере отырып, апатқа ұшырағандарды эвакуациялау тәсілін дербес таңдайды.
Қону үшін алаң таңдау және оны орындау Қазақтан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу қағидаларының және ӘК-ні ұшу кезінде пайдалану жөніндегі нұсқаулықтың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қонуды орындау мүмкін болмаған кезде іздестіру-құтқару ӘК командирі ПДҚТ-ны парашюттік тәсілмен жерге түсіреді немесе оларды ілініп тұру режимінен түсіру құрылғысының немесе шығырдың көмегімен тікұшақтан түсіреді.
133. Қонғаннан кейін іздестіру-құтқару ӘК командирі бірінші кезекте зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі және алғашқы медициналық көмек көрсетуді және оларды жақын әуежайға немесе медициналық мекемеге эвакуациялауды ұйымдастырады.
Дәрігерге дейінгі немесе алғашқы медициналық көмек апат орнында өзіне-өзі және өзара көмек ретінде көрсетіледі. Дәрігерге дейінгі немесе алғашқы медициналық көмекті тікелей апат орнында ПДҚТ, ЖІҚК құрамына кіретін медициналық персонал көрсетеді, ал оны көрсету мүмкін болмаған жағдайда, жақын медициналық мекемелерде көрсетіледі.
Зардап шеккендерді эвакуациялау кезектігі мен тасымалдау түрін апат орнында медициналық персонал айқындайды, бұл ретте радио арқылы мамандардан консультация алу мүмкіндігі қолданылады.
134. Апатқа ұшыраған ӘК-де өрт болған кезде іздестіру-құтқару ӘК экипажы қонғаннан кейін ПДҚТ-мен бірлесіп адамдарды, бірінші кезекте жарақат алғандарды ӘК-ден эвакуациялауға дереу кіріседі және бір уақытта өрттің алдын алу шараларын қабылдайды.
ПДҚТ есебінің жетекшісі немесе іздестіру-құтқару ӘК-нің командирі экипаж мүшелері мен құтқарушылар арасында міндеттерді бөле отырып, эвакуацияны басқарады. Өртті сөндіру үшін іздестіру-құтқару ӘК бортындағы құралдарды, сондай-ақ қолда бар құралдарды (су, құм, топырақ және т с.с.) барынша қолдану қажет. Мүмкін болса, жергілікті тұрғындарды қатыстыру керек.
135. Іздестіру-құтқару ӘК экипаждары мен ПДҚТ, ЖІҚК мүшелері әуе кемесіндегі авариялық люктер мен шығатын жерлерді және фюзеляжды ашатын орынды білуі керек.
136. Апатқа ұшырағандарды тікұшақ бортына тартып көтеру әдетте құтқарушының көмегімен ілініп тұру режимінде жүргізіледі.
137. Суда апатқа ұшыраған ӘК экипажы немесе жолаушылары табылған кезде іздестіру-құтқару ӘК экипажы:
1) қажет болған кезде, апатқа ұшырағандарға жүзетін апаттық-құтқару құралдары мен басқа мүлкі бар төсемді лақтырады;
2) апатқа ұшырағандарды ӘК бортына көтеру және эвакуациялау мүмкіндігін бағалайды.
138. Ұшақтардан жерге түсіру парашюттік тәсілін, ал тікұшақтан төмендегі тәсілдердің бірін қолданумен орындалады:
1) парашюттік тәсілімен;
2) парашютсіз жерге түсу;
3) түсіру құрылғысының немесе электр шығырдың көмегімен тікұшақ тоқтап тұрған режимде.
139. Адамдарды су бетінен тікұшақ бортына көтеру құтқарушылардың көмегімен жүзеге асырылады. Суға құтқарушыларды түсіру мүмкін болмаған жағдайда тікұшақ командирі зардап шеккендерді орналастыру және әрі қарай бортқа көтеру үшін оларды шөміш-себет немесе басқа құрылғыны судағы немесе жақын жердегі адамдарға келтіру не жақындату тәсілімен көтеру туралы дербес шешім қабылдай алады.
140. Тікұшақтағы құтқарушыларды суға түсіру алдында зардап шеккендерге жүзетін құралдар (үрмелі қайықтар, сал және т.б.) лақтырады, ал құтқарушылар гидрокостюм немесе құтқару белдіктерін киеді.
141. Су үстінде тоқтата тұру үшін тоқтатуды орындауды гидрометеожағдайды ескере отырып және Тікұшақты ұшу кезінде пайдалану басшылығының ұсынымдарына сәйкес тікұшақ командирі жүзеге асырады.
142. Зардап шеккендерді эвакуациялау кезектілігін ПДҚТ құрамындағы медицина қызметкерінің баяндауы бойынша ПДҚТ жетекшісі немесе іздестіру-құтқару ӘК командирі айқындайды.
143. ПДҚТ-ны жерге түсіру, апатқа ұшырағандарды қону тәсілімен немесе ілініп тұру режимімен эвакуациялау мүмкін болмаған жағдайда, адамдардың тірі қалуын қамтамасыз ету үшін апаттық-құтқару жарақтары мен арнайы жүктері бар салынған төсемді лақтырады.
144. Корабльдерді, кемелерді апат ауданына бағыттау радио арқылы, ал радиобайланыс жоқ кезде – орнатылған көзбен шолу сигналдары арқылы іздестіру-құтқару ӘК экипажы жүзеге асырады.
145. Егер апатқа ұшыраған ӘК суға батып кеткен болса, онда іздестіру-құтқару ӘК командирі суға бату орнын белгілеу немесе осы жерді сипатты бағдармен байланыстыру (торауылдау) үшін барынша мүмкін болатын дәлдікпен буй, радио немесе радиолокациялық маяк немесе бортта бар басқа құралдарды тастайды.
ӘК суға батқан және таңбалау құралдары тасталған орын туралы экипаж командирі ӘҚҚ (ӘҚБ) диспетчеріне хабарлайды және кейінгі іс-қимыл туралы нұсқау алғанға дейін объекті үстінен ұшуды жалғастырады.
146. ІҚО (Ж) орындалғаннан кейін іздестіру-құтқару ӘК командирі нәтижелер туралы ІҚЖ басшысына немесе ӘК үйлестірушісіне баяндайды.
ІҚО (Ж) басшысының нұсқауы бойынша баяндама жазбаша нысанда беріледі.
7-параграф. Апат туралы хабарламаны қабылдаған әуе кемесі
командирінің әрекет ету тәртібі
147. Егер ӘК командирі басқа ӘК-нің апатқа ұшырағанын анықтаса, ол (өзі басқарып отырған ӘК-нің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жағдайларды қоспағанда):
1) оның әуе кемесі оқиға орнынан кетуге мәжбүр болғанша немесе Үйлестіру орталығының нұсқауына сәйкес ӘҚҚ органы оның қажеті жоқ екендігі туралы хабарлағанға дейін апатқа ұшырау жағдайындағы ӘК-ні бақылауды жүргізеді;
2) апатқа ұшырау жағдайындағы ӘК-нің орналасқан жерін анықтайды;
3) мүмкіндігінше ӘҚҚ органына мына мәліметтерді хабарлайды:
апатқа ұшырау жағдайындағы ӘК үлгісін, тану белгілерін және жай-күйін;
географиялық координаттарда немесе тор координаттарында немесе радионавигациялық құрал орналасқан жердегі белгілі болған жерүсті бағдары немесе пункттегі арақашықтық пен шынайы пеленгте көрсетілген оның орналасқан орнын;
Дүниежүзілік үйлестірілген уақыттың (UTC) сағаты және минуттарымен көрсетілген бақылау уақыты;
байқалған адамдардың саны;
адамдардың апатқа ұшыру жағдайындағы әуе кемесінен кету фактісі;
оқиға орнындағы метеожағдайлар;
тірі қалғандардың сыртқы физикалық жай-күйі;
оқиға орнына қолжетімділіктің оңтайлы, айқын жерүсті бағыты.
148. Егер оқиға орнына іздестіруші-құтқарушы емес ӘК бірінші болып келсе, оқиға орнына алғашқы іздестіруші-құтқарушы ӘК келіп жеткенге дейін ол өзінен кейін келген барлық басқа ӘК-нің іс-қимылдарына басшылық жасауы керек. Егер осы кезеңде осындай ӘК ӘҚҚ (ӘҚБ) органымен байланыс орната алмаса, ол өзара келісу негізінде, алғашқы іздестіруші-құтқарушы ӘК келіп жеткенге дейін іс-қимылдарды басқару жауапкершілігін осындай байланысты орната және жүргізе алатын басқа ӘК-ге тапсырады.
149. Жерден сигнал берілген кезде ӘК осы сигналды түсінгендігін немесе түсінбегендігін немесе егер бұл іс жүзінде жүзеге асырылмайтын болса, тиісті көзбен шолу сигналының көмегімен көрсетеді.
150. ӘК командирі апат туралы хабарды қабылдаған кезде мүмкіндігіне қарай:
1) егер ол хабарланса, апатқа ұшыраған ӘК-нің орналасқан жерін белгілейді;
2) мүмкін болса, таратушы радиостанцияның пеленгісін анықтайды;
3) ӘҚҚ (ӘҚБ) диспетчеріне радиобайланыс арналары арқылы апат туралы хабардың қабылданғандығын айтады;
4) өз әуе кемесінің жай-күйі мен отын қорын ескере отырып, апат туралы хабарламада көрсетілген жерге бағыт алады;
5) барлық қабылданған мәліметтерді тарата отырып, ӘҚҚ (ӘҚБ) органын хабарламаны қабылданғаны туралы ақпараттандырады.
151. Су үстіндегі кемені апат орнына бағыттау қажет болған жағдайда, ӘК иелігінде бар кез келген құралдың көмегімен, қажет болған кезде, маневр қолдана отырып, осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нақты нұсқаулар береді.
152. Әуе кемесі тірі қалғандарға немесе ЖІҚК-ге қандай да бір ақпаратты беру қажет болған жағдайда және бұл ретте екі жақты байланыс жоқ болса, іс жүзінде жүзеге асырылған жағдайда радиобайланыс орнату үшін авариялық радиостанцияларды лақтырады немесе осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес ақпарат таратады.
153. «Әуе - жер беті» және «жер беті - әуе» көзбен шолу сигналдарын қолдану кезінде сипаттамаға сәйкес мәні болады. Олар көрсетілген мақсаттар үшін ғана қолданылады және бұл ретте шатастыруы мүмкін басқа сигналдар қолданылмайды.
154. Осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес сигналдар анықталған кезде ӘК осы қосымшада келтірілген сигналдардың мәніне сәйкес қажетті әрекет етеді.
8-параграф. Қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара
іс-қимыл жасау
155. Апатқа ұшырау жағдайындағы (апатқа ұшыраған) ӘК жолаушылары және экипаж мүшелерінің туыстарымен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара әрекет ету үшін ІҚО (Ж) басшысы өкіл тағайындайды.
156. Өкіл ІҚО (Ж) жүргізу барысы туралы мынадай ақпарат түрінде жүйелі түрде ақпараттандыруды қамтамасыз етеді:
1) ІҚО (Ж) жүргізудің жалпы себептері;
2) апатқа ұшыраған ӘК үлгісі;
3) ӘК иесінің/пайдаланушысының атауы (тегі) (тек әуе кемесі иесі/пайдаланушысының ақпараттандыруынан және одан рұқсат алғаннан кейін ғана);
4) рейстің нөмірі (тек әуе кемесі иесі/пайдаланушысының ақпараттандыруынан және одан рұқсат алғаннан кейін ғана);
5) ӘК бортындағы адамдардың саны;
6) іздестірудің жалпы ауданы;
7) іздестіруге жұмылдырылған ӘК саны мен үлгісі, ұшу сағатының саны;
8) жерүсті іздестіру жөніндегі іс-шаралар (қажет болған кезде);
9) іздестіруге қатысып жатқан басқа уәкілетті органдар туралы толық мәлімет;
10) жақын туыстары ақпарат алу үшін байланыс телефонының нөмірі;
11) қосымша ақпарат алу үшін байланыс телефонының нөмірі;
12) бұқаралық ақпарат құралдары үшін байланыс телефонының нөмірі.
157. Өкіл келіп түскен ақпаратты жаңартып отыру үшін ІҚО (Ж) басшысымен және Үйлестіру орталығымен тікелей байланыста болуы қажет.
158. Тексеру процесінде зиян келтіруге жол бермеу үшін тағайындалған өкіл бөгде адамдармен талқылаудан, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары үшін сұхбат барысында оқиғалардың себептері немесе оның алдын алудың мүмкін әдістері туралы өз пікірін немесе болжамын білдіруден аулақ болуы керек.
159. Азаматтық тұлғалардың арасынан қайтыс болғандардың тегі, оған туыстарының келісімі алынбағанға дейін жария етілмеуі керек.
Туыстарына хабарлағанша қаза тапқан, тірі қалған және жарақат алғандар саны туралы мәліметтер ашылады. Әскери қызметшілер арасынан қаза тапқандардың тектері олар қарасты әскери бөлім басшысының нұсқауы бойынша ғана жарияланады.
160. Тірі қалғандардың тектері оларды нақты сәйкестендіргенге дейін жарияланбауы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |